2.2.5 Прономиналдану (есімдікке өту) Прономинализация конверсияның ең өнімді процестерінің бірі болып табылады. Прономинализация өзге сөз таптарының есімдіктер тобына ауысуын білдіреді. Есімдіктердің сөз табы ретінде пайда болуы, қалыптасуы тілдегі үнем заңымен тікелей байланысты. Есімдіктер о баста адам баласының көптеген ұғымдарды тез әрі қысқа түрде жеткізу әрекеті барысында, сөздерді үнемдеп пайдалану және оларды сөйлеу процесінде ыкшамдап қолдану ниетінен келіп пайда болған сөздер. Жұрттың беделін көтеретін жүйрікті бір адам билей алмайды; күллі ел билейді. Прономиналдан туған зат есімдер: дәнеңе, бірдеңе, әлдекім; Прономиналдан туған сын есімдер: барлық, куллі. Прономинализация процесі сұрау есімдіктерінің жеке топ болып орнығуында да шешуші рөл атқарған. Себебі, сұрау есімдіктеріне негіз болған не, қай (қан), кім түбірлері о баста есім мәнін берген. Ондай жорамалға "әлгі түбірлердің кейіннен, тілдің даму барысында, есім ұялас сөздер жасауы ғана емес, түбір қалпында қолданысы да дәлел бола алады. "Қай" есімдігі о баста сұрау мәнін емес, қатыстық мән (қатыстық сын есім) бергендігіне оның қолданысы куә: қай адам, қай нәрсе, қай бір. Сол сықылды, не, кім сұрау есімдіктері де бір кезде қатыстық мағынада жұмсалғандығына көне түркі ескерткіштерінің тілі, сонымен бірге, олардың қазіргі тілдегі қолданысы нақты дәлел: не нәрсе, не іс, не зат, кім де кім және т.б. Неше, немене, неме сұрау есімдіктеріне негіз болған не сөзі о баста зат есім мәнінде қолданылғанын зерттеушілердің барлығы да атап көрсетеді. Не сөзінің о баста зат есім мәнінде жұмсалғандығына оның қазіргі күндегі кейбір қолданыстары айғақ. Не нәрсе, не зат, не іс тәрізді тіркестердің құрамындағы не сөзі тек қана зат есім мәнін береді. Бұл есімдіктің әуелгі кезде зат есім сөз болғандығына тағы бір дәлел - оның септелуі: не, ненің, неге, нені, неден, немен. Не сөзінің бастапқы заттық мағынасын ажыратып, сұраулық мәнде қалыптаса бастауы Орхон- Енисей дәуірінен бұрын болып өткен процесс. Себебі, Орхон және Енисей бойынан табылған тас жазулардың тілінде не есімдігі нәң, нең түрінде келіп, "зат, нәрсе, бұйым" деген заттық мәнде қолданылған. Негү біз икегү түп өтүнелім. (Біз екеуміз қалай өштестік), неге қорқұрбыз (неге қорқамыз), неде өйрү йок (не үшін жоқ). "Не" сөзінің прономиналдық мәні орта ғасырларда жазылған ескерткіштер тілінде көріне бастайды. ХІҮ ғасырда жазылған (еңбек иесі белгісіз) "Китаб аттух фат уз-закийа фил-л лұғат ит-туркийа" ("Түркі тілдерінің асыл маржанын сыйлайтын кітап") атты жазба ескерткіште аталған есімдіктің әрі заттық мәні де, әрі есімдік мәні де қатар көзге түседі. Аталған сөз түркі тілдерінің көпшілігінде толық прономиналданып, біржола есімдікке айналып кетсе, кейбір түркі тілдерінде бұл есімдік күні бүгінге дейін әрі сұраулық мәнінде, сонымен бірге белгісіздік ұғымындағы зат есім мағынасында да қолданылады. Түркі тілдерінің бір бұтағы салар тіліндегі "не" есімдігінің қазіргі кездегі қолданысы – сөзіміздің айғағы. "Қай" түбірінің атрибуттық ыңғайда қолданылуы түбірдің есім екендігін және қатыстық мәнде жұмсалғандығын көрсетеді. Белгілі түрколог ғалымдар түркі тілдеріндегі қай есімдігін және одан әр түрлі аффикстердің жалғануы арқылы өрбіген есімдіктерді (қалай, қайсы, қайтіп, қашан, қані) өзінше бөлшектейді. Қай сөзінің о баста сөз болғандығын айқындайтын тағы бір факті - оның септелуі, қайдан және қайда сұрау есімдіктері түбір мен жатыс, шығыс жалғауларының бірігіп барып прономиналданғаны айқын. Ал, қайсы сұрау есімдігі есім түбір мен тәуелдік жалғауының III жағының бірігуінен қалыптасқандығы, содан кейін ғана тұтас негіздің есімдікке айналғандығы айқын. Қазіргі қазақ тілінде қалай, қайтіп тәрізді сұрау прономиналдану арқылы есімдіктер қатарына ауысқан. Қалай сұрау есімдігінің о баста көсемше тұлғасы болғандығын, оның кейіннен есімдік болып қалыптасқанын Ф.Г. Исхаков оны (қалай сөзін) мынадай бөліктерге бөліп көрсету арқылы дәлелдейді: (қа(й)-ла-й. Ф.Г. Исхаков мұндағы -ла жұрнағы етістік тудыратын қосымша, -й-ді көсемше формасы деп түсіндіреді (8. 223). Бұдан қалай сұрау есімдігінің тілдің өте көне кезеңінде әуелі есім сөз, одан туынды етістік болғанын, одан көсемше тұлғасын иеленгендігін, ақырында тұтас негіздің прономиналданғаны айқын көрінеді. Қайтіп сұрау есімдігінде дәл осы жолмен кұрама бөліктерге ажыратуға болады: қай-ет-іп. Мұндағы қай - түбір есім сөз, ет - көмекші етістік, -іп - көсемшелік қосымша. Бұл есімдіктің де прономиналдану жолымен калыптасқандығы анық. Мұның үстіне көсемше тұлғаларының сұраулық мәнде қалыптасуы түркі тілдері үшін жат құбылыс емес екені мәлім.
Достарыңызбен бөлісу: |