Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет66/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

ҚАМБАР БАТЫР
Қазақ еліне көп уақыт бойына шабуыл жасағандар қалмақ басқыншылары болғандығы жоғарыда айтылған. Шетелдік шапқыншылардың қанды жорықтарына қарсы асқан ерлікпен күресіп, одан ел-жұртын қорғаған, халқына айбар болған батырлар жайында ел арасында талай әдемі әңгіме-жырлар туған. Халық бұл алуандас шығармаларында өзінің батыр ұлдарын, олардың ерлік істерін ардақтап көрсеткен.
Осындай ел қорғау, халыққа қамқор болу жолында жасалған ерлік істерді жырлау негізінде шығарылған және халықтық сипаты мол көркем жырдың бірі – «Қамбар батыр». Бұл жырдың басты идеясы – халыққа қызмет еткен батырды, оның ерлік істерін ардақтаудан туған. Сондықтан да жырда әңгіменің осы жағы баса айтылады, соған көп көңіл аударылады. Батырдың ең негізгі міндеті: шетелдік шапқыншылар шабуыл жасай қалған кезде жауға қарсы аттану, оны талқандап жеңу, ел-жұртын қорғап алу екендігі көрсетіледі. Екіншіден, бейбітшілік кезде батырдың міндеті: халқына адал еңбегімен қызмет ету, халықты асырап-сақтау, жәрдем-көмегін беру екендігін суреттейді.


Жырдың жиналуы, зерттелуі
«Қамбар батыр» – қазақ еліне ерте кездің өзінде-ақ тараған жыр. Оның негізгі бір нұсқасын Бектемір деген жырау айтқан. Біздің пайдаланып жүргеніміз де жырдың осы варианты.
«Қамбар батыр» жыры алғаш рет 1888 жылы Қазан қаласында басылып шықты. Оны Ш.Хұсаинов деген кісі бастырған. 1903 жылы бұл жыр «Тоқсан үйлі тобыр» деген атпен Қазанда, ағайынды Каримовтардың баспасында, қайта басылып шықты. Бұдан кейін Ә.Диваев 1922 жылы Ташкентте бастырды. Содан бері «Қамбар батыр» жыры бірнеше рет (1932, 1939) баспа жүзінде жарияланды және оқу хрестоматияларына еніп отырды. Жырдың жұртқа таныс вариантын 1940 жылы Г.Владимирский орыс тіліне аударды. Онысы «Песни степей» деген жинақта жарияланды.
«Қамбар батыр» жырының бұдан басқа да ел арасына тараған және осы күнге дейін ауызша айтылып жүрген варианттары бар. Мәселен, 1906 жылы сол кездегі ғалым В.Карлсон «»Оренбургский край» («Орынбор өлкесі») газетіне жазған мақаласында181 «Қамбар батырды» жырлаған бірнеше ақынды атайды және оның ішінде ең айтқышы Қазақбай деген ақын еді дейді. Жырдың тағы бір варианттары әдебиет журналында182 басылды. Ал Шашубай ақын жырлаған варианты оның «Сөйле, Шәшеке»183атты жинағына енді. Журналға басылған болсын, Шашубай айтатын варианты болсын, сюжет жағынан жұртқа таныс «Қамбар батырдан» алыстап кетпейді.
Мұнымен қатар, Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының қолжазба фондысында «Қамбар батыр» жырының бірнеше ұсақ варианттары бар. Бұлар да жырдың негізгі вариантымен сюжет жағынан қабысып отырады. Бірақ бір-екі вариантының сюжетінде аздаған айырмашылық бар. Бұл жерде соны көрсете кетелік. (Жырдың журналға шыққан және Шашубай айтатын варианттары жұртқа таныс болғандықтан оларға тоқтамаймыз. Ал жырдың ұсақ варианттарын да бұл арада сөз етудің қажеті аз. Өйткені біздің талдауымыз Бектемір вариантына құрылады.)
Тіл және әдебиет институтына «Қамбар батыр» жырының бір вариантын Бармақ Мұқамбаев деген кісі тапсырған. Оның айтуындағы жыр негізіңде Бектемір вариантына ұқсас келеді. Бірақ аздаған айырмашылығы бар. Онысы мынадай: Бармақтың жыры Әзімбайды өте рақымшыл, халыққа жақсылық еткен адам етіп көрсетеді. Оның алты баласының барлығы да батыр бейнесінде суреттеледі. Қамбардың Қараманға барарында, Қамбармен шешесінің қоштасуын молынан жырлайды.
Жырдың Асайын Хангелдіұлы тапсырған вариантының қысқаша мазмұны мынадай: қалмақтың ханы Ақшахан: «Әзімбай қызын маған берсін», – деп Келмембет пен Балғабайды жібереді, олардың қасына алпыс қол қосып береді. Бұлар келсе, кыз үйінде жалғыз екен. Қыздың аяқ-қолын байлап әкетпекші болғанда, қыз айла жасайды. «Мен ханды сүйемін, одан басқа адамға бармаймын», – деп, Келмембеттерді алдайды, айламен олардың қаруларын қолға түсіреді. Қыздың ағалары келіп, Балғабайды өлтіреді, Келмембет қашып кетеді. Бұл кезде ноғайлының ішінде Әлімбай деген төре бар екен, ол түс көреді. Түсінде Қамбар Назымға үйленген екен дейді. Сонан кейін Назымды Қамбарға беруді, Қамбарды өзіне жақын адам етуді дұрыс көреді. Назымды алып бермекші болып, Қамбарға хабаршы кісі жібереді. Осы кезде Ақшаханнан қорқып, Назымның ағайындары қалмақ еліне көшіп кетеді, тек Алшыораз бен Аққошқар қастарына жеті батыр досын алып, елінде қалады, қалмақ еліне көшпейді. Қамбар келеді, ол Алшыораздарды ертіп Ақшаханға аттанады. Қамбар қалмақтардың әскерін шегіндіріп, Ақшаханды өлтіреді, ел-жұртын босатады. Содан кейін қамбар Назымға үйленеді деумен Асайын тапсырған жыр аяқталады.
«Қамбар батырдың» бірнеше варианты және өзара аздаған айырмашылықтары болғанымен, олар жырдың негізгі идеясына нұқсан келтірмейтіндігі байқалады. Бәрінде де басты кейіпкер Қамбардың ел қорғаудағы ерлік істері, қарамағындағы ел-жұртын асырап-сақтауы, оған адал қызмет етуі айтылады. Жырдың осынша көп вариантының ішінен біздің талдауға алатынымыз – ертеден жұртқа таныс болған варианты.
Революцияға дейін «Қамбар батыр» жырын зерттеуге арнап жазылған ғылыми еңбектер болған емес. Тек советтік дәуірде ғана бұл жыр жайында біраз мақалалар, зерттеу еңбектері жазылды184. Осылардың бәрінде «Қамбар батыр» жыры нағыз халықтық, көркем жырдың бірі деп бағаланды. Барлық батырлар жыры сынға ұшырап, әрқайсысына әр түрлі кінә тағылып жатқан кезде, халықтық жыр деп дұрыс бағаланғаны да осы «Қамбар батыр» болатын.


Қамбар
Оның халықтығы, ең алдымен, жырдағы оқиғалардың еңбекші шаруаның тұрғысынан баяндалатындығынан, басты кейіпкерлердің іс-әрекетінен көрінеді. Егер басқа жырларда батыр образы көбінесе бірден оның күреске, аттанысқа қатысуын суреттеу арқылы жасалса, батыр жырдың өне бойына көк сауытты киініп, көк сүңгіні ұстап жүрсе, олардан Қамбар образының елеулі бір айырмашылығы бар. Жырда Қамбар ең алдымен шаруа адамы, еңбек ері бейнесінде алынады. Қамбардың еңбекші халық ортасынан шыққан ер-азамат, патриот ұл екендігі аңғартылады. Ол мыңды айдаған байдың мырзасы емес, өзінің еңбегімен кәсіп еткен шаруаның өкілі. Адал еңбегімен ер атанған, «ерлікті елден асырған, еңбекке белді байлаған» адам.
Сондықтан да оны халық жыры еңбекші халыққа қызмет еткен еңбек ері етіп көрсетеді. Бұдан еңбекші халықтың ел қорғаған батырды ғана емес, еңбек адамдарын да, халықты асырап-сақтайтын еңбек ерлерін де ардақтайтындығы, олар жайында да батырлық жырлар тудырғандығы байқалады.
Халық жырының алғашқы бөлімінде Қамбар «алпыс үйлі арғынды, тоқсан үйлі тобырды» асырап сақтаған еңбек ері бейнесінде алынады. Бүкіл ауыл-аймағы Қамбардың қолына қарайды, олардың бас көтерері де, сенгені, сүйенгені де Қамбар болады. Мұны түсінген Қамбар өзінің адал еңбегімен кәсіп етеді, аң аулайды. Қарамағындағы ел-жұртын басқыншылық жолымен, бөтен елді шауып алу жолымен емес, өзінің адал еңбегімен, аңшылықпен асырайды. Халық мұны батырдың ерлік еңбегі деп таниды. Екіншіден, алпыс үйлі арғынды, тоқсан үйлі тобырды асырап сақтау Қамбардың еңбек ері екендігін көрсетсе, неше түрлі жыртқыш аңдарды, соның ішінде жолбарысты жеңуі, Қамбардың күшті батырлығы деп бейнеленеді. Халық ұғымында жолбарыс асқан қайраттың, алып күштің бейнесін (символын) білдіретін. Ендеше сол жолбарысты құйрығынан ұстап лақтыруы Қамбардың аса мықты батыр екендігін дәлелдемек.
Қайда жүрсе де «ең бірінші міндетім халыққа қызмет ету, қарамағымдағы ел-жұртты асырау» деп түсінген Қамбар жел көңілдікке салынбайды. Ол қара бастың мүддесінен халық мүддесін жоғары қояды. Қамбарға ғашық болған Назым батырмен сырласудың жолын іздейді. Бірақ, оған Қамбар алданбайды, көңіл бөлмейді.
Осыған көңілім бөлініп,
Ұмытып кетсем жұртымды,
Құдайдың, деді, ұрғаны.
дейді.
Мұны ол Назымның өзіне де жасырмай айтады:
Құс етін беріп бағамын,
Үйдегі екі кәрімді.
Оған да назар саламын,
Қабатыма аламын –
Алпыс үйлі арғынды.
Сеніменен ойнасам,
Айналар ісім қиынға.
Айыпқа мені бұйырма,
Айтамын, Назым, зарымды!185
Назымның ғашық екендігін біле тұрса да, қарауындағы көпшілік жайын және оларды асырап-сақтап отырған өзі ғана екенін еске алған Қамбар қыздың тілегіне көңіл қоймайды. Бұдан, әрине Қамбарда махаббат сезімі жоқ деген ұғым тумайды. Ондай сезім Қамбарда бар. Әйткенмен, ол ер-азаматтың бірінші борышы халыққа қызмет ету деп түсінеді. «Мен Назымға көңіл бөліп, онымен болып кетсем, ел-жұртымның хал-жайы, күн көрісі қиындайды. Маған алғыс айтудың орнына қарғыс айтады», – деп біледі. Сондықтан да ол Назымның ұсынысына бой ұрмайды.
Екіншіден, байлық, дәреже жағынан алғанда, Қамбар өзінің Әзімбай балаларымен тең еместігін біледі. Олардан ер-азаматтығы, жігіттігі, адамгершілігі жоғары тұрса да, әлеуметтік жөнінен бірдей емес екендігін сезеді. Қамбарды Назым сүйгенімен де, Әзімбайлар жек көретіндігін, олар «сіңірі шыққан кедейге» қызын тегін бермейтіндігін аңғарады. Мұндай әлеуметтік теңсіздік жағдайда Назымға қосылу мүмкін еместігін түсінеді. Сондықтан да ол Назымға айтқан сөзінде:
Қатарыңа қарасаң,
Мен емес таңдап тиерің.
Қол ұстасып, қыз Назым,
Уәде қылсам, сенімен,
Бір жаман келіп малы көп –
Алып кетсе, айрылып,
Абыройым ашылар,
Қайғыменен басылар,
Ат басындай жүрегім, –
дейді.
Сондықтан да ол Назымға алаңдамай, қарамағындағы көпшіліктің қамын ойлаумен болады. Мұны халық жыры батырдың бейбітшілік кездегі басты міндеті, халыққа адал кәсібімен қызмет еткендігі деп біледі.
Ал ел шетіне жау келгенде, халық намысын қорғау үшін Қамбар ерлік іске бел байлайды. Қалмақ ханы Қараманның қалың қолмен келіп қамап жатқанын ноғайлы елі Қамбарға Жәдігер арқылы хабар етеді. Қараманның бұл қылығына ыза болған Қамбар:
Қамбар айтты: Жәдігер.
Жұрт үшін белді буайын.
Асырып белден қуайын,
Халқыңыз қапа болмасын,
Есен барса жолбарысың
Сындырамын дұшпанды!
Әзімбайдың ақымақ,
Алты итіне, өкпелеп,
Жаманның ісін қылмайын,
(Сонда, 457- бет.) –
дейді де, басынған жауға аттанады. Бұл сырт қарағанда, Қамбардың Әзімбайды қорғамақ болып майданға аттануы секілді болып көрінеді. Шынында, олай емес. Ел дегенде ерінбей қызмет ететін Қамбар ноғайлы жұртын қалмақ басқыншылары қамап, қысымға алып жатқан шақта, бір кезде Әзімбай балаларының қорлап тіл тигізгенін де ұмытады. Қамбар Әзімбайды қорғау үшін емес, ел намысын қорғау үшін аттанады. Жаудан елді қорғап алу –Әзімбайлардың қолынан келмейтіндігі, ол – халықтың ғана қолынан келетіндігі жырда ашық айтылады. Қамбар жауға тілдескенде де адамгершілік жасайды. Ол қалмақ ханы Қараманға:
Сіз бенен біз жауласып,
Жаманның ісін қылмайық,
Қалаңа қайт, Қараман.
( Сонда, 465-бет) –
деп, текке қан төгудің керек еместігін ескертеді.
Қамбардың бұл сөзін Қараман қабыл алмайды. Сонда:
Қамбар айтты: Қараман,
Мықты болсаң, жеке кел.
Қасыма таман жақында,
Қырғи ілген торғайдай,
Мойныңды жұлып алайын.
Қан ағызып көзіңнен
Басыңа сауда салайын,
(Сонда, 467- бет) –
деп жекпе-жек ұрысқа шақырады. Сол арада екі батыр алысқа түседі. Халқының намысы үшін басқыншы жауға қарсы жекпе-жек күреске шыққан Қамбар Қараманды жеңеді, қайраты мол батыр екендігін танытады.
Ел намысы үшін майданға аттанған Қамбар басқыншы жауларын қиратып жеңеді де, халықтың алғысын алады. Қамбардың бұл ерлігіне сүйсінген халық сол жерде Әзімбай сияқты үстем тап өкілдерінің қолынан ештеңе келмейтіндігін сықақтап, халық арасынан шыққан Қамбар сияқты батырды ерекше басым етіп көрсетеді. Сөйтіп, байлығына, дәрежесіне мастанған Әзімбай және оның ақымақ балалары көпшілік алдында масқара болады да, халық батыры Қамбардың аяғына жығылады.
Жырда Қамбардың батырлық тұлғасы Алшыораздың сөзімен сипатталады. Ол өзінің ақылсыз ағаларына Қамбар туралы былай дейді:
Алшыораз айтты: ағалар,
Сүйінбе малдың көбіне.
Екі талай іс болып,
Ат құлағы теңессе,
Паналарсың тығылып,
Осының барып жеңіне. –
(Сонда, 435-бет.)
Алшыораздың бұл сөзінен Қамбардың ел қорғау ісі қолынан келетін мықты батыр екендігі ғана көрінбейді. Мұнымен қатар, мұндай ерлік іске Әзімбайдың есерсоқ балалары бара алмайтындығы да аңғартылады. Жырда Қамбар образы жау адамдарының іс-әрекеті, сөзі арқылы да толықтырылып отырады. Қараман мен Келмембеттің Қамбардан сескенуі, қорқуы, одан қауіптенуі батыр образын ұлғайта түседі.
Сөйтіп, жырда Қамбар образы өте әсерлі болып жасалған. Қамбардың ерлік еңбегін, ел қорғаудағы батырлық істерін сүйсіне жырлаған халық бейбітшілік кезінде де, басқыншы жау шабуылдаған кезде де жұрт үшін аянбай күресетін ер-азаматы Қамбардай болуын арман еткендігін білдіреді. Соны үлгі етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет