Мультимедиалық журналистика



бет1/4
Дата02.01.2022
өлшемі61.79 Kb.
#452466
  1   2   3   4

Мультимедиалық журналистика

Жаңа уақытқа ғалымдар берген анықтамалардан көз тұнады. Ағылшын әлеуметтанушылары С. Лэш пен Дж. Урри/81/ «ұйымдасқан капитализмнiң ақыры» десе, Д. Шиллер/82/ «цифрлық капитализм» екендiгiн дәлелдейдi. Канадалық зерттеушi Н. Бек/83/ «жаңа экономика» терминiн аштым деп, патент те алған көрiнедi. Немiс У. Бек/84/ қазiргi өркениеттiң келеңсiз үрдiстерiн жалаңаштап «тәуекелдiк қоғамы» (общество риска) деген түсiнiктi уағыздауда. Ал, көп әлеуметтанушылар Калифорния университетiнiң профессоры Мануэл Кастеллстiң/33/ «ақпараттық қоғам» деген терминiн мойындайды. «ХХ ғасыр мен екiншi мыңжылдықтың басты қорытындысы – технологиялық төңкерiстiң дамуы, капиталистiк экономика мен түрлi әлеуметтiк қозғалыстардың қайта құрылуы барысында ақпараттық желiлiк қоғамның пайда болуы»,/33, с.337/– дейдi Кастеллс. Барлық шикiзат көздерiнен тауар өндiрудi мақсат тұтқан индустриялықтан оның айырмашылығы – бiлiм байлығында, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшiн жоғары дамыған техниканы пайдаланып, ақпараттық ресурстарды игеруiнде деген ой айтады. Яғни, ақпаратты өңдеудiң жоғары деңгейiне көтерiлген қоғам жетекшi мәнге ие болмақ. Ақпарат – тауар, құрал, қару деген ұғымдар, «ақпараттық кеңiстiк», «ақпараттық орта», тiптi «ақпараттық соғыс» деген ғылыми терминдер қолданысқа ендi.

Осыған байланысты болар «жаңа журналистика», «ақпараттық төңкерiс», «глобальдi медиа», «электронды болашақ» деген пiкiрлер көрiнiс берiп жүр. Жаңа ақпараттық құралдар мен жүйелердiң әлемдегi қазiргi өмiрге әсерiнiң орасан ауқымын көрсету мақсатында зерттеушi М. Рил «Супермедиа» терминiн қызғыштай қорғайды, үлкен монографиясын соған арнайды./85/ Дәстүрлi журналистиканың күнi қараң, болашағы бұлдыр деген сәуегейлiк те айтылып қалуда.

1997 жылы Мәскеуде (МГУ) «Өтпелi кезеңдегi журналистика» атты халықаралық ғылыми конференция өттi. Осы жылы Брюссельде бас қосқан БАҚ саласын зерттеушiлер де (мұнда «Медиа және саясат» атты үлкен теориялық конференция өтiп, оның тұжырымдары «Өтпелi кезеңдегi медиа және саясат. Ғаламдастыру дәуiрiндегi мәдени құндылықтар» атты монографияда жарық көрдi) жаңа кезеңнiң үрдiстерiн талдап, оның болашағына барлау жасауға, өркениетке тигiзер әсерiне баға беруге ұмтылды. Ақпараттық қоғамға қатысты пiкiр таластары бiр сәтке де тоқтаған емес және оларда бұқаралық ақпарат пен коммуникацияда қалыптасқан жаңа тенденциялар тұжырымдалып, оның заңдылықтары мен проблемалары жүйеге түсуде.

МГУ-дiң профессоры Я. Н. Засурский мынадай тұжырым айтады: «Ауқымды алатын болсақ, әлемде журналистика жаңа деңгейге көтерiлуде. Ол бiрнеше жағдайға: бiрiншiден, жаңа ақпараттық технологияның дамуына байланысты, өйткенi, журналистiң қызметiнде кең мүмкiндiктерге жол ашады, бұқаралық ақпарат және қарым-қатынас құралдарының ұдайы дамуына жеткiзедi; екiншiден, ғаламдастырудан туындайды»./86/ Шын мәнiнде, қазiргi ақпараттық технологиялар журналистиканы жаңа сапалық деңгейге көтердi, әрi журналистiң шығармашылық мүмкiндiгiн арттырып, оқырманына өз ойын жеткiзуде кең мүмкiндiктер ашты – ақпарат алу мен таратудың еркiндiгi берiк орнықты, оған тосқауыл болар күш әлсiредi. Көз алдымызда дәстүрлi БАҚ мүмкiндiктерiне жаңа ақпараттық тасқынды қосып бiртұтастыққа қол жеткiзген жаңа медиа қалыптасуда. ЮНЕСКО маманы Генрих Юшкявичус 1998 жылы өткен TRBE-98 көрмесiнде «ЮНЕСКО және жаңа ақпараттық қоғам» атты баяндамасында мынаған көңiл аударған едi: «Жаңа технологияларды пайдалану әртүрлi ақпараттық жүйе түрлерi арасындағы шекараны шаяды»./87/

Қоғамда ақпарат туралы өзгеше пiкiр, бұқаралық ақпарат құралдарына деген жаңа көзқарас қалыптасуда. БАҚ эволюциясын ақпараттық қоғамдағы өскелең сұраныстырмен түсiндiруге болады. Ал, технологиялық төңкерiстiң қозғаушы күшi Интернет желiсiнiң дамып, кең тарауы және компьютерлердiң есептеу қуаты шексiз өскендiгi, бағдарламалардың кең ауқымдылығы болды. «Интернет ақпарат өндiру, тарату мен тұтынудың құнын едәуiр арзандатып, коммуникациялық ландшафтты түбегейлi өзгерттi»./88/

Сонымен қазiргi заманғы ғылыми-техникалық прогрестiң нәтижесiнде ақпараттық орта – медиаорта пайда болды, ақпараттық қоғамның өскелең талаптарына жауап беретiн инфрақұрылымы түзiлдi. Оны мына кесте көрсетедi:


Жаңа ақпараттық кеңiстiкте журналистика да қиын кезеңдi бастан кешiруде. Бiрiншi кезекте оған қойылатын талаптар деңгейi де тым жоғарылап кеттi. Жаңа ақпараттық технологиялар өзiнiң прогресшiл мұратымен қатар адамзат алдына жаңа күрделi мiндеттердi қойып отыр, оның кейбiрiнiң шешiмi тым шатысып кеткен, әр түрлi мүдделер тұрғысынан сараланатындықтан ғалым-зерттеушiлер арасында да пiкiр алшақтығы басым. Осыдан келiп, жаппай компьютерлендiру, журналистикадағы жаңа үрдiстердiң керi әсерi жоқ па деген сұрақтар, күмәндi ой туындайтыны заңды.

Қоғамдық қарым-қатынас саласының теоретиктерi таяу болашақтағы мынадай проблемаларға көңiл аударып жүр:

Бiрiншi, ғаламдастыру үрдiсi ұлттық, аймақтық мүдделермен сабақтастырылмаса, жаңа қарама-қайшылықтарға соқтыруы, байлық пен кедейшiлiк аражiгi алыстауы, бiреудiң бүкiл ақпаратқа ие болып, билеп-төстеуi, ал екiншi топтың қараңғы, сауатсыз болуы қауiптi, әрi болжауға келмейтiн салдары да мүмкiн.

Қазақстан Президентi Н. Ә. Назарбаев бұл мәселеге қатысты ойын түркi тiлдi мемлекеттер басшыларының Стамбулда өткен жетiншi саммитiнде (2001 жылдың сәуiрi) айқын бiлдiрiп, орынды алаңдаушылығын жеткiздi және туыстас мемлекеттердiң бiрлесе iс-қимыл жасауының маңыздылығына назар аударды. «Бiз ғаламдастыруға бiрлесiп қарсы тұра аламыз»-дей келiп, мемлекет басшысы мынадай тұжырымдарын ортаға салады: «Маған ғаламдастыру – тежеу немесе өзгерту мүмкiн емес уақыт талабы болып көрiнедi. Ол әлемдiк экономика дамуының, компьютерлiк технология жетiлдiрiлуiнiң, бiртұтас ақпараттық кеңiстiк құрылуының және сол сияқтылардың үрдiстерiне негiзделген. Әлем қусырылып келедi. Сондықтан да мұнда оқшаулану ақылға сиымсыз деп санаймын»./89/ Бұл ұстаным бұрынғы одақтас кеңестiк республикалардан кейiн құрылған Тәуелсiз мемлекеттер достастығы шеңберiнде де жан-жақты қаралып, 1996 жылы ақпан айында бiрыңғай ақпараттық кеңiстiк құру туралы шешiм қабылданған болатын. Бiрақ ол мақсат толық орындалуда деп айта алмаймыз. Кейiннен мемлекетаралық «Мир» телеақпарат алу бiрлестiгi құрылып, жұмыс iстей бастады, бiрақ тұтастай барлық достастық мемлекеттерiнiң мүддесiн бiлдiретiн теларна ашуға қол жеткiзу жоба жүзiнде ғана қалды, тележурналистердiң жекелеген бағдарламалармен алмасқаны болмаса, кең ауқымды шаралар, зерттеулер мен бiрлескен iс-қимылы болашақтың еншiсiне қалуда.

Екiншiден, әлемдiк экономикадағы жаппай коммерциялану үрдiсi де қайшылықтар тудырады. Соның iшiнде, БАҚ та саудаға, яғни сату мен сатып алу нысанына айналған, жаңа қожайындар пайда табу буымен оны басқа арнаға бҮрып жiбермей ме? АҚШ-тағы «Ұлттық қоғамдық радиодан» Алекс Джонс (Alex Jones) мынадай алаңдаушылығын бiлдiрген: «елдегi аса маңызды деген ақпараттар тасқынын басқарып отырған адамдардың журналистикада қалыптасқан қҮндылықтар туралы хабары азң./90/

Мэриленд университетiнiң профессоры, әрi «Америка журналистикасы шолуыныңң бас редакторы Карл Степ (Carl Sessions Stepp) «журналистикада бизнес құндылықтарына бейiмделу басым түсе бастаудаң/91/ деген көкейiн түрткен ойды ортаға салған.

Үшiншiден, адамзаттық өркениет құндылықтары мен нормаларына «көпшiлiк мәдениеттiң» керi әсерi байқалуда. Оған бiрiншi кезекте бұқаралық ақпарат құралдары көп ықпал етiп келедi. Өйткенi, көпшiлiк басылымдар мен телерадиоарналар табыс табу буымен арзан сенсацияға, өсек-аяңға құрылған фактiлерге акцент жасап, қылмыс пен интимдiк жалаңаштыққа, басқа да озбырлық пен керi жарнамалық эффектiлерге қолдау көрсетiп келедi.

Төртiншiден, қоршаған ортамен үйлесiмдiлiкте экологиялық кеселдер бой көрсетiп отыр. Адам өзiнiң жеке бас құқымен қатар ұрпақтарының болашағы үшiн жауапкершiлiктi сезiнiп күресе бастады, әлемде әр түрлi осындай қозғалыстар кең етек алуда, қолдаушылары миллиондап саналады. Оған негiз де жоқ емес, табиғи орны толмас ресурстар ашкөздiкпен тоналуда, су, ауа, топырақтың ластануы бұрын болмаған дәрежеге жеттi, өнеркәсiптiң оған керi әсерi күшейе түстi, басқаруы, қайта қалпына келтiрiлуi аса күрделi тепе-теңдiк реакциялары бел алды.

Бесiншiден, ақпарат қоғамдық сананы өзгертудiң қаруы ретiнде пайдаланылмай ма,-деген қауiп те жоқ емес. Өйткенi, қазiргi медицина, гендiк зерттеулер адамды тануда аса жоғары дәрежеге көтерiлдi. Қазiрдiң өзiнде оның психикасына әсер ететiн технологиялар дүниеге келiп, тәжiрибелерден өттi.

Алтыншыдан, техникалық, технологиялық жаңалықтар көбiне әскери ғылыми орталықтарда дүниеге келуi де секем туғызады. Тiптi, экономикалық және технологиялық потенциялы қуатты АҚШ-тың өзi кейде асыра сiлтеп жiберетiнi тарихта қатталып жазылып келедi. Мына бiр пiкiр соның айқын айғағы:

Выступая 9 сентября 1996 года на церемонии открытия 42-й Ежегодной семинарии «За промышленную безопасность» в городе Атланта (штат Джорджия, США) Роберт Гейтс в своем докладе отмечал: «Для нас открылся новый «золотой век» под американским лидерством. К концу ХХ века Америка представляет собой беспрецедентный колос в истории человечества. Валовой национальный продукт составляет более 7 триллионов долларов. Наша экономика в три раза превосходит японскую, в четыре раза немецкую и в 20 раз превышает российскую. Наши вооруженные силы не имеют себе равных. Но, пожалуй, более важно наше политическое и культурное влияние во всем мире. Ни одна международная проблема не может быть благополучно решена без нашей руководящей роли, или, по крайней мере, без нашего влияния, наших ресурсов, нашей поддержки»./92/

Жетiншiден, компьютерлiк бүлдiрулер, хакерлiк, ақпарат ұрлауға берiк тосқауыл қойылған жоқ, әмбебап әдiсi де табылмай отыр. Соңғы жылдары ақпараттық салада қылмысты iстер кең етек алып, экономикаға, халықаралық қатынастарға орасан шығындар келтiрдi. Осы салада еңбек ететiндердiң саны еселеп өскендiгi, оны бақылау мүмкiндiгiнiң шектеулiлiгi қосымша тауқiметтер туғызып келедi.

Сегiзiншiден, орасан шекарасыз ақпарат тасқынында авторлық құқық нормалары қалай реттелетiнi белгiсiз. Бұл бiрiншi кезекте жаңалықтарға, әдеби көркем және музыкалық туындыларға қатысты. Бiреу материалды шығындар жұмсап, шығармашылық iзденiстер нәтижесiнде оны табуы, өңдеуi мүмкiн, ал екiншi бiреу оны өз атынан жария етiп таратуы, тiптi сатуы да күнделiктi кездесетiн келеңсiз жайға айналды.

Тоғызыншыдан, жалған ақпарат тарату, деректердi бұрмалау, немесе өз бетiнше өзгерту сияқты келеңсiздiктердi қалай айқындап, саралай алатынымыз беймәлiм. Журналистикаға интерпретация жат ұғым, ал бiрнеше сүзгiден, көзден өткен ақпарат мүлде басқа мәнге ие болып кетуi әбден мүмкiн. Оның үстiне мақсатты түрде жалған ақпарат тарататын жайлар да кездесiп қалады.

Оныншыдан, адамның жеке өмiрiн, өз құпияларын, оған басқа бiреулердiң қол сұқпауын қалай қамтамасыз етiп, реттеп отырамыз – ол да көмескi. Шетелдерде бiрыңғай ашық деректер базасы түзiлуде, оған әр жеке адамның мағлұматтарын енгiзу туралы әр түрлi пiкiр қалыптасып, бiреулер жақтаса, екiншi бiреулер үзiлдi-кесiлдi қарсы шығуда. Мұның да астарында үлкен әлеуметтiк, психологиялық факторлар жатыр, қауiп те жоқ емес.

Мәскеулiк ғалым Л. Землянова мұны былай түйiндептi: «Ең қауiптi үрдiс – ақпарат еркiндiгi мен оның мазмұны және қоғам мен мәдениет үшiн қандай салдары болатындығы үшiн жауапкершiлiк арасындағы тепе-теңдiктiң бұзылуы»./93/

Профессор Я. Н. Засурский ресейлiк ақпарат құралдарында насихаттық сипат қайтадан бел ала бастады деп қауiптенiп, шыр-пыр болуда. Үлкен теоретиктiң пiкiрiнше, журналистиканың басты мiндетi – ақпаратты дәл, жедел, әрi нақты тарату, оны боямалап жақсарту, не көмескiлеу қауiптi, әрi зиянды./94/

Бұдан шығатын түйiн, ақпараттық орта өзгергенiмен, журналистиканың құндылықтары сол күйiнде қалды, керiсiнше жауапкершiлiгi артты. «Жаңа журналистика» деген жаңсақ ұғым, БАҚ саласында ешқандай төңкерiс болған жоқ. Өйткенi, журналистиканың функциялары, қоғамдық қатынастардағы рөлi мен орны бҮрынғысынша қала бередi. Осыған байланысты соңғы кездерi БАҚ «төртiншi билiк» деген көзқарас та сәл бәсеңсiгендей болды, керiсiнше, ақпараттық қоғам оны басқа билiк тамақтарымен тең қоюдың орнына биiк қоятын да тәрiздi – ақпараттың қуаты бұрынғыдан да арта түскендiгiн өмiрлiк тәжiрибе көрсетiп отыр. Әңгiме БАҚ-тың билiкке таласында емес, қоғамдық сананы қалыптастырудағы жетекшi орнында, басқа билiк институттарының жұмысын үйлестiру мен насихаттауда ұстанған позициясы ықпалды болғандығында. Маңызды коммуникация құралы ретiнде БАҚ бұрынғыдан да пәрмендi бола түстi және өркениеттiң үздiксiз дамуы пен қоғамдық сана мен бiлiм үшiн жауапкершiлiгi өлшеусiз артты.

Ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкiлдерiмiз Тәуелсiздiк жылдары ұлттық мұрағаттарымызды насихаттап, тарихымызды түгендеп, қайта жазуда орасан iс атқаруда, оның шегi де көрiнетiн емес. Солардың қатарында қазақ публицистикасының тамырларын зерттеу, ақтаңдақтардан аршу үрдiсi қуантады. Дәуiр үнi, ел мүддесi халық ауыз әдебиетiнен бастап, сонау көне түркi жазуларында, ақын-жыраулардың өлеңдерiнде сайрап жатыр. Шығыстан шыққан ұлы ұстаз атанған әл-Фараби, Мұхамед Хайдар Дулати, Иусуф Баласағұни мен Махмуд Қашқаридiң еңбектерi күнi бүгiнге дейiн құндылығын жоймай келедi, халықтық қазынаның қайнар бастауындай көрiнедi. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлихановтың ағартушылық ойлары мен пәлсапаға толы еңбектерi бүгiнгi журналистикаға да әсер етпей тұра алмайды, бүгiнгi ой нәрдi сол тамырлардан алады. ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы қазақ демократиялық ойшылдығының өрлеу кезеңi болғанымен, кенеттен күшпен, жымысқы айламен, ақырында арсыз репрессиямен тамырына балта тидi. Дегенмен, сол дәуiрдiң зиялы қауымы өлшеусiз мұра, өшпес өнеге, мәңгiлiкке iз қалдырды. Сол өрлеудiң жарқын бiр өкiлi Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзi, құлағы, һәм тiлi» деген ойы журналистиканың кешегi және бүгiнгi теорияларын мың орап алады, қысқа сөзге үлкен ойды сыйғызып, баспасөздiң қызметi мен рөлiн айқын тұжырымдап тұр. Кешегi «коллективтiк насихатшы, үгiтшi және ұйымдастырушы», бүгiнгi «төрт доктрина» теориялары мұндай қарапайымдылық пен тереңдiктi бере алмайды. Жұмыста бүгiнгi күннiң технологиясы сөз болғанымен, қай уақытта да қазақ сөз өнерiнiң өткенi темiрқазық болып бағдар бердi.

Бүгiнгi әлемдiк журналистиканың үрдiсi туралы тұжырымдар мен бағалар көптеп саналады, бiрақ көпшiлiк мойындаған беделдi пiкiрлер қалыптасып үлгердi деп айта алмаймыз.

Конвергенциялық өзгерiстер журналистиканың iшкi мазмұны мен үйлесiмдiлiгiне нұқсан келтiре алмайды, бiрақ оның жаңа кеңiстiкке шығып орнығуына жол ашады. Интернеттiң журналистиканы байытқан тұстары: суперұшқырлық, кең де шексiз, шекараны бiлмейтiн аудитория, онымен керi байланыс және орасан ақпарат мұхиты. Әрине, бұған дейiн БАҚ ақпаратты бiр бағытта аудиторияға қарай таратып келсе, компьютерлiк ашық желi керi де – екiбағыттық интербелсендiлiкпен тың жол салып отыр. Ендi ақпаратты өз қалауыңша iрiктеп алатын мүмкiндiк туды. Немiс зерттеушiсi Гюнтер Рагер «кем дегенде жоғары бiлiмдi компьютерлiк БАҚ-ты пайдаланушылар алда да ақпаратты мүмкiн болған неғұрлым көп көздерден ала беретiн болады. Интернеттiң мәнi де басқа БАҚ-пен өзара байланысынан ашылады»/95/ деген пiкiрiн бiлдiрген.

Тағы бiр немiс әлеуметтанушысы Рихард Мюнхтың «Коммуни-кациялық қоғамның диалектикасы» кiтабындағы тұжырымдары жiтi назар аударуға тұрарлық. Ол журналистика күрделi кезеңдi бастан кешiруде, оның қиындығы өте жоғары талап қоюшылықтан да туындайтынын айтады. Журналистиканы ақпараттық тасқын шайып кету қаупi күштi дей келiп, сценарийдiң үш бағытта өрбуiн болжалдайды.

1) Журналистика корпоративтi мүдделердiң шырмауында қалып қойып, қоғамдағы құралдардың бiрiне айналуы мүмкiн. Бұл жағдайда ол қоғамдық сананы арнасынан бұрып жiберетiн регресшiл күшке айналып, өз бастапқы мәнi мен ұстанымдарынан айрылып қалуына жол ашады.

2) Журналистика ақпараттық тасқын жолында бақылаушы ғана болуы мүмкiн. Бұл жағдайда ол судың деңгейi мен арнасын реттеп отыратын гидрошлюз басындағы техник маман тәрiздi рөл атқарады. Алайда, қоғамдық сана мен мәдениеттiң өсуiне қалай әсер ететiндiгi беймәлiм, егiншi-дихан рөлiн басқа әлеуметтiк күштер атқарады.

3) Журналистика ақпараттық тасқындарды сүзiп, тазартып отыратын «эмиссиялық банк» тәрiздi рөлге ие болуы мүмкiн. Бұл жағдайда ол қоғамдық санаға керi әсер ететiн ақпаратты iркiп отырады, тасқынның сапасын жақсартады, үлкен жауапкершiлiктi өз мойнына алып, прогресшiл күш ретiнде танылады.

Бұл ойлар басқа да қоғамдық пiкiрлермен үндестiк тауып отыр. Орасан ақпараттық тасқынның iшiнде маңызды, мәндi ақпараттар ескерусiз қалып кетуi мүмкiн, қойыртпақтың iшiнен көзге не iлiнедi, санаға қайсысы жетедi, кiм жауапты болады деген сұрақтардың туындауы да заңды. Дәл ақпарат беру, iзгiлiктi тарату, жақсы мен жаңалықтың жанашыры болу – көбiне журналистiң парасаттылығы мен пайымына, бiлiктiлiгi мен шеберлiгiне тiкелей байланысты болуы заңды. Журналистиканың қоғамда болып жатқан өзгерiстер үшiн жауапкершiлiгi өлшеусiз өсетiнi осыдан-ақ түсiнiктi. Сөз бен ақпарат қоғамдық микроклиматтың барометрi ретiнде жетекшi мәнге көтерiледi.

Ертеңгi модельдiң нышандарын бүгiнгi күннен табуға бола ма дегенде, жапон елiнiң тәжiрибесiне назар аудардым. 1964 жылдан Жапония ақпараттық даму жолын басшылыққа алып келедi. Ұлттық табысының басым бөлiгiн интеллектуальды, жоғары технологиялық тауарлар сатудан алады, кадрлық, технологиялық мүмкiндiгi өте күштi, әлемдiк экономикаға орасан қаржы құйып отырған донор ретiнде де танылған. Сонымен қатар күншығыс елi ұлттық және аймақтық тұтастық пен ерекшелiктердi сақтап, үлпiлдетiп аялап отырғандығын, экологиялық жаппай сауаттылыққа, жоғары мәдениет пен өнерге қол жеткiзгендiгiн ескерсек, ақпараттық қоғам қиялдағы құс емес деген нық сенiм орнығады. Мұндағы Жапонияның бұқаралық ақпарат құралдарының рөлi орасан. Жапондықтар заңды түрде газеттi көп оқитындардың бiрi болып саналады. Әрбiр мың адамның 600-i газет оқырманы болуы көп жайды аңғартады. Күнделiктi газеттердiң таралымы жөнiнен Жапония алдына жан салмайды, ол 72 млн. данадан асып түседi.

Батыс мемлекеттерiнде газеттердi сапалы және бұқаралық деп екiге бөлу дәстүрi қалыптасса, ол жапон елiне ешқандай да жұғыспайды. Өйткенi, мұндағы газеттердiң деңгейi шамамен бiрдей және жоғары сапалы. Олар тiптi газет таралымын елдегi отбасылар санына дейiн жеткiзiп, әрбiр жапон жанұясын бiр газетпен қамтамасыз етудi мақсат етiп қойып отыр. Бес жалпыұлттық газетiнiң («Асахи», «Иомури», «Майнити», «Никкей», «Санкей») таралымы барлық баспасөздiң 65 пайызын құрайды. Жалпыұлттық жапон газеттерiнiң әрқайсысының алты-сегiз миллионнан тұрақты оқырманының болуы, оны шығарушылардың еңбегiнен гөрi оқырмандар талғамының жоғары екендiгiмен түсiндiруге болады. Тұрғындардың сауаттылығының жоғары деңгейде болуының негiзi ХVII-ХVIII ғасырларда қалыптасқан тәрiздi. Жапонияның сол бiр жеке-дара даму кезiнде храмдардың (тэракоя) жанынан мыңдаған мектептер ашылып, балаларды алты жастан бастап оқу мен жазуға үйреткен едi. ХIХ ғасырдың ортасында Жапония халқының 43 пайызы сауатты деп саналатын. Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа да Жапония жаппай сауатты ел ретiнде кiрдi. Қазiр жапондықтар дүниежүзiндегi жоғары бiлiмдi мiндеттеген бiрден-бiр ұлт болып табылады. 1961 жылдан NHK үшiншi телевизиялық арнасы жалпыұлттық телемектеп мәртебесiне ие болып келедi. Ол аптасына 60 сағаттан аса хабар таратады. Соның iшiндегi «Телеуниверситет» iргелi бағдарламасы төрт жылға есептелген және күнi бұрын хабарланған кесте бойынша шамамен 17 мың адам қамтылған. Оған қоса өз бiлiмiн көтерудi мақсат тұтқан талапкерлерге адрестi түрде негiзгi оқу және танымдық бағдарламалардың қағазға басылған нұсқасы таратылып отырылады. «Телеуниверситет» жапон телевизиясының ең танымал және пайдалы бiлiм беру бағдарламасы ретiнде көпке үлгi.

Зерттеушi Алмас Ахметбекұлы былай дейдi: «Жапонияның бұқаралық ақпарат тарату жүйесi – «өмiр бойы үйренудiң» ең күштi қозғаушысы. Асахи теледидары тек Токио, Шинхикиоде көлемi кең сырттай оқыту орталығын құрды. Онда 550 пән бойынша 60 мыңнан астам адам оқуда. 6 жастағы баладан 80-дегi шал-кемпiрге дейiн бар»./97/

Жапонияны зерттеушiлер феодалдық ойлау жүйесi мен постиндустриялық даму деңгейiнiң бiте қайнасып жатқандығына назар аудармай, таңданыс бiлдiрмей тұра алмайды. Тiптi оларда кәдiмгi баспасөз мәслихатының өзi ерекше жағдайда өтедi екен. Залда көптеген газеттер, радиотелеарналардың өкiлдерi отырғанды-ғына қарамастан сұрақты бiр ғана адам қойып, қалғандары тыңдап, жазып отырады. Сұрақтар күнi бұрын келiсiлiп, ортақ шешiм бойынша кiм қоятындығы да белгiленедi. Сонымен бiрге Жапонияда өзiндiк баспасөз клубтары жұмыс iстейдi. Олар кез-келген мемлекеттiк мекеме, саяси партия немесе қоғамдық бiрлестiктiң ресми мәлiмдемелерiн баспасөзге ортақ бiр мезетте жариялайды. Өйткенi, қандай да бiр жаңалық бiр ғана баспасөз органының жеке-дара иеленуiне түспеуi тиiс. Олар үшiн бәсекелестiк, уақыт пен ақпарат таратудағы үстемдiк бiрiншi кезектегi мiндет саналмайды. Басқаның алдын орау, тығырыққа тiреу сияқты нарықтық көлеңкелер де жұғыспайды. Жапон менеджментiнiң басты принцiпi: ең бiрiншi сапа, сапа болса, табыс өзi келедi,-деуiнiң астарына көп нәрсе сияды. Жапондық «Сен өзiңе тиесiлi тобыңды тап, оған сенiмдi бол және қызмет ет. Жалғыз жүрiп өмiрдегi орныңды таба алмайсың»,-деген қанатты ұғымның айрықша мәнi бар. Жапондықтар қауымдасып ойлап, бiрге әрекет етуге үйренген, топтың еркiне бағынады және соның шешiмiне байланысты әрекет етедi. Яғни, жапондық қоғам – ол белгiлi бiр топтардың қоғамы.

Суперкомпьютерлер мен сiрiңкенiң қорабындай түрлi-түстi теледидарлардың ортасында жүрген жапондықтардың салт-дәстүрлерi пәлендей өзгерiске ұшырамаған. Жапондық үшiн жеке шаруа деген ұғым жат, басқа адамдармен қоян-қолтық араласып бiрге тiрлiк iстеу дәстүрi қалыптасқан. Яғни не болса да қауыммен бiрге көредi. Жапондық топтық сананың осындай бiр мысалы – шаруа ауласы («иэ»). Жапондық ауыл үйiнiң шатыры елу жылда бiр рет жөнделедi, оның өзiнде шиi жартылай ғана ауыстырылады. Бүкiл қауым болып әр үйдi өстiп жаңартып отырады, басқаша жағдайда жалғыз адам мыңдаған тал-шилерден тұратын шатырды жаңартуға уақыты да, күшi де жетпес едi. Отбасының өз iшiнде де ешқандай құпия жоқ, өйткенi, қамыс қабырғалардан бәрi естiлiп жатады.

Белсендi технократиялық саясатқа қарамастан ұлттың қаймағы бұзылмауын олардың тәрбиесi мен дүниетанымынан көруге болады. Жапондықтар табиғатты айрықша қастерлейтiн синтоистiк нанымға сенедi, жердегi ғұмырыңның өте қысқалығын уағыздайтын дзен-буддизм дiнiнiң ықпалы да зор. Жазу-оқудан да бұрын жапон баласы әуелi сурет салуды үйренедi, әсiресе, табиғатты бояумен кестелеу қанға сiңген әдет, ғасырлардан жалғасып келе жатқан қасиет. Дәстүрлi жапон үштаған өлеңi – хайку шығарушылардың жалпыұлттық қозғалысқа дейiн көтерiлуiнде де үлкен мән жатыр, онда өзгермелi жыл мезгiлдерiнiң жыр шумағы болып құйылуы, өз дүниетанымын жеткiзуi мiндеттелетiн көрiнедi. Жапондық өмiрiнде компьютерлер мен электронды тұрмыстық техника қисапсыз болғанымен, тек көмекшi ретiнде қарастырылады.

Жапон тiлiн – құдайдың тiлi, бiз құдайдың тiлiнде сөйлесемiз деп тәрбиелейтiн елде жаңа дәуiр жаңа өзгерiстердi ала келуде. Соңғы кезде ұлттық идея ретiнде «топтар патшалығынан – тұлғалар патшалығына» деген ұран тасталуда, яғни әрбiр адамның жеке қасиеттерiн дамытуға күш жұмсалуда. Ұлттың интеллектуальды элитасын әзiрлеу күн тәртiбiндегi басты мiндеттердiң бiрi болып қойылған.

Күншығыс елiнен үйренерiмiз көп, сонымен бiрге олар жүрiп өткен жолды қайталау да мүмкiн емес, әр халықтың өз ерекшелiгi, эволюциялық ерекшелiгi бар. Дегенмен, әр нәрседен тиесiлi сабақ алғаннан тәжiрибемiз толығып, молыға түседi.

Өткен жылы Еуропаның қағаз және баспа өндiрiсiндегi жетекшi ұйымдары Pira International және PRIMA корпорациялары осы саланың 2001-2010 жылдарға даму бағытын анықтайтын кең ауқымды әлеуметтiк зерттеу жүргiздi. «Баспасөздiң болашағы» деп аталатын жобада/98/ ғаламдастыру мен экономикалық үрдiстер, компьютерлiк технологияның, байланыстың, Интернеттiң дамуы, тiптi отбасылық және демографиялық жағдайларға дейiн ескерiлiп, таяу болашақта да баспасөз даму кезеңiн бастан кешiредi, инвестициялар артып, сатып алу мен жарнама беру көлемi өсе түседi деген тұжырымдар жасайды.

Бұл зерттеудiң маңыздылығы методологиялық негiзiнiң жан-жақты қарастырылғандығында. Өйткенi, онда мынадай аса маңызды факторлар ескерiлген, көкейтестi төмендегiдей сұрақтарға жауаптар қарастырылады:



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет