Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы



бет1/18
Дата24.02.2016
өлшемі1.5 Mb.
#13498
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18


Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

Ж. О. Артықбаев, Ә. Ә. Сабданбекова,

Ә. Қ. Елемесов, Е. Н. Дауенов

ДӘСТҮРЛІ ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫ

Оқу- әдістемелік құралы

тарих, мәдениеттану, археология және этнология мамандықтарының студенттері үшін

2 Бөлім


Павлодар

УДК 39(574)(075.8)

ББК 63.5(5Каз)я73

Д 21
С. Торайғыров атындағы ПМУ –дің этнология, мәдениеттану және археология кафедрасының отырысының шешімімен баспаға ұсынылды


Рецензенттер:

т. ғ. к., А. М.Сыздықова, т. ғ. к., доцент А. Ж. Ерманов


Жауапты редакторы:

т. ғ.д., проф. Ж. О. Артықбаев


Д 21 Артықбаев Ж. О., Сабданбекова Ә. Ә., Елемесов Ә. Қ.,

Дауенов Е. Н.

Дәстүрлі қазақ этнографиясы: оқу-әдістемелік құралы. –Павлодар: «Кереку», 2008. – Б. 2. –260 б.
«Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл оқу-әдістемелік құралына қазақ халқының атадан балаға ғасырдан ғасырға мұра болып жеткен өшпес асыл қазынасы: рухани және материалдық мәдениеті, шаруашылығы, әлеуметтік өмір тіршілігінің сан түрлі салалары және әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері енгізілген.

Кітап сіздерді қазақ халқының этносаяси тарихы, дәстүрлі қазақ қоғамының рухани және материалдық мәдениеті, шаруашылығы, әлеуметтік өмір тіршілігінің сан түрлі салалары, діни наным-сенімдері, ауыз әдебиеті мен дәстүрлі ән-күй өнері туралы, жалпы қазақ этнографиясына қатысты көптеген ғылыми-танымдық деректермен таныстырады.

Бұл кітап этнограф, тарихшы мамандарға, студент қауымына және осы тақырыпқа қызығушылық білдіруші барлық көпшілік оқырман қауымға арналған.
УДК 39 (574) (075.8)

ББК . 63.5 (5 Каз) я 73


© Артықбаев Ж. О., Сабданбекова Ә. Ә.,

Ә. Қ. Елемесов, Е. Н. Дауенов, 2008

© С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2008

Кіріспе
Адам баласы пайда болғаннан бері әр ұрпақ өздері ойлап тапқан және уақыт өте қалыптасқан материалдық мәдениет пен рухани мәдениеттегі жетістіктерін мұра ретінде қалдырып отырды. Бұлай болмаған жағдайда, біз бүгінгі қоғамды көз алдымызда мүлдем басқаша елестетер едік. Адамзаттың қай заманда болмасын алдына қойған ең басты мұрат- мақсаттырының бірі дәстүрді сақтау, ұлттық құндылықтарды қадірлеу болғандығына ешкімнің де таласы жоқ. Бұл үрдіс тек бір ғана халыққа, ұлтқа тән ғана емес, сонымен қатар жер бетіндегі адам баласының бәріне тән. Біздің қазақ халқы да атадан балаға сан ғасырлардан қалыптасып жеткен асыл қазынасын келешек ұрпақ мақтан тұтып айтып, сақтап жеткізетіндей өшпес мұралар қалдырды. Дәстүр қазақ елінің өмір тіршілігі, мәдениетінің түрлі салаларында көрініс тапқан. Осы баспаға ұсынып отырған біздің «Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл ғылыми-танымдық оқу-әдістемелік құралы қазіргі қазақ этнографиясына қатысты қордаланып қалған түйткіл мәселелерді шешуде өз үлесін қосады деп үміттенеміз. «Дәстүрлі қазақ этнографиясы» деп аталатын бұл оқу оқу-әдістемелік құралы екі бөлімнен тұрады. Қолдарыныздағы бөлім төмендегідей 4 тараудан құралған.

«Әлеуметтік құрылым» тарауында қазақ социумының ерекше құрылымдық қасиеті, ішкі қарым-қатынасы, қазақтар арасындағы төре, қожа сияқты субэтникалық топтарға басты назар аударылған. Олардың шығу тегі, қазақ қоғамында алатын орны барынша сипатталған.

«Әдет-ғұрып, салт-сана» деп аталатын келесі тарауында қазақтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнегеге қатысты отбасы, исламға, имандылыққа байланысты және қаза болғанда жасалатын әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, сонымен бірге шаруашылық кәсіпке қатысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жинақталған. Астрологиялық немесе космологиялық халықтық болжау дәстүрлеріне қатысты дәстүрлі шаруашылық мәдениетіндегі кеңістік және уақыт санаты, ай мен маусым аттарының қалыптасу ерекшеліктері, қазақтардың аспан әлемі туралы түсініктері, табиғат құбылыстары және аспан денелеріне байланысты ауа райын болжау түрлері т.б. маусымдық, күнтізбелік әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге жеке-жеке тоқталып, бұл тараудың маңызын арттыра түсті десек те болады.

Келесі тарау «Отбасы және неке, туықандық қатынастар» деп аталып, мұнда қазақ қоғамындағы неке мен отбасының түрлері, туыстық атауын терминмен белгілеу (өз жұрты, қайын жұрты), туысқандық қатынастардың жас шамасына қарай және жынысына қарай дифференцияциясы сияқты т.б. мәселелердің түп-төркіні баяндалады. Тараудың соңыңда адамның өз жұрты, әйелдің қайын жұрты, ер адамның қайын жұрты деп аталатын сызба кесте берілген. «Дәстүрлі қазақ этнографиясының» соңғы тарауы «Қазіргі этникалық даму және этнографиялық зерттеу әдістері» деп аталып, оған қомақты орын берілген. Тарау авторы қазіргі Қазақстандағы этникалық процестердің ерекшелігі және этносаяси процестердің ішкі саяси жағдайға ықпалына тоқталып және соған қатысты терминдерге анықтамалар берілген. Сонымен қатар ұлттық сана да басты назардан қалмаған. Қорытынды ретінде этнографиялық зерттеу әдіс - тәсілдері барынша кең сипаттама беріліп, зерттеушінің басты мақсатты барынша айқындап берген.

«Дәстүрлі қазақ этнографиясы» 2 бөлімінің 1 тарауымен Дауенов Ернұр материалдарды жинақтап, жүйеге келтіріп жұмыс жасаса, 3, 4, 5 тарауларымен жұмыс жасаған Әлібек Елемесов.

«Дәстүрлі қазақ этнографиясы» қазақ тілінде қазақ этнографиясы мен мәдениетінің барлық саласын қамтып отырған тұңғыш құрастырылған оқу оқу-әдістемелік құралы болғандықтан, онда кем-кетіктердің де ұшырасуы ғажап емес.

Сондықтан осы оқу құралы бойынша өздеріңіздің ой-пікір, сын-ескертпелеріңізге алдын-ала рахмет айтамыз.

1 Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы
1.1 Әлеуметтік-саяси ұйымдасу

Қазақтардың әлеуметтік ұйымдасуы адамдар арасындағы бір-бірімен байланысты қарым-қатынас түрлерінің әр алуандығына негізделді. Олар: қандас туыстық отбасылық, шаруашылық, әскерлік, мәдениеттік, этникалық және басқа байланыстар еді. Мұндай байланыстар қоғамдық өмірдің әртүрлі өрістерінде туып, тұтастықты өз-өзінен реттеуші ретінде қоғамнын іс-әрекетін қамтамасыз ететін түрлі-түрлі әлеуметтік организмдер мен солардың салт-ережелерінің күрделі жүйесін құрды.

Қоғамдық өндіріс процесінде қалыптасқан мүдделер мен мақсаттардың бірлігі қоғамдық байланыстардың ең басты өзегі болды. Аграрлық қоғам жағдайында ол өңдірістік байланыстар негізінде әрекет еткен қауым түрінде жүзеге асты. Түпкі материалдарда былай деп атап көрсетілген: "Қырғыздардың жерге иелігі-қауымдык иелік, әрбір ру мен бөліністердің белгілі өз учаскелері бар, сол кеңістікте руластардың әр қайсысының өз егістіктері, жазғы, қысқы жайылымдары бола алады: әйтсе де әр ру өз жерлерін баска бөліністердің алып қоймауын қызғана бақылап отырады. Мұндай қауымдастық көптеген адамдардың күш-жігерін біріктіруді талап ететін өндірістік процестің барлық буындарын жұмыс істеттіру үшін малшылар еңбегін кооперациялау (бірлестіру) қажеттігінен туындады.

Көшпелі қауымның тірлік-тынысы көп жағдайда малды жайып бағудың маусымдық ырғағымен айқындалды. Жылдың әр маусымындағы көшіп-қону сипатының өзгешелігіне қарай Қазақстанда қауымдасудың екі түрі қалыптасты. Қысқы, ерте көктемгі және күзгі кезеңдерде көлемі жағынан әдетте орта есеппен алғанда қысқы қой отарына (300-400 бас) сәйкес келетін (5-6 үй қожалығы) шағын қауым деген дамыды. Жылдың бұл мезгілдеріндегі қауымның көлемі қыстау маңайындағы жайылымдық жерлерден азығын тауып жеуге қабілетті мал санымен айқындалып отырды және олар сол төңіректегі шөптің шығымдылығына барынша тәуелді болды. Қыстаудың 2-4 шақырым төңірегіндегі жайылымдық учаскелер - тек еңбекті және жекешелерді бірлестіру түрі ғана емес, сонымен бірге жерді иеленуші және жерді пайдаланушы бірлестік саналған осы қауымның меншігі болып табылды.

Қауымның екінші түрі жылдың жылы кезеңінде ұйымдасты. Бұл кезде көшпелілер басым жағдайда малды сумен неғұрлым ұтымды қамтамасыз ету мүддесі негізінде едәуір ірі шаруашылықтық топтарға бірікті.

Мұндай жағдайда кеңейтілген қауымның көлемі жайылымдық жерлердің сыйымдылығына оның тәуелділігінен гөрі, малдың су көздерімен қамтамасыз етілуі арқылы айқындалды. Сондықтан ол әдетте екі-үш шағын қауымның бірлесуінен тұрды. Суды пайдалану мәселелерін реттеудегі жалпы қажеттілік негізінде су көздеріне меншіктік қатынастар пайда болды. Негізгі су көздері әртүрлі терендіктегі құдықтар саналған құрғақшылықты аудандарда қауымньң су көздеріне меншігі "бірінші болып пайдалануға" құқығы түрінде, ал табиғи су көздері көп көгерішті аймақтарда – «алдымен басып алушы» құқығымен жүзеге асты. Қайсыбір табиғи су көзін иелене отырып, кеңейтілген қауым сол су көзінің төңірегіндегі жерлерді де із жүзінде де иеленіп алатын, Демек, ол көшпелі мал шаруашылығы саласындағы өндірісгік процестерді реттеп қана қоймады, ал сонымен бірге жерді пайдаланудың да иесі болды.



Кеңейтілген қауым өз кезегінде әртүрлі қауымдық топтардың жерді пайдалану, жайылымдық жерлер мен су көздерін бөлу, көшіп-қону бағыттарын үйлестіру жөніндегі қарым-қатынастарын реттеп отыратын неғұрлым аумақты әлеуметтік топтарға енді. Бұл әлеуметтік топ тарихи әдебиетте "ру", "тайпа", "қамқоршы", "жайылымдық-көшпелі қауым" деген аттарымен белгілі. Ол жазғы уақыттары барлық қауымдар шоғырланатын бүкіл жайылымдық жерлердің тікелей иесі болды. Қауымдар арасындағы жер мен суға байланысты қарым-қатынастарды экономикадан тыс реттеу міндеттері, міне, қауымдардың осы ассоциациясы дәрежесінде шешіліп отырды, және сондықтан да ол іс жүзінде көшіп-қонудың бүкіл жүйесінің тәртібін белгілеп, жүзеге асыратын.

Қазақ қоғамында бұл әлеуметтік құрылыммен бірге генеалогиялық (шығу тегі) туыстығы арқылы адамдардың әртүрлі иерархиялық ұйымдасқан әлеуметтік топтарға бірігуі түріндегі тармақты рулық-тайпалық ұйымдары өмір сүрді.

Қазақтар Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз болып тарамдалды. Ұлы жүзге: жалайыр, ошақты, қаңлы, шанышқылы, дулат, албан, суан, шапырашты, сары үйсін, сіргелі, ысты тайпалары кірді. Орта жүзді: арғын, найман, қыпшақ, керей, қоңырат тайпалары құрады. Кіші жүз қазақтары: әлімұлы, байұлы және жеті ру деп аталатын үш негізгі бірлестікке бөлінді. Кейбір есептеулер бойынша XVII ғ. мен XVIII ғ.- ортасында барлық үш жүздің құрамына 112 рулық-тайпалық бөліністер кірген. Бұл құрылымның әрбір бөлімі, мысалы, бірлестік немесе тайпа, өз кезегінде, біртұтас генеалогиялық өзек дәстүрімен өзара тығыз байланысты көптеген неғүрлым майда топтарға (рулар мен олардың бөліктеріне, ұрпақтарға, аталас туыстарға т.б.) ұсақтала бөлшектелді. Тұтас алғандағы жүйе тәрізді олардың қай-қайсысының да өздерінің шыққан тегін бір шындыққа немесе даңқты ата-бабаларға апарып тірейтін күрделі генеалогиялық аңыздары болды. Рулық-тайпалық құрылымның қандай да бір бөлінісіне жату кандай да бір топтың, рудың, жеке адамның қоғамдағы әлеуметтік жағдайы мен мәртебесіне ықпал ете алды, басқа топтар мен жеке адамдардың олармен қарым-қатынасының сипатын айқындады.

Генеалогиялық туыстық принципі қазақтардың әлеуметтік-экономикалық өмірінің әртүрлі жақтарына да белгілі дәрежеде әсер етті. Мысалы, ол туысқандарының кінәсіне кепілдік беру, қарыздары мен құнын өтеу, тумаластарын қудалаудан қорғау және материалдық көмек көрсету кездерінде айқын сезілді.

Рулық-тайпалық ұйымдасудың төменгі буындарында (ауыл, бөлімше) осы принцип арқылы өлгеннің артында қалған мүлкіне мұрагер болу және оның жас балаларын өсіп-жеткізуді міндетіне алу, әмеңгерлік құқығы, туған күніне, үйлену тойына, жерлеуге т. б. байланысты салт-жораларын материалдық жағынан қамтамасыз ету мәселелері реттеліп отырды.

Жоғарғы қамқоршы топтар (рулар, рулардың, жүздердің. одақтастығы) дәрежесінде генеалогиялық байланыстар негізінен алғанда билік жүргізу, идеология мен саясат өрісінде үлкен рөл атқарды. Мұның себебі көшпелілер қоғамын мемлекеттік саяси орталықтандыру жағдайында генеалогиялық туыстық жүйесі әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеп отырудың негізгі тұтқасы саналды. Қазақтардың өкімет құрылымы тайпалардың генеалогиялық иерархиясы (төменгі шендердің жоғарғы шендерге бағынуі тәртібі) тұрғысында көрінді.

Сонымен қатар, қазақтардың қоғамдық қатынастары жүйесінде өндірістік еңбек құралдары мен өнім өндіру процесінде адамдар арасында қалыптасатын қарым-қатынас белгілі рөл атқарды. Қазақтардың дағдылы құқында өндіріс құралдарына меншіктін бірнеше түрі айқындалған:

1) мал мен мал шаруашылығы өнімдеріне деген меншіктің жеке адамның дербес-отбасылық түріндегі меншік;

2) жерге немесе дәлірек айтқанда қысқы жайылымдарға қауымдық меншік;

3) кеңейтілген қауымның су көздеріне меншігі;

4) қонатын аймаққа деген экономикадан тыс меншігі.

XIX ғ қазақтардың көшпелі қоғамындағы өндірістік қатынастарға тән сипат - әлеуметтік ұйымдардың (отбасы, қауым, қауымдар ассоциациясы) әртүрлі буындары арасында меншік құқының барынша шашыраңқылығы болды. Іс жүзінде оның құрылымдарының бір де біреуінің жер мен суға монополиялық құқығы болмады және оларға деген өз құқығын көшпелілер сол аймақта болған кезде ғана жүзеге асыра алады.

Сондай-ақ, дағдылы құқықта меншіктік қатынас түрлері өзінің нормативтік табиғатынан көрінетініндей міндетті түрде, құбылыстың тек сыртқы сүлбесін бейнелейтінін және заттын түпкі мәні жөнінде толық әрі объективті түсінік беруге жарамайтындығын ескерген жөн. Мұндай жағдайда қазақ қоғамындағы өндірістік катынастарға меншіктің негізгі және бастапқы түрі - малға жеке меншіктік тұрғысынан караған аса маңызды.

Осы заманғы зерттеушілер шаруашылықтардың малмен жалпы камтамасыз етілуі мен табындардың түпкілікті құрамы арасындағы тікелей тәуелділікті айқындады. Малы көп байлардың табындарында (орта статистикалықпен салыстырғанда) неғұрлым ширақ жүрісті малдардың (жылқылар, түйелер, қойлар) үлес салмағы өте жоғары болды да, мүйізді ірі қара (сиырлар, өгіздер) мейлінше аз өсірілді. Бұған керісінше кедей шаруашылықтар мүйізді ірі қараны едәуір көп өсіргенімен, олардың жылқы, түйе, қойлары мардымсыз болды. Сондықтан, неғұрлым ширақ жүрісті малдары көп бай иеліктер өздерінің кедей ағайындарына қарағанда жайылымдарға әлдеқайда жылдамырақ көшіп барып, оның ешкім тие қоймаған соны шалғындарын бірінші болып пайдаланды. Ал күш-мүмкіндіктері шамалы малшылардың отбасыларына келсек, олар әлгілердің соңынан ілбіп, солардың малы жайылғандығы себепті оты кеміген жерлерде өз малдарын бағуға мәжбүр болды. Міне, осыған байланысты жағдайды өз көздерімен көргендер жазғы жайлауларға көшу кезінде оған "кім бұрын барса, сол ең жақсы өрістерді иеленді де, басқалар, кешіккендіктен де, енді өз пайдасын таба алмады" - деп атап көрсетті. Демек, көшіп-қону барысында да малы көп байлар ең жақсы жайылым мен су қорларын иеленуі арқылы нақты меншіктік қатынасқа тартылды және олар мұны "бірінші болып басып алу құқығы" түрінде жерге иелік жасау құқығын нақты іс жүзіне асырды. Бұл ретте қайсыбір отбасыларының мүліктік қамтамасыз етілгендігін бірден білдіретін мал табындарының сапалық-түліктік құрамы жанама түрде жер мен суды пайдалануда жеке адамдардың теңсіздігін танытты.



Қазақ қоғамындағы бай мал иеленушілерінің саны тұтас алғанда онша көп бола қойған жоқ, бірақ олардың меншігіндегі малдың үлесі айтарлықтай зор болды. XVIII ғ. ортасының зерттеушісі И. П. Фальк өзінің жазбаларында "бай қырғыздардың иелігінде бес, тіпті он мың жылқы болды. Мұндай байлар өзінің үйірлеріндегі жылқы санын тіпті дәлдеп білмейді де" - деп көрсетті. Кейбір қазақтардағы мал санының бұдан да көп болғандығын олардың С. Б. Броневский, А.И. Левшин, В. В. Радлов және басқа замандастары өз еңбектерінде атап өтті. Олардың келтірген мәліметтерінен XVIII - XIX ғ. ортасындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуына малдың салыстырмалы түрде аздаған ғана жеке адамдар қолында шоғырландырылу процесі тән болғандығы көрінеді.

Алайда, көзбен көргендердің мойындауы бойынша қазақтардың көп бөлігі "өздерін асырау үшін жеткілікті малы болмаған кедей адамдардан" тұрды. Көшпелі халықтың бұл әлеуметтік тобы өздерініңс әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай тәуелді өндірісшілер қатарына жатқызылуы мүмкін. Өмірлік қажеттіліктерге қарай кедей малшылар өздерінің жұмыскерлік күшін сатуға мәжбүр болды, және сондықтан бай мал иеленушілермен әр түрлі экономикалық қарым- қатынасқа түсіп отырды.

Қаралып отырған кезеңдегі қазақ қоғамындағы қанаудың негізгі түрі қауым шеңберінде дүние-мүлкіне қарай сараланған жеке адамдардың, бірлескен еңбегінің тап өзі болды. Қауымға кірген әрбір үй қожалығы өзінің, жеке меншігіндегі малының үлесіне қарамастан қауым малын кезектесіп жайып бақты. Осы бірлесіп атқарған істегі теңдей жұмсалған еңбек пен оның өнімдерін иемдену мен тұтынудың жекелік сыйпаты арасындағы айырмашылық "біреулер үшін қосымша өнім мөлшерін және екіншілері үшін қаналу нормасын құрады.

Қанаудың кедей шаруашылықтарға неғұрлым бай шаруашылықтардың уақытша ұстауға мал беретін сауын сияқты түрі де пайдаланылды. Малды жайып бағуға алған кедей көшпелілер өз "қамқоршысының" табынын жақсылап күтуге, ал одан қандай да бір малы өліп қалған жағдайда, бұрын алған сонша малын төлімен бірге қайтаруға міндетті болды. Алайда, өз малын жайып бағуға беретін бай шаруашылықтардың аз болуы себепті сауындық қатынас қауым арасында кең таралым таба алмады.

Көшпелілер қауымынан сырт жерлерде кедейленген қазақтардьң бай мал иелеріне, орыс қоныс аударушыларына және казактарға, тау кеніштеріндегі, тұз кәсіпшіліктеріндегі және аймақтың өнеркәсіп орындарындағы маусымдық жұмыстарға жалданып күн көруі етек алады.

Қауымның қатардағы мүшелері мен бай мал иеленушілер тек өзара бірлесіп белсенді іс-әрекет жасағанда ғана мал шаруашылығының қалыпты дамуы қамтамасыз етілетін. Себебі, бай көшпелілермен бірлесу кедейлерге күнделікті тамағын тауып жейтіндей, отбасын асырай алатындай қажетті күнкөрістік жағдай туғызды, ал бай жекешелер бұл бірлесу арқылы өзінің иелігіндегі мал санын көбейту мақсатындағы талпынысын іс жүзіне асыруға толық мүмкіндік алды. Осылайша қазақ қоғамының екі табы бір-бірлерін өзара толықтырьш, бірыңғай әлеуметтік-экономикалық комплекстің құрамдас бөліктері ретінде көрінді.

1.2 Қазақ қоғамындағы әлеуметтік және субэтникалық топтар

Қазақ қауымының XIX ғ.-дың орта шені аралығындағы қоғамдық топтарға бөлінуіне жеке адамдардың «ақсүйек» және «қарасүйек» дегендерге жатқызылуы ерекше тән болды. Бірінші әлеуметтік топ қоғамдық қатынастар құрылымында өздерінің әлеуметтік оңашаланғандығы мен жоғары қоғамдық мәнділіктерге қарай сырттан ешкім өте алмайтын жеке адамдардың артықшылықтармен пайдаланатын жабық корпорациясы тұрғысыңда танылды. Оларға екі ақсүйектік топ – төрелер мен қожалар жатты.



Төрелер. Төрелер қазақ халқының құрамына рулардан басқа, генеалогиялық қатынастарға түспейтін субэтникалық топтарға кіреді. Көшпелі ұлыстар ішінде субэтникалық топтардың пайда болуы, этностың жалпы конфигурациясына енуі қызық құбылыс. Субэтникалық деген ұғым этностан аздаған әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері бар, өздерінің тілдік, территориялық оқшаулығы сезінген және ең бастысы өздерін бөлекше этнографиялық топ есебінде танитын этностың ішіндегі бөлшектерге қатысты қолданылады. Қандай дамыған этнос болмасын оның ішінде әр түрлі себептермен оқшау тұратын топтар кездесіп қалады. Сонымен қатар шығу тегі бөлек, бірақ көшпелі қазақ арасында өмір сүріп этникалық тіршілікке қатысып отырған кірме этностар да кездеседі. XVIII ғ. қазақ этносының құрамында осы айтылған екі топтың өкілдері мол. Көшпелі қазақ құрамына ертерек уақытта араласқан және этнос түзуші фактор қызметін атқарған субэтникалық топтардың бірі төрелер. Төрелер өз бастауларын сонау ІПыңғысханнан, оның үлкен ұлы Жошыдан таратады. Қазақ хандығы қалыптасар ауыр кезеңде үлыстарға билікті көбінесе Ұлы қағанның Орыс деген немересінен тарайтын тұқым жүргізді. Төрелер қазақ құрамында ақ сүйек саналады, сұлтан мен хандар тек төрелердан сайланады. Этникалық жағынан төрелер жабық, яғни эндогамды, әлеуметтік жағынан бір бірімен тығыз байланысқан топ.

Кіші жүздің төре тұқымдарын Қайып хан мен Әбілқайыр ханның әулеттері құрайды. Мұның біріншісі Әз Жәнібек ханның Жәдіге атты баласынан тарайды, жолы үлкен саналады және ықпалы Әлім ұлы балаларына жүреді. Әбілқайыр ханның әулеті негізінен Бай ұлы мен Жетіру руларына арқа сүйейді. Әз Жәнібектің кіші ұлынан тарағандықтан жолы төмен есепті. Екі әулет өз ара дау - жанжалдарына, таластарына қарамастан бір бірімен тығыз байланысты. Орта жүз төрелері негізінен Жәдіктен тарайды. Көпшілігі Әбілмәмбеттін, Сәмекенің, Абылайдың әулеттері. Жүздің саяси өмірінде Барақ пен Кошек сұлтандар едәуір қызмет атқарады, олар ұзын оқты Ондан сұлтанның тұқымы, Тұрсын ханның ұлдары. Сонымен қатар қазактың екі жүзінде де төрелердің басқа бұтақтары - Шайбан тұқымынан, Көшім балаларынан, Тоқтамыстан қалған аз ұрапақ кездеседі.

Бұлар басты төре әулеттерімен араласып, бірге көшіп жүргендіктен солардың арасына сіңіп кетті

Ұлы жүзде төре саны аз. Тарихи деректерде Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың қай тұқым екені анық көрсетілмеген Әбілқайырдың Ресейге жазған хаттарында оны туысым деп атайды, оған сену қиын. Әбілқайыр хан өзінің бағасын көтергісі келіп Бұқара мен Хиуаның билеушілерін де інілерім дей салады. Кей тарихи деректерге қарағанда Жолбарыс хан Тоғұлық Темір тұқымынан Абдолла баласы. Моғолстан хандарының ескі желісі осы Жолбарыспен аяқталса керек. 1735 ж. Орынборға келген сарт Нұрмұқамбет Жолбарыстың хандық құрғанына 15 жыл болды дейді. Қарқаралыда Бөкей немересі Смайылханның алғаны Жолбарыс нәсілінен екені белгілі. Кейін Ташкентте хан аталып біраз билік қүрған Әбілез (Әбілпейіз болуы керек) және Күсек нақты қандай түқымнан шыққаны жөнінде дерек жоқ. Ұлы жүздің көпшілігіне XVIII ғ. 60 ж., бастап Абылай ханның балалары Әділ мен Сүйік иелік жасай бастады. Әділдің билігін нығайту үшін Абылай Жетісуға біраз қарақалпақты көшіріп әкеліп, хан ордасы деп баласына қорған көтеріп берді.

Сұлтандардың ел билігі үшін қайда шақырса сонда баратыны бар. Кіші жүздің сұлтаны Әбілқайырдың баласы Ералы бір мезгіл, шамасы 1742-1749 ж. Орта жүзде керей руының ұлыс сұлтаны болды. Әбілқайыр өлген соң қайтуға мәжбүр етті. Бірақ 1755-1757, 1771 ж. оқиғалардың кезінде Орта жүзге қайта келді. Қазақтың төрелері көрші елдердің саяси өміріне араласып, өз балаларын билікке ұсынып жүреді. Соның бір көрінісі Хиуа, түркімен, қарақалпақ пен өзбек билігіне өзара таласқан Әбілқайыр мен Қайып тұқымы. Башқұрт жеріндегі көтерілістер кезінде Барақ баласы Шығайдың хан сайлануы, немесе башқұрттардың Абылайды хан болуға шақыруы да дәлел бола алады. Яғни қазақ төрелерінде белгілі бір этникалық тұғыр болмауы да мүмкін, негізгі субэтникалық топтың тәрбиеленетін, атқаратын жұмысы ел билігі. Ал енді биліктің қай жерде, қай этникалық ортада екендігі екінші кезектегі шаруа. Төрелердің қара қазақтан таңбасы мен ұраны бөлек, өз ішінде төрелер туының түсіне қарай ажыратылады. Мысалы - қызыл тулы төрелер, яғни Әбілмәмбет ханның ұлдары, ақ тулы төрелер деп қазақ Барақ, Көшек сұлтандарды атайды. Абылайдың туы көк ту, кейде "ала туды көтерді" деп те айтылады.

Қазақ даласында хан титулына тек Шыңғысханның ұрпақтары ғана ие болған. Хандар сұлтандар арасынан сайланды. Қазақ төрелері Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан бастау алады. Төрелердің қызметшілері /құлдар/ және жасағы /төлеңгіттер/ болған. Сонымен қатар төрелерді билер соты соттай алмады. Тарақ таңбалы төрелердің ұраны – Арқар. Төрелер арасында қатар эндогамиялық тәртіп сақталды. Сословие аралық шиеліністер ханның қатысуымен, кейін патша билігі шектелген соң округтегі аға сұлтандармен шешілді. Сұлтанды тіл тигізіп қорлағандық үшін 26 ұсақ мал түйе мөлшерінде айыппұл салу, ал оны өлтіргендік үшін қатаң алынатын құнға тең материалдық өтем-құн төлеу көзделді. Қазақстанда төрелер өзінің мұрагерлік және заңды құқықтарынан патша әкімшілігінің 1868 жылғы реформасынан кейін айырылды. Дала өлкесіндегі бүкіл ресми билік патшаның отаршылдық шенеунік аппаратының қолыңда шоғырланды.

Ұлы жүздің ескі бір аңызында Үйсін ұрпағы – Жансақал мен Ақсақал болып келеді делінген. Үйсіннің екінші әйелі Қытай патшасының қызы Ля Рюньнен – Төре туады. Бұл есім «екі асыл текті тұқымның ұрпағы» деген ұғым береді. Төре жас кезінде нағашы жұртында болып, патша ордасында тәрбие алады. Ғылым үйреніп, әскери өнерге жаттығады. Білімді, қайратқа мол, батыр Төре туған өлкесіне кері оралып, нағышы атасы Мунның тікелей ықпалымен ел басқару ісіне араласады. Төре ұрпағынан кейін атақты хандар, көсемдер, шешендер, батыр нояндар көп шықты дейді шежіре. Ал шежірешілер қазақ хандарының арғы негізін Шыңғысханға апарып жалғастырған.

Қазақ халқы төрелер деп Шыңғыс ханның үрім бұтағын, яғни қазақ хандары мен сұлтандарының ұрпақтарын атаған. Қазақ Ордасының хандарынан тараған ұрпақ уақыт оза келе өсіп - өніп, көбейіп, тұтас руға айналған. Дәстүр бойынша қазақтың хандары мен сұлтандары да өздерінің ата-бабаларының шежірелерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдырып келді. Ш.Уәлиханов айтуынша ескі шежірелер Есім ханның, Тәукенің, Сәмекенің, Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталып келген.

Ел арасында: «Қазақта хан Шыңғыстан басталып, Шыңғыспен аяқталды» деген сөз бар. Біріншісі ХІІ ғасырда өмір сүрсе, екіншісі ХІХ ғасырда тіршілік еткен. Шыңғыс хан (1115-1227) шыққан Қият тайпасының Боржігін руы- моңғол арасында «алтын ұрпақ» деп аталады. Өз аты Темучин, Есукей батырдың ұлы, моңғолдардың бірінші ханы Хабулдың шөбересі, анасы Өлең-Еке Меркіт руынан шыққан, 1206 жылы Онон өзеніндегі шонжарлардың құрылтайында біртұтас моңғол мемлекетінің ұлы ханы болып жарияланды да, «Шыңғысхан» лауазымын алды.

«Әлем сілкіндіруші» Шыңғысхан 1223 жылы көктемде Сайрам мен Талас аралығында Құланбас жазығында жиналған құрылтайда өзі құрған мемлекетті төрт ұлына бөліп, енші етіп үйлестірді. Бұл жерлер ұлыс деп аталынған.

Төле – ата жұрты Монғолияны биледі. Оған бес мың үй бағынады. Ұлыстың орталығы Қарақорымда болды. Өгедейдің еншісіне бес мың үй және Батыс Монғолия мен Тарбағатай өңірі берілді. Өгедей ұлысының ордасы Чугучак өзенінің бойында болды. Шағатайға сегіз мың үй және Мәуреннахрдан бастап Құлжаға дейінгі Жетісу, Қашқария жерлері тиді. Шағатай ұлысының ордасы Іле өзені бойында болды. Ертістен бастап батысқа қарай Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, оңтүстігі Әмудария мен Сырдарияның етегіне дейін, Орал тауынан төменгі Еділ бойына дейінгі жерлерді қоса «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар» - бүкіл Дешті-Қыпшақ және тоғыз мың үй Жошының үлесіне тиген болатын. Жошы ұлысының ордасы Ертіс алқабында болды.

Жошы (1187-1227) - моңғол ханы, ірі әскер басшысы. Анасы Бөрте-Қоңырат тайпасынан, Дай шешеннің қызы. Жошы ханның мазары Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында, Кеңгір өзенінің солтүстік-шығыс жағында Жезқазған қаласынан 45 шақырым жерде. Жошы ханның он жеті ұлы болған делінеді.

Қазақ төрелері Жошының Тоқай-Темір деген ұлынан тарайды. Тоқай-Темір, онан Өз-Темір, онан Қожа, Онан Бадағұл /Бәдік/, онан Орыс хан. Ақ Орданың тоғыс жыл ханы болған /1368-1377/ әйгілі Орыс хан – Сыр бойындағы Сығанақ қаласын қайта тұрғызған тарихта белгілі тұлға. Орыс ханнан жеті ұл, үш қыз туады. Ұлдарының есімдері: Тоқтақия, Құтлығ-Бұға, Тұғлық-Болат, Құйыршық, Тоқта-Болат, Саид-Ахмет, Саид-Әлі. Тоқтақиядан Болат туады, одан – Керей. Керей хан Қазақ хандығының негізін қалаушы деп саналды, шамамен 1456-1473 жылдар арасында Қазақ хандығының бірінші ханы болды.

Құтылық – Бұғаның ұлдары – Жәдігер, Құтужақ, Чинги-Болат№ Бұтужақтан (Құйыршық) Барақ туады. Барақ ханның (1423-1428 жылдары Ақ Орданың ханы) ұлдарының есімдері: Мір-Саид, Мір-Қасым, Әб-Саид. Әбу-Саид қазақ тарихында Жәнібек хан деген лақап атымен танымал. Тарихта ізі қалған, бір-бірімен аттас, бірақ әр заманда өмір сүрген екі Жәнібек хан болған. Біріншісі Әз Жәнібек (1340-1357) Алтын Орданың ханы болса, Екінші Жәнібек (1474-1480 жылдары қазақ ханы) Керейден кейін қазақ мемлекетін басқарған хан.

Керей ханның үш ұлы болды, олардың аттары: Бұрындық (Мұрындық), Қожа – Мұхаммед, Сұлтанәлі. Бұрындық хан (1480-1511 жылдары қазақ ханы) Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар, Созақ қалалары үшін өзбектің Шайбани әулетімен қанды шайқаста жеңіске жетті. Ол өз заманында 50 мың жасақ ерткен күшті хандардың біріне саналған. Сондай-ақ Бұрындық хан Моғолстанға қарайтын Жетісу өңірін түгел Қазақ хандығына қосты. Бұрындықтың төрт ұлы, төрт қызы болған: Шайхым, Санжар-Жаһан, Жаһанбақты, Қымсын есімді ұлдар. Үлкен қызы Дадым ханымды Шығай сұлтан алған.

Жәнібек ханның тоғыз ұлы: Еренжі, Махмұд, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Сөк, Жәдік – Қазақ хандығының абырын асырып, абыройын көтерді. Тоғызы да ел билеген сұлтан, қол басқарған батыр болды. Жаныш сұлтан баласы Ахмед екеуі 1508 жылы 30 мың әскермен Мәуреннахрға жорыққа шығып, бірнеше қалаларын басып алған еді.

Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі Қасым хан (1511-1518 жылдары қазақ ханы). Анасының есімі – Жаған – бегім. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу билігіне көтерілді. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551): «Қасым ханның өз билігін бүкіл Дешті-Қыпшаққа да жүргізді. Оның қарулы халқының саны миллионнан да көп еді. Жошы ханнан кейін бұл әулеттен одан күшті хан шыққан емес»,-деген куәлік береді.

Қасым хан дүниеден өткен соң хан болу үшін аяусыз қырық пышақ қырқысу, тартыс басталады. Қазақ хандығы бытыраңқылыққа ұшырап, саяси рөлінен айрылады. Жәнібек ханның немерелері біреуінен соң біреуі таққа отырып, жиырма жылда хандықта бес хан ауысты. Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан, онан Таһир (1523-1533 жылдары қазақ ханы) мен Бұйдаш (1533-1534 жылдары қазақ ханы). Жәнібек ханның ұлы Жәдік сұлтан, онан Қожа Махмұд (1534-1535 жылдары қазақ ханы) пен Тоғым (1535-1537 жылдары қазақ ханы) және Абақан – бегім атты қалмақ әйелінен Шығай (1580-1582 жылдары қазақ ханы) туады.

Қасым ханнан Мамаш (1518-1523 жылдары қазақ ханы) пен Хақназар (1538-1580 жылдары қазақ ханы) туған еді. Хақназар қазақ хандарының ішінде ең ұзақ 42 жыл ел билеген хан. Ордасы Жемнен Аралға және Сырдарияға дейінгі аралықта көшіп жүрді. Осы кезде Хақназар хан Ноғай Ордасының жерінің бір бөлігін өзіне қаратып, Жайықтың сол жағында көшіп жүрген ноғай ұлыстарын Қазақ хандығына бғындырды. Мұның нәтижесінде Қазақ хандығына қазіргі Кіші жүз территориясы қосылды. Хақназар хан Оңтүстік Қазақстан жерінің де бір бөлігін бағындырған болатын. Сол замандағы жазылған тарихи еңбектер Хақназарды «қазақ пен қырғыздың патшасы» деп көрсетеді. Хақназар хан соғыста қазаға ұшырағаннан кейін сексен жастағы Шығай сұлтан таққа мінді.

Шығай ханның Байым – бикесінен Сейітқұл мен Ондан туады, Яхшим /Жақсым/ - бикесінен Тәуекел (1582-1598 жылдары қазақ ханы) мен Есім (1598-1628 жылдары қазақ ханы) дүниеге келді, Дадым ханымы Әли, Жалым (Сұлым), Ибраһим, Шағым (Шаһмұхаммед) есімді төрт ұлды таратты. Қазақтың ханы, қаһарман батыры, табаны таймас Тәуекел Хақназар ханды опасыздықпен өлтірген Баба сұлтанның басын алып кек қайтарған. Тәуекел хандық құрған кезінде Қазақ хандығы жаңа саяси өрлеу жолына түсті. Ол Сібір хандығындағы ежелгі қазақ қоныстарын тұрғындарымен қоса өзіне қосып алады. Тәуекел-бахадүр-хан Ташкент қаласын 1598 жылы өзіне бағындырды. Содан Ташкент 200 жыл бойы қазақ хандарының билігінде болды.

Еңсегей бойлы Ер Есім Түркістанда қазақ ханы болып тұрған шақта Ташкент уәлаятының әмірішісі Тұрсын хан (Жалым сұлтанның ұлы, Шығай ханның немересі) қатаған деген елді билейді. Есім хан мен Тұрсын хан бір-бірімен дау болмасқа ант етісіп, бата қылады. Есім хан бүкіл алаш әскерін жинап, қазақтың ымырасыз ата жауы қалмақтарға қарсы соғысқа аттанады. Есім хан аттанысымен, мансапқор Тұрсын хан әуелде берген антын бұзады, Түркістандағы Есім ханның ел-жұртын шабады, Қазақ Ордасындағы азамат соғысына жол ашады.

Есім хан еліне жорықтан оралғаннан кейін арғын мен найманның бірталай батырларымен, жасақтармен Ташкентке аттанады. Есім хан Ташкентті жаулап алады, Тәуекел хан заманынан қазақтар билеген 12 қаланы атырабымен қоса өз қарамағына қайтарады, Тұрсын ханды өлтіріп, қатаған елін қырғынға ұшыратады.

Ер Есім ханның үш ұлы болды. Олар Жәңгір хан, Құдайменде, Қайып хан. Қазақ тарихында үш Қайып хан кездеседі. Құдаймендеден Сырдақ (Қысырау) туады, ал Сырдақтан – Қайып хан (бұл екінші Қайып хан), оның ұлы Батыр, Оның ұлы Қайып хан (бұл үшінші Қайып хан). Соңғы Қайып хан Хиуа ханы деп аталады, себебі ол 1745-1756 жылдары Үргеніште хан болған. Бұл Қайып ханның ұлы Әбілғазы сұлтан 1797 жылы шекті руының ханы болып сайланған. Әбілғазыдан 1816-1821 жылдары Кіші жүздің ханы болған Арынғазы туады. Қайып ханның екінші ұлы Туғанша сұлтан, одан Бекәлі, Еркінәлі, Әлі төре. Әлі төреден – Шаңгерей, Сұлтангерей, Хангерей, Бақтыгерей туады. Хангерейдің баласы Мұхаммедияр Тунғашин (1888-1942) Орынбор генерал-губернаторың тілмашы болды. Қазан төңкерісі жылдарында ол ұлттық қазақ атты полкін ұйымдастырушы, әскербасы болған.

Ер Есім ханның ұлы Қайып ханнан (бірінші Қайып хан) - Жәңгір, Жәңгірден – Жантөре, Жантөреден – Арыстан мен Ахмет туады. Полковник атағына ие болған Ахмет Жантөрин 1841-1851 жылдары кіші жүздің шығыс бөлігінің сұлтан-билеушісінің қызметін атқарды, одан кейін оның балалары подполковник Мұхаммеджан Жантөрин мен есауыл Сұлтанмахмұд Жантөрин сұлтан – билеуші болып сайланды. Ахметтің ағасы Арыстан Жантөрин Кіші жүздің батыс бөлігінің сұлтан – билеушісі болды. Ахмет сұлтан Кенесары ханның қан төгіскен дұшпаны болды. Жантөрин Сейітхан Ахметұлы 1848 жылы Орынбор кадет корпусын жүзбасы әскери дәрежесімен бітірген.

Ер есім ханның ұлы Жәңгір хан (1628-1652 жылдары қазақ ханы) басы үлкен, мол денелі, кеудесі кең, аласа бойлы адам болған екен. Сол себепті қазақтар өзінің дарынды қолбасшысын «Салқам Жәңгір» яғни Айбынды Жәңгір хан деп атаған. Оның хандық құруы Жоңғар мемлекетінің күшейген кезге сай келді. Орбұлақта болған шайқаста Жәңгір ханның 600 мылтықпен қаруланған жасағы Самарқан билеушісі Алшын Жалаңтөс бахадұрдың 20 мың әскери көмегімен біріккен ойрат-халха монғолдардың 50 мың қолын талқандап, ел шетінен асыра қуып тастайды. Осы 1643-1644 жылдары болған шайқаста 10 мыңға жуық монғол қырылды. Қазақтармен жоңғарларлар арасындағы 1652 жылғы ірі соғыста қартайып қалған Жәңгір хан жаудың қолынан мерт болады.

Жәңгір ханның ұлдары Тәуке (1680-1718 жылдары қазақ ханы), Уәли және Бақи, Тәуке хан қазақ тарихында даналығы, ақылдылығы үшін «адамзаттың данасы» деп аталды. Ел арасында ескі аңыз – жырларда қазақ халқы оны әулие, пір тұтып Әз Тәуке хан деп атайды.

Жыл сайын күздігүні белгілі бір жерде ханмен бірге жалпы мемлекеттік мәселелерді шешу үшін ру ақсақалдары мен билері қатысымен «еңсесі биік боз ордада» құрылтай шақырылып отырды. Беделді ру басылары хан жанынан билер алқасын құрды. Бұл – заңды талқылайтын ұйым болды. Тәуке ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына жақын жерде «Күлтөбенің басында күнде кеңес», өткізіп, үш жүздің билері қатысуымен «қырық рудың қырық биі» Қасым ханның «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі жолын» негізге алып «Жеті жарғы» заңдар жүйесін құрастырып қабылдады.

Тәуке ханның ұлы Болат (1718-1729 жылдары қазақ ханы), халық оны момын, жасық мінезді болғандықтан «Былжыр Болат» деп атаған. Болаттың ұлы Әбілмәмбет (1734-1774 жылдары Орта жүз ханы) - қызыл тулы төрелердің бабасы. Әбілмәмбет қазақ шежіресінде Абылай сұлтанды қамқорлыққа алушы, тәрбиелеуші ретінде белгілі. Әбілмәмбеттен – Болат, онан Құдайменді, онан Әкім, онан Қарқаралы уезінің төрелері тарайды.

Әбілмәмбеттен - Әбілпейіз, онан Семей жеріндегі Найман елінің төрелері тарайды. Әбілпейіздің бәйбішесі Кіші жүздің Нұралы ханның қызы Айкүмістен – Бопы, Ғадай, Ағадай туады; тоқалы қырғыз манабының қызы Тұмардан – Көгедей, Сәмен, Жабағы; тоқалы қалмақ ханы Хандыжаптың қызы Шағаннан – Жошы туады. Әуелде Шағанды Көкжал Барақ сұлтан алған. Әбілпейіз сұлтан Бараққа бата оқуға келіп, оның жас әйелі Шағанды емшектегі Қанқожа белбала ретінде ұстайды, қайтыс болғанда орнына Қанқожа отырады. Тоқалдың үш ұлын анасымен қоса төре іздеген Абақ керейлер Әбілпейізден сұрап көшіріп әкетеді. 1785 жылы 12 жасар Көгедейді Абақ Керей елі Қобда тауында хан сайлайды. Көгедей (1773-1824) 39 жыл Монғолияда Абақ Керейлерде билік жүргізді, одан Ажы төре (1797-1867), одан кейін Қасым төре (1834-1890), одан соң Жеңісхан төре (1868-1912), одан кейін ең соңғы билік иесі Әлен төре (1884-1934) болған.

Тәуке ханның бір баласы Сәмеке (Шахмұхаммед) (1719-1734 жылдары Орта жүз ханы), Сәмеке ханнан Есім туады. Есімнің ұлдарының аттары: Құдайменде, Алшынбай, Әбілқайыр, Бұлқайыр. Әбілқайырдың ұлдары Досан мен Сөртек Кенесарының жауы болған. Кенесарының қарындасы Бопайдың бұйрығымен 1843 жылы Өтей – Дәуіш Уақтан шыққан Қожық Мақашұлы (1822-1874) атаман Досан мен Сөртекті қылышпен турап өлтіріп, Бопайға олардың бастарын әкеп тапсырады. Досан Бопайдың күйеуі, бірақ екеуі 1836 жылы ажырасып кеткен.

Сәмеке ханның немересі Құдаймендеден Қоңырқұлжа, Санияз, Бек, Бөрі, Арыстан туады. Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин 1840 жылы полковник атағын алған, Кенесарының көтерілісіне қарсы белсене қатысқан. Қоңырқұлжанның туған інілері Арыстан Құдаймендин тінәлі – Қарпық болысын басқарады, ал балалары Абылай, Әділ, Беғалы, Жанәлі, Төке, Шыңғыс хорунжийлер Қареке – Алтай, Әйтеке – Қарпық және басқа болыстарды басқарды. Қоңырқұлжанның әйелдері он сегіз ұл, бес қызды өмірге әкелген, бұлардан Ақмола уезінің төрелері тарайды.

Жәңгір ханның екінші ұлы Уәли сұлтанның Абылай туады. Абылай сұлтан ұзақ жыл Бұхар ханы Иманқұлының әмірі болып, Андижанды билеп тұрды. Абылай ханның (1711-1781, 1771-1781 жылдары Орта жүз ханы) азан шақырып қойған аты - Әбілмәнсүр, лақаб аты- Сабалақ, лауазымы – Абылай хан. Абылай хан – атақты қаһарман, батыл қолбасшы, шебер ұйымдастырушы, дарынды мәмлегер, өктем әкім болды. 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтпас сапарға кеткен соң Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи күмбезінде қазатың игі жақсылары ежелгі дәстүр бойынша Абылайды ақ киізге көтеріп, Орта жүз ханы деп сайлаған. Ш.Уәлиханов Абылайхан он екі әйелінен 30 ұл және 40 қыз көрген дейді. Абылайдың тұңғыш ұлы Уәли 1781-1819 жылдары Орта жүз ханы болды. Уәли ханды кемсіту үшін Ресей патшасы бірінші Александр Орта жүзге екінші қосалқы хан етіп 1815 жылы Ондан сұлтанның ұрпағы қартайған Бөкейді қойған. Екі хан да 1819 жылы өмірден өтті. Ал 1822 жылы патша үкіметі Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М. Сперанский басшылығымен жасалынған «Сібір қазақтары туралы жарлық» делінетін заңын шығарып, отарлау басқару жүйесін еңгізіп, Орта жүз хандығын біржолата жояды. Отаршыл орыс үкіметі Орта жүз бен Ұлы жүздің біраз жерін сегіз сыртқы округке (дуанға) бөліп, оларда хандықтан әлдеқайда әлсіз аға сұлтандық әкімдік басқаруды енгізді. 1824 жылы Қарқаралы және Көкшетау округтері ашылды. Округтер Омбының облыстық басқармасына бағынды. Қарқаралыда Тұрсын Бөкеев, Көкшетауда Ғұбайдолла Абылайханов, Аягөзде Өшін Әбілпейізов, Ақмолада Қоңырқұлжа Құдаймендин, Аманқарағай Шыңғыс Уәлиев төрелер аға сұлтан болып, шен алып, шекпен киеді.

1652 жылы жоңғарламен шайқаста қайтыс болған қазақтың он төртінші ханы Жәңгірден Тәуке, Уәли және Бақи деген ұлдары тараған. Тәуке ханнан – Абылай, Бақиден – Сұлтанбет (Сұлтанмамет). Ертіс өңіріндегі далалық аймақтың өмірінде Сұлтанбет пен оның ұрпақтары маңызды роль атқарған. 1781 жылы Абылай хан қайтыс болаған соң, қазақ аристократиясы хан тағына отыруға Сұлтанбетті шақырған. Бірақ жасына жеткен Сұлтанбет хан тағына отырмай Абылайдың ұлы Уәлиді хан етіп отырғызуға ұсынады.

Орта жүзде 1739 жылы Сәмеке хан қайтыс болған соң оның орнына Әбілмәмбет келеді. Оған Арғындардың бір тобы және Тарақтылар бағынады; Арғындардың үлкен тобы Абылайдың билігін мойындады. 1742-1748 жылдары Керейлердің басшысы сұлтан Ералы болған. Найман тайпасы екі иелікке бөлінді: Жоңғариямен шектес 10 шаңырақты басқарған Күшік Тұрсынов пен Барақ сұлтан басқарған 40 мың шаңырақты наймандарды басқарған. Ертіс өңірі Қыпшақтарының басшысы – Сұлтанбет болған.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет