Оқулық «Мәдениеттану»



бет30/57
Дата03.01.2022
өлшемі1.81 Mb.
#451815
түріОқулық
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   57
Мадениет тану экзамен

Қайта жаңғыру мәдениеті
Қайта жаңғыру мәдениеті (Ренессанс) деп аталатын алғашқы буржуазиялық мәдениет - XIV ғ. аяғында XV ғ. басында Еуропада, оның ішінде Италияда қалыптасты. Бұл мәдени төңкеріс Венециядан басталып, бүкіл Италияны қамтыды. Қайта жаңғыру дәуірін Еуропаның көптеген мемлекеттері, атап айтқанда: Франция, Испания, Нидерланды, Полыпа, Чехия, Венгрия, Англия, Балқан елдері және т.б. бастарынан кешірді. Бұл кезеңде итальян қоғамы Грекия мен Римнің көне мәдениетіне ерекше мән беріп, көне мәдени мұраларды жаңғыртумен қызу айналыса бастады. Тұңғыш рет Еуропа діни идеялар негізінде емес, жалпы адамзаттық гуманистік идеялар рухында бірігуге мүмкіндік алды. Бұл дәуір адамзат тарихындағы сыңдарлы заман болды. Еуропа бастан кешірген бұл өтпеді кезең - қоғамдық-саяси және мәдени өмірде елеулі орын алды: Экономика саласында - бұл географиялық ашулар заманы мен капиталдың алғашқы қорлану заманы, отарларды жыртқыштықпен бөліп, басып алынған халықтарды айуандықпен тонау заманы, отаршылдық соғыстар заманы болды. Саясат саласында - тәуелсіздік үшін күрес заманы болды. Жаңадан қалыптасып келе жатқан жас буржуазия мүдделері басымдылық танытып «бюргерлік мәдениеттің» барған сайын ұлттық сипатқа ие бола бастау заманы. Толассыз соғыстар, отаршылдардың айуандық әрекеттері және соның нәтижесінде тереңдей түскен таптық қақтығыстар, халыққа қырғидай тиген түрлі аурулар эпидемиясы, талай дарынды еркін ой иелерін отқа жаққан инквизиция оттары, толассыз діни соғыстар - осылардың бәрі Еуропа халықтарының өткен тарихы, дәуір сипаты болды.

«Қайта жаңғыру» термині осы дәуірдің белгілі суретшісі, сәулетшісі және өнер тарихының асқан білгірі Джордане Базари (1512-1574) өзінің «Жизнеописание наиболее знаменитых живописцев, ваятелей и зодчих» (XVI ғ.) деген еңбегінде алғаш рет қолданған. Демек, бұл терминнің мағынасы - көне заман мәдениетін жаңғырту болып табылады. Ал одан кейін, дәлірек айтқанда, XVIII ғ. бастап Италиялық жаңғыру дәуірі адамның қайта жаңғыруы және гуманизм дәуірі деп сипатталады. XIV- XV ғ. Италия мәдениетін былай сипаттаудың тамыры да осы дәуірде жатқандығын атап өткен дұрыс сияқты, өйткені тұңғыш рет «адам» табиғаты, «адамгершілік» деген ұғымдарды енгізген осы дәуірдің алыптары Леонардо Бруни мен Колюччо Салютати болатын. Тереңірек үңіліп қарайтын болсақ, «гуманизм» латынның «адамгершілік» деген сөзінен шыққан (гомо - «адам» деген ұғымды білдіреді). Бұл терминді «жаңа адамдар» - (гуманистер) енгізген. Олардың ойынша, гуманизм бүкіл адамзат баласы тудырған мол мәдени мұраларды құныға оқып, зерттеп-білуге ұмтылу болып табылады. Олай болса, Қайта жаңғыру заманының басты жаңалығы - ғасырлар қойнауына көз жүгіртіп, өткен замаңдардағы көне мәдени мұраларды қайта жаңғырту болып табылады. Белгілі ғалым - гуманист, Леонардо Бруни (1370-1444 ж.) «гуманизмді» адамның өмірі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне қатысты дүниелерді танып-білумен және адамды рухани жағынан жетілдіріп, оны әсемдікке, ізгілікке баулитын жағдайларды ғылыми тұрғыдан зерттеп білу деп түсінді. Оған: поэзия, грамматика, риторика, тарих, философия, музыка және т.б. жатқызды. Сөйтіп, көне мәдениет құндылықтарын игеруде басты рөлді гуманитарлық ғылымдар атқарады деп есептелді. Бұл кезеңде қоғамды мәдени тұрғыдан қайта құруды мақсат еткен білімді, рухани байлығы мол Еуропа интеллигенциясының қалыптасу процесі басталды. Қоғамда алатын орнына, қызмет дәрежесіне, байлығына, тіпті тұрмыс-тіршілігінің әр түрлілігіне қарамастан оларды ортақ мақсат біріктірген болатын. Мысалы, Лоренцо Меличи - ел басшысы болса, Полициано - университет профессоры, Пико делла Мирандоло - граф, ал Лоренцо Вониконтри - офицер болды. Демек, гуманизм - мәдениеттің басты принциптерінің бірі, оның сапалық өлшемі, оның ақиқаттығының айнасы болды.

Осы орайда, қайта жаңғыру мәдениетінің өзіндік сипатына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Олар: гуманизм, антроцентризм, орта ғасырлық христиандық дәстүрлерді нәрлендіру, көне мәдени мұраларды қайта жаңғырту (философия мен өнердің көне туындыларын тірілту) және дүниеге жаңа көзқарас болып табылады.

Ренессанс мәдениетінің жоғарыда көрсетілген өзіндік ерекшеліктері оның дәуірлеріне тікелей байланысты болып келеді, өйткені бұл өзгерістер заман ағымына, дәуір тынысына тікелей тәуелді болғаны ақиқат.

Қайта жаңғыру мәдениеті төрт кезеңге бөлінеді. Жоғарыда көрсетілген белгілер енді ғана біліне бастаған кезең «проторе-нессанс» (қайта жаңғыру қарсаңы) деп аталады. Екі ғасырға созылған бұл тарихи кезеңнің әр ғасыры (XIII ғ. дученто, XIV ғ. - треченто деп аталады) тамаша дарынды адамдарды өнер сахнасына шығарды. Солардың бірі - Қайта жаңғыру мәдениетінің бастауында болған ұлы Данте Алигьери (1265 - 1321 ж.). Ұлы дарынның қыл қаламынан шыққан атақты комедияларының кереметтігі соншалық, оның талантына бас иген ұрпақтары бұл туындыны «Құдіретті комедия» деп атады. Данте, Франческо Петрарка (1304-1374 ж.) және Джованни Бокаччо (1313—1375 ж.) Қайта өрлеу (жаңғыру) дәуірінің дарынды өнер қайраткерлері және итальян тілінің негізін қалаушылар болды. Олардың шығармалары дүниежүзілік әдебиетке қосылған тамаша туындылар қатарынан орын алды. Мысалы, Петрарканың Мадонна Лаураның өмірі мен өліміне арналған сонеттері өзінің тірі кезінде-ақ әлемге әйгілі болды. Оның жолын қуушылардың бірі «Декамеронның» авторы атақты Боккаччоның гуманистік идеяларға толы реалистік новеллалары - дүниежүзілік әдебиет саласындағы соны құбылыс болып саналады.

Қайта жаңғыру кезеңінің мәдени дәстүрлері, оның өзіне ғана тән ерекшеліктері айқындала бастаған кезең - XV ғасыр, яғни «Бастапқы Қайта жаңғыру дәуірі» (кватроченто). Ал Италия мәдениеті идеялары мен принциптерінің гүлденген кезеңі және оның құлдырау қарсаңын - «Кемелденген жаңғыру кезеңі» (Чинквеченто) деп атаймыз. Бұл дәуір XVI ғасырды қамтиды.

Қайта жаңғыру мәдениетінің басты назары адам тұлғасына аударылды. Адам бойындағы ізгі қасиетгерді жан-жақты көрсету арқылы оны биік дәрежеге көтеру және оның ар-намысын, абыройын қорғау - басты орынға қойылды. Міне, сондықтан да болар, шынайы гуманизм адамның бостандық алуға, бақытты болуға, өз қабілетін дамытуға құқығы бар екендігін жариялады, адамдар арасындағы қарым-қатынаста теңдік, әділдік, адамды сүю және адамгершілік принциптерін жақтады. Ерекше атап өтетін бір жайт, Қайта жаңғыру заманының гуманизмі адамды дін бұғауынан босатуға бағытталды, яғни дін мен шіркеу ықпалын әлсіретуге барынша күш салды. Ендеше, бұл дәуірдің гуманистік идеялары - рухани төңкерістің негізі болды, ал өз кезегінде бұл төңкерістер буржуазиялық революциялар толқынымен және жаңа Еуропаның мәдениеттің қалыптасу процесімен тығыз байланысты болды.

Қайта жаңғыру мәдениетінде басты назардың адамға, оның табиғатына аударылу сырын қалай түсіндіруге болады? Қоғамдағы мұндай түбегейлі өзгерістің - әлеуметтік-экономикалық факторларға, оның ішінде тауар-ақша қарым-қатынастарының дамуына тікелей байланысты болды. Адамның тәуелсіздігін сөзіне бастауына, енді ғана туындап келе жатқан еркіндікке қол жеткізуіне, ең бірінші кезекте қала мәдениеті себепкер болды. Италия қалаларында тамаша ірі өнеркәсіп орындарының болғаны тарихтан белгілі. Солардың ішінде Қайта жаңғыру мәдениетінің ошағы болған - Флоренцияның мерейі үстем болды. Табиғи байлықтардың тапшылығы және тағы да басқа жағдайларға байланысты Италия басқа мемлекеттермен сауда-саттық жасауға ерекше мән берді. Италия қалалары Батыс елдерімен де, мұсылман елдерімен де сауда-саттық жасады. Мұның өзі ел экономикасының одан әрі дамып, қала мәдениетінің гүлденуіне әкеліп соқты, ал қала мәдениетінің ықпалымен «жаңа адамдар» қалыптасты. Бірақ жаңа адамдардың қалыптасуы өлі де болса орта ғасырлық заман ықпалына байланысты болды, қаншама уақыт өтсе де христиандық дәстүрлердің қаймағы шайқалмаған болатын, сондықтан да болар адамдар орта ғасырлық шырмаудан шыға алмай аласұрды. Міне, осындай тарихи кезеңде көне мәдени мұраларды «тірілтуге» деген жаппай құлшыныс «жаңа адамдардың» қайталанбайтын, ерекше мәдениеттің қайнар бұлағын ашуына мүмкіндік берді.

Бұл мәдени төңкерістің барысында Қайта жаңғыру даналарының басты назарында Платон сияқты көне заман ойшылдарының ілімдерінің болуын қалай түсіндіруге болады. А.Ф. Лосев осы орайда тамаша ғылыми тұжырым жасап, бұл жағдайды неоплатонизммен байланыстырды. Оның пікірінше, Қайта жаңғыру дәуірінің өкілдері мәдениетті орта ғасырлық догматтан тазартты, оны қайта қарау арқылы қайта жаңғыртып, жаңа мазмұн берді. Ол мәдениет тарихындағы неоплатонизмнің үш түрін атап көрсетті. Олардың біріншісі - көне замандық - космологиялық, екіншісі- орта ғасырлық - теологиялық, үшіншісі - жаңғырған - антроцентристік неоплатонизм. (Г.В. Драч. Культурология. Ростовна-Дону. 1995, с. 217.) Көне заманның неоплатонизмі Платон ілімін қайта қарай отырып, рухтың табиғатын, заттар қозғалысын, космостық айналыстың ақиқаттығын космологиялық тұрғыдан түсіндіруге әрекет жасаса, орта ғасырлық неоплатонизм табиғат пен дүниелен жоғары өмір сүретін, жоқтан болмыс тудыратын абсолюттік жан теориясына негізделді. Жоғарыда атап көрсетілген «антропологаялық жаңғырған неоплатонизм» бір жағынан, көне заман неоплатонизмінің көмегімен материалдық дүниені жоғары көтеріп, орнықтыруға тырысса, екінші жағынан оның орта ғасырлық неоплатонизммен ортақ қасиеттері, белгілері бар. Демек, сұлулық пен әсемдікке толы дүниені андап-түсіну - «жаңғыртушылық» дүниетанымдық мақсаттардың бірі болып саналады. Құдай жандандырған дүние әр уақытта да адам назарында болған, оны қатты қызықтырған. Жарық дүниенің құпия сырларын танып-білуде адамның сезімдерінен артық не бар, ендеше бұл қағиданы ескере отырып, жаңғыртушылар «адам көзіне» пара-пар келетін бұл дүниеле еш нәрсе жоқ деп есептеді. Сондықтан да Қайта жаңғыру дәуірінде өнер салаларының ішінде сурет салу және т.б. ұдайы даму үстінде болды. Шындығында да, дүниені танып-білумен қатар оны шынайы жеткізе білуде суретшілердің мүмкіндіктері мол, олай болса олардың дүние-танымдық мақсаттарды шешудегі белсенділігінің сыры да осында болса керек. Ал бұл жағдай итальяндық Қайта жаңғыру дәуірінің көркемдік сипатта болуына тікелей әсер етті.

Ерекше атап өтетін бір жайт, итальян тарихшыларының гу-манистерге деген көзқарастары әртүрлі болып келеді. Италияның өткен тарихына көз жүгіртетін болсақ, Ренессанс дәуірі бұл елдің өзара қақтығыстар мен соғыстарға толы кезеңімен сайма-сай келеді. Тарихи деректерге жүгінсек, дүние жүзіне атағы шыққан кейбір гуманистер Италияның бостандығын тұншықтырушы мейірімсіз билеушілерге қызмет еткен, тіпті шетел басқыншылығы кезінде патриоттық сезімін көрсете ал-май дәрменсіздік танытқан. Бірақ бұл келеңсіз көріністерге қарап біржақты көзқарас тумауы керек, өйткені дүниежүзілік көлемде гуманистер жаңа қоғамдық күш болды. Олардың табиғи дарыны, ұшқыр ойлары текке кеткен жоқ, өйткені осы бір ұлы ойшыл даналардың арқасында ғана Қайта жаңғыру дәуірінің мәдениеті Жаңа заман мәдениетінің жаршысы, бастамасы болды. Қайта жаңғыру дәуірі мәдениетінің өкілдерінің ішінде сол дәуірдің тынысын терең сезінген, сол бір аласапыран кезең мен жарық дүниенің әсемдігін, адамның жан-дүниесін өнер туындылары арқылы бере білген алып тұлғалар болған. Солардың бірі - өнер алыбы Леонардо да Винчи (1456 -1519 ж.). Өз заманында ол айналыспаған ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің бірде-бір саласы болмаған. Ол - әрі мүсінші, әрі суретші, әрі математик, әрі инженер, әрі геолог, әрі философ, әрі ақын, әрі физик т.б. болған. Сегіз қырлы, бір сырлы Леонардо да Винчи ұшу аппаратының қанатының, токарь станогының жобаларын жасады. Леонардо да Винчи сонымен қатар ғылымның әр саласына байланысты жазылған әр тақырыптағы ғылыми трактаттардың авторы. Леонардоның керемет ұлы туындысы және барлық замандардағы ең ғаламат суреттерінің бірі - «Құпия жиын». Миландағы Санта Мария делла Грация шіркеуіңдегі бұл сурет бізге жартылай бүлінген күйінде жетті. Бұл суретте Христос барлық сезімдер орталығына айналған, оның ішкі жан-дүниесі, қайғысы мен сабырлылығы - заңды құбылыс. Шығармада көрсетілген драманың терең мәні де осында болар, өйткені мұндағы сатқын, опасыз Иуданың сол бір құпия кештегі келбетінің өзі де үлкен шеберлікпен берілген. Жаугершілік, қиын-қыстау заманда салынған бұл сурет екінші жағынан - заман талабынан туған, мөңгі өшпес тақырыпқа арналған патриотық шығарма болып табылады.

Дүниені дүр сілкіндірген, бұл күндері Париждегі Лувр музейінің інжу-маржаны болып отырған «Мона Лиза - Джоконда» туындысы ғасырлар бойы көрген адамды таң қалдырып келеді. Леонардо «Джоконданы» салуда ұзақ еңбектенді, қажымай-талмай жетілдіре түсудің нәтижесінде артына баға жетпес асыл мұра қалдырды. Оның көркем мұрасы сан жағынан алғанда онша көп болмаса да, оның бірде-бірін мыңмен айырбастауға болмайды, бәлкім оның қаламының құдіреті де осында болар.

Осы орайда өнер тарихындағы ұлылардың бірі - Рафаэль Санти (1483-1520 ж.) нағыз кемелді шағында - 37 жасында қайтыс болғанына қарамастан артына мәңгілік өшпес мұра қалдырды. Оның атақты туындысы - «Сикст мадоннасы» Меккелегі қара тас арабтар үшін қандай киеді болса, «Сикст мадоннасы» еуропалықтарға да сондай қасиетті дүние. Рафаэль өзінің әйгілі болған шығармалары «Афины мектебі», «Конестабиле құдай - ана», «Парнас» және басқаларында гуманизм идеяларын кеңінен насихаттап адамның өлі де ашыла қоймаған рухани мүмкіндіктерін ашып көрсетуге тырысады.

Адамзат қоғамына мәңгілік рухани азық болған шығармалардың авторы, тасқа тіл бітірген теңдесі жоқ мүсінші, тамаша қыл қалам шебері, сәулет өнерінің сарбазы, өнердің қай саласының болсын майталманы - атақты Микеланджело еді. Оның өнерінің ішіндегі қай туындысын алсаңыз да алдымен адамды, оның ақыл-парасатын, оның бойындағы ізгілік қасиеттерді аңғарамыз. Микеланджелоның атақты мүсіндері - «Давид», «Моисей», «Бұғаудағы құл», «Өлім халіндегі құл» және т.б. қатар «Құдай -ана - Дони», «Кашино түбіндегі шайқас» сияқты суреттерінде қасірет шеккен халықтың қилы тағдыры, оның азаттық үшін күресі, ана жүрегі, ана махаббаты, сәуледі болашақ пен өшрдің сан салалы көріністері нанымды берілген. Оның атақты «Давид» мүсіні туралы Вазарий таңдана былай деп жазды: «Микеланджелоның» қолынан шыққан Давидтің алып мүсіні қазіргі кез бен ежелгі дүниеле Грекия мен Римде жасалған мүсіндердің даңқын тартып алды» (Л. Любимов. Батыс Еуропа өнері. Алматы, 1982, 184-бет). Шындығында да, тұла бойы ерлік пен күшке толы, өз ісінің әділдігіне сенімді, қуатты да сүйкімді Давидтің мүсіні азаттық аңсаған елдің айбынды батырытаың, табиғат күштерін бойына жинақтаған ұлы адамның бейнесі болатын. «Давид» мүсіні дүниеге келген күн - Италияда ұлттық мейрам болып жарияланды, бұл өнер туындысына, жалпы өнер атаулыға деген халықтың асқан құрметі болатын.

Италияның даңқын асырған ұлы суретшілердің бірі - Джотто ди Бон доне (1276-1337 ж.) болды. «Иуда ишараты» - талантты суретшінің ең әйгілі шығармасы. Көп адам қатысқан бұл композициядағы басты тұлғалар - Христос пен Иуда. Христос бейнесінен ізгіліктің, адамгершіліктің, сабырлылықтың белгілерін байқайтын болсақ, ал екінші бір кейіпкер Иуданың бойынан бір көргенде-ақ озбырлық пен сатқындық қасиеттерін жазбай танисыз. Екі жүзділік, күншілдік, зұлымдық сияқты жағымсыз қылықтар кейіпкердің жүзінен де, қимылынан да айқын кәрінеді, ізгілік пен зұлымдық арасындағы ымыраға келмейтін күрес - шығарманың негізгі идеясы. Орасан зор шеберлікпен жазылған бұл туынды Джоттоның есімін бүкіл Италияға әйгілі етті. Көзінің тірісінде-ақ ол «Флоренцияның ұлы азаматы» деген абыройлы атаққа ие болды. Қайта жаңғыру кезеңінде талай өнер саңлақтары өздерінің өшпес туындыларымен әлемді таң қалдырды. Егер орта ғасырларда әлемнің кіндігі - құдай деп саналса, ендігі жерде адам құдай дәрежесіне көтеріліп, мадақталды.

Қайта жаңғыру дәуірі - мәдениет пен өнер және ғылым тарихындағы ұлы бетбұрыс кезең болды. Үш ғасырдан астам уақыт ішінде Еуропаның көптеген елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген гүлдену, мәдени қозғалыс басталды. Орта ғасырлар мәдениетінің мән-мағынасын сәулет өнері көрсететін болса, Қайта жаңғыру дәуірінде живопистік туындылар (суреттер) басым болды. Дін өктемдігінен, оның құрсауынан босанудың ар-қасында өмірдің сан-саласын тұтас көрсететін, адамды рухани жағынан толық қанағаттандыратын шығармалар өмірге келді. Бұл дәуірде адамның бұл дүниелегі алатын орны жан-жақты көрсетілді. Ренессанс мәдениетінің негізінде жаңа заманда еуропалық адам қазіргі өркениетке қарай шешуші қадам жасады. Осындай ұлы мәдени бастамалардың жаршысы болған Италия елінде, алғаш рет католиктік реакция басталды, гуманистік қоз-ғалыстың өкілдері шіркеу тарапынан қуғынға ұшырады. XVI ғ. 40-ж. инквизиция басталды. Еркін ой иелерін қудалап, айып-тау мақсатында ГУ-ші Павлдың бастамасымен тыйым салынған кітаптардың тізімі жасалды. Бұл тізімге христиан дінінің қағидаларына қайшы келетін, адамдардың сана-сезіміне әсер ететін шығармалар енді. Оның қатарына Джованни Боккаччо сияқты Италияның ұлы гуманистерінің шығармалары да жатқызылды. Тиым салынған кітаптар отқа жағылды. Католиктік шіркеумен ымыраға келмей, өз идеяларын табанды түрде қорғап, халық арасына кеңінен насихаттаушы еркін ой иелерін қудалап-жазалау сол қоғамға тән құбылыс болды. Папа өкіметіне, шіркеуге қарсы шыққан көптеген ғалымдар, ойшылдар, өнер адамдары инквизиция құрбандығына шалынды. Мысалы, 1600 ж. Римде, «Гүлдер алаңында», «О бесконечности Вселенной и мирах» атты атақты шығарманың авторы ұлы Джордано Бруно отқа өртелді.

Мұндай сындарлы кезеңде көптеген ақындар, суретшілер, сәулетшілер және т.б. гуманизм идеяларынан бас тартып, Қайта жаңғыру дәуірінің ұлы қайраткерлерінің «Үлгісінің» ғана қабылдауға мәжбүр болды. Осындай «маньеризм» стиліндегі өнер адамдарының қатарына атақты суретшілер Понтормо (1494-1557 ж.), Бронзино (1503-1572 ж.) және мүсінші Челлини (1500-1573 ж.) және т.б. жатты. Бірақ көптеген суретшілер сурет өнері саласындағы реалистік дәстүрді одан әрі жалғастыра берді. Олардың қатарына Веронезе (1528-1588 ж.), Тинторетго (1518-1594 ж.), Караваджо (1573-1610 ж.) ағайынды Караччилер және т.б. қосылды. Олардың кейбірінің, атап айтқанда Караваджоның шығармашылығы Франция, Испания, Голландия елдеріндегі сурет өнерінің дамуына өз әсерін тигізді. Әрине, әр елдің жаңғыру мәдениетінің қалыптасуы мен дамуының ұлттық ерекшеліктерінің болғандығы даусыз.

Германияда гуманизм идеялары XV ғ. ортасына қарай тарай бастады және оларды негізінен прогрессивтік интеллигенция мен жоғары оқу орындарының ұстаздары қолдады. Немістің жаңғыру мәдениетінің қалыптасуында экономикалық факторлар: тау-кен өндірісінің дамуы, кітап бастыру ісінің жолға қойылуы мен тоқыма өнеркәсібінің қарышты қадамы айрықша рөл атқарды. Шаруашылық саласына тауар-ақша қатынастарының еркін енуі және Германияның жалпы Еуропалық нарықтық процестерге араласуы адамдардың сана-сезімін өзгертті. Сонымен қатар саяси ыдыраң қылық жағдайларындағы Германияның өзінде де католиктік шіркеуг оның озбырлық әрекеттеріне қарсылық күшейе түсті. Сондықтан да, шіркеуді қайта құру жолындағы күрес неміс жерінде қарқынды жүргізілді. Осы орайда Мартин Лютердің Библияны неміс тіліне аударуы - Германиядағы Қайта жаңғыру дәуірінің бастамасы болды. Бұл аударма жұмысы 20 жылға созылды және осыдан кейін іле-шала Библия (Інжіл) ағылшын, француз және т.б. тілдерге де аударылды. Библияның неміс тіліне аударылуы -немістің ортақ әдеби тілінің қалыптасуына да әсерін тигізді. Германиядағы Қайта жаңғыру дәуірі Реформациямен (католиктік шіркеуді реформалау жолындағы қозғалыспен) тығыз байланысты болды. Реформация жолындағы бұл қозғалысты Мартин Лютердің өзі басқарды.

Немістің гуманистік әдебиетінің белгілі өкілдерінің бірі - Иоганн Рейхлин (1455-1522 ж.) - «Письма темных людей» деп аталатын атақты сатиралық шығарманың авторы. Ол бұл еңбегінде ғылыми атақтары бар магистр мен бакалаврлардың қара ниетін айыптап, қоғамдық өмірді сынға алды. XVI ғ. ортасында Реформациялық қозғалыстың жеңіске жетуі ұлттық мәдениеттің жандануына зор ықпал тигізді. Итальян Ренессан-сындағындай Германияда да ең озық дамыған өнер саласы - сурет салу болды. Бұл салада Альбрехт Дюрер (1471-1528 ж.), кіші Ганс Гольбейн (1497-1543 ж.) сияқты дарынды суретшілердің мерейі үстем болды. Қайта жаңғыру дәуірінде неміс әдебиеті де айтарлықтай табыстарға жетіп, тамаша көркемсөз шеберлері, халық ақындары мен жазушылары әдебиет пен өнер сахнасына шықты. Солардың бірі - немістің атақты ақыны Ганс Сакс (1494-1576 ж.) пен өткір сатиралық шығармалардың шебері, неміс Ренессансының соңғы өкілі Иоганн Фишарт (1546-1590 ж.) болды. Германияның музыкалық мәдениеті де сан-салалы бай болып келеді. Әншілік өнермен қатар балет, опера жанрлары да қалыптаса бастады. К. Пауман, П. Хопхаймер, Г. Изак сияқты ұлы композиторлар таңғажайып музыкалық шығармалар берді.

Нидерландыдағы Қайта жаңғыру мәдениетінің алыбы Эразм Роттердамский (1496-1536 ж.) болды. Ол өзін «әлемнің азаматымын» деп атады. Эразмның «Есерсоқтықты мақтаған сөз», «Үйдегі еңгіме» сияқты өмірдің сан-саласын қамтитын сатиралық шығармалары Германияға, Францияға, Испанияға, Англияға кеңінен тарады. Ол өз шығармаларында корольдер мен князьдердің, феодалдардың саяси озбырлықтарын өшкерелеп халыққа қайғы-қасірет өкелетін соғыстарды сынға алды. Бұл тұста Нидерландының ұлттық гимнінің авторы Филип Альхонде, суретшілер Питер Брейгел (1525-1569 ж.), Франс Халс (1580-1660 ж.) және т.б. баға жетпес туындылар берді. Нидерландының мәдени өмірінің басты ерекшелігі - қалаларда ғана емес, сонымен қатар, шағын деревняларда да риторикалық қоғамдардың құрылуы болды. Бұл қоғамдардың мүшелері өлең, ән,пьеса, әңгіме шығарудан өнер сайысына түсетін болды. Мұндай риторикалық қоғамдар халықтың мәдени дәрежесінің көтерілуіне үлкен үлес қосты.

Англияда гуманистік идеялардың орталығы - Оксфорд университетінде өз заманьгаың алдыңғы қатарлы ғалымдары - Гросин, Линакр, Колет және т.б. жемісті еңбек етті. Әлеуметтік философия саласындағы гуманистік қағидалардың дамуы «Утопияның» авторы Томас Мордың (1478-1553 ж.) есімімен тығыз байланысты болды. XVI ғ. бірінші жартысында көркем әдебиет саласында драматургия алдыңғы орынға шықты. «Қаңғыбастар» ретінде қатаң жазалану қаупіне қарамастан елде актерлердің «Қыдырма» топтары көбейе түсті. XVI ғ. Лондонда байлар үйлеріндегі жеке меншік театрларды есептемегенде 9 театр жұмыс істеді. Солардың ішіндегі ең ірісі - «Глобуо театры - ағылшын халқының ұлы драматургы, ағылшын Ренессансының алыбы - Вильям Шекспирдің (1564-1661 ж.) шығармашылығымен тығыз байланысты болды. Ерекше атап өтетін бір жайт, ағылшын театрларына барлық сословиенің өкілдері- ақсүйектер де, шенеуніктер де, көпестер де, жұмысшылар мен шаруалар да, қолөнершілер де бара алатын, сондықтан да болар, театр өнерінің өрге басуы, оның демократиялық сипаты - ағылшын қоғамындағы демократиялық жүйенің қалыптасуына ерекше ықпал жасады. Шекспирдің шығармашылығы гуманистік идеяларға толы болды. Оның қыл қала-мынан шыққан «Гамлет», «Король Лир», «Отелло», «Юлий Цезарь», «Асауға тұсау», «Генрих VI», «Ричард III» сияқты трагелиялары мен тарихи пьесалары дүниежүзілік даңқ пен құрметке ие болды. Жалпы алғанда, Жаңғыру дәуіріндегі театрдың дамуы Шекспирдің атымен тығыз байланысты. Ол театр саласындағы реалистік ағымның жаршысы болды. Дүние жүзіндегі барлық театрлар Шекспир мектебінен өтті, ал бұл тамаша дәстүр бүгінгі заманда одан әрі жалғасуда. Жаңа тарихи жағдайда театр әрбір халықтың, әрбір мәдениеттің тынысын жан-жақты беруге талпыныс жасады. Театрлар қойылымдарында, әсіресе Шекспир қойылымдарында этикалық кең құлаш байқалды, әлеуметтік сатира мен өмірлік реализм бас-ты орынға шыға бастады. Ең бастысы - бұл қойылымдарда халықтық рух басым болды.

Еуропаның басқа бір еді - Испанияда Қайта жаңғыру дәуірі басқа елдерге қарағанда қарама-қайшылықтарға толы болды. Мұнда гуманистер католицизм мен католиктік шіркеуге қарсы шыққан жоқ, өйткені оған Испанияда қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай өз әсерін тигізді. Жаңғыру дәуірінің қарсаңында Испанияда ұлт-азаттық қозғалыстың нәтижесінде елдің ұлттық бірігуі жүзеге асырылды. Сегіз ғасыр бойы арабтардың қол астында болған испандықтардың ұлттық тәуелсіздігі үшін күресі жеңіспен аяқталғанды. Осы бір азаттық күрес заманьшда «рыцарьлық» романдар кеңінен тарады. Бұл жанрдың негізін қалаушы атақты трагедиялық комедияның «Селестинаның» авторы Фернаңдо де Рохас еді. Бұл тамаша әдеби дәстүрді Испанияның ұлы жазушысы, мәңгі өшпес туынды - «Дон-Кихоттың» авторы Мигель де Сервантес пен «История жизни пройдохи» деп аталатын әйгілі романның авторы, жазушы-сыншы Франческо де Кевело (1580-1645 ж.) одан әрі жалғастырды. Испанияның ұлттық драматургиясының негізін қалаушы, Шекспирмен қатар «Дәуір алыбы» деген құрметті атаққа ие болған, екі мыңдай әдеби шығармалардың авторы ұлы Лопе де Вега (1562-1635 ж.) дүниежүзілік драматургия саласында алдыңғы қатарда болды. Оның атақты туындылары «Би мұғалімі», «Валенсия жесірі», «Құмыра көтерген қыз», «Ақымақ қыз» - халық көңілінен шықты.

Францияда гуманистік қозғалыс тек XVI ғ. басында ғана етек алды. Француз гуманизмінің тамаша өкілі - ұлы сыншы Франсуа Рабле (1494-1553 ж.) болды. Ол өзінің «Гергантюа мен Пантагрюэль» атты белгілі романында өзі өмір сүрген қоғамды сынға алды. Рабле жаңа қоғам бейнесін жасады. Оның тұрғындары ғылымға бас июші - бауырластар, мұнда екіжүзділерге, опасыздарға және т.б. орын жоқ. Француз мәдениетінің ірі өкілі, аса көрнекті гуманист, әрі ойшыл Мишель де Монтень (1533-1592ж.) болды. Оның басты шығармасы - «Тәжірибелерде» философиялық, тарихи, этикалық мәселелер көтерілді. Бұл еңбек схоластика мен догматизмге қарсы бағытталып, рационализм идеялары насихатталды, сондықтан да болар бұл еңбек бүкіл Батыс Еуропалық ақыл-ойдың дамуына орасан зор ықпал жасады.

Дүниежүзілік мәдениет тарихындағы үлкен тарихи белес - Қайта жаңғыру дәуірі аяқталды. «Қайта жаңғыруды» барлық өркениетті халықтар өз бастарынан өткізген. Ренессанс тек қана Батыс Еуропа халықтарына ғана тән мәдени құбылыс деген көзқарастың мүлдем қате екендігін мәдени-тарихи деректер жоққа шығарып отыр, өйткені Үнділер Ренессансы XVI-XVII ғасырларда болса, Кіндік Азиядағы бұл мәдени өрлеу X-XV ғ. қамтиды. Демек, мәдени дамудың шегі жоқ, оның арнасы да кең, әрбір ұлттың дүниежүзілік мәдениетке қосар үлесі, одан алар өзіндік орны бар. Олай болса, «Қайта жаңғыру» мәдениеті тек ежелгі мәдениетке мирасқорлық, ұмытылған өркениет мұраларының игі дәстүрлерін қайта жандандыру, өткен үлгілерді қайталану ғана емес, қайта сол көне және кейінгі рухани қорлар тоғысынан қуат алып, тыңнан бой түзеу, гүлдену.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет