Өнерге ықылас өзгеше



Дата19.06.2016
өлшемі24.78 Kb.
#148280


Өнерге ықылас өзгеше


17 апреля 2013 / 

тәжірибе

Бүгінде біздер Орталық Азиядағы жетекші музыкалық колледж атану жолында тынбай еңбек етудеміз. Колледжде Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолиядан арнайы келген жас музыканттар өздерінің білімін шыңдауда. Колледждің халықаралық байланысы мұнымен шектелмейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Кореяның мәдениет және туризм, спорт министрлігімен музыка мамандарын дайындауға қатысты меморандумға қол қойған болатынбыз.




Осы келісімнің шеңберінде Оңтүстік Кореяның еліміздегі елшілігімен бірлесіп, бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырдық. Өткен жылы кәріс мамандарымен тізе қосып, «Кейпок» деп аталатын республикалық байқау ұйымдастырдық. Бәсеке барысында бас жүлдені біздің колледждің түлегі қанжығасына байлады. Осы ретте байқауға қатысушылардың қарым-қабілетін анықтауға Оңтүстік Кореядан арнайы келген мамандар қазылық жасағанын айта кетуіміз керек. Өз басым колледжге түлектер қабылдауда мұндай байқаулардың маңызы зор деп есептеймін. Айталық, біздер бірнеше жылдан бері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында «Жас талант» байқауын үздіксіз ұйымдастырып, музыкаға икемі бар таланттарды тауып келе жатқанымызды мақтанышпен айта аламын. Осы байқауға қатысқан жас жеткіншектердің көпшілігі кейіннен колледж түлектері атануда.


Алматы музыкалық колледжінде жоғары деңгейдегі оқу-әдістемелік база қалыптасқан. Осындай зор тәжірибенің арқасында республика аумағындағы музыкалық мектептердің білім беру жүйесін бірізге түсіруге өз үлесімізді қосып келеміз. Қазіргі таңда еліміздегі 22 музыка колледжі бізбен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Біздің колледжге түсу үшін талапкерлер бірнеше сатыдан өтуі тиіс. Салалық оқу орны болғандықтан, музыкаға бейімі бар балалардың бойындағы талантын анықтау үшін біраз сынақтан өткіземіз. Айталық, қандай да бір аспапта ойнауға бейімі бар балаларды қосымша байқаулардан өткеннен кейін ғана оқуға қабылдаймыз. Ал ән салу, хор саласына қызыққан жастар болса, қосымша байқауларда өздерінің бойындағы талантын көрсетеді. Бүгінде біздің колледжді бітірген жастарға деген сұраныс өте жоғары.

Қазіргі таңда түлектеріміз орта мектептерде музыка пәнінің мұғалімі, түрлі оркестр мен ансамбльдерде дирижерлік және әншілікті абыроймен атқарып жүр. Соңғы уақыттары еліміздегі оркестрлер мен ансамбльдер де талантты жастарын бізге жіберіп, білігін шыңдауға жағдай жасауда. Еліміздің экономикалық жағдайы кемеліне келген сайын облыстарды былай қойып, аудандарда жекелеген ансамбльдер құрылып жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осындай ансамбльдердің көшін өрге сүйрейтін мамандарға деген сұраныс артып отыр.

Алматы музыкалық колледжі Орталық Азияда теңдесі жоқ музыкалық колледжге айналғанын Ресейдің музыкалық білім беретін оқу орындары қауымдастығына мүше болғанынан байқауға болады. Бүгінде қауымдастыққа 250 музыкалық колледж мүше болып отыр. Аталған ұйымға мүше болудың талабы да тым жоғары. Қауымдастыққа мүше болу үшін музыкалық колледждердің білікті ұстаздары, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары және жоғары деңгейдегі материалдық базасы болуы шарт. Біздің колледж осы талаптардың үдесінен шығып, қауымдастыққа мүше колледждердің арасында үшінші орынға табан тіреп отыр. Бүгінде Ресейден келіп, колледж түлектеріне шеберлік сағаттарын ұйымдастырып жүрген мамандар қазақ жастарының музыкаға деген ерекше ықыласын көріп, тәнті болды. Алдағы уақытта біздер осы биігімізден бір мысқал да төмендемей, қазақ өнерін кемелдендіруге өз үлесімізді қоса беретін боламыз.

Ая ҚАЛИЕВА,


Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет