Лекция: 30 Практикалық: Семинар: 8 Лабораториялық: обсөЖ: СӨЖ: 97


Ортағасырлық саяхатшылар Қыпшақ даласы (Дешт-и Қыпчак) аталған жердің шығыс бөлігінде XIV-XV ғасырдың алғашқы ширегі аралығында Ақ Орда атты мемлекеттің болғанын хабарлайды



бет7/14
Дата29.02.2016
өлшемі1.64 Mb.
#31631
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

Ортағасырлық саяхатшылар Қыпшақ даласы (Дешт-и Қыпчак) аталған жердің шығыс бөлігінде XIV-XV ғасырдың алғашқы ширегі аралығында Ақ Орда атты мемлекеттің болғанын хабарлайды.


Рашид ад-диннің (XIV ғ.) айтуына қарағанда Жошы ұлысының шығыс бөлігін (сол қанатын) Жошының үлкен ұлы Орда (Орда Ежен, Орда Иген) әкесінің тірі кезінде еншіге алған. Әбілғазының (XVII ғ.) көрсетуі бойынша Ордаға бұл жерді кіші інісі Батый хан ХІІІ ғ. орта тұсында бөлген. Орданың мұрагерлері Батый ханның тұқымына сырттай тәуелді көрінгенімен, іс жүзінде олар өз ұлысының дербес билеушілері болды.

Ақ Орда жері Алтын Ордадан алған тәуелсіздігінің нығаюы барысында XIV ғ. екінші жартысына қарай қалыптасып, алғашында Жетісудың солтүстік шығыс бөлігі, Ертіс бойы, Ұлытау мен Кентау далаларын қамтыды. Ал Жайық, Ырғыз, Тобыл мен Сарысу өзендері аралығы, Арал теңізі төңірегі мен Сырдарияның төменгі сағасы Жошының тағы бір ұлы Шайбан ұлысына қарады.

ХІІІ ғ. орта тұсында Орда Еженнің ел басқарған ордасы Ертістің бойында және Алакөл көлінде болған. XIV ғ. Орда Еженнің мұрагерлерінің билігі Шайбан ұлысына да тарайды, яғни бүгінгі Қазақстанның аумағын түгел қамтиды. Тек Жетісу өңірі ғана бұл кезде Шағатай ұлысына, соңынан Мағолстанға қарайды. Ақ Орданың күшеюіне байланысты оның орталығы енді Қазақстанның оңтүстігіне, Сығанақ қаласына ауысады.

XIV ғ. бас кезінен Орда Еженнің мұрагерлері Шағатайлықтармен Сыр бойы қалалары және Жетісу үшін күрес жүргізе бастайды. Ертістен Сырдарияға дейін, Алтайдан Ұлытау және Аралға шейінгі аралықта қалыптасқан дәстүрлі мал шаруашылығына қуат бере отырып, Ақ Орда билеушілері Сыр бойы, Талас, Шу және Ұлытау өңірлерінде отырықшы егіншілік пен мәдениеттің қайта жандануына ден қойды. Сығанақ, Отырар, Сауран және Жентте бірақ жаңа құрылыстар өмірге келді, Ақ Орда хандары өз аттарынан теңге құйғызды.



2. Ақ Орданың саяси тарихы.

Орта Азия мен Хорезмнің қала, егіншілік және сауда аудандарымен байланыс орнатқан Ақ Орда хандары біртіндеп Алтын Орда билігінен алыстай бастайды да, XIV ғ. алғашқы жартысында, яғни Ерзен және Мүбәрәк қожа (1320-1344 жж.) хандар тұсында біржола дербестікке өтеді. Ақ Орданың күшеюі Ұрыс ханның билігіне тұс келеді (XIV ғ. 60-70 жж.). Тарихшы Қадырғали би Қасымұлы Ұрыс ханды ақылды да батыл билеуші ретінде сипаттайды. Осы ханның тұсында қысқа мерзімге болса да Ақ Орданың билігі жеріне де тарайды. Ұрұс хан 1368-1369 жж. өз атынан Сығанақ қаласында теңге соқтырады. Ол 1374-1375 жж. Еділ бойына жорық жасап, Алтын Орданың астанасы Сарайды, Қажы-Тарханды алып, Кама Бұлғарларын бағындырады. Бірақ Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамайды жеңе алмайды. Осы кезде Орта Азияда Әмір Темірдің күшеюінен сескенген Ұрыс хан Сыр бойындағы өз иелігіне оралады. Хан жол бойында өзіне көмектесуден бас тартқан Маңғыстау билеушісі Түй-Қожаны жазалайды. Оның баласы Тоқтамыс Әмір Темірге барып паналайды. Осы кезден бастап Темір Тоқтамысты пайдаланып, Ақ Орданы да, Алтын Орданы да басып алуға тырысады.

Әмір Темір Тоқтамысқа қару-жарақ, әскер беріп, Ақ Орданы басып алуға жібереді. Алайда Тоқтамыстың Ақ Ордаға жасаған бірнеше шабуылынан еш нәтиже шықпаған. Ұрыс хан мен оның баласы Тоқтақия қайтыс болғаннан кейін Темір Тоқтамысты Ақ Орда тағына отырғызды. Бірақ Тоқтамыс Ұрыс ханның екінші баласы Сауран түбінде тағы жеңіліске ұшырайды. Бұл жолы да Темір оған көмек беріп, қайта аттандырып, 1379 ж. Тоқтамыс Ақ Орданың билігін толық өзіне алады. ХІҮ ғ. аяғында Тоқтамысқа қарсы әрекет ете бастаған Темір оның орнына 1395 ж. Ақ Орда тағына Ұрыс ханның тағы бір баласы Қойыршық оғланды хан етіп қояды.

Ақ Орданың келесі ханы Барақ Сыр бойындағы қайтару үшін әрекеттер жасайды. Темірдің немересі Ұлықбектің әскерін жеңіп, көптеген қалаларды өзіне қаратады. Алайда 1428 ж. Шығыс Дешті-Қыпшақтағы билік Жошының Шайбани әулетінің ұрпағы Әбілқайыр ханның қолына тиеді.

Мұсылман деректері Ақ Орданы билеген хандар шежіресін шамамен мынадай жүйеде береді: Орда Ежен, Сартақтай, Қойыншы, Баян, Сасы Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Ұрыс хан, Құйыршық және Барақ.хан.

3. Ақ Орданың этникалық құрамы және қоғамдық құрылысы.

Ақ Орда — Қазақстан жерінде манғолдар шабуылынан соң жергілікті этникалық негізде қалыптасқан алғашқы мемлекеттік құрылым. Бұл жер ерте замандардан түркі тілі мен мәдениетіндегі, сондай-ақ осы тарихи кезеңде жолында тұрған қазақ ұлтының негізін құраған үйсін, қаңлы, қарлық маңғыт сияқты ортағасырлық елдердің, сондай-ақ басым бөлігі Шыңғыс хан шабуылы тұсында Қазақстанға іргелес оңтүстік-шығыс аудандардан және Алтайдан ығысқан жалайыр, найман, керей, арғын, қоңырат және басқа ірі тайпалық одақтардың атамекені болды.

Ақ Орда мемлекетінде феодалдық меншік түрі отырықшы-егіншілік және көшпелі мал шаруашылығы аудандарында кемел қалыптасқан түрінде көрінді. Деректер отырықшы жұрт арасындағы ауқатты топтың інджеу, мильк, сүйірғал сияқты жер иелігі, сондай-ақ салықтың көпчүр, зекет, тағар сияқты түрлері болғандығын айтады. Елдегі билік жүйесінің басында орда Ежен ханның үрім бұтағынан шыққан хан тұрды, оған жергілікті аймақтарды билейтін оғландар мен бек, әмір, батырлар бағынды.

Бақылау сұрақтары

1. Ақ Орда мемлекетінің құрылуы.

2. Ақ Орда мемлекетінің аумағы.

3. Ақ Орда мемлекетінің астанасы.

4. Ақ Орда халқының этникалық құрамы.

5. Ақ Орданың Алтын Ордадан біржолата бөліне бастауы.

6. Ерзен мен Мүбәрәк Қожа хандар тұсындағы Ақ Орда.

7. Ұрыс ханның Ақ Орда билігіне келуі. Мемлекеттің күшеюі.

8. Ұрыс ханның Алтын Орда тағы үшін күресі.

9. Ақ Ордаға Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның шабуылдары, оның салдары.

10. Барақ хан тұсындағы Ақ Орда.

11. Барақ ханның Ұлықбекті жеңуі. Ақ Орданың Әмір Темір ықпалынан құтылуы.

12. Ақ Орданың саяси тарихының кезеңдері.

13. Дешті Қыпшақтағы биліктің Шайбани Әбілқайырдың қолына өтуі. Ақ Орданың құлауы.

14. Ақ Орда тайпаларының шаруашылығы.

15. Ақ Орданың Қазақстан тарихында алатын орны.


17 лекция.

Тақырыбы:

Моғолстан мемлекеті.

Жоспары:

  1. Моғолстан мемлекетінің құрылуы, жер аумағы.

  2. Халқының этникалық құрамы.

  3. Моғолстанның саяси тарихы.

Лекция мақсаты: Студенттерге Моғолстан мемлекетінің құрылуы, оның жер аумағы, халқының этникалық құрамы және саяси тарихы туралы түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Моғолстан мемлекетінің құрылуы, жер аумағы.

Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұлысы құрамына Оңтүстік Алтайдан Әмударияға шейінгі аралық, ұйғыр жерлері, Самарқан және Бұқара, яғни Шығыс Түркістан, Жетісудың үлкен бөлігі және Мауреннахр енген болатын.

XIV ғ. орта тұсында Шағатай мемлекетінің батыс және шығыс бөліктері дербес екі мемлекетке бөлініп кетті. Мағолстан атанған шығыс бөлігінің Әмір Болатшы дулат бастаған билеушілері 1348 жылы Шағатай ұрпағы Тоғлық Темірді хан сайлайды. Бұл тарихи кезеңде дулат тайпасы Мағолстанның үлкен бөлігін иемденді, сондай-ақ оның ел билеуші ақсүйектері мемлекеттің саяси өмірінде жетекші роль атқарды, тәуелсіз, тұрақты мемлекеттік орнықтыру жолында болды. Тарихшы Мұхаммед Хайдар дулаттың көрсетуіне қарағанда дулаттар бұл тарихи кезеңде дәстүрлі мал шаруашылығымен қатар, отырықшы егіншілікпен де айналысқан. Дулат шонжарларының Шығыс Түркістанда ірі жер иеліктері (иқта) болған. Тоғлық Темір дулат әмірлері мен жергілікті қожалардың қолдауымен ислам дінін қабылдап, оны мемлекеттік дінге айналдырады. Ислам діні жергілікті халыққа қарақандықтар заманынан бері таныс болғанымен, билеуші топтың, сондай-ақ қара халықтың біраз бөлігі әлі де болса мұсылмандыққа өте қойған жоқ еді.

Мұхаммед Хайдардың көрсетуі бойынша Мағолстанның жері шығысында, қалмақ жерімен шектесіп, Барыскөл, Еміл, Ертісті қамтиды. Терістікте оған Көкше теңіз (Балқаш), Бұм, Қаратал қарайды. Батыста — Түркістанмен, Ташкентпен, оңтүстігінде Ферғана уалайатымен, Турфанмен шектеледі. Басқаша айтқанда Мағолстанның үлкен бөлігі оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғыз жерлерінен тұрды.



  1. Халқының этникалық құрамы.

Моғол хандығының тағына негізінен Шыңғыс тұқымдары мен монғол ақсүйектері отырған. Әрине монғол шапқыншылығы кезінде келген арлат, чорас, калучи сияқты тайпалар алғашқы кезде өздерінің басымдылығын көрсеткенімен, уақыт өткен сайын жергілікті түркі тектес тайпалар басымдық алып, монғолдарды өзіне сіңіре бастаған. Бұл ортағасырлық мемлекет құрамындағы халқы Мағолдардың («могол», «маңғұл») атымен «Мағолстан» атанғанымен, Мағолдар оның тұрғындарының аз ғана бөлігін құрады, ал оның халқының басым бөлігі Шығыс Түркістан, Жетісу және Солтүстік Қырғызстанның жергілікті тұрғындары, яғни түркі халықтары еді. Олардың арасында дулат, үйсін, қаңлы, арғын, баарын, көне ұйғыр, керей, бұлғашы, барлас және басқа түркі тайпалары еді, яғни бұл мемлекетте бүгінгі жетісулық қазақтардың, ыстық көлдік және Шу бойындағы қырғыздардың ата-бабалары да бар еді. Мағолстанның орталығы алғашында Жетісудағы Алмалықта болды.

  1. Моғолстанның саяси тарихы.

Тоғлық Темір өз билігін Мауреннахрға жайып, Шағатай мемлекетін қалпына келтіру әрекетін де жасайды (1360, 1361 жж.), бірақ оның мұндағы билігі ұзаққа созылған жоқ.. Баласы Ілияс Қожаны Мауереннахр тағына отырғызып қайтқан ол ұзамай қайтыс болады. Енді Тоғылық-Темірдің тірі кезінде оған тәуелділікті амалсыз мойындап жүрген Әмір Темір Ілияс Қожаға қарсы шығады. Әмір Темір мен Ілияс Қожа арасында бірнеше рет қақтығысулар болады. Моғол ханы жеңіліске ұшырайды. Соңғы жеңілістен кейін Ілияс Қожа Моғолстаннан жаңа әскери күш жинап келіп, қайта соғысады. 1365 ж. 22 маусымда Ташкент қаласының маңында «Батпақ шайқасы» болады. 10 мыңдай адам қырылған бұл шайқаста Ілияс Қожа жеңіске жетіп, Темір қашып құтылады.

Бұдан кейін Моғол хандығындағы билікті дулат тайпасының атақты әмірлері Камар ад-дин мен Шамс ад-диндер жүргізген. Камар ад-дин өзін тыңдайтын Тоғылық-Темір ұрпағы Қызыр Қожа оғланды таққа отырғызады.

Әмір Темірдің XIV ғ. соңғы ширегінде жасаған бірнеше дүркін жорығы Мағолстан мемлекетін қайтып күшею мүмкіндігінен біржола айырды. Қызыр Қожа хан Әмір Темірге өзінің тәуелділігін мойындайды. Моғолстан Әмір Темір қайтыс болғаннан кейін ғана Мұхаммед ханның кезінде (1408-1416 жж.) тәуелсіздікке қол жеткізе бастайды.

Моғолстанның шығыс жағынан ойраттардың шабуылдары жиілей түседі. Уайс хан (1418-1428 жж.) олармен талай қанды шайқас жүргізіп, тойтарыс береді. Уайс ханнан кейін Моғолстанның құлдырау шегіне жеткендігі айқындала берді. Ішкі талас-тартыста Уайс ханның ұлы Есенбұға (1433-1462 жж.) жеңіп шықты. 50 жж. аяғында Жетісуға Шығыс Дешті Қыпшақтан Жәнібек пен Керей бастаған қазақтар көшіп келеді.

XIV ғ. ортасында Ақ Ордамен бір мезгілде Мағолстан мемлекетінің өмірге келуі Қазақстан тарихындағы маңызды кезең болды. Мағолстан түркі халықтарының Орталық Азияда қуатты мемлекет құру, сол арқылы өздерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету әрекеті ретінде тарихта өз ізін қалдырды. Сондай-ақ ол, феодалдық, ұлыстық мүдденің үстемдік алуы жалпыелдік, жалпыұлттық мүдденің аяқ асты болуына соқтырмай қоймайтындығын да көрсетті.

Әмір Темірдің әскери жорықтары Мағолстанда феодалдық бытыранқылықтың күшеюіне, ал Ақ Орданың Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығы болып ыдырауына алып келді.



Бақылау сұрақтары

1. Шағатай ұлысының ыдырауы. Моғолстанның құрылуы.

2. Әмір Поладшы.

3. Моғолстан мемлекетінің аумағы.

4. Моғолстан мемлекетінің астанасы.

5. Моғолстан халқының этникалық құрамы.

6. «Моғолстан» атауының шығуы.

7. Тоғылық-Темір ханның ішкі саясаты. Ислам дінін күшейту.

8. Тоғылық Темір ханның сыртқы саясаты. Мауеренахрды жаулау.

9. Ілияс Қожаның билікке келуі.

10. «Батпақ шайқасы».

11. Моғол хандығындағы саяси бытыраңқылық..

12. Әмір Темір және Моғолстан. Әмір Темірдің Моғолстанға жорықтары, Оның зардаптары.

13. Қызыр Қожа хан, оның Темір билігін мойындауы.

14. Мұхаммед хан. Моғолстанның Темір билігінен құтылуы.

15. Уайс хан тұсындағы Моғолстан.

16. Есен Бұға ханның билікке келуі.

17. Жүніс хан тұсындағы Моғолстан.

18. XV ғ.соңындағы ыдыраушылық процесстер

19. Сұлтан Махмұт және Сұлтан Ахмет хандар саясаты.

20. Моғолстанның ыдырауы.

21. Моғолстанның қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуына әсері.

18 лекция.

Тақырыбы:

Әмір Темір мемлекеті.

Жоспары:

1. Әмір Темірдің билікке келуі.

2. Әмір Темірдің Алтын Орда мен Ақ Ордаға жасаған жорықтары.

3. Әмір Темірдің Моғолстан хандығына жорықтары.



Лекция мақсаты: Әмір Темірдің билікке келуі, Әмір Темірдің Алтын Орда мен Ақ Ордаға және Моғолстан хандығына жасаған жорықтары туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Әмір Темірдің билікке келуі.

 ХІҮ ғ. соңғы үштен бірі – ХҮ ғ. басында Қазақстан халқының шаруашылық және саяси өміріне Әмір Темірдің жаулаушылық және тонаушылық жорықтары зор қауіп төндірді. Шағатай мемлекетінің екіге бөлінуі салдарынан XIV ғ. 70-ші жылдарында Маураннахрдағы билікті Әмір Темір (1336-1405 жж.) басып алады. Ол монғолдың түріктенген барлас руынан шыққан Тарағай бектің ұлы еді. Атаққұмар, жігерлі, алған бетінен қайтпайтын Әмір Темір әскерлердің шапқыншылығын пайдаланып, одақтастарына опасыздық жасай отырып, халық қозғалысын басып жаныштап, көршілес жерлердегі халықтарды талап-тонау мен күйзелту арқылы байып алды да, ешнәрседен шімірікпестен билікке ұмтылды. 1370 ж. Мауереннхрдағы билікті басып алды.Темірдің жеке-дара билік құрған 35 жылы (1370-1405 жж.) көрші аймақтар мен елдерге жасалған басқыншылық, тонаушылық жорықтарға, дүниежүзілік империя құру әрекеттеріне толы болды. Ол жаулап алушылық үлкен соғыстарды мейлінше мейірімсіз тағылық әдістермен жүргізді. Темір бұл соғыстарды Мауереннахрдың билік етуші үстем табы арасында өз билігін нығайту үшін көшпелі ақсүйектерге жаулап алынған елдердің халқын талап-тонау, Орта Азияның да, бағындырылған аймақтардың да еңбекші бұқарасын қанау есебінен баюға мүмкіндік беріп, оларды бүлік шығару мен өзара қырқыстан тыю үшін жүргізген еді.



2. Әмір Темірдің Алтын Орда мен Ақ Ордаға жасаған жорықтары.

Әмір Темірдің үлкен империя құрудағы жаугершілік әрекеті, алдымен әлсіз көршілері Моғолстан мен Ақ Ордадан басталды. Осы шапқыншылық соғыстарында Темір Ақ Орда билеушісі Ұрұс хан өлтірткен Маңғыстау өңірі басшысы Түй-Қожаның баласы Тоқтамысты пайдаланды. Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордадағы билікті алуға аттандырады. Алайда Тоқтамыс Сауран түбіндегі 1374-1375 жж. шайқаста жеңіліске ұшырайды. Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордаға қайта аттандырады. Ұрұс ханның ұлы Тоқтақиядан жеңіліп, Темірге қайта қашып келеді. 1376 ж. басында Ұрұс ханнан Темірге Тоқтамысты қайтаруды талап еткен және өз әскерінің Түркістан жеріне таяп қалғанын ескеткен елші келеді. Темір бұған жауап ретінде енді үшінші рет Тоқтамысты қаруландырып және өзі бірге аттанады. Әмір Темір Отырар маңында, Ұрұс хан Сығанаққа тоқтайды. Арада 3 ай өткенде Ұрұс хан Сығанақтан қайтып кеткен соң, Темір оның ұлы Мәлік оғланның әскерін талқандайды. 1376 ж. Ұрұс ханның , ұзамай Тоқтақияның қайтыс болуы Ақ Орданың жеңілуіне әкеліп соғады. Темір Тоқтамысты Ақ Орда тағына отырғызады.

Ұрұс ханның ұлы Темір Мәлік 1377 ж. Сауранда Тоқтамысты тағы да жеңеді. Әмір Темірден тағы да көмек алған Тоқтамыс 1379 ж. ғана Ақ Орданы біржола өзіне қаратады. 1380 ж. Тоқтамыс Алтын Орданың көптеген жерлерін – Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды, Мамай ордасын басып алды. Ендігі жерде Тоқтамыс Темірге бағынудан бас тартты. Енді екі одақтас Алтын Орда иеліктері үшін өз ара соғысқа түсті. Темірдің үздіксіз жорықтары Алтын Орданың ыдырауының негізгі сыртқы себептерінің бірі болып табылды. Әмір Темір 1391 ж. 21 қаңтарда Құндызша деген жерде Тоқтамыстың әскерін қирата жеңеді. Тоқтамыс қашып құтылады. Әмір Темір 1395 ж. Тоқтамысқа қарсы тағы жорыққа шығады. Бұл жолы шайқас Солтүстік Кавказдағы Терек өзенінің жағасында өткен.

3. Әмір Темірдің Моғолстан хандығына жорықтары.

Әмір Темір 1371-1372 жж. Моғолстанға әскер аттандырады. Олар Алмалыққа дейін жетіп, керейттерді талқандайды. Нақ осы жылы Темірдің өзі де Ыстықкөл өңіріндегі Сегізағашқа дейін барлаушылық жорық жасап, көптеген тұтқын, олжа түсіріп қайтады. Әмір Темір 1371-1390 жж. Моғолстанға он шақты рет шабуыл жасаған. Оның алғашқылары 1371-1377 жж. Сайрам, Талас арқылы жүрген. Жетісудың ішкі аудандарына өтіп, Іле өзеніне дейін жеткен. Темір 1376 ж. көктемде Моғолстанның атақты қолбасысы Камар ад-динді талқандау үшін 30 мыңдық әскер аттандырады.

Ақ Орда мен Моғолстан билеушілері өздерінің Әмір Темірге жеке-дара қарсы тұра алмайтындарын біліп, 1380 ж. аяғында одақ құруға әрекет жасайды. Алайда бұл одақтан еш нәтиже шықпаған. Өйткені одақтың құрылып жатқанын білген Темір 1384-1391 жж. Алтын Ордаға және Моғолстанға бірнеше рет жорықтар жасаған. Моғолстанды түпкілікті қарату үшін оның түкпір-түкпіріне 120 мың әскер аттандырады. Осы жорықтарда Темір көп олжа түсіріп, қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, топ-тобымен қолға түскен тұтқындарды Мауереннахрға жіберіп отырған. 1390 жж. жорықтардан кейін Моғолстан Темірге толық тәуелділікке түсті. Темір билігінің соңғы кезінде, оның империясына Хорезм, Түркістан, Иран, Ирак, Ауғаныстан, Кавказ бен Үндістанның бір бөлігі бағынды. Темір 1405 ж. Қытайға бағытталған әскери жорығының басында, Отырарда қайтыс болды.
Бақылау сұрақтары

1. Әмір Темірдің шыққан тегі, жастық өмірі.

2. Әмір Темірдің Мауереннахрда билікке келуі.

3. Әмір Темірдің басқыншылық саясаты.

4. Әмір Темірдің Тоқтамысты әскер беріп, Ақ Ордаға айдап салуы.

5. Әмір Темірдің Ақ Ордаға жорықтары.

6. Әмір Темірдің Тоқтамыспен қарым-қатынасы.

7. Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорықтары. Құндызша және Терек өзені бойындағы шайқастар.

8. Әмір Темірдің Моғолстанға 1371-1372 жж. алғашқы жорығы.

9. Әмір Темірдің Моғолстанға 1376-1377 жж. жорықтары.

10. Әмір Темірдің Моғолстанға жалпы (1371-1390 жж.) жорықтарының салдары.

11. Әмір Темірдің жаулап алған елдері, Әмір Темір империясының аумағы.

12. Әмір Темір империясының астанасы.

13. Әмір Темір жорықтарының зардаптары.

14. Әмір Темірдің қаза болуы.

19 лекция.



Тақырыбы:

Әбілқайыр хандығы (Көшпелі өзбектер мемлекеті)

Жоспары:

  1. Әбілқайыр хандығының құрылуы, оның этникалық құрамы мен жер аумағы.

  2. Әбілқайыр хандығының нығаюы.

  3. Әбілқайыр хандығының әлсіреуі және құлауы.

Лекция мақсаты: Студенттерге Әбілқайыр хандығының құрылуы, оның этникалық құрамы мен жер аумағы, Әбілқайыр хандығының нығаюы және әлсіреуі мен құлауы

туралы түсіндіру.



Лекция мәтіні

1. Әбілқайыр хандығының құрылуы, оның этникалық құрамы мен жер аумағы.

Ақ Орданың ыдырауы нәтижесінде XV ғ. 20-шы жылдары Орталық және Солтүстік Қазақстан жерінде жергілікті ру-тайпа билеушілерінің қолдауымен Жошы ұлы Шибанның (Сабан, Шайбан) ұрпағы Әбілқайыр жаңа мемлекеттік құрылымның негізін қалайды. 1428 ж. Батыс Сібірдегі Тұр атты мекенде ол хан жарияланады. Ханды сайлау салтанатына сұлтан, оғлан, батыр, ру-тайпа басыларымен қатар ислам дін басылары да қатынасады. Ал Әбілқайырды қолдаушылардың арасында қыят, маңғыт, чинбай, жан, табғұт, дүрмән, құщы, утарчи, найман, өкреш-найман, тубай, таймас, чат, хытай, барақ, ұйғыр, қарлық, кенегес, үйсін, қоңырат, құрлауыт, ичкі, ичкі-маңғыт, түмен және басқа ру-тайпалардың өкілдері болады. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр хандығының этникалық құрамы Ақ Орданың, белгілі дәрежеде Ноғай Ордасының құрамына да жақын болды. Міне осы тілі, шаруашылық түрі, тұрмыс-салты жағынан туыс тайпалар одағын дерек көздері XIV ғ. 60-шы жылдарынан жинақы атпен “өзбек” деп атады. Бұл кезде ол халық аты (этноним) емес, тек саяси мағынадағы сөз еді.

Деректер Әбілқайыр ханның Шибан тұқымы сұлтандармен бірге маңғыт жұртының билеушілеріне де сүйенгендігін айтады. Қадырғали би Жалайыр Әбілқайыр ханның маңғыт Уақас бимен арадағы достығын суреттеп “екеуі бір кесенің екі шетінен бөліп бал ішетін еді” дейді. Соған қарағанда ханның тасының өрлеуіне бидің көмегі аз тимесе керек.

Әбілқайыр ұлысы батысында Жайықтан, шығысында Балқашқа, оңтүстігінде Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысынан, солтүстігінде Тобыл мен Ертістің орта сағасына дейінгі аралықты қамтыды.



2. Әбілқайыр хандығының нығаюы.

XVғ. 30-40-шы жылдары Әбілқайыр хан Мауреннахр және Сырдың орта сағасындағы қалаларға бірнеше жорықтар жасайды. Хан деп жариялағаннан көп кешікпей ол Тобыл өзені бойында Шайбани әулеті Махмұд Қожаны талқандады. 1430 ж. оның әскері қысқа мерзімге Хорезмді алады. 30 жж. басында ол дұшпандары Махмұд хан және Ахмет хандарға қарсы жорыққа аттанып, жеңіп шықты. 1431 ж. Әбілқайыр Екіретүп деген жерде Тоқай-Темір ұрпақтарына қарсы шайқасып, жеңіске жетеді. Хан көптеген дүние-мүлік олжалап, одан кейін Орда-Базарды бағындырып, оны өзінің астанасы етеді. 1446 ж. Әбілқайыр Атбасар маңында Мұстафа ханды тас-талқан етеді. Бұл жеңістен кейін Әбілқайыр хан қолдары Сыр бойындағы және Қаратау етегіндегі Созақ, Сығанақ, Ақ Қорған және Өзген қалаларын өзіне қаратып, Сығанақты хандығының астанасына айналдырады.

Дегенмен, Әбілқайыр ұлысының ішінде саяси тұтастық терең тамыр жая алған жоқ-тын. Жошы ұрпағынан тарайтын сұлтандардың біразы, арасында Ұрыс ханнан тарайтын Жәнібек хан мен Керей сұлтан бар топ Әбілқайыр ханмен жараса алмай, өзара араздық отын жағады. Ішкі алауыздыққа сырттан қалмақтар тарапынан төнген шабуыл қаупі қосылады.

3. Әбілқайыр хандығының әлсіреуі және құлауы.

Маңғұл халқының батыс қанатын құрайтын қалмақтар (ойраттар) XV ғ. 20-шы жылдарына қарай Орталық Азиядағы елеулі саяси және әскери күшке айнала бастайды. Қалмақтардың әсіресе көз тіккен жері Жетісудың шұрайлы жайылымдары мен егіншілік оазистері болды. XV ғ. 50-ші жылдары ойраттар қолы Сыр бойына да жетеді. 1456-1457 жж. Көк-Кесене атты жерде (Сығанақ маңы) Әбілқайыр қолдары Ұз-Темір тайшы бастаған қалмақтар қолынан жеңіліс табады. Бұл шайқас Әбілқайыр ұлысының әлсіреуіне себепші болған оқиға еді. Қалыптасқан саяси ұтымды пайдаланған Жәнібек хан мен Керей сұлтан бастаған ұлыс халқының біраз бөлігі Мағолстанға қарайтын Шу өзені бойындағы Қозы-Басы атты мекенге келіп, қазақ хандығының құрылғандығын жария етеді. 1468 ж. Әбілқайыр хан Мағолстанға жорыққа аттанып, жол үстінде Алматы маңындағы Аққыстау деген жерде қазаға ұшырайды.

Сонымен, Әбілқайыр опат болған соң көп ұзамай оның құрған ұлысы да ыдырауға ұшырады. Оған себепші болған билеуші сұлтандар тобының өз арасында билік үшін жүрген таластың толастамауы, қала және отырықшы егіншілік мәдениетінің ұлыс халқы арасында кең етек жая алмауы болды. Бұл Ақ Орда, Ноғай ұлысы, Әбілқайыр хандығы сияқты мемлекеттік құрылымдардың ыдырауына негіз болған ортақ себептер еді. Қазақ хандығының құрылуымен Әбілқайыр ұрпақтары Шығыс Дешті-Қыпшақ жерінде юилік жүргізу құқығынан айрылады.
Бақылау сұрақтары

1. Әбілқайыр ханның ата-тегі, жастық өмірі.

2. Әбілқайыр ханның билікке келуі.

3. Әбілқайыр хандығының тарихи жазба деректерде аталуы.

4. Әбілқайыр хандығының астаналары.

5. Әбілқайыр хандығының аумағы.

6. Әбілқайыр хандығының этникалық құрамы.

7. Әбілқайыр ханның өз қарсыластары Махмұт Қожа ханды, маңғыт әмірі Уақас биді жеңуі.

8. Екіретүптегі шайқас. Тоқа-Темір ұрпақтарын жеңуі.

9. Әбілқайыр ханның Мұстафа ханды талқандауы.

10. Әбілқайыр ханның Сыр бойы қалаларын басып алуы.

11. Әбілқайыр ханның Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан жеңілуі.

12. Хандықтың әлсіреу себептері.

13. Хандықтан Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған көшпенділердің бөліне көшуі, оның себептері.

14. Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібекке қарсы жорығы және қаза табуы.

15. Қазақ хандарының Дешті Қыпшаққа жорығы. Әбілқайыр хандығының құлауы.

16. Әбілқайыр хандығының қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуына әсері.
.

20 лекция.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет