№1 дәріс
ҚАРАСАН
Мақсаты:
Ауруға сипаттама. Тарихи деректері.
Таралуы. Экономикалық зияндылығы.
Қоздырушысы. Төзімділігі.
Індеттік ерекшеліктері.
Дерттенуі. Өтуі мен симптомдары.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістері. Балау.
Емі. Иммунитет.
Дауалау және күресу шаралары
Қарасан малдардың бұлшық еттерінде сықырлауық ісіктердің пайда болуымен, ақсауымен және тез өлімге ұшырауымен сипатталатын жұқпалы бірақ жұғымтал емес /бір-біріне жұқпайды/ ірі қара мен қой ауруы.
Тарихи деректері. Тарихы онша ұзақ емес, өйткені бұл ауруды 20 ғасырдың аяғына дейін /1870/ топалаң деп келді. Қарасан өзінше жеке ауру екенін 1875 жылы Боллингер жазды.
Аурудың қоздырушысын 1885 жылы Фезер /АҚШ/, кейінірек 1887 жылы Француздар /Арлуэн, Корневен және Том/ ашты. Қарасанға қарсы /формол вакцина/ вакцина алғаш рет 1925 жылы француздармен алынды /Лекленш пен Вале/. Кейінірек Кеңес өкметі /1929ж Муромцев, формол вакцина/ шығарды, ал 1959 жылы Каган мен Колесова қоюлатылған гидроокисьалюминді вакцинасын шығарды.
Таралуы. Қарасан әлемнің барлық аймақтарында оның ішінде Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі.
Экономикалық зияндылығы. Тигізетін зияны топлаңнан да асып кетеді. Ол зиян ауруға шалдыққан малдардың өлімінен, дер кезінде емдемесе ауырған малдардың 90-100% өледі, карантин және сауықтыру шараларына жұмсалатын қаржыдан тұрады.
Қоздырушысы Clostridium Chauvoei /француз сөзі сондықтанда оқылғанда шаво болып оқылады/.
Клостридиилердің барлығы анаэробтар және спора түзетін бактериялар әрі барлығы да өте күшті токсин түзеді. Олар малдарды сол токсиндері арқылы өлтіреді. /топалаң да спора түзеді бірақ ол аэроб/. Ең күшті токсин ботулизмнің токсині оның 200грамы бүкіл адамзатты жойып жіберуге жарайды.
Патматериалдан жасалған жағындыда микроб жеке-жеке немесе қосарланып орналасады. Қозғалады, капсула түзбейді.
Қарасан қоздырушысының өзіне тән ерекшелігі оның иісі /прогорклое масло/ қоңырсық иіс тәрізді болады.
Төзімділігі спорасы 2-3 сағат қайнатқанда ғана өледі. Автоклавта 30-40 минуттан кейін өледі. Нәжісте, бұзылған етте 6 айға шейін, ал топырақта бірнеше жылға дейін сақталады. Ең жақсы дезинфектант - 4% формальдегид болып табылады.
Індеттік ерекшеліктері. Қарасанмен көбіне 3 айдан 4 жасқа дейінгі ірі қара малы, сирегірек - қой, ешкі бұғы ауырады. Буйволдар көбінесе 1-2 жасында ауырады. Эксперимент түрінде шошқа мен түйені де ауыртуға болады.
Ауруға көбіне қоңды малдар шалдығады, себебі ауру қоздырғышы гликогенді жақсы көреді, ал гликогенге тек семіз малдардың бұлшық еттері ғана бай болады.
Зертханалық жануарларда теңіз шошқасы сезімталырақ болады.
Ауру қоздырушысының бастауы болып аур мал, ал берілу факторларына - қоздыруышының спорасымен ластанған топырақ, азықтар, жайылым, ағынсыз батпақты сулар жатады.
Ару алиментарлы /қан сорғыш буынаяқтылар арқылы жұғуы да мүмкін/ және зақымданған тері қабаттары арқылы жұғады. Өлім көрсеткіші өте жоғары, орташа 80% дейін болады.
Ауру көбінесе жаз-күз айларында /жайылым уақытында/ байқалады. Өйткені күз айларында, шөп құрғап, тікенектенеді, ал кейде малды тамыртүйнекті өсімдіктерді жинап алған жерлерге жаяды, осының салдарынан малдардың ауру қоздырушысының спорасымен топырақ арқылы жұқтырылуына әкеп соқтырады, сондықтанда қарасан топырақ инфекциясына жатады.
Дерттенуі. Денеге енген микроб барлық организмге тарап, бұлшық еттері жақсы дамыған дене бөліктеріне отырады. Өйткені олар гликоген көп жерде жақсы өсіп-өнеді, ал өз кезегінде бұлшық ет гликогенге бай телімдер болып есептеледі.
Гликогенге бай бұлшық еттерінде қоздырушының споралары көбейеді. Вегетативті түрлері тез көбейіп токсин және агрессин бөліп шығарады. Қоздырушының орын тепкен жерінде қабыну процесі дами бастайды.
Микроб қан тамырларын зақымдап, ұлпаны ыдыратады. Зақымдалған ұлпалар қан сұйығымен сіңірілген және микробтың өмір сүру барысында пайда болған газ көпіршіктері болады. Осының салдарынан тез ұлғаятын сықырлауық ісік - карбункул түзіледі. Ыдыраған ұлпалардың өнімдері мен токсиндері қанға түсіп, организмнің улануына әкеледі. Ал ол өз кезегінде дене қызуының көтерілуіне, жүрек қызметінің нашарлауына, ішкі мүшелердің, әсіресе бауырдың физиологиялық функцияларының бұзылуына соқтырып, малдың тез арада өлуіне әкеледі.
Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңі 1 күннен 5 күнге шейін. Ауру тек жіті түрде ғана өтеді. Бірақ өте сирек жағдайда өте жіті ағымының да болуы мүмкін, және ол септицемия түрінде өтеді.
Ауру кенеттен дене қызуының 41-420С дейін көтерілуімен басталады. Бұлшық еттерінде /жамбасы, мойны кеудесі/, кейде аузында, жұтқыншағында /глотка/, ісіктер пайда болады олар тез үлкейеді /8-10 сағатта/. Ісік алғашқыда ыстық, тығыз және ауырсынтатын болады, басқанда сықырлайтын, ал прекуссиялағанда тимпаниялық дыбыс байқалады. Кейінірек ісік суынып, сезімталдығы басылып қалады. Ол жердегі терінің беткі қабатының түсі қызыл-қоңыр түстес болады. Маңындағы сөл түйіндері ісінеді. Егер карбункулдар санында, сауырында, жауырынында болғанда малдың ақсайды, бірақ тексергенде ештеме табылмайды, өйткені зақымдану процессі бұлшық еттерінің терең қабатында болады. Егер дерт ауызда болатын болса онда дертке әдетте тілі шалдығады /сықырлауық домбығу байқалады/. Егер жұтқыншақ /глотка/ шалдықса, онда оны құлақтың түбін басып көргенде шығатын дыбыс арқылы анықтауға болады.
Инфекциялық процесс өрбіген сайын малдың жалпы күйі нашарлай береді. Күйіс қайыруын тоқтатады, тамыр соғуы жиі, бірақ әлсіз болады, тыныс алғанда қиналып дем алады. Дене қызуы өлер алдында 350С шейін төмендеп, ауырған мал әдетте 1-2 күнде кейде 3-10 күннің ішінде өледі.
Өздігінен қайта жазылып кету өте сирек жағдайда ғана болады.
Аса жіті өту өте сирек байқалып әдетте 3 айлық жасқа дейінгі бұзауларда кездеседі. Мұндай жағдайда ауру қағынған /септической форме/ түрде, дененің қызынуы, қатты күйзеліс арқылы карбункуласыз байқалады да 6-12 сағаттың ішінде өліммен аяқталады.
Қойда қарасан сиырдағыдай өткенімен, сықырлауық домбығулар көбінесе байқалмайды. Малдың аузынан көбік ағып, тісін шықырлатады, табынға ілесе алмай қалып қояды және өлердің алдында жатады. Ауру өте жіті өтіп, бірнеше сағаттан соң /6-24/, кейде 2-3 күнде өліммен аяқталады.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістері. Егер қарасанға диагноз тірі кезінде қойылса, онда өлексені /спорасын шашыратып алмас үшін/ союға болмайды.
Өлексе тырсиып, кеуіп жатады. Газдардың түзілуіне байланысты табиғи тесіктерінен көбіршікті қанды сұйық ағады.
Тері асты шелі мен зақымданған бұлшық еттері қанталайды. Ондай бұлшық еттерді тіліп көргенде түсі қара қошқылданып, газ көпіршіктері көрінеді және иісі күйген қоңырсық тәрізді болдаы. Маңындағы сөл түйіндері үлкейіп, тілгенде қара-қошқыл түсті, қанталаған ошақтары болады. Қан қара-қошқылданып, ұйыйды. Өкпесі домбығып қанға толы болады. Көк бауыр ісініп болбырайды. Бауыр үлкейіп, өліеттенген ошақтар болып, газ көпіршіктері байқалады. Сірі қабықтары әдетте қабынып, фибрин қабыршықтары пайда болады.
Балауды клиникалық-індеттанулық деректердің, бактериологиялық және биологиялық зерттеулердің нәтижелерінің негізінде қояды.
Лабораторияға эксудат сұйығын, зақымданған бұлшық ет, бауыр, көк бауыр кесінділерін, жүректегі қанды жібереді. Материал мал өлгеннен кейін 2-3 сағаттан кешіктірілмей жіберілуі керек, ал ондай мүмкіншілік болмаған жағдайда 30-40% гицеринмен консервілейді.
Зертханада микроскопия жасап, бактериологиялық зерттеулер жүргізеді
Зақымданған органдардың суспензиясын немесе бір күндік өсіндіні теңіз тышқандарына жұқтырады. Егер материалда қарасанның қоздырушысы болса, онда теңіз тышқаны 18-48 сағаттың ішінде өледі. Өлекседе (органдарында) қарасанға тән өзгерістер болады, ал жағындыда /органдарында, және бауырының отпечаткасында/ жеке және қосарланып жатқан түйіршікті немесе біртұтас боялған ірі таяқшаларды көруге болады әрі осы белгілері арқылы жағындыда тізбек түзіп орналасатын басқа анаэробты микробтардан ажыратуға болады.
Ажыратып балау. Қарасанды ең алдымен топалаңнан (оның ішінде топалаңның карбункулезді түрінен, топалаң кезінде кабункул сықырламайды және оның қоздырушысы патматериалдан алынған жағындыда ұшы шорт кесілген, сыртында қауашағы болады, әрі организмде спора түзбейді), қатерлі домбығудан (әдетте жарақаттан кейін байқалады).
Емі. Ауру жіті өтетін болғандықтан ем көп жағдайда нәтиже бермейді. Егер сіз алғашқы күндері аурудың белгілерін байқап қалған болсаңыз және сол уақытта, ем қолдансаңыз, онда ол нәтижелі болады. Ем ретінде қан сарысуын және антибиотиктер (пенициллин, биомицин, диобиомицин) қолданылады. Пенициллинді 5-9 мың ӘБ/кг дозада бұлшық етке 0,5% новакаин ерітіндісімен әрбір 6 сағат сайын дене қызуы түсіп, жағдайы жақсарғанға шейін егеді. Биомицинді 3 мг/кг мөлшерінде б/етіне күн сайын 3-5 күн қатарынан егеді. Жақсы нәтижені - диобиомициннің 40-50 мың ӘБ/кг мөлшерін 40% глицеринмен бұлшық етіне жіберу - береді және антибиотиктің емдік крнцентрациясы организмде 9 күндей сақталады, әрі бұл антибиотикті тек емдік емес сонымен қатар аурудың алдын алу үшін де қолдануға болады.
Домбығып қабынған жерлерге және оны айналдыра бұлшық еттеріне 1-3% сутетігінің асқын тотығын, 0,1% марганцовка немесе 3-5% фенол немесе лизол ерітінділерін егу аурудың бәсеңдеуіне көмектеседі.
Иммунитет. Қарасанға малдар 3 айлығынан бастап, 4 жасқа дейін ғана ауырады. Ал 4 жастан асқан жануарларда иммундеуші субинфекцияның әсерімен табиғи иммунитет қалыптасады. Сондықтанда 4 жастан асқан малдарға дауалау препараттары қолданылмайды. Ауырып жазылған малдарда иммунитет қалыптасып, қайтып ауырмайды.
Аурудың алдын алу үшін алюминийдің гидратты тотығы қосылған формол вакцина қолданылады. Онымен сиыр мен қойды егеді. Вакцинаны бұлшық етке - сиырлардың сыртқы бет жамбасына, ал қойлардың ішкі бет жамбасына жасына, қоңдылығына қарамай бір рет 2 мл дозасында егеді. Иммунитет 12-14 күннен кейін қалыптасып 5-6 айға дейін созылады.
Дауалау және күресу шаралары. Ауруды болдырмау үшін аурудан сау емес шаруашылықтарда жыл сайын табынға шығуға 2 аптадай қалғанда, барлық ірі қараны 3 айдан 4 жасқа дейінгі аралықта, ал қойларды 6 айдан бастап вакциналайды /б/етке 1 рет/. Егер жайылым уақыты 6 айдан ұзағырақ болатын болса, онда вакцинаның иммунитетінің ұзақтығы 6айдан аспауына байланысты, малдарды 6 айдан кейін қайта егеді.
Қарасан жиі байқалатын жерлерде бұзауларды 2 рет 3 және 6 айлығында егеді.
Қарасан шыққан шаруашылыққа карантин салынып, соңғы мал сауыққаннан, немесе өлгеннен кейін 14 күннен соң алынады.
Ауру және күдіктілерін емдейді. Қалғандарын вакциналайды.
Ауырған малды лажысыз союға және еті мен сүтін пайдалануға болмайды.
Өлексені терісімен бірге және көң мен жем-шөптің қалдығын өртейді. Орны дезинфекцияланады.
Ағымды дезинфекция әбір ауру мал бөлінгеннен кейін бір сағат сайын 3 рет жүргізіледі.
Оқшаухана күн сайын дезинфекцияланады. Дезинфекцияны 4% формальдегид, 10% күйдіргіш натрий, 5% белсенді хлоры бар хлорлы әкпен жүргізеді. Садыраны /навозную жижу в жижесборнике/ 200 литріне 1 кг хлорлы әк қосып зарарсыздандырады.
Ауру мал жанасқан жемшөпті жылқыға немесе қарасанға егілген сиырларға еккеннен кейін 16 күн өткен соң беруге болады.
Қасапханада қарасан байқалған жағдайда ұшаны барлық мүшелері мен терісін қоса утиль зауыттарына жібереді немесе өртейді. Қасапхананы, кұрал-жабдықтарды дезинфекциялайды.
Бақылау сұрақтары: 1 Қарасан кезінде байқалатын негізгі клиникалық белгілер. 2 Қарасанды балау әдістері. 3 Қарасанды алдын алу және сауықтыру шаралары.
Әдебиеттер:
1. Сайдулдин Т., Індеттану және жануарлардың жұқпалы аурулары, 2015 ж.
2. С. Қ. Әбдірахманов, А. Н. Ахметов, Эпизоотология мониторингі және ветеринарлық шараларды ұйымдастыру, 2016 ж.
3. Байкадамова Г.А. Індеттану және індеттік аурулар, 2015 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |