М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы «Шытырманда» бөлімі (1-бөлім 156-157 бб.):
«-Жесеңші, Абай! Алмадың ғой! – деп, әлденеше қозғап көріп еді, Абай жей алған жоқ.
Ет артынан Сүйіндіктің көптен сауығызып отырған қысырларының сары қымызы да келді. Оны да жақсы әңгімелесіп, ұзақ отырып ішісті.
Бұл кештің соңғы кезінде Абай алғашқыдай емес, тартынып қалғандай, баяу еді.
Үй иелері: «Жас қонақтың ұйқысы келді» деп, соған жорыған. Ақыры, төсек салынатын боп барлық еркектер тысқа шықты. Абай көңілі бұл кеште өзгеше бір күшті сезімнің әсеріне толы.
Бұрын «ғашық жар» көп оқыған хикаяларда, көп-көп естілген ауызша әңгімелерде болса, бүгін Абайға ең алғаш рет кітап емес, әңгіме емес, өзінің анық, аппақ мүсінімен, күлкісі, қозғалысы, тынысымен: «Сол мен едім», «мен мұндамын» деп келгендей.
Сүйіндік әңгімелерінің артынан, әуел кезде көңіліндегі тұнып жүрген бір ауыр сезім ренжіткендей, бірер төңкеріліп түсті де, қайта шөгіп қалды.
Ол емес, тысқа шығып өз өзімен қалғанда, жұлдызды аспанға аса бір рақат қуанышпен қарап тұрып, кең тыныс алды.
Орталап қалған ай батысқа таман сызылып барады. Биік те алысқа тартып барады. Жүректі де реніштен, ылайдан құтқарып, сондайлық биікке, қазіргі бұлтсыз аспандай алысқа, тазалық рақатқа шақырып, жыраққа меңзейді. Түйеөркештен Шыңғыстың жақын биіктері жартылап қана көрінеді екен. Қарақошқыл таулар ай астында көкшіл мұнараға оранып, жым-жырт қалғып тұр. Тау жақтан ақырын ғана жел желпінеді.
Қалың қой қыбыр етпей тыныштық алып, үнсіз ғана тын алады. Асылбек, Әділбектер жатуға кетті. Көгал сайда отырған бес-алты үйлі ақ ауылдың түңлігі тегіс жабық. Ай астында ақ үйлер де мызғып, қалғып тұр.
Сүйіндік пен Қарабас аттардың маңында жүр. Абай мынадай көктем түнінен соншалық бір тазалық сезіп, таң лебін танығандай. Бұның жүрегі әдейі арналған таң лебін ерекше ұғынып сезінгендей. «Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние, мынау маужыраған тынысты нәзік түн... бесігі ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйі ғой».
Сүттей жарық, айлы түн. Таң әлі жоқ. Бірақ жоқ екенін білсе де, Абай әлдеқандай өзгеше «таңды» сезеді. Күйік те, үміт те, қуаныш та, азап та бар, - жүрек таңы. Кеуде толған өзгеше ыстық, өзгеше жұмбақ, мол сезім. Соның шалқи түсіп шарықтауы көп. Лыпыл қаққан қанаттай тоқтаусыз құбылып, тыныштық ала алмай лепіреді.
«Нені айтады? Не деп түсінеді? Не сипатты бұл сезім? Не боп барам? Тақат, сабырым қайда?»
Бойына тоңазығандай бір діріл пайда болды. Себепсіз дірілдейді. Жүрегі де тулап кеп, өз-өзінен қысылып, шаншып кеткендей.
«Таң... жүрек таңы... Сол таңым сенсің бе? Жарығымбысың, кімсің?»
Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі, жас баланың етіндей, ақ торғындай мойыны!... Таң осы да... өзі ғой!
...Ақ етің аппақ екен атқан таңдай!
Шынымен бар жанымен құлай табынған сұлуға қарап, бар сезіммен үнсіз жырлап тұрған тәрізді. Тоғжанға арналған, ең алғашқы «ғашығым» деген жарына арналған жан жырының тұңғыш жолы осы еді.
Ойша, екі-үш ауыз махаббат сәлем айтып шықты. Біртүрлі оңай, рақат боп, өз-өзінен құйылып тұрған тәрізді. Бірақ сол кезде Қарабас үйге қарай шақырды. Екеуі тыста жалғыз қапты. Абай үйге таман келе жатып, жаңағы елеңін қайта есіне түсірейін деп еді, «Ақ етің аппақ екен атқан таңдай!» дегеннен басқасы есіне әзір қайта түспеді.
Қарабас пен Абай үйге кіргенде Сүйіндік пен бәйбішесі биік төсекке жатып қалған екен. Сарғыш шегірен шымылдық үлкендердің жататын орнын қоршап тұр. Кең үйдің төріне екі қонаққа арналып төсек салынып жатыр. Одан басқа өзге кісі жататын жай сезілмейді.
Тоғжанның өзі үйі басқа ғой. Ол Сүйіндіктің кіші әйелі Қанатжанның қызы екен. Жаңа үйге кірерде Қарабас айтқан. Тоғжан, әрине, өз үйіне кеткен болу керек. Үйге кірген жерде Абайдың ойлағаны осы. Үйткені төсек салып жүрген – бағанағы шай құйған сары келіншек.
Абай төрге қарай қозғала беріп еді. Бір уақытта шегірен шымылдық толқып барып қозғалды да, есік жақтағы шетінен шолпы сылдыры естіліп, Тоғжанның әсем бойы көрінді. Қолына бір торғын көрпені алып, бері шығып келеді екен. Асықпай, тіпті ақырын қозғалады. Шолпысының ендігі сылдырынан өзі қысылған тәрізді».
Достарыңызбен бөлісу: |