Монография түркістан, 2010 жыл Пікір жазғандар: Ә. Жолдасбеков- педагогика ғылымдарының докторы,профессор


ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК, МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨРІНІСІ



бет11/17
Дата23.02.2016
өлшемі1.72 Mb.
#8369
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17

10. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК, МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨРІНІСІ

10.1. Педагогикалық өнер түсінігі және педагогикалық шеберлік
Мұғалімдер мен тәрбиешілерге тән педагогикалық біліктілік, шәкірттер бойында білім, ептілік және дағдылар қалыптастыру мүмкіндіктері және олардың өз бетінше іске асу жағдайларын жасау бірдей емес. Педагогикалық қызметте әртүрлі жетістік деңгейлері кездеседі. Педагогикалық әрекеттестіктің әрқилы деңгейлері мен сипатын сөзбен өрнектеуде бірнеше термин түсініктер колданылады: «педагогикалық өнер», «педагогикалық шеберлік», «педагогикалық техника», «педагогикалық технология».

Педагогикалық іс-әрекет пен оқу-үйретімнің ең жоғары жетістігін педагогикалық өнер деп атау қабылданған.

Педагогикалық өнер – бұл педагогикалық үдерістің жоғары тиімділігін айқындаушы белгілі кәсіптік, іскерлік және тұлғалық сапалардың бірлігі.

Педагогикалық өнер педагогтың кәсіби қызығушылығымен, дамыған педагогикалық ойлау және сезімталдығымен ұштасқан психологиялық-педагогикалық білім, ептілік және дағдылардың барша шындығын мүлтіксіз меңгере білуінен қалыптасады.

Педагогикалық өнердің мәнді де маңызды бір қыры – педагогикалық шеберлігі. Нақтырақ айтсақ, шығармашылдығы жоқ педагогикалық еңбек болмайды, болуы да мүмкін емес, себебі шәкірттер, жағдайлар, педагогтың өзіндік тұлғасы қайталанбас құбылыстар, осыдан қалаған педагогикалық шешім қай уақытта да бірыңғай қалыпқа келмейтін осы жағдайлардан бастау алады. Педагогикалық шығармашылдық бірегей де ерекше құбылыс болуымен ғалым, жазушы, әртіс қызметтерімен етене жақын келеді.

Педагогикалық шығармашылдық мәні, көбіне өз алдына дербес, сонымен бірге қайталанбас оқу-үйретім жағдайларына сәйкес әрекетке келе білуді - өз іс-әрекетін ғылыми-педагогикалық білімдер тұрғысынан пайымға салу, сондай-ақ автоматтасқан және автоматтаспаған бірліктердің ара қатынасын дұрыс топшылау қабілеттерімен орынды байланыстыра білуден аңғарылады. Педагогикалық шығармашылдықтың анайылылығы, оның қай жағдайда да мақсатты бағдар сипатына ие болуында: үдеріс қатысушыларының өзара баю, байытуын қамтамасыз етеді, мұғалім және шәкірт шығармашыл қызметтестігіне дем береді. Бір жағынан, педагогтың шығармашылыққа тікелей араласуынан шәкірт танымы кеңейеді, алға ілгерілейді және қандай да бекім, нәтижеге келеді. Екінші жағынан, педагог өзі ойлау, таным жөніндегі ғылымның тарихи кезеңдері мен оның негізгі даму заңдылықтарын еріксіз меңгеріп барады.

Өзегі «жоғары мәртебелі» шәкірт болған «педагогикалық» болмысты қайта жасауға бағытталған мұғалімнің белсенді іс-әрекетінің аса жоғары формасы – бұл педагог шығармашылдығы. Аталған орайда, егер мұғалімнің жасампаздык іс-әрекеті ғылыми теориялық-педагогикалық білімдер түрғысынан, өзіндік дербес кәсіби бағдар таңдауға көмектесетін педагогикалық болмыстың нақты сәтІнде кәсіптік-шығармашыл міндеттерді шешудің бірегей де тиімді жолдарын түзу сиякты көрсеткіштерімен сипатталатын болса, педагогикалық шығармашылдық өз дәрежесінде болғаны. Бұл өз кезегінде педагогикалық шығармашылдықтың қызметтік өрісін кеңейте түседі. Педагог шығармашылдығы екі алғышартты арқау етеді:

1) бір тұтастықтағы көптеген психикалық үдерістер, қалыптар және тұлғаның жеке дара психологиялық қасиеттерінің (сезімталдық, қиял, саналы және бейсаналы бастаулар, табандылық, сындарлылық, еңбеккерлік, жоғары сөйлеу мәдениеті) өзара әрекеттестігі - ішкі, жан-дүние шарттарын кұраса;

2) шығармашылықтың сырттай шарттары қатарына білімдер, дүниетаным, педагогикалық техника мен ойлау және өзіндік сана мәдениеті, педагогтың дербес кәсіптік бағыт-бағдары, көзқарасы кіреді.

Шығармашылдықтың кұрамдас бөліктерін педагог тұлғасының мазмұндық бірліктері, педагогикалық болмыстың педагог сезімінде, санасында, есінде бейнеленуінен пайда болған өнімдері ретінде де қабылдауға болады, әрі бұлардың бәрі мұғалімнің шығармашыл қуаты мен мүмкіндіктерінің нәтижесі. Шығармашылдық құрамын педагог барша кәсіби іс-әрекетінің үздіксіз барысында қалайды. Психикалық іс-әрекеттер негізінде ерекше «дәнекер» есебіндегі шығармашылдықтың құрамдас бірліктері жетіліп барады. Осы бірліктердің арқасында кәсібиліктен шеберлікке, шеберліктен жанпидалыққа жетелеуші дербес кәсіби бағыт-бағдар қалыптасады. Осыдан шығарылатын қорытынды: шығармашылдықтың құрамдас бөліктерінің қандай да бірі өз қызметінде әлсіздік танытса, педагогикалық табысты күтудің қажеті де болмайды.

Педагогикалық өнердің маңызды бөлімі – бұл педагогикалық шеберлік. Педагогикалық шеберлік тұлғаның тәлімі мен қалыптасу үдерісіндегі педагогикалық өнердің толық іске асуын қамтамасыз етуші ептіліктер мен дағдылар қорының педагог тарапынан мүлтіксіз меңгерілуінен көрінеді.

Әдетте, «шеберлік» өз кәсібін жете меңгерген жұмыскердің бай тәжірибесімен байланысты. Оның қалыптасып, кемеліне жетуі тәжірибеге, тәлім, тәрбие істерінің құралдарын шығармашылдықпен түсіне, пайымдай білуіне тәуелді. Сонымен бірге кәсіби мәселелерді шешуде тиімді әдістер жүйесін қолданып, жоғары сапада орындай алуда, педагогикалық ықпалды жеке-даралыққа келтіріп, педагогикалық әдеп сақтаумен қарым-қатынасқа түсу мен ортақтасуда, еңбекке ынталандырудың әсерлі жолдарын пайдалануда көрінеді.

Сондай-ақ педагогикалық шеберлік мазмұнын келесідей көрсеткіштермен саралауға болады:

1) психологиялық-педагогикалық ой-өріс;

2) дамыған кәсіптік қабілеттер (кәсіби қырағылық, болашаққа сенімді болжам, епті ұйымдастырушылық; шапшаң ауысымдылық, жауап әрекеттер сәйкестігі, педагогикалық сезімталдық);

3) педагогикалық техника меңгерімі (мұғалімнің балаларға ықпал жасаудағы өзіндік тәсілдер жүйесі).

Шебер педагогқа тән негізгі сипаттар: күрделі мәселелерді түсінікті тілмен, ұтымды да ұғымды формада ұсына білу ептілігі, өз әрекетімен қай баланы да еліктіре білуі, шәкіртті белсенді іс-әрекетке келтіріп, оны шығармашыл білім ізденісіне бағыттау: бақылай білу, өз өміріне, оның әркилы қылық-әрекетінің себептеріне, олардың қалыптасуына ықпал жасаушы деректер мен құбылыстарға талдау, өзінің қызмет мәнерін ескерумен білімдену кеңістігін ұйымдастырудың нақты шарттарына сәйкестікке, теориялық және қолданбалы психологиялық-педагогикалық білімдерді, озат педагогикалық жетістіктерді өзгеріске келтіріп, жаңалап бару.

Педагогикалық шеберлік шеңберінде мазмұн мен әдістеме саласындағы мұғалімнің өрісін ғана емес, оның адамзат білімдері мен тәжірибесін епті, түсінікті, орынды әсер жолдарымен жеткізу тәсілдерін меңгерумен ғана емес, тәрбиеленуші көңіл-күйін жоғары да нәзік сезімталдықпен тану қабілетін де ескерген жөн. Ұстаздың бұл қасиетін шәкірттері оның іс-әрекетін болжастыра, ұйымдастыруынан, қамқорлы да белсенді өзара жәрдемге негізделген іскерлік және өзара түсіністік жағдайларын жасауынан байқауға болады.

Оқу-тәрбие үдерісінде шексіз кезігіп жататын педагогикалық міндеттерді жоғары табыс дәрежесінде шеше білудің жаңа әдістері мен формаларын іздестіруге болған ынталылықты да - педагогикалық шеберліктің аса маңызды қырынан десек қателеспейміз. Сонымен бірге, кейбір мектептерде мұғалімдер қызметін бағалаудың бірден-бір беделді белгісі ретінде ғылым мен педагогикалық болмыстың табиғи байланысынан сырттай қалған мұғалімнің ғылыми дайындығы оқу үдерісінің қажетті тиімділігін қамтамасыз ете алмайды. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігі өз ішіне ол айналысқан кызметтің психологиялық құрылымындағы барша бірліктерді таза күйінде қамтиды әрі оның өз ғылыми ізденістерінен құралады, яғни мұғалім шеберлігі – біртұтас - ғылыми педагогикалық шығармашылдықтың өнімі. Педагог шеберлігі теориялық білімдер мен тәжірибелік ептіліктердің табиғи бірлігінен туындайды. Ал шеберлік деңгейі мұғаліммен әрекеттестік қатынасқа түскен шәкірттерге бағытталған педагогикалық ықпал тәсілдерін меңгеруі мен олардың нақты жағдайларға сәйкестік дәрежесіне тәуелді.

Бүгінгі педагогикада қабылданған ереже: педагогикалық шеберлік - бұл дамыған психологиялық-педагогикалық өй толғастырудың, педагогикалық білімдер, дағдылар, ептіліктер және жарқын да түсінікті ұсына білудің көңіл-күй, еріктік кұралдарының бірігімі. Егер осы бірігім тұлғаның сапаларымен ұштасатын болса, педагог әрқашан да өзіне жүктелген оқу-тәрбие міндеттерін табысты шешуіне мүмкіндік алады.



Педагогикалық шеберлік құрылымы күрделі де көп қырлы, ол педагогикалық іс-әрекет мазмұнымен, кәсіби-шығармашыл міндеттерімен айқындалады. Педагогикалық шеберліктің өзекті бірлігі сондықтан педагогикалық қызметтің шығармашыл болуына негіз беретін дамыған психологиялық-педагогикалық ойлау. Педагогикалық еңбек шеберінің ойлауы дербес, икемшіл де жедел келеді. Ол ұстаздық көрегендіктің маңызды негізі болған кең өрісті дамыған педагогикалық бақылағыштық пен жасампаздык қиялға сүйенеді. Онсыз педагогикалық өнер мақұрым. Сонымен, бұл орайда да «педагогикалық» шеберліктегі басты нәрсе - бұл шығармашылдық. Көбіне шығармашылдық тәлім үдерісінде әрқилы әдістер мен формаларды, кәсіптік білімдер мен тұлғалық сапаларды тиімділікпен, әр сәтте жаңалап әрі орынды пайдалана білуден көрінеді. Сонымен бірге, ол мұғалімнің педагогикалық идеялар үсынып, оқу-тәрбие қьізметтерінің әдістерін жасау мен қалыптан тыс мәселелерді шеше білу ептіліктерінен көрінеді.


10.2. Педагогикалық шеберліктің негізгі құрамдас бірліктері
Педагогикалық шеберлік қандай да іс-әрекет түрінің негізгі тәсілдерін жоғары дәрежеде пайдалана білү үшін қажет арнайы білімдер, сондай-ак ептіліктер, дағдылар және әдеттерден құралады. Қай дәреже, деңгейдегі мәселе шешпесін, мұғалім, педагог әрқашан да оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, ақылгөй ұстаз, педагогикалық ықпал жасау шебері. Осы тұрғыдан, педагог шеберлігінде салыстырмалы дербес төрт бірлікті бөле қарастыруға болады: балалардың ұжымдық және жеке-дара іс-әрекетін ұйымдастыра білу шеберлігі; ықпал жасау шеберлігі, білім жеткізу мен іс-әрекет тәжірибесін қальштастыру шеберлігі және педагогикалық техниканы меңгеру, колдана білу шеберлігі. Нақты педагогикалық қызметте шеберліктің бұл түрлері өзара тығыз байланысқан әрі бірін бірі күшейте түседі.

Педагогтың ұйымдастырушылық қызметі. Педагогикалық ұйымдастыру көзделген істің жалпы мақсат, міндеттерін, мазмұнын және оны орындаудың жолдары мен күтілген нәтижелерін болжастыра белгілеуден басталады. Педагог өз қиялымен дәріс (сабақ, дәрісбаян, семинар, зертханалық жұмыс және т.б.) немесе қандай да басқа шараны ой елегіне салып, «ойнап» шығады. Басқаша айтсақ, шәкірт іс-әрекетінің педагогикалық ұйымдастырылуы алдағы сабақта табысты болуы үшін, педагог өз санасында дейділенген оқу-үйретім әрекеттерінің өрнегін, оларды іске асырудың ерекше бір ой жобасын түзеді. Мұндай ақыл жобасы өз ішіне ұйымдастыру мақсаты, мазмұны, формасы, әдістері мен тәсілдері, сондай-ақ балалардың өзіндік жұмыстары, мүмкін болар әрекеттері мен қарсылықты қимылдар жөніндегі барша топшалаулары мен түсініктерінің жиынтығын қамтиды.

Ойға алғанды іске асыру. Бұл кезең мақсат белгілеу мен іс-қызмет міндеттерін айқындаудан басталады. Мақсат және міндеттерді белгілеудегі педагог шеберлігі шәкірттердің осы мақсаттар мен міндеттерді шешуге деген ұмтылыстарына дем беретін қажетті көңіл-күй, еріктік кейіп түзу ептілігінде көрінеді. Қойылатын мақсаттар мен міндеттер шәкірттер ынтасын көтеруге, қызығушылығын арттыруға, мақсат жолындағы табандылығын нығайтуға бағытталуы тиіс. Мақсаттар мен міндеттер жеке-даралықты және ұжымдық болуы мүмкін. Егер көзделетін мақсат ұжымдық болып, әрі ұжымдық міндеттер шешіліп жатса, педагогикалық ұйымдастыру шеберлігі ұжым мүшелерінің пікірлері мен ниеттерін ескерумен, олардың әр бірін өзіне сай жұмыстарға тартып, тапсырмаларды бөлістіріп, әр катысушыны оның көңіліне жылу беретіндей іске қосудан көрінеді.

Сонымен, жүктелген даралықты міндет жас өрен бойындағы өз қиындығын тану, борыш, намыс және жауапкершілік сынды жоғары сезімдерді пайда етеді.

Қандайда іске деген шығармашыл қатынасты мүмкінінше жоғары тиімділікте тәрбиелеу мақсатында, ұжымдық іс-әрекеттің әр бір мүшесіне қалаулы да ұнамды іспен шұғылдануына жол ашып беруі кажет. Алайда, адамда өжеттік пен ерлік ұжым мүшесіне орай ішкі де сыртқы кедергілерді жеңуі, коғамға істеген жақсылығынан рахат сезінуі үшін шәкірттерді қиын да күрделі, оның өзіне сырттай керексіз, бірақ басқа адамдарға кажетті тапсырмаларға тартып бару орынды. Еңбекке болған рухани қажеттілік пен шабыт жұмысы барысында жақсылық жасау ниетін ұстану, табандылық пен мақсатты ұмтылыстан туындайды.

Тәжірибелі педагог тек тапсырма істерімен шектелмей, ұжымдык іс-әрекеттің әр бір мүшесіне жақсы да анық іскерлік нұсқаулар беруге ұмтылады. Ал егер қажет болса, кез-келген әрекет түрлерін орындауға үйретеді. Жолдарын көрсетеді. Ұжымдық іс-әрекет басталысымен, ол көрінуі тиіс. Педагогикалық шеберліктің және бір кыры - бұл мақсатқа жету үдерісіндегі міндет түрлерінің шешіліп бару желісін қадағалау, бақылау ептілігі.

Педагогикалық шеберліктің өзге де бір маңызды тарапы – ықпал жасау. Педагог, әдетте, шәкірттеріне өзінің барша болмысымен әсер ете білуі тиіс. Педагогикалық ықпал дегеніміз, осыдан тәрбиеленушілер әрекет қылығын саналы бағыттап, реттеудегі оларды арнайы әдістер және тәсілдермен іс-әрекетке ьшталандыруы немесе кажет тұста әрекетін тежеудегі педагогтың мақсатты бағдарланған қылық, мінез, әрекет - ұстанымы. Тәрбиеленушілерге жасалатын педагогикалық ықпал шебер педагог тарапынан жоғары деңгейде меңгерілген үш негізгі әдіспен орындалады. Ықпал етудің басты жолы дәйектеп, яғни тәрбиеленушінің дүниетанымын тұлғалық бағытта қалыптастырып, оның әрекет - қылығын ретке келтіру мақсатында бала санасына тікелей не жанама әсер жасау. Шеберлік сүйеніші тәрбиеленушіге, оның ой толғастыру өз әрекет-қылығын талдай білу және орынды бағалау, намысқойлығы мен саналы еріктік әрекет жасау қабілеттеріне деген сенім.

Сендіру аркылы педагогикалық ықпал жасау шеберлігі-бұл тәрбиеленуші санасында шындықка сене қабылдап, оған жүгіну, педагог ұсынған ақпараттар мен талаптарға күмән келтірмеу сезімін калыптастыру, шәкірттің ұстаным ретінде қабылданған көзқарастарына сәйкес әрекет жасау, ұмтылыстарына дем беру.

Сендіру шеберлігі көптеген тәсілдерді қолдануға негізделеді. Солардың бірі педагогикалық үгіттеу, ар-намыс сезіміне әсер ете отырып, жауапкершілік, кінә, есіркеу, жеркену, абырой, іззет сезімдерін ояту жолымен, ой-өріс бағытын, әрекет-қылық сеп-түрткілерін өзгерту максатында бала санасына сырттай жанамалап, ықпал жасау тәсілі. Екіншісі – педагогикалық өсиет тәсілі - киыншылық жағдай, кезеңдерде жәрдем беретіндей өмір тәжірибесі, инабаттық ерекшеліктері, даналық кеңестер, тұрмыс бакылаулары жөніндегі балаларға арналған тілектесті, қызығулар оятатын әңгімелер. Үшіншісі – педагогикалық уағыз - мінез-құлық пен іс-әрекетті белгілі арнаға бағыттаушы адамгершілік идеялары жүйесін балалар санасына насихат түріндегі монологты баянмен жеткізу жолы, төртіншісі – педагогикалық жұмылдыру - балаларды өмірлік қажетті істер мен әрекеттерге ынталандыру мақсатында оларды тағамға, киімге, әсемдікке, материалдық және рухани құндылықтарға толған маңызды қажеттіліктеріне ықпал жасау әдісі. Сендірумен ыкпал жасау шеберлігінін аталған қызметтік әдістері мен тәсілдері педагог шеберлігінің сан қырлы ерекшелігінен хабардар етеді, сонымен бірге бала іс-әрекеті мен мінез-құлығына колдау беру немесе оларды тежеу тәсілдерін формальды біртараптылық шеңберімен кұрсаулаудан сақтануды кажет етеді.

Шебер педагог сендіру тәсілімен бір қатар қызығушылық дамыту негізінде ықпал жасауды, белсенділікті қолдау мақсатында, қандайда іспен еліктендіруді арқау қылады. Бұл орайда ықпал етудің психологиялық негізі енді ақыл-естік емес, ал баланың көңіл-күй аймағы, оларды, өз кажеттілігін қанағаттандырып, рахатқа бөлеу.

Ықпал жасаудың аса маңызды да өнімді түрі – мақсатты, тақырыптық педагогикалық дәйекті педагог еркінен туындаған талап ете білу қызметі, талап қоюмен ықпал жасау шеберлігіне байланысты іске асыратын міндеттер:

балаға ішкі және сыртқы қиыншылықтар мен кедергілерді жеңуге жәрдем беру;

ерік сапаларын дамытып, тұрақтандыру;

өжеттік, дербестік пен жауапкершілік, ынталылық пен орындаушылық бітістерін өрістетіп, жаңарту.

Шебер педагог талаптарының өте нәзік те әдепті, орындалуды да мазмұнды болуынан бала санасында оларға қарсы келу ниеті тіпті де болмайды, туындауы да мүмкін емес. Әрқандай өмір кезеңдері мен жағдайларында балаларға шеберлікпен ықпал жасауға қажет педагогикалық мәдениет, тәрбие әдістері мен формаларын колдана білу үшін педагог өз бойында кезіккен шарт-жағдайларды шалт, тереңдей және дәл талдау қабілетін дамытуы қажет, ықпал тиімділігі қалыптасқан жағдай ерекшеліктерін ескеру және оларға сәйкес ықпал, әрекеттерін іске асыруға тәуелді, сондай-ақ, маңызды келетін жәйттер: өз психикалық қалпын сезіну, тәрбиеленушілер көңіл-кейпіне мән беру, әрқилы сезім түрлерін - куаныш, ыза, таңдану, ашу, масаттану, кінәлау, шаттану - білдіре алумен бірге шынайы ой өрістілігі мен икемшілдігіне ие болған жөн. Балалар күні бұрын педагог қадамын өлшестіріп, оның енді кандай әркеттерге келетінін, нені қару етіп, қолданатынын көрегендікпен сезуге қабілетті. Сондықтан қандай да бастаманың табысты болуы үшін шебер педагог шығармашыл тапкырлықпен, ойда жоқ тосын шешімдер мен әрекеттер ұсынуға епшіл келеді. Шебер педагог өз көздегенін іске асыру, талап ету және сендіру, жұмылдыру және уағыздау тәсілдерін қолданумен қатар өткір сөз, мысқыл мен сықақ, әзіл мен әжуаны кең пайдаланады. Себебі кей жағдайларда жаман қылықты көпшіліктің бір сәт күлкі-келекеге алуы ұзақты уағыз, насихаттан пайдалылау.
10.3. Педагогикалық құрал
Педагогикалық шеберлік құрылымында мұғалім, тәрбиешіге аз уакыт жұмсап, жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін педагогикалық құралдар ерекше орын иелейді. Педагогикалық құрал - бұл жекеленген шәкірттер мен тұтастай ұжымға педагогикалық ықпалдың жоғары тиімділігін қамтамасыз етуші ептіліктер мен дағдылар жиынтығы. Педагогикалық құрал ретінде қолданылатын амалдар: тәрбиеленушілермен қатынастағы орынды мәнер мен әдеп, балалармен байланысуда өз әрекеті мен шәкірт қылығына дұрыс зейін аударып, шыдамдылықпен басқару және өнеге көрсету, нәтижені төзімділік пен күте білу.

Педагогикалық құрал ептіліктері мен дағдылары қатарында аса маңызды тәрбиелік жабдық - бұл педагогтың дамыған ділмарлығы. Педагог қызметіне қажет мұндай ділмарлық және сөйлеу мәдениеті оның анық та қанық дыбыстай білуінен, ретті тыныс алуы мен сөйлеу барысында орны мен ым-ишара қолдана білуінен көрінеді. Тәрбиеші ұйымдастыра жүріп, әсем отырыс -тұрыс, әзіл-сықак пайдалануы, қажет жерінде көңілді кейіп ұстанып немесе ашу шақыра білгені де жөн. Тәрбиеші өзінің әр бір қадам, қимылын тәрбиелік өнеге беретіндей жасауы тиіс, сонымен бірге өз қажетінің әр бір сәтінде нені калайтынын және неден аулақ болатынын әрдайым сезінгені орынды.

Егер педагогикалық құрал түрлерін топтастырар болсақ, онда педагог шеберлігі құрылымының аса бір маңызды бірлігі келесідей: тәрбиеленушілердің тек ақыл-санасына ғана емес, сондай-ақ олардың сезімдеріне де әсер етіп, дүниеге деген көңіл-күй құндылықты қатынастар тәжірибесін жалпыланған ептіліктер арқылы танытуға болады:

тілдесудің мәнерлі, мәнді ым-ишара және жүріс-тұрыс қозғалыстарын пайдалану;

өз психикалық қалпын басқара білу және көңіл-күй шығармашыл қуатты тұрақтандыра алу;

актер - режиссорлық ептіліктер.

Педагогикалық құралды қолдану ептіліктері мен дағдыларының ерекшеліктері олардың ұстаз бен шәкірттің тікелей өзара қарым қатынасында көрінетінінде. Олар әр қашан жарқын да айқын даралықты және тұлғалық сипатты бола келіп, педагогтың жасына, жынысына, темпераменті мен мінезіне, оның денсаулығы мен анатомиялық-физиологиялық табиғатына тәуелді қалыптасады. Педагогикалық қызмет үдерісіндегі осы ептіліктерден тәрбиеленушілер өз педагог-тәрбиешісінің адамгершілік, эстетикалық бағыт - бағдарын, көзқарас және ұстанымдарын танитын болады.
10.4. Шебер педагогтың кәсіби және тұлгалық сапалары
Оқу-тәрбие үдерісінің ұтымды нәтижесін қамтамасыз ететіндей шебер педагог бойында қандай кәсіби мәнді сапалар болуы қажет? Бұл сұрақтың жауабы көп жағдаяттарға байланысты, бірақ солар арасында соңғы кездердегі инновациялық және тұлғалық педагогика аймағында аса үлкен назарға алынып жүргені педагогикалық өзіндік сана, яғни педагогтың өз кәсібіне болған өзіндік көзқарасы, танымы, бағыт - бағдары, педагогикалық өзіндік сана әрқашан ұстаз - мұғалімнің өз үстінде жүмыс істеп, үздіксіз жетіліп баруға деген қажеттілікті сезінуінен қалыптасады. Бұл ұғым өз ішіне оқулықтар мен бағдарламаларда ұсынылған мақсаттар мен мазмүнды, педагогикалық идеялар мен әдістерді, оқу қызметтерінің нақты жағдайларымен сәйкес ендіре және орайластыра білу ептіліктерін қамтиды. Ұстаздың өзінің даралықты елеуішінен өтіп, ғылым мен тәжірибенің мызғымас бірігіміне айналған педагогикалық шеберлік және мұрат тұткан болашақтағы оның жобасын түбегейлі танып, түсінуден педагог өзінің шығармашыл да жаңашыл сипаттағы дербес кәсіптік бағыт- бағдарын қалайды.

Педагогикалық өзіндік сана қалыптастырудың алғышарты ретінде үш шартты естен шығармаған жөн:

1. Өзіңді маман ретінде танып, білу;

2. Өзіңді кәсіп иесі - педагог ретінде ардақтай білу;

3. Өзіңді маман ретінде бағалай білу.

Бұл орайда өзіндік баға педагогикалық шеберлікті жетілдіру үдерісіндегі реттестіру қызметін мұғалім жөніндегі өзіндік баға мен идеялды таным арасында «келіспестік» туындаған жағдайда ғана атқаруы мүмкін. Сонымен, педагогикалық өзіндік сана сыртқы және ішкі, жан дүниелік ықпалдармен айқындалатын дамыған ой-өріс нәтижесі, дегенмен, бұл арада ескеретін жәйт: нені және қалай екенін, қайтып орындауды білу шебер педагог болу үшін аздық етеді. Басты мәселе - педагогика тілімен айтсақ, тұлға табиғатына тән ұстаным, оның іс-әрекетінің бағдары рөлін атқаратын жалпы да жекелеген қоғамдық мұрат - максаттарды өз борышы ретінде қабылдай білу.

Педагогикалық ой жетілдіру және оның негізгі көрсеткіштерінің, педагогикалық өзіндік сананың деректерін басқарудың аса маңызды шарттарының бірі - өзіндік тәлім ұстанымы, яғни мұғалімнің шығармашылықтағы көкейкесті қажеттерін қанағаттандыруға бағытталған өз қызметін ұштауға дайын болуы. Дәлелдегендей, кәсіптік жетіліп бару тұлғаны «қамшылаудан» болмай, оның жанкештілік ынтасынан, өз жұмысында жоғары табысқа қол жеткізу ұмтылысынан іске асып барады, өз кезегінде, казіргі заман қоғамының қойып отырған жаңа талаптарына орай өз қызметтерін қайта кұру қабілеті, қалаған педагогикалық ұжымның өз қызметіндегі жетістіктері мен кемшіліктері шәкірттерінің тәрбиелік және сауаттылық деңгейін жүйелі талдау болған күнде ғана іс-жүзінде көрінуі мүмкін.

Осыдан да, егер педагог тұлғаның шығармашыл бағыт-бағдарын қалыптастыру оқу-үйретім жұмыстарының негізгі шарты екенін мойындап, сонымен бірге әрқилы балалардың даму қарқынындағы айырмашылықтарды ескеріп барса, мүмкіндіктерін іске асыруға жол ашады және өзінің тұлғалық жетілуіне маңызды ықпал жасаушы түрткі көздерін өзі табуға ынталы болады, әрі оларды табады да. Мұғалімнің кәсіптік кемелденуі мен педагогикалық шеберлігінің артуына жоғарыдағы түжырымды тарқатып айтсақ, келесідей жағдайлар себепші болады:

1. Психологиялық-педагогикалық соңғы жетістіктерді меңгеруге болған өзіндік ықылас;

2. Озық тәжірибені дербестікпен зерттеп бару;

3. Педагог пен педагогикалық ұжым басшыларының бақылау-бағалау қызметін жетілдіру;

4. Педагогикалық еңбекке ұнамды қозғау салу;

5. Педагогикалық еңбек шеберлерінің бейресми, шығармашыл бірлестіктеріне колдау көрсетуі.

Бүінгі таңдағы педагогикалық әдебиеттерде оқу-тәрбие қызметінің жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін - мұғалім бойында болуы қаже кәсіби мәнді он түрлі сапа аталады. (В.Г.Рындек):



I. Мұғалімнің біліктілік деңгейі:

1. Мұғалімнің жалпы мәдениеті.

2. Мұғалімнің өз пәнін меңгеру сапасы.

3. Тәлім философиясынан хабардарлығы.

4. Психологияны білуі.

5. Жетекші педагогикалық технологиялар және инновациялармен таныс болуы.

6. Пәндік оқу-үйретім әдістемесін меңгеруі.

7. Әлеуметтану ерекшеліктерінен хабарлы болуы.

8. Физиологиялық шарттарын білуі.

9. Шәкірттің ақыл-ес әрекеті мен оның қабілеттерінің қалыптасу және даму үдерісі заңдылықтарынан қанық болуы.


II. Мұғалім іс-әрекетінің нәтижелері:

1. Шәкірттердің пән бойынша берік әрі тереңдей игерген білімдерінің болуы.

2. Шәкірттерде пәнге деген тұрақты қызығушылықтың және өз бетінше білім көтеруге болған қабілетінің болуы.

3. Тәрбиеленушілерде пән бойынша игерген білімдерін, оқу еңбегі дағдыларын сабақта және одан тыс жүмыстарда өз бетінше орнықты пайдалану ептіліктері мен дағдыларының болуы.

4. Балаларда шығармашыл қабілеттер мен өзіндік даму қабілеттерінің қалыптасып, орнығуы.

5. Үйренушілерде тұлғаға тән ерік сапалары мен өзіндік тәрбие қабілеттерінің дамып, жетілуі.

6. Оқу-үйретім субъекттерінің ойлау қабілетінің дамуы.
///. Мұғалімнің таным ептіліктері:

1. Өзіндік білімдену жолымен меншікті білімдік қорын үздіксіз де жүйелі толықтырып бару ептілігі;

2. Әріптестерінің озық тәжрибесін зерделілікпен үйреніп бару арқылы өз білімдерін жүйелі кеңейте түсу ептіліктері.

3. Нақты педагогикалық үдерістен жаңа білімдерді топтастыра білу ептілігі.

4. Оқу-үйретім және тәрбие нәтижелеріне ықпал жасаушы жеке адамның тұлғалық қасиеттері мен жалпы үжымның өз даму деңгейі және шарттарын анықтауға бағытталган қабілеттерін зерттеу ептілігі.

5. Өз тұлғасы мен іс-әрекеттерінің ұнамды тараптарын және кемшіліктерін зерттей біліп, соған орай өз іс-әрекетінің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес оған реттеу-түзетулер енгізіп бару ептілігі.

6. Оқу-үйретім материалдарын, оқу құралдарын, оқу жабдықтарын, әдістемелік талдауға салып әрі тәжірибе тұрғысынан бағалаумен оларды шығармашылықпен пайдалану ептілігі.
IV. Жобалау ептіліктері:

1. Оқу максаттарына, материал сипатына, оқу сатыларына сәйкес және пәнаралық байланыстарды ескерумен сабақ немесе сабақтар жүйесін жоспарлай білу.

2. Пәнді меңгерудің психологиялық заңдылықтарын ескерумен және оларға байланысты шәкірттер кезігуі мүмкін қиыншылықтарды алдын ала сезумен үйретім, үйренім жұмыстарын жоспарлай білу.

3. Материалды меңгеруге байланысты шәкірттер іс-әрекеттерінің аса ұтымды түрлерін анықтап, және олардың балалар үшін күрделілігін күні ілгері сезу.

4. Сабақ жүргізудің жоғары, тиімді әдістері мен тәсілдерін анықтау.

5. Пән бойынша өткізілетін оқу-тәрбие үдерісінің мақсаттары мен міндеттеріне бірлікті орайластырылған сыныптан тыс жұмыстарды жоспарлау.

6. Сабақ міндеттеріне сәйкестендірілген қарапайым көрнекі құралдарды жобалау және жасау.

7. Көрнекі жабдықтар мен техникалық оқу-құралдарын сабакта әдістемелік тұрғыдан орынды қолдана білу ептіліқтері.

8. Шығармашылық жұмыстар мен үй жұмыстарын жүйелі жоспарлай білу.

V. Құрастырушылық ептіліктері:

1. Жалпы да жалқы мақсаттарын ескерумен оқу-үйретімнің тиімді тәсілдері мен жолдарын таңдай білу.

2. Қажетті оқу-үйретім материалының ерекшеліктері мен шәкірттердің дайындық деңгейін есепке ала отырып, оны іріктей және мөлшерлей білу.

3. Оқу-үйретім материалын жеңіл және қарапайымынан бастап, қиын және күрделіге бағыттаумен жайғастыра білу.

4. Сабақ барысында қолданылатын көрсету экспериментінің орнын және сипатын анықтау.

5. Сабақтағы сұрақтар мен жаттығулардың шәкірттерге тудыратын қиындықтар деңгейінің біртіндеп артып бару тәртібін реттеп отыру.

6. Балалардың материал игеруін бакылайтын нысандары мен әдістерін анықтап, қалыптасқан ептіліктер деңгейін байқап бару.

7. Оқу-үйретім таным, іс-әрекеттерінің қандай да бір түрлеріне орай кез болатын шәкірттер қиыншылығын алдын ала сезіп, жалпы топтық және жекеленген жұмыс формаларын таңдастыру ептіліктері.

8. Сабақтың әрбір кезеңдеріне бөлінген уакытты тиімді пайдаланьш, бір сатыдан екіншісіне қисынды ауысып бару.

9. Әр сабақтағы шәкірт жұмысын басқарудың сипатын айқындап, сабақ барысында мүмкін болар өзгеріс баламаларын естен шығармау.


VI. Ұйымдастырушыльқ ептіліктері:

1. Сынып ұжымын ұйымдастыру және осы ұжымның бүкіл тәлімі барысындағы даму желісін ескерумен оның іс-әрекетін педагогикалық мақсатты бағытта басқара білу.

2. Педагогикалық еңбекті ғылыми ұйымдастырудың негізгі принциптерін сақтай отырып, сабақтың көзделген жоспарын іске асыру мақсатында педагогтың өз қызметі мен шәкірттер іс-әрекетін бірлестіре ұйымдастыра білуі.

3. Ұжымдық, топтық және жекеленген жұмыстарын тиімді ұштастырып, шәкірттердің өзара жәрдем беру әрекеттерін де назардан тыс қалдырмау.

4. Оқушылардың ынта-ықыласы мен қызығуларын естен шығармай, пән бойынша факультатив дәрістерді де ұйымдастыру.

5. Көрнекі жабдықтар мен оқу-үйретімнің техникалық құралдарын дайындауға бағытталған шәкірттер іс-әрекеттерін ұйымдастыру.

6. Сыныптан тыс жұмыстар жоспарын іске асырып бару, қажет жерінде оларға дұрыс баға беру және түзетулер енгізу.

7. Жас өрендерді оқу-үйретім, еңбек, қоғамдық пайдалы іс-әрекеттерге тартудың көп түрлі формаларын пайдалану.

8. Педагогикалық міндеттерді шешумен байланысты педагогтың өз қызметін ұйымдастыра білу ептілігі.

9. Қарым-қатынас, ортақтасудың соны, озат тәсілдерін пайдалану.


VII. Қарым-қатынас септіктері

1. Мақсатты педагогикалық байланыстарды (мұғалім - сынып, мұғалім –шәкірт, шәкірт - сынып, шәкірт - шәкірт) түзе білу ептілігі.

2. Ұжым мен әрбір тұлғаның болашақ даму желісін жүйелі аша білу және шәкірт бойында табыс-сенімін ұялату.

3. Шәкірт бойынан оның ең күшті тұлғалық қасиеттерін табумен бірге оның өзіне деген сенімін нығайту.

4. Сынып мүшелерінің аралық қатынастарын түзуде талапкерлік пен әділеттік ұстанымдарын сақтау.

5. Шәкіртке оның беделін танумен ықпал жасау.

6. Педагогикалық үдеріс қатысушыларымен педагогикалық мақсатты байланыстар түзу және оларды дамытып бару.

7. Педагогикалық қарым-қатынастарда болып қалуы мүмкін дау-дамай, жанжалдардың алдын алып, болдырмай, сәтімен шешімін табу.


VIII. Бағыт- бағдар:

1. Сөз және іс бірлігі.

2. Өз кәсібіне болған сүйіспеншілік.

3. Жауапкершілік және адалдық.

4. Іске берілгендік, еңбеккерлік.

5. Оқу-тәрбие жұмысындағы шығармашылдық.

6. Өз пәніңді ардақтау.

7. Балаларға деген мейір, махаббат.


IX. Мінез:

1. Ұстамдылық.

2. Ынталылық.

3. Талап қоя білу.

4. Әділдік.

5. Сезімталдык.

6. Шыдамдылық.

7. Әзілқойлық.

8. Көпшіл болу.

9. Әдептілік.

10. Қамкорлық, болашаққа сенім.

11. Қайырымдылық.

12. Шын пейілділік.
X. Қабілеттер:

1. Айқындық және ақыл сындарлығы, тапқырлық.

2. Қанатты киял.

3. Мақсат бағдарлы жад-ес.

4. Сөйлеу мәнерлілігі және сенімділігі, анық та айқын дауыс ырғағы.

5. Зерделілік пен зейінділік, байқағыштық.

6. Көркем-өнер шеберліктері, әртістік қабілеттер.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет