Түсінік хат
Курс бағдарламасы білім алушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарын ескере отырып әзірленген алты бөлімнен тұрады.
«Парасаттылық және әдеп» юниті білім алушылардың бойында әдептілік, тілектестік, адалдық, толеранттылық, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік, ұжымда жұмыс істей білу және мінез-құлық мәдениетінің жоғары стандарттарын білдіретін жеке қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.
«Азаматтылық және патриотизм» юниті қазақстандық қоғамның бірдей кодын және мемлекеттілікті құрметтеуді, азаматтық ұстаным мен жауапкершілікті қалыптастыруды, адамдардың қоғамдағы өзара қарым-қатынасын, отбасындағы өзара көмекті, халықаралық сананы қалыптастыруды насихаттайды.
«Медиа және қаржылық сауаттылық»юнитінде медиакеңістік және қаржылық сауаттылықтың негізгі ұғымдарымен және заңдылықтарымен танысады. Қоғамда белсенді өмір сүріп, әлеуметтену үшін қажетті дағды түрлерін қарастырып, ақпаратты талдау, бағалауды дамытады. Білім алушылар ақпаратпен жұмыс істеуге, материалдарды бағалауға, талдауға, жалған мәлімет пен насихатты ажырата білуге үйренеді. Қаржылық сауаттылық туралы білімдері кеңейіп, сауаттылық неден басталатыны, еңбегі арқылы жетістікке жеткен адамдар туралы ақпарат жинақтап, отбасылық бюджетті қалай үнемдеуге болатыны туралы өмірмен байланысты білімдерін дамытады. Білім алушылар қаржылық сауаттылықты жеке қаржылық әл-ауқатқа жету құралы ретінде пайдалану арқылы әлемдік экономикалық кеңістікке кірігеді.
«Өмір қауіпсіздігі»юниті адам өмірі мен денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, даралықты, жеке өмірге қол сұқпау және құпиялық құқығын сақтауға, қорқыту мен зорлық-зомбылықтан қорғану, адам өмірін сақтап қалу жолдарымен танысуға бағытталған.
«Экологиялық мәдениет»юнитінде білім алушылар экологияның негізгі заңдылықтарымен танысады. Өз денсаулығына, айналасындағы адамдарға және табиғатқа жағымды көзқараста болып, ұқыппен қарауды үйренеді. Табиғатты пайдаланудың моральдық-құқықтық принциптерін сақтайды. Қоршаған ортаны қорғау іс-шараларын белсенді жүргізетін, биосферадағы байланыстарды бұзушыларға қарсы, сондай-ақ экологиялық санасы дамыған әлеуметтік-бағдарлы тұлғаны қалыптастырады.
Курстың мақсаты: бәсекеге қабілетті, мінез-құлық мәдениетінің стандартына сәйкес келетін және жаһандық құзыреттерге ие тұлғаны қалыптастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |