Маржан сөздің марқасқасы
Камал Махмұт
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының қызметкері
Мәшһүр Жүсіп Көпеев қазақтан шыққан көрнекті ақын, тарихшы, этнограф, шежіреші, аудармашы, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы. Бес жасынан бастап ауыл молдасынан дәріс алған. Жастайынан еті тірі, зерек бала Хамар Хазірет деген үлкен оқымысты молданың алдынан жеті жыл бойы сабақ алады. Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұн, мән-мағынасына дейін тәптіштеп түсіндіреді. Арабтың, парсының тілін үйтетеді. Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтқан. Сол себепті де Мәшһүр деген атқа ие болады. Он бес жасында медреседе оқып жүріп өлең жаза бастайды. Он бес жастан кейінгі өмірінің бәрін дерлік өлеңмен сөйлеген деседі. Ол туралы ақынның өзі былай дейді: Жабысты маған өлең он бес жаста, Жұрт айтты: «Не қыласың» - деді баста Дегенмен қоя алмадым үйренген соң, Мінім жоқ қылған жұртқа мұнан басқа. Шүкірлік, бергеніңе, құдай патша,Он бесте шабыттандым жүйрік атша. Бір күндер ұйықтап жатқан мезгілімде,
Кеудеме өлең толды сызған хатша. Мәшһүр Жүсіп туралы М.О. Әуезов: «Ал, өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармау керек. Сондықтан, қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ғылымдық бір саласы историяграфия бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт» десе («Әдеби мұра және оны зерттеу», «Ғылым» баспасы, 1961), С. Мұқанов өз ойын былайша түйіндепті: «XVIII ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталғаны Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам - Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Бұқардың жырларын жазып алған Мәшһүр Жүсіп: «Бұқар-екең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткені тамыры ғана» дейді. «Мес» жинағына қарасаң көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады. Cиясы әсем көшірілген қолжазба Мәшһүр махаббатына лық толы. Ол көне қолжазбаның әрбір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан».(«Халық мұрасы», «Қазақстан» баспасы, 1974) Академик М. Қаратаев та ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақындардың творчествосын саралай келіп: «М. Көпеевтің қазақ әдебиетінде әрі ақын, әрі жинаушы ретінде алатын орны ерекше» - деп бағалапты.(«Қайта қарауды қажет ететін мәселе», «Қазақ әдебиеті», 1956) Мәшһүр Жүсіп 1858, қой жылы, қыс мезгілінде қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде Найзатас деген жерде дүниеге келген. Нәрестеге ата-баба салтымен азан шақырып, атын Жүсіп деп қояды. Бұл жөнінде ақын кейіннен «Өмірбаян» атты өлеңінде:
Жасымда қойылған ат адам Жүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен Мәшһүр Жүсіп.
Қолыма қағаз, қалам алған шақта,
Кетемін қара сөзге желдей есіп, - деп еске алады.
Ол есейе келе ел ішіндегі ауыз әдебиеті үлгілерін жинайды, сонымен қатар бала оқытумен де айналысады. Ел көріп, жер көріп, өз білімін әрі қарай тереңдету мақсатында Ташкент, Бұхар, Түркістан сияқты ірі қалаларға бірнеше рет сапар шегіп, Шығыс мәдениеті, Шығыстың ғұлама ғалымдары мен ақын, ойшылдарының шығармаларымен жақыннан танысады. Осы сапары жөнінде ақын:
Мәшһүрден келе жатыр өнер қайнап,
Бұлбұлдай қапастағы тұрған сайрап.
Самарқан, Бұхар, Ташкен - бәрін кезген,
Жасында бір кем отыз тәңірім айдап –
деп хабар бере кетеді. 1888 жылдан бастап жас ақынның өлеңдері мен мақалалары қазақ тіліндегі тұңғыш баспасөз үні «Дала уәлаятының газетінде» жиі жариянана бастайды.Мәшһүр Жүсіп 1905 жылғы патша манифесінің жалғандығын әшкерелейді, елдің уақытша көзін бояу үшін шығарылған жалған бұйрық екенін де ешнәрседен тайсалмай қазақ ақындарының ішінде алғашқысы болып толғайды. 1907 жылы Қазандағы Хұсайыновтар баспасынан Мәшһүр Жүсіптің «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал» деген үш кітабы бірінен соң бірі басылып шығады. Бұл кітаптарында қазақ халқының басына түскен ауыр хал мен тұрмыс тауқыметтері, жоқшылық пен теңсіздік шынайы көрсетіліп, әлеуметтік өмірдегі келеңсіздіктер мен қайшылықтар өткір сынға алынады, жастарды оқу-білімге, өнерге шақыру үні айқын сезіледі. Осы әрекеті үшін де ақын қуғынға ұшырайды. Профессор Ә.Қоңыратбаевтың: «Мәшһүр Жүсіптің жоғарыдағы үш кітабының заңға ілігіп, таратылмауы, оны басып шығарған Хұсайыновтарға 12 мың сом ауыр айып салынуы, ақынның қамалушылар тізіміне ілігіп, ел ішінде бұғып жүруі осыдан» деген сөзі өте орынды.(Қазақ КСР Ғылым Акаднмиясы кітапханасының қолжазбалар қоры, П-№1173, 16 бет).Мәшһүр Жүсіп өлеңдерімен бірге көптеген уытты мысалдар, шығыс үлгісіндегі бірнеше дастан жазып қалдырды. Оның қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жинаудағы еңбегі орасан зор. Бұл ретте ел аузынан көптеген батырлық, ғашықтық жырларды, тарихи жырлар ман айтыстарды, шежірелер мен аңыздарды, атақты ақындар мен жыраулар мұраларын жинап, хатқа түсірді. Ұлы Абайды өзіне ұстаз тұтып, оның ағартушылық идеясы мен ақындық дәстүрін жалғастырушылардың бірі болды. Абай өлеңдерін жаттап алып, ел ішінде таратуда, насихаттауда берік ұстаным тұтынды. Ол Абай соқпағымен «тас қияға өрлегендердің» бірі еді. Абайдың тірі кезінде оның өлеңдеріне алғаш рет талдау жасап, баға берген де Мәшһүр Жүсіп болды. «Дала уәлаятының газетінде» 1989 жылы жариялаған «Баянтаудан хабар: Абай творчествосы туралы мәлімет» деген мақаласында Абай шығармашылығы туралы өз ойларын ортаға салады. Мәшһүр Жүсіп өз туындыларында Абай сияқты сол кезде әлеуметтік топ ретінде пайда болған ел ішіндегі пысықтарды, ұлықтарға арқа сүйеген жағымпаздарды аяусыз сынайды, ел бірлігін ойлап, Абай жолын таңдайды. Абай туралы «бұл - біздің соңғы пайғамбарымыз» деп жоғары баға береді.(«Абай», Энциклопедия, «Атамұра» баспасы, 1995, 403-404 беттер) Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларымен орыс тілді оқырмандар алғаш рет «Түркістан уалаятының газеті» арқылы танысты. Бұл газеттің белсенді авторларының қатарында Ш. Құдайдердиев, А. Байменов, С. Шорманов, Б, Сыртановтармен бірге М.Ж. Көпеев те болды. Бұл органды қазақ халқының рухани жетекшісі болды деп есептеуге болмайтын еді, ол негізінен орыс империясының саясатын жүргізуші арқау ретінде де қызмет етті. Газеттің 323 нөмірінде басылған 633 мақаланың үштен бірі империяның сыртқы саясатына арналған болатын. «Алайда, патша өкіметінің саясатына қарамастан бұл газет өлкедегі қоғамдық өмірдің, қазақ халқының қалыптасуына зор ықпал етті» деп ҚР ҰҒА академигі С.Зиманов пен Қабдікәрім Ыдырысов өте орынды атап өтті. М.Ж. Көпеев 1910 жылдан бастап жарық көре бастаған «Айқап» журналының да белсенді авторларының бірі. «Айқап» журналы Қазақстандағы шыққан алғашқы демократиялық бағыт ұстанған ұлттық журнал еді.Мәшһүр ақын көпшіліктің берекесін алатын, жарастығын бұзатын озбырларға үнемі қарсы тұрып келіпті. Жан-жағын жұтып жіберердей алара қарайтын бай-шонжарлар, қысы-жазы ауыл маңы айғай-шу, бос дүрмек, оқу іздеп, өнер қуып жүрген бірде-бір жастарды көре алмаған ақын халыққа қарап:
Қазағым, өнер ізден, ұрлық-зорлық,
Қыласың бір-біріңе неге озбырлық?
Болғаннан алты ауызды ынтымақсыз,
Басыңа келген жоқ па талай қорлық?
- деп ел ішінің ауыр жағдайын, береке-бірлігі жоқ жүдеу қалпын ашына айтады. М. Көпеев өлеңдерінің айрықша бір қасиеті - қарапайымдылығында. Ол ерекше бояу, тыңнан жаңалық іздемейді, жұртты таңырқата қояйын деген ой ақында атымен жоқ. Ақынның сөзі - жүрек түбінен шыққан сөз. Ақын сөз өнерін өте жоғары бағалаған. Адам баласы мен адам баласының табыспайтын, жақындаспайтын ұғыспайтын кезі болмайды. Өйткені, бірінің ішкі жан сырын бірі сөйлесу арқылы түсінеді дей келіп:
Кем емес кейбір сөзім жанған шоқтан,
Әркімге ауыр тиер атқан оқтан.
Ұшқан құс, жүгірген аң - жануарлар,
Атанды бәрі хайуан - тілі жоқтан,
- деп адамның ғажайып құдіретін, оның жарық дүниенің қожасы екенін әдемі сипаттаған.Мәшһүр Жүсіптің бөліп айтуға тұрарлық бір ерекшклігі - өлеңдерін жазып шығарған. Ол әрбір жырын мұқият қағаз бетіне түсіріп, рет-ретімен тәртіптеп, шашау шығармай ықтияттап ұстаған. Ақынның осындай ұқыптылығына дәлел кетіре кетейік: Сәбит Мұқановтың зайыбы Мәриям апамыз «Сағынышым Сәбитім» деген Сәбең туралы естелік кітабында: «Ерте кезде Мәшһүр Жүсіптен хат келді деп әбігер болғанын білем. Мен ол кезде тым жаспын, ол кісінің кім екенін қайдан білейін. Мәшекеңнің тапсырмасын орындау керек деп жан-жаққа сұрау салып жүргенін ұмытпаппын». Бұл хат 1931 жылы жазылған хат екен. Яғни қайтыс болар жылы. Сол хатта Мәшһүр Жүсіп: «Бұл Мәшһүрде өзі жазған бір шежіре кітап бар, әдебиет тарихы болуға толық, үлкендігі табақ қағазға табақ бойынша жазылған, ауырлығы қадақ жарым... Бұл Мәшһүр Юсуф (естелікте солай - К.М.) сөзін бастырамын деп Торайғыров алып кетіп, аяқсыз шашылып, һәр жерде қалған. Онан сұратып Тәшкенге алып барып бастырамын деп Уәлихан Омаров алып кетіп о да аяқсыз қалдырған. Қызылорда баспаханада он екі азаматтың бірімін деп Зияш Алдабергенов алып кетіп о да аяқсыз қалдырған. Мәскеуде тұрамын деп Әлкей Марғұланов поштамен алдырып, о да аяқсыз қалдырған. Содан соң бұл аузы күйгендей боп сөзін қолдан шығармайтын болған. Осы күнде өзі жетпіс екі жаста отыр. Үш жүзден шыққан ақындардың. өрнекті хан, үлгілі билердің, батырлардың тарихы, әңгімесі өзінде түгел. Мен сөз үйренетін кісі емеспін. Уәлихан Омаров пен Зияш Алдабергеновтен Мәшһүр Юсуф сөзін қайда жібердіңдер, бары болса маған жіберіңдер, жоғы болса оны айтыңдар деп, екеуінің опасыздығына бір жауап алып берсең».(Мәриям Мұқанова, «Сағынышым Сәбитім», 2000, 73-75 беттер). Мәшһүр Жүсіптен Сәбеңе келген хаттың қысқаша мазмұны осы. Ал, сол жоғалып жүрген Мәшһүр-Жүсіп сөзінде Күдері қожа мен Ұлбике қыздың жүз ауыз айтыс өлеңі, Ұмсын қыз бен Заман қожаның елу ауыз айтыс өлеңі, қарақалпақ Жәнкіл ақын мен Ұлбике қыздың он ауыз айтыс өлеңі, Қаракесектен шыққан Тоғжан қыз бен Сүйіндіктен шыққан Сақау ақынның жетпіс тоғыз ауыз өлеңі, Балта ақын мен Шөженің жиырма бір ауыз айтыс өлеңі және көптеген ел аузына ілігіп жүрген танымал және ақындық жолына енді түсіп жүрген талай ақындардың айтыс өлеңдері бар екен. Қандай құнды дүниелер десеңші! Дүниеден озғалы жатқан адамның әдебиетке, асыл мұраға деген жанашырлығы деп осыны айт! Мәшһүр қазақтың көптеген білікті адамдарымен кездескен, сырлас болған. Солардың ішінде 1925 жылы атақты балуан Қажыымұқанмен таныс-біліс болып, екеуі Баянауылда бірнеше күн бірге жүріпті. Бірі ақын, бірі балуан - өнер адамдары іштей түсінісіп, қыл ажырамас дос болып, қимай-қимай ажырасыпты. Жолмұрат Жүсіпұлы (М.Ж. Көпеевтің туған жиені, ақынмен бірге жүріп творчествосын хатқа түсірген) қолжазбасында атақты Бөгенбай батырдың немересі Саққұлақпен Мәшһүр Жүсіптің тығыз қарым-қатынаста болғанын, ол адамнан ақынның халқымыздың әдеби мұраларын көшіріп алғандығын айтады.
М. Көпеев Ақан серімен бірнеше рет кездескенін, онымен сырласып, пікір алысқанын айта келіп, былайша тебірене сөз етеді: «Ақан серінің Құлагері өлген соң бұрынғы серілік мінезді қалдырып, көп бас қосатын ас, жиын-тойға жүрмейтін, бармайтын болып, дүние махаббатынан мүлде көңілін суытты. Ақан сері адамзаттың сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі еді, жігіттің құлпы жібегі еді» - деп Ақан серінің басындағы қайғылы жағдайымен қоса, оның ақындық өнері жайлы да толғамды ой айтқан.Мәшһүр Жүсіптің игі істеріне қанық қазақтың зиялы қауымы оны ерекше құрметтеп, бағалаған, ақындардың пайғамбарына теңеген, әруағына сиынған. Жұма күні, қой жылы аштың есік, Қазақтың кең даласын қылдың бесік. Дәл сондай жұма күні, қой жылында, Көз жұмдың жалғаныңа қош бол десіп. (К.М) Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы дүниеден өтті. Өмірден өзі озса да артына өлмес мұра қалдырған қасиетті Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мұраларының бізге, келер ұрпаққа берері мол екеніне ешкімнің де күмәні жоқ. Ендеше, сол мол мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буын үлгі аларлық кәдеге жарату біздің парызымыз.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармалары туралы
С.Ә. Ысқақ
С.Торайғыров атындағы ПМУ.
Мәшһүртану ҒПО-ның кіші ғылыми қызметкері
Халық қазынасын, шығармашыл адамдардың мұрасын жинақтап қана қоймай, бүгінгі ұрпаққа жеткізудің орасан жұмыстарының бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін филологиялық тұрғыда тану. Ақынның өлеңдері, жанры синкретті шығармалары, философиялық ой-толғамдары, мақалалары, кейіпкер бейнелеу ерекшелігі өзгеше.
Мәшһүр Жүсіп шығармаларының жариялануының өзіндік бағасын атап айта отырып, ендігі кезекте жаңадан таныла бастаған мұраларының тіл философиясы, әдеби-философиялық тағлымдарының сыни талдаулары қатар жүргенде ғана оқырманына тезірек жететінін пайымдадық. Сондықтан ұсынылып отырған мақаланың Мәшһүртанушылар еңбектерінің жалғастығы ретінде маңыздылығы бар деп санаймыз.
Мәшһүр Жүсіп шығармаларын зерттеушілер пікірлері қорытыла отырып ақынның көзқарасы, дүниетанымы, діни-мистикалық қалпын айқындауға болады. Шығармаларынан замана тынысының көрінуі арқылы қазақ халқының көркем шежіресі әр оқырманның көркем қабылдауына ұсынылады. Мәшһүр Жүсіп кім деген танымдық сұраққа ақынның өз келбетін, парасатын көрсете жырлаған туындыларына филологиялық талдау, әдеби-сын жауап береді. Сондай туындыларының бірқатарына тоқталайық:
«Мәшһүр Жүсіптің Әмен атынан сөйлегені» – өлең. Жолмұрат көшірмесі бойынша әзірленген. 1916 жылы жазылған [1, 227-230; 468]. Қара өлең ұйқасты, төрт тармақты жиырма бес шумақ.
Ақынның: «Қойша иіріп призывқа қамағанда, Құр сүлдең, жүре алмайсың, басып қадам. Патшадан құрық түсті басымызға, Жан сақтап, паналауға қайда қалам?!»- деп 1916 жылдың өзінде-ақ тура айтқан азаматтық үні қазіргі күні де өте бағалы. Халық басына түскен тауқыметтің қиындығы ақын тілінде мынадай оралымдармен бейнеленген: «Таудан – зор, тастан – қатты бар бір жарам!». Ықтырған зорлықшы күштің алдында бүтін бір халық жеп-жеңіл қаңбақтай дөңгеленіп сала бергені ақындық шеберлікпен өрнектелген: «Суға аққан толқынында шөп-шар, салам?!». Ақын ұлт-азаттық көтерілістің тууына түрткі себептерін тайға таңба басқандай етіп баяндаған. Сырт жаумен қатар ішкі парықсыздықтың әшкереленуі мысқылмен жеткізіледі: «Болыстар байды іріктеп алып қалып, Кедейді бірыңғай ғып саралаған. Жарлыға бұ да тиген дәурен шығар, Көшені патша жүрген аралаған». Мәшһүр Жүсіп: «Тұрмайтын ұйқың қанбай боздақтарым, Тұрдың ба алаң қарақ сары таңнан?!»- деп қазақтан солдатқа алынғандардың әскери тәртіпке үйретілмей-ақ соғысқа жіберілетінін көрсеткен. Өйткені жалқаулық деп те талдауға болатын осы тұста екінші бір көзқараспен қарасақ басқа да біршама ой жатыр. Өлеңнің мәйегі: «Торланып талай жалғыз, талай маңғаз, Асаулар үзіп торды қала алмаған. Құнымыз біздің аттан оңай болды, Жақсы атты еріксіз зорлап ала алмаған»,- дейтін шумаққа жинақталған.
«Сәлем хат» – өлең. Төрт тармақты тоғыз шумақтан тұрады. 11 буынды, қара өлең ұйқасты. Өлең Поштай ұрпағына арналған [2, 53-54].
Мұнда ғылымға арналған өмір нағыз ақ жол деп көрсетілген. Сөйтіп келіп, сәлем арнаушының бабасын мақтап, ізгі істерін марапаттаған. Қарадан хан боп өткен Поштайдың өзі билеген халқына қорған болғаны өрнектелген. Оны: «Шарықтан ағып түскен қыран құстай», - деп бейнелеген. Шоң мен Шорманның сүйенер ақылшысы бола білгені айтылады. Мәшһүр Жүсіп оның ерекше қасиетін дөп таныған. Ақын оған: «Жаманды жақсылардан саралаған»,- деп мінездеме берген. Поштайдың еліне шын қорғаныш екендігін оның хан Кененің сыйласымынан да байқатқан: «Сонда бір түзу заман болып тұрған. Наурызбай, Кенесары толқынында, Поштай еді көп жұртқа болған қорған». Өйткені Кенесары қанша елді ашумен шауып, қаһарын мойындатса да, Поштайға өмірінде зорлық жасамаған. Сондай бір аласапыран заманда қарапайым халқын Нұра мен Есіл бойына жайлатқан Поштайға ергендер ғана Кенесары жазасынан аман қалған екен. Осының бәрін айтып жеткізген ақын Поштайдың ұрпағы да осал болмасына үміттеніп, былай деген: «Ұлы әруақ орнын құр тастамас, Үміттіміз болса да жасың кіші». Өлең тарихи деректерге мол. Қазақтың ірі тұлғаларын тағы бір қырынан көрсететін мұра болып табылады. Хат жазу жанрының бір үлгісі ретінде маңызы бар.
«Қазақ тарихы және географиясы деректері» – Мәшһүр Жүсіп қалдырған мақалалардың бірі. Иманғали Маненов жазбасы бойынша берілген. Көшірме аяғы толық емес [3, 218-233; 359], бірақ кең көлемде тарих, география туралы ақын пайымы біршама жақсы берілген.
Мұнда Мәшһүр Жүсіп оқып-тоқыған білімін жүйелеп, көпшілікпен ой бөліскені секілді етіліп жазылған. Тақырыбы – жер, су, тау атауларының ғылымы. Сонымен қатар философиялық байлам жасаған тұстары мол, мысалы: «Заман дегеніміз – әр уақыт жаңарып тұратын бір нәрсе. Оның жаңаруымен басқа нәрселер де жаңарып тұрады». Ақын түрлі ғылымның зерттейтін өз саласы барына мән беріп және оның көнеден келе жатуына зер салған: «Қай халық болса да, өнерге тіс-тырнағымен жабысты. Жасы-кәрісі білу, һәм тану жолына түседі. Әр істің дұрыстығын тануға әсіресе тарих ғылымында әр түрлі қауымдар әуелі өздерін, ата-бабаларын дұрыс тануға әуес қылды. Дүниедегі қауымдардың тілдерін білуге, жазуларын тануға, олардың тіршілік һәм тарихтарын үйренуге тырысты. Ғалымдар оқыған, білгендерін сынап, бір-бірінен салыстыра бастады. Көрінбей жатқан көп нәрселердің пердесі ашылды. Қараңғы жерлерге жарық кірді». Халықтың өз тарихын т.б. білуге деген ұмтылушылығын ескерген: «Адам балалары олар турасындағы пікірлер күнбе-күн түзетілуде. Біздер сол ғалымдардың қызметтері арқасында өздерін көрмеген, тілдерін білмеген, жазуларын танымаған жұрттардың тарихтан пайдасы һәм білімдері әрбір ақыл иесі болған адамның ойының ішінде болғаны һәм қасында қандай ойлардың болғаны сұралса, бек жеңіл жауап береді». Ақын оқыған-тоқығанның пайдасы және неден бастау керек дегенге тоқталған: «Жағырафия адамды өткірлендіреді, ойын нұрландырады һәм Отанын сүйгізеді, басқа пәндерді білуге себепші болады. Әсіресе тарих ғылымының негізі дін ғылымына да қатынасы бар». Мақаланың ғылымдар тоғысын көрсететін деректер жөнінен тигізер пайдасы бар.
Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы дін тағлымы
Б.Ә. Ысқақ
С.Торайғыров атындағы ПМУ,
Е.Бекмаханов атындағы ҒПО аға ғылыми қызметкері
Қазақ әдебиетінің жанрлық нысандары әрбір шығарманың мазмұндылығынан, оның әдебиеттану және эстетикалық мәселелерінің теориялық тұрғысынан жіктелінеді. Сондықтан Мәшһүр Жүсіптің дін тақырыбы аясында көркемдікпен өрнектелген туындыларының жанры синкретті болып келетіні қаралды.
Мәшһүр Жүсіп шығармашылығындағы жаңа стильді және баяндау түрлері мен құрылымдарды, сол арқылы қазақ әдебиетінің жалпы мәдени кеңістіктегі әлемдік әдебиетпен өзара эстетикалық байланысын қарастыру үшін төмендегі шығармалары алынды:
«Ғалының тағлымы» – аңыз хикаят. Әрқайсысы төрт тармақты 32 шумақтан тұрады. «Ғалының тағлымы» әулеттік мұрағаттан алынып, шығармалар жинағында жарияланған.
Мәшһүр Жүсіп өзі өмір сүрген кездің тіршілігінен айтқан ғибраттық көркем ойы қазаққа таныс Ғалының кейіпкерге айналуымен тамаша дүниеге айналған. Ақын өмір сүрген ортада бірін-бірі түсініп болмайтын жат қылықтар өрбіген еді. Ол «халық жауы» аталған қолдан жасалған дінсіздік жайлаған, ертеңінен қорықпаған, «судың сұрауы боларына» мән бермеген парықсыздарға ескертпе болатын. Қараңыз:«Ойласаң, менменшілік – Тәңірім қасы: Кез-келсе маған,- дедің – жер тұтқасы, Төңкеріп дүниені жіберер ем, Қаңбақтай болар маған бар нұсқасы!». Бүгін қандай билік қолыңда болса да, ол дүниенің барлығы емес дегенді ишаралап:«Ол талыс – дүниенің төрттен бірі»,- деген байлам түйген. Кейіпкері ер Ғалының түгі қалың жүрегін шошытқан бес оқиғаны баяндайды. Басқа халықпен араласқанда жақсысын емес жаманына еліктесең мынадай күйге ұшырайсың деп өз бақылауын асыл сөзге жүгіндіртеді: «Ішіп-жемей, өзінен қызғаныш қып, Ұрлыққа қиянат пен ұста болар». Ақынның ислам дінінен тайса ғана ұрпақ азарына көзі жеткенін: «Ақырғы үмбетімнің балалары, Ананың құрсағынан туа шулар!»- деп бейнеленуінен дәлелдеуге болады және де «ақырғы ұрпаққа» жете қоймасына аңыз хикаяттың кейінгі соңғы шумақтарында үміт еткені байқалады. Дінді-салтты құрметтемесе, тіпті ардақты ана есімі былғанатыны айтылады: «Болмайды беттерінде титтей ары». Мұның кескін-келбеті суреттей жырланған: «Жыландай тиген сайын, қарсы өрлеп, Түнерген бұлтты түндей ашулары»,- теңеулері арқылы дәл жеткен. Заманның мың құбылуы адамның пиғылынан: «Күнәһлы жалғыз Алла қылмас болса»,- деуінде адамның шалыс баспас кезі болмас, оны әрдайым түсіне білу керек деген көзқарасы байқалады. Сондықтан не нәрсенің де қайтып оралар түпкі қазығын айқындайды: «Құдай – бір, Құран – шын, пайғамбар – ақ». Ғалының тағлымын айта отырып қазақтың ұстанар тура жолын көрсетеді: «Дінді тап, білімді тап, дүниені тап». Бұл ақынның өзін де, өзгелерді де сақтандырып, аңыз хикаяттық көркемдікпен жеткізген заман шындығы еді. XX ғасырдың зұлматтарын болжай алған, сезінгенін тілмен өрнектей алған шеберлігі десек жөн болады. «Ғалының тағлымы» оқылуға жеңіл, ғибраты мол, аңыздық элементтерден, өнегелік диалогтардан құралған сәтті туынды. Аңыз хикаят мағынасы терең философиялық шығарма болып табылады.
Өлең басылымы ақын шығармаларының 10 томдығының 4 томында (Павлодар, 2003, 311-315 б.) жарияланған, мұнда Сұлтанмахмұт (Шолтым) Иманмәделі, Әшім Қарақызұлы, Төлепберген Алдабергенов жазбаларымен салыстырылған нұсқасы берілген. Салыстыруды ақынның ғылым жолындағы ұрпақтары дайындап отырған.
«Ғылым және дін» – философиялық шығарма. 1914 жылдың 30 наурызында жазылғаны туралы мәлімет «қазақ философы Көпеевтің тахрирінен» деген өз жазбасынан алынды.
Философ Мәшһүр Жүсіп 61 жасында діннің арабша жазылғанынан да, қазақша ұғымен де, орысша түсінікпен де салыстыра отырып пайымдаған және не мақсатпен өз пайымын қағазға түсіргені жөнінде: «Менің сөзім ғақылыңа сыймаса: «Осы менікін қылсаң да қыласың, қылмасаң да, қыласың!- деп, мен бұйрық иесі емес, аңғартушымын»,- деген. Көп оқығаны, өмірден көріп тоқып, көңілмен саралағаны бар Мәшһүрге дін мәселесін ғылым тұрғысынан талдап-жіктеген өзекті ойлары Абай дәстүрімен бала оқытушы молдалар, сол сияқты молданың сөзін хақ деп танитын қарапайым халықтың бәріне түсінікті болсын деп жазғаны шығарма тілінен байқалады. Құран Кәримнің аяттарының ішінде садақа жөніндегі түсініктерді таратып айтып, дұрыс бағасын ғылым бағытымен жетелейді. Мәшһүр садақа, зекет дегеннің не екенін Құранның аятымен, әрі оның жүзеге асуы білген-түсінгеннің қорытқан қабілетімен болатынына тоқталған. Садақаны қолдан дайын бере салудың пайдасыздығын, ең болмағанда отын әкелуге жарап тұрса, соған жұмсап, ақысын төлеуді аяттан мысал етеді. Бәрін жинап, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келетін болсақ садақа берудің өзі білімдарлықты, парасаттылықты талап ететін шаруаның бірі екеніне көзің жете түседі. Қараңыз, ойшылдың пайымдауларынан мысал алайық: «Дәуріш сол: берсе, тастамайды; бермесе, қақсамайды; көбейту жаһытында болып, дүние жинамайды. «Дәуірішке бер!- деген болса, тәліп ғылымнан- дәуріш кім бар: міскін, үйсіз-күйсіз, баспанасыз?! Шаһардан-шаһарға, қырдан-сырға, ойдан-қырға ғылым үшін қаңғып жүрген тәліп ғалымнан артық: үйсіз-күйсіз, құнсыз, пұлсыз кім болады?!» және де «бір күн, бір түндік ішіп-жерлігі болған жанның тіленшілік қылуы харам»,- деген. Жалпы осы философиялық шығармасының мәні түпкілікті зерттеулерді күтіп тұрған мәселе. Өйткені құлаққа сіңісті болып көнеден келе жатқан салтқа бір қарағанда қиғаштау тұрған секілді болады. Нақтырақ айтсақ: «Жеті түрлі кісіге бер,- деген емес. – Бір өзінің қарақан басынан жеті сипат табылғанға бер!»- деген»,- пікірімен дәлелдейміз. Ондай ойға қалай келгеніне бойлап енсек мынадай уәж айтқан: «Ғылым үшін ішер ас, киер киім, тұрар орын таба алмай, кітап, қағаз, қарындашқа, қалам алуға мұқтаж болып жүрген тәліп-ғалымнан борышқор кім өтеді?!». Осылай себебіне назар салдырып алып, оның өмірдегі қолданысына ықпал етуді де қаперінде ұстаған:«Құдайдың сыбағасын ... ынталы көңілі, шын жүрегі Құдайдың өзінде жүргенге бер! Құдайдың не екенін білмейтін бір наданға, иә дүниеқор қуға, иә не орынмен жүргенін жан білмейтін айдалада біреуге бергенің құр босқа далаға кетеді!». Садақаның жай ғана дін салты болып қалмай қоғам өміріндегі роліне ерекше көңіл бөлгені байқалады: «Жол баласы үшін үй әзірлеу шәкірттер үшін – мектеп, медреселер салу»,- деп оны қадистен дәйектейді: «ғылымды өсіру хақында ашылған игілік орындарға зекетіңіз не һәм беруіңіз!»- деп, Құдайым өзі айтып тұр». Мемлекеттік тұрғыда экономикалық, саяси, әлеуметтік тақырыптарды қозғаған: «Құдайға жуықтасу, жақын болу ниетінде болса: бай-малыңды; жоқ, жарлы- жаныңды ғылым, білім жолына жұмса». Сол заманда да, қазіргі кезде де өткір тәрбиелік мән былай тағлымданады: «саф жауһардай сәби балаларды хурез пікірлі, таза жүректі тағылым, тәрбие алған, үлгілі, өнегелі, жаңа медреседен шыққан инабатты, ажар, тілі жас мұғалімдерге тапсырыңдар!».
Мәшһүр Жүсіп Дінді ғылым деп танып, Ғылымды дін арқылы таратуды жөн санаған және ғылым түрін анықтаған да, екі түрді дінді түсіндіруге жұмсау керек деген мақсаты болған: «Пендеден пенде сабақ алып, көзбен көріп, тілмен оқылатұғын оқуды: «Ғылымқал»- дейді. Көңілден көңіл сабақ алатұғын бір жол бар: оны «Ғылымхал»,- дейді». Садақа ұғымына түсініктеме берудегі ойдың өзін кең тұрғыда жинақтап тұжырым жасаған: «Құдайдың өзін тану, білу қандай қиын болса, сөзін тану, білу сондай қиын. Бұрынғы аят жұмбақ есепті, соңғы аят – оның шешуі».
Достарыңызбен бөлісу: |