Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
бұйрығына қосымша
2024 жылғы ____
№ ____
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 27 қаңтардағы
№ 83 бұйрығымен бекітілген
Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 139-бабының 7-тармағына, Қазақстан Республикасы «Білім туралы» заңының 44-бабының 5-тармағына, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1)тармақшасына (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) сәйкес әзірленді, педагогтерді аттестаттау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аттестаттау - педагогтердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында жүргізілетін рәсім, оның нәтижелері бойынша осы Қағидаларға сәйкес біліктілік санаттары беріледі (расталады);
2) аттестатталушы - осы Қағидаларға сәйкес біліктілік санатын беруге (растауға) үміткер педагог («Педагог лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 145 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20400 болып тіркелген) бекітілген Педагог лауазымдарының тізбесіне сәйкес;
3) аттестаттау комиссиясы – педагогтерді аттестаттау рәсімін жүргізетін уәкілетті алқалы орган (бұдан әрі – Комиссия);
4) аттестаттау кезеңі - біліктілік санатын соңғы берген (растаған) күннен бастап келесі аттестаттау мерзімі басталғанға дейін немесе мерзімінен бұрын аттестаттау үшін жағдайлар болғанға дейінгі уақыт аралығы;
5) апелляция – осы Қағидаларға сәйкес ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы педагогтің өтініші бойынша жүзеге асырылатын педагогтердің білімін бағалау нәтижелерін қайта қарау рәсімі;
6) апелляциялық комиссия - білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын, педагогтердің білімін бағалау нәтижелерін қайта қарау қорытындылары бойынша шешім қабылдайтын комиссия;
7) біліктілік санаты – «Педагог» кәсіптік стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы № 500 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31149 болып тіркелген) бекітілген Кәсіптік стандартына (бұдан әрі – кәсіптік стандарт) және «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес педагогтің кәсіби құзыреттілік деңгейі;
8) біліктілік бағасы – аттестаттаушы органдардың педагог материалдарының біліктілік сипаттамаларына сәйкестігін қарауы;
9) қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау - педагог қызметі мен жетістіктерінің біліктілік санаттарына қойылатын талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімі;
10) педагог білімін бағалау» (бұдан әрі – ПББ) – осы Қағидаға сәйкес педагогтің білім деңгейін анықтау мақсатында өткізілетін рәсім;
11) педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасы (бұдан әрі – Платформа) - педагогтің кәсіби қызметі туралы деректерді жинауды және өңдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
12) өтпелі кезең – Платформа жұмыс істегенге дейін аттестаттауды өткізу тәртібі мен шарттарын анықтайтын кезең.
3. Педагогтерді аттестаттау «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес бес жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.
Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 44-бабының 5-тармағына сәйкес үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Білім беру ұйымдары басшысының орынбасарлары осы Қағидаларға сәйкес үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |