Л. Н. Гумилев: этногенез теориясы



бет1/14
Дата23.02.2016
өлшемі1.1 Mb.
#7276
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті




Л.Н. Гумилев: этногенез теориясы

Астана


2012
УДК 39(675)

ББК 63.5я7

Л47

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ғылыми кеңесі ұсынған
Редакциясын басқарған: Сыдықов Е.Б., тарих ғылымдарының докторы, профессор
Пікір жазғандар: Қабылдинов З.Е.,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Шаяхметов Н.У.,



тарих ғылымдарының докторы

Алпысбес М.А.,



тарих ғылымдарының докторы
Л47 Л.Н. Гумилев: этногенез теориясы. Құрастырушы – Искакова К.И. – Астана: ЕҰУ АББ. – 160 б.
Философия ғылымдарының кандидаты Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Искакова Күлзираның құрастырған ғылыми жинағында Л.Н. Гумилевтің этногенез теориясына арналған Қазақстан Республикасының ғалымдарының әр жылдары жарияланған ғылыми мақалалары топтастырылған. Сонымен бірге, құрастырушы жинаққа тақырыпқа сәйкес орыс тіліндегі қомақты ғылыми мақалаларды аударып және Л.Н. Гумилев пайдаланған этногенез теориясына қатысты терминдердің түсіндірме сөздігін жасап қосқан.

Еңбек студенттер мен магистранттарға, оқытушыларға және жалпы Л.Н. Гумилев мұрасына қызыққан оқырманға арналған.

УДК 39(675)

ISBN 978-601-7400-30-9 ББК 63.5я7


© Искакова К.И., 2012

© Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ АББ, 2012



Құрастырушыдан
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған еңбек – белгілі ғалым, тарих және география ғылымдарының докторы, екі жүзден аса ғылыми еңбектер жазып, өзінің өмірдегі орнын тарих жыршысы, бірегей этногенез теориясының авторы ретінде танытқан Лев Николаевич Гумилевке арналған.

Л.Н. Гумилев – бірнеше білім саласының тоғысынан туған этнология ғылымындағы жаңа бағыттың негізін салған, мазмұнын айқындаған зерттеуші. Ғалым өз жаңалықтарын пәнаралық ықпалдастықта – тарих, география, жаратылыстану, психология, мәдениеттану сияқты ілімдер түйісінде ашты. Оның енбектері өткенсіз болашақ жоқ екенін есте ұстай отырып, тарихты жаңаша сабақтайды, славян және түркі халықтарының тату көршілігі туралы ғылыми негіздеме береді. Еуразия халықтарының бірлігі идеясын сараптау – Н. Трубецкой. П. Савицкий, Л. Карсавин, Г. Вернадский және басқа да алғашқы еуразияшылдар еңбегінен басталып, ғылыми негіздемесі мен дамуы Л.Н. Гумилев мұраларында жалғасын тапты. Оны «еуразияшылдардың соңғы тұяғы» деп атады.

Лев Николаевич Гумилевтің ұрпаққа қалдырған іргелі мұралары адамзат қоғамын тарихқа дейінгі дәуірден басталып, өткеннің бұлдыр болмысы түріндегі уақытты қамтып, қазіргі кезеңді бағалауға және болашаққа жол сілтеуге мүмкіндік береді.

Л.Н. Гумилев өзінің төл еңбектері арқылы Еуропа мен Азияны, батыс пен шығысты жақындастырды. Ол әлемнің барлық халықтарының, этностарының ұлттық-мәдени мұраларын сақтауға шақырды. Осының өзі ХХІ ғасыр халқының бейбіт дамуына көлеңкесін түсіріп отырған өзекті мәселелердің бірі – этносаралық қарым-қатынастардың түбегейлі шешілуіне оңтайлы әсер етеді.

Л.Н. Гумилевтің көп қырлы мұрасының бағасы өлшеусіз, оның жаңашыл бағытының, жинақты тұжырымдамаларының көкейкестілігі бүгінгі таңда кеміген жоқ. Ғалымның көптеген идеялары қазіргі заманғы ғылыми ізденістердің өзегіне, әрі қарайғы саяси-әлеуметтік, мәдени дамудың іргетасына айналып отыр.

Л.Н. Гумилевтің Еуразиялық кеңістіктегі халықтар тарихына арналған ғылыми еңбектері, тарихи-философиялық, этникалық-саяси ойдың перспективтік бағыты ретіндегі еуразиятанудың терең негіздемесі болып табылады. Тарихи-географиялық және этнологиялық терең ізденістер оған еуразияшылдықтың теориялық іргетасын мағыналы жетілдіруге, оның іс жүзіндегі әлеуетін еуразиялық халықтардың бүгіні мен болашағын көрсетуге мүмкіндік берді. Л.Н. Гумилевтің ғылыми мұрасы халықаралық-саяси және практикалық мағынада өте өзекті, аймақтық интеграция мен жаһандану аясында қазіргі заманғы әлемге толерантты еуразиялық ықпалдың ғылыми-тарихи негізі болып табылады. Л.Н. Гумилевтің ғылыми әдістері Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың еуразиялық идеяларымен үндеседі.


Еуразия Ұлттық университетінің 10 жылдық мерекесінде сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә. Назарбаев: «Біздің астанамызды еліміздің орталығына көшіре отырып, университет құрып, оған ұлы еуразияшыл Лев Николаевич Гумилевтің есімін бере отырып, біз прагматикалық мақсаттарды нысан еттік. Еуразиялық идея теориялық тұрғыда XIX ғасырда пайда болды, ол бүгінде мүлде жаңаша өлшеммен бағаланады. Еуразияшылдық бұл – XXI ғасырдың идеясы. Бұл – болашақтың идеясы» – деп атады.

Осыған орай, Л.Н. Гумилевтің түрік және славян, азиялық және еуропалық халықтар тарихы бойынша жазған кешенді еңбектерін оқып – еуразияшылдықтың әрі қарайғы ғылыми түсіндірулер мен теориялық негіздемелерін зерттеудің жаңа әдістері мен жаңа жолдарын табу қажет екендігі анықталды. Еуразиялық идеялардың қайта жандануы еуразияшылдық пен Л.Н. Гумилевтің феноменіне байланысты кешенді ғылыми-теориялық сараптаулардың қажеттігін көрсетті. Сондықтан да ХХІ ғасырда Л.Н. Гумилевтің еңбектерін жаңаша оқып шығу мен ұғыну қажет. Оның әлемдік ғылымға қосқан үлесіне объективті баға берілуі керек. Оның ішінде, Л.Н. Гумилевтің еуразияшылдық ілімнің өзегі, ірі ғылыми жаңалығы мен жетістігінің бірі – этногенездің пассионарлық теориясы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.


Л.Н.Гумилевтің этногенез теориясыуақыт пен кеңістік арасындағы этностар қозғалысын көрсететін этностардың қалыптасуы мен дамуын табиғатпен тығыз байланыста алып қараған ерекше тұжырымдама. Бұл теңдесі жоқ ғылыми жаңалық – ғалымның этнография, тарих, география ғылымдарының түйісінде тұрған мәселелерге қозғау салған, тарих ғылымының жаратылыстану мәселелеріне қосқан сүбелі үлесі.

Л.Н. Гумилевтің сан қырлы шығармашылығы, оның ішінде, этногенез теориясы, көптеген пікір-талас тудырды. «Лев Николаевич еңбегіндегі тосын да тың ойлардың, мейлі, оң болар немесе теріс болар, әлі де ұрпаққа ден қойдырып, әлі де талай-талай ғылыми ізденістерге тұғыр болатыны хақ», – деп кеше ғана өмірден озған көрнекті этнолог, әдебиетші ғалым Ақселеу Сейдімбек атап көрсеткендей, қазіргі кезде Л.Н. Гумилевтің этногенез теориясы көпшілік мойындаған, ғылыми ортадағы ең маңызды жаңалықтың бірі. Өйткені, қандай да бір ұлы идеялар сияқты, Л.Н. Гумилевтің этногенез теориясы ең алдымен таңғажайып жаңалығымен, терең тұжырымдарымен құнды. Ғалымның этногенез теориясын жан-жақты түйсіну арқылы Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев ұсынған, бүкіл әлем қолдаған еуразиялық идеяны түсініп, іске асыруға болады.

Құрметті оқырман, Қазақстан Республикасының белгілі ғалымдары мен зерттеушілерінің жинақта топтастырылған ғылыми мақалалары мен ой-түйіндері Сіздерге данагөй ғалым, кемеңгер ойшыл Л.Н. Гумилевтің этногенез теориясын тереңірек танып-білуге жәрдемдесіп, ой-танымдарыңызға жарқын із қалдырады деген сенімдеміз.

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің ректоры, т.ғ.д.,

профессор Ерлан Сыдықовтың

«Еуразия халықтарының тарихы мен Н.Г. Гумилевтің ғылыми шығармашылығы: қазіргі әдістері мен перспективалары» атты VIII Халықаралық Еуразиялық ғылыми форумында сөйлеген
КІРІСПЕ СӨЗІ
Құрметті форум қонақтары! Қадірлі әріптестер!
«Еуразия халықтарының тарихы және Л.Н. Гумилевтің ғылыми шығармашылығы: қазіргі әдістері мен перспективалары» атты Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін VIII Халықаралық Еуразиялық ғылыми бұл форум өзіндік ерекшеліктерге ие. Бұл шара, біріншіден, белгілі ғалым, ойшыл Лев Николаевич Гумилевтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отыр. Әлемдік ғылыми қауымдастық осынау айтулы оқиғаны 2012 жылы 1 қазанда атап өтпек. Екіншіден, бұл ғылыми форум ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне арналады.

Соңғы жиырма жылдың ішінде Л.Н. Гумилевтің ғылыми еңбектеріне қызығушылық артып, оларға деген сұраныс күннен-күнге жоғарылауда. Әлемдік форумға хош келдіңіздер! Қауымдастықта оның іргелі туындыларына ғылыми тұрғыда ғана емес, қоғамдық-саяси тұрғыдан да қызығушылық танытып отыр. Көпшіліктің мұндай сұранысы оның интеллектуалдық мұрасын шынайы әрі толыққанды зерделеу міндетін өзектендіре түседі. Сондықтан бізге оның Еуразия халықтарының тарихына арналған зерттеулерін XXI ғасырдың ғылыми жетістіктері негізінде ой-таразысына салып, салмақтауды талап етеді.

Біз үшін Л.Н. Гумилевтің ғылыми-шығармашылық мұрасы ғана маңызды емес, оның өмірі мен ғылымдағы күреске толы шығармашылық қызметі үлгі-өнеге тұтарлық. Сол себепті 1996 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің болашақ астанасында Еуразия ұлттық университеті ашылып, оған Л.Н. Гумилев есімі берілді.

Осы қысқа мерзімде университет Астанадағы білім мен ғылымның орталығына айналды. Соның ішінде айтар болсақ, 2002 жылдан бастап, яғни Л.Н. Гумилевтің 90 жылдық мерейтойынан бері ғалымның шығармашылық мұрасын зерттеуге, Еуразиялық интеграция идеясына арналған VII халықаралық «Еуразиялық ғылыми форум» өткізілді. Университетте арнайы Еуразиялық зерттеулер кафедрасы және Л.Н. Гумилевтің мұражай-кабинеті жұмыс істейді. Мұражайда ғалымның еңбектері, жеке заттары, жұмыс кабинетінің үлгісі, достарымен, әріптестерімен алмасқан хаттары жинақталған.

Л.Н. Гумилев өз зерттеулерінде шығыстану мен ортағасырлық тарихтың арасындағы, түркітану мен славянтану арасындағы қолдан жасалған ғылыми шекараларды мейлінше жақындатуға ұмтылып отырды. Шын мәнінде, ол ғылымдағы «еуразиятануды» жаңа сапалық деңгейге көтерді.

Бүгінгі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «еуразияшыл» ғалымның өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеп, насихаттайтын бірден-бір ғылыми орталыққа айналды. Сондықтан бұл форум қалыптасқан осынау ізгі дәстүрлерді одан әрі жалғастыратынына сенім білдіре отырып, оның жұмысына сәттілік тілеймін!

VIII Халықаралық Еуразиялық ғылыми форум айтулы дата – 2012 жылдың 1 қазанында әлемдік интеллектуалдық қауымдас-тықтың қатысуымен атап өтілетін XX ғасырдың көрнекті ғалымы, ойшыл Лев Николаевич Гумилевтің 100 жылдығы мен еуразияшылдықтың философиялық-идеологиялық ағым ретінде пайда болуының 90 жылдығы қарсаңында өтіп отыр.

Осымен бірге, ғылыми форум біздің еліміздің басты оқиғасы – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұстас келді. Бұл – «бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы». Бұл айтулы оқиғаның тарихи құндылығы сонда, біздің халқымыз тәуелсіздікке ғасырлар бойы ұмтылды. Тәуелсіздікке қол жеткізуде көптеген ұрпақтың үлесі бар. Сондықтан да бұл мерекенің қазақстандықтар үшін мәні ерекше.

Лев Гумилевтің ғылыми шығармашылығы халықаралық-саяси және практикалық мәні жағынан аса өзекті. Бұл мұра қазіргі аймақтық интеграция мен жаһандану жағдайындағы еуроазия толеранттығының ғылыми-тарихи негізі болып табылады. Л.Н.Гумилевтің дәл осы ғылыми қадамы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еуразияшылдық идеясымен үндеседі.

Егер Л.Н. Гумилев ғалым-гуманист ретінде «...халықтардың шынайы достығы тек әр халықтың жетістігін, ар-намысын, мәдениетін, тілі мен тарихын терең құрметтегенде ғана туады. Біз қандай тұрғыда да ұлттар мәдениетін, олардың өзара қарым-қатынастарының кеңейіп, әрі қарай да кең арна тауып, гүлденуін қолдауымыз керек», – дегенді дәлелдесе, саясаткер ретінде Президент Н.Ә.Назарбаев 1994 жылдың наурызында Лондонда еуропа аудиториясына біздің еліміздің өркениетті даму ерекшелігін түсіндіре отырып, «Қазақстан – Азиядағы еуропалық және азиялық тамырластықтағы бірегей ел. Мұнда әртүрлі халық өкілдері өзара көп арналы біртұтастықты құрап отыр. Әртүрлі мәдениет пен дәстүрлердің тоғысуы бізге Еуропа мен Азияның, Шығыс пен Батыстың ең үздік жетістіктерін сіңіруге мүмкіндік береді» – деді.

10 жылдан кейін 2004 жылдың 2 сәуірінде Астанада біздің университетте «Еуразияшылдық: идеядан практикаға» атты халықаралық конференция өтті. Мұнда он жылдың ішінде еуразияшылдық идеясы енген жылдарда әлемнің мүлдем өзгергені айтылды. Жаңа мыңжылдықта жаңа қауіп, жаңа бастама, жаңа тәуекелшілдік пен жаңа мүмкіндіктер туды. Соған қарамастан еуразияшылдық идеясы өзінің өзектілігін сақтап қалды. Ол жаңа мазмұнмен толыға түсті. Жаңа тәуелсіз елдердің ықпалдастығы – әр елдің дербестігі сақтала отырып дамитын объективті үдеріс. Еуразияшыл қауымдастық құрылып, тарихи тұрғыдан беки түсті». (Казахстанская правда», 2 сәуір, 2004 ж.).

Бүгінгі Қазақстан – прогресшіл идеялар, инновациялар мен интеграциялар үшін ашық мемлекет. Сондықтан да біздің ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері Л.Н. Гумилевтің ғылыми-философиялық және шығармашылық мұраларын жоғары бағалайды.

Гумилевтің ғылыми еңбектері тарихи танымның жаңа көкжиегін ашты. Тарих ғылымында жансыз әлеуметтік-экономикалық материализм мен еуропалықорталықтандыруы орын алған тұста ол аймақтық және әлемдік тарихқа батыл этнологиялық қадам жасап, Еуразиядағы түркі-славяндық «комплиментарлық» идеясын дамытты. Л.Н. Гумилев «Ұлы Дала» атты жаңа іргелі ұғымды ғылыми айналысқа енгізді. Оның концепциясы арқылы қоғамдық санаға мәдени-өркениетті проблематика, адамзат тарихының көпқырлы идеясы оралып, еуропалықорталықтандыру ұғымының шектеулігі байқалды. Сондықтан да ресми тарих ғылымы 1970-1980 жылдары оның еңбегі туралы үн қатпағаны таңқаларлық емес-ті. Алайда, бұлай жалғаса беруі мүмкін емес еді. 1980 жылдардың аяғына қарай жариялылықтың әрі тарихқа деген қоғамдық қызығушылықтың арқасында Л.Н. Гумилев тірі «классик» «еуразияшыл» атанды (шын мәнінде жаңа дәуір үшін қазіргі еуразияшылдыққа жол ашқан «алғашқы адам» болды).

Соңғы жиырма жылдың ішінде Л.Н. Гумилевтің кітаптары ғылыми бестселлер, ал сілтеме жасалу жағынан посткеңестік кеңістігіндегі ғалымдардың ішінде көшбасшы болып келеді. Л.Н. Гумилевтің іргелі еңбектері ТМД елдерінде, Азия мен Еуропада ғылыми және қоғамдық саяси қызығушылық тудырып, оның зияткерлік мұрасын толық көлемде, объективті және жан-жақты зерттеу мәселесі өзекті болып келеді.

Л.Н. Гумилевтің ұзақ жылдар бойғы әріптесі әрі досы география ғылымдарының докторы, Орыс географиялық қоғамының Президенті С.Б.Лавров ғалым туралы еске ала отырып: «оның концепциясы болашаққа бағытталған, ол ең маңызды мәселе – адамзат тағдырының болжам-концепциясына бағытталды» дейді. Сондықтан да біз ғалымның көпқырлы, мазмұны жағынан еуразия тарихының монографиясын құрайтын еңбектерін XXI ғасыр ғылым жетістігінің ұстанымы тұрғысынан жаңаша қарауымыз керек.

Л.Н. Гумилевтің есімі мен мұрасы – ғалым-зерттеушінің тарихи тағдырының жарқын, қайталанбас феномені. Оның ғылыми шығармашылығы (еуразиялық-түркі және моңғол халықтарының тарихшысы ретінде) соңғы жылдары тек Ресей мен Қазақстанда ғана емес, әлемде де орасан қызығушылық тудыруда. Сондықтан да осыдан он бес жыл бұрын 1996 жылы болашақ Қазақстанның астанасында ҚР Президентінің Жарлығымен Л.Н. Гумилевтің есімі берілген Еуразия ұлттық университеті ашылды. Бұл жылдары университет астана ғылымы мен білімінің ірі орталығына айналды. Оның аясында 2002 жылдардан бастап (яғни Л.Н. Гумилевтің 90 жылдығы) Еуропа мен Азия, Шығыс пен Батыстың өзара байланысы идеясын көтерген Л.Н. Гумилев мұрасын тануға арналған жеті халықаралық «Еуразия ғылыми форумы» өтті. Еуразия университетінде Л.Н.Гумилевтің мұражай-кабинеті жасақталды, онда ғалымның мәскеулік пәтеріндегі жұмыс кабинеті нұсқасы жасақталып, жеке заттары, достары мен әріптестерінің хаттары сақталған. Оқу орнында арнайы Еуразиялық зерттеу кафедрасы жұмыс жасайды. Университеттің барлық мамандық студенттері Л.Н. Гумилевтің бірегей концепциялары қарастырылатын «Еуразияшылдық: теория және практика» оқу курсын оқу жоспарының міндетті компоненті ретінде оқып-үйренеді.

Л.Н. Гумилев жекелеген аймақтардың оқшау проблемаларын ғана зерттеген жоқ. 1930 жылдардағы студенттік кезеңнен бастап Түрік қағанатын (VI-VIII ғ.) зерттей бастаған болашақ ғалым өзінің зерттеуін түбегейлі түрде кеңейте отырып, түркілер мен моңғол халықтары тарихын бүкіләлемдік, ғаламдық тарих деңгейіне дейін көтерді.

Л.Н. Гумилевтің Еуразия халқы тарихы бойынша («Көне түріктер», «Ғұндар», «Хазарияның ашылуы», «Қиял патшалығын іздеу», «Этногенез және Жердің биосферасы», «Көне Русь және Ұлы Дала», «Тарихи кезеңдегі этнос географиясы», «Каспий айналасындағы мыңжылдықтар» және басқа) еңбектері жинақтала келе әлемдік ғылымға өлшеусіз үлес қосты.

Л.Н. Гумилевті тарихшы шығыстанушылардың жарық жұлдызына қосуға болар еді. Ол б.д.д. III ғасыр мен б.д. XV ғасырлар аралығындағы Орта және Орталық Азия көшпенділерінің тарихы мен мәдениетін жаңаша әрі терең зерттеп, тарихи географияны сол дәуірдегі, сол аймақтардың климаты мен ландшафының өзгеруімен сабақтастырып, этногенез теориясын жасады. Орта Азия палеоэтнографиясын, б.д. I мыңжылдықтағы тибет және памир халықтарының тарихын зерделеп, көшпелі халықтардың баяндау тарихының деректанушысы болды. Оның еңбектерінде Көне Русь пен Ұлы Дала проблемасына жаңаша ұстаным тұрғысынан орасан көңіл бөлінді.

Л.Н. Гумилев гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының ықпалдасуына көңіл бөліп, этникалық тарихты зерттегенде табиғи және географиялық факторларға, яғни, қоршаған ортаның болмысына да көңіл бөлудің қажеттігін дәлелдеді. Ол ғылымға қазіргі этнологиядағы басты ұғымдарды – «пассионарлық», «пассионарлық толқындар», «этногенез фазасы» және тағы басқаларын енгізді. Түрік, славян және Еуразияның финн-угор халықтарының позитивті этникалық мәдени «комплиментарлы-ғының» идеясын ұсынды. Ол әлем тарихындағы Азия мен Еуропа халықтарының теңгермелілігін, Еуразияның тарихи даму жолында көшпелі және отырықшы халықтардың еуропаның тарихи-мәдени кеңістігіндегі көне мәдениеттерінің ұқсастығы идеясын ұстанды.

Л.Н. Гумилев жаңашыл-зерттеуші ретінде шығыстану мен ортағасыр тарихы арасындағы дәстүрлі ғылыми шекараны, түркология мен славянтану, ориентализм мен еуропеизм арасындағы алшақтықты болдырмауға ұмтылды. Шын мәнінде ғалым бүгінгі күні толық мағынасында «еуразиятану» деп аталатын ғылымдағы инновациялық бағытты дамытты. Оны XX ғасырдағы еуразияшыл-дықтың бас идеологы деп атауға толық негіз бар.

Л.Н. Гумилев дәстүрлі ориенталистік шеңберден шығып, аймақтық (еуразияшылдық), одан әрі Әлемдік тарихтың концептуалдық деңгейіне жоғарылады. Л.Н. Гумилевтің мұрасын-дағы тарихи және қоғамдық саяси ойдың перспективалы бағыты – еуразияшылдықтың терең негізі болып табылады.

Л.Н. Гумилев идеяларының мәні сонда, ол өзінің бірегей еңбектері арқылы Еуропа мен Азия, Батыс пен Шығыс халықтарын бөлген де, қарама-қарсы қойған да жоқ, оларды жақындастырды. Ол барлық халықтардың, әлем этностарының ұлттық-мәдени мұраларын тең сақтауға шақырған бірден бір ғалым болды.

Л.Н. Гумилевтің еңбектері дискуссия тудырады, олар қайшылықсыз да емес. Әрі бұл позитивті фактор. Сондықтан да XXI ғасырда Л.Н.Гумилевтің тұтас теориялық еңбектерін қайтадан оқып, жан-жақты жаңаша талдап, зерделеу қажет. Оның әлемдік ғылымға үлес қосқан еңбектерінің объективті бағасын беру керек. Л.Н. Гумилевтің алдағы 100 жылдық мерейтойы оның еңбектеріне тікелей қатысты болмақ. Ал, кезекті Халықаралық Еуразиялық ғылыми форум зерттеушілерге Еуразия құрлығы халықтарының тарихы сияқты күрделі мәселені қайыра талдап, зерделеуге жәрдемдеспек.

Ғалымның ілімі бүкіләлемдік тарихты тұтастай түсінуді қалыптастырып, Еуразия кеңістігіндегі этникалық үдерістердің дамуын айқындайды. Гумилевтің ең басты еңбегі – Еуразия кеңістігіндегі тарихи сабақтастықты – халық пен мемлекеттің, этностар тарихы пайда болуының кезеңдік заңдылығын ашуы. Ал, оның ғылыми ойы еуразияэтностары мен мемлекеттерінің тарихи-мәдени және өркениетті қарым-қатынасының позитивті ықпалдастығына бағытталды. Л.Н.Гумилев ғалым ретінде тұжырымын өзінің ең қызықты «Көне Русь және Ұлы Дала» еңбегінде былайша білдіреді: «Ғылымның міндеті өзінің отандастарына оқиғаның даму ықтималдығын уақытында ескерту, ал Саясат мүмкін, бірақ міндетті емес, жобаланбаған коллизияның тиімді жолын табу, міне, сондықтан да іргелі ғылым мен практика бір-біріне аса зәру».

Осылайша, Еуразия халықтарының тарихы мен мәдениеті Л.Н.Гумилевтің дәлелдеуінше бұл тек этнологиялық ретроспектива емес, сонымен бірге, еуразия мемлекеттерінің ықпалдастығы қазіргі ағымдарының ғылыми перспективасы, интеллектуалдық алғышарты және идеялық-практикалық негізі.

Біздің университеттің 10 жылдық мерекесінде сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә. Назарбаев еуразиялық идеяны XXI ғасырдың идеясы деп атады. «Біздің астанамызды еліміздің орталығына көшіре отырып, университет құрып, оған ұлы еуразияшыл Лев Николаевич Гумилевтің есімін бере отырып, біз прагматикалық мақсаттарды нысан еттік. Еуразиялық идея теориялық тұрғыда XIX ғасырда пайда болды, ол бүгінде мүлде жаңаша өлшеммен бағаланады. Еуразияшылдық бұл – XXI ғасырдың идеясы. Бұл – болашақтың идеясы. Бұл – бүгінгі жаһандану талап етіп отырған интеграциялық үдерістердің бастауындағы алмас. Бұл идеяны сынаушылар да бар, алайда мен бұл идея жүзеге асып жатыр деп есептеймін. Үш қолданбалы ұғым – ЕврАзЭС, СВМДА және ШОС бұл үш таған болашақ еуразияшылдықтың негізін құрайды. Алайда, бұл идеяға рухани, ғылыми база қажет. Әрі рухани астана, Еуразияның жүрегі – Астана болмақ. Ал, бұл жүректің ең бағалы орталығы біздің Еуразия университеті бола алады.

Бүгінгі күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Ұлы еуразияшылдың» ғылыми идеялары мен шығармашылық мұрасын насихаттайтын бас ғылым және білім орталығы болып отыр»1.




Ақселеу Сейдімбек,

филология ғылымдарының докторы,

профессор


ГУМИЛЕВ2
Өмірдерек. Ғылым адамының өмір жолын оның ғұмыр кешкен ортасы мен уақытынан бөле-жарып қарастыру мүмкін емес. Дәл сол сияқты, ғылым адамының өмірбаяны оның тындырған еңбегімен де біте қайнасып жатады. Ғалымның өмірбаянын оның ақыл-ой, тәжірибесінен дербес қарастыруға болмайды.

Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжідік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. "Менен кейін маған десе топансу қаптасын", – деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.

Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың. Бірақ, ондай адамдар, әдетте, тағдырдың торына шырмалып ғұмыр кешеді. Аттаған қадамы кедергіге жолығып, таңдаған жолы тосқауылға тіреліп, ақылы – азапқа, дарыны – тозаққа ұласып жатады.

Лев Николаевич Гумилевтің өмірі мен шығармашылығын тағдырдың торына шырмалғандар санатына жатқызуға болады. Алайда, ол тағдырдың бұйыртқан сыбағасын қасқайып тұрып қарсы алып, қорлық пен зорлықты өмірдің заңына балай жүріп, алға қойған мақсатын толық орындап шыққан қайсар жан ретінде қайран қалдырады.

Қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік сілкіністер мен жүйелік алмасулардың өлара кезеңі Лев Николаевичтің жалын атқан жастық дәуренін тағдырдың тәлкегіне ұшыратты. Бір емес, екі емес, үш рет жауапқа тартылып, табандатқан 13 жыл өмірін түрменің тар қапасында өткеріп, лагерьдегі жылдар арасында екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынына шарпылып, туған қаласы Ленинградқа 1956 жылы оралғанда Лев Николаевич 44 жаста еді. "Алғаш рет – 1935 жылы "өзімнің албырттығымнан, екінші рет – 1938 жылы "әкем үшін", үшінші рет – 1948 жылы "шешем үшін" сотталдым", – деп отыратын марқұм. Лев Николаевичтің әке-шешесі – орыстың әйгілі ақындары Николай Гумилев пен Анна Ахматова. Николай Гумилев 1921 жылы контрреволюциялық әрекеттері үшін атылса, Анна Ахматова 1946 жылы мемлекеттік идеолог, КСРО-ның инквизиторы атанған Ждановтың қанқұйлы баяндамасына ілігіп, шығармашылы-ғына ресми түрде тыйым салынады. Әке мен шеше үшін баласының да күйетін заманы Лев Нико­лаевичтің де басын базарлы етеді. Мәскеудің "Лефрртовы" мен Ленинградтың "Крестінде" атылу жазасына кесілгендердің сапында болып, онан соң Беломорканал, Норильск, Кузбасс, Саян, Қарағанды түрмелері мен лагерьлерінде өксікті өмірін өткереді. Осындай аласапыран жылдар шарпуында жүріп, Лев Николаевич 1946 жылы Ленинград университетін бітіреді. Қатардағы бітірушілердің бірі емес, француз, неміс, байырғы түркі және латын тілдерін меңгеріп, хунну өркениеті мен байырғы моңғол тарихы бойынша маман болып шығады. Универ­ситет қабырғасында В. Струве, Е. Тарле, Б. Греков, С. Малов, М. Артомонов, С. Руденко сияқты ғалымдармен етене танысып, Памирде, Украинаның Подолиясында, Грузияның Картлиінде, Орталык Азияның Алтайында (Пазырық) жүргізілген археологиялық экспедицияларға қатысады. 1948 жылы Бірінші Түркі қағанатының (546-659) саяси тарихына арналған тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

Мұнан әрі тағы да бас бостандығынан айырылған Лев Николаевич 1956 жылы каторгалық эпопеясын біржола аяқтап келіп, Эрмитажға кітапхана қызметкері болып орналасады. Осы қызметте жүріп, байырғы түркілер тақырыбы бойынша 1967 жылы докторлық диссертация қорғайды. Сол жылы докторлық диссертациясының толықтырылған нұсқасы "Байырғы түркілер" деген атпен жарық көреді. Тақырыптың сонылығы және беймәлім мәдениеттің жеріне жете ашылуы, автордың ғажайып аңғарғыштығы мен терең білімі, сондай-ақ мейлінше оралымды тіл-стилі ғылыми ортаның да, былайғы оқырманның да назарын аударады.

1967 жылы Ленинград университетінің аясында география ғылыми-зерттеу инсти­туты ашылып, ректор А. Александровтың шақыруымен Лев Николаевич ғылыми қызметкер болып келеді. Осы орында 1986 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер деген сатылардан өткенімен, профессор шеніне іліге алмайды. Оның есесіне Лев Николаевич "Халықтану" деп аталатын арнаулы курс бойынша студенттерге аттай 20 жыл бойы армансыз лекция оқиды. Оның лекциясына бүкіл университет құлақ түріп, тіптен еркін тыңдаушылардың өзі аудиторияны керіп кетеді екен. Ол лекция оқыған 20 жыл аясында бірнеше толқын студенттердің зердесін қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзі де шыңдала жүріп, бүкіл әлем мойындаған орыс этнологиясының іргетасын қалаушылардың маңдай алдында болды. Дәлірек айтсақ, таза гумилевтік этнология мектебін дүниеге келтірді. Яғни, этностың шаруашылық және саяси жүйелерінің арасындағы өзгерістердің өзара байланысына, сол байланыстардың нәтижесінде болатын жаңғыруларға, сондай-ақ этностың кіндік жұрты болып табылатын ландшафт эволюциясына табанды түрде ден қояды. Бұл ретте, ол Ұлы Дала көшпелілері шаруашылығының, этнотарихының және экожүйесінің арасында өзара бітеқайнасқан байланыстың барына алдымен назар аударады. Этнологияға қатысты мәселенің бұлайша қойылуында "тарихи материализмді" тұғыр еткен КСРО ғалымдарының тұжырымынан да немесе ауа райы жұмсақ географиялық ортаға үйренген Еуропа ғалымдарының тұжырымынан да әдіснамалық (методологиялық) айырмашылық бар еді.

Лев Николаевичтің этнологиялық ізденісі мұнымен шектелмейді. Ол 1959-1964 жылдар аралығында жазғы демалыс айларында археологиялық экспедиция ұйымдастырып, Еділ, Каспий, Қара-теңіз жағалауларынан Хазарияның (VІІІ-Х ғғ.) сорабын іздейді. Нәтижесінде аса мол айғақ деректер жинақтап, ол материалдарды археолог, географ, этнолог ретінде саралап, Шығыс Еуропа тарихын қайта зерделеуге мұрындық болған "Хазарияның ашылуы" ("Открытие Хазарии") атты тамаша кітабын 1966 жылы жарыққа шығарады. Лев Николаевичтің бұл еңбегі этнос, табиғат, қоғамның әлеуметтік өмірі мен космос арасындағы байланыстардың нәтижесін одан әрі тереңдетуге, зерделеуге үлес береді. Мұның өзі, түптеп келгенде этногенездің тұғыры болып табылатын пассионарлық идеясының дүниеге келуіне себепші болады.

Этногенез бен биосфера арасындағы біте қайнасқан заңдылықтарды одан әрі орнықтыра дәлелдеу үшін Лев Николаевич енді табиғи қоршаған ортаның этнос тағдырына әсер-ықпалын ашып көрсетуге бел буады. Жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін өзінің этнологиялық тұжырымдарына тұғыр етуге бекінеді. Сөйтіп, 1974 жылы география бойынша "Этногенез және Жердің биосферасы" деген тақырыпта екінші докторлық диссертациясын қорғайды.

ЖАК (ВАК) Лев Николаевичтің докторлық диссертациясын бекітпейді. Себебін "выше, чем докторская работа, а потому и не докторская" деп тұжырымдайды. Бұл еңбек арада 15 жыл өткенде (1989) жарық көрді.

Лев Николаевичтің ғылыми ізденістерінің шыңы болып табылатын "Этногенез және Жердің биосферасы" ("Этногенез и биосфера Земли") атты еңбегінде халықтардың қалай жаралып, қалай сейілетініне, сондай-ақ оған та­биғат пен космостың аса тегеурінді әсер-ықпалына бүкіләлемдік ауқымда тарихи шолу жасайды. Тарихи шолуын айғақ-дәлел ретінде көлденең тарта отырып, этнология туралы бұрынғы көзқарастардан түбегейлі айырмашылығы бар ой-тұжырымдар қорытады. Бұлардың бәрі автордың тарихи деректерге, нақтылы теорияларға, табиғат пен биосфера заңдылықтарына, географияға жүйріктігімен дәлелденіп, мейлінше оралымды тіл-стилімен оқырманын тәнті етеді.

Рас, тың теорияның қашанда жолы ауыр. Әсіресе, өзіне дейінгі орныққан тұжырымдармен беттесу қиынның қиыны. Ал Лев Николаевичтің ой-тұжырымдары сол кездегі социдеологияның сойылын соққан этнографтардың, қоғамтанушылардың, ұлт және ұлт-азаттық күрес теориясымен айналысатын марқасқалардың (корифейлердің) ой-тұжырымдарына мүлде кереғар болатын. Ол кезде партияның шамшыл идеологиясын ұстанғандар кез келген кереғарлықты қарсылық деп есептейтін. Дәл солай болды да. Кешікпей-ақ, Лев Николаевичке "антимарксист", "географиялық детерменист", "мистикалық биологист", "буржуазиялық солипсист", "бихевиорист", "шолақ ойлы анархист", "нәсілшіл" деп келетін сан-сапалақ айып тағылып, 1976-1989 жылдар аралығында жариялану құқынан айырылады. Абақтыда өткерген азапты 13 жылдан гөрі, азаттықта жүріп тілін тістегендей күй кешкен 13 жыл Лев Николаевич үшін ауырлау соғады. Тәннің тұтқындалуы емес, жанның тұтқындалуы ақыры әйгілі ғалымды алып тынады. Лев Николаевич Гумилев 1992 жылы 80 жасында дүние салды. Никольск қорымындағы Александр-Невский лаврасынан топырақ бұйырды.

Лев Николаевичтің соңында ұлан-ғайыр мұра қалды. Сол мол мұрадан алғаш рет қарпып алып жариялаған еңбектерінің өзі 15 том.

Әрине, мәселе санда емес. Лев Николаевич еңбегіндегі тосын да тың ойлардың, мейлі, оң болар немесе теріс болар, әлі де талай ұрпаққа ден қойдырып, әлі де талай-талай ғылыми ізденістерге тұғыр болатыны хақ. Өйткені, Лев Николаевич Гумилев бар болмысын, барша ғұмырын ғылыми шындықты іздеуге арнаған жан. Басқасын былай қойғанда, оның ғажайып эрудициясы мен логикасы тарихқа іңкәр әркім үшін тамаша тағылым болатынына күмән жоқ.

Лев Николаевич еңбектерінде тың ойлар, тапқыр тұжырымдар, тосын идеялар көп. Оның бәрін тәптіштеп қайталау мейлінше көп уақыт алар еді, бәлкім олай ету қажет те болмас. Сондықтан, әйгілі ғалымның еңбектеріндегі ең бір жоталы-жоталы деген идеялар мен ой-тұжырымдарға қысқаша тоқталып өткен жөн.

Тарихшысы, қалай десе де, Лев Николаевич ең алдымен Ресей тарихшысы. Оның барша еңбегі, сайып келгенде, Ресей тарихымен ұштасып, Ресей тарихын танып-түсінуге қызмет етіп жатады. Оған ғылыми алаң болған Ұлы Даланың тарихы да, түптеп келгенде, Ресей тарихының қилы үрдістерін танып-түсінуге мұрындық болып отырады. Бұл ретте, ол өзінің табиғатына тән батылдықпен, Ресей тарихының ең бір ақтаңдақ кезеңіне із салған ғалым. Ол кезең ХІІІ-ХV ғасырлар аралығы болатын.

Тарих көкжиегінен XIII ғасырға дейін-ақ төбе көрсетіп үлгерген Русь 1250 жылдан бастап, табандатқан 250 жыл бойы тым-тырыс күй кешкен сияқты болатын. Тек, XV ғасырға қарай Еуропа монархиясы еңсе көтеріп, Ұрымның (Византия) мұрасына талас басталған кезде, түрік лигасына қарсы ұйымдасқан еуропалық мемлекеттер коалициясының сапынан Московия да көрінеді. Оған дейінгі 250 жылдық ақтаңдақ Ресей тарихында тарихи тежелу кезеңі тұрғысында қарастырылып, оның құныкері ретінде моңғол шапқыншылығы мен Алтын Орда езгісі көлденең тартылатын.

Лев Николаевич бұл мәселені мүлде басқаша қарастырады. Этнос дамуының тарихына диахронды салыстырмалы жүйені қолдана отырып, бұған дейінгі еуроцентристік тұжырымдамалардың кеудемсоқ бопсасын нақтылы айғақ-деректермен әшкерелейді. Бақсақ, осы уақытқа дейін адамзатты Батыс пен Шығысқа бөлу еуроцентристік тарихтың философиясы тудырған жасанды түсінік екен. Мұндай жасанды түсінік роман-герман суперэтносын әлемнің қалған бөлігіне қарсы қою үшін қажет болыпты. Ал Ресей суперэтносы, оқулықтарда жазылғандай, дербес этнос ретінде Киев Русі кезінде қалыптаспапты. Алтын Орданың жағымды ықпалының арқасында ХІІІ-ХІV ғасырда еңсе көтеріпті. Сөйтіп, папалық Еуропаның қанды шеңгелінде кетуден аман қалыпты. Демек, моңғол шапқыншылығынан Еуропаны қорғап қалмақ болған Русь емес екен. Керісінше, Русьті Еуропаның жұтып қоюынан аман алып калған Моңғол ұлысы екен. Мұндай ақиқатты қазіргі ресейліктер басқаша жорып жүргенімен, сол кездің ахуалын дұрыс түсінген әулие Александр Невский найзасының ұшын Еуропаға қаратып, арқасын хан ордасына сүйепті. Керек десеңіз, Куликово шайқасында Орданың ең тандаулы сайыпқыран жауынгерлері Дмитрий Донскойға жақтасқаны жөнінде бұлтартпас дерек бар...

Қысқасы, Гумилев ілімі ортағасырлық Ресей тарихына мүлде жаңаша қарауға шақыратын идея екенінде дау жоқ. Әрі-беріден соң, бұл жерде Ресей тарихына қатысты Лев Николаевич көзқарасының жаңалығы немесе тосындығы мәнді болмаса керек. Мәселенің мәні, тарих шіркіннің алдын ала сайлап қойған прокруст қалыбына сыя бермейтінінде болып отыр. Әрі-беріден соң, мәселе жаңа идеяның ұсынылуында да емес, мәселе бұрыннан қалыптасқан жаңсақ ой-тұжырымдарға күмәнмен қараудың басталуында. Яғни, ғылым кеңістігінің көкжиегін кеңейте түсуге тағы да бір мүмкіндік бар деген сөз.

Лев Николаевич Гумилевке дейін этнос, яғни халық, ұлт, жұрт (национальность) дегеніміз – тіл, мемлекеттік билік, тарихи ағым (инерция), өмір, салт біріктірген адамдардың қоғамдастығы деп түсіндірілетін. Ал Лев Николаевич болса, этносты нақтылы категория ретінде қарастырады. Яғни, этнос дегеніміз – өзіндік шек-шекарасы бар, өзіндік қалыптасқан мінез-құлқы бар, өзіндік ішкі құрылымы бар, уақыт аясында өзіндік заңдылықтармен өзгеріске түсіп отыратын біртұтас жүйе дейді.

Бұрын (соцжүйе кезінде) этнос немесе этникалық қауымдастық дегеніміз тарихи-табиғи жолмен қалыптасатын әлеуметтік категория делінетін. Ал Лев Николаевчи болса этнос дегеніміз био-географиялық категория дейді. Жай ғана био-географиялық категория емес, этнос дегеніміз – әлеуметтік және формациялық құрылымнан (устройства) тыс, әлеуметтік проблемаға кіріптар болмайтын жаралым дейді. Мұның өзін этнос тарихы мен табиғат тарихының шендесуі арқылы болатын антропосфералық құбылыс деп біледі. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, біріншіден, этностың күш-қуатын өзі тіршілік құратын табиғи ортамен кіндіктес, екіншіден, әрбір этнос тіршілік құру барысында әлеуметтік кеңістігін ұдайы ұлғайтып отыруға бейім болады. Ал этностың алғашқы жаралымына космос қуаты әсер етеді. Сол әсердің нәтижесінде қайрат-жігері ерекше "пассионар" адамдар қалыптасады. Өз кезегінде пассионар адамдар соңдарынан қалың тобырды ертіп, өздеріне қарсыластарға (субпассионарларға) тойтарыс беріп, өзіне дейінгі "мәдени жаралымды" жойып, "этнос" деп аталатын жаңа қауымдастықты қалыптастырады. Мұның бәрі де қоршаған ортамен біте қайнасқан тұтастықта жүзеге асып жататын үрдіс. Яғни, әрбір этносты ең алдымен био-географиялық құбылыс ретінде қабылдау керек. Этнос био-географиялық құбылыс болса, онда өзінен-өзі олардың өлшеулі ғұмыр жасы болмақ. Ондай ғұмыр жастың ұзақтығы әдетте 1200-1500 жыл шамасында болып келеді. Осынау өлшеулі уақыт аясында этнос нобай танытып дүниеге келеді, еңсе көтеріп етек жияды, өркен жайып дамиды (акматикалық фаза), сонсоң бірте-бірте құлдырап сейіле бастайды (обскурация немесе аннигиляциялық фаза). Яғни, этнос та адам сияқты, балалық, жігіттік, қарттық шақты бастан кешеді. Бұл үрдіс "этногенез" деп аталады.

Міне, қысқа-қайырым тілмен түйіндеп айтқанда, Л.Н.Гумилевтің этнологиялық ой-тұжырымдары осындай. Мұндай ой-тұжырымдар негізінен ғалымның "Этногенез және Жердің биосферасы" деп аталатын еңбегінде баяндалған.

Әрине, ғалымның міндеті – тың идея ұсыну, соны ой-тұжырымдар жасау. Ондай идеялар мен ой-тұжырымдардың сынақ алаңы – өмірдің өзі. Мәселен, Лев Николаевичтің этнос болмысын қоршаған ортамен шендестіріп, әрбір этносты био-географиялық жаралым деп қарастыруы технократтық дамуға дейінгі ахуалды зерделеуге айрықша ұрымтал екеніне назар аударуға болады. Ал технократтық даму бел алып, оның өмірді жаңғыртқыш қуаты үстемдік құрған заманда Лев Николаевичтің этносты био-географиялық жаралым деп келетін тұжырымдамасын жаңаша зерделеуге тура келетін сияқты. Сол сияқты, этностың 1200-1500 жылдық өлшеулі ғұмырының болуы, сол этностың мүшелері болып табылатын адамдарды фатальды көңіл-күйге түсіретінін де атап өту қажет. Себебі, этностың (ұлттың) Тәңір жаратқандай өлшеулі ғұмыр жасы болатын болса, онда ұлт үшін, оның көгеріп-көктеуі үшін тер төгіп қажеті қанша деген ой келеді. Әрине, мұндайда "бәріне уақыт төреші" деп келетін қазақтың қара нақылына ден қоямыз.

ПАССИОНАРЛЫҚ. Лев Николаевич Гумилев еңбектерінің бәрін дерлік көктей өтіп жататын идеялардың бірі – пассионарлық. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, адам әрекеті планеталық күш-қуат болып табылады. Сол күш-қуат жердің геологиялық жаңғыруына пара-пар. Яғни, адам (ұлт, халық) қозғалысының күші тектоникалық қозғалыстармен теңдес келеді. Бұл ретте адамның планеталық ауқымдағы әрекеті жанды биосфераның биохимиялық қуатынан бастау алады. Мұнан әрі адамның планеталық ақыл-ойы биосферадан ноосфераға ұласады. Былайша айтқанда, өсімдігі бар, жан-жануарлары бар, адамзаты бар – тіршілік атаулының болмысы планетаның жоғары қабатына айналады. Мұның өзін биология деуге де, социология деуге де болмайды. Сірә, географиялық-геологиялық құбылыс десе жобасы келіп қалар. Биосферадағы жанды заттардың биохимиялық қуаты болып табылатын осы құбылысты космос кеңістігінен құйылатын тегеурінді қуат (сверхэнергия) әсер еткенде Жер бетінде айрықша жаңғыру үрдісі басталады. Адамдарды қозғалысқа келтіріп, олардың ішінен қайрат-жігері тасыған тұлғаларды тарих сахнасына шығартып, одан әрі этникалық жаралымға ұйытқы болатын себеп осы. Яғни, пассионарлық дегеніміз – адамдарды шабыт тұғырына қондыратын биохимиялық қуат. Пассионарлық сөзінің латын тіліндегі "пассио" түбірі "шабыт", "құлшыныс" (страсть) деген мағына береді.

Этногенез мәселесінде пассионарлық идея бойынша, отырықшы – көшпелі, еуропалық-азиялық, орыс-қазақ, француз-американ деп келетін салғастыруларда мән-мағына болмайды. Лев Николаевичтің тұжырымы бойынша, этнологиядағы жалғыз ғана өлшем – пассионарлық қуаттың деңгейі. Демек, озық немесе тозық, мәдениетті немесе жабайы деп келетін кез келген салғастырулар дәстүрлі тарихнамада қателікке ұрындырады. Себебі, этностар ғұмырының әр деңгейде болуы, оған қоса әртүрлі өмір салт пен әртүрлі шаруашылық мәдени типін бастан кешуі әлгіндей салғастырулардың мәнсіздігін зерделетеді.

Лев Николаевичтің пайымдауы бойынша, этногенез дегеніміз – этносфера аясындағы этникалық ұжымның жаңарып-жаңғыруы. Ондай жаңарып-жаңғыруларға пассионарлық құбылыс тұғыр болып отырады. Лев Николаевич өзінің пассионарлық идеясы арқылы адам феноменінде әлеуметтік себептен гөрі биосфералық әсердің бел алып жататынын дәлелдеуге күш салды. Сөйтіп, этногенездің пассионарлық теориясын дүниеге келтірді.

Бір атап кететін жағдай, Лев Николаевич пассионарлық идеяны орнықтыру үшін адамзат тарихынан мейлінше мол айғақ-деректерді көлденең тартып отырады. Осы ретте, олар қаншалықты мол болғанымен, мұның өзі адамзат тарихындағы айғақ-деректердің бәрі емес екенінде күмән болмаса керек. Сондай-ақ, Лев Ниқолаевич көлденең тартып отырған айғақ-дәйектер, негізінен пассионарлық идеяға қызмет ететін деректер ғана екені де дау тудырмауға тиіс.

ЕУРАЗИЯШЫЛДЫҚ. Лев Николаевич Гумилев өмірінің соңғы жылдарында өзін "еуразияшылмын" деп ашық айтып жүрді. "Жұрт мені еуразияшыл дейді, мен ондай пікірге қарсы емеспін", – деген ойды ашық айтқаны белгілі. Шынында да, еуразияшылдық идея Лев Николаевич шығармашылығының өн бойында үзілмей көрініс тауып отыратынын аңғару қиын емес. Сонымен бірге, Лев Николаевичтің еуразияшылдығында өзіндік ерекшеліктің де бары рас.

Еуразияшылдық идеяның тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болатын сияқты. Біріншісі – Қазан төнкерісіне дейінгі кезең. Екіншісі – Қазан төңкерісінен кейінгі Ресей эмигранттары мұрындық болған кезең. Үшіншісі – екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезең. Бұл үш кезеңнің өн бойында еуразияшылдық идеяның дем берушілері – тарихшылар Г.В. Вернадский, Л.П. Карсавин, Л.Н. Гумилев, құдайшыл Г.Ф. Флоренский, географ П.Н. Савицкий, шығыстанушы В.П. Никитин, этнограф Н.С. Трубецкой сияқты көрнекті тұлғалар болды.

Еуразияшылдық идеяның бірінші кезеңінде ұлы орысшылдық пиғыл бел алып жатты. Батыс пен Шығыстың, яғни роман-германдар мен азиялықтардың ортасындағы Ресейдің айырықша рөлі болу керек деген идея күн тәртібіне қойылды. Еуразияшылдық доктринаның постулаттарын Г.В. Вернадский былайша айқын тұжырымдады: "азиялық" және "еуропалық" Ресей арасында табиғи шекара жоқ. Демек, "еуропалық" немесе "азиялық" деп бөлшектейтіндей екі Ресей де жоқ. Тек, "еуразиялық" немесе Ресей-Еуразия деп аталатын бір ғана Ресей бар" (Г.В. Вернадский. Начертание русской истории. Прага,1927. -5-бет).

Еуразияшылдық идеяның екінші кезеңінде сол алғашқы ой-тұжырымдар жаңаша серпінмен одан әрі жалғасты. (Чист, Ресей эмигранттары социалист жүйенің ұстанымдары азиялық тұрғындардың ойынан шығып, одан әрі еуразияшылдық ілімнің жүзеге асуын жеделдетеді деп үміттенді, Азия үміттенген жоқ. Еуразия кеңістігінде Ресей ділінің үстемдік құруы ашық айтылып, Ресейді "айрықша мәдени-тарихи әлем" деп жариялай бастады. Түптеп келгенде, мұндай пиғылдан социалистік Ресейдің де экспансиялық-ассимиляцияшыл үрдістері алшақ болмайтын.

Үшінші кезеңде еуразияшыл идеологтар көңіл қалауынан гөрі, нақтылы тарихи ситуациялармен көбірек санасқанын аңғаруға болады. Яғни, әлемдік бәсекелестікте Еуразия халықтары өздерін мүдделестер, тағдырластар ретінде сезініп, әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени одақтастықты еуразияшылдықтың өзекті постулатына айналдыра бастады. Әсіресе, КСРО ыдырағаннан кейін еуразияшылдық идеяның бұл сияқты жаңа бағытына тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей ұйытқы болғанын атап өткен жөн.

Бұл мәселеде Л.Н.Гумилев тарихи қисындарды көлденең тарту арқылы көзге түсті. Ол Еуразия ойкуменін тарихи тағдыры біртұтас, әлемнің алтыдан бір бөлігі ретінде қарастырды. Бұл ретте, Лев Николаевич Ресей тарихындағы Ұлы Дала рөлін мүлде жаңаша парықтады. Атап айтқанда, орыс тарихында бел алып жататын "татар-моңғол езгісі" деген идеядан бірінші болып бас тартты. Ол үшін Ресей деген Моңғол ұлысынан кейінгі біртұтас Еуразия империясының православтық варияциясы еді. Мұндай идея өзінен-өзі Ресейдің тарих сахнасына шығуындағы Еуразия көшпелілерінің рөлі деген екінші идеяны дүниеге келтірді. Міне, еуразияшылдық мәселесінде Лев Николаевич осындай идея арқылы өзін ұшқыр, ойлы ғалым ретінде әйгілей алды. Ол бұрынғы саяси-идеологиялық еуразияшылдықты дәлелді тұжырымдамасы бар ғылымға айналдыра білді.

Әрине, осындай ой-идеяларына қатысты болар, қазақстандықтар Лев Николаевич Гумилевті айырықша құрмет тұтады. Ол кісінің атында Қазақстанда университет бар. Ол университет Астана қаласында – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті деп аталады. Қазақстан қалаларында бірнеше көше "Л.Н. Гумилев көшесі" деп аталады. Лев Николаевич туралы тұңғыш рет ғылыми-көпшілік фильм түсірушілер де қазақстандықтар болды. Қазірдің өзінде "Қиял патшалығын іздеу", "Байырғы түркілер" деп аталатын көлемді кітаптары қазақ тіліне аударылып үлгерген.

Ресей академиясы Лев Николаевичтің 80 жылдығында тіс жармап еді. Шүкір, әйгілі ғалымның одан кейінгі 90 жылдығын, туған күнін қазақстандықтар ұмыт қалдырмай кеңінен атап өтуді дәстүрге айналдырған. "Уақыт бәрін де өз орнына қояды" деген осы.

Сәрсенғали Әбдіманапов,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет