МӘШҺҮр-жүсіп шығармаларының этномәдени аспектісі 5 Том


«Бәсентиін шежіресінің жалғасы»



бет10/19
Дата09.06.2016
өлшемі1.59 Mb.
#124255
түріМонография
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

«Бәсентиін шежіресінің жалғасы» – он екінші нұсқасы. Тарихи-эпикалық жәдігер. Мұнда да кейбір жайттар қайталанып келеді. Жәнібек батыр қырғыздардан бір баланы қоржынға салып ап келіп, атын Бертіс қойып, онан – Күреңше туып, онан Олжабай. Олжабайдан – Айтбай. Бұлардың түбі – тегі қырғыз болады дейді. Басқа нұсқасында біраз өзгерістермен берілген еді. Ал, Рысқұл он екі жасар күнінде жау өлтіріп кеткен Естек жұртының (жығбиртының) бір ұрылары. Наманай – Бұлбұлдың тұңғышы – Күшік, бала өле берген соң, атын Күшік қойған. Ерке бала болып, қағаусыз өскендіктен, қияңқылықтан, бір Қожаның басын қағып тастаған. Сол себепті тұқымы өспей қалған сияқты әңгіме түрінде келетін кісі есімдері де бар [30, б.56-57, 32, б.260, 397-436].

«Бәсентиін шежіресі жалғасы» – он үшінші нұсқасы. Тарихи-эпикалық жанрға жатқыздық. Эпикалық жанрдың өзі өмір шындығын қамтуына байланысты үшке бөлінеді. Мысалы, шағын көлемді эпикалық түр. Біздің шежірені анда апарып, мұнда апарып ақыры тарихи эпикалық жәдігер деп атадық. Шығарма дейік десек, оқиға көбіне тарихи деректерге, ауызша тарихқа арқа сүйенгендіктен жәдігер деген сөзді қостық. Бұл шежіреде де жоғарыда айтылғандар қайталанады. Тек қана Рысқұл (Ырысқұл) немесе «Бәсентиін-Қарабұжыр, онан – Қойбағар, онан – Жарылғасын, онан – Шегір, онан – Сырым» біреудің айтқан қосымшасы бар [30, б.56-57, 32, б.297-298, 397-436].

«Бәсентиін шежіресі жалғасы» – он төртінші нұсқасы. Тарихи-эпикалық жанрға жатқыздық. Жағалбайлы, Жымған. Сөйтсе, бұлар Бәсентиін екен. Бұлғашбай, мұның баласы – Балқожа. Бұл Балқожаның бір қызын Жәуке керуенбасы алып, Сарысудан көшіріп алып келген. Балқожадан-Тасболат. Тасболаттан – Қисық, Шөлбай (Шолбай). Абылай ханнан: «Жалғызыма серік қылсын!» – деп, Бөжікті сұрап алған. Онан – туған Құлтөбе, мұның бабалары: Жанболат, Қоңырша. Аққыз-Жағалбайлы қатыны балаларының аты: Ақжігіт, Жанжігіт, Байжігіт-Қарқаралы жағына көшіп кеткен [32, б.302, 397-436].

«Бәсентиін шежіресі жалғасы» – он бесінші нұсқасы. Тарихи-эпикалық жанрға жатқыздық. «Төрт сары»: Айтай (Әйтей), Есенкелді, Андас, Келдес. Андасқа бір буаз қатын олжаға түсіпті: «Сарайкент» – жеріміз еді, «Сары абыз» – деген еріміз еді – депті. Сол қатын ұл тауып «Бұл анық иманы толық жерден шыққан бала» – деп, атын Иман қойыпты. Оның ұрпақтары кімсің десе, «Төртсары Иманбыз» дейді екен. Соңы Өмір бидің «Құтым» деген иті туралы, еркек бала алып келгеннен кейінгі оқиғалар айтылады [32, б.313-314, 397-436].



«Бәсентиін шежіресі соңы» – жетінші нұсқасы. Жанарыс-Қарақожа-Арғын-Кенжесопы-Бәсентиін-Күшік. Сүйіндік-Тоқшора-Әлімбет-Алтай-Төртсары (Иманның Төртсарысы екен) – Мұнан – 1-Мұрат. 2-Танаш. 3-Рысқұл. Мұраттан:1-Аралбай. 2-Байсейіт. 3-Жауқашар. 4-Жаубасар. Аралбайдан: 1-Тоқпан. 2-Ақпан т.б. Байсейіттен – Барақ, онан – Жабағы. Жауқашардан: 1. Сармырза. 2. Баймырза. Жаубасардан: 1. Тілеуберді. 2. Қуат. 3. Саржан. «Төртсары Тоқпан ұрпағымыз» – дейді Ажмаған деген бір жас. Рысқұлдан-Шыңдауыл, мұнан: Қошқар, Мойнақ [32, б.114, 397-436].

«Бинисығыр» атауының мәні» – әңгіме жанрына жатады. Қоршаған ортасы айқын көзге түседі, сол арқылы белгілі бір патшалықтың әлеуметтік тобы, қоғамдық ортасы танылады. Көтерген негізгі тақырыбы: Рум патшалығы туралы, елінің байырғы атауы жайында. «Жиутхион» кітабында жүз далаууалының 2 он екінші жыхиғасында Ибн Халханның Римді неге «Бинисығыр» дейді деп сұраған екен. Сондағы берген жауабы: Рум елінің бір патшасы отқа күйіп өліп, қатыны жесір қалып, қалған жұрт патшалықты біріне-бірі қимай, егер де үстімізге кім болса да кіріп келсе, соны патша қояйық деп келіседі. Содан, Иемен уалаятынан саудегер Румға келген екен, ол саудагердің бір құлы Хыбыш деген қашып, манағы жиналған жұрттың үстіне кіріп келсе керек, содан жұрт кім болса о болсын патша қылып, қатынды әперіп, бірі қара, бірі аппақ бір сары бала туған екен. Саудагер кейін танып қойып менің құлым деген екен, оған не сұраса соны беріп қоя беріпті. «Қисыр» фрынжи тілі: қазақша «Жеті пірің» – дейді. Еуропа жұрты мұның «қисыр» (кесерова – А.Қ.) іште туған баланы анасының қарынын жарып алу. Сол бала тірі қалып «Мен басқалардай а...нан шыққам жоқ!» – деп мақтанады екен. Содан Қисыр атаныпты. Хазірет Ғайса рухолла мұның заманында туған көрінеді. Рум патшалығы «Қисыр» атаныпты. Түрік патшасы – «Хақан» аталыпты, парсы патшасы «Кісери» аталыпты, Шам патшалығы «Әрқұл» аталса, Қыбти патшасы «Ферғұн» аталыпты. Иемен патшасы «Түбате», Хыбыш патшасы «Ныжаш», Ферғана патшасы «Жымшид», Мысыр патшасы «Сұлтан», Шын патшасы – «Фихор» аталған көрінеді. «Бинисығыр» атауы мәні Әулеттік мұрағатта сақталған Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы (3-папка, 74 б.) алынды [31, б.7-8, 338].

«Екі патшаның білместігі» – ертегі жанрына жатады. Мұнда адам өміріне, не хайуанат дүниесіне болуға лайық әр алуан қызық, кейде ғажайып оқиғалар орын алады. Мысалы, жыланның кездесуі, дәудің қызбен ойнас жасауы т.б. Негізгі тақырыбы: сенімділік, екі ғашықтың бір-біріне деген айнымас махаббаты. Мәні мен мазмұны қысқаша мынандай: Мысыр патшасы мақтанып, менен асқан адам жоқ депті. Сонда бір жігіт: – Неге жоқ бар, Басра шаһарының патшасы, – дейді. Сонда Мысыр патшасы сол адамды тауып әкел, әйтпесе, басыңды аламын дейді. Жігіт Басра патшасын алып келе жатқанда патша бір затым үйде қалып қойды, алып келе қоям деп үйіне кірсе әйелі бір еркекпен ойнас жасап жатыр екен. Патша екеуін де қылыштап өлтіріп, қайтып келеді. Содан Мысыр патшалығына келіп, екі патша дос болып әңгіме дүкен құрып жүреді. Екі патша күндердің күнінде сейілге шығады. Сөйтсе, Мысыр патшасының да әйелі бір жігітпен әуей болып жүр екен. Содан екеуі де бұ дүниеден түңіліп, адам көрмес жерге кетеді. Бірде шаршап ағаштың басына шығып отырса бір дәу келіп, әбдіресінің ішінен бір қызды алып ісін тындырыпты. Өзі ұйықтап қалғанда қыз манағы екеуін көріп қалып шақырыпты. Содан қыз басындағы мұңын шағып осы екеуін қосқанда тоқсан тоғыз жігітпен ойнас жасағанын айтады. Екі патша мынаның қасында біздікі тәуба екен деп, райларынан қайтып үйлеріне келген екен. «Екі патшаның білместігі» – бұл шығарма да Жолмұрат көшірмесі бойынша беріліп отыр. Бұл ертегі фабуласының бүкіл шығыс, араб әдебиетіне ортақ туынды «Мың бір түн» сюжетіне ұқсас болуы тікелей одан көшіру емес, қайта сол аңыздың ел арасында түрлі нұсқада таралу мүмкіндігін, әрі Мәшһүр-Жүсіптің бәрін қамтып жинау ерекшелігін танытады деп санаймыз» – дейді Н. Жүсіпов [31, б.16-18, 349].

«Ақжігіт пен Ізден абыз әңгімелері» – әңгіме жанры. Негізгі тақырыбы Ақжігіт пен Ізден абыздың тапқырлығы, оқу құмарлығы адамгершілігі сөз болады. Әңгіме тұңғыш рет зерттеліп отыр. Мазмұны қысқаша мынандай: Ақжігіттің қызы бір жігітпен қашып кетіп, бірнеше кісі көңіл айта келіпті, соның ішінде Малайдан тараған Есқара би жақсы сөз айтып, оған Ақжігіт қатты риза болыпты. Екінші, әңгімесі Бесім балалары Ақжігіт, Жанжігіттің көші туралы айтқан өсиеті. Сол сияқты Ізден абыз туралы да оның ел ішіндегі келелі сөзі жөнінде айтылады. Әңгіменің тілі де шұрайлы, көркемдік ерекшелігі де жоғары. Мысалы: Қыз ұзатқан қырғыз шапқанмен бірдей – мақал; жасау, жиен, қоржын – этномәдени лексика; ақ сүт берген, иненің жасуындай, арты сіздерге қайырлы болсын, құдай берген, қалың сорың, ат төбелідей, жаңа мойын қойдым, жұрт қатарлы, сөрелеп қойып, бесімнің бес саласы, жұрт құлай жығылып, ат басын шалдырып, көзім ілініп, түс көріп, аузынан оты шығып – фразеологизмдер, ырысыңа қой түнетсе де болады, сенің қаспағың қалың ырысың – афоризм; туатұғын, өлетұғын, кететұғын, беретұндығы // -тын және құйқылжымалы -тұн, -түн. формасының көне түрі, - тұғын тұлғасы жөнінде Мәшһүр-Жүсіптің тілі зерттелгенде айтылды. -Ға//-ша қосымшаларының барыс септігінің дерексіз зат есімге жалғануы арқылы –шы қосымшасының көне түрлену үлгісі. Абыз есімді анропонимдер: Өтеміс абыз, Елен абыз, Мәстек абыз, Керек-Жанай абыз, Керейіт-Шонай абыз, Ақкөл абыз, Ізден абыз, Самай абыз т.б. Ақжігіт пен Ізден абыз әңгімелері. Бұ мәтін аталған қордағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы (1178-папка, 199 б.) бойынша кіргізілген Қараңыз: Л. Жүсіпованың жазған түсінігін [31, б.270-274, 361].

«Жылқы дауы» – әңгіме. Көтерген тақырыбы: «Барымта мен сарымта». Жылқы дауына байланысты айтылған бітім, сөзге тоқтау, қазақтың әдеті мен ғұрпын көрсету. Қуандық, Сүйіндік және Қаракесек рулары өз ара дауласып, жылқы алып жүреді екен. Содан Қуандық, Сүйіндіктің тоқсан қос жылқысы Нұра бойында жатқанда Қарсынкерей – Жарылқап балалары батыр Ескенбай бастаған үш жүз кісімен жылқыға тиіп барымталапты. Сол уақытта Алтайдан шыққан батырлар Есенкелді, Алшағыр екеуі тізе қосып, үш кісіге қарсы тұрып ұрыс салыпты. Қашқанның ішінде Қырбас, Баубек қолға түспей Алшағыр әкесі Ерназарға келіп паналапты. Мұның алдында Қаракесек жылқы алып, Ерназар соны даулап, бітімге барған екен. Бұлар алдыңғы жылқысын даулап жүргенде, үйде қалған жылқысын барымталап кетуге аттанған екен. Жарылқап баласы Баубек Ерназарға ұрсыпты. Жарылқаптың бәйбішесі, Баубектің шешесі қолындағы шөмішпен баласын қақ басқа ұрып жіберіпті. «– Батыр болып атқа мініп, қонақ боп келген кісіде не ақың бар? Бұл далаға келген жоқ үйге келді. Сұрап келген жылқысын түгел қайтар!» – деген екен. Мінекей, осылай бітімге келіп, сөзге тоқтаған. Байқап отырғанымыздай барымтада үнемі төбелесіп, қырқысып отырмаған екен. Әділін айтып, билер төрелігін айтып, екі жақты бітістіріп отырған. Барымта деген жылқыны шауып алу ғана емес, ептілікті, батырлықты, жүректілікті де қажет еткен. Барымтада рудың ерлері сыналған, жігіттердің батырлығы айтылған, дәріптелген. Шығарма бірінші рет зерттеліп отыр. Бұл да сол қорға (1178-папка, – 302 б.) сүйеніп беріледі [31, б.261-262, 360].

«Бегім шайхының әйел туралы айтқаны» – Шығарма бұрын зерттелмеген. Лирикалық жанр. Екі сөйлемі қарасөзбен жазылған. 4 тармақты, 9 шумақты. Өлеңнің негізгі тақырыбы әйелдер туралы, олардың адамгершілігі жөнінде. Әйелдің бәрі бірдей еместігі, олардың да іс-әрекетіне қабілетіне қарай әр түрлі болатыны айтылады. Мәні мен мазмұны қысқаша мынандай: Бегім шайхы Абылай ханға пір болған екен. Қажыға жеті рет барған кісі, оқуы күшті, сауатты адам болған екен. Сол Бегім шайхы екі қатын алған екен. Қатындарының мінезін сынап өлең шығарған.

Мысалы:
Бір қатын, Алдым өзім екі хатун.

Мұсылманға нан қоймас бүтін,

Отыны жақсы қылар түтін,

Күйдім хатунның дүрдіден.

Екінші қатын: Ас пісірсе, қылар сұйық,

Нан пісірсе, қылар (...).

Еш қылмас (қылмыс) дүр (мінгестік).

Күйдім хатунның дүрдіден.
Өлең шағатай үлгісінде жазылған. Шағатайлық үлгідегі сөздер: достыларым, жаранларым, хатунның, дүрдіден, хатун, сөзлеп, ламаш, жаду, өлтүрер, һәм (шылау), басқанама т.б. -лар,-лер, -леп немесе -түр-ер (-түр//тір және келер шақ -ер) тұлғасы арқылы жасалған көне сөздер кездеседі [31, б.262-263, 360].

«Елди-ей, бөлди-ей» кіші жүздің ұраны. Тарихи-эпикалық жәдігер. Көтерген тақырыбы Кіші жүздің ұрандары, олардан тараған ұрпақтар туралы. Шежіренің құндылығы – онда жазылған Кіші жүздің тарихын білуге болады, әр рудың ұрандарын да білуге болатыны. Кіші жүз үш бөлімге бөлінеді: Әлім, Әлімұлы, Байұлы. Бұлардың үшеуі бірігіп «Алшын» – деп аталады екен. Немесе: «Үш Алшын» деп сөйленеді. «Жеті ру» – мыналар: Тама, Табын, Керделі, Керейт, Рамадан, Жағалбайлы, Тілеу. Кіші жүз ішіндегі «Жеті рудан» Керделі: Оның ұраны – Қожахмет. Таманыкі – Қарабура. Табындікі – Тосаған. Жағалбайдікі – Елди-ей, бөлди-ей. Әлім алты ата одан бөлінетін Тілеу ұраны –Арғымақ. «Жеті ру»: Керейт ұраны – Ақсақал. Байұлы он екі ата Беріш ұраны – Ағадай. Адай ұраны – Адай. Ысық ұраны – Бәйтерек. Алаша ұраны – Байбарақ. Масқар ұраны – Қаратай. Тана ұраны – Тана. Байбақты ұраны – Дәуқара. Алшын мен Жаппас ұраны – Баймұрат. Қызылқұрт ұраны – Жиенбай. 43 мәтін Кіші жүздің ұрандары. ОҒКҚҚ, № 1177 папка, 190-191 беттері бойынша даярланды. Қараңыз: 426 бетті [34, б.165, 426].

«Жақсы әйел» – Мәшһүр-Жүсіптің 40 жасында жазылған өлеңі болса керек. Лирикалық жанрға жатады. 4 тармақты, 25 шумақтан тұрады. 3, 4 бунақты, 11, 12 буынды. Өлең айшықтау (фигура) оқырманға әсерін күшейту жағынан да көрінеді. Мұнда жарлай арнаудың үлгісін де байқаймыз. Қара өлең ұйқасы жиі кездеседі:
Биязы сөзі жатық, майда болар,

Кеудесі – көңілі зерек – айна болар.


Аралас ұйқас та бар. Мына өлең жолы Абайдың «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, Осыменен доғарайын айта бермей» – дегенімен үйлесе келеді: «Өсекші, өлең шіркін, жұртқа жаяр». Екеуі де әнге, өнерге қатты мән береді де, жұрттың бағасын, құнын түсірмеуге шақырады. Құлағының тесігі бар, кір жуытпай, сөзі жатық, жақсы құлақ (құйма құлақтың варианты), салмас құлақ – фразеологизмдер, кеудесі – көңілі зерек – айна болар – метафора т.б. ұшырасады. Құманға жолдас болмай, қатын оңбас, Ыдысында іші қуыс кіршік болмас – мақал. ҰҒА ОҒК қорында. Және Мәшһүр-Жүсіп жазбасы 1176 папка: 270 (362) -271 (363) – беттері бойынша әзірленіп, әулеттік мұрағаттағы Мұхаметфазыл, Жолмұрат көшірмелерімен салыстыру жүргізілді. Қараңыз. 395 бетті [9, б.156-158, 395].

«Байдалының Исасына» – лирикалық шығарма. 4 тармақты, 25 шумақтан тұрады. Өлең негізінен Байдалының Исасына арналған. Өлең зерттеушілер тарапынан өзінің әділ бағасын алған жоқ. Көркемдік мазмұны өте жоғары. Өлең Баянауыл өңірінде тұрған тарихи тұлғаларды суреттеуімен құнды. Мен ақынның өзі өлең бірінші жақтан – ақынның атынан айтылады. Баянауылға жәрмеңкеге келген ақын түкте ала алмаған соң мешітке кіріп, Исамен жолығады. Айдаболдан талай танымал адамдар шыққан, олар: Бабыр, Құлнияз, Байдалы, Сары, Құнды. Сол Байдалының ұлы осы – Иса. Ағасы Мұстафа, Мұса, Секербайлар заманында малды, бай адамдар болған екен. Мүсілім, Жәпек, Иса өте күшті адамдар болған. Талай балуанның жанбасын жерге тигізген екен. Мәшһүр-Жүсіп сол уақыттағы қазақ арасындағы болыстыққа таласуды да қатты шенейді, сынға алады. Мінекей, өлеңнің қысқаша мазмұны осындай. Өлеңнің тілі жатық, қазақтың көркем сөздерін де қолданған. Айталық, Қорқады қарасынан дұшпан шошып, Түсірер шалқасынан бір-ақ тосыпгипербола, Арыстан айбатындай арыстандар – теңеу, метафора, Жығылып, мойыны астына жаман түсті, алысқан айдаһарын жерге тыққан – литота, уезге, Стабалов, редакторге, форымыңыз – кірме сөздер, өнерпаз өрге жүзер – мақал. Шығарма Жолмұрат және Мұхаметфазыл жазбалары бойынша кіргізілді. Өлең соңында Жолмұрат ескертуі келтірілген: «Мәшһүр-Жүсіптің Байдалының Исасына, Мүсілімге, Жәпекке сайлау туралы шығарма». Екінші бір ескертпе: «15 жыл атаның баласы екі жік болып, партияға таласқанда, Қарақозы баласының Малқосы: Исабекке істеген өнерін Жәпек, Иса, Мұса, Сәлімнің ... шығарған». Қараңыз: 431 бетті [9, б.309-311, 431].

«Бердібек Қазанғапұлына» – лирикалық жанрға жатады. 4 тармақты, 18 шумақты, бір шумақ тек қана екі тармақты. Айшықтаудың бір түрі арнауға құралған сияқты. Тұңғыш рет зерттеліп отыр. Негізгі тақырыбы тарихи тұлға Бердібек Қазанғапұлының шынайы портретін жасау болғанымен, ақын көбіне адам қандай болуы керектігіне назар аударады. Сол арқылы тек қана Бердібекке қана емес, бердібекшілерге де арнау айтады. Шығарманың қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: алдыңғы төрт шумақ арнау беташар іспетті. Оқиға желісі одан кейін барып өрбиді. Кейде жарлай арнау үлгісіне де ақын түсіп кетеді. Көркемдік жағына келетін болсақ, Мәшһүр-Жүсіп тілінің бай екендігі көрінеді. Мысалы: ауызы аңқайып, шөп шықпас, ажал келсе – тұрақты тіркес, ағаштың бәріне де бітпейді жеміс – мақал, біз – түлкі, ажал – бүркіт нәпсіміз – аждаһа, тіл өткір – қылыш, тамырың – алпыс екі жіп – метафоралар, қатпа сиыр, қотыр тайлақ, сүлтік торы – эпитет. Ұма//Ұмай сөзімен қатысты: Умасын салақтатып, қайттым айдап тіркесі де ұшырасады. Мұхаметфазыл жазбасы бойынша әзірленген. Қараңыз: 431 бетті [9, б.311-313, 431].

«Балтакерей – Тұрсынбай батыр» – бірінші нұсқа. [54, 4 мәтін Қырғызға жорығы, Тұрсынбай батыр]. Тарихи-эпикалық жәдігер. Бұның бойында синкреттік жанрлық сипаттар қосылып жатқан сияқты. Айталық, шежіреде тек қана тарихи оқиғалар, ауызша деректер көбірек орын алғаннан кейін оны тарихи-эпикалық жәдігер деп атаймыз. Ал, мына жәдігердің бойында мифтің де, аңыздың да, әңгіменің де, очерктің де түрлерін ұшыратамыз. Демек, алдыңғы шежіреге қарағанда әңгіме жағына ауысатын жағы көбіректеу көрінеді. Сондықтан да, бұл тарихи-эпикалық жәдігерден жанрдан көрі тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Шежіреге тарихты қосқанымыз көбіне ауызша тарихи оқиғаларға, нақты тарихи тұлғаларға тоқталады, эпиканы қосқанымыз шежіренің бойынан эпостық шығармаға да арқау боларлық оқиғаларды сыртқы объективті шындық, күллі халықтың психологиясы, ұлттық даму заңдылығы, динамикасы көрінеді. Одан қалды дәуір шындығы, қоғамдық формацияның өту кезеңдері, тілі де анық байқалады осы жағынан кең құлашты эпикаға ауысады. Жәдігерді қосқанымыз – шежіре біреудің ойдан шығарғаны емес, ауызша жеткен тарих, оның бойындағы оқиғалар негізінен тарихи деректерге сүйенеді. Демек, қолмен ұстап көретіндей ескінің көне көзіндей сақталған жәдігер болғандықтан «жәдігер» дедік. Бұл үш түрлі анықтама күллі шежіренің жанрын айқындайтұғын басты-басты белгілер деп ойлаймыз. Сонымен, бастапқы ойымызға қайтып оралатын болсақ, Абылай Балтакерей Тұрсынбайдың ерлігін, батырлығын, ер жүректілігін сынайды. Әңгіменің негізгі тақырыбы Балтакерей Тұрсынбайдың бейіттің ішіндегі отқа жағатын ағашты алып келуі. Сол арқылы дүйім жұртқа ерлігі сыналады. Сыннан өтеді. Тіпті өзінің 16 жасында аузына түскен жыланды қалай тісімен екіге бөліп жібергеніне дейін айтылады. Әңгіме шежіренің бойынан тілдік материалдарды да сүзіп алуға болады. Мысалы: құс ұшпас, құлан жортпас, сам жапырап, жарқырап жаз, күркіреп көк шыққан – тұрақты тіркестер, көн етікті демесең, көпке татыр өзім бар, көн садақты демесең, көпке тиер сөзім бар, өлген менің көрімде әкеңнің көз құны бар ма – афоризм, жыланды аузымен екі бөліп түсіру – ұлғайту т.б. Өлтіретұғын, келмейтұғын – тұғын формасының қолданысы ұшырасады. Қараңыз. ҚПЖӘМ, Мәшһүр жазбасы, 2 том, 52-56 беттер. ОҒКҚҚ, № 1170 «б» папка, 745-750 беттер. ОҒК, № 829 папка, Ә. Марғұлан көшірмесі, № 1 дәптер, 4 (10)-5 (11); 1-4 б. [34, б.184-186, 434, 45, б.24-26, 46, б.66-67].

«Балтакерей – Тұрсынбай батыр» (Екінші нұсқасы). Ауызша жиналған тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Алғашқы нұсқасынан көп айырмашылық жоқ. Мәні мен мазмұнында алшақтық байқалмайды. Алатауға, қырғызға бірі жорыққа аттанғанда Балтакерей Тұрсынбайды Абылай бейіттің ағашын алып кел деп сынайды. Алдын-ала Абылайдың екі жігіті көрдің ішіне кіріп тығылып жатады. Абылай түк білмегенсіп, Балтакерей Тұрсынбайды отынға жұмсайды. Әлгі жігіттердің өзін қорықпай, саспай-ақ шап беріп өлтіріп тастай жаздайды. Тамақ ішіп отырғанда Абылай Тұрсынбайға шынымен ештеңеден өміріңде қорықпадың ба деп сұрайды. Сонда Тұрсынбай дем алуға жатып, көзі ілініп бара жатқанда аузына кіріп келе жатқан жыланды тісімен қырқып екіге бөліп жібергенін де айтады. Мінекей, Балтакерей Тұрсынбай ерлігі осылай елге паш болыпты. Екінші нұсқада: ұлтта, байқап келші, Барды да қайта келді, алмады, құздан мал құлап, үлесті, піс тамақ таусылды, осы баяғы көп моласы бар суға деген сөздер түсіп қалған, соңында төрт жолдай Мәшһүр-Жүсіптің «Бұрынғы заманда батыр деп осындай жандарды айтады екен. Бұл уақытта торғайға әлі келмейтұғын бөдененің жұмыртқасындай немелерді батыр, батыр дейді. Онысы қанды шелек, көк тақым ұры. Кигеніне қарасаң қуыс қурай...» деген жолдар мүлдем жазылмай қалған [31, б.133-134, 352, 45, б.24-26, 46, б.66-67].

«Балтакерей – Тұрсынбай батыр» (Үшінші нұсқасы). Тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Көтерген тақырыбы Абылайдың жорықтары, Балтакерей Тұрсынбай батырды сынауы. Батырдың айтқан ерлігі, жалпы тарихи тұлғалардың батырлығын суреттеу. Қысқаша мазмұны алдыңғы нұсқалардай. Абылай ханмен қосылып Алатауға жорыққа аттанып бара жатқанда жолшыбай Балтакерей Тұрсынбайды Абылайдың сынағаны. Және де Балтакерей Тұрсынбайдың ерліктері жөнінде. Этномәдени лексика: көн етік, көн садақ, олжа, мола, бетағаш, қол, ақырет, көр т.б. Күн шайдай ашылды, қас қарайып, құс ұшпас, құлан жортпас, қыс түсіп, ерте жарықта, әкеңнің құны, сам жамырап, қара сүйек, көк тақым ұры, қуыс қурай – тұрақты тіркестер. Бұл – вариантта: Бұрынғы заманда «батыр» – деп, осындай жандарды айтады екен. Соңғы: «Бұл уақытта торғай әлі келмейтұғын бұ дүниенің.. сондай немелерді: «Батыр, батыр!» – дейді. Онысы-қар (а) сүйек, көк тұқым ұры. Кескініне қарасаң, қуыс қурай құрылы ауқаты жоқ. Ұрлық қылғанына мақтап асын (апын) көтергені екен. Әне-заманның жұмысы» – деп, Мәшһүр-Жүсіптің айтқандары алдыңғыдан көп өзгеше [31, б.135-136, 352, 45, б.24-26, 46, б.66-67].

«Балтакерей – Тұрсынбай батыр» (Төртінші нұсқасы). Тарихи-эпикалық әңгіме жанрына жатады. Көтерген тақырыбы Абылайдың жорықтары, Балтакерей Тұрсынбай батырды сынауы. Батырдың айтқан ерлігі, жалпы тарихи тұлғалардың батырлығын суреттеу. Қысқаша мазмұны алдыңғы нұсқалардай. Абылай ханмен қосылып, Алатауға жорыққа аттанып бара жатқанда жолшыбай Балтакерей Тұрсынбайды Абылайдың сынағаны. Және де Балтакерей Тұрсынбайдың ерліктері жөнінде. Төртінші нұсқаның өзгешелігі бірсыпыра. Бірінші әңгіме бірден Абылайдың серіктері Тұрсынбайға жолығып, оның түсі суық қатқыл жауап қатқанынан басталады. Содан Абылай нөкерлері өздері бұрылып келіп сәлем береді. Тұрсынбайдан жөн сұрағанда ол:
Алғанымның назы үшін,

(Қара) сабам жоқ үшін,

Қатын – бала қамы үшін,

Айыр өркеш түйе үшін,

...ер жортар мал үшін...
– деп жауап береді. Әрине, ауызша жазылған тарихи оқиға болған соң бұл афоризмнің кейбір жолдары Ақтанберді, Махамбет жырларында да кездеседі. Бұл – нұсқаның басқасына қарағанда біршама тіл ерекшелігі бар. Мысалы: оқтай ұшырады, түсін суытып, зәресі ұшып, бойына сенген, бет қайтпас, тіл алайық, атыңа қанық едім, жүзіңе танық едім, ұзын аққан су, түс мезгілі, ат шалдырып, көп ұлт, қорым мола, күрделі ел, сүйретіп қыс келді, салы суға кетіп, көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болады, жарқырап жаз шықты, күркіреп көк шықты, шайдай ашылды – фразеологизмдер, жерге кіріп кете жаздады – литота, білектей қара шұбар жылан, жыланның ортасын жұтып жібердім – гипербола т.б. кездеседі.

Мынандай: эпостық жырларда кездесетін элементтер бар:


Демеді ме: «Күнелтті», демесең,

Көпке татыр өзім бар,

Садақты демесең,

Көпке тиер сөзім бар!

Қорқатын жауым желкемде

Басқа мақұлықтан

Шіміркенбейтін кезім бар!

Мен – Балтакерей: Тұрсынбай! – дейді.
Бұл мәтіннің 4 нұсқасы бізге келіп жетті. Оның біріншісі – 8-томға (184-186) енсе, екіншісі әулеттік мұрағаттағы 11-папкадан (280-283 б.) алынып берілді. Үшінші нұсқа алдында сөз болған қордағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы (1170-папка, 745-750 б.) бойынша кіргізілсе, төртіншісі де сол қорға (1177-папка, 252-253 б.) сүйеніп әзірленген. Қараңыз: осы томдағы 352-бетті [31, б.137-139, 352, 45, б.24-26, 46, б.66-67].

«Әкесі басқа адамдар туралы» – бірінші нұсқасы. Әңгіме жанрына жатады. Әңгіменің сюжеті тарихи адамдардың төңірегінде өрбиді. Қазақтардың әйелдері ойнас жасағанды онша әбес көрмесе керек. Қажет болса, текті адамдардан тұқым алып қалған сияқты. Ш. Уәлиханов: «Бұл әдет тіптен масқара, үйткені қыз қалпында ойнас жасау қазақтарда үлкен күнә боп саналмайды және күнәкар қызға дәл европалық қоғамдардағыдай абыройсыздық пен арсыздық әкелмейді» – деп жазғаны, осы – әңгіменің мәні мен мазмұнына қайшы келмейді. Бірінші және екінші нұсқасында да басқа атадан жасырын тауып алған балалар, олардың текті әкелері жөнінде айтылады. Және де баланың нақты әкесі кім екендігін әйелдің өзі жасырмай айтатын болған. Бұл әңгімеде де Мұсат деген баланың әкесі Керей екен, нашар адам болса керек, әйел Қызжәнібек деген ауқатты адамнан ойнас (өнерінен) қылып тауып алыпты. Екінші, Орманшы-Қайдауыл-Өтек. Өтектің баласы Заңсүлеймен деген бір жігіт Тәнті мырзаның үйінде отырып мендей жігіт жоқ деп мақтаныпты. Сонда шешесі Әлифа: «Сен мақтанба, сенің әкең Байтоғайды мына жұрт көріп отыр. Саңқайдың Нұрпейісінен (еңбегінен) туған баласынан» – дейді. Сен түгіл Тәнтінің өзі Бірденбайдың жалғызы Нұрпейістен пайда болған дейді. Үшінші – үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның өзі Боштайдың баласы, әкесінің аты – Байжан, шешесінің аты – Нағжан (Нағнан). Жаяу Мұсаның өзі жас күнінде «Баласы сол Боштайдың! – деп айтады, Білмесе, қазақ оны неге айтады?» – дейді екен. Әңгіме кейбір тарихи деректерімен құнды. Әңгіменің эстетикалық көркемдігі де жоғары. Әрине, әңгіме талғамы жоғары, ересек адамдарға арналған. Әңгіменің тілі де шұрайлы: құрттай – литота, оқытатұғын, туатұғын, алмайтұғын сөздері –тұғын формасы арқылы жасалған, сөз сөзден туады, сөйлемесе, қайдан туады, шын сөз рас сөз, аталы сөзге арсыз таласады, ат биеден туады– мақал, ат арқасына мініп, үш жүзге атағы шыққан, жақсымен айқасып, ауызға ілініп, көзге түсе бастады, қасқа маңдай, екі қырғидан су қараңғы туады, ұзын сөздің қысқасы – тұрақты тіркес. «Баласы сол Боштайдың! деп айтады, Білмесе, қазақ оны неге айтады?», «Ұрлық қыл да, мал тап, Ойнас қыл да ұл тап», «Көңілсіз жұмыстан көтсіз бала туады» – афоризм. Сөз соңында Мәшһүр-Жүсіп «Қағаз таусылып, сөз аяғы орындалмай қалды» – деп ескертіпті Л. Жүсіпова. Мәтіннің алғашқы нұсқасы аталған қордағы Мәшһүр-Жүсіп жазбасы (1177-папка, 13-14 б.) бойынша әзірленсе, екіншісі 1177-папка, 135-146 б. негізінде даярланды. Қараңыз: 360 бетті [31, б.257-258, 360, 47, б.202]


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет