Мемлекеттік мүлік туралы


-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлiакцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату



бет12/23
Дата20.12.2019
өлшемі156.32 Kb.
#447727
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23
мем мулік

104-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлiакцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату


      1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.


      2. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негізгi талаптарын сатушы Қазақстан Республикасының Үкiметіне немесе жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға бекiтуге ұсынады.


      3. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешiмде туынды бағалы қағаздар шығарылған, мемлекетке тиесiлi акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың түрі, аумағында туынды бағалы қағаздарды сату жүзеге асыру көзделіп отырған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмiленi аяқтаудың ең ұзақ мерзiмдерi туралы мәлiметтер, туынды бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң құқықтарын іске асырудың талаптары мен тәртiбi және қажет болған жағдайда, өзге де талаптар болуға тиiс.

105-бап. Тiкелей атаулы сату


      1. Осы Заңның 106-бабына сәйкес кейiннен сатып алу құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлік басқаруға тиiсiнше жалдаушыға (жалға алушыға) немесе сенiмгерлік басқарушыға берiлген объектiлер, сондай-ақ стратегиялық инвесторға беруге жататын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған объектілер тiкелей атаулы сатуға жатады.



      Жалдаушылар (жалға алушылар) және сенімгерлік басқарушылар тиісті шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана, оларға жекешелендіру объектісін сатуға жол беріледі.


      2. Егер жекешелендiру объектiсiн сату талаптары мүлiктiк жалдау (жалға алу) шартында немесе сенiмгерлікпен басқаруға беру туралы шартта көзделмеген болса, олар тараптардың келiсiмiмен айқындалады.


      3. Алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).



      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік мүлікті тікелей атаулы сату мынадай:


      сатылатын жекешелендіру объектісінің қызметімен байланысты салада қызмет тәжірибесінің болуы;



      технологиялар трансферті, оның ішінде ашылмаған ақпаратты (өндіріс құпияларын (ноу-хау) алу және жоғары білікті мамандарды тарту арқылы жекешелендіру объектісін басқаруға, сондай-ақ оны дамытуға қатысу үшін ірі акциялар пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) сатып алу өлшемшарттарына сай келетін стратегиялық инвесторға – қазақстандық немесе шетелдік заңды тұлғаға (олардың бірлестіктеріне) жүзеге асырылады.



      Стратегиялық инвестор:



      1) жекешелендiру объектiсiне инвестициялардың көлемдерi, түрлерi және мерзiмдерi;



      2) өндiрiс көлемiнiң белгiлi бiр деңгейiн, шығарылатын өнiмнің немесе көрсетiлетiн қызметтердiң номенклатурасын қамтамасыз ету;



      3) табиғат қорғау іс-шараларын жүргiзу;



      4) қызмет бейінін сақтау;



      5) жаңа жұмыс орындарын сақтау немесе ашу;



      6) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жұмыскерлермен штат санының кемінде үштен екісін қамтамасыз ету;



      7) өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiнiң бұрыннан бар тәртiбi мен пайдалану шартын сақтау;



      8) кредиторлық берешектi белгiленген мерзiмдерде өтеу;



      9) жалақы бойынша берешектi өтеу;



      10) мәмiлелер жасасуды (қайта сату, кепiлге қою, сенiмгерлік басқаруға беру және басқалар) және (немесе) жекешелендiру объектiсiне қатысты белгiлi бiр уақыт кезеңі iшiнде белгiлi бiр iс-қимылдарға тыйым салуды шектеу жөніндегі міндеттемелерді белгілеген және тиісінше қабылдаған кезде, тікелей атаулы сату жүзеге асырылады.



      Тікелей атаулы сату туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі объектінің атауын, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген міндеттемелер тізбесінен міндеттемелерді қабылдау туралы стратегиялық инвесторға қойылатын талаптарды қамтиды.



      Мемлекеттік мүлікті стратегиялық инвесторға тікелей атаулы сату тәуелсіз консультантты тарту арқылы жүргізіледі.



      Тәуелсіз консультантты тарту осы Заңның 100-1-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.



      Ескерту. 105-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


105-1-бап. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына оны кері сатып алу міндеттемесімен сату




      Ескерту. 105-1-баппен толықтырылды - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

106-бап. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргізілетін сатылары


      1. Жекешелендірудің алдын ала жүргізілетін сатылары болып: Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлікпен басқаруға беру танылады.


      2. Сенiмгерлікпен басқарушы немесе жалдаушы (жалға алушы) осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде таңдалады.


      3. Осы Заңның 105-бабында және осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сенiмгерлікпен басқару және мүлiктiк жалдау (жалға алу) қатынастарына осындай қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылады.


      РҚАО-ның ескертпесі!

      4-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 01.03.2011 "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).





      4. Мемлекеттік мүлікті сенiмгерлік басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының сенiмгерлік басқарушымен немесе жалдаушымен (жалға алушымен) жасасқан тиiстi шартымен ресiмделедi. Шартта мемлекеттік мүліктің қандай мерзiмдерде және қандай талаптар орындалған кезде сенiмгерлік басқарушының немесе жалдаушының (жалға алушының) меншiгiне өтетіні көзделуге тиiс.


      5. Мемлекетке тиесілі акциялар осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде сенiмгерлікпен басқаруға берiлуi мүмкiн.


      6. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам уақыт пайдаланылмаған мемлекеттік мүлік өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін кейіннен меншікке өтеусіз беру құқығымен бір жыл мерзімге сенiмгерлікпен басқаруға немесе мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.


      Ескерту. 106-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз).


107-бап. Объектiнi жекешелендiруге дайындау


      1. Объектiнi жекешелендiруге дайындауды сатушы жүзеге асырады.


      2. Объектiнi жекешелендiруге дайындау процесінде сатушы:


      1) осы Заңның 100-1-бабына сәйкес жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалауды жүргізеді;


      2) сатып алушының талап етуi бойынша жекешелендiру объектiлерiнiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындайды және ұсынады;


      3) жекешелендiру объектiсiнде мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары болған жағдайда, көрсетілген рәсімдерді жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкiлеттi органға және тиісті орталық атқарушы органдарға хабарлайды;


      4) жекешелендiру жүргiзудiң талаптарын, нысандары мен түрлерiн айқындайды, оны өткізуге дайындықты жүзеге асырады;


      5) мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;


      6) жекешелендiрудi жүргізуге қажеттi басқа да iс-шараларды өткізедi.


      3. Мемлекеттiк заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiң акциялары мен жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесi сату объектiсi болатын заңды тұлғалардың лауазымды адамдары объектiнi сатуға дайындау үшiн қажеттi мәлiметтердi сатушының сұратуы бойынша ол айқындайтын мерзімдерде табыс етуге міндетті.


      Табыс етілген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық осы тармақта санамаланған заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына жүктеледi.



      Ескерту. 107-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

     


108-бап. Есеп айырысу тәртiбi


      1. Жекешелендiру объектiлерiн сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушының арасында жүргiзiледi.


      2. Сатып алынатын объектiге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.


      3. Ақыны бөліп-бөліп төлеуге ықтимал бөліп-бөліп төлеу шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайларда ғана жол берiледi.


      4. Жекешелендiрiлетiн объектiнiң ақысын бөліп-бөліп төлей отырып сату кезiнде бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал ақыны бөліп-бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.


      Келесі сомаларды төлеген кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 282-бабында белгіленген ақшалай мiндеттемені орындау қағидалары қолданылады.



      Ақысын бөліп-бөлу төлей отырып сату кезiнде әлі төленбеген сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкалары негізге алынып, пайыздар есептеледi.


      5. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудiң өзгеше тәсілі көзделмесе, сатып алушы сатып алған мүлiкке сатушының кепiл салу құқығы төлемдердi уақтылы өтеудiң қамтамасыз етiлуi болып қызмет етеді.

109-бап. Жекешелендіруден алынған қаражат


      1. Республикалық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат – Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына, коммуналдық меншікті жекешелендіруден алынған қаражат тиісті жергілікті бюджетке жіберіледі.



      Мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражатты пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен белгiленедi.


      2. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.


      Ескерту. 109-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


110-бап. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау


      1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шарты талаптарының тиiсiнше орындалуын кейіннен бақылауды сатушы жүзеге асырады.


      2. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сатып алушының мiндеттемелердi орындауы аяқталған кезге дейiн жүргiзiледi.


      Сатушы бақылауды жүзеге асыру үшiн сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа сарапшыларды, бағалаушыларды, сондай-ақ консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.



      Ескерту. 110-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2018 № 134-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).


111-бап. Жекешелендiрiлген кәсiпорынның меншік иесiнiң қоршаған ортаға келтiрілген залал үшiн жауаптылығы


      1. Алдыңғы жекешелендiрудiң шаруашылық қызметі салдарынан қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтiрiлген залал үшiн жекешелендiру объектiсiнiң бұрынғы меншік иесi – мемлекет жауаптылықта болады.


      2. Қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды, сондай-ақ экологиялық тәуекелдi жаңа меншiк иесiне бөлу немесе аудару оның келiсiмiмен ғана мүмкiн болады.


      3. Жекешелендiруден кейін қалдықтарға меншiк құқығы, сондай-ақ қалдықтармен қауiпсiз жұмыс iстеу және оларды жою, жердi рекультивациялау мен қалпына келтiру жөнiндегі мiндеттемелер жаңа меншiк иесiне өтедi.


      4. Қоршаған ортаға жаңа меншiк иесiнiң шаруашылық қызметiнен келтiрілген зиян үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

112-бап. Сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және бұзу


      1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шартын соттың жарамсыз деп тануына:


      1) объектiнi сатып алуға құқығы жоқ тұлғаға оны сату;


      2) сатып алушыға заңсыз жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру;


      3) сауда-саттық жүргiзу тәртiбiн елеулi түрде бұзу;


      4) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негiздер негіз болып табылады.


      2. Сатып алушы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылғанға дейiн жекешелендiру объектiсiн кейіннен иеліктен шығарған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 260 - 262-баптарында көзделген қағидалар бойынша оны иеленушіден талап ету мүмкін болады.


      3. Егер тарап талап-арызды шартта келтірсе, сатып алу-сату шартының жарамсыз деп танылуына байланысты даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi оған қол қойылған күннен бастап алты айды құрайды. Өзге мүдделi тұлғалар не прокурор талап-арыз келтірген жағдайда, даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi шартты жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын мән-жайлар туралы талапкер бiлген немесе бiлуге тиiстi болған күннен бастап алты айды құрайды, бiрақ ол шартқа қол қойылған күннен бастап үш жылдан кеш болмауға тиiс.


      4. Жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.


      5. Сатып алу-сату шартының бұзылуы тараптардың шарт бұзылғанға дейінгі міндеттемелері бойынша өздері орындағандарын қайтаруына және шартты бұзған тараптың залалдарды өтеуіне әкеп соғады.

113-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру


      Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру ерекшеліктері "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

3-параграф. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері

114-бап. Мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу ақысына мүліктік салым ретінде беру


      1. Республикалық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.


      2. Коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органы қабылдайды.


      3. Стратегиялық объектілерге жататын мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдар акцияларын төлеуге беру стратегиялық объектілермен мәмілелер жасау жөніндегі талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.


      4. Мемлекеттік меншікте ғана болуы мүмкін мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге мүліктік салым ретінде пайдаланылмайды.


      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шарттармен және тәртіппен ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания акцияларын төлеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жағдайларда өзге де заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Сондай-ақ жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 59-бабы 1-тармағының және "Акционерлік қоғамдар туралы" және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының қағидалары бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.



      Ескерту. 114-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

     


115-бап. Жер учаскелерін иеліктен шығару


      Жер учаскелерін жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген арнайы рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.

116-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару


      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

117-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару


      Осы Заңның 210-бабында көзделген жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару осы Заңның 213-бабында белгіленген рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.

118-бап. Діни бірлестіктердің меншігіне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті беру


      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекет меншігіндегі ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті діни бірлестіктердің меншігіне беруге құқылы. Діни бірлестіктердің өздеріне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) іргелес жатқан аумағымен қоса берілуіне басым құқығы бар.


      2. Алынып тасталды - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


      Ескерту. 118-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.


119-бап. Мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру


      Республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген тәртіппен және талаптармен жүргізіледі.



      Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет