Кіріспе Тақырыптың өзектілігі


ІІ. Тарау. Ақын поэзиясының бастау алар қайнары –достық пен махаббат



бет2/4
Дата12.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#129166
1   2   3   4

ІІ. Тарау. Ақын поэзиясының бастау алар қайнары –достық пен махаббат

2.1 Поэзияда көркемдік идеясын тапқан шынайы достық.

Адамзат тарихында ұлы қасиет бар. Ол – достық. Дұшпандық, қасгөйлік, талапаттарын басынан көп кешкен адам баласы достықты, оның қадірін түсініп қана қоймай, қастерлейде біледі. Соның ішінде халқымыз «Досы көпті жау алмайды» деген қорытындыға келген. Осындай үлкен қасиет рухани мұраларданда кең орын алатындығы сөзсіз. Достықты ту етіп ұстаған халық бірлігі тозбай, ірілікке адым тастаған, жеңіске жеткен. Дұшпаннан сақтанудың құралы еткен. Өмірінің азығы да болған достық атадан балаға мұра болып қала берген.

Бізге белгілі болған халық ауыз әдебиеті үлгілерінде, көне жазу ескерткіштерінде достықты адамның өмір сүруінің арқауы еткен. Жалпы әлем әдебиеті, шығыс шайырларының поэзиясында да достық маңызды тақырып болған. Тәжік әдебиетінің классигі Әбдірахман Жәми өлеңдерінің бірінде былай деген.

Біріншіден досыңның қадірін біл,

Кемшілігін, кеңшілікпен кешірген.

Екіншіден өзің де абай бол,

Жаза басып сұрап жүрме кешірім.

Жер бетіндегі даңқты шайырлардың бірі, академик Рахманқұл Бердібаевтың пікірімен бедерлесек, жеті жұлдыздың бірі Ә.Жәми достықтың шынайылығын терең қозғап, мәнді сөзді осыдан он ғасырға жуық айтқан. Достық қасиетін кіршіксіз сақтау, оны жоғарыдағы өлеңінде айқындап берген.

Өмірден оқығаны мол, талант иесі болған, қазақ жырауларының толғауларында бұл тақырып кең орын алған. Дос пен дұшпанның арасын айыра білген ақылды жандардың ойын қозғап, жүрек сезімін толқытқан әсерлі, сырлы сөздер өмір сүрудің талмас қанатындай болған. Осы арада Шамлкиіз жыраудың осы тақырыпқа арнаған ой-түйінін келтіру артық болмас еді:

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас, тозбас мүлік етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күллі әлемге күлкі етер.

деп кең дала, өскелең ұрпаққа бес ғасыр алдын жар салуының маңызы айтарлықтай болғандығын әркім де тани алады. Жырау жақсы мен жаманды да айыра алатын достық деп көрсетеді. Жақсыға ұмтылу, жақсылыққа адым басу, жақсы адамға құштарлық достықтың белгісіндей бедерленген.

Халқымыз «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», - деп достың жанашыр, табандылық көрсететін ой-сезіміне қозғау салып, қатайтып жол көрсетуші болатындығын аңғартады.

Қазіргі күнде ұлттық сезімнің арқауына айналып отырған ұлы Абайдың сөздерінің орны бөлек. Өз халқын шын пейілмен сүйген, білімі мен күш қуатын еліне аянбай жұмсап қазақ халқын биіктерге бастап келе жатқан Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың халқына қарата айтатын сөздерінде ұлы ақынның «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», - деп қайталап отыратындығы осыдан. Ал, нағыз көркем әдебиетте көркемдік кестесін тапқан шынайы достық адам баласын жақсылыққа жетелейді. Оның ой сезіміне әсер етіп, татулыққа бастайды. Соның ішінде халқымыз жас нәрестенің алғашқы күндерінен бастап берілетін тәрбиеде ұрма, соқпа, жақын тарт, аяла деген сияқты асыл сөздермен баланың бойында жақсы қасиеттер қалыптастырады.

Әдебиет - өмір айнасы десек, өмірдегі көптеген жайттарды ақын-жазушылардың көркем шығармаларынан танимыз. Қазіргі дәуіріміздің белгілі ақыны, қоғам қайраткері М.Шахановтың шығармашылығында да достық мәселесі салалы бағыттың бірі болып есептеледі. Ақын достықты, іңкәрлікті, турашылдықты айту арқылы өмір сүрудің мән-мағынасын алдымызға жайып салады. Оның шығармаларын оқып отырғанымызда «Ғасырдарды безбендеу», «Эверестке шығу», «Жаңа қазақтар», «Компьютербасты жарты адамдар» тағы басқа жинақтарынан биік адамгершілікті, азаматтықты, дархандықты, турашылдықты, терең ойшылдықты, достықты оқушының тұла бойына, поэзиялық қуатпен сіңдіре алғандығына таң қалмауға болмайды. Мұндай мәселелерді сипаттауда, бұл туралы ақын өз ойын абстракт түрде алмай, қайта іс-әрекет үстінде, кейіпкерлер қатынасында ашып беруді өзіне машық еткен. Оның үстіне енді түйдектетіле берілген ой-сезім көркемдіктің қанықты бояуыменде кестеленген. Сондықтан да М.Шаханов өлеңдерінің басты мазмұны – терең ойды жеткізіп беруімен, шынайы сезімді суреттеуімен, ақындық жүректі жарып шыққан күшті толғаныспен берілген ой-сезімнің қуатын құрайды. Қай тақырыпты жырлауға бет алса да, оны тосыннан айтпай тереңнен толғап, әріден келе жатқан әр мен нәрге бөлеп береді. Сонда ақын өзіне дейінгі айтылған ой-бедерінің қайталамай, тыңнан қозғап, ойын от ұшқынын шашырата жеткізеді. Бұл М.Шахановтың ақындық табиғаты.

Көпшілікке ойын жеткізгенде де, олардың алдында өлең оқығанда да Мұхтардың ақындық ары биік тұрады. Сонымен бірге оның шығармалары әрқайсысы өзіндік бағыт-бағдары, бет-алысы анық, бір-біріне ұқсамайтын туындылар. Бұл ақынның бойындағы ойының тереңдігі мен көркемдік өнерді жетік білуінде, шеберлігінде екендігі дау туғызбайды. М.Шаханов шығармашылығында сан алуан тақырыптардың арасында өркеші биік тұратыны – достық. «Танакөз» поэмасы ақынның негізгі идеялық пікір-түйінін адам баласының бойындағы осындай асыл қасиетке сайитын достықты жырлайды. Адамдар арасындағы достық сезімдерді ардақ тұту, асқақтата құрметтеу шығарманың басты түйіні.

Поэманы бастап оқығанымызда оның прологында автордың алдына үлкен мақсат қойып отырғандығын бірден аңғарамыз.

Ақын былай дейді:

Ізгілік пен ізеттің байлауында,

Мама қаздар самғайтын қойнауында,

Достық атты қазына аралы бар

Сонау мақсат тауының жайлауында


Жұрттың бәрі баруға құштар оған,

Құштар бол деп тіпті ешкім қыстамаған,

Өзің мәңгі бақытты санайды екен

Сол аралдан от алып ұшқан адам.


Нар талабын салса да қандай жолға,

Тілектес дос пейілдер самғайды алға

Жүрмейді онда сатқындар, саудагерлер,

Опасыздар, отсыздар болмайды онда. [16,141].


-деген ақын жыры оқырманға Достық атты қазына аралы бар, ол «Сонау Мақсат тауының жайлауында» дей отырып, достықтың қасиетті қадірін ұғындырады.

«Достық аралы» жұрттың бәрін өзіне тартады. Жұртта оған баруға әбден құштар. Өйткені, ол аралда доспейіл ғана салтанат құрған. Опасыздар, сатқындар, саудагерлер ол жерде жүрмейді. Ақынның адам баласы жүрегінде ту етіп ұстарлық осы достықты барлық келеңсіздіктен, пенделіктің самалынан сақтай алу жайттарын ұғымды етіп айта алған. Өз ойының бір түйінін сол аралға асықтықпен ғашықтық, ұмтылыспен аяқтайды. Поэманың басты кейіпкері – Мұрат. Оның болашақ өмірін балаң кезде көз алдына келтіре алмауының өзімен ақын көп нәрсені ұғындырғандай:

Тағдырына өкпе айтып, мұңаймаған,

Құрбы қыздың көзінде нұр ойнаған.

Екеумізге ортақ бір бақыт бар деп,

Кім ойлаған, ол кезде кім ойлаған?!....

Сен ержеткен таулы өлкеде мен де ержеттім, жан досым,

Мен тербеткен бір арманды сен тербеттің, жан досым-

деп ақын сыр тарта сөйлейді [16,142].

Мұрат пен Танакөздің тағдыр талайы ұқсас келгені Мұраттың өз аузынан айтылады. Екі ананың екеуі еркесі болып өскенмен, әке тағдырлары оларға баянды болмаған. Соғыстың отты жорығын кешкен әкелер еліне қайта оралмаған. Бұл аяныш болғанмен, соңында қалар ізгілік бар, ол екі әкенің бір-бірімен тату болып, өмірді ынтызарлықпен өткізген жандар екені. Мұны ақын поэмада былайша баяндайды:

Бір –бірінен жан аямас дос болыпты оларда,

Дос болыпты. Біздің достық сонан өнген болар ма?


Менің әкем жау шебінде жаралы боп қалғанда,

Жан досымды қалай қиып қалдырам деп арманда,


Көкірегін қарша жауған от пен оққа қалқалап,

Сенің әкең үш күн бойы алып жүрген арқалап.


Айналасы қалың өлік, қалың орман, өрт толған,

Сол орманда екеуі де жау оғынан мерт болған.


Не жетеді келер күнге деген кәусәр сенімге,

Екі досты ажырата алмапты ғой өлімде.


Екеуі де көз жұмыпты құшақтасқан қалпында,

Екі өмірдің жалғасы боп, біз қалыппыз артында.


Ал, анамыз бізді, сірә, көрген емес бөлектеп,

Ауыр күндер өтіп жатты, соғып жатты, жел өкпек [16, 143].

Ғажап суреттер. Әрі көңілсіздік, әрі өмірге ұшқын шашқан үміт. Әкелерінің жан қиыспас бір-бірінен берілгендерін, тылсымдары өз ұрпақтарына өтіп жатқандай. Мұны жүрек сезімімен ойдың ыстық отымен, жастардың бойына нұрдай құйып тұрған ақын - Мұхтар ғой. Әкелер қадір құрметінің, ананың аялы алақанының өтіп жатқанын өлең жолдарынан көруге болады.

Достық арқауын бағыт етіп алған ақын оны отаншылдық бояуына көмкереді. Жаудан ыстық топырағын аянбай қорғаған қос жауынгер - әкелердің қайтпас қайсарлылығын, қажырлылығын сүйсіне жырлайды. Жауға берілместен ақтық қаны қалғанша күрескен азаматтар ерлігін де, елдігін де кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, жан тапсырады. Жесір аналардың майдангер әкелерден жетім қалған балаларды әлпештеп тәрбиелеуі тартымды бейнеленеді.

Осы тұста ана мейірімділігі, ананың ақ пейілі Т.Айбергеновтың өз анасы Жібекке арнаған өлеңі поэмадағы аналық жүректермен тоғысады.

Өтті анам үш баламның пайғамбары,

Үш сәби жүрегінің сайрам-бағы.

Жыр қылып жатты біздің қара шаңырақ,

Менің сор маңдайымның тайған бағын.
Ана еді ол мен үшін не көрмеген!

Азаптың бәрін көрген, тек өлмеген.

Көк жасын көктем болып, қарайтын ол,

Тасқа да талай ғасыр көгермеген.


Қайтейін жүрмегенсің, жанға байлап,

Алыста кеттім одан арман айдап.

Айналып - толғанатын ақ дидарлы,

Ана еді ол – жауыңды да аңдамай қап.... [1,111].


Ақын Төлегенде ана жүрегін сезімталдықпен суреттеп, өзге кейіпкер емес, өз басына жасаған жақсылықты ақындық перзенттік үнмен жеткізіп берген.

М.Мақатаев «Атамекен» атты өлеңінде достықтың туған жер, ыстық топырақтың қадірін әуелете жыр нәріне бөлейді. Туған жерді жер біткеннің бал қаймағына балайды. Жоғарыда біз сөз еткен М.Шаханов өлеңдері соғыс өртінің елімізді, жерімізді шарпуынан қаймықпай соғысқан екі әкенің қайсарлықпен туған жер топырағын дұшпаннан қорғау қиындығын от жалынмен суреттесе, Мұхтар ақын бейбіт өмірдегі кіндік қаны тамған жерді сүйіспеншілікпен жырлайды.

Әкел, досым,

Сен маған қолыңды бер!

Әкетейін, мен өткен жолымды көр.

Сонау шыңның басына шығармын,

Менмін ғой бұл аймақтың жолын білер.
Мінеки,

Шыға келдік шың басына,

Ал енді шақшаңды бер құрдасыңа.

Атамекен туралы сыр шертейін,

Құлағың түр, құрдасым, сырласыңа.
Мен туған жер, Қарасаз, баурайдағы

Жалғанда жер біткеннің бал-қаймағы.

Есім кетіп жүргенде ес білдірген,

Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы.


Бақытым ғой «Қарасаз» келіп қонған,

Кисем –киім, ішсем-ас, көлік болған.

Мендей ұлдың осы жер мыңын туып,

Әлі күнге мұңына жерік болған.


Кешір дос, менің біраз бөскеніме,

Есім кетті оралам ескегіме.

Қай-қайдағы жоғалған қайран күндер

Шыныменен шырпыдай өшкені ме?! [10,247].


Ақын осы өмір дастанның өн бойында ағыла-тегіле өз өкпесін ақындық қуатының нәрімен суландыра жыр төгеді. «Атамекенді» оқып отырып өн бойымызға адамдық қасиетті, туған жерге деген риясыз сүйіспеншілікті, өлең қуатымен бойымызға нұрдай құйғандай боламыз. Бұл ақынның жүрегінен шыққан сүйіспеншілік екеніне тағы да сүйсінеміз.

М.Шахановтың «Танакөз» поэмасына қайта оралатын болсақ, екі жеткіншектің, мектепке барар жылғы ана арманынан туған жақсы ниет оқушыны ойландырарлықтай екеуіне арнайы тігілген, жақсы ниет етіп тігілген киімдері ұзақ уақыт сақталады. Он жыл оқып орта білімнің куәлігі аттестат алғанда, сандық түбінде жатқан киімдерді кигізу әке жолын жалғастырар ұрпақтан күтер үміт, достық сезім баурап алған шақты аңғартады. Мұраттың аузынан балалық шаққа тамсанған сөздерді айтқызу арқылы ақын өз кейіпкерлерінің өсу эволюциясын бірізділікпен баяндаған:

Қуансақта, қайғырсақта – Танакөз,

Төнанкөзбен көңілдеді біздің ерке бала кез – деп балалықтың балғын шақтарымен тамсантады.

Балалық шақ-іңкәр дәурен, сұңқар тауын шарпыған,

Өз көктемін сағынбайтын, аңсамайтын бар ма адам,

-деп өз құрбысының адал достығын биік көтерген Мұрат есейген шағындағы қос қуанышқа жалғастырады. Танакөзге деген екі достың қарым-қатынасы сипатталғанда, олардың ішкі сезімі, жүрек лүпілі де көріне қалады.

Нақ сол күнде кеудемізде бір құпия от жанып,

Екеумізде Танакөзге гүл ұсындық, шаттанып.
Өтті солай тұңғыш рет тынышымды бұзған күн,

Тұңғыш рет сенен досым, Танакөзді қызғандым.


Оянсақ та, бал сезімнің алғашқы асау әнінен,

Аппақ, адал достығымыз биік тұрды бәрінен


-дейді де, осы арада ана жолының, ана жанының ұлық та мейірімді екендігі жүрек сезімін толқытады.
Нұргүл апа-сенің анаң, жан еді бір ақылды,

Қолға аттестат алған күні бізді өзіне шақырды.


Қажыды ма жылдар бойы арқалаудан арманды,

Соңғы кезде өзін тіпті науқас меңдеп алғанды.


Төсегінен әрең тұрып, келді дағы күлімдеп,

Иығымызға қолын қойды саусақтары дірілдеп.


Қарақтарым, ер жеткеннің белгісі ғой, міне, бұл,

Екі әкенің келер күнмен жалғадыңдар жүрегін, -


Деп жымиды, жанын бір тербеткендей тасқынды,

Жанарында жазғы шықтай екі тамшы жас тұрды.


Сосын жайлап бардыдағы, көк сандықты ақтарды,

Сыртта құстар сырлы сазға бөлеп жатты бақтырды,


Нұргүл апа демі толқып ерке желдей еспелі,

Көк сандықтан екі көйлек алып шықты кестелі.


-Бірге еді ғой сенің анаң екеуміздің сырымыз,

Он жыл бұрын ырым етіп тігіп едік мұны біз.


Он жыл бұрын. Егіз қозы секілді еңдер онда да,

Жұрттың бәрі екеуіңе көз қадайтын таңдана.


Сағымдай боп ой арбаған нұрлы күнге жетпекке,

Екеуіңді тұңғыш рет ертіп бардық мектепке


Аңсаған күн келді бүгін, мұны еске алмау мүмкін бе,

Бірақ марқұм сенің анаң жете алмады бұл күнге...


Сыртқа шықтық үстімізде желбірейді ақ көйлек,

Біз достықты ұғып өстік сөнбейтұғын от қой деп.


Бұл ақ көйлек екі әкенің шапағаты секілді,

Екі ананың бізге деген махаббаты секілді.


Екі аналық ар-намыстың жемісі бұл ақ көйлек.

Екі әкенің достығының жеңісі бұл ақ көйлек.


Біздер іштей серт етістік ана үмітін ақтауға

Достық гүлін кеудемізде мәңгі тірі сақтауға [16, 144-147].

Қою сюжетке оралған оқиғалық суреттеулерде асыл сезім, ата-ана қадірі тереңдікке бойлай жеткізілген. Шынайы достықтың беріктігі тас қала сияқты . Ақын кейіпкерлерінің өмірлік тынысын таза, саф етіп суреттеген.

Өмір болған соң талай оқиғалар өткелінде бұлтарыс – қалтарыс та көп болады. Нағыз дос осындай кезеңдерде білінеді. Тар жол, тайғақ кешуде сүрінбей өткендер ғана адамгершілігі мықты жандар достық қасиетін сақтай алады. Ақын поэмасындағы кейіпкерлер қатал сындардан сүрінбей өтіп, өмірдің оңды қағидасын жалғастырушылар болады. Ақын поэмалардағы кейіпкерлер осындай жандар.

Шынында да поэманың оқиғалық бітімінде қиыннан қиысқан қисынды іс-әрекеттерге толы кейіпкерлердің өмірі десекте болғандай, талай тылсым дүниелер оқушының көз алдынан өтеді. Екі достың ғашық болған Танакөзі ол бір махаббаттың мөлдірі, сүйіспеншіліктің сусыны, алғашқы екеуі бірдей гүл ұсынғанда Мұраттың бойынан қызғаныш оты шарпып өтсе де, ес тоқтатып сезімді ақылға жеңдіреді. Танакөзді өзі ішінен қимас, силас досына ұйғарады. Өзі Зеркүлге үйленеді.

«Даудың басы Даурабайдың көк сиыры» дегендей, Мұраттың апатқа ұшырауы, жас жұбайлардың өмір сынына түсіп, сондағы кешкен күйлері өзгеше еді. Екі аяғынан айрылған Мұраттың мүсәпір хал үстінде Зеркүл оны тастап кетеді. Өзінің өмірлік шешімін жасамаған Танакөз достық сезіммен адамгершілік қасиетпен жол бастап Мұратқа келеді. Онымен табысады. Міне, осында ақынның позициясы айқын көрінеді:

Кез-келгеннің қолы жетпес,

Кез-келгеннің жолы жетпес,

Айналайын ұлы достық,

Құлатпашы мені

Мәңгі осы сатыңнан

Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан. [16,162].

-деп бұдан алдыңғы Мұраттың барары қайда, қарары кім алдында мүгедектер үйіме деп қобалжыған ой, уайым, қайғыны серпіп тастап, жаралы кейіпкерін ақын қамқорлық құшағына енгізеді.

Шығарманың кейіпкерлері Мұрат пен Танакөз қазіргі жас ұрпақты үлкен адамгершілікке, әр уақытта адамды қанаттандырып, биіктететін адалдыққа, берік достыққа, мейірімділікке тұла бойды баурай түседі. Ақын шешімі өте дұрыс. Себебі шығармадағы кейіпкерлердің бәрі де бір бағытта емес, жоғарыдағы адам талпынатын биіктерге кесе-көлденең тұратындарды анықтап берген. Ол Зеркүл мен шешесі. Олардың ойлары жеңілтек, көңілі тар, мейірімсіз. Олардың тілі қандай ащы болса, тірліктері де солай. Зеркүлдің шешесі тамыр-таныстықты пайдаланып, күн көру тіршілігінде жүреді. Мұндай ащы шындықты ақын:

Тірі қалды, екі аяғын кестірді де тізеден,

Аңдамасаң мүйіздейді, тағдыр кейде сүзеден.

Содан бастап жан досымның шаңырағы кетірді,

Үш айдан соң шешесі кеп, алып кетті Зеркүлді.


Алып кетті, тәңір атқыр, мейірімсіз арам-ай,

Хал үстінде жатқан қартаң анаға да қарамай.

Сорлы анаға қайдан жеңіл тисін мұның салмағы,

Бастан жүрек ауруы бар, емдеткенмен болмады.

Жұмды көзін. Қайғысына бүкіл ауыл тербеліп,

Сенің марқұм анаң жатқан Көкшолқыға жерледік,

-деп ауыр күнде жығылғанға жұдырық дегендей, Зеркүл жеңілтектік жасап, қайғыға батқан ананың да өліміне себепші болды. Өмірде кездесетін осындай келеңсіз жайттардың қыртысын аша білген ақын адамды, ананы, ұлы адамдарды сақтандырады.

М.Шаханов шығармаларының арасында оқшау да биік тұратын достықты мызғымас шам ретінде жырлаған ақындардың арасында дүниеден ерте кеткен көрнекті қазақ ақыны Т.Айбергеновте достықты сүйсіне жырлады. «Досқа сын» өлеңінде Төлеген:

Қанша дос боп жалғасам да аяулы арман –тілекті,

Аямайтын ащы сыным ашындырар жүректі.

Табысыңа шын қуанып, сырға қоссам сыр алуан,

Бекер басқан қадамыңды бетке айтпай да тұра алман.

Білген жанға өмір деген мәңгі жарқын жаз емес,

Жұмыр бастан кетіп жатар кемшілік те аз емес.

Әрине, оған кейде-кейде керек шығар кешірім,

Алайда оны кешірместен досына айтудың несі мін.


Өмір бізге кінәлі емес, шексіз достық сый еткен,

Сондықтан да менің сыным өтер бәлкім сүйектен

Мейлі ұнат, мейлі ұнатпа мені тіпті ол үшін,

Қажет болса қолды саған бір сермеу де борышым.


Сені өкпе мен ренішке батырғанда белшеден,

Кем мұңайып, аз қиналып тұрмын ба екен мен сенен?

Бұл айтылған достың сындық мейлің шын ұқ, шын ұқпа,

Тек қана оның маған да жай тимегенін ұмытпа, - дейді. [1,56].


Шексіз достықты өмірдің сиындай қабылдаған Т. Айбергенов халықтың «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақылына ойын саийды. Достық білген жанға өмір бойы жарық дүние, мәңгі жыр деп ұғындырған. Мұнда қос ақынның достық туралы ойларының бір арнаға үйлесетіндігін танып тұрсақта, олардың оқиға құру, кейіпкерлер сомдау, сюжеттік желінің өрбуі, көркемдік кестелері әрине оқшауланып тұрғандығын біз келтірген мысалдардан аңғаруымызға болады. М.Шахановтың «Достық өлкесінің заңы» өлеңі де қызғылықты оқиғаның күрделі шешімін танытады.

Жоғарыда поэмада жастық шақ, балалық балғын өмір, есею, ер жету, от басы болу, сипаттары толығымен суреттелген. Ал, «Достық өлкесінің заңында» балалықтың жазалы, қамқорлық қойнындағы екі баланың татулығы, достығы жырланады. Нағашысына ертіп барған қасындағы досы әженің көзілдірігін сындырып қойады. Әженің қарқынды қаһарынан қаймыққан бала, досын қорғап, мен сындырған едім, кешіріңіз деп басын төмен салады. Екі бала дүлей мінез тосып тұрса да, әже ашу шақырып, жазалау қамына кіріскен жоқ. Осы сәтте «Сенбеңіз көзәйнекті қонақ бала, сындырды», - деп сыбыр ете қалады. Әже қайтадан ашуға булығып, немересінің құлағынан бұрап, нағашысының алдына алып барады. Міне, ақынның достық отансүйгіштік кредосы осы тұста айтылады:

«Қой, бәйбіше, дау тудырта бекерге, -

Деп нағашым әңгімесін жалғады, -

Айып па екен, өзін беріп қатерге,

Ер жігіттің досын қорғап қалғаны

Достық деген ізгіліктің алаңы,

Оған куә ғасырлар мен замандар

Отанын да сатып кете алады.

Қиын шақта досын сатқан адамдар»! [16, 28].

Осындай қарапайым оқиға сәтінен терең ой қозғай алған ақын М.Шаханов әрі шебер, әрі терең ойлы ақын екендігі айқын. М.Шахановтың әдебиет әлеміндегі көп салалы тақырыптарының арасындағы достық лебіздерін білдірген өлеңдеріне ой жібере отырып, ақындар арасынан қайталанбас құбылыстай жарқ етіп, өте шыққан найзағай Мұқағали ақынның ар да жырларының арасынан «Аманат» атты жыр жинағындағы достың тақырыбына арналған өлеңдерін оқып, ақындардың тақырып жағынан өзара сабақтастығын аңғарамыз.

Мұқағали :

Дос болам десең,

Досымды сыйла, қымбаттым!

Досыңа сонда,

Досыммен ғана қымбатпын

Дос болам десең,

Мендегі доспен достасқын,

Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.

Достарың көп пе?

Апырау неткен жақсы едің?

Досым аз менің ....

Досым-ау менің, тапшы емін?

Достарыңменен достастып мені, асылым,

Достастыр мені?

Болайын құлың нақ сенің!

Достыққа жүрмін,

Достыққа жүрмін құмартып!

Өлгелі жүрмін,

Өзіме-өзім мін артып...

Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,

Достардың барып, ауласында өқлген мың артық. [10,160].


Ақиық ақын Мұқағали терең толғаныспен досты сыйлаудың мәні өмір доспен ғана қымбат дей отырып, «Досы көпті жау алмайды» дегендей, досының көп екендігі жақсы және мені де достарыммен достастырсаң деп үмітін достарға артады. Жоғарыда көргеніміздей өлеңінің соңы жауыздық уәзірі болғанша дос ауласында өлген мың есе артық деп қорытынды шығарады.

М.Шахановтың өлеңдерінің терең ойлылығымен мағыналылығы жөнінде көп айтуға болады. Бір тақырыпқа арналған өлеңдерінің өзінде оқиғалық бітімді тереңнен толғап, тыңнан іздейді.

Федор Достаевскийдің Шоқан Уәлихановқа жазған хатын тамаша поэзияға айналдырады. Өлеңнің атын «Құлпытас кепиеті немесе Кері табу заңы» деп атайды.

Өлең былай басталады.

Досым Федор,

Мына хат – соңғы хатым.

Соңғы тыныс,

Соңғы дем қалды жақын

Жайшылықта айырмас ақ, қараны.

Сыпсың сөздер бір сәтке тоқталады.

Тоз-тоз болған ағайын басын қосып,

Ертең мені жерлеуге ап барады [16,51].


Міне, осындай адамның тұла бойын шымырлатып, жан тербететін сезімді тауып айтқан ақын ақыретке аттанып бара жатқан ұлы ғалымның қаламынан досына хат жаздырады. Бұл хаттың мазмұндық желісі әрі қарай жалғаса түседі. Шоқанға деген бір ғана Ф.Достаевский емес, өзге достарының да ұлылықты жоғары ұстап, Шоқанға деген олардың достық жүрегінің жылуын ақын былай жеткізеді.

Жылдар озды,

Ескі тозды,

Көнерді,


Озғақ жылдар көнерте алмас өнерді

Бір кез Омбы түрмесінің тұтқыны

Федор даңқы шарлап кетті әлемді

Шоқан жатқан Алтыкемел төсі де

Талай – талай той-думанға бөленді....

Осыменен бітіруге болушы еді өлеңді,

Уақыт қанша жасырғанмен өлмеген

Бір оқиға кездеспесе көлденең:


Жай үңілсең көрінбейтін астары,

Ол оқиға – тағдыр, тағлым дастаны.

Көп жыл бойы Шоқанның

Бір топ жақын достары

Ұлы адамның ұлы рухын азалап,

Қайта – қайта ұлықтарды мазалап,

Сонау Ташкент қаласынан алдыртып,

Қырат үстін балға үнімен жаңғыртып,

Мәрмәр тастан белгі орнатты басына,

«Достан – дұға» осы да.


Өлеңнің соңын өзіндік ой-тұжырыммен ұлыларға тас атқан арсыз төбетке саналатындығын айтады. Федор досының Шоқанның қаза болғанын естігендегі, жүрегі сыздап ауырып, төбесінен жай түскендей сезінген досы Шоқанын аңсайды. Осындай достың тылсым тізбегін, әсерлі сезімге баурап жеткізе алған ақын былай дейді:

Нақ сол жылы көктемде

Матай тауы маңындағы көк белге

Қонып ұшқан сыңар аққу

Петрбордың төбесінен өткенде,

Әлгі аққудың мұңлы әніндей.

Мұңлы хабар Федордың

Құлағына жеткенде:

- Шапағатқа суарылған сүйегі

Дос сезімде қасиет бар киелі.

Киеліге қол көтерген жолығады бөгетке,

Сауап бопты ойсыз, арсыз төбетке, -

депті ұлы адам бойын дүлей ыза буып, қасарып,

Досын аңсап, жанарына жас алып.....


Екі халық өкілі, екі данышпанның бір-біріне сүйіспеншілігін жырлай отырып, ақын екі халықтың достығын тереңдетіп, татулықтың жаршысы іспеттес болып танылады.

Ақын ойының бұл күнде тереңдеп отырғанын көзбен көріп жүрміз. Биылғы жылы Қазақстанда дарынды ақын Пушкин жылы, Ресейде Ұлы Абай жылы аталуы осы пікіріміздің куәсі. «Ұлтты ұлылары ұлықтайды» дегендей, жуырда ғана Мәскеуде ұлы Абай атамыздың ескерткішінің бой көтеруі, қазақ халқының оның поэзиясының кемеңгері Абай Құнанбаевтың ұлтымызды ұлықтатқанының белгісі.

Ақынның «Сенім патшалығы» атты поэмасы бастан-аяқ достықтың ұлы күшін дәріптеуге арналған. Поэманың кіріспесінде ақын осы ойын алдын-ала аңғартады.

Шығармадағы Жайықтың ханға иіліп айтатын сөзі төмендегіше:

Еңбегімді сатқаным,о, халайық,

Намысымды сатқаным емес шығар.

Мен байлықты басқаша түсінемін:

Қиын шақта табылатын қасымнан,

Биік тұрған жердегі бар асылдан,

Жаны мөлдір, діні мықты,

Ардақ тұтқан ұлылықты,

Менің іңкір, жан аяспас досым бар!

-деп, кейіпкер толғанысын тереңнен толғай отырып, жайықтың хан алдында қасқайып тұрып, оның қызына күйеу бала алатынын, таққа мұрагер болуға лайық санайтын жан екендігін танытуы басталған диалогтарды ширата түсіп, ұтымды шешім жасаған Жайық пен Мерейдің айнымас берік достығы жоғары деңгейде сипатталған. Олар бірі үшін бірі жан беруге дайын достар. Екеуі де әлемдегі адамгершіліктің жоғары қасиетін тұла бойына сіңдірген, қылыштан да, ханнан да, заңнан да мықты екендіктерін танытады. Мұндай сөзді жендет бастығы өз аузынан айтады. Поэманың әрбір бөліміндегі жемісі бірте-бірте күрделеніп, ақынның ойын реалистік ақиқатқа жеткізеді.

М.Шаханов әр кез әділ де, турашыл тұлға екендігін танытып келеді. Оның бойында көлгірсу жоқ. Ол таза ізгілік, адал сезімді халқының кәдесіне жарайтын ұлы істерді, ұлы әдебиеттерді жақтайтын, сүйетін ақын. Ақынның үлгі боларлық осындай қасиеттерін халықтар достығы үйінде өткен кездесуде анық танып, тағы да көз жеткіздік.

Қорыта келгенде М.Шахановты достықты қастерлеп, оны ту етіп ұстап, ұлылайтын әрі оны терең сезіммен жырлайтын ақын дер атауымызға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет