Публицистикалық шығармашылық негіздері



бет1/56
Дата20.09.2023
өлшемі2.01 Mb.
#478075
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56
ZhakypB-публикалы0-шы5арма




Публицистикалық шығармашылық негіздері



КІРІСПЕ
Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі – сөз өнері. Сонау көне замандардан бастап қазірге дейінгі адам ақыл-ойының маржандары сөз арқылы бізге жетті. Өмірде болған небір оқиғалар мен құбылыстарды, тіршіліктің алуан түсті бояулары мен айшықтарын келер ұрпаққа жеткізетін де сол өлмейтін сөз.
“Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз…” [1, 147-148 бб.] – деп жазыпты Ахмет Байтұрсынов.
Публицистика да сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы.
Өткеніміз бен бүгінімізге тәуелсіз ел тұғырынан қарайтын бақытты күндер туды. “Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар” [2, 250 б.], – деп Әлихан Бөкейханов сияқты ардақтыларымыз армандаған заман келді. Қазақтың публицистикасы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолындағы жолбасшысы, ойсерігі, бағдаршамы іспеттес. Ұлттық публицистика өнеріне неғұрлым шынайы, неғұрлым еркін қарап, бағалап, парықтау мүмкіндігіне жол ашылып отыр. Бұл қажеттіліктен туған мүмкіндік, әрі мүмкіндіктен туған қажеттілік.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мемлекеттік тіл туралы бір толғанысында: “…Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!?” [3, 38 б.] – деп тебіреніпті. Сол туған тіліміздің барлық қадір-қасиетін бойына сіңірген қазақ публицистикасы еліміз жүріп өткен ұзақ жолдың шежіресі бола білді. Жұрт қиналса, демеу болып, жігер отын жаныды, намыс рухын оятты, ұлт қуанса, медеу болып жарқын жолға бастады, биік белестерді бағындыруға шақырды. Сөйтіп, қазақ публи-цистикасы ұлттың рухани байлығының ажырамас бөлігіне айналды. Оның ғажаптығының өзі сонда – публи-цистика белгілі бір кезеңде болған белгілі бір нақтылы оқиғаны айна-қатесіз бүгін көз алдымызға әкеледі. Сол кезде не болды, қалай болды, кімдер өмір сүрді, олар қандай әрекет, мінез көрсетті? Міне осы сауалдардың бәріне публицис-тикалық шығармалардан жауап таба аламыз. Өткенді бүгінге, бүгінді болашаққа жалғап тұрған ақиқат көпірін көргіңіз келсе – ол публицистика өнері.
Публицистика туралы іргелі зерттеулердің басым бөлігі кеңестік кезеңде туды. Сондықтан публицистикаға кеңестік жүйе қалыптастырған таным тұрғысынан баға берілді. Қазақ публицистикасы да тамыры жоқ бұтағы бар күйінде, тар шеңбер ауқымында қарастырылуы заңды мәжбүрлік еді. Зерттеудің зәрулігі де тәуелсіздік талаптарынан туындайды. Біріншіден, қазақ публицистикасын тұтас алып қарастырудың, ұлттық таным тұрғысынан баға берудің мүмкіндігі туды. Екіншіден, бұрын зерттеуге болмайтын қазақ публицистика-сының көне түркілік тамырын, фольклорлық дәстүрін, шешен-дік негізін ашудың сәті түсті. Үшіншіден, Қазан төңкерісінен бұрынғы қазақ публицистикасының қалыптасуындағы қайшы-лықты кезеңнің әділ бағасын берудің қажеттілігі туды. Төртіншіден, кеңестік кезеңнің өзіндегі қазақ публицисти-касына бүгінгі тәуелсіздік ұстанымдары тұрғысынан қараудың да кезі келді. Оның үстіне қазақ публицистикасының ұлттық қоғамдық-саяси ойымызды қалыптастырудағы маңызын ашу арқылы қазақ халқының әлемдік рухани ортадағы орнын айқындаудан да тақырыптың өзектілігі көрініс табады. Сондай-ақ бүгінгі дүниедегі қат-қабат өзгерістер заманында публицис-тиканың орасан зор мәнге ие болып отырғандығы да көпші-лікке белгілі. Ал оның өз алдына дербес шығармашылық саласы екендігі де дау тудырмайды. Мұның өзі – тақырыптың зәрулігінің басты себебінің бірі.
Қазіргі уақытқа дейінгі қазақ публицистикасының зерт-телуі негізгі екі бағытта жүргізіліп келді. Оның бірі – жалпы журналистиканың құрамдас бөлігі ретінде публицистика тарихы, теориясы, тәжірибесіне арналған еңбектер. Бұл ретте алғаш аталатыны – М.И.Фетисовтың 1961 жылы жарық көрген “Зарождение казахской публицистики” атты еңбегі. Мұндағы қарастырылған мәселелер – орыс демократиялық публицисти-касы, оның қазақ демократиялық публицистикасының пайда болуына әсер-ықпалы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құ-нанбаев публицистикасының ерекшеліктері, орыс журналис-тикасы мен публицистикасындағы қазақ тақырыбы. Осы кітаптың алғысөзінде М.Қаратаев пен А.Брагин былай деп жазыпты:
“М.И.Фетисов сосредоточил свое внимание на самых дорогих для казахского народа деятелей прошлого – Чокане Валиханове, Ибрае Алтынсарине, Абая Кунанбаеве. В их многогранном творчестве он исследует преимущественно публицистическую сторону, не отрывая ее от науки – у Чокана, от педагогики – у Ибрая, от поэзии – у Абая.
Это, бесспорно, очень сильная сторона работы. Но в этой стороне в некоторой мере заключена и ее слабость. Фетисов правильно обратился к истокам казахской публицистики. Однако он не довел исследования до конца и оставил за гранью книги возникновение публицистики на страницах первых печатных казахских изданий – “Дала уалаяты” и, прежде всего, журнала “Айкап”. “Дала уалаяты” – первая казахская газета, и естественно, что именно она призвала к деятельности и первых профессиональных публицистов. В еще большей мере интере-сен журнал “Айкап”. Главы об этих изданиях могли придать книге окончательную завершенность и еще большую убеди-тельность” [4, с.10], – деп жазған екен. Қазақ публицистика-сының пайда болуына қатысты зерттеуші ойлары кеңестік кезең талаптары тұрғысынан өріледі. Бұл еңбекте Шоқан, Ыбырай, Абай шығармалары талданады, ал жалпы публицис-тика теориясына қатысты айқындама жоқ.
“Газет жанрлары” деген атпен шыққан ұжымдық зерттеу жинағында публицистика жанрлары ғылыми тұрғыдан жүйеле-неді. Онда баспасөз жанрлары орыс ғалымдары еңбектерімен тығыз байланыста қарастырылып, олардың публицистикалық сипатына мән берілді [5].
Қазақ публицистикасының теориясы мен тәжірибесіне қатысты мәселелерді алғаш рет бір арнаға түсіріп, публицис-тиканы дербес пән ретінде қарастырып, оның мазмұны, формасы, әдісі, функциялары туралы ғылыми тұжырымдар жасаған профессор Т.Амандосов болды [6]. Оның “Современ-ная казахская публицистика” атты докторлық диссертация-сында публицистиканың кейбір ерекшеліктері көрсетілді; Ә.Әлімжанов, Ұ.Бағаев, Б.Бұлқышев, Ә.Нұршайықов, К.Қазыбаев сияқты қаламгерлер шығармашылығы негізінде публицистік шеберлік мәселелері зерттелді; қазақ публицистикасының жанрлары айқындалды [7].
Профессор М.Барманқұловтың “Жанры печати, радио-вещания и телевидения” атты оқу құралында баспасөз, радио және теледидар жанрларының салыстырмалы түрдегі талдау-лары жасалды [8].
Р.Ыдырысовтың “Казахская военная публицистика” атты кандидаттық диссертациясында Ұлы Отан соғысы жылдарын-дағы әскери публицистика мазмұндық жағынан зерттелді [9]. Журналистика мәселелерін әр жылдары зерттеген Қ.Бекхожин-нің, Б.Кенжебаевтың, Т.Қожакеевтің, Ш.Елеукеновтің, Ү.Сұб-ханбердинаның, З.Тұрарбековтің, С.Имашевтің, Ә.Ыдырысов-тың, С.Матвиенконың, Т.Ыдырысовтың, Қ.Әбілдаевтың, М.Ар-ғынбаевтың, С.Масғұтовтың, Р.Сағымбековтың, Н.Омашев-тың, С.Қозыбаевтың еңбектерінде де [10] публицистика туралы жекелеген пікір-тұжырымдар кездеседі.

Қазақ публицистикасын зерттеудің екінші бағыты еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жүзеге аса бастады. Бұл – көрнекті қазақ публицистерінің шығармашылығын монографиялық тұрғыдан қарастыру негізінде публицистиканы зерттеу. Осы ретте А.Байтұрсыновтың, М.Әуезовтің, С.Қожановтың, Б.Май-линнің, Ғ. Мүсіреповтің, Ә.Бөкейхановтың, Н.Төреқұловтың, С.Ерубаевтың, Х.Досмұхамедұлының, Ә.Әлімжановтың, К.Смайыловтың, С.Мәуленовтың, Ш.Мұртазаның, Е.Букетов-тің публицистік шығармашылығына қатысты еңбектер шоғырын айтуымыз керек [11].


Десек те, қазақ публицистикасының гносеологиялық табиғаты, оның қалыптасу, даму арналары кең ауқымда алынып, тұтас зерттелмеді. Оған бірнеше себептер де болды. Кеңестік қоғам кезінде ғылымның басқа салаларындағы сияқты маркстік-лениндік методология публицистиканы тар шеңберде қарастыруға ғана мүмкіндік берді. Қазақ публи-цистикасының өзіндік тамырын ашудың ұлттық сананы ояту қаупі болды. Ал алғашқы газет-журналдардағы публицис-тикаға бір жақты баға берілді, ондағы көрнекті публицистер шығармашылығы зерттелмеді. Алаш қайраткер-қаламгер-лерінің аттарын атаудың өзі қылмыс саналды. Публицисти-кадағы ұлттық мәселелер көрінісі туралы сөз қозғау тіптен мүмкін емес еді.
Қазақ публицистикасының генезис, эволюция және поэти-касын қарастырғанда, әдебиеттанудағы кейбір еңбектерді не-гізге алдық. Бұл ретте А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, З.Қабдолов, З.Ахме-тов, С.Қирабаев, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, Т.Кәкішев, Ш.Елеукенов, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, С.Садырбаев, Ж.Ыс-мағұлов, Ә.Нарымбетов, Р.Нұрғали, М.Жолдасбеков, Қ.Өмір-әлиев, Н.Келімбетов, С.Ордалиев, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев, Қ.Әбдезұлы, Б.Майтанов, З-Ғ.Бисенғали, С.Негимов, т.б. ең-бектері теориялық, методологиялық бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды. Сондай-ақ тілші ғалымдарымыз Ғ.Айдаров, Р.Сыздықова, Б. Әбілқасымов, С. Исаев, Е.Жұбанов еңбектері де тақырыпты ашуға жәрдемін тигізді.
Публицистика мәселелерін зерттеген орыс ғалымдары Я.Засурский, В.Пельт, Е. Прохоров, В. Ученова, М. Черепахов, В.Горохов, М.Стюфляева, Э.Багиров, В.Здоровега, Е.Журбина, В.Богданов, т.б. еңбектерін де қарастырдық. Көне жазба ескерткіштерді зерттеген В.Радлов, С.Малов, В.Бартольд, С.Кляшторный, А.Кононов, Л.Гумилев, Ә.Қайдаров, М.Оразов, Х.Оркун еңбектеріне де сүйендік.
Оқулықта бұрын зерттелмеген қазақ публицистикасының гносеологиялық негіздерін айқындауға талпыныс жасалды. Сонымен қатар қазақ публицистикасының қалыптасу, даму арналары кең ауқымда, тұтас жүйеленді. Кітапта қазақ публицистикасының жанрлық эволюциясын, публицистиканың газет публицистикасы, радиопублицистика, телепублицистика, фотопублицистика, кинопублицистика, интернеттегі публицис-тика сияқты түрлерін, жекелеген басылымдардағы публицисти-каны, көрнекті публицистер шығармашылығын, публицистика теориясының алуан қырын, бейнелеу құралдарын тексеру-талдау бағытындағы жаңа ізденістерге, нақты ғылыми нәтижелерге жол салуға бағыт ұстадық.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   56




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет