X. ҰШАН ОҒЫЗ БАЛАСЫ СЕКРЕК ТУРАЛЫ ЖЫР
Оғыз заманында Ұшан оғыз дейтін бір батыр болған еді. Оның
өмірінде көрген екі-ақ ұлы болыпты. Үлкенін Екрек деп атаған. Өзі асқан
батыр, əділ жігіт болыпты. Баяндүр хан ордасына сұраусыз кіруші еді.
Бектердің бегі Қазан сарайына да еркін кіріп, барлық бектердің үстін
басып, соның дəл алдына барып отырушы еді. Оның алдына отыру əке
мен бала арасындағы дəстүр. Хан ием, сол əдеті бойынша Екрек бір күні
барлық бектердің үстін басып, жоғары отырды. Оғыздар елінде Теріс
Ұзамыш Қисық оғыз дейтін бір жігіт болатын. Сол жігіт: «О, Ұшан
оғыз, мұндағы бектердің əрбіреуі өз орнында отыр. Сол орынға олар
бекерден-бекер ие болған жоқ, қылышынан қан тамызып, елге байлық
таратқан батырлар. Сенің адам тойындырған, жалаңашты киіндірген
күнің болды ма», – депті. Екрек оған: «Айтшы, Теріс Ұзамыш, ер атану
үшін қан төгіп, кісі өлтіру керек пе?» – деп сұрапты. «Иə, ерліктің
жолы сол», – депті Теріс Ұзамыш. Бұл сөз Екрекке қатты əсер етті де,
ол Қазан бекке келіп, жауға аттану үшін одан əскер сұрапты. Қазан бек
оның сұраған əскерлерін берді, сөйтіп жолға шығуды тапсырды. Екрек
бастаған жорыққа қолына найза алған үш жүз жігіт жиналды. Олар
бес күндей ішіп-жеп, сауық құрды. Содан соң олар Шарулан мен Көк
Теңіз, Севан арасындағы елдерді шауып алып, олжаға кенелді, жолай
Алынджа қамалын алды. Қара киімді тагаворлар сол қамалдан қаз,
тауық, қоян, киік өсіретін жайылым жасаған екен. Оғыздар қаланың
қақпасын бұзып, сол құстар мен аңдарды атып, ішіп-жеп, тойлап
жатты. Ақырында олар аттарының ерін алып, сауыттарын шешінді.
Мас болып, бейбастақтық жасады. Қара шекпен киген бір Тагавор
тыңшысы олардың анық бейқамдыққа түскенін көріп, патшасына
хабар берді. «Оғыздардың атты əскерлері қаланың қақпасын бұзды,
аттарын егістікке айдап салды, сауыттарын тастады, бəрі де шарап
ішіп мас болған, дəл осындай күйде оларды басып алалық», – депті
жансыз. Оғыздар үстіне қара шекпен киген алты жүз атты əскер келіп,
оғыз жігіттерін қырды. Екректі ұстап алып, Алынджа қамалының
абақтысына салды. Бұл хабар бүкіл таудағы елдерге тарады. Сол
хабар биік-биік таулардан, тасып аққан өзендерден өтіп, оғыздарға
жетті. Ұшан оғыздың ақ шатырлы үйлері жылаған елге толды. Оның
бойжеткен қыздары ақ киімдерін тастап, қара жамылды. Ұшан оғыз
бен оның əйелі: «Ұлым, балам, қайдасың?» – деп аһ ұрды.
Қабырғаң болса қатады, сіңірің болса өседі. Ұшан оғыздың Секрек
деген кіші баласы бар еді, сол ержүрек, алып жігіт болып өсіпті, хан
ием! Бір күні ол жол шетіне жиналып, ішіп-жеп, сауық құрып жатқан
бір жиынға кез болды. Секрек шарап ішіп, мас болды. Ол түзге отыруға
шықса, екі жетім бала қазанның екі құлағынан ұстап, көтеріп бара
жатыр екен. Секрек оларға: «Сендерге не болған?» – деді де, бірін ол
жақтан, бірін бұл жақтан ұрды. Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың
тілі ащы дегендей, екі баланың біреуі тұрып: «Біздің жетімдігіміз
саған аз болды ма? Неге ұрасың? Батыр болсаң, сен Алынджа
қамалында қалған ағаңды жаудан неге құтқармайсың?» – депті.
«Ағамның аты кім еді, оны білесіңдер ме?» – депті Секрек. Екі жетім
оған: «Аты Екрек!» – депті. «Ендеше Екрекке серік болатын Секрек
бар. Ағамның аман-жаманын білмеген айып менде екен. Сол ағамды
таппай, маған оғыз елінде жүру ұят екен. Екі көзімнің шырағы болған
ағам, қайдасың»,– деп жылап алыпты. Секрек шатырда жиын құрып
жатқан бектерге келді де: «Бəрің де қош болып тұрыңдар»,– деп, атын
алдырып анасының үйіне шауып кетті. Анасынан ағасының жайын
сұрады. Хан ием, ол анасына не деген екен, соны есітелік: «О, ана,
398
399
мен ертемен тұрып, қара жал Кавказ атына мініп, таудағы елдерге
бардым. Оғыз батырларының жиынында болдым. Сол жиында ішіп-
жеп отырғанда, бір боз атты адам келіп: «Екрек деген батыр жігітіміз
бар еді, жауға тұтқын болғанына көп жыл болған еді. Сол жігіт құдай
жолын ашып еліне келіпті, елдегі үлкен-кішінің бəрі соның алдынан
шығып жатыр», – деді. Соның алдынан мен де шықсам деп едім, ана,
оған сіз не дейсіз?» – депті баласы.
Сонда анасы қуанып кетіп, тілге келіпті: «О, тіліңнен айналайын,
ұлым? Тасаттығың болайың сенің, ұлым! Көз алдыңда тұрған Қара-
тауың құлап еді ғой, сенің сол тауың бой түзеген екен, шырағым! Сулы
өзенің шөлге айналып еді, сол өзенің қайтадан шалқып аққан екен,
шырағым! Есік алдындағы қураған тал ағашың қайта гүлдеген екен,
шырағым! Оғыз елінің бектері сол жігіттің алдынан шығуға кеткен
болса, солардан қалма, шырағым! Жігітті көрген кезде атыңнан түсіп
сəлем бер, мойнынан құшақтап, қолынан сүй, жылап көріс, шырағым!
Ол сенің асқар таудай ағаң еді, шырағым! Оның қасында сен неге
тұрасың? Бар, жолың болсын!» – депті анасы. Сонда баласы тілге
келді: «Үнің өшсін сенің, анам! Тілің шірісін сенің, анам! Сол ағамның
жайын баяғыдан бері маған неге айтпадың сен? Сол ағамды тауып
алмай, оғыз елінде қай бетіммен жүрмекпін? Ананың ақысы – тəңірі
ақысы? Олай болмағанда, қара болат қылышты қолға алып басыңды
кесер едім, сөйлеуге де шамаңды келтірмей, қаныңды қара жерге
төгер едім, ана, жауыз ана!» – депті баласы.
Əкесі тұрып: «Бұл жалған хабар болу керек, ұлым! Сенің ағаң жаудан
қашып келетін қорқақ емес, ол кегін жоқтайтын батыр. Сақалы қудай
болған əкеңді, шашы ағарған қарт анаңды босқа əурелеп, жылатпа»,–
депті.
Сонда баласы тұрып: «Оғыз елінің 366 батыры атына мініп, аңға
шыққалы жатыр. Олар білек қосып, аң біткенді қырып, серуендемек.
Алдында ағасы, артында інісі барлардың бəрі де аңға бармақ. Аға-інісі
жоқ тұлдыр жігіт болса, оны желкеге бір ұрып тастап кетсе, ол жылап
қалмақшы. Ондай жігіт төрт жағына алаңдап, қара көзінен жас ағызып
қалмақшы, бек туған əкем, ханым анам, мен де соларға ерсем деймін,
мен келгенше аман болыңдар», – деді баласы. «Бұл жалған хабар, бізді
тастап кетпе, ұлым!» – деді əкесі мен шешесі.
Сонда бала: «Мені бұл сапардан алып қаламын деп əуре болмаңдар.
Ұзын сөздің қысқасы, жау еліне тұтқын болып, зынданға түскен ағамды
көрмейінше, жалғыз ағамның өлі-тірісін білмейінше, өлген болса,
соның кегін алып, жаудың қанын төккенше, оғыз елін менің көрер бетім
жоқ», – депті. Əкесі мен шешесі бірдей жылап, Қазанға хабар салды:
«Баламыз ағасын іздеп жау еліне аттанбақшы, бұған қандай ақыл
айтасың», – депті. Қазан бұларға: «Балаң ағасын іздер болса, аяғына
ат тұяғын кигізіңдер», – депті. Баланың үйленгелі жатқан қалыңдығы
бар еді, ел соны ұзатып əкеліп, түйеден үлек, жылқыдан айғыр, қойдан
қошқар сойып, үлкен той жасады. Қалыңдық шатырын тікті. Бала
қалыңдығымен бір төсекке жатты. Жігіт қылышын жалаңаштап, ортаға
алып жатты. Қыз: «Қылышыңды ал, жігіт, ол біздің ойнап-күлуімізге
кесір жасайды. Көрпеге оранып жаталық», – деді. Жігіт оған: «Біліксіз
болма, қыз бикеш, ағамды жаудан босатпай сенің қасыңа жатар болсам,
осы қылыш өз басымды кессін, өз оғым өзіме тисін, менен ұл туар
болса, оның өмірі он күнге жетпесін, əуелі ағамды тауып алып, жүзін
көремін, өлген болса, соның кегін аламын, жаудың қанын төгемін,
жар төсегін содан соң көремін», – деді бала. Жылқыда жүрген атын
алдырып, ерттетті, үстіне сауыт киіп, қалқанын қарына ілді де: «Қыз
бикеш, мені бір жыл күт, бір жылда келмесем, екі жыл күт. Екі жылда
келмесем, үш жыл күт. Сол уақыт ішінде келе алмасам, мені өлді деп
біл. Жылқыдан таңдап айғыр сой да, асымды бер. Біреудің жүзін көріп
ұнатсаң, соған тиіп ал», – деді бала.
Бұған қалыңдығы не айтқан екен, соны тыңдалық, хан-еке: «Жігітім,
сені жыл күтемін, келмесең екі жыл күтемін. Үш жылда келмесең,
төрт жыл күтемін. Одан соң бес жыл, алты жыл күтемін. Алты жылда
келмесең, тоғыз жолдың торабына барып, шатырымды тігермін де,
өткен-кеткеннен сенің дерегіңді сұрармын. Жақсы хабар айтқандар
болса, астына ат мінгізіп, үстіне шекпен жабармын. Жаман хабар
əкелгендер болса, басын кесермін, үйімнен дəм татқызбаспын, жүзімді
еркек масаға шаққызбаспын. Жар төсегі жат болса, жолың болсын,
жігітім»,– деді қыз. Бала оған: «Тыңдап ал, тексіздің қызы! Ағамды
азат етпей, басқа жұмысқа бет бұрмаймын деген сөзім бар», – деді.
Қыз болса: «Онда мен тағдыры бақытсыз келіншек атанады екен мін,
бірақ ұятсыз келіншек бола алмаспын. Қайын атам маған əке болсын,
қайын енем ана болсын. Оларға мен: «Еркек түйең көштен бөлінбек,
жолы болсын, бақташысы болмаса, оның келеге қосылуы қиын, жыл-
қыңның айғыры үйірінен кетпек, тұяғы жеңіл болсын, аман барып,
есен қайтсын балаң дермін, ай мүйізді қошқарың қотаннан кетпек,
қойшысы алдынан шықсын дермін, жүзі жарық балаң ағасын іздеп
кетті, артында айдай қалыңдығы қалмақ, осыны біліңдер дермін», –
деді қыз. Бұл сөзді естігенде əкесі мен шешесі қатты шошынды. Тілге
келіп: «Ұлым, кете көрме», – деп өтініш білдіріпті. Бірақ баласы алған
бетінен қайтпады. «Қамалда жатқан ағамды тұтқыннан босатпай,
көңілім көншір емес», – деген соң, əкесі мен шешесі: «Жортқанда
жо лың болсын, жұлдызың оңынан тусын, аман барып есен қайт, бір
тəңірге тапсырдық», – деп ақ батасын беріпті.
Бала əкесі мен анасының қолынан сүйді де, атына мініп, жау еліне
бет қойды. Күн-түн бірдей жүрді. Үш тəулік жол жүргенде, Дерешам
жеріне жетіп, баяғы ағасы тұтқын болған қамалға келді. Қамал сыр-
тында гəуірлердің мал жайып жүрген жылқышысына жолықты. Бала
қылышын қолға алып, гəуірдің алтауын өлтірді, содан соң жылқыны
айдап бір қамалға қамады. Түн түсті, көзге ештеңе көрінбеді. Үш
тəулік күндіз-түн бірдей жол тартқан баланы ұйқы қысты. Бала аттың
шылбырын белбеуіне байлап, ұйқыға кетті. Мұны сол жерде жүрген
400
401
гəуірдің тыңшылары біліп қойып, Тагавор патшасына хабарлады:
«Оғыз елінен бір батыр келіп, жылқышыларды өлтірді, жылқыны
қуып бір қораға қамап қойды», – депті. Тагавор оған: «Алпыс адам
атқа мініп, сол батырды маған ұстап əкелсін», – деді. Ол елден таңдап
алпыс қарулы əскер алды. Темір қалқан ұстаған алпыс гəуір ұйықтап
жатқан балаға келді. Қылыштың үнін сауыт біледі. Жігітті жаудан аты
құтқарады. Хан-ием, жігіттің мінгені айғыр еді. Ол жаудың исін біліп,
баланы шылбырымен оятты. Оянса, жасанған жау келіп қалған екен.
Бала тəңіріге сиынып, атына тез мінді де, қара шекпен киген гəуірлерге
қылыш жұмсады. Жауды жеңіп, бəрін де қамалға айдап тықты. Ұйқысы
шала болған соң, ол манағы орнына қайта барып ұйықтады. Атын
шылбырынан беліне байлап қойды. Гəуірлердің аман қалғандары тағы
да Тагаворға барып, жаудан жеңіліс тапқанын айтыпты. Тагавор ашуға
мініп: «Үрейленген қара бет немелер, алпысың жиналып, қарғадай
бір баланы байлап ала алмағандарың ба?» – деп жүз адам жіберді.
Жаудың келе жатқанын айғыры біліп, баланы тағы да оятты. Оянса
жау тағы да келіп қалған екен. Тəңіріге сыйынып, бала жауды жеңіп,
тағы да қамалға қуып тығып, манағы жеріне келіп, атының шылбырын
белбеуіне байлап, тағы да ұйқыға кірісті.
Бірақ бұл жолы аты белбеуден босанып, алысқа кеткен еді. Гəуірлер
тағы да Тагаворға барып, болған жайды хабарлады. Тагавор оларға:
«Бұл жолы үш жүз адам болып барыңдар», – депті. Гəуірлер: «Бара
алмаймыз, бүйте берсек ол біздің тұқымымызды құртады, қырып
бітеді», – депті. Тагавор: «Онда шарамыз қайсы? Сынаны сынамен
ұрып шығарады деген сөз бар. Тұтқында жатқан жігітті босатып,
астына ат, үстіне киім беріңдер», – депті. Гəуірлер Екрекке келіп: «О,
жігіт, Тагавор саған рақым көрсетті. Елімізге бір ақылсыз тентек келіп,
жолаушының нанын, саудагердің малын, қойшылардың жанын алатын
болды. Сол тентекті ұстап өлтір, содан соң біз сені еліңе жібереміз. Уəде
осы болсын, атыңа мін», – депті. «Жарайды», – деп Екрек келісіпті.
Гəуірлер Екректі абақтыдан босатып, сақал-шашын алды. Астына ат
берді, қасына үш жүз адамды қосып берді. Сөйтіп бұлар бала жатқан
жерге келді. Үш жүз жау бір кең жазыққа келіп тоқтаған еді. Екрек
олардан: «Əлгі ақылсыз жігіт қайда?» – деп сұрады. Олар баланың
жатқан жерін қолымен нұсқап көрсетті. «Ендеше, жүріңдер, соны ұстап
алалық», – деді Екрек. «Тагавордың бұйрығы бойынша, оны сен барып
ұстауың керек», – десті гəуірлер. Екрек оларға: «Бала ұйықтап жатыр
екен, жүріңдер», – деді. Олар бұған: «Сондай да ұйқы бола ма? Ол
бізге қолтығының астынан сығалап қарап жатыр, тұра салып ұмтылса,
бізге кең дүние тар болар», – десті. Олай болса мен барып, аяқ-қолын
байлайын, сендер содан соң келесіңдер», – деді де, əскерден бөлініп,
атына қамшы ұрып ұйықтап жатқан балаға жақын келді. Жерге түсіп,
атын бір ағашқа байлады. Келсе алдында жүзі он төртінде толысқан
айдай, көздері жайнаған, бір сұлу жігіт ұйықтап жатыр екен. Түс
көрген кісідей, шала өлік болып жатыр. Келген-кеткенді аңғарарлық
күйде емес екен. Бас жағына барып еді, белбеуінде қобызы бар екен.
Екрек қобызды қолына алып тұрып, толғана бастады.
Хан-еке, ол не деген екен, тыңдалық: «Орныңнан тұрып жолға шы-
ғыпсың, жігіт! Қара жал Кавказ атыңа мініп, биік-биік ала таудан асып
келіпсің, ағысы қатты өзендерден өтіпсің, сөйтіп жау еліне жетіпсің.
Бұл жатысың қай жатыс? Ақ саусағыңды артыңа байлап, шошқа
сарайға алып барсам, күнің не болар еді, жігітім? Онда ақсақалды
əкең, ақ шашты анаңды жылатқан болар едім. Неліктен мұнша бейқам
болдың, жігіт? Ұйқының жері осы ма? Əдемі басыңды көтерші, жігіт!
Ақ сақалды əкеңді, ақ шашты анаңды жылатпа, жігіт! Кім едің өзің,
жігіт? Сен не де болса оғыз елінен келген батыр болдың ғой, жігіт?
Жасаған иемнің құрметі үшін орныңнан тұршы! Төрт жағыңды бірдей
гəуірлер қоршап алды ғой!» – деді Екрек. Бала қозғалып орнынан тұрды,
жалма-жан қылышының басынан ұстап, қасында тұрған адамды шауып
тастамақ болды. Қараса, ол қобыз ұстап тұр екен. Сонда бала: «Ей,
гəуір, қолыңда Қорқыт атамның қобызы бар екен, сол қобыз болмаса,
басыңды шауып тастар едім. Жауға түскен ағамның кегі үшін басыңды
екі бөлек етер едім»,– деді. Оның қолындағы қобызды жұлып алды.
Сөйтті де бала толғанып сөйлеп кетті: «Орнымнан жауға аттансам, о
да ағамның қамы. Сендердің қамалдарыңда тұтқын болып жатқан адам
жоқ па, гəуір? Айтшы шыныңды, гəуір!» Екрек толғанып, тілге келді.
Не айтқан екен ол, тыңдалық, хан-еке: «Аузыңнан айналайын,
туғаным! Бұл сөзің үшін сенен садаға болайын, інім! Айтшы өзің қайдан
келесің, қайда бармақшы едің, жатқан жерің кімдікі? Қараңғы дүниеде
адассаң, сенерің кім? Қолынан туы түспеген ханыңның аты кім? Жау
бетіне шығып, еліңді қорғайтын батырыңның аты кім? Əкеңнің аты
кім, жігіт? Батыр адамға атын жасыру зор айып, өз атың кім?» – деп
сұрады Екрек. Бұдан соң ол: «Менің түйелерімді баққан жан ба едің?
Əлде менің жауға мінетін үйірлі жылқыларымды қайырған жан ба едің?
Қойымды баққан қойшы болдың ба? Жауабың жанымды елжіретіп
тұр, артымдағы тынысым, жəрдемшім болдың ба екен? Мен кеткенде
бесікте қалған інішегім бар еді, сол емессің бе? Қара басымды жолыңа
арнап, сұрағаным, айтшы шыныңды, жігіт!» – деді. Сонда Секрек
ағасына былай деп жауап қатты: «Қараңғыда адассам, сенерім тəңірі.
Қолынан туы түсіп көрмеген ханымның аты – Баяндүр. Ел басына күн
туғанда, жаудың бетін қайтаратын батырым – Қазан (Салор). Əкемнің
атын сұрасаң – Ұшан оғыз. Өз атымды сұрасаң – Секрек. Ағамның
атын сұрасаң – Екрек. Ол жауға тұтқын болған», – деді бала.
Бұдан əрі бала: «Келесін бұзбай баққаным – сенің түйелерің болса
керек. Жылқы бақсам ол сенің жауға мінетін аттарың болса керек. Өзің
кеткенде бесікте қалған інішегің кім еді?» – деді тағы. Ағасы Екрек те
тіл қатты. Не деген екен ол, тыңдалық, хан ием: «Тіліңнен айналдым,
інім! Бұл сөзіңе басымды берсем аз болар, туғаным! Ер жігіт, батыр
жігіт болған екенсің, жеткіншегім! Құрсақтасым, ағаңды іздеп келіп
пе едің мұнда?» – деді Екрек. Сөйтіп аға мен іні құшақтасып көрісті,
402
403
бірін-бірі таныды, сөйтіп қуанышты болды. Екрек інісінің мойнынан
құшақтап бетінен сүйді. Секрек ағасының қолынан сүйді.
Қарсы бетте тұрған гəуірлер мұны көріп: «Екеуі күрескелі жатыр,
қарап тұралық, қайсысы жығар екен», – десті. Олардың құшақтасып,
сүйісіп жатқанын көргендер шошынып қалды. Сол кезде екі батыр
өздерінің кавказдық аттарына мінді де, қара шекпен киген гəуірлерге
бөрідей тиді. Оңды-солды қылыш жұмсап, оларды қырды, аман қалған-
дарын қамалға қуып тықты. Жауды жеңіп, олар манағы жылқыны
бекіткен қамалға келді. Жылқыларды қамалдан айдап шығып, даңғыра
соғып, қуа жөнелді. Жылқыны ағысы қатты Дерешам өзенінен өткізген
кезде, кеш болды. Екі батыр оғыз елінің шегіне келіп жетті. Секрек
əкесіне шабарман жіберіп, «балаң қанқұйлы жау қолынан ағасын
құт қарып, елге келе жатыр деген хабарды жеткіз, əкем алдымыздан
шықсын», – деді. Хабаршы Ұшан оғызға келіп сүйінші сұрады: «Үйіңе
қуаныш кірді, Ұшан оғыз. Өшкен шырағың жанды! Екі балаң аман-
есен келе жатыр», – деді олар. Əкесі бұған есепсіз қуанып, даңғыра
қаққызып, керней шалғызды. Сол күні ақ ала шатырлар тіккізді, жыл-
қыдан семіз айғыр, түйеден үлек, қойдан қошқар сойғызды. Əкесі
балаларының алдынан шығып, аттан түсіп құшақтасты, көрісті, сөйтіп
сағыныштарын басты. «Аман-есен келдіңдер ме, екі ұлым?» – деді
оларға. Олар алтынмен күптеген ақ шатырларға кіріп, қуаныш тойын
өткізді. Ішім-жем көл болды. Қарт əкесі үлкен баласына қалыңдық
айттырды, оны сол күнгі тойға əкелді. Екі баласы бірдей қалыңдық
шатырларына кірді. Екі баласы бір-біріне серік, дос болды. Сөйтіп
олар мұрат-мақсатына жетіпті.
Тойға Қорқыт атам келіп, өлең айтты, қобыз шалды. Бұл жырды
ол сонда айтқан екен. Өмірдің басы – қуаныш, аяғы – ажал. Хан ием!
Ажал сағаты жеткенше, сені Алла ақ дініңнен айырмасын, Мұхамедтің
құрметі үшін Алла ол дүниеде күнəларыңды кешірсін, құдайдың
дидарын көргейсің, əумин!
Достарыңызбен бөлісу: |