М. ШАХАНОВ ДАСТАНДАРЫНДАҒЫ МЕТАФИЗИКАЛЫҚ КОНЦЕПТІЛЕР
Таласпаева Ж.С.
(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)
Метафизикалық концептілер сезіну әрекеті арқылы рухани құндылықтарды тану нәтижесінде хабарланады. Адам тәжірибесі арқылы ғана танып білуге болатын құбылысты дамыту барысында ғана түсінуге болатын ұғымдарды көзбен көріп, қолмен ұстап тану мүмкін емес. Сондықтан философиялық мәні басым, адамның қажеттілігін өтейтін абстрактілі ұғымдарды нақты тұрақталған дефинициялармен танытуға болмайды. Оны адам қалай сезінеді, қалай басынан өткереді, сол әсері арқылы танытады [1,20 б.]. Поэзияда метафизикалық концептілер жиі кездеседі. Солардың бірі «махаббат» концептісі көптеген қазақ майталман ақындарының шығармаларында жырланады, себебі махаббат ұлы, ерекше сезім. Абай Құнанбаев айтқандай: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңыз». Ақынның сөзімен келіспеу мүмкін емес, өйткені махаббат, пәктіктің, тазалықтың, сезімнің символы іспеттес. М.Шаханов та Абай сияқты махаббатты ерекше бір сезіммен жырлаған. Мысалы:– Бақытты болыңдар! –Тек махаббат пілтесімен жаныңдар! [2,272 б.]. Осы жодардан-ақ ақынның махаббатты ерекше бір леппен жырлайтыны, ұлы символ, ғашықтық символы етіп көрсетеді.
Концепт жеке тұлғаның ғаламды тану тәсілі десек, М. Шахановтың концептуалдық ғалам бейнесінде айрықша орын алатын «махаббат» концептісі эмоционалдық, мәдени және көркем концептілердің барлық белгілерін иеленіп, автордың өзіне тән күшті идеялық-эстетикалық реңкте бейнеленіп вербалданады. Ақынның шығармаларында махаббат (атау), сүю (етістік) сөздері «махаббат» концептісін когнитивті-пропозициялық құрылым арқылы анықтауда маңызды рөл атқарады. Автордың поэтикасында махаббат лексемасы көп қолданылады.
Ақын танымындағы махаббат – бар дүние болмысына, барша адамзат баласына деген сүйіспеншілік. Ақын нені жырласа да, ғашықтықпен жырлайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты бейнелеу туған табиғатқа, жер-анаға, өз ұлтына, елінің тағдырына деген сүйіспеншілігімен ажырамастай байланыста.
М.Шаханов поэззиясы туған елімен рухани байланыс идеясы сол туған халқының болашағы үшін жеке басының амандығын, махаббатын құрбан етуге дайындығынан көрінеді. Себебі ол жеке бас сүйіспеншілігінің құрбаны емес, еліне, жеріне, ұлтына деген махаббаттың құрбаны. Ақын дастандарында өзінің елін сүюі, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп, зиян келтірмеуді әрбір адамның қасиетті борышы ретінде атап көрсетеді: Адамның шын мағынасымен адам болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт. Осындай ойды бастап Абайдың айтқанын білеміз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және де хақ жолы осы деп әділетті». М.Шахановтың шығармаларындағы «махаббат» концептісінің өзегін бұл ұғымның ғалам бейнелеріндегі түсіндірілуімен сабақтастықта берген мағыналары құрайды.
«Махаббат» ұғымының авторлық танымда танылуы негізінен ер мен әйел арасындағы сезімді сипаттауға арналып, бұл тақырып автор шығармашылығының көлемді бөлігін қамтиды. М.Шахановтың лирикасы ғашықтардың ішкі жан-дүниесін танытып, махаббатқа толығымен берілу «махаббаттың жан жүректі жаулап алатын дүлей күш» екендігін білдіреді: «Сөзім, көзім айтып тұр сүйгенімді, Қуарған, сарғайған жүз, күйгенімді, Талған жүрек, жүдеген, солған дене – Сүюдің қолына ен тигенімді». Автор танымында махаббат бір уақытта адамның бойында дүниеге келіп, оның өмірінің мағынасына айналып, қуаныш, қайғыға толтырып, мазасыздық, шаттық күйін кешіртетін сезім. Ол Тәңірдің адам баласына берген сыйы, адамға тән қажеттілік. Абайда да осындай сезім белгісі көрініс тапқан: «Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе, Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып» [3, 280 б.].
Махаббат сезімінің қасиеттілігін айтқанда, Абай шығыс, батыс поэзиясы тоғысатын өзгеше арна тапты, бұрын-соңды қазақ өлеңінде, тіпті ұлттық ұғымында кездеспеген сырларын ашады: «Дүниеде сенен артық маған жар жоқ, саған жар менен артық табылса да».
Махаббат сипаты. 1. Ғашықтық. Психологтар махаббаттың ең биік сатысы ретінде адамның ғұмырында бір-ақ рет болатын ғашықтық сезімін атайды. Бұл ұғымды «ес-түссіз сүю» деп түсіндіруге болады.
Абайда: «Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, Мен не болсам болайын сен аман бол» [3, 122 б.].
М.Мақатаевта: «Ғашықтық па? Ғашық та бола білгем. Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен, Жанымменен сүйемін, жанарыммен» [4, 69 б.].
М.Шаханов дискурсында ғашықтық сезімін бейнелейтін, сол сезімнің пайда болуынан шығатын нәтижені бейнелеу және ғашық немесе ғашықтық лексемалары кездеседі:
Бірақ, бірде болды оқиға сұрапыл...
Қыз бен жігіт бір өлкеде тұратын,
Қосып арман-тілегін.
Қосып мұңын, мұратын,
Тіл бітірер сезімменен тасқа да,
Тек сезімді етіп іңкәр астана,
Жасы жүзге жетпей жатып,
Бір-біріне ғашық бопты масқара! [2, 282 б.].
2. Жақсы көру. Екінші категориялық сезім «жақсы көру» десек, онда ессіз сезім емес, сана іске қосылып, адамның белгілі бір құндылық қасиеттері бағаланады. М.Шахановта:
Махаббатсыз өткен күннің бәрі ізсіз,
Суға жазған таңбадай.
Жүрсек, мейлі, қай белесте, дөңесте,
Сағынышпен атқан таңның бәрі есте.
Мағынасыз үш мың жылдан
Мағынамен, Мәнмен өткен,
Махаббатпен, Әнмен өткен,
Үш жыл артық емес пе? [2, 280 б.].
Абайда: «Қызды сүйсең, бірді-ақ сүйіп, таңдап тауып, Көрсе қызар, күнде асық диуаналық» [3, 123 б.] деген жоддармен өрнектелген.
М.Шаханов поэмаларында махаббаттың бірнеше когнитивті аспектілері көрініс табады. «Махаббат – бақ» когнитивтік моделі. Жағымды аспектіде «сүю», «сүйікті болу – бақыт» деген метафизикалық мағынада танылады. Мәтінде «сүю деген соңы қандай нәтижеге әкеліп соқса да бәрібір бақыт, тіпті, сол жолда өліп кетуге болады» деген түсінік актуалданады. Ақын сүйген жанды ары деп біледі. Сүюді «бақыт» деп философиялық ой түйіп, «сүйе білген жан – бақытты жан» деп бағалайды:
Өтер, мүмкін, намысыңды шымшылап.
Қайда жүрсе тек өз әнін айтатын,
Елікпейтін өзге шу мен сарынға,
Қажымайтын қар мен желдің өтінде,
Махаббат та ұқсайды ұлы дарынға,
Дарындылар аз ғой жердің бетінде.
Иә, махаббат қайсар құзды жарып өтер тасты жол...
Бағаласаң махаббатты бағала,
Бағаласаң махаббатты бағала...[2, 229 б.].
2. «Махаббат – мұң» когнитивтік моделі. Махаббат қайғысының өзі – айдай жарқын сезім. Адамның қасиетін өсірмесе, өшірмейді. Жағымсыз аспектіде махаббат адамның өміріне қайғы әкелетін жаза ретінде танылғанымен, «бірақ махаббатты басынан кешірмеу – одан да зор қасірет» деген түсінік актуалданады.
М. Шаханов:
Селк еттім даусыңнан шошынғандай,
Жүр едім өз мұңымды өшіре алмай.
Жиырмада алдап кеткен махабаттың,
Күнәсін әлі күнге кешіре алмай...[2, 230 б.].
– деп, махаббаттың қиын, мұңлы сезім екенін айтады:
Амал бар ма, махаббатқа жан пидалық ете алмады,
Аққу-арман жалт бергенде, қуып көрдің, жете алмадың...[2, 266 б.].
Бұл модель мынадай құрылымдардан тұрады: а) алдану; ә) уайым; б) айырылу; в) жауапсыз махаббат; г) сағыну; ғ) сезімді білдіре алмау – қасірет; д) махаббатсыз өмір – қасірет; ж) махаббат сөнсе, өмірде қызық қалмайды.
М.Шаханов тіршіліктегі бар жақсылықтың басы туған анаға, туған жерге деген сүйіспеншілік екенін тани отырып, бұл екеуін және намыс пен сүйген адамның адалдығын өз өміріне мұрат тұтады.
Ол ән – ұлы достық әні, негізгі әні ғаламның.
Ол ән – ұлы махаббаты менің сайын даламның,
Дала көңіл бабамның
Сол екі әнді білмегендер
Өмір сүрдім демесе де болады, [2, 133 б.].
деп ғаламды ұстап тұрған достық әрі махаббат әні екенін ақын тебірене жеткізеді. Ақын махаббаттың не екенін өзіне сөйлету арқылы ашады:
Ғасырлардан ғасырларға жол алған
Ұшып келген арман атты аралдан
Мен тірліктің ақ құсы едім, аппақ ардан жаралған
Даңқым алыс таралған [2, 122 б.].
Алайда махаббаттың ылғи көктем сыйламайтын, кез-келгеннің басына қона бермейтін қасиетін:
Көктем гүлін қадасам да шашыма.
Ылғи көктем ерткенім жоқ қасыма.
Қонған жоқпын анау-мынау биікке,
Қонған жоқпын кез-келгеннің басына [2, 230 б.] – дейді.
Махаббат – ұлы сезім, құдіреті жоғары, сондықтан да ол ешқандай алтынға айырбасталмайды.
Ақын махаббатты өзгеше, ерекше тұжырымдармен де береді: 1.Махаббат – ол қос жүректің әні ғой...2.Махаббат – ол жан мен тәннің тізе қосқан ерлігі 3.Махаббат – қайсар құзды жарып өтер тасты жол...4.Ғашық көңіл – мәңгі жасыл айдын көл.5.Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,Ал қалғаны жай күндер.6.Құлай сүю – ерлікпен тең есебі. Бірақ сүю бақыты, Кез-келгенге тартылмайтын сыбаға, – деп қорытады.
Сонымен, М.Шахановтың шығармаларында махаббат ұғымы ерекше сипатқа ие, барлық ой-толғамдарының бәрі махаббат сезімімен тығыз байланысты. Ақын ұғымында махаббат тәрбиелік мәндегі құндылық, этикалық, эстетикалық салаларды бір арнаға тоғыстыратын философиялық-дүниетанымдық категория болып табылады. Махаббат ұғымы адам өмірі мен болмысының терең қойнауына бойлауға, оның өмірлік ұстанымдарының дұрыс бағытта құрылуына ықпал етуге көмектеседі.
Бірінсіз-бірі болмайтын, бірін екіншісі толықтырып отыратын немесе бірінен кейін бірі жүретін, тіпті бір-біріне қарама-қарсы тұратын ақиқат дүниелердің жұптасып қана танылуы контраст концептілер болып табылады. Өмірден кейін өлімнің болуы, қуаныш бар жерде мұң мен қайғының орын алуы, махаббаттың сатқындықпен бірге жүруі өмірдің заңдылығы. Сондықтан ақын шығармаларының негізгі лейтмотиві – адамдықты, адалдықты, әділдікті, тазалықты, пәктікті паш ету; ездікті, зұлымдықты әшкерелеу. Тегінде, бұл – бүкіл ақ ниетті өнер атаулының мұраты болса керек. Бірақ, Мұхтар Шаханов осы жайларды ешкімге ұқсамай, өз даусымен, өз дәлелімен өрнектеуге тырысады. Ақынның туындыларында «Зұлымдық», «Сатқындық» концептілері адам бойында болатын жағымсыз қасиеттердің бірі ретінде кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы анық көрсетілген. Мысалы:
Зұлымдық – қатігездік;
Байқағам жоқ дейсің, ә, дегелегім,
Көзіңді ойып тастасам не дер едің?..
Айттым бітті,
Атқан оқ оралмайды.
Зұлымдық – жауыздық;
Қаһарман хан осылай кәрін септі,
Кәрін септі, жас гүлге өлім септі.
Аттан түсіп барды да қатуланып,
Ішке теуіп құлатты келіншекті...
Анау төбе зымырап қашқан жауды,
Қуып жетіп тас-талқан еткен жері.
Анау белес өзіне қарсы шыққан,
Туысқанын арбаға жеккен жері.
Мына бір сай тас табан етігімен,
Жүкті әйелдің ішінен тепкен жері...
Зұлымдық – қара бұлт;
Мен түсімде зорлық көрдім, қорлық көрдім ғаламат,
Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап,
Зұлымдықтың жасырынып келетіні жаман-ақ...[2, 157 б.].
Зұлымдық – надандық;
Киеліні табанына тастаған,
Ізеттісін тасқа ұрған,
Онда нағыз безбүйрек, онда нағыз хас надан,
Сіз болдыңыз, тақсыр хан! [2, 253 б.].
Зұлымдық-қорлық;
Жас мейманды тас қораға жабыңдар!
Ұмытардай болсын тіпті есімін.
Арқасына алпыс дүре,
Қарынына қырық дүре соғыңдар,
Бас бармағын шабыңдар,
Жәбірлеңдер, әбден қорлап бағыңдар.
Ал көнбесе, амал не, қайсар басын қағыңдар! [2, 257 б.].
Таяқтың да екі ұшы бар емес пе?
Айтқаныма көнесің, Ал көнбесең өлесің! [2, 266 б.].
Сатқындық – опасыздық жасау;
Іс түскенде басыма,
Көбі мені сатып кетті, қалай бұл? [2, 253 б.].
Отыз жылдай сенген ханым мынау ма?
Отыз жылдай құлдық ұрған бас тұлға,
Бүгін маған жиіркенішті көрінді.
Ызалы ойым айналды сел-тасқынға,
Бұйыр кәне!
Ханның басы әп-сәтте-ақ,
Домалайды аяғыңның астында [2, 266 б.].
Мұхтар Шахановтың қандай тақырыпта ой қозғаса да өлеңдерінің ішкі астарында адамға, достыққа, халыққа, Отанға деген құрмет сезімі айрықша сезіліп тұрады. Рухсыздық апатынан сақтануда Мұхтар Шахановтың рухани-адамгершілік құндылықтарға толы поэзиясы тәрбиелік мәні зор әдебиетіміздің алтын қоры болып табылады.
Әдебиет:
-
Абдрахманова М. Б. Концепт хромотологиясы // ҚазҰУ Хабаршысы №7, 2005. – 22- 25 бб.
-
Шаханов М. Тілсіздендіру анатомиясы. – Алматы: Рух-дария, 2006. – 361 бет.
-
Манкеева Ж.А. Абайдың шығармалары тілін «тілдік тұлға» тұрғысынан зерттеу мәселелері // Қазақ филологиясы: (ғылыми мақалалар жинағы). – Алматы: Арыс, 2010. – 352 бет.
-
М.Мақатаев. Өмір-өзен. – Алматы: Раритет, 2005. – 287 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |