2 - тарау. Аттестаттауды өткізу тәртібі
4. Аттестаттау педагогтердің барлық лауазымдарын қамтиды:
1) біліктілік бағасы;
2) ПББ;
3) қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау.
Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары, басшылардың орынбасарлары үшін қосымша кіреді:
4) Комиссия отырысында қызмет нәтижелерін таныстыру арқылы әңгімелесу.
Егер әдістемелік кабинет (орталық) заңды тұлға емес мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі болып табылса, онда әдістемелік кабинеттің (орталықтың) бірінші басшысы, басшы орынбасары әдістемелік кабинеттің (орталықтың) әдіскері ретінде аттестаттау рәсімінен өтеді.
5. Білім беру ұйымы жыл сайын 1 маусымға дейін алдағы оқу жылына аттестаттау жоспарын жасайды және бекітеді.
1-параграф. Аттестаттау комиссиясының құрамы және қызмет тәртібі
6. Білім беру саласындағы уәкілетті органда, облыстың, республикалық маңызы бар қалаларының және астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың білім беруді басқару органдарында (бұдан әрі – аттестаттаушы орган) педагогтерді аттестаттаудан өткізу үшін бірінші басшының бұйрығымен мынадай біліктілік санаттары үшін комиссиялар құрылады.
білім беру ұйымдарында:
«педагог-модератор» (ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдары және салалық мемлекеттік органның білім беру ұйымдары үшін);
ауданның (қаланың), облыстық маңызы бар қаланың білім басқармасы органында:
«педагог-модератор»;
«педагог-сарапшы»;
«үшінші санатты басшының орынбасары»;
«екінші санатты басшының орынбасары»;
«үшінші санатты басшы»,
«екінші санатты басшы»;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беруді басқару органында:
«педагог-зерттеуші»;
«педагог-шебер» (әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері үшін);
«бірінші санатты басшының орынбасары»;
«бірінші санатты басшы»;
«педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «үшінші санаттағы басшының орынбасары», «екінші санаттағы басшының орынбасары», «үшінші санаттағы басшы», «екінші санаттағы басшы» (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдары, әдістемелік кабинеттер (орталықтар) үшін);
білім беру саласындағы уәкілетті органның жанынан:
«педагог-шебер»;
«педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «үшінші санаттағы басшының орынбасары», «екінші санаттағы басшының орынбасары», «бірінші санаттағы басшының орынбасары», «үшінші санаттағы басшы», «екінші санаттағы басшы», «бірінші санаттағы басшы» (білім беру ұйымдары үшін, ведомстволық бағыныстағы әдістемелік кабинеттер (орталықтар), салалық мемлекеттік органның ұйымдары үшін ).
7. Педагогтерді аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамына кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар және «педагог-сарапшы» немесе «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар педагогтер; әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), біліктілік арттыру ұйымдарының әдіскерлері, қоғамдық және үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, білім беруді басқару органдарының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандары кіреді.
8. Комиссия құрамына комиссияның өкілеттіктері қолданылатын кезеңде аттестаттаудан өтетін педагогтер кірмейді.
9. Комиссия құрамы ағымдағы оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін аттестаттаушы органның бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі.
Комиссияның өкілеттік мерзімі Комиссия құрамын бекіту туралы бұйрық шығарылған күннен бастап бір жылды құрайды.
10. Комиссия мүшелері тақ санынан (кемінде жеті мүшеден) тұрады. Комиссия төрағасы Комиссия мүшелерінің арасынан сайланады. Комиссия мүшелері Комиссия отырыстарына алмасу құқығынсыз қатысады. Комиссия хатшысы Комиссия отырысына қажетті материалдар мен құжаттарды дайындайды, хаттаманы ресімдейді және қол қояды. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды.
11. Комиссияның отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
Дауыс беру нәтижелері Комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
12. Комиссия педагогтерің (ұйымның (әдістемелік кабинеттің (орталықтың) бірінші басшысынан (басшының орынбасарынан) басқа) аттестаттау нәтижелері бойынша мынадай тұжырымдармен қорытынды шешім қабылдайды:
1) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келеді;
2) қолданыстағы біліктілік санатына сәйкес келеді;
3) қолданыстағы біліктілік санатынан төмен біліктілік санатына сәйкес келеді.
13. Комиссия шешімі осы Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес хаттамамен рәсімделеді. Аттестаттаудан өткен педагогтердің тізімі аттестаттаушы органның интернет-ресурсында жарияланады, Платформада орналастырылады.
Комиссия үш жұмыс күні ішінде Платформадағы «жеке кабинетте» осы Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Комиссия отырысының хаттамасының көшірмесін орналастырады.
14. 51-тармақта көрсетілген педагогтерге «педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаттарының қолданылу мерзімін ұзарту білім беру ұйымының бірінші басшысының бұйрығымен құжаттар қоса тіркеліп, педагогтің өтініші негізінде ресімделеді. Біліктіліктің қолданылу мерзімін ұзарту туралы бұйрық одан әрі аттестаттау кезінде тиісті деңгейдегі комиссияға беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |