МИКРООРГАНИЗМДЕРДІҢ ТАЗА ӨСІНДІЛЕРІН БӨЛІП АЛУ ТӘСІЛДЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КОЛОНИЯЛАРЫНЫҢ ФОРМАСЫН ЗЕРТТЕУ
Сабақтың мақсаты: Микробтардың жекеленіп алынған колонияларын шыны түтіктердегі ЕПС мен қиғаш қатырылған ЕПА-ға қайта сеуіп, өсіндінің тазалығын тексеру. Колониялардың формасын, мөлшерін, консистенциясын, бетін және тағы басқа белгілерін анықтауды үйрену. Микроорганизмдердің сұйық және тығыз қоректік орталарда өсу ерекшеліктерімен танысу.
Жабдықтар мен материалдар. Алдыңғы сабақтардағы микробтар қоспасы себілген тығыз қоректік ортасы бар Петри шынылары. ЕПС мен қиғаш қатырылған ЕПА бар шыны түтіктер. Микробиологиялық ілмектер. Пинцеттер. Бояғыштар: Пфейффердің фуксині, метилен көгі, генциафиолет. Люголь ерітіндісі. Тамызғыштардағы спирт. Зат және жамылғы шынылары. Қарындаштар (шыныға жазатын). Жағынды жасап, препарат дайындауға арналған құрал-жабдықтар. Спирт шамдары. Шыны түтіктердегі және Петри шыныларындағы және басқа микробтардың кеі тәуліктік өсінділері. Кестелер.
Микроорганизмдің таза өсіндісін бөліп алу. Әдетте, зерттеуге алынған матералда микробтардың бір ғана түрі емес, көптеген түрлері кездеседі. Солардың ішінен керекті микробтардың бір түрін бөліп алу үшін бірнеше тәсілдер қолданылады.
Сұйылту тәсілі. Зерттеуге алынған матерал ас тұзының изотониялық ерітіндісінде сұйытылады. Материалдың түрі мен ондағы микробтардың мөлшеріне байланысты сұйылту 10-2; 10-3; 10-4; 10-5 және т.б. болады. Сұйылту көбейген сайын микроьтар саны азая түседі. Бұл жағдай микробтардың жекеленген жасушаларын бөліп алуға, демек таза дақыл алуға мүмкіндік береді. Бұл үшін кейінгі сұйылтулардан тығыз қоректік орталарға себінді жасайды. Осы тәсіл әр микроб жасушасынан жекеленген колониялар басқа қоректік орталарға қайта себіледі. Олар таза өсіндінің негізін құрайды.
Ыдырата себу. Петри шынысындағы ЕПА-ға зерттеуге алынған материалдың бір тамшысын тамызып, стерильді шпательмен біркелкі таратады. Сонан соң шпательдегі микробтардың қалдығын, екінші шыныдағы ортаның бетіне таратады. Осылайша шпательді бірнеше қоректік орталардың бетінен өткізеді. Кейінгі шыны аяқтарға микробтар аз түседі, санаулы колониялар пайда болады. Бұл колониялардан микробтардың таза өсінділерін өсіруге болады.
Элективті орталардың көмегімен өсінділерді алу. Барлық микробтар қарапайым қоректік орталарда өсе бермейді. Белгілі бір түрдің микробтарын өсіруге арналған қоректік орталарды элективті немесе таңдаулы деп атайды. Бұл орталарды орыс микробиологы С.Н. Виноградский ұсынған (1888-1890жж). Нитрифицирлеуші бактерияларды зерттей отыра, С.Н. Виноградский олардың қоректік орталарға органикалық заттарды қосқанда өспеуін байқайды, ол минералды орталарды қолдана отырып, нитрификаторлардың өсінділерін алды. Сүт қышқылды бактериялардың элективті ортасы – сүт. Лактозаны ашыта отырып, олар қышқыл түзіп алкалифилдердің (аммонификаторлар мен басқа микроорганизмдердің) өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды.
Туберкулез микобактерияларын бөліп алу үшін глицеринді ет-пептонды, глицеринді-крахмалды, белокты және басқа қоректік орталарды қолданады. Мұндай орталарға (Петраньяни, Левенштейн-Ненсен) бөгде микробтардың өсуін тежеу үшін әр түрлі бояғыштарды (малахитты жасыл, көгілдір генцианфиолет) қосады. Зең саңырауқұлақтар мен ашытқыларды көмірсулары бар қоректік орталарда өсіреді (қызбаған сыра ашытқысы және т.б.). мұндай орталарда қанттың мөлшері 6-80Б шамасында болуы керек. Бұл орталарға актидион антибиотигін қосып, трихофитонды өсіруге арналған элективті ортаны дайындауға болады. Актидион басқа саңырауқұлақтардың өсуін тежеп дерматофиттердің өсуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұл ортадан басқа да элективті орталар бар.
Бациллаларды бөліп алудың тәсілі. Зерттеуге алынған материалда микробтардың споралы және спорасыз формаларының болуы мүмкін. Оларды материалдан 70-800С температурада 10-15 минут ішінде қыздыру арқылы бір-бірінен бөліп алуға болады. Мұндай температурада микробтардың вегетативті формалары бөлініп, тек қана спора түзетін тұрлері (бациллалар) ғана тірі қалады.
Дақылды биологиялық әдіспен тазарту тәсілі. Патологиялық материалдардан ауру қоздырғышын бөліп алу үшін зертханалық жануарларға осы материалды жұқтырады. Егер жорамалданған өсінді ұрық түзетін болса, материалды су моншасында қыздырады. Осындай суспензияны сезімтал жануарлардың организміне енгізгенде (мысалы,қарасан ауруына күдіктегенде теңіз шошқасына егеді), тәжірибедегі жануар 18-36 сағаттан соң өледі. Элективті ортаны қолдана отыра, өлген жануардың органдарынан ауру қоздырғышын бөліп алуға болады (мысалы, Китта-Тароцци ортасында). Пастереллез ауруының қоздырғышын ішек таяқшалар мен стафилококктардан және басқа микробтардан бөліп алу үшін ауруға сезімтал үй қоянын жұқтырады. Егер қоспада пастереллалар болса, онда бір тәуліктен соң олар жануардың өлуіне себепкер болады. Өлген үй қояндарының органдарынан қоректік орталарға себінді жасайды. ЕПА-нда пастереллалар ұсақ мөлдір колония құрайды, ал ЕПС біркелкі лайланып, шыны түтік түбінде тұнба пайда болады. Бұл тұнба шыны түтікті шайқаған кезде бұрымша ретінде жоғары көтеріледі.
Микроорганизмдердің тығыз және сұйық қоректік орталарда өсуі. Әр микробтар өсінділері қоректік орталарда өздеріне тән колонияларды құрайды. Соған байланысты тығыз қоректік орталарда өскен колониялардың мынадай белгілері болады: Формасы: дөңгелек, сопақ, тармақталған және т.б. Мөлшері: нүкте тәріздес, шық тәріздес, диаметрлері 1 мм-ден аспайтын, ұсақ ( d 1-2 мм), орташа (2-4 мм), ірі (4мм-ден көп) колониялар. Беті: тегіс немесе қатпарлы, күңгірт немесе жылтыр және т.б. Мөлдірлігі: мөлдір және мөлдірлігі әр деңгейде. Консистенциясы: шырышты, ұнтақты, тығыз және т.б. Пигмент: қызыл, сары, қара, көк және т.б. Қызыл пигментті кейбір актиномицеттер, ашытқылар, бактериялар түзеді. Қызыл пигменттерді ғажап таяқшалар, көк пигментті көк ірің таяқшасы түзеді. Сары түсті пигменттер стафилококктар мен сарцина жасушаларында кездеседі. Қара немесе қоңыр пигменттерді кейбір саңырауқұлақтар түзеді.
Микробтардың сұйық ортада өсуі. Кейбір микроорганизмдер қоректік орта бетінде жұқа қабық құрса, ал кейбіреулері қатпарлы, жылтыр қабықтар құрап өседі. Бірнеше микроорганизмдердің өкілдері қоректік ортаның бетінде сақина тәріздес форма құрайды. Ортаның түсі микробтардың шығаратын пигменттерінің түсіне байланысты болады. Қоректік ортаның лайлануы да микроорганизмдердің түрлеріне байланысты. Тұнба түйіршікті, мақта тәріздес болып келеді.
Микробтардың етті-пептонды желатинде өскен микроорганизмдер келесі колонияларды құрайды: Формасы: дөңгелек, сопақ, бұтақталған.
Мөлшері: нүкте тәріздес (ұсақ), орта, ірі. Мөлдірлігі: мөлдір және мөлдір емес. Шеті: тегіс, жыртылған, қалақ тәріздес, тісті доңғалақ тәріздес. Беті: күңгірт, жылтыр, тегіс немесе қатпарлы. Желатинді ыдыратуы: тез, баяу.
Микроорганизмдердің шаншу бойында өсуі. Қоректік ортаның үстіңгі жағында аэробтар өседі, ал төменгі жағында анаэробтар өседі.
Шаншу сызығы: жаппай, тізбек тәріздес, шырша тәріздес (тік немесе аударылған), қауырсын сықылды және т.б.
Сұйылтуы: жаппай воронка тәріздес, кратер сықылды, шұлық тәріздес және т.б.
Газ түзуі: газ көпіршіктері түзіледі немесе олар болмайды. Жоғарғы температурада желатин өздігінен сұйылады.
Әдебиеттер:
1 Бұлашев А.Қ., Сұраншиев Ж.А., Жұмабаев Х.Ж. Жалпы микробиология пәнінен ветеринариялық медицина факультетінде оқитын студенттердің зертханалық тәжірибе сабақтарына арналған әдістемелік нұсқауы. Астана, 2005ж. 36-39 беттер. 2 Асонов Н.Р. Практикум по микробиологии // Москва, «Агропромиздат». 1988. С. 62-68. 3 Костенко Т.С., Скаршевская Е.И., Гительсон С.С. Практикум по ветеринарной микробиологии и иммунологии // Москва, «Агропромиздат». 1989. С. 67-70..
Бақылау сұрақтары: 1 Микроорганизмдердің таза өсіндісін бөліп алу тәсілдері және олардың мақсаты. 2 Микроорганизмдердің тығыз және сұйық қоректік орталарда өсуі.
Он бірінші зертханалық-тәжірибе сабағы
МИКРОБТАРДЫҢ ТҮРІН АНЫҚТАУ. КӨМІРСУЛАРДЫҢ АШУЫ МЕН БЕЛОКТАРДЫҢ ЫДЫРАУЫ
Сабақтың мақсаты. Микроорганизмдер өсінділерін май қышқылды ашу және белокты заттардың аммонификациясына тексеру.
Жабдықтар мен материалдар: микроорганизмдер өсінділерін қайтара себуге қажетті шыны түтіктердегі ЕПА және ЕПС. Микробиологиялық ілмектер. Пинцеттер. Зат және жапқыш шынылар. Физиологиялық ерітінді. Генцианфиолетпен боялған сүзгіш қағаздар. Люголь ерітіндісі. Этил спирті. Пфейффер фуксині. Құм сағат. Спирт шамы.
Микроорганизмдер өсінділерінің аммонификациясына тексеруге қажетті заттар: Көлемі 150 мл болатын Эрленмейер колбасы. Әрбір колбаға 50 мл-ден құйылған 3% пептоны бар ет сорпасы. Қызғылт лакмус қағазы. Күкіртсутек пен индолды анықтауға арналған сүзгіш қағаз жолақтары. Пергамент қағазы. Колбалар мен шыны түтіктерге пергамент қағаздарын бекітуге арналған резеңкелер.
Микроорганизмдер өсінділерін май қышқылды ашуға тексеруге қажетті заттар: Шыны түтіктер немесе көлемі 100 мл болатын колбалар. Шикі, тазартылмаған картоп. Скальпель. Петри шынылары. Бор. Электр немесе газ плита. Су моншасы. Термометр.
Өсінділерді май қышқылды ашуға тексеру. Май қышқылды ашудытудыратын микробтар (Cl. butyricum, Cl. pasteurianum, Cl. pectinovorum және т.б.) облигатты анаэрбтарға жатады. Олар топырақта, қида және түрлі заттарда кездеседі. Май қышқылды микроорганизмдердің әсерінен қант май қышқылы мен газға ыдырайды.
С6Н12О6→СН3СН2СН2СООН+2СО2+2Н2
Май қышқылды ашуды анықтау үшін картоп қосылған қоректік орта қолданылады. Ол үшін шикі, тазартылмаған картопты ұсақтап турағаннан кейін микробиологиялық шыны түтікке (1/4 көлемінде) салады. Оған шай қасықтың 1/3 бөлігіндегі бор мен 2/3 бөлігінде құбыр суын құйып, 10 минут бойы +800С-та су моншасында ұстайды. Жуылған және тазартылған картопты қолданған жағдайда шай қасықтың ұшымен (1/4 бөлігінде) топырақ қосады. Сосын шыны түтіктерді термостатқа (+350) қояды. 2-3 тәуліктен кейін онда май қышқылды бациллалар дамиды. Ашу процесі кезінде көмір қышқыл газы мен сутегі түзіліп, картоп кесінділерімен бірге сұйықтықтың бетіне қалқып шығады. Микроскопиялау кезінде Люголь ерітіндісімен өңделген май қышқылды бациллалар көк түсті болып көрінеді. Картоп ортасында өсірілген микробтардың денесінде крахмал тәрізді зат – гранулеза жиналады. Ондай микробтар йод ерітіндісімен әрекеттескен жағдайда көк түсті болып көрінеді. Ұршық тәрізді жасушаларының бір ұшында орналасқан түссіз споралары жақсы көрінеді.
Өсінділерді белокты заттардың аммонификациясына тексеру. Ұйыған жұмыртқа белогы қосылған ет пептон сорпасынан шіріткіш микроорганизмдердің әсерін анық байқауға болады. Мұндай микробтардың ферменттері ұйытылған жұмыртқа белогын ыдыратып, қорытып жібереді. Ол үшін құрамында 3% пептоны бар ет пептон сорпасын Эрленмейер колбаларына немесе үлкен шыны түтіктерге 30-50 мл-ден құйып, топырақ үлгілерін қосады. Микробтардың тіршілік әрекетінен пайда болған өнімдерді анықтау үшін колба мен қақпақша арасына дистильденген сумен ылғалдандырылған қызғылт лакмус қағазын (аммиакты анықтау үшін), сірке қышқылды қорғасын ерітіндісімен қанықтырылған (күкіртсутекті анықтауға) және 12% қаныққан қымыздық қышқылымен өңделген сүзгіш қағаздарды (индалды анықтауға) қыстырады. Дайын болған колбаларды немесе шын түтіктердің қақпақшаларын пергамент қағазымен жауып, жіппен байлағаннан кейін термостатқа (2-3 тәулікке) қояды. Микробтар аммиак түзген жағдайда қызғылт лакмус қағазы көгереді, күкіртсутек болғанда сірке қышқылды қорғасынмен өңделген қағаз қараяды, ал индол болған жағдайда қымыздық қышқылы батырылған сүзгіш қағаз қызғылт түске боялады.
Микробтардың өсінділік қасиеттері зерттеу микроскопия арқылы іске асырылады. Ол үшін өсінді сұйықтығынан жағынды жасап, Пфейффер фуксинімен бояйды. Аммонификация процесінің қоздырғыштары түрлі формада және көлемдерде көрінеді.
Микробтардың түрін анықтау. Бөлініп алынған микробтарды ЕПА мен ЕПС-на қайтара себінді жасағаннан кейін микробтардың түрін анықтайды. Ол үшін дайындалған жағындыны Грам әдісімен бояп, микробтардың формасын, капсуласын және спораларын, ал жас таяқша тәрізді микробтардың жылжымалы қасиеттерін зерттейді. Макроскопиялық зерттеу арқылы олардың колонияларына сипаттама береді. Сосын микробтардың биохимиялық (сахаролиттік, протеолиттік және т.б.) қасиеттері зерттеледі.
Микробтардың тыныс алуы. Басқа организмдер тәрізді микробтардың тіршілігіне де энергия үздіксіз жұмсалып отырады. Микробтар химиялық реакциялардың нәтижесінде пайда болған энергияның бір бөлігін пайдаланса, қалғандары сыртқы ортаға бөлініп шығып, орта температурасының жоғарылауына себепші болады. Тыныс алу түрлеріне байланысты барлық микроорганизмдер аэробты және анаэробты болып екі топқа бөлінеді. Аэробты микроорганизмдер тіршілігі үшін ауадағы оттегін пайдаланады, ал анаэробтылардың тіршілігі оттегінің қатысуынсыз жүреді.
Анаэробтарды өсіру. Анаэробты микроорганизмдер сутегінің асқын тотығын ыдыратуға қатысы бар каталаза ферментін түзбейтіндіктен оттегі жоқ ортада өсіп-өнеді. Ондай микробтардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдайлар жасаудың бірнеше тәсілдері бар.
Физикалық әдісте анаэробиоз вакуумдық насос арқылы іске асырылады. Ол үшін микроорганизмдер себінділері бар эксикатордағы ауаны манометрі бар насоспен сорып алып, оны анаэробты өсіруге арналған термостатқа қояды.
Химиялық әдісте оттегін химиялық заттардың көмегімен жояды. Құрамында пирогаллол және 10%-натрий гидроксиді бар өсінділерді герметикалық жабылатын ыдысқа салып, термостатта өсіреді.
Биологиялық әдісте аэробтар мен анаэробтарды бірге өсіреді. Ол үшін Петри шынысындағы ЕПА-ын екіге бөліп, бір бөлігіне аэробтыларды ал екінші бөлігіне анаэробты микроорганизмдерді себеді де Петри шыныларының айналасын парафинмен бекіткеннен кейін термостатқа қояды. Бастапқы кезде аэробтар өсіп, оттегі таусылғаннан кейін анаэробтардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай пайда болады.
Аралас (комбинирленген) әдісте анаэробиоз бірнеше әдістерді қатар үйлестіру арқылы іске асырылады. Ол үшін Китта-Тароци (ЕПБС) ортасының бетіне индиферентті вазелин майын құйып, газдар мен оттегін жою үшін су моншасында қайнағанға дейін қыздырады.
Әдебиеттер:
1 Асонов Н.Р. Практикум по микробиологии // Москва, «Агропромиздат». 1988. С. 68-72.
Бақылау сұрақтары: 1 Май қышқылды ашуды қоздыратын микробтар. 2 Өсінділерді белокты заттардың аммонификациясына тексеру әдістері. 3 Микробтардың түрін қалай анықтайды? 4 Анаэробтарды өсіруге арналған түрлі әдістер.
Он екінші зертханалық-тәжірибе сабағы
СУДЫ, АУАНЫ ЖӘНЕ ТОПЫРАҚТЫ БАКТЕРИОЛОГИЯЛЫҚ ТӘСІЛДЕРМЕН ЗЕРТТЕУ
Сабақтың мақсаты. Суды, сүтті, ауаны және топырақты бактериологиялық зерттеу әдістері мен олардан үлгілерді алу ережелерімен танысу. Су мен сүттің микрофлорасын анықтау тәсілдерін меңгеру. Ауа мен топыраққа санитарлық-микробиологиялық баға беру. Ауаны седиментациялық және аспирациялық тәсілдермен зерттеу.
Жабдықтар мен материалдар. Су құбырлары, ашық су қоймаларынан алынған су және топырақ үлгілері. Стерильденген су. Петри шыныларында өсірілген ішек таяқшалары. Микроб колонияларын санайтын камералар. Стерильді шыны түтіктер, Петри шынылары, стерильді пипеткалар. Қоректік орталар (ЕПА, ЕПС, Эндо ортасы) құйылған шыны түтіктер мен Петри шынылары. Микробиологиялық ілмектер. Зат және жамылғы шынылар. Люголь ерітіндісі. Бал қарағай майы. Спирт шамдары. Ауаны микробиологиялық тұрғыдан зерттеуге арналған Кротов приборы. Батометр. Кестелер.
Суды санитарлық-бактериологиялық зерттеу кезінде, оның микробтармен жалпы ластануын, патогенді өкілдерінің барын немесе жоқтығын, сонымен қатар ішек таяқшасының белгілі бір көлемдегі санын анықтайды. Зерттеуге суды суаттардан, су құбырларынан және құдықтардан алады.
Ашық суаттардан үлгілерді 10-15 см тереңдіктен және су түбінен 10-15 см биіктіктен батометрдің көмегімен алады.
Су құбырларынан үлгілерді алардан бұрын жалынмен кйдіріп, 10-15 минут бойы ағызып қойғаннан кейін тығыны бар стерильді ыдыстарға құйып алады. Ал құдықтардан суды су алардың алдында немесе су алып болғаннан кейін 10-12 сағат өткен соң алады. Хлорланған суды зерттерден бұрын күкірт қышқылды натриймен нейтралдайды (1 л суға 10 мл ерітінді қосады).
Судағы бактериялардың жалпы санын анықтау үшін суаттардан алынған су үлгілерді жалпы тәсіл бойынша сұйылтады. Ол үшін 2 мл үлгіні алып, 1 мл-ін бірінші стерильді суы бар бірінші шыны түтікке құйып, араластырғаннан кейін, ерітіндінің 1 мл-ін екінші 9 мл стерильді суы бар шыны түтікке құйып, жақсылап араластырған соң келесі пробиркаға 1 мл құяды. Осындай жолмен небары 3-7 сұйылтым дайындайды. Сонан соң осы шыны түтіктердегі су үлгілерін 1 мл-ден стерильді Петри шыныларына құяды. Олардың әрқайсысына 10-12 мл-ден 450С-қа дейін салқындатылған ЕПА-ын құйып, айналмалы қозғау арқылы су үлгілерімен араластырады. Петри шыныларына қаранданпен себу жасалған уақыты, су үлгілермен сұйылтымның дәрежесі және басқа керекті мәліметтерді жазғаннан кейін аударып, 35-370С-қа дәлденген термостатқа, 24-48сағатқа қойылады. Өсіп шыққан микроб колонияларының санын су үлгісінің сұйылту дәрежесін еске ала отыра, микроорганизмдердің 1 мл-дегі мөлшерін лупамен санау арқылы анықталады. 1 мл құбыр судағы бактериялардың жалпы саны 100-ден, ал ашық су қоймаларынікі 1000-нан аспауы керек. 1 мл суда 0-ден 100-ге дейін колониялар кездессе – таза, ішуге жарамды, 100-ден 1000-ға дейін колониялар болса – күдікті, ал 1000-нан жоғарылары – ластанған деп есептеледі.
Судың коли-титрін және коли-индексін анықтау. Судағы ішек таяқшаларының шамадан артық болуы, олардың нәжістермен және патогенді микроорганизмдермен ластанғандығын көрсетеді. Судың ішек таяқшаларымен ластану дәрежесі – коли-титр және коли-индекспен көрсетіледі. Коли-титр – 1 ғана ішек таяқшасы кедесетін судың ең аз мөлшері. Коли-индекс – 1 литр судағы ішек таяқшаларының жалпы саны. Практикада бұл көрсеткіштерді анықтауда мембраналық сүзгіштермен сүзу әдісі жиі қолданылады. Ол үшін құбыр мен құдық суларының 300 және 500 мл-ін №3 нитроцеллюлозалық мембраналық сүзгіден өткізіп, сүзгіні Петри шыныларындағы стерильді Эндо ортасының бетіне (тегіс емес жағымен) аударып, 18-24 сағат бойы термостатта (370С) ұстайды. Сонан соң мембраналық сүзгі бетіне өсіп шыққан колонияларды санау арқылы олардың коли-титрі мен коли-индексін анықтайды. Ашық суаттардағы таза суды 100; 10; 1; 0,1 мл-ден (ластанған суды алдын ала стерильді сумен араластырады) алып, сүзгіден өткізеді. Бір сүзгіден өткізеді.
Ауаны санитарлық-бактериологиялық зерттеу. Ауаның микробтармен ластану дәрежесін анықтауға арналған бірнеше тәсілдер бар. Солардың ішіндегі ең қарапайым седиментациялық тәсіл. Бұл тәсіл Кох тәсілі деп те аталады. Қоректік орталары бар Петри шыныларын 5 минутқа бөлме ішінде ашық қалдырғаннан кейін оларды жауып, 30-350С-қа дәлденген термостатқа 2-3 тәулікке қойылады. Петри шыныларындағы қоректік орта бетіне өсіп шыққан колониялар саналынады. Бұл тәсілде қоректік ортаның 100 см2 көлеміне 5 минут аралығында ауаның 10 литрлік мөлшерінен микробтар қонады деп есептеледі. Сонымен қатар, ауаның ластану дәрежесін Кротов приборының көмегімен де зерттеуге болады. Бұл тәсіл аспирациялық тәсілдердің бірі болып табылады. Бұл тәсілдің нәтижелері седиментациялық тәсілдердің нәтижелеріне қарағанда дәлірек болып келеді.
Ауаның ластану дәрежесін Дьяковтың фильтрациялық тәсілімен де анықтауға болады. Мұнда ауаның белгілі бір көлемі стерильденген қоректік орта (ет-пептонды сорпа) немесе стерильді физиологиялық ерітінді арқылы өткізіледі. Ауаның үлгісі өткізілген орта мұқият араластырылып, оның 1 мл-і стерильді Петри шынысына құйылады. Шыныларға 40-450С-қа дейін суытылған ет-пептонды агарды құяды да, айналмалы қозғалыспен біркелкі таратады. Қоректік орта тығыздалған соң, термостатқа 35-370С қойылады. 2-3 тәуліктен соң өсіп шыққан микроб колонияларының саны анықталады. Қоректік орта арқылы өткізілген ауаның көлемін еске ала отыра, ауаның 1 м3 көлеміндегі микробтардың саны айқындалады. Микробтардың ауадағы санын анықтау үшін сусылмалы заттар да, қант ұнтағы т.б. қолданылады. Олармен стерильденген шыны түтіктер толтырылып, ауаның белгілі бір көлемі шыны түтіктер арқылы өткізілгеннен соң, қант ұнтағы стерильді судың 5 мл-де ерітіледі де, 1 мл-і ЕПА бар Петри шынысына себіледі. Ауаның 1 м3 мөлшеріндегі микробтар саны зерттеуге алынған ауаның көлемін сусылмалы ұнтақтың ерітілу дәрежесін және себуге алынған ерітіндінің көлемін ескеру арқылы анықталады.
Топырақтағы микробтардың санын анықтау. Микроорганизмдер топырақта біркелкі орналаспайды. Сондықтан олардың санын анықтау үшін алынған үлгілер стерильді шыны сауытта араластырады. Осы ерітіндінің 1 мл-і 9 мл стерильді суы бар шыны түтікке құйылады.
Ерітінділерді дайындау схемасы:
-
1 г топырақ + 99 мл стерильді су – 10-2
-
1 мл 10-2 ерітінді + 9 мл стерильді су – 10-3
-
1 мл 10-3 ерітінді + 9 мл стерильді су – 10-4
-
1 мл 10-4 ерітінді + 9 мл стерильді су – 10-5
Кейінгі ерітінділердің 1 мл-ін стерильді Петри шыныларына құйып, 450С температураға дейінгі суытылған ЕПА мен араластырады да, тегіс жазықтықтың бетінде қалдырады. Қоректік орталар тығыздалғаннан кейін термостатқа қойылады. 3-4 тәуліктен соң өсіп шыққан микробтар колонияларының саны анықталады. Алынған топырақ санын сұйылту дәрежесіне көбейту арқылы 1 г топырақ үлгісіндегі микроьтар саны анықталады.
Әдебиеттер:
1 Бұлашев А.Қ., Сұраншиев Ж.А., Жұмабаев Х.Ж. Жалпы микробиология пәнінен ветеринариялық медицина факультетінде оқитын студенттердің зертханалық тәжірибе сабақтарына арналған әдістемелік нұсқауы. Астана, 2005ж. 46-49 беттер. 2 Асонов Н.Р. Практикум по микробиологии // Москва, «Агропромиздат». 1988. С. 72-76. 3 Костенко Т.С., Скаршевская Е.И., Гительсон С.С. Практикум по ветеринарной микробиологии и иммунологии // Москва, «Агропромиздат». 1989. С. 94-109.
Бақылау сұрақтары: 1 Судың коли-титрі мен коли-индексі дегеніміз не, оларды қалай анықтайды? 2 Бактериологиялық зерттеуге су үлгілерін алу тәсілдері. 3 Судағы патогенді микроорганизмдерді қалай анықтайды? 4 Ауа мен топырақты санитарлақ-бактериологиялық бағалауда қандай көрсеткіштерді ескереді? 5 Ауадағы жалпы микробтардың санын анықтау тәсілдері.
Он үшінші зертханалық-тәжірибе сабағы
МИКРООРГАНИЗМДЕРДІҢ БИОХИМИЯЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ
Сабақтың мақсаты: микроорганизмдердің биохимиялық қасиеттерін анықтауға арналған кейбір тәсілдерін меңгеру.
Материалдар мен жабдықтар. Стафилококк, сальмонелла, эшерихиялардың таза өсінділері бар шыны түтіктер. 5%-дық сутегінің асқын тотығының ерітіндісі. Глюкоза, лактоза, сахароза және ВР индикаторы бар қоймалжың ЕПА, ЕПС немесе Гиссаның сұйық қоректік орталары бар шыны түтіктер. Эндо немесе Левин агары құйылған Петри шынылары. Күкірт сутекті, индолды, аммиакты анықтауға арналған индикаторлық қағаздар бар ЕПС. Стерильді пинцеттер. Спирт шамдары. Кестелер.
Студенттер алдыңғы сабақта себілген микроб өсінділерінен жағынды жасап, оны Грам тәсілі бойынша бояйды және олардың өсінділік қасиеттерімен танысады. Студенттер микроорганизмдер өсінділерінен көмірсулары бар қоректік орталарға сеуіп, олардың қантты ыдырату қасиеттерін анықтайды. Микроьтардың протеолиттік қасиетін зерттеу үшін ЕПЖ қолданылады. Индолды, күкіртті сутектің, аммиактың бөлінуін анықтау үшін ЕПС бар шыны түтіктің ішіне индикаторлық қағазды тығынның көмегімен қыстырып қояды. Микробтардың редуцирлеушілік қасиеттерін зерттеу үшін олардың өсінділерін метилен көгі немесе лакмусы бар қоректік орталарға себеді. Бактериялардың каталазаны түзу қасиетін анықтау үшін олардың агарлық және сорпалық өсінділері қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |