Калиева Ажар Қуандыққызы Науырзым ауданы
Жамбыл орта мектебі физика пәнінің мұғалімі
Ұлы Жеңіске- 70 жыл толуына орай тәрбие сағаты.
Тәрбие сағатының тақырыбы: «Сіздерге алғысымыз шексіз, ардагерлер!»
Мақсаты:
а) Оқушыларға патриоттық тәрбие беру.
Өз елін, жерін, Отанын сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу.
б) Патриоттық әндерді орындау шеберлігін арттыру.
Сабақтың түрі: тәрбие сағаты.
Сабақтың барысы:
1 - жүргізуші:Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Баршаңызды ерлік туын желбіретіп, бүкіл әлемге тыныштық сыйлаған Жеңіс күнімен және соғыстың аяқталғанына 70 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз!
2 - жүргізуші:: Жамбыл орта мектебінің 6 «а», 8 «в» сыныптары дайындаған
«Сіздерге алғысымыз шексіз, ардагерлер!» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
1 - жүргізуші:Тарих жылнамасында екінші дүниежүзілік соғыс деген атпен қалған Ұлы Отан соғысы бейбітшілік сүйгіш күштердің Жеңісімен аяқталғанына биыл 70 жыл толады. Миллиондаған жазықсыз жандардың жанын қиып кеткен сол сұрапылды барша Қазақстандықтар жауға қарсы “Ел үшін, жер үшін!”деген ұранмен қасық қандары қалғанша арпалысты. Небір боздақтар хабар - ошарсыз кетті.
2 - жүргізуші: Жыл өткен сайын, күн өткен сайын сол бұрын - соңды болмаған алапат соғысты көзімен көріп, белуардан қан кешкен ержүрек жауынгерлер де азайып барады, қалай болғанда да Жеңіс күнін жақындатқандардың солар екендерінде дау жоқ. Шейіт болған ата - ағаларымызды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаймыз.
1-жүргізуші:
Бүгінгі күн – көптен күткен салтанатты күн,
зымыраған уақыттың қанатында
Жеңістің міне 70- көктемі де келіп жетті.
70 жыл - бейбіт көктем таң атқалы,
70 жыл - шуақты күн таратты әнін.
70 рет - көктемде сонан бері,
Ашылды Жеңіс күннің парақтары.
2 - жүргізуші:
Бабалар мұра еткен елдігіне,
Тамсандық ағалардың ерлігіне.
Қан төгіп, жан қиып жатқан Ұлы Жеңіс,
Бүгінде 70 жасқа толды міне.
Әлемге той деп бүгін жар саламыз,
Қонақтарды құрметпен қарсы аламыз.
Төрлетіңдер достарым төрлетіңдер,
Жеңіс күні біз бүгін ән саламыз.
Тақпақтар
Соғыстың құны – кесілген білек,
Соғыстың құны – тесілген жүрек.
Соғыстың құны – лаулаған орман,
Соғыстың құны – уланған арман.
Соғыстың құны - өртенген аспан,
Соғыстың құны – төгілген жас қан...
Отан-Ана сахнаға келеді
Отан-Ана: (Зарлы үнмен)
Жиырма миллион солдаттар жоқ тізімде,
Жиырма миллион жұлдыз жоқ көк жүзінде.
Олар қалды Сталинград биігінде,
Курск иінінде!
Жиырма миллион бастарын тікті өлімге,
Олар қалды теңіздің түптерінде.
Алтын ошақ көре алмай мекендерін,
Олар қалды жерінде шет елдердің.
Олар қалды Освенциум түрмесінде,
Олар қалды Берлиннің іргесінде.
Жұтты соғыс оларды отты тілімен,
Жапты соғыс жүздерін көк түтінмен.
Жиырма миллион Отанның солдаттары,
Анттай бізге қасиетті болды аттары.
Ескерткішке батыр қыз, нар жігітке,
Жиырма миллион от жақтық мәңгілікке!
Мәңгілік отты Отан-Ана жағады.
Ән: «Көгершіндер»
6 – оқушы:
Елге қауіп төнбесін,
Егестен адам өлмесін!
Есен – аман болайық,
Енді соғыс болмасын!
Аспанымызда соғыс бұлты торламасын
Аналар жесір, балалар жетім қалмасын!
Бар әлемде бейбітшілік орнасын
1 – оқушы: Ару қыздар, алауланып от кешкендер,
Сыздап тұр-ау әлі күн оқ тескен жер.
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде,
Ару қыздар, алаулап от кешкендер.
Көрініс: «21 июнь 1941 жыл»
21 маусым күні Оқушылардың мектеп бітіру кешінен қайтып келе жатқан сәті. Үнтаспадан тыңдау:
-Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! 1941 жылы 22 - маусымда таң шапағы жаңа ғана атып келе жатқан кезде елімізге қауіп төнді. Халқымыз адам айтқысыз қиын - қыстау кезеңге душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді.
Анасы: «Соғыс, соғыс дейді, естідіңдер ме? Сұмдық-ай енді қайттық? Күніміз не болар екен?»
Әжесі:: «Қойыңдар жамандық шақырмай. Ел шетіне жау тисе, арқа сүйер азаматтар бар емес пе?»
Әкелері:
Ат басына күн туса,
Ауыздықпен су ішер
Ер басына күн туса, етігімен су кешер – деген бар емес пе, жыламаңдар, жастарыңды тиыңдар?
Бәрі: -Отан үшін аттанайық!
Аталары:
Уа, халқым!
Күн туды сенің басыңа,
Жау кірді сенің жеріңе,
Сұм фашистен қорғауға,
Аттан, халқым майданға!- Жылаған аналар, балалар әкелерін шығарып салады.
Бір сәтке тыныштық, баяу күй ойнап тұрады.
Үй іргесінде тас диірменге бидай түйген кейуана отыр, жанында асық иіріп 4-5 жасар бала ойнап отыр. Кенет бір қолы білегінен кесілген таныс бейне жақындап қалғанын көрген ана қозғалыссыз қалады, ештеңе түсінбеген баласы әжесіне тығылып жылай береді. Қолынан айырылған жауынгер ұлын бауырына басып жылаған ана бақытты еді.
«Сақ болыңдар, тірілер!» атты өлең оқылады.
(кино көрсету) (Ұлы жеңіске 70 жыл.Нұрарай студиясы)
Армысың! От жалыннан оралғандар, Аттарың аңыз болып таралғандар. Тірлікте жаны жарқын алау жандар, Тойымсыз ажалға тосқауыл боп, Топ жарып тайсалмай-ақ бара алғандар, Армысың! От жалыннан оралғандар!
Армысың! Ары таза абзал жандар, Ертерек шешек атқан ақ армандар. Байсалдық, батырлықпен баға алғандар, Бейбіт күн таңы болып ағарғандар. Көңілде желбіретіп жеңіс туын, Сөндірмей сенім отын жаға алғандар. Бейбіт күн таңы болып ағарғандар. Күш, жігер таба алғандар, Отызда самай шашы ағарғандар. Екенбіз өздеріңе біз қарыздар, Жоғалтпай ар-ұжданын жаралғандар!
1-жүргізуші:
Мұндай жойқын апаттың көріп түрін,
Адамзат естімеген бұдан бұрын.
Талқандап фашистерді азат болған.
Атаймыз жыл сайынғы
Жеңіс күнін!
Халықтың атын самғаттық!
Жасасын Жеңіс!
Тәуелсіз болып болашағың жүре бер.
Болмасын соғыс. Болмасын!
Сүйінші,халқым,сүйінші!
Беліңді бекем буыншы,
Жеңдік жауды күйрете
Жасашы той, мереке.
«Алға , қазақ жігіттері!» әнін қабыл алыңыздар.
Ұлы Жеңіс
Келді міне,Ұлы Жеңіс баршаңа,
Айналаға нұр-шуағын шашуда.
Келді міне,ардагерім аңсаған,
Ұлы Жеңіс,Ұлы Жеңіс Отанға.
Әлия,Мәншүк сынды қос жұлдызым көгімде,
Бауыржан атам арғымағым төрімде.
Жеңіс туын желбіреткен Рақымжан,
Қыран құстай самғады ғой көгімде.
Мәскеу,Ленинград жүрегімнің жарасы,
Қанша жас-кәріні бір өзіңе алғансың.
Жазықсыздан қан төгілді қаншама,
Қалды артыңда қайғыменен көз жасы.
Ұлы Жеңіс жасай берші мәңгілік,
Ардагерім аман-жүрші шат күліп.
Осы күнді сыйлаған батырларға,
Алғысы ғой ,адамзаттың мәңгілік!
Жеңіс күні
Құтты болсын жеңіс күні ағайын
Көптен күткен ұлы күнде жар салайын.
Ата - бабам қан берісіп шайқасқан,
Ата - бабам намыс бермей айқасқан
Жеңіс күнін қарсалайық бәріміз.
Жеңіс күнін тойлайық жас кәріміз.
Осындай бір бейбіт өмір сыйлаған
Ардагерлер, ағаларға мың алғыс.
Қазақтың қос жұлдызы қыздары,
Қыз болса да намыс бермей қорғады.
1941 - 1945 ші жылдары
Адамдар өз елдерін қорғады.
Ал қазір бейбіт өмір басталды.
Ел қорғау адамзат үшін басты парыз
Жер қорғау адамзат үшін талмас міндет.
Біз балалар бейбіт өмір қалаймыз.
Ән: «Катюша»
Би: Смуглянка (Государственный заслуженный академический ансамбль танца дагестана лезгинка)
Хор: «Майданға»
Қара түнек серпілді, серпілді,
Ұйқысынан ел тұрды, ел тұрды.
Атқа мін, қазақ атқа мін,
Майданға, майданға.
Шық күреске жолдастар, жолдастар,
Жарқырасын алмастар, алмастар.
Желбіреп қызыл туы тұр,
Майданда, майданда.
Достарыңызбен бөлісу: |