Сарбаз. – 2010. - № 46. – 19-25 қараша.
Абайқызы Б.
Өнерпаз студенттер сыйы.
Елордада 10-17 қараша аралығында «Астана қаласы Жастарының бірлігі» апталығы өтуде. Аталмыш апталық шебірінде С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық униеврситетінің бір топ өнерпаз жастары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың резерві болып саналатың Аэроұтқыр әскерлерінің 68665
әскери бөліміне концерттік бағдарламамен барып, әннен шашу шашты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жастар апталығына Астанадағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері белсенді қатысуда. Мәдени шараның ұйымдастырылуына Астана қаласы ішкі саясат басқармасы мен «Жастар продюсерлік орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып отыр. Апталық шеңберінде өткізілген мерекелік шаралардың бірі – Отан қорғаушы сарбаздарға ұсынылған тамаша концерт. Апталық аясында фестивальдар мен акциялар, спорттық жарыстар және семинарлар өткізілуде. Осы мерекелік думанды шаралардың қатарында әскері бөлім жауынгерлеріне концерттік бағдарлама ұсынып, осынау игі шараға бастамшы болған Қазақ агротехникалық университетінің студенттері. Сарбаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған тамаша сый-осы күзде ғана әскер қатарына алынған десантшы жауынгерлердің алғашқы концерті болды.
- Өнер ұжымына үлкен рахмет, - деді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Мақсат Кунчаев. «Ән – көңілдің ажары» демекші жауынгерлер әсем ән тыңдап, бір демалып қалғандай. Мұндай мәдени шаралар әскери ортада жиі өткізіліп тұруы керек деп ойлаймын. Студенттерге алғысымыз зор, жастардың өнері өрге жүзсін.
«Мен әскер қатырына Талдықорған қаласынан шақырылдым. Дәл осы аэроұтқыр әскерлері қатарында Отан алдындағы қасиетті борышымды атқару менің арманым болатын. Әсересе, көгілдір берет киіп, әуеден парашютпен секіру мені қатты қызықтырды. Алдағы аптада ант қабылдау рәсімі болады, сол күнді асыға күтудеміз. Бізге осындай мерекелік концерт тарту еткен өнер иелеріне көп рахмет. Бұл бізге тамаша рухани азық болмақ», - деді қатардағы жауынгер Айдар Исажанов алғысын білдіріп.
Жас жауынгерлер қарашаның 25-де салтанатты жағдайда ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге серт береді. Әскер тілімен айтқанда, «жас жауынгерлер курсы» дейміз, әскери өмірдің бастапқы сатысы ретінде машықтану кезіңін бастарынан өткізуде. Әскери тәртіп, сап құру, жаға тігу, киімнің ұқыпты болуы деген секілді әрекеттерді үйренуде.
- Осы әскери бөлімге Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласынан келдім, - дейді қатардағы жауынгер Мейрамбек Есболған. – Осында келгелі әскери өнерді баурасақ деп тырысудамыз. Десантшы болуды армандайтынмын, ендігі мақсат – абыройлы міндетімізді ойдағыдай атқару. Бүгінгі концерт тамаша өтті. Әсіресе, көңілді тапқырлар командасына дән риза болдық. Күлкіге кенеліп, көңіліміз көтерілді. Мұндай мәдени шаралар жиі өтіп тұрса екен. Алдағы уақытта әскери бөлім басшылығы сарбаздарды театрға спектакльдерге апарса деген тілегімді айтқым келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |