Сарбасова қарлығаш амангелдіқызы қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М.Қашқаридің



бет2/4
Дата27.02.2016
өлшемі405.5 Kb.
#28022
түріДиссертация
1   2   3   4

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

1-кезеңде (2005-2006 ж.ж.) зерттеудiң теориялық-әдіснамалық негiздерi анықталды, зерттеу тақырыбына сәйкес философиялық, психологиялық-педагогикалық, ғылыми-әдiстемелiк еңбектер мен зерттеулер оқып-үйренiлiп, теориялық тұрғыдан талданды, зерттеудің ғылыми аппараты анықталды, әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектері оқып-үйренілді, орта ғасыр тарихы бойынша материалдар жинақталды, түркі халықтарының педагогикалық ой-пікірлері бойынша ғылыми зерттеулер, еңбектер мен мақалалар талданды.

2-кезеңде (2006-2008 ж.ж.) әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектері ғылыми-педагогикалық тұрғыдан талданды, оның қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көзі екендігі ғылыми-тұжырымдамалық тұрғыдан негізделді, әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ілімдерін жоғары білім беру жүйесінде ғылыми-әдістемелік және ақпараттық тұрғыдан пайдалану үшін элективті курстардың оқу-әдістемелік кешендері, оқу құралдары мен электронды оқулықтар дайындалды.

3-кезеңде (2008 ж.) жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері қорытындыланып, жүйеге келтiрiлдi, зерттеу нәтижелері бойынша тұжырымдар мен ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалды, диссертацияның мәтіні өңделді.

Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: зерттеудің негізгі қағидалары мен нәтижелері зерттеу тақырыбы бойынша жарық көрген монография мен оқу құралдарында баяндалды, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің педагогика мамандығы бойынша бекіткен басылымдары мен шетел басылымдарында жарияланды, Қазақстан (Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Орал, Жезқазған) мен алыс (Болгария, Чехия), жақын (Ресей) шетелдерде өткен халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалды:

- «Қазақстан және Ресей: ынтымақтастық жолы, мәдени байланыс, ғылым мен білім беру интеграциясы»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Көкшетау, 2006 ж.;

- «Жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Тараз, 2007 ж.;

- «Kazakhstan and the World Languages» the international scientific-practical conference. – Pavlodar, 2007;

- «Қазіргі кезеңдегі тұлғаның үйлесімді дамуына қатысты өзекті мәселелер»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Астана, 2007 ж.;

- «Ғасырлар тоғысындағы түркі өркениеті»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. – Орал, 2007 ж.;

- «Көпсалалы университет: болашақ мамандардың отансүйгіштігі, көпмәдениеттілігі мен бәсекеге қабілеттілігі»: VІІІ Халықаралық Байқоңыров оқулары конференция. – Жезқазған, 2008 ж.;

- «Ставайки съвременна наука» 5-а международна научна практична конференция. – София, 2007;

- IV vedecko-prakticka conference “Vedecky prumysl evropskeho kontinentu - 2007”. – Praha, 2007;

- «Образование в период детства: традиции, реальность, инновации»: международная научно-практическая конференция. – Москва-Шадринск, 2007.



Зерттеу жұмысының мазмұны баспа беттерінде жарияланған 59 ғылыми еңбекте көрініс тапты.

Диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, төрт тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдiснамалық және теориялық негiздерi, әдістері мен негізгі кезеңдері беріліп, ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы, практикалық маңыздылығы және қорғауға ұсынылатын қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі, талқылануы және жүзеге асырылуы баяндалады.

«Қазіргі қазақ педагогика ғылымының қалыптасуының әдіснамалық негіздері» атты бірінші тарауда қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогика ғылымының құрамдас бөлігі ретінде теориялық-әдіснамалық тұрғыдан негізделеді, түркі тектес халықтардың педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары көрсетіліп, даму генезисі жасалады.

«Қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көздері» атты екінші тарауда ұлы түрік ойшылдары әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық іліміне қазіргі педагогика тұрғысынан салыстырмалы талдау жасалынып, олардың қазіргі қазақ педагогика ғылымының қайнар көзі екендігі тұжырымдамалық тұрғыдан дәлелденеді.

«әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының қазіргі педагогикамен сабақтастығы» атты үшінші тарауда әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының өзара ықпалдастығы ашып көрсетіліп, кейінгі жылдардағы педагогтардың ой-пікірлерімен тарихи сабақтастығы баяндалады, қазіргі педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларының алатын орны анықталып, оның мазмұнын ғұламалардың педагогикалық ілімдері негізінде жетілдіру мәселелері қарастырылады.

«әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларын жоғары білім беру жүйесінде пайдалануды ғылыми-әдістемелік және ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету» атты төртінші тарауда әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларын оқытуда инновациялық технологияларды пайдалану мүмкіндіктері ашып көрсетіледі және «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» элективті курстарының оқу-әдістемелік кешендерінің мазмұны беріледі.

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан ұсыныстар беріледі.

Қосымшаларда «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» элективті курстары бойынша студенттердің білімін тексеруге арналған тест тапсырмалары мен қосымша материалдар беріледі.
Негізгі бөлім
Тәуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар алдына түбегейлі реформалау міндетін қойып отыр. Әлемдік өркениетке ену жағдайында түбірлі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын әрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мәселесін қарастыру көзделуде.

Кеңес дәуірінде педагогика ғылымы шектен шыққан идеологиялану нәтижесінде үлкен дағдарысқа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Педагогиканың идеологиямен етене теңестіріліп, түгелінен мемлекеттік бола түсуі әлеуметтік шындықтың нақты қайшылықтарын сыни және объективті түрде талдау мүмкіндігін шектеді. Педагогика ғылымының тұжырымдамаларын қоғамдық өмірдің ағымын өзгертуге болатын әлеуметтік технология ретінде қолдану бұрынғы кеңес заманындағы педагогикалық білімнің тиісті деңгейде дами алмауына себепші болды.

Педагогика ғылымы саласындағы дағдарыстың себебі болатын тағы бір құбылыс рухани мәдениеттің бедерсізденуі болып табылады. Бұл үрдістер қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өзіндік қайнар көздері мен түп-тамырларын елемеуге әкеліп соқтырды. Педагогикалық ілімдер тәрбиенің абстрактылы, қайшылықсыз үлгілері ретінде қарастырылды. Мұндай жағдайлар ресми мәдениеттің идеологияланған кеңістігінде ғана қалыптасуы мүмкін еді. Ал нақты өмірде, әсіресе қазақ халқының бай рухани әлемімен және ұлттық психологиясымен түйіскенде бұл теориялар әр түрлі қайшылыққа толы қорытындылар жасайтыны айғақталды. Сырт көзге дұрыс болып көрінетін абстрактылы қағидаттар халықтың тіршілік әлемінен, тәрбие ортасынан оқшау тұрғандықтан, өзінің дүниетанымдық маңыздылығы мен әлеуметтік құндылығын жоғалта бастады.

Педагогикалық теорияның мемлекеттік идеологияның ықпалында болуы, ұлттық рухани мәдениеттің ерекшеліктерін елемеушілігі отандық педагогикалық ілімнің әлемдік педагогикалық бірлестіктен оқшаулануына алып келді. Әлемдік педагогикалық мектептердің негізгі бағыттарымен идеялық текетірестік жағдайында болу өзара тиімді дүниетанымдық және әдіснамалық үнқатысуды жүргізу мүмкіндігін шектей түскен болатын. Біздің педагогиканың томаға-тұйықтығы тәрбие мен білім беру мәселелерінің практикалық шешімін іздеуде догматизм мен әдіснамалық әлсіздікке әкеліп соқтырды. Екінші жағынан, педагогика ғылымындағы осындай қайшылықтардың тамырлары әлеуметтік жаттану үдерістерімен астасады. Бұл адамның меншіктен жаттануы, өзінің ұлттық тарихы мен халықтық педагогикасынан жаттануы, тіпті адамның өз мәнін, тарихы мен мәдениетін, тілі мен дінін жатсынуы болып табылады. Соның салдарынан адамдар әлеуметтік үдерістердің қарапайым құралы мен объектісіне айналды. Сондықтан қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында халқымыздың рухани ахуалына сәйкес педагогика ғылымы өз мазмұнын әлеуметтік жаттануды еңсеру жолдары мен ерекшеліктерін анықтауға бағыттауы тиіс. Мұның өзі біздің ұлттық болмысымызға сай қазақ педагогикасының әдіснамасын жасауды қажет етеді. Қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогика тұрғысынан қазақтың ұлттық рухы, менталитеті мен тәрбие ерекшеліктерінің қалыптасуы мен даму тарихын тұжырымдай отырып, өз бойында әлемдік мәдениеттің жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзаттық тәрбие тәжірибесін танытатын ғылым болуы тиіс.

Педагогика ғылымының әдіснамасы философия заңдылықтарына сүйенетіні белгілі. Философиялық ғылымдар педагогикаға тәрбиенің мағынасы мен мақсатын анықтауға, адамзат болмысы мен ойлауының жалпы заңдылықтарының әрекетін дұрыс түсінуге көмектеседі, ғылым мен қоғамда болып жатқан өзгерістер туралы шұғыл ақпарат бере отырып, тәрбиенің бағытын нақтылауға жәрдемдеседі. Философия табиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдарын, түбегейлі мәселелерін зерттейді, өмір шындығын танып білу жөніндегі көзқарастың негізгі жүйесі болып табылады, адамды күшті идеялық сенімге, айқын түсіне білушілікке тәрбиелейді. Педагогика материалистік диалектиканың қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысуы және терістеуді терістеу сияқты негізгі заңдарын тәрбие, білім беру және оқыту процестерінде шығармашылықпен пайдалануды көздейді.

Қазақстанда қазақ философиясының әдіснамасы мәселесі еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ең көкейкесті мәселе ретінде көтеріліп, бүгінгі таңда Ж.Алтаев, Ә.Нысанбаев, Ғ.Есім сияқты көрнекті тұлғалар бұл мәселенің түйінін шешу үшін қыруар еңбек еткенін айтқан абзал. Қазақ философиясы туралы осы ғасырдың басында академик Ә.Нысанбаев былай деген еді: «Қазақ философиясы? Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана бұл термин ойдан алынған болып көрінуші еді. Барлығымыз классикалық неміс философиясының идеялары мен маркстік принциптерді дамытқан «диалектиканың қазақстандық мектебін» білдік және құрмет тұттық. Норма мен үлгі ретінде ғылым тәріздес, жүйелі «философиялық хаттың» батыстық түрі мойындалды, оның басында үздік шебер Гегель тұрды. Қазақстан даласындағы Гегель мен Маркс – міне, кеңес дәуіріндегі философия тарихындағы философиялық парадокстар осындай болды. Әрине, дәуір тағдырын көп жағдайда анықтаған неміс ойшылдарын дала халқы түсіне де, қабылдай да алушы еді, бірақ олардың өз дауыстары, өз үндері болды. Міне, бүгін бұл дауыс, бұл үн естілетін уақыт жетті. Қазақстанда бүгін ең көкейкесті философиялық тақырып көшпелі өркениеттің дүниетанымдық сан-салалығы мен философиялық ой түйіндеуінің шығыстық ерекшеліктерін және ғылымның шығыстық әдіснамасын тұтас тұжырымдамалық тұрғыдан саналы түрде ой елегінен өткізу болып табылады».

Қазақ философиясының қалыптасуын докторлық диссертация көлемінде зерттеген белгілі философ ғалым Ж.Алтаевтың «Бұрын «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы» деген ұғымдарды білсек, енді «Қазақ философиясы» деген ұғымның біздің санамызға кіре бастауының теориялық, практикалық маңызы зор» деп айтқанындай, педагогика ғылымында да бетбұрыс жасап, егемендік алғанымыздың он жетінші жылында «Қазақ педагогикасы» ұғымын батыл енгізетін уақыт жетті. Әрбір халық «өз тарихын, философиясын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай мәдениеттің дамуы мүмкін емес» - деген болатын Л.Н.Гумилев. Қазақ педагогикасы ғылымының қалыптасуы мен дамуын зерттеу болашақтағы ұлан-ғайыр ізденістердің бастамасы болуға тиіс.

Қазақ педагогикасының өзіндік төл ерекшелігі оның ізгілендіру мен парасаттылықты, адамгершілік пен адами құндылықтарды жоғары қоятын бай халықтық педагогика мұраларымен айрықша орын алады. Егер де біз қазақ педагогика ғылымын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек.

Қазақтың болмысы түрлі мәдениеттің тоғысында қалыптасқан, ал қазақ педагогикасы рухани мәдениет дамуының қалыптасқан белгілі бір бағдары, деңгейі болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуын зерттеу барысында мынадай екі талапты басшылыққа алу керек:

- тарихи-педагогикалық танымның әдіснамасы;

- тарихи-педагогикалық ілімнің құрылымы.

Осы уақытқа дейін қазақ педагогикасының әдіснамасының жасалмауы мен оның теориялық деңгейде толық зерделенбеуі қазақ этнопедагогикасы мен қазақ педагогикасын бір мағынада қабылдауға алып келгені ақиқат. Оған қазақ педагогикасы нысанының, мазмұндық құрылымы мен пәндік ерекшелігінің анықталмауы себеп болып отыр. Қазақ этнопедагогикасы өзіндік ұлттық сипаты бар педагогиканың бір саласы болып табылса, қазақ педагогикасы адам тәрбиелеудің жалпыадамзаттық құндылықтарын қамтитын әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі болып саналады. Бүгінгі таңда қазақ педагогикасын бірден ұлттық тарихтың немесе ұлттық сананың, тәжірибенің үлгісі ретінде қараушылық айқын. Мұның өзі оның өз алдына дербес ғылым ретінде қалыптасуына, әрі дамуына кедергі жасап отыр. Сондықтан қазақ педагогика ғылымының әдіснамасын жасауда мынадай мәселелер өз шешімін табу керек деп есептейміз:

1. Қазақ педагогика ғылымы қалыптасуының тарихи кезеңдерін, әлеуметтік тегін талдау, оның басқа ғылымдармен өзара ықпалдастығы мен байланысын ашып көрсету.

2. Қазақ педагогикасының негізгі идеялары мен рухани бастауларын көркемдік – философиялық және әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан талдау.

3. Қазақ педагогикасының қайнар көздері көшпелілер мәдениеті мен түркі өркениетінен нәр алатынын ғылыми тұрғыдан негіздеу.

4. Қазақ педагогикасы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің ұлттық деңгейі мен көрінісін қамти отырып, жалпыадамзаттың рухани мұқтажын өтеуге қызмет ететіндігін дәлелдеу.

5. Қазақ педагогикасы ғылымының әдіснамасы мен оның мазмұндық құрылымын жасау.

6. Қазақ педагогикасының келешегін айқындау, яғни болашаққа қызмет етуін қамтамасыз ету.

Қазақ педагогикасы тарих пен мәдениеттің өткен кезеңдерінің мәселелерімен ғана шектелінбейді, ол халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі бүгінгі тәжірибесін, тіпті оның болашаққа жету бағдарын да қамтып тұжырымдауға бейім болуы және соған қызмет етуі шарт. Жасыратыны жоқ, қазақ педагогикасы дегенде өткен тарихқа көңіл аудару, оның тарихи алғышарттарына назар аудару басым. Қазақ педагогикасының әзірге болашаққа қызмет ететін әдіснамасы жасалмағаны анық. Сондықтан да қазіргі кезде қазақ педагогика ғылымын мойындамаушылар, оның табиғатына күмәндана қараушылар аз емес екені шындық. Ұлттық ұстаным – халқымыздың ұрпақ тәрбиелеудегі мол тәжірибесін, педагогикалық ілімін пайдалануға, оның өсіп-өркендеп дамуына еліміздің тәуелсіздігі мүмкіндік беретіні айдан анық. Мұның өзі қазақ педагогика ғылымын өз деңгейіне көтеру, оның әлемдік педагогикадағы өлшемін айқындау және ұлттық тұжырымдамасын жасауға күш салу міндеттерін алға қояды.

Қазақ педагогикасы ғылыми білімдер жүйесінде арнайы ғылым болып табылады деуге толық негіз бар. Ғылым болу үшін оның зерттеу нысаны мен пәні, зерттеу әдістері мен ұғымдық аппараты болу керектігі мәлім. Сондықтан қазақ педагогикасын ғылымның басқа салаларымен тығыз байланыста қарастыра отырып, оның дербес ғылым саласы ретінде орнын анықтаудың маңызы зор.

Қазақ педагогикасы ең алдымен, түркі өркениетінен бастау алатын қазақ халқының ұрпақты тәрбиелеу, білім беру, оқыту мәселелерімен айналысады, қазақ ағартушыларының педагогикалық идеялары мен тұжырымдамалары негізінде педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтарын, бағыттары мен ағымдарын, іргелі педагогикалық теориялары мен қағидаларын айқындайды, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық болмысына сай педагогика ғылымындағы барлық ғылыми жетістіктер мен педагогикалық мұраларды қоғамдық құбылыстармен, ғылымдармен, идеологиямен, т.с.с. байланыста зерттейді. Басқа кез келген ғылымдар сияқты, қазақ педагогика ғылымы да фактілерді тек ашып қана қоймайды, оларды түсінуге мүмкіндік жасайды. Ғылымға тән нағыз шынайы ерекшелік оның табиғаттың, қоғамның және ойлаудың даму заңдарына қатысты болуы, оларды ашу және танып-білу болып табылады. Философияда заң, заңдылықтар деп объективті, мәнді, тұрақты және қайталанатын себеп-салдар байланысты айтатыны белгілі. Осыдан қазақ педагогикасы көшпелі мәдениет пен түркі өркениетінен рухани бастау алатын қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тәжірибесіне сай балалар мен ересектерді тәрбиелеу, білім беру және оқыту заңдары мен заңдылықтарын зерттейтін ғылым деген қорытынды жасауға болады.

Қазақ педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтары әлемдік педагогикамен тығыз байланысты, мұнда тек ұлттық сана-сезім мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты тәрбиенің болмысында өзіндік сипат болады. Әрбір заңдылықтардың арасында өзара мәнді байланыстар айқын көрінеді. Атап айтсақ:

- мектеп пен педагогиканың арасындағы, бір жағынан, қоғамның экономикалық деңгейі, екінші жағынан саяси даму деңгейі тұрғысынан;

- қоғамның саяси жағдайы мен қоғамдық-педагогикалық қозғалыстар, педагогикалық теорияның даму қарқыны мен тәжірибе арасындағы;

- қазақ педагогикасы мен басқа ғылымдар (әсіресе, қазақ философиясы, қазақ психологиясы) арасындағы;

- қоғамның әлеуметтік құрылымы мен қазақ халқының тәрбие жүйесі арасындағы;

- мектеп, білім беру мен тәрбие мазмұны және қоғамдық сананың басқа формалары (мәдениеті, дін және т.с.с.) арасындағы;

- қазақ педагогика ғылымының жетістіктері мен білім беру міндеттері және мазмұнының арасындағы;

- тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін факторлар арасындағы және т.с.с.

Осы заңдылықтардың барлығы өзара тығыз байланыста не себеп, не салдар, не байланыстырушы дәнекер ретінде әрекет етеді, жалпы алғанда, олар қазақ педагогика ғылымының тұтас бірлігін құрайды.

Қазақ педагогика ғылымы басқа да кез келген ғылымдар сияқты өзінің тарихымен тығыз байланысты, қазақ педагогикасының тарихы оның ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл тәрбие тәжірибесінен туындап, үнемі молаюдың нәтижесінде алдымен педагогикалық ой-пікірлер, содан кейін тәжірибеге күшті ықпал ететін ғылымның қалыптасатындығын айғақтайды. Осындай ұстаным қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуының кезеңдерін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді (Кесте 1).

Қазақ педагогика ғылымы өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ғасырлар сынынан өткен халықтық тәжірибе негізінде қалыптасып, өзіндік дамуға ие болды. Халық педагогикасындағы озық идеялар қазақ халқының тіршілік тынысымен, ұлттық тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жетіп отырды. Өмірдің әлеуметтік жағдайларының өзгеруімен, қоғам мен тұлға қажеттіліктерінің дамуымен байланысты халық тәжірибесіндегі педагогикалық құндылықтар қайта жасалып, жаңаша сипат алып отырады. Педагогика тарихында алдыңғы теориялардың мазмұнының кеңейтіліп, тың көзқарастар мен ағымдардың қалыптасуы заңды құбылыс, мұның өзі әлемдік педагогика мазмұнын қазақ педагогика ғылымының жетекші идеяларымен толықтыру қажеттілігін дәлелдейді. Өйткені құндылық бағдарлар тұлғаның ең басты, ауқымды сипаттамасының бірі ретінде әрекет етеді, ал оларды дамыту ізгілендіру педагогикасының негізгі міндеті және қоғам дамуының маңызды жолы болып табылады.

Қазіргі таңда елін сүйген, өз халқының болашағын ойлаған, «жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» деген халық даналығын санасына ұлы қағида ретінде түйген зиялы ойдың иелері қазақ халқының этногенез жағынан алғанда, үш мың жылдан аса тарихы мен мәдениеті бар екендігін барша әлемге мойындату үшін күш жұмсауда. Қазақ халқының арғы тегі Еуразиядағы ең ірі этностардың бірі түркі халықтарының әлемдік руханиятқа үлес қосуына Еуразия құрлығындағы Ұлы даланы мекендеген халықтардың көшпелі мәдениеті мен тәрбие тәжірибесі, ислам дінінің озық тәрбиелік идеялары, ежелгі түрік, византия, араб, парсы, үнді, қытай мәдениеттері тоғысқан Түркістан жеріндегі Қарахан мемлекетінің саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени жағдайлары әсер етіп, барлық адамзат баласын талай ғасырлар бойы толғандырып келе жатқан адам мен оның тәрбиесі туралы ілімнің қыр-сырын зерттеуге жаңа мүмкіндіктер туғызды.
Кесте 1 – Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен даму кезеңдері

Тәрбие тәжірибесі

Педагогикалық ойлар

Педагогика ғылымы

Қазақтың халық педагогикасы

1. Қазақ ауызекі шығармашылығындағы тәрбие мазмұны:

- ұлттық ойындар;

- мақал-мәтелдер;

- жаңылтпаштар;

- жұмбақтар;

- шешендік сөздер;

- ертегілер;

- аңыз әңгімелер;

- батырлар жыры;

- эпос;

- айтыс


2. Қазақ музыкалық шығармашылығындағы тәрбие мазмұны:

- халық әндері;

- халық күйлері

3. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріндегі тәрбие мазмұны:

- дәстүрлі қолданбалы өнер;

- ою-өрнектер

4. Салт-дәстүрлердегі тәрбиелік мазмұн:

- бала тәрбиесіне байланысты;

- тұрмыс-салт;

- ата кәсіп;

- әлеуметтік-мәдени

5. Жыраулар мен билердің, шешендердің шығармашылығындағы тәрбие мазмұны



Қазақ жеріндегі алғашқы педагогикалық ой-пікірлер

1. Еуразия даласындағы алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі тәрбие

2. Еуразия құрлығындағы Сақ империясы дәуіріндегі тәлім-тәрбие

3. Ғұн империясы мен Үйсін-Қаңлы мемлекет дәуіріндегі тәлім-тәрбие

4. Таяу және Қиыр Шығыс ежелгі мемлекеттерінің бірі – Шумер тәлім-тәрбиесі мен мектептері

5. Ұлы Түркі қағанаты және оның тәлімдік-танымдық мұралары - Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі (Күлтегін, Тоныкөк) тәлім-тәрбиелік ойлар, Қорқыт тағылымдары (VІ-ІХ ғ.ғ.)




Қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі

1.әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари педагогикалық ілімдері (ІХ-ХІ ғ.ғ.)

2. А.Иүгінеки, Қ.А.Иассауи, С.Бақырғани, Р.Хорезми, С.Сарай педагогикалық ілімдері (ХІІ-ХІV ғ.ғ.)

3. Ө.Тілеуқабылұлы, М.Х.Дулати, Қ.Қ.Жалайыр, т.б. педагогикалық ілімдері (ХV-ХVІІІ ғ.ғ.)

4. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев,

Ш.Құдайбердиев, т.б. педагогикалық ілімдері (ХІХ-ХХ ғ.ғ.)

5. Кеңестік дәуірдегі педагогика ғылымы С.Торайғыров, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, т.б.

С.Қожахметов, Т.Тәжібаев, С.Балаубаев, Р.Г.Лемберг, Қ.Бержанов, Ә.Сембаев, т.б.

6. Қазіргі кездегі қазақ педагогика ғылымындағы теориялар (1991 ж. кейінгі кезең)


Түркі тектес халықтардың барлығына ортақ алғашқы педагогикалық ой-пікірлердің дамуы VІ-ІХ ғасырлардан бастау алады, бұл қоғамдық сананың алғаш дүниеге келу кезеңі (Орхон-Енисей жазу ескерткіштері, Қорқыт ата тағылымдары, т.б.) болып табылады.

Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жазбалардың жастарға, кейінгі өскелең ұрпаққа лепті үнмен мәнерлеп ғибрат айту, көтеріңкі сарынмен үндеу тастау түрінде берілуімен тәрбиелік мәні орасан зор. Олардың педагогикалық мазмұнын талдай отырып, мынадай тұжырымдар жасауға болады:

- бұл ескерткіштерде тотемдік дүниетаным мен мифтік ой-санамен қатар тұлғаның адамгершілік бейнесінің қалыптасуын, адамның үйлесімді дамуын дәріптейтін құнды педагогикалық идеялар айқын көрінеді;

- ескерткіштердегі жазулардың негізгі басты түйіні халқы, елі үшін адал қызмет ету, «қасық қаны қалғанша» күресу, халқының бірлігін сақтап, елдігін жоғары көтеру болып табылады, мұның өзі елінің қажетін өтейтін, халқына қызмет ететін саналы азаматтың тұлғасын тәрбиелеу мақсатына бағытталады;

- Күлтегін мен Тоныкөк бейнесі арқылы ақылдылықты, батырлықты, данышпандықты, қайсарлықты, адалдықты, табандылықты дәріптейді, бұл ескерткіштердің мазмұны тұлғаның бойында адамгершілік сапаларды қалыптастыруды қамтамасыз ететіндігін дәлелдейді;

- ескерткіштерде тәрбиенің мазмұнын адамгершілік, патриоттық, еңбек және ақыл-ой тәрбиесі туралы ой-пікірлер құрайды.

Орхон-Енисей ескерткіштерінен кейін түркі тектес халықтардың алғашқы педагогикалық ой-пікірлерінің дамуы Қорқыт есімімен байланысты. «Қорқыт ата кітабында» ел басына қиын-қыстау күн туғанда халқын жаудан қорғап, қамал бұзған қас батырлардың ерлігі, халқына ақыл-өсиет айтып, өз заманында елге ұйтқы болған ақылгөй даналардың, дуалы ауыз шешендердің өнегесі жырланады. Сонымен бірге аталмыш шығармада тәлім-тәрбиелік мәні зор афоризмдер, қанатты сөздер мен ұстаздық тағылымдар жиі кездеседі. Мұның өзі баба кітабының тарихи-этнографиялық шығарма ғана емес, сол дәуірдегі түркі тектес халықтардың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын педагогикалық туынды екендігін білдіреді.

Адамзат тарихында ұрпаққа тәрбие берудің жалпыадамзаттық идеяларын жүзеге асырып, жаңа педагогикалық жүйенің қалыптасуында өз заманында Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған әлемге әйгілі ойшыл, ғұлама ғалым, халқымызға білімнің нәрін сепкен ұлттың ұлы кемеңгері Әбу Насыр әл-Фарабидің алатын орны ерекше. әл-Фараби алғашқы педагогикалық ой-пікірлердің жетістіктерін жаңғыртып, жетілдіре білді. Халық даналығы туғызған данышпандық ой-пікірлерге, шығыс мәдениетінің озық үлгілеріне ден қоя отырып, өзінің төл педагогикалық тұжырымдамасын жасады. Оның педагогикалық тұжырымдамасы дидактика мен тәрбие теориясының мәселелерін бірге қамтитын іргелі жүйе болып табылады. әл-Фарабидің тәлім-тәрбиелік идеялары теориялық дәрежесі жағынан кез келген педагогикалық ілімге бастапқы негіз бола алады, әсіресе оның күллі адамзат қауымдастығының жиынтығы ретінде ұлы қоғамды суреттейтін ізгілік тұғырнамасы қазіргі педагогиканың жетекші идеясы болып отыр. әл-Фараби жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген ұстанымды басты қағида ретінде ұсынды.

әл-Фарабидің педагогика ғылымының негізін салушы екендігін оның еңбектерінде қарастырылған педагогикалық ұғымдардың анықтамалары неғұрлым нақтылай түседі. Педагогиканың негізгі ұғымы болып табылатын оқыту мен тәрбиеге ғұлама мынадай түсініктеме береді: «Оқыту адамдар мен халықтарда теориялық қайырымдылық дарыту болады, ал тәрбие - білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық дарыту тәсілі. Оқыту тек сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа білімге негізделген қасиеттерден шығатын әрекеттерді жасауды дағдыға айналдыру үйретіледі...». Осы анықтамалардың астарлы мағынасы қазіргі педагогикадағы «оқыту» мен «тәрбие» ұғымдарына берілген анықтамалармен сабақтасып, өзара байланысып жатқандығын айқын аңғаруға болады. әл-Фарабидің мұрасында педагогиканың негізгі ұғымы болып табылатын «білім беру» ұғымы да қарастырылған. «Оқу бастамасы біздерге болмыс бастауларын білу құралы болып табылады, ал олардан шығарылатын қорытындылар – ғылыми пәндерді игерудің бастамасы мен құралы» деген ғұламаның анықтамасы қазіргі педагогикадағы «білім беру - оқыту нәтижесі, тура мағынасында ол оқып-үйренілетін пән туралы алғашқы түсініктің, ұғымның қалыптасуын білдіреді» деген анықтамамен өзара байланыс табады.

Қазіргі кезде педагогиканың негізгі ұғымдарына «тұлғаны қалыптастыру» ұғымы да жатқызылады. Себебі, бүгінде білім беру парадигмасының өзгеруіне байланысты, бірінші кезекке оқушыларда пәндік білім, білік, дағдыны емес, оның тұлғасын қалыптастыру қойылып, тұлғаға бағдарланған оқыту мен тәрбиелеуді іске асыру көзделуде. Жеке тұлғаны қалыптастыру ұғымын ғұлама әл-Фараби былай анықтайды: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл-күші бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады».

Ізгілендіру әл-Фарабидің педагогикалық идеясының негізгі өзегі болған, ғұлама білім берудің ізгілендіру принципіне негізделуі қажет екендігін өз уақытында ғылыми тұжырымдалған ой-пікірлерімен айқындап кеткен. Міне, бүгінгі таңда әл-Фарабидің көрегендігі мен ғұламалығы дәлелденіп, мыңдаған жылдар өтсе де, жаңа білім беру парадигмасы ретінде ізгілендіру танылып отыр.

Педагогикалық ойлардың тарихында әл-Фараби оқыту теориясын білім жүйесі ретінде анықтауға алғаш талпыныс жасады деуге толық негіз бар. Білім беру мазмұнын игеру тәсілдері бойынша көлемді дидактикалық еңбек ретінде «Музыканың үлкен кітабын» ерекше атап өтуге болады. Қазіргі педагогика ғылымында білім беру мазмұнының әрбір түріне тән меңгерудің белгілі бір тәсілі бар екендігі анықталған. әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабы» еңбегінде музыкалық білім беру мазмұнын меңгерудің тәсілдері мен деңгейлерін анықтап береді. Ғұламаның ұсынған музыкалық білім беру мазмұнын меңгеру тәсілдерін сызба түрінде былай көрсетуге болады (Сурет 1):


Сурет 1 - әл-Фараби іліміндегі музыкалық білім беру мазмұнын меңгеру тәсілдері


әл-Фараби еңбектерінде дидактикалық принциптердің тұжырымдалуына да орын берілген. Дидактикалық принциптердің оқытудың жалпы мақсаты мен заңдылықтарына сәйкес оның мазмұнын, ұйымдастыру формалары мен әдістерін анықтайтын негізгі қағидалар екендігі қазіргі педагогика ғылымында белгілі. Әрбір дидактикалық принцип белгілі бір әдіснамалық ұстанымға сәйкес келеді. Сондықтан біз зерттеу барысында әл-Фарабидің педагогикалық іліміндегі әдіснамалық ұстанымдар мен дидактикалық принциптердің өзара байланысын ашып көрсетуді жөн көрдік (Сурет 2).

әл-Фарабидің педагогикалық жүйесіндегі бір ерекшелік — ол әдіснама мен әдістеме мәселелерін тығыз байланыстырып, тұтастырып отырады. Мұндағы оның ұстанған дидактикалық қағидасы: «білімнің бастамасы — болмыстың бастамасына сай келу» туралы қағида. Бұл қағида логикалық ойлау әдістерімен тығыз байланыста теориялық ғылым жасауға, оны дидактикалық түрде орналастыруда жаңа ғылыми-педагогикалық әдісті тудыруға мүмкіндік береді. Осындай әдіс арқылы әл-Фараби кез келген пәнді әдіснамалық тұрғыда дұрыс баяндау үшін оның негізгі принциптерін - бастамаларын ашып көрсетуді бірінші кезекке қояды.




Сурет 2 - әл-Фарабидің педагогикалық іліміндегі әдіснамалық ұстанымдар мен дидактикалық принциптердің өзара байланысы
әл-Фараби еңбектерінде ғылым мен философияны оқып-үйрену үшін жекелеген әрекеттерден, тәсілдерден тұратын оқыту әдістері нақты тұжырымдалып, білім беру, оқыту және адамдар арасындағы ой алмасу үдерісі кезінде танымдағы тіл мен тәжірибенің маңызды ролін ашып көрсету арқылы оқытудың сөздік және тәжірибелік әдістерінің мәні анықталады, сонымен бірге музыка, сөз өнері, философия және басқа да ғылым салаларын оқытудың құралдарына мазмұндық сипаттама беріліп, олардың атқаратын қызметі ашып көрсетіледі.

Жалпы педагогиканың бір саласы болып табылатын тәрбие теориясының әдіснамасын әл-Фарабидің тәрбиенің заңдылықтарын, принциптерін, мақсатын, мазмұнын, әдістерін, құралдарын, нәтижесін тұжырымдамалық тұрғыдан негіздейтін жетекші педагогикалық ой-пікірлері айқындайды. Қазіргі педагогикадағы тәрбие теориясының мазмұндық-құрылымдық жүйесіне сәйкес әл-Фарабидің тәрбие тұжырымдамасының мәнін былайша көрсетуге болады (Сурет 3):


Сурет 3 - әл-Фарабидің тәрбие тұжырымдамасының мәні

Сонымен әл-Фарабидің еңбектерін ғылыми-педагогикалық тұрғыдан талдау, оның тәлімдік-тәрбиелік ой-пікірлерін жинақтап, қорыту ғұламаның педагогика ғылымының барлық салаларын қарастырғанын айқындайды. Мұның өзі ұлы ұстаз, кемеңгер ғалым, ғұлама ойшыл әл-Фарабиді педагогика ғылымының негізін салушы деп атауға толық негіз бар екендігінің шынайы дәлелі болып табылады.

XI ғасырда өмір сүрген түркі данасы, ойшыл-ақын Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» еңбегінің негізгі идеясы педагогиканың ең маңызды мәселесі тәрбиеге негізделіп, оның мазмұнында педагогиканың жалпы негіздері, дидактика және тәрбие теориясының негізгі мәселелері, жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған адамгершілік, эстетикалық, еңбек, дене, құқықтық, т.б. тәрбие мазмұны қарастырылады. Жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан алып қарасақ, «Құтты білік» дастанының бүгінгі адамзат қоғамы үшін құндылығы мынада болып табылады: 1) «Құтты білік» - халықтың құты, ырысы болған ілім; 2) әрбір адамға бақыт сыйлайтын, құт әкелетін білім; 3) ғасырлар бойында көзі ашық, көкірегі ояу кемел ұрпақтың бойына адамдық, азаматтық қасиеттерін, адалдық дәстүрлерін сіңіріп, жан-дүниесіне рухани күш дарытатын тәрбие тұжырымдамасы. Ғұламаның «Кітап атын «Құтадғу білік» қойдым – Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың» деген ой-пікірі дастанның әрбір адам үшін құндылығын аша түседі.

«Құтты білік» дастанында кейіпкерлердің символикалық сипаттары арқылы берілген төрт жетекші педагогикалық идеялардан өрбитін тағылымдық құндылықтар тәрбие мақсатына қол жеткізудің көзі болып табылады. Олар: әділдіктің бейнесі Күнтуды Елік патша арқылы берілген бұлжымас әділ заң мен тура жол; патшаның уәзірі Айтолды бейнесімен берілген бақ-дәулет, ырыс-байлық; уәзірдің баласы Өгдүлміш арқылы берілген ақыл мен парасат; уәзірдің жұрағаты тақуа жан Одғұрмыш бейнесі арқылы берілген қанағат, ынсап, барға риза болу, сабырлылық. Тұлғаның үйлесімді дамуы осы төрт құрылымдық компоненттің өзара бір-бірімен тепе-теңдігінен көрінеді – «төрт құбыласы тең». Осы төрт құбыланың біреуі бұзылған жағдайда немесе олардың дамуында тепе-теңдіктің болмауынан тұлға тұтастығының үйлесімділігі болмайды. Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұни тұлғаның осы қасиеттері халқына адал қызмет етіп, елінің ертеңін ойлайтын азаматтарға тән болу керектігін көрсетеді. Бұл тәлімдік идеялар қазіргі педагогикадағы тұлғаны қалыптастыру мақсатымен өзара байланысып, бүгінгі таңда маңыздылығы артып отыр. Осы тұжырымдама қазақ халық даналығындағы «сегіз қырлы, бір cырлы» нақыл сөзімен байланысып төрт құбыланың (психологиялық-физиологиялық, әлеуметтік-нормативтік, когнитивтік, рухани-адамгершілік) қиылысуы мен ажырамастығын бейнелейтін тұлғаның сегіз қырын ашып көрсетеді.

«Құтты білік» дастанында Ж.Баласағұни педагогикалық процеске қазіргі педагогикадай анықтама беріп, оның құрылымын көрсетпегенімен, еңбектің өн бойынан педагогикалық процестің оқушыны (тәрбиеленушіні) мәдениет байлығын игеруге және еңбек пен қоғамдық өмірге дайындауға бағытталған мұғалімнің (тәрбиешінің) басшылығымен іске асырылатын өзара бірлескен іс-әрекет ретіндегі мәні және оның құрылымы (мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері, іс-әрекетті ұйымдастыру түрлері, нәтижесі) айқын көрініп тұрады (Сурет 4).




Сурет - 4 – «Құтты біліктегі» педагогикалық процестің құрылымдық-мазмұндық үлгісі

Дастанда оқытудың теориялық негіздері (дидактика) сол уақыттың талабы тұрғысынан өте жоғары деңгейде айқындалған. Дидактиканың негізгі ұғымдары - білім, білік, дағды ұғымдарының мәні ғұламаның тәлім-тәрбиелік идеяларында көрініс тауып, өзіндік мағына мен мазмұнға ие болады. Оны 2-кестеден көруге болады.


Кесте 2 – Ж.Баласағұни еңбегіндегі «білім, білік, дағды» ұғымдарының анықтамалары


Білім

«Білім – інжу, түбінде – анық, қойма сан»; «Ақыл, білім ең әз нәрсе, күшті нық, егер болса, істет, ұшып көкке шық»; «Ақыл-шырақ, қара түнді ашатын, білім-жарық, нұрын саған шашатын»; «Білім-байлық, азаймас һәм жоғалмас, еш қарақшы, ұрыға да тоңалмас!», т.б.

Білік

«Ақылды-ұлы, біл, білімді-білікті, екеуі ұлы етер, қонса, жігітті»; «Ақыл қайда болса, ұлылық толады, білім кімде болса, сол білікті болады»; «Біліктіні тыңда, ақылдың бұлағы, білімді сөз-шырын, жанның құнары»; «Білік мәнін біл, не дейді білген ер: білім білсең, бәле жүрмес іргеден», т.б.

Дағды

«Білік берді – адам бүгін жетілді, ақыл берді – талай түйін шешілді»; «Оқу-тоқу берер – білім, парасат, оның бәрі ақыл емес, қарасақ»; «Біліп сөйлеп, біліммен бу тіліңді, ұғып іс қыл бастағы ақыл-піріңді», т.б.

Ж.Баласағұни ардақтаған асыл қасиеттің бірі ақыл болса, дастанда білімнің мәні ақыл арқылы жинақталатын жанның қоры ретінде анықталады, яғни білімнің ең басты белгісі адамда ізденудің арқасында пайда болып, ақыл-естің қызметімен толысатын рухани қазына болып табылады. Білім дастанда бар жақсылықтың көзі саналады. Кісі құдіреті мен қасиеті таныммен десек, таным оқып-үйрену, білім алу барысында қалыптасады. Оқу мен білім алу адамның ең асыл танымдық әрекеті, өйткені білім адамды ізгілікке, адамшылыққа үйретіп, оның бойында адами құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Білімнің адам болудағы қасиетті көрінуі оның таным көзі болуымен байланысты. Дастанда білімнің мәні осы тұрғыдан терең ашып көрсетіледі, себебі, адам өмірі мен тіршілігінің мәні танып-білумен құнды болып есептеледі. Әрбір адам өзі мен дүниені танумен ғана өмірін мәнді етіп, арман-мұратына жетеді. «Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» дей отырып, ғұлама бақытқа жетудің жолы білім екендігін баса айтады. Ж.Баласағұнидің педагогикалық тұжырымдамасынан оның білімге әр қырынан сипаттама бергенін айқындауға болады. Білімнің тағы бір сипаты ретінде ғұлама оның адамды құрметті, абыройлы ететіндігі, яғни адам білімімен беделді, құрметті бола алады деген тұжырым жасайды. Дастанның өн бойында білімнің құрмет көзі екендігі жиі айтылып тұрады. Бұл жерде ғұламаның өзі таныған ақиқатты жастардың санасына сіңіру қажеттілігін көздеп отырғаны анық байқалады.

Ж.Баласағұнидің еңбегінде дидактиканың көкейкесті мәселесі білім беру мазмұны қарастырылады. Білім беру мазмұны арқылы жеке тұлғаны қалыптастырудағы адам баласының іс-әрекет тәсілдерді меңгеруі мен жүйелі білім алуы, білік пен дағдының қалыптасуы, ақыл-ойы мен сезімінің дамуы, таным арқылы көзқарастарының қалыптасуы жүзеге асырылады. Ж.Баласағұни білім беру мазмұнын білім, білік, дағды, шығармашылық іс-әрекет, дүниеге және қоршаған адамдарға қатынас құрайтынын негіздеп, мұның өзі дүниенің бейнесін қалыптастырудың әдіснамалық негізін, мәдениетті қайта жаңғырту мен сақтауды, мәдениетті дамытуды, еңбекке, оның нәтижелеріне, адамдарға қатынасты қамтамасыз ететіндігін тұжырымдайды (Сурет 5).

Сурет 5 - Ж.Баласағұни еңбегіндегі білім беру мазмұны
Ж.Баласағұнидің тәрбие теориясының негізін жетілген тұлғаны тәрбиелеу ілімі құрайды. Бұл ілім тәрбиенің төрт тұғыры - әділет, дәулет, парасат, қанағат арқылы адамда адамдық ізгі қасиеттерді тәрбиелеу идеясына негізделеді (Сурет 6). Ізгілікті - адами қасиеттерді тәрбиелеуде Ж.Баласағұнидің ойынша, жоғары адамгершілік сана мен мінез-құлықты қалыптастыру басты роль атқарады, соның негізінде ішкі және сыртқы дүниесі бір-біріне сай, рухани және дене әсемдігі өзара үйлескен жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге болады.

Сурет 6 - Ж.Баласағұнидің тәрбие теориясы

Ж.Баласағұнидің педагогикалық теориясын терең оқып-үйрене отырып, оның педагогика ғылымының шыңында тұруға лайықты ғұлама екендігіне көз жеткіздік. Ғұламаның адамзат қоғамы алдындағы маңызды үлесі - тұлғаны тәрбиелеу теориясы мен тәжірибесі бойынша барлық құндылықтарды игере отырып, ізгілендіру идеясына негізделген педагогикалық ілімді жасауы. Педагогика ғылымының қайнар көзі болып табылатын оның ілімі өзі өмір сүрген қоғам үшін де, қазіргі қоғам үшін де, болашақ үшін де өміршең, ешқашан құндылығын жоймайтын, аса бағалы еңбек болып табылады.

Түркі өркениетінің шежіресін жазып, өз есімін мәңгілік еткен данышпан ғалым, кемеңгер ұстаз Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» еңбегін оқып-үйрену және теориялық тұрғыдан талдау бұл тек сөздік, немесе тілтану мәселелерін ғана қарастырған еңбек еместігін, онда біздің ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиесі бойынша тәжірибесі жинақталып, түркі халқының педагогикалық тұжырымдамасы негізделгенін айқын көруге болады. Ғұламаның тәлім-тәрбиелік идеялары өнегелі өмір сүру үшін жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған. Сондықтан оның педагогикалық тұжырымдамасының негізгі өзегі - орта ғасырдағы түркі баласының бейнесі - «ұлылыққа ұмтылған», «білімділікті іздеген», «даналықты таңдаған», «біліктіге серік болған», «бабалардың әдеп-ақлақты насихатын ұстанған» ірі тұлға. Зерттеу барысында қазіргі педагогика ғылымындағы тәрбие мазмұнының М.Қашқари ілімінде тұжырымдалуы ашып көрсетіліп, теориялық тұрғыдан негізделді (Сурет 7).

М.Қашқаридің педагогикалық тұжырымдамасының негізін дидактика мәселелері құрайды. Ғұлама арнайы «дидактика» терминін қолданып, оны педагогика ғылымының саласы – оқыту теориясы ретінде анықтамағанымен, оның еңбегінің өн бойынан дидактикалық мазмұн айқын көрініп тұрады. Дидактиканың қазіргі кезде арнайы ғылым саласы ретінде анықталып, оның заңдылықтары мен негізгі зерттеу мәселелері айқындалып отырған бүгінгі таңда М.Қашқаридің еңбегіндегі дидактиканың көрініс беруін аңғару қиын емес. М.Қашқари дидактикасын екі деңгейде қарастыруға болады: жалпы дидактика және дербес дидактика. Жалпы дидактика тұрғысынан алып қарасақ, біріншіден, ғұлама білім беру, оқыту, үйрету, пайымдау сияқты дидактиканың негізгі ұғымдарына анықтама берген, екіншіден, білім беру мазмұнын, оқытудың принциптерін, әдістері және құралдарын айқындаған. Білім беруді ғұлама адамзаттың жинақтаған тәжірибесін, заттар мен құбылыстарды, табиғат пен қоғам заңдарын тану нәтижесі деп біліп, соған сәйкес барлық материалдарды өз еңбегіне арқау етеді. Оқытудың мұғалімнің басшылығымен іске асырылатын іс-әрекет, соның нәтижесінде адамның жан-жақты дамуы, білім, білік, дағдыны игеруі көзделетінін анықтайды. Мұның дәлелі ғұламаның оқыту, білім беруге берген түсініктемелері мен ой-тұжырымдары болып табылады:

Ерендер озған еді (өткен еді),

Таудай білікті, өнерлі бектер еді;

(Олар) көп насихат - өсиет айтты,

Көңілім содан сара болады.

Өсиет алғын білге ерен сөздерінен,

Ізгі сөз қастерлесе ділге сіңер!

Иемді мақтармын,

Білікті топтармын;

Көңілді түптермін,

Үстіне өнер үйілер.

М.Қашқари еңбегінде ғылымның әр саласынан білім беру көзделген, егер білім берудің басты қызметі алдыңғы ұрпақ өкілдерінің жинақтаған тәжірибесін жеткізу болса, ғұлама ең алдымен, білім берудің осы қызметін іске асыруды мақсат етіп қойған. «Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған «Диуани лұғат-ит-түрк» деген ат бердім» дей отырып, өз оқырманына түркі өркениетінің тарихы, тілі, әдебиеті, географиясы, қоғамы және өмір салты туралы білім беруді көздейді.



Сурет 7 – М.Қашқари ілімі мен қазіргі педагогика ғылымындағы тәрбие мазмұнының тұжырымдалуындағы өзара байланыс

Қазақ халқы өз алдына дербес тәуелсіз мемлекет болып, қоғамдық ой-сананы қайта құрып жатқан қазіргі жаһандану дәуірінде көненің көзіндей болып, бізге ғасырлар қойнауынан жеткен педагогикалық мұраларымызды өзара ықпалдастық пен тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырудың маңызы өте зор. Біз зерттеу барысында әлемдік мәдениеттің көшбастаушылары әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің және М.Қашқаридің еңбектеріне жан-жақты, әрі терең тарихи-педагогикалық талдау жасау негізінде олардың педагогикалық ой-пікірлерінің арасында өзара ғылыми үндестік пен мазмұндық ықпалдастықтың бар екенін анықтадық. Оның дәлелі әл-Фарабидің трактаттарының, Ж.Баласағұнидің «Құтты білігінің», М.Қашқаридің «Түрік сөздігінің» мазмұнына арқау болған педагогиканың басты ұғымдары, жалпы педагогиканың негіздері, тәрбие теориясы мен дидактика мәселелері болып табылады. Ғұламалардың педагогикалық теорияларындағы өзара ықпалдастық педагогика ғылымының тамыры тереңге жайылғандығын аңғартады.

Ақыл-парасат жалғастығының көрінісі әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық ой-тұжырымдарының өзінен кейінгі дәуірлердегі ойшыл ағартушылардың тәлім-тәрбиелік идеяларымен үндестік табуы болып табылады. Қазіргі қазақ педагогика ғылымының тарихы тұрғысынан алып қарастырсақ, ғұламалардың негізгі тәлім-тәрбиелік идеяларының өзара түйісіп, бір-бірімен сабақтасатын тұсы адамшылық, адамгершілік және ізгілік принциптеріне негізделген тәрбие мазмұнының көрінісі екені анық. Жалпы түркілік дәстүрге, ерекшелікке сәйкес келетін тәрбие мазмұнының ізгілендіру идеясына сүйенуі заңды құбылыс. Өйткені, ізгілендіру идеяларын Орхон-Енисей жазбаларынан да, Қорқыттың аңыздарынан да, кемеңгер әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари педагогикасының мазмұнынан да, олардан кейін өмір сүрген шығыс ойшылдарының, қазақтың ұлы ағартушыларының, алаш қайраткерлерінің еңбектерінен де табуға болады. Сондықтан әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларын кейінгі дәуірлердегі ойшылдардың көзқарастарымен сәйкестендіре, салыстыра қарастырғанда этикалық принциптерге назар аударуымыз орынды деп есептейміз. Жалпы, этикалық принциптердің Шығыстық менталитетте жетекші роль атқаратынын ескерсек, қазақ педагогикасының құдіретті күші өскелең ұрпақтың бойында адами құндылықтарды тәрбиелеуге бағытталған даналыққа, парасаттылыққа деген құштарлық болып табылатынын баса айтуға болады. Сонымен бірге біз зерттеу барысында әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеялары әлемдік педагогика өкілдерінің педагогикалық ой-пікірлерінде жалғастық тапқанын да ашып көрсеттік.

әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық мұрасын қазіргі жағдайда пайдаланудың қажеттілігін әділдікпен бағалау үшін ең алдымен олардың Қазақстандағы педагогика ғылымында алатын орнын анықтау қажет. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі бекіткен бакалавриат мамандықтарының жіктеуішіне сәйкес білім тобындағы мамандықтардың ішінен алғашқы тұрған 050101 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, 050102 - Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі, 050103 - Педагогика және психология мамандықтары бойынша педагогикалық пәндердің типтік бағдарламалары оқып-үйренілді. Олардың мазмұнына жасалынған талдау және пәнді оқып-үйрену үшін ұсынылған әдебиеттермен танысу мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді:

- «Педагогика тарихы» пәні бойынша әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық мұрасы арнайы тақырып ретінде оқытылмайды;

- «Мектепке дейінгі педагогика», «Бастауыш мектеп педагогикасы» және «Педагогика» пәндері бойынша жекеленген тақырыптарды оқыту барысында әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің тәлім-тәрбиелік идеяларын пайдалану көзделмеген;

- еліміз тәуелсіздік алып, өз алдына мәдениеті мен тарихын жаңғыртып жатса да, бағдарламалардың мазмұны күні бүгінге дейін еуропацентризмнің ықпалынан шыға алмай отырғанын айқын аңғаруға болады, оның дәлелі - «Педагогика тарихы» курсының шетел және Ресей педагогикасының тарихын оқытудан басталып, оған көп сағаттың бөлінуі, Қазақстанда педагогика ғылымының даму тарихының курстың соңында шамалы сағат көлемінде оқытылуы, негізгі педагогикалық ұғымдарды, дидактика мен тәрбие теориясы мәселелерін қарастырғанда шетел, Ресей және кеңестік дәуірдегі ағартушылардың еңбектерін ғана пайдалану, т.с.с.

Мемлекетiмiздiң ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуi қазақ халқының педагогикалық ой-пікірлерінің қалыптасуы мен дамуына байланысты жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесінде пайдалануға ұсынылған жаңа оқу құралдары мен тың зерттеулердің нәтижесінде жасалынған арнайы курс бағдарламаларының дүниеге келуіне себепші болды. Олардың мазмұнын оқып-үйрену және талдау әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық мұрасы бойынша педагогика тарихының мазмұны толықтырылғанымен, әлі де болса олардың педагогика тарихында алатын орны нақты анықталмай отырғандығын аңғартады. Арнайы курс бағдарламаларының мазмұнында әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық мұрасы бойынша ауқымды тақырыптар алынғанымен, оқытуға бөлінген сағат саны өте аз және ұсынылып отырған материалдардың көлемі жеткіліксіз. Сондықтан қазақ педагогика ғылымының қалыптасуы мен дамуына ғылыми негіз болған ғұламалардың еңбектері қазіргі педагогиканың мазмұнын жетілдірудің мәдениеттілік, өркениеттілік және инновациялық бағыттарын бөліп көрсетуге мүмкіндік береді:

- мәдениет педагогикалық құбылыс ретінде педагогиканың мазмұнын жалпы мәдениет кеңістігінде, оның құбылыстары мен мәліметтерін педагогика мен мәдениетті ықпалдастыру арқылы жетілдіруді көздейді;

- өркениеттілік тарихи педагогикалық процесті зерттеуде ғылыми білімдердің жаңа сапалық деңгейін білдіреді, сондықтан ол қазіргі педагогикада әлемдік тарихи процестердің жалпы даму көздерін табуға, педагогикалық теориялар мен жүйелердің ғылыми негіздерін жалпыадамзаттық құндылық тұрғысынан саралауға мүмкіндік береді;

- инновация ғылыми білімнің кеңшары ретінде тарихи педагогикалық ақиқаттың жаңа мазмұнын құруға жағдай туғызады, ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесіндегі өткен мен бүгіннің арасын байланыстыра отырып, болашаққа жаңа ұстанымдарды ашып көрсетеді.

Осы бағыттарға сәйкес Қазақстанда педагогика ғылымының мазмұнында мынадай мәселелер шешімін табу керек:

- қазақ педагогикасының кеңістігін кеңейту, ұлттық ой-сананы тарихи-педагогикалық тұрғыдан жүйелеу, қазақ педагогикасының қайнар көздерін дер кезінде ашып көрсету;

- ертеңі жарқын халқымыздың этностық көрінісі пен жалпылама негізін сараптау, әлемдік білім беру кеңістігінде алатын орнын анықтау;

- қазақ педагогикасы саласындағы ғылыми жетістіктерге мән беріп, оларды қолдану аясын кеңейту және пайдалану тәсілдерін жетілдіретін ұжымдасқан үлгіні ұсыну;

- педагогикалық білім саласындағы ұлттық идеяның этностық және отансүйгіштік сипатын көрсету.

Қазіргі таңда ұлттық білім беру бағдарламасын халықаралық деңгейде мойындату, әлемдік стандартқа сай білім беруді қамтамасыз ету, барынша сапалы білім беру арқылы біліктілігі жоғары және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатымен Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне инновациялық педагогикалық технологиялар ретінде қашықтықтан оқыту және кредиттік оқыту технологиясы енгізіліп отыр. Біз зерттеу барысында әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің педагогикалық теорияларын жоғары білім беру жүйесінде пайдаланудың ғылыми-әдістемелік және ақпараттық жүйесін жасадық. Оның мазмұнын «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» атты элективті курстар бойынша жасалынған оқу-әдістемелік кешендер және курстық кейстер, «әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» атты оқу құралдары және «әл-Фарабидің педагогикалық ілімі», «Ж.Баласағұнидің педагогикалық ілімі», «М.Қашқаридің педагогикалық ілімі» атты электронды оқулықтар құрады.

«әл-Фараби педагогикасы», «Ж.Баласағұни педагогикасы», «М.Қашқари педагогикасы» атты элективті курстар теориялық-әдіснамалық және әдістемелік бағытты ұстана отырып, болашақ мамандардың теориялық білімдерін тереңдетеді, олардың кәсіби іс-әрекетіне деген танымдық ізденімпаздығы мен шығармашылық қабілетін қалыптастырады, өздігінен білім алу іскерліктерін шыңдап, зерттеу бейімділіктерін жетілдіреді. Олар жоғары оқу орындарындағы «Білім» тобындағы мамандықтардың (бакалавриат, магистратура) типтік оқу жоспарына сәйкес базалық пәндер цикліндегі таңдауы бойынша компонент ретінде ұсынылады. Элективті курстар бойынша жасалынған оқу-әдістемелік кешендерде пәнді оқытудың мақсаты мен міндеттері, курстың тақырыптық жоспары, дәріс сабақтарының тезистері, семинар сабақтарының жоспарлары, оқытушының жетекшілігімен орындалатын студенттердің өзіндік жұмыстары бойынша өткізілетін сабақтардың жоспары, студенттердің өзіндік жұмыстары бойынша өткізілетін сабақтардың жоспары, курс бойынша жазбаша жұмыстардың мазмұны, өзіндік бақылау үшін тест тапсырмалары мен емтихан сұрақтары беріледі.

Ұсынылып отырған оқу құралдарында ғұламалардың өмірі туралы мағлұмат беріледі, олардың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлері бүгінгі күндегі педагогика ғылымының теорияларымен байланыста қарастырылып, ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығы ашып көрсетіледі.

Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды болып табылатын мәселелердің бірі оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдалану болып табылады. Қазіргі таңда елімізде ақпараттық технологияларды барлық деңгейде білім беру үдерісін интенсификациялау құралы ретінде пайдалану қолға алынып отыр. Сондықтан болашақ мамандарды кәсіби даярлау жүйесінде электронды оқулықтарды қолданудың маңыздылығы мен қажеттілігі уақыт сұранысынан туындайды. Біз ұсынып отырған «әл-Фарабидің педагогикалық ілімі», «Ж.Баласағұнидің педагогикалық ілімі», «М.Қашқаридің педагогикалық ілімі» атты электронды оқулықтар дәстүрлі оқулықтардың мәртебесі мен ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін біріктіретін жаңа буын әдебиеттері болып табылады.

Аталмыш жүйені жоғары оқу орындарының педагогикалық процесінде пайдалану біріншіден, қазақ педагогикасының қайнар көздері - әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің дүниетанымын педагогикалық талдаудан өткізу арқылы болашақ мамандардың рухани дүниесін байытады; екіншіден, рухани сабақтастықтың мәдениет пен педагогикалық жүйе тұтастығын сақтауға қызмет ететінін көрсетуге мүмкіндіктер ашады; үшіншіден, қоғамды ізгілендіру тұрғысынан ұрпақтар сабақтастығын нығайту үшін қызмет атқарады, педагогикалық ойлау жүйесін өркениеттік дамудың талаптары бойынша жаңаша бағалауға көмектеседі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет