Неке және отбасы туралы



бет1/7
Дата12.07.2016
өлшемі448.5 Kb.
#195254
  1   2   3   4   5   6   7
Неке және отбасы туралы

Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы N 321-I Заңы


Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 23


      Ескерту. Мәтiндегi сөздер ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20 N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

МАЗМҰНЫ


      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы неке-отбасы қатынастарын, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың кепiлдiктерiн белгiлеп, реттейдi, отбасының дамуын Қазақстан Республикасы мемлекеттiк әлеуметтiк саясатының басым бағыты деп анықтай отырып, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етедi.

1-бөлiм. Жалпы ережелер

1-тарау. Неке-отбасы заңдары

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) неке - ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгiленген тәртiппен тараптардың ерiктi және толық келiсiмi жағдайында жасалған еркек пен әйелдiң арасындағы тең құқықты одақ

      2) жалған неке - отбасын құру ниетiнсiз заңда белгiленген тәртiппен жасалған және ерлi-зайыптылардың құқықтары мен мiндеттерiн туғызбайтын неке;

      3) отбасы - некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиiстi адамдар тобы;

      4) неке жасы - адамның некеге тұру құқығына жеткендегi жасы;

      5) балалық шақ - кәмелетке толмаған адамдардың құқықтық жай-күйi;

      6) мүлiктiң шарттық режимi - ерлi-зайыптылардың және олардың осы некеден туған балаларының неке шартымен белгiленген меншiгiнiң режимi;

      7) суррогат ана шарты - балалы болуды қалайтын адамдар мен бойға бала бiтiрудiң жасанды әдiсiн немесе эмбрион имплантациясын қолдануға келiсiмiн берген әйелдiң арасындағы келiсiм;

      8) патронат - уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген адамның (патронат тәрбиешiнiң) жасасқан шарты бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берiлетiн тәрбие нысаны;

      9) алименттер - алуға құқығы бар екiншi адамға бiр адам беруге мiндеттi болатын асырау қаражаты;

      10) отбасылық жағдай - некеде тұрғандағы немесе айырылысқандағы жағдай, балалардың немесе отбасының басқа да мүшелерiнiң болуы немесе болмауы;

      11) материалдық жағдай - жалақының, зейнетақының, басқа да табыстардың болуы немесе болмауы; олардың мөлшерi; мүлiктiң болуы; еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi; отбасының басқа мүшелерiнен материалдық көмек алуы немесе алмауы;

      12) азаматтық хал актiлерi - адамның құқықтары мен мiндеттерiнiң пайда болуына және тоқтатылуына байланысты оны дараландыратын заңдық ресiмделген мән-жайлар;

      13) жақын туыстары - ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек ағалы-iнiлер мен апалы-сiңлiлер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;

      14) қорғаншы (қамқоршы) - қорғаншылық пен қамқоршылық жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыру үшiн заңда белгiленген тәртiппен тағайындалған адам;

      15) қорғаншылық (қамқоршылық) - кәмелетке толмағандардың және сот әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлеттiлiгi шектеулi) деп таныған адамдардың құқықтары мен мүдделерiн қорғаудың құқықтық нысаны;

      16) репродукциялық денсаулық - адамның толымды ұрпақ туғызуға қабiлетiн көрсететiн денсаулығы;

      17) суррогат ана - суррогат ана мен ықтимал ата-ана арасындағы шарт бойынша бойға бала бiтiру, оны көтеру және туу;

      18) қорғаншы және қамқоршы орган - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы.


      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2-бап. Неке-отбасы заңдарының негiздерi

      1. Неке және отбасы, ана, әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

      2. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңдары:

      1) еркек пен әйелдiң некелi одағының ерiктiлiгi;

      2) ерлi-зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдiгi;

      3) отбасының iсiне кiмнiң болса да өз бетiнше араласуына жол берiлмеушiлiк;

      4) отбасы iшiндегi мәселелердi өзара келiсiммен шешу;

      5) балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсiп-жетiлуi мен әл-ауқатты болуына қамқорлық жасау;

      6) отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабылетсiз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғауға басымдық беру;

      7) отбасы мүшелерiнiң өз құқықтарын кедергiсiз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкiндiктерi;

      8) отбасының барлық мүшелерiн салауатты тұрмыс салтына ынталандыру принциптерiне негiзделедi.

      3. Мемлекеттiк азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында қиылған неке ғана танылады.

      4. Некеге тұруы кезiнде және отбасылық қатынастарда әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық тiл және дiни белгiлерi бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудiң кез келген нысандарына тыйым салынады.


      Азаматтардың неке-отбасы қатынастарындағы құқықтары тек заң негiзiнде және отбасы мүшелерi мен өзге де азаматтардың денсаулығын, адамгершiлiгiн, құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сондай шамада ғана шектелуi мүмкiн.

      3-бап. Неке-отбасы заңдарымен реттелетiн қатынастар

      Неке-отбасы заңдары:

      1) некеге тұрудың, некенi тоқтатудың және оны жарамсыз деп танудың шарты мен тәртiбiн белгiлейдi;

      2) отбасы мүшелерiнiң: ерлi-зайыптылардың, ата-аналар мен балалардың (асырап алушылар мен асырап алынғандардың) арасындағы, ал неке-отбасы заңдарында көзделген жағдайларда және шектерде басқа туыстар мен өзге де адамдардың арасындағы азаматтық құқықтар мен мiндеттердi, мүлiктiк емес және мүлiктiк жеке қатынастарды реттейдi;

      3) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың нысандары мен тәртiбiн айқындайды;

      4) азаматтық хал актiлерiн тiркеу және заңдарда белгiленген тәртiппен ақылы қызмет көрсету тәртiбiн реттейдi.

      4-бап. Неке-отбасы заңдары және отбасы құқығының


             нормаларын қамтитын өзге де актiлер

      Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, отбасылық құқық нормалары қамтылатын Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      5-бап. Неке-отбасы қатынастарына азаматтық заңдарды
             қолдану

      1. Осы Заңның 3-бабында аталған, неке-отбасы заңдарымен реттелмеген (осы Заңның 4-бабы) отбасы мүшелерiнiң арасындағы мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке қатынастарға азаматтық заңдар қолданылады, өйткенi ол неке-отбасы қатынастарының мәнiне қайшы келмейдi.

      2. Осы заңның 3-бабында көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен реттелмеген және оларға қолданылатын әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, бұл олардың мәнiне қайшы келмейтiндiктен, мұндай қатынастарға ұқсас қатынастарды реттейтiн неке-отбасы және (немесе) азаматтық заңдардың нормалары (заң ұқсастығы) қолданылады. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкiн болмаса, неке-отбасы қатынастары субъектiлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi неке-отбасы немесе азаматтық заңдардың жалпы негiздерi мен мәнi және адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары (құқық ұқсастығы) негiзге алынып айқындалады.

2-тарау. Неке-отбасы құқықтарын жүзеге асыру және қорғау

      6-бап. Неке-отбасы қатынастарындағы құқықтар мен


             мiндеттердi жүзеге асыру

      1. Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, азаматтар өздерiне тиесiлi неке-отбасы қатынастарынан туындайтын құқықтарды, оның iшiнде осы құқықтарды қорғауға арналған құқықты өз қалауы бойынша қолданады.


      Неке-отбасы құқықтарын жүзеге асыру және мiндеттердi орындау отбасының басқа мүшелерi мен құқықтың өзге субъектiлерiнiң құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерiн бұзбауға тиiс.

      2. Неке-отбасы құқықтары заңмен қорғалады, бұған осы құқықтардың мақсатына қайшы келетiн жағдайлар қосылмайды.

      7-бап. Неке-отбасы құқықтарын қорғау

      Неке-отбасы құқықтарын қорғауды азаматтық сот iсiн жүргiзу ережелерi бойынша - сот, ал осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттiк органдар немесе қорғаншы және қамқоршы органдар осы Заңның тиiстi баптарында көзделген тәртiппен жүзеге асырады.

      8-бап. Неке-отбасылық қатынастарға талап-арыздың
             ескiруiн қолдану

      1. Талап-арыздың ескiруi неке-отбасы қатынастарынан туындайтын талаптарға қолданылмайды, бұған бұзылған құқықты қорғауға арналған мерзiм осы Заңмен белгiленген жағдайлар қосылмайды.

      2. Талап-арыздың ескiруiн белгiлейтiн нормаларды қолдану кезiнде сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 177, 179, 180, 182-185-баптарының ережелерiн басшылыққа алады.

2-бөлiм. Неке

3-тарау. Некеге тұрудың шарттары мен тәртiбi

      9-бап. Некеге тұру шарттары

      1. Некеге тұру үшiн некеге тұрушы еркек пен әйелдiң өзара ерiктi келiсiмi және олардың неке жасына жетуi қажет.

      2. Неке осы Заңның 11-бабында аталған мән-жайлар болған жағдайда қиылмайды.

      10-бап. Неке жасы

      1. Неке жасы еркектер мен әйелдер үшiн он сегiз жас болып белгiленедi.

      2. Дәлелдi себептер болған жағдайда мемлекеттiк тiркеу орны бойынша азаматтық хал актiлерiн жазу органдары неке жасын екi жылдан аспайтын мерзiмге төмендетуi мүмкiн.

      3. Неке жасын төмендету туралы өтiнiштi некеге тұруға тiлек бiлдiрушiлер немесе олардың ата-аналары, не қорғаншылары (қамқоршылары) белгiленген неке жасын төмендету қажеттiгiн туғызатын себептердi көрсете отырып қозғай алады.

      4. Барлық жағдайларда неке жасын төмендетуге тек некеге тұрушылардың келiсiмiмен ғана жол берiледi.

      5. Неке жасына толмаған адамдар арасындағы некеге ата-аналарының не қорғаншыларының келiсiмiмен ғана рұқсат етiледi.

      11-бап. Араларында неке қиылуына жол берiлмейтiн адамдар

      Некеге тұруға:

      1) бiреуi болса да басқа тiркелген некеде тұрған адамдардың

      2) тiкелей ата-тегi бойынша және өзiнен тарайтын жақын туыстардың (ата-аналар мен балалардың, атасының, әжесiнiң және немерелерiнiң), ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек әкесi немесе анасы ортақ ағалы-iнiлер мен апалы-сiңiлiлердiң (аға-қарындастардың);

      3) асырап алушылар мен асырап алғандардың

      4) бiреуiн болса да психикалық ауруының немесе ақыл есi кемдiгiнiң салдарынан сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған адамдардың арасында жол берiлмейдi.

      12-бап. Некеге тұратын адамдарды медициналық тексеру

      1. Некеге тұруға тiлек бiлдiрушi адамдарға медициналық, сондай-ақ медициналық-генетикалық мәселелер және репродукциялық денсаулық қорғау мәселелерi бойынша консультация беру мен тексерудi мамандандырылған денсаулық сақтау мекемелерi және некеге тұратын адамдардың екеуiнiң келiсiмiмен ғана жүргiзедi. V095873

      2. Некеге тұратын адамдарды тексерудiң нәтижелерi медициналық құпия болып табылады және ол некеге тұруға ниеттенген адамға тексеруден өткен адамның келiсiмiмен ғана хабарлануы мүмкiн.

      13-бап. Некеге тұру тәртiбi

      1. Некеге тұратын адамдардың тiкелей қатысуымен неке мемлекеттiк азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында қиылады.
      Некеге тұруға ниет бiлдiрген адамдардың бiреуi азаматтық хал актiлерiн жазу органына келе алмайтын ерекше жағдайларда неке мұндай адамның тұратын жерi бойынша қиылуы мүмкiн.
      Неке қию кезiнде өкiл жiберуге жол берiлмейдi.

      2. Некенi қию некеге тұруға тiлек бiлдiрушiлер азаматтық хал актiлерiн жазу органына арыз берген күннен бастап бiр ай мерзiм өткен соң жүргiзiледi.


      Дәлелдi себептер болған жағдайда неке қиюды мемлекеттiк тiркеу орны бойынша азаматтық хал актiлерiн жазу органы бiр ай өткенге дейiн неке қиюға, сондай-ақ осы мерзiмдi ұзартуға, бiрақ бiр айдан аспайтын мерзiмге ұзартуға рұқсат етуi мүмкiн.
      Ерекше мән-жайлар болған кезде (жүктiлiк, бала тууы, бiр тараптың өмiрiне тiкелей қауiп төнуi және басқа да ерекше мән-жайлар) неке өтiнiш берiлген күнi қиылуы мүмкiн.

      3. Неке қиюды мемлекеттiк тiркеу азаматтық хал актiлерiн мемлекеттiк тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

      4. Азаматтық хал актiлерiн жазу органдарының некенi тiркеуден бас тартуына некеге тұруға тiлек бiлдiрушi адамдар не олардың бiреуi сотқа шағым жасай алады.

4-тарау. Некенi тоқтату

      14-бап. Жұбайының (зайыбының)  қайтыс болуы және оны


              өлдi немесе олардың бiреуi хабар-ошарсыз
              кеткен деп жариялау салдарынан некенiң
              тоқтатылуы

      1. Неке ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң қайтыс болуы немесе сот оны өлдi немесе хабар-ошарсыз кеткен деп жариялау салдарынан тоқтатылады.

      2. Сот қайтыс болды деп жариялаған немесе сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған жұбайы келген және тиiстi сот шешiмi күшiн жойған жағдайда некенi ерлi-зайыптылардың бiрлескен өтiнiшi бойынша азаматтық хал актiлерiн жазу органы қалпына келтiруi мүмкiн.

      3. Егер жұбайлардың екiншiсi жаңа некеге отырса, некенi қалпына келтiруге болмайды.


      Егер неке қию кезiнде тараптарға (немесе тараптардың бiреуiне) қайтыс болды немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылған жұбайы тiрi екенi белгiлi болса, бұл ереже қолданылмайды.

      15-бап. Некенi бұзу

      1. Неке ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң немесе екеуiнiң де өтiнiшi бойынша, сондай-ақ сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған жұбайдың қорғаншысының өтiнiшi бойынша оны бұзу жолымен тоқтатылуы мүмкiн.

      2. Некенi әйелдiң жүктiлiгi кезеңiнде және бала туғаннан кейiнгi бiр жыл iшiнде әйелдiң келiсiмiнсiз бұзуға болмайды.

      16-бап. Азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында
              некенi бұзу

      1. Азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында некенi бұзу кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бiр-бiрiне мүлiктiк және өзге де талаптар қоймайтын ерлi-зайыптылардың некенi бұзуға өзара келiсуi жағдайында жүргiзiледi.

      2. Ерлi-зайыптыларға ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң өтiнiшi бойынша, егер ерлi-зайыптылардың екiншiсiн:

      1) сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;

      2) сот әрекетке қабiлетсiз деп таныса;

      3) қылмыс жасағаны үшiн кемiнде үш жыл мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталса, неке азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында бұзылады.

      3. Некенiң бұзылуын мемлекеттiк тiркеудi азаматтық хал актiлерiн жазу органы азаматтық хал актiлерiн мемлекеттiк тiркеу үшiн белгiленген тәртiппен жүргiзедi.

      17-бап. Азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында


              некенi бұзу кезiнде ерлi-зайыптылардың
              арасында туындайтын дауларды қарау

      Некенi бұзу кезiнде ерлi-зайыптылардың арасында туындайтын даулар азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында сот тәртiбiмен қаралады.

      18-бап. Некенi сот тәртiбiмен бұзу

      Некенi сот тәртiбiмен бұзу:

      1) осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ерлi-зайыптыларда кәмелетке толмаған ортақ балалардың болуы;

      2) ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң некенi бұзуға келiсiмi болмаған кезде;

      3) егер ерлi-зайыптылардың бiреуi өзiнiң қарсылығы болмауына қарамастан, некенi бұзудан өз әрекеттерi не әрекетсiздiгi арқылы жалтарса;

      4) ерлi-зайыптылардың бiр-бiрiне мүлiктiк талаптары болған жағдайларда жүргiзiледi.

      19-бап. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң некенi бұзуға
              келiсiм болмаған жағдайда некенi сот
              тәртiбiмен бұзу

      1. Егер сот ерлi-зайыптылардың одан әрi бiрлесiп өмiр сүруi және отбасын сақтауы мүмкiн еместiгiн анықтаса, неке сот тәртiбiмен бұзылады.

      2. Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң некенi бұзуға келiсiмi болмаған жағдайда, сот ерлi-зайыптыларды татуластыруға шаралар қолдануға және ерлi- зайыптыларға татуласу үшiн үш ай көлемiнде мерзiм тағайындай отырып, iстi қарауды кейiнге қалдыруға құқылы.
      Егер ерлi-зайыптыларды татуластыру жөнiндегi шаралар нәтижесiз болып шықса және ерлi-зайыптылар (олардың бiреуi) некенi бұзуды талап етсе, неке бұзылады.

      20-бап. Өзге де негiздер бойынша некенi сот тәртiбiмен


               бұзу

      1. Кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлi-зайыптылардың, сондай-ақ осы Заңның 18-бабының 3) тармақшасында аталған ерлi-зайыптылардың некенi бұзуға өзара келiсiмi болған жағдайда сот некенi айырылысу себептерiн анықтамай-ақ бұзады.

      2. Некенi сот тәртiбiмен бұзу ерлi-зайыптылар некенi бұзу туралы арыз берген күннен бастап кемiнде бiр ай өткен соң жүргiзiледi.

      3. Ерекше жағдайларда сот осы баптың 2-тармағында аталғанынан кемiрек мерзiм белгiлеуi мүмкiн.

      21-бап. Некенi бұзу туралы шешiм шығару кезiнде сот
               шешетiн мәселелер

      1. Некенi сот тәртiбiмен бұзу кезiнде ерлi-зайыптылар соттың қарауына кәмелетке толмаған балалар өздерiнiң қайсысымен тұратындығы туралы, балаларды және (немесе) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын асырауға қаражат төлеу тәртiбi туралы, бұл қаражаттың мөлшерi туралы не ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы келiсiм ұсына алады.

      2. Егер ерлi-зайыптылардың арасында осы баптың 1-тармағында аталған мәселелер бойынша келiсiм болмаса, сондай-ақ ол келiсiм балалардың немесе ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн бұзатындығы анықталса, сот:

      1) неке бұзылғаннан кейiн кәмелетке толмаған балалар ата-анасының қайсысымен тұратындығын айқындауға;

      2) балаларды асырауға алимент ата-аналардың қайсысынан және қандай мөлшерде өндiрiлiп алынатынын белгiлеуге;

      3) ерлi-зайыптылардың (олардың бiреуiнiң) талап етуi бойынша олардың бiрлескен ортақ меншiгiндегi мүлiктi бөлудi жүргiзуге;

      4) екiншi жұбайдан асырауға қаражат алуға құқығы бар жұбайдың талап етуi бойынша осы асырау қаражатының мөлшерiн айқындауға мiндеттi.

      3. Егер мүлiктi бөлу үшiншi бiр адамдардың мүдделерiн қозғайтын болса, сот мүлiктi жеке iс жүргiзiлiп бөлу туралы талапты жеке iсте қозғауға құқылы.

      22-бап. Некенiң ол бұзылған жағдайда тоқтатылу кезi

      1. Азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында бұзылатын неке азаматтық хал актiлерiн жазу кiтабында некенiң бұзылғандығы мемлекеттiк тiркелген күннен бастап, ал неке сотта бұзылған жағдайда - соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап тоқтатылады.

      2. Сот некенi бұзу туралы соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде сот шешiмiнiң көшiрмесiн шешiм шығарылған жердегi, сондай-ақ неке қию мемлекеттiк тiркелген жердегi азаматтық хал актiлерiн жазу органына жолдауға мiндеттi.
     Ерлi-зайыптылардың азаматтық хал актiлерiн жазу органында некенiң бұзылғаны туралы куәлiк алғанға дейiн жаңадан некеге тұруға құқығы жоқ.

      23-бап. Некенi тоқтатудың салдары

      Некенiң тоқтатылуымен ерлi-зайыптылардың, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, некелiк қатынастарынан туындайтын жеке және мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады.

5-тарау. Некенiң жарамсыздығы

      24-бап. Некенi жарамсыз деп тану

      1. Осы Заңның 9-11-баптарында белгiленген шарттар бұзылған кезде, сондай-ақ жалған жасалған жағдайда неке жарамсыз деп танылады.

      2. Мәжбүрлеп қиылған неке жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

      3. Егер некеге тұрушы адамдардың бiреуi екiншiсiнен құрылған отбасы мүшелерiне, жеке басының және қоғамның қауiпсiздiгiне нақты қатер төндiретiн ауруы бар екенiн жасырса, соңғысы сотқа некенi жарамсыз деп тану туралы талаппен жүгiнуге құқылы.

      4. Некенi жарамсыз деп тануды сот жүргiзедi.

      5. Сот некенi жарамсыз деп тану туралы соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде соттың осы шешiмiмен некеге тұру мемлекеттiк тiркелген жердегi азаматтық хал актiлерiн жазу органына көшiрме жiберуге мiндеттi.

      6. Некенiң жарамсыздығы оның қиылған күнiнен бастап танылады.

      25-бап. Некенi жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар
               адамдар

      1. Некенi жарамсыз деп тану туралы талап қоюға:

      1) егер неке жасына толмаған адаммен неке қиылса (осы Заңның 10-бабы), кәмелетке толмаған жұбайы, оның ата-анасы (оларды ауыстыратын адамдар), қорғаншы және қамқоршы орган немесе прокурор құқылы. Кәмелетке толмаған жұбай он сегiз жасқа толғаннан кейiн некенi жарамсыз деп тануды талап етуге тек оның өзi ғана құқылы;

      2) егер некеге тұруға ерлi-зайыптылардың бiрiнiң ерiктi келiсiмi болмаған жағдайда: мәжбүр ету, алдау, қателесу немесе өзiнiң жай-күйiнiң салдарынан некеге тұруды мемлекеттiк тiркеу кезiнде өзiнiң әрекеттерiнiң маңызын түсiнбей және өзiн-өзi билей алмауы себептi неке қиылған болса, некеге тұру арқылы құқығы бұзылған жұбай, сондай-ақ прокурор;

      3) некенi қиюға кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар екенiн бiлмеген жұбай, әрекетке қабiлетсiз деп танылған жұбайдың қорғаншысы, оның алдындағы бұзылмаған неке бойынша жұбайы, осы Заңның 11-бабының талаптарын бұза отырып қиылған неке арқылы құқықтары бұзылған басқа да адамдар, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы орган мен прокурор;

      4) жалған некеге тұру жағдайында прокурор, сондай-ақ некенiң жалғандығы туралы бiлмеген жұбайы;

      5) осы Заңның 24-бабының 3-тармағында аталған мән-жайлар болған кезде құқығы бұзылған жұбай құқылы.

      2. Неке жасына толмаған адаммен, сондай-ақ сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған адаммен қиылған некенi жарамсыз деп тану туралы iстi қарау кезiнде iске қатысуға қорғаншы және қамқоршы орган тартылады.

      26-бап. Некенiң жарамсыздығын болғызбайтын мән-жайлар

      1. Егер некенi жарамсыз деп тану туралы iс қаралатын сәтке заңға орай оның қиылуына кедергi жасаған мән-жайлар жойылса, некенi жарамсыз деп тануға болмайды.

      2. Егер кәмелетке толмаған жұбайдың мүдделерi талап етсе, сондай-ақ оның некенi жарамсыз деп тануға келiсiмi болмаған жағдайда сот неке жасына толмаған адаммен қиылған некенi жарамсыз деп тану туралы талап-арыздан бас тарта алады.

      3. Егер мұндай некенi тiркеткен адамдар iстi сот қарағанға дейiн iс жүзiнде отбасын құрса, сот некенi жалған деп тани алмайды.

      4. Ерлi-зайыптылардың арасында заңмен тыйым салынған туыстық дәрежесi болған не некенi тiркеу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiреуi басқа бұзылмаған некеде тұрған (осы Заңның 11-бабы) жағдайларды қоспағанда, некенi ол бұзылғаннан кейiн жарамсыз деп тануға болмайды.

      27-бап. Некенi жарамсыз деп танудың салдары

      1. Сот жарамсыз деп таныған неке, осы баптың 4 және 5-тармақтарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, ерлi-зайыптылардың осы Заңда көзделген құқықтары мен мiндеттерiн туғызбайды.

      2. Некесi жарамсыз деп танылған адамдар бiрлесiп сатып алған мүлiктiң құқықтық режимi Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң үлестiк меншiк туралы ережелерiмен реттеледi. Ерлi-зайыптылар жасасқан неке шарты (осы Заңның 38-40-баптары) жарамсыз деп танылады.

      3. Некенi жарамсыз деп тану мұндай некеде туған немесе неке жарамсыз деп танылған күннен бастап екi жүз жетпiс күн iшiнде туған балалардың құқығына нұқсан келтiрмейдi (осы Заңның 46-бабының 2-тармағы).

      4. Некенi жарамсыз деп тану туралы шешiм шығарған кезде сот некенi жарамсыз деп тану үшiн негiзге алынған мән-жайлардан некеге тұру кезiнде бейхабар болған жұбайдың (адал ниеттi жұбай) екiншi жұбайдан осы Заңның 134, 135-баптарына сәйкес асырауға қаражат алу құқығын тануға құқылы, ал некенi жарамсыз деп таныған кезге дейiн бiрлесiп сатып алынған мүлiктi бөлуге қатысты осы Заңның 32, 36, 37-баптарында белгiленген ережелердi қолдануға, сондай-ақ неке шартын толық немесе iшiнара жарамды деп тануға құқылы.


     Адал ниеттi жұбай азаматтық заңдарда көзделген ережелер бойынша өзiне келтiрiлген материалдық және моральдық зиянды өтеудi талап етуге құқылы.

     5. Адал ниеттi жұбай некенi жарамсыз деп таныған кезде өзi неке қиюды мемлекеттiк тiркеу кезiнде таңдаған тегiн сақтап қалуға құқылы.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет