Мамырбай, Бозінген, Алтынай, Өрік, Ұрқия бейнелері Ақбілектің әкесі Мамырбай бұрын да тұйық адам болады. Ақбілекке бұрын шешесінен артық бәйек боп жүретін. Орыстардан келгелі Ақбілекке қарамайды, сөйлеспейді. Ақбілектің өзінен болса бір сәрі, кінәсыздығын біле тұра қатыгездік көрсетеді. Онсыз да қарабет боп жүрген қызының қайғысын ауырлата түседі. Мамырбайдың салқындауының себебі: «Бұрынғы нәрестедей бала, ақ қағаздай таза көріп жүретін Ақбілегі енді күйе жаққан қағаз, бала емес қатын боп қалды. Ақсақал баласын құдай қосқан күйеуінен де қызғанатын іші тар кісі еді, баласы кірсіз, таза болғанын қалаушы еді. Енді Ақбілек баласы емес, бөтен әйел іспетті. Кімнен қалған әйел десейші! Қазақ, қазақ болса бір сәрі ғой. Ол о ма? Келген-кеткен кісінің көзі Ақбілекте болатынын алдымен әкесі сезеді. Бәрі де: «Мамырбайдың орыс талқылаған қызын қара!» деп, ақсақалды көзге шұқыған тәрізденеді. Енді Ақбілегі әкесіне масыл болды. Бала ұстаған емес, жұртқа тамашалауға маймыл ұстап отырған кісі тәрізденді. Ақбілектің қырсығынан ақсақал масқара боп абыройынан, адамдығынан айрылғандай болды» [9, 246 б.]. Шешесі болса, бұлай теріс қарамас еді, «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөзді Мамырбай расқа шығарды. Қызын емес, өз қара басының намысын ойлап жүр. Өгей шешенің қатыгездігінен де балаларын арашалай алмайды. Өзі екінші әйел алу үшін Бекболатты қызынан айыруға көнеді. Ақбілектің аяғы ауыр екенін естігендегі Мамырбай күйініші: «Бүйтіп масқара болғанша, неге баласын түсіріп тастамады екен? Бұл – орыстың баласы ғой. Орыс түгілі, өз күйеуінің баласын оң жақта тапқан қызды кім естіген? Одан масқара нәрсе бар ма? –деп азуын шайнады. Ақбілекті тауып әкелген кездегі жиренгені, қынжылғаны – мынаған астар болмай қалды. Япыр-ай, бұ қызды енді қайтсе екен? Көзін қайтіп жойса екен? Буындырып өлтірер ме еді… Таспен атып өлтірсе қайтер еді? Қол-аяғын байлап, суға тастап жіберсе, нетер ед?» [9, 281 б.]. Мүмкін, Мамырбайдың осындай күйде болғандығы шынайылық, солай болуы тиіс нәрсе шығар. Бұрын естіп-біліп көрмеген масқаралықпен бетпе-бет келу кімге болсын оңай тимесі анық. Осындай қатыгез ойларда болған Мамырбай кейін қызын басқа түрде көрем деп ойлаған жоқ еді. Ақбілек оқу оқып, жар тауып, бес жыл дегенде еліне келгенде ақсақал өз қызын өзі танымай қалады. «Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған, әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қызығын, ісін көргенде ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті бар? Жұп-жуас, ұялшақ бала емес пе еді!» деп ойлайды. Қалайда Ақбілек жат. Енді ақсақал одан именеді. Баяғы өзінің қаталдығын ойлағанда, өзінен-өзі ұялады. Кешірім сұрасам қайтер еді деп бір ауық ойланады. Бірақ әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді» [9, 323 б.]. Ақбілек басына іс түскенде әкесі демеу бола алмады. Сонда да қызы әкесіне кектенбейді, табысқанына қуанады. Романда жазушы әр түрлі әйелдер бейнесін шеберлікпен жасаған. «Ж.Аймауытов сомдаған әйелдер бейнесінің нанымдылық күші жоғары. Жазушы түсінігінде әйелдер жақсылықтың да, жамандықтың да бастау-бұлағы. Жазушы негізінен қазақ жағдайындағы жаулық жамылған жандардың тіршілік-дағдысын сыйына дәріптеу орнына сыни көзбен мысқылдай, әшкерелей, сықақ ете суреттеуге бейім» [10, 39 б.]. Бұл жағынан Жүсіпбек Бейімбеттен қалыспайды.