Атипті депрессивті күйлер қатарына аффективті бұзылыстардан бөлек басқа да психопатологиялық симптомдар жатады: кататония, онейроидты күйлер, депрессивті – параноидты сандырақ және т.б.
Маскалы депрессияға соматикалық симптомдар алдыңғы жоспарға шығып, ал психопатологиялық көріністер әлсіз және тек ұқыпты зерттегенде ғана анықталатын күйлер жатады. Жиі табанды ұзаққа созылатын ауру сезімдері, жағымсыз ауыр сезімдер (сенестопатиялар) байқалады. Көшпелі сипаты, интенсивтілігінің тәуліктік тербелістері (түнгі және таңғы сағаттарда күшеюі), аналептиктерге сезімталдықтың төмен болуы немесе мүлдем болмауы олардың ерекшеліктері болып табылады.
Жиі маскалы депрессиялар астматикалық күйге ұқсас соматовегетативтік бұзылыстармен өтеді. Маскалы депрессия күйлері алкогольді шектен тыс қолданудың себебі болған жағдайлар да бақыланған. Бұл алкогольді шектен тыс қолдану маскалы депрессия ұстамасынан кейін тиылады. Психопатологиялық көріністердің ішінен күш-қайраттың әлсіреуі, әсіресе таңғы сағаттарда байқалатын әлсіздік, сүйікті істеріне ынтаның жоғалуы, түсініксіз мазасыздық сезімі, кітап оқу үстінде немесе теледидар көргенде тез дамтын шаршау бақыланады. Тынышсыз, ұйқыға кетудің қиындауымен және ерте оянулармен беткей ұйқы тән. Науқастар таңғы сағат 4–5-тер шамасында оянады, бұл кезде оларда ешқандай тыныққандық сезімі болмайды.
Маскалы депрессияның соматикалық көріністері әрқилы болып келеді. Бас ауыруы, бет, арқа, аяқ – қол, барлық мүшелерде дерлік ауыру сезімдері, жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылыстары, әйелдерде етеккір циклының бұзылыстары және т.б. көрінеді. Бұл сезімдері нақты емес, науқастардың суреттеулері түсініксіз. Науқастардың айтулары бойынша ауыру сезімдерінің айқындылық дәрежесі мен лабораториялық және басқа да объективті тіркеу жолдарымен мүшелердегі патологиялық өзгерістердің табылмауы арасында сәйкессіздік байқалады.
Маниакальды күйлер
Маниакальды күй дамуының алдында күш ағыны, жоғары сөзшеңдік, әрекеттілік, белсенділік артуымен сипатталатын гипоманиакальды аффект көрініс береді. Мұндай күйдегі науқастар ерекше ішкі шабытты сезінеді, олар көңілді, жиі күледі, күшті тәбеттерімен ерекшеленеді, аз ұйықтайды, тәулігіне 5 – 6 сағат ұйықтаса да өзін сергек, қуатты сезінеді.
Науқастарда маниакальды күй белгілер триадасымен сипатталады: көтеріңкі көңіл – күй, ойлау үрдісінің жылдамдаған ағымымен, қимыл – қозғалыстық белсенділіктің артуы. Науқастар әр нәрсеге кірісіп кетеді, түрлі жоспарлар құрады. Айқын байқалатын маниакальды күйлерде аса алаңдағыштық әсерінен олардың әрекеттерінің мақсаттылығы жоғалады, қимылдық қозу күшейе түседі. Бұл жағдайда науқастар өздерін жоғары бағалайды. Өздерінің керемет қабілеттілігі, дарындылығын жариялайды. Кейбір жағдайларда ұлылық сандырақтық идеялары дамуы мүмкін (шығармашылдық, реформаторлық). Дегенмен маниакальды күйдегі науқастардың сандырақтық идеялары олардың аффективті күйлермен тығыз байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |