Сәулебектегі, А.
Біз білетін Бөкетовтің біз білмейтін қырлары / А. Сәуле-бектегі // Жас Алаш. - 2005. - 19 наурыз (№32-33)
1. Ебінғабиденді танисыз ба?
Бағанаты ауылындағы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы) шаруа-қор отбасында дүниеге келген Ебіней Арыстанұлының студенттік күнге дейінгі өмірі сан алуан қиындыққа, тіпті қасіретке де толы. Ол оныншы сәби боп туылғанда әке-шешесі мен әжесі алдындағы тоғыз баланы тым ерте жер қойнына тапсырып, жақсылықтан күдер үзе бастаған екен. Әсіресе, тоғызыншы ұл Зейкеннің жеті жасынан Кұранды зулатып жатқа оқып, күмбірлетіп домбыра тартып, әуелетіп ән шырқап, суырып өлең шығарып, кішкентай болса да ауылдағы той-томалактардын сәніне айналып, ақырында тоғыз жасында әлде біреудін көзі тиіп, мезгілсіз жан тапсырғаны ардақты ата-ананың ғана емес, күллі ауыл адамдарының жан-жүрегін қатты ауыртып кеткенді.
Алла тағала Арыстанның отбасын әрі қарай жылата бермейін деген болуы ерек, оныншы Ебінейден кейін төрт ұлды тағы берді. Бесеуі де тұрақтады. Қазір солардың ішінен тек академик Ебінейден соң туылған Қамзабай аға ғана қалды. Біздің атақты ғалым туралы нақты деректерді жазып отырғанымыз да - осы бір ешкімді ренжіткісі келмей, адамдардың көңіліне қарайлап жүретін қамқор ағаның тынымсыз еңбегі. Өкініштісі сол, Камзекеңнін еңбектері Қарағандыда болмашы данамен жарыққа шығып, республика көлеміне кеңінен тарамай жатыр. Бұл - академик Бөкетовтің өмірі жайлы шындықты халқымыз әлі де толық білмейді деген сөз.
Сонымен, дүниеге оныншы ұл келді. Ата-анасы оған Ебінғабиден деп азан шақырып, ат берді. Алайда жақындары оны Ебіней деп еркелетіп, шын есімі мүлдем ұмыт қалды.
Ебіней жеті жасқа келгенде үйі орыс поселкесіне көшіп барып, ол орыс мектебінде оқи бастайды. Ебекеннің осы бір кезенін егжей-тегжейлі түрде «Досым менің, ағам менің» атты естелік-кітабында («Офсет», Қарағанды, 1994 жыл) суреттеген інісі Қамзабай естіген адамның денесін түршіктіретін мынадай бір оқиғаны келтіреді. Қыстыгүні мұз арқылы мектепке баратын кішкентай Ебіней бір төбешікті асып өтеді екен. Осыны аңғарған ересектеу, бұзакы орыс балалары оны төбеде күтіп тұрып, енді көтерілген шақта төмен қарай итеріп жібереді екен. Намысқа тырысқан қазақ баласы қайта-қайта шығады, орыс балалары соншама мәрте төмен қарай домалатады. Амалы құрып, үсті-басы су-су болып, Ебекең үйіне жылап жетеді екен. Осы топқа өткен-кеткендер қаншама ескертсе де, айылдарын жимапты. Тек бірде Ебінейдің ұстазы Августина Иустиновна Тарасова бұзакылыктың үстінен түсіп қап, күн сайын қазақ баласын мектепке ертіп апарып, ертіп әкелетін болыпты (Біздің қазекеңдер Ебекеңді орыстар сияқты төбешіктен емес, өз еңбегімен көтерілген биік тауынан төмен қарай домалатқанда, Тарасова сияқты араша болатын ешкім табылмай қалды ғой...).
Бәлкім, академиктің ата-анасының 1938 жылы қазақ ауылына қайта көшуінің өзіндік сыры да осында жатыр ма екен? «Сорлыға сойыл бұрын тиеді» демекші, әкесінін денсаулығы күрт нашарлап, 9-класты бітірген Ебіней отбасын асырау мақсатымен жұмысқа тұрады. Арада бір-екі жыл өткенде асқар тауы құлады. Одан кейін неміс-кеңес соғысы басталды. Әжептеуір білім алып үлгерген ол бастауыш және орталау орыс мектептеріне мұғалім боп орналасып, 1945 жылға дейін жұмыс істеп, ақырында арнайы сынақ тапсырып, кәмелеттік аттестат алды. Жоғары білім алу үшін Алматыға барған Ебекең өзінін айтуы бойынша қазақ тілі мен әдебиетін жанындай сүйіп, филолог мамандығын қалаған екен. Әйтсе де, артында қалған қамқорсыз отбасын ойлап әрі гуманитарлық мамаңдықтарға қарағанда стипендиясы екі есе көп төленетінін ескеріп, Қазақ кен-металлургия институтына түсіпті. Сонында желкілдеп өсіп келе жатқан інілерінің үлкені Қамзабай да бұл кезде жұмыс істеп, табыс табуға жарап қалғанды. 1953 жылы ол да студент атанды.
2. Жарық жұлдыз
Ебекең мандайы жарқырап, өз қатарынан асып туған асыл жанның бірі екендігін студент кезінде-ақ қазақтың беткеұстар классиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафиннің алдында дәлелдеп берген екен. Ақын Әбділда Тәжібаев өзінің естелігінде («Біртуар», Қарағанды, «Арко», 1998 жыл) Ебінеймен сонау 1947 жылы танысқандығын қызықты окиға етіп суреттепті. Сол кездегі Совминнің демалыс үйінде Әбекене студенттер Ебіней мен Шахмардан Есеновты Шахмет Құсайынов таныстырады. «Екі дәуді» (Әбекен осылай атаған — ред.) ақын ағасы жоғары қабаттағы Мұхана, қос Ғабеңе ертіп апарады. Асыл ағалары жас інішектерін сынау мақсатымен «Е, бұлар әдебиетті түсінбейді ғой» деген сынаймен менсінбегендік танытады. Сол сәт (мына ғажапқа қаранызшы!) Шахмардан мен Ебіней «Енлік-Кебек» пьесасындағы екі рөлді ойнап, ғұламаларды аң-тан қалдырады.
«Ебіней ойы да, бойы да биік еді. Үлкен істі тындыруға жаралған адам болатын. Құлашын қиынға созатын. Қиядан жем ілетін қыран тектес жігіт еді. Өзі нардай адам. Нардың жүгін көтеруге әзір тұратын», - деп еске алды ақын Сырбай Мәуленов (Бұл да сонда — ред.).
Сыр-ағаң айтпақшы, Ебекеңнің құлашын қиынға сермейтіндігін ғұлама ұстазы Қаныш Сәтбаев та ертерек сезген болуы керек. Ойтпесе, 35 жасар жігітті (1960) Қарағандыдағы химия-металлургия институтын басқаруға жіберер ме еді? Өзінің идеясын жүзеге асыруды мақсат еткен аспирант қарағандылықтардың екіге жарылып, өзара қырғи-қабақ боп жатқандығынан түніліп, Қаныш ағасынан осы қызметінен босатуды сұрайды. Жас ғалымды мұқият тындаған Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, академик қажырлы күрес арқылы қиындықты жеңіп шығуына кеңес береді. Ақырында солай болып шықты. Ебекең тек сол жолы ғана емес, өмір бойы алдына кесе-көлденен тұрған кедергілерді жеңіп шығып отырды!
ХМИ-дағы 12 жыл ішінде Бөкетов өзінің атын шығарып қана қойған жоқ, Қазақстан ғылымының мәртебесін көтерді, абыройын аспандатты. Аспандатқандығы емей немене, егерде ол басқарған ұжым бес бірдей авторлық куәлікке ие болып, Канада, АҚШ, Австралия, Швеция, Франция, ФРГ, Жапония, Италия тәрізді елдер патент тапсырып жатса.
Бір қызығы, Ебекең өзінің жалпы мәселелер бойынша орынбасары етіп қызметке Кеңес одағынын батыры Маратбек Мамыраевты алыпты. Екінші табысы - КСРО ҒА президенті М.В.Келдышпен достық қарым-қатынас орнатып, институтқа қажетті құрал-жабдықтарды алдыртыпты. Үшіншіден, түрлі-түсті, сирек және бытыранқы металдар зертханасын ашады. Бұл Қазақстан ғылымы үшін күтпеген жаңалық еді. Өзі басқарған осы зертханада молибден, вольфрам, селен және теллур бойынша зерттеулер жүргізді. «1965 жылы еңіс торлы шахта пештерінде, — деп жазады «Ебіней Арыстанұлы Бөкетов» атты библиографиялық кітапшада (Қарағанды, 2005 жыл) бір топ құрастырушы, - түйіршіктелген жезқазғандық концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісі алғаш енгізілді». Міне, осы еңбегі үшін ол КСРО-ның авторлық куәлігіне қоса 1969 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын иеленді. Бөкетов жаңалығы Ресейдің Орал электр мыс комбинатында, Жамбылдың фосфор, Теміртаудың «Карбид» зауыттарында қолданылды.
«Екінші жаңалығы, — деп жазды бір топ ғалым, — флотациялық байыту сатысында бос жыныстардан айырып алуға жеңіл көнетін, тотықтандырылатын мысты сульфидтік түрге айналдыру. Сонын арқасында жарамдылығы аз кендерден жоғары сапалы шикізат алынып, табиғат байлығы арта түсті».
Жоғарыдағы екі табысы-ақ Бөкетовтін атын әлемге танытты десек артық айтқандық емес. 1966 жылы ол докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғаса, төрт жылдан сон Қазақ КСР ҒА мүше-корреспондент, бес жылдан кейін академик боп сайланады. Қысқасы, 1972 жылы ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің тұнғыш ректоры боп тағайындалғанға дейін ол қара металлургия мен органикалық химияның журналистиканың (1950 жылдары «Литературная газета» Ебекеңді Қазақстан бойынша меншікті тілші болуға қызметке шақырған — ред.), аудармашылықтың кез келген саласын шыр айналдыратын құдірет иесіне айналды!
Жаңа оқу орнының құрылысы, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбиелік және тағы да басқа саналуан жұмыстар танымал ғалымды сырттай шаруашылық басшысына ұқсатып жібергенімен, ол қашанғы ұстамды, батыл мінезінен таймады, республикадағы екінші университетті аяғынан тік тұрғызды, жоғары білім берудегі төрт қабырғасын берік етіп қалап, атақ-данқын биікке көтеріп берді. Ғылыми зерттеудің қыруар жұмысы атқарылды. Мәселен, 72 жылы ә дегеннен тақырыптық жоспарға 10 жұмыс енгізілсе, арада жеті жыл өткенде 15 ғылыми бағыт бойынша 91 тақырып орындалған. Мәскеу, Ленинград, Алматы, Новосібір және тағы да өзге қалалардың жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан.
Арада 33 жыл өтсе де, ҚарМУ-дің беделінің төмендемей тұрғандығын осы бір ақылман, көреген ғалымның мәңгілік өшпейтін ізгілікті ісі мен есімімен тығыз байланыстырсак, әділетті болар еді. Бір қызық жайт бар. Ебекең университетің бас корпусының іргетасын қалаудың жоралғысын атақты ақын ағасы Әбділда Тәжібаевқа сеніп тапсырады. Ақынға рсындай зор құрмет көрсеткен басшыны естіп көрдіңіз бе?
Өйткені, Ебекеннің өзі де көкірегі тұнып тұрған ақын еді. Әйтпесе, ол Маяковскийді, Есенинді қазақ тілінде жүректен-жүрекке жететін етіп сайратар ма еді? Кәкімбек ағамыздың Ебекеннің 50 жылдығына арналған кеште «Маяковский ректор болып кеткендей» деп жырға қосуы кездейсоқтық емес.
Осы мақаланы жазу барысында Ебіней Бөкетов мұражайымен тағы да жете танысып, інісі Қамзабай ағаның кітаптарын, көптеген естеліктерді парақтай отырып, академиктің ұлы Мәжит, келіні Халима, ауылдасы, шәкірті, бүгінде аталған университеттің физика факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессоры Ниязбек Ибраев, «Лингва» тілдер институтының ректоры, Қарағандының іскер әйелдерінің көшбасшысы Нұрсұлу Бөкетовалармен сұхбаттасып, бұрын айтылмаған деректерді естіп білдік.
Ұлы ғалымның хоббиі сол кезде бильярд ойыны болыпты. Достары Перевертун, Ғабит Мүсіреповпен талай рет ойнапты. Алдағы уақытта ҚарМУ басшылығы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Бөкетов атындағы жүлде үшін жыл сайын республикадағы оқу орындары арасында жарыс өткізіп тұрса, нұр үстіне нұр болмас па...
Ниязбек Ибраев мырза өзінің осындай дәрежеге жеткендігі ұстазы Ебекеннің арқасы екендігін мақтаныш тұтады. Мұндай сезім білдіретіндер көп-ақ. Себебі, академиктің басшылығымен 60 кандидаттық, 24 докторлық диссертация қорғалған.
«Менің есімде айрықша сақталғаны, — дейді Ниязбек, — Ебекеңнің музыкаға деген ерекше махаббаты».
«Ол ән-күй тыңдауды ұнататын, — деп жазды естелігінде Ебекеңнің «Атан қомында туған адам» атты кітабының бас кейіпкері, атақты ғалым Ишанбай Қарақұлов, - Құрманғазы күйін тыңдап отырып «Күрекен қазақтың даласын тұтас Отан тұтқан. «Сарыарқа», «Алатау» соған куә» деп отыратын».
Тағы бір жаналық: біздер, қазақтар «ауылдағының аузы сасық» дегендей, Ебекендей ғұламаны бағаламай жүргенімізде, 1990 жылдары АҚШ ғалымдары аспанда жанадан табылған жұлдызды «Бөкетов - Баешов жұлдызы» деп атапты.
Баешов - бүгінгі күні Түркістандағы қазақ-түрік университетінің профессоры. Ебекеңнің шәкірті. Екеуі бірігіп, химия саласында жаналық ашқан. Бірақ, академик бұл әдістің халықаралық тұрғыда қуатталғандығын естімей кетті. Тек ол қайтыс болғаннан кейін Мәскеуден ресми хабар алынды. Жалпы, Бөкетов - 70-тен астам авторлық куәлікке ие болған еңбеққор ғалым.
Міне, кейбіреулер қанша жерден Ебекеңнің атақ-даңқын қызғанып, оны ғылым жолынан тайдыру үшін мын-сан айла-амал қолданса да, о баста Алланың әмірімен Қазақ даласының жарық жұлдызы боп жаратылған ұлы Бөкетов өлгеннен кейін аспандағы мәңгі өшпейтін жұлдызға айнала білді.
3. Академикке қарсы атылған «оқ»
Ебекеңнің достыққа деген шексіз адалдығына таңқалмасқа еш шарамыз жоқ. Қ.Сәтбаев, Ш. Есенов, М.Келдыш, В.Спицын, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсіреповтермен қатар ағалары Әбділда Тәжібаев, Ишанбай Қарақұлов, Мұхамеджан Қаратаев, Жайық Бектүровтармен қарым-қатынасы нағыз адами үлгідегі достық болатын.
Аспирант-металлург кезінде Ебіней Арыстанұлы қазақ әдебиетіндегі жаңа туындыларға сын мақалалар жариялап тұрған. Ол бірде Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», енді бірде Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романдарына рецензия жазып, кем-кетік тұстарын ашып көрсеткен. Әділ сынға ұлы жазушыларымыз еш реніш танытпапты. Керісінше, олар өле-өлгенше сыйласа білген. Не деген биік адамшылық?! Ишанбай Қарақұлов өз естелігінде Ебекеңнің мансапқорлык пен ағайыншылдыққа, ру мен жерге бөлінушілікке жаны қас болғандығын айта келе: «Ебіней марқұм осының бәріне жиіркене қарайтын. Төзе алмайтын. Қазақтың небір дана ұлдарының, талантты адамдарының халықты бөлмегенің мақтан ете сөйлейтін», — деп бір пікір түйіндейді. «Бірде маған «Ғылым тоқырауға ұшырады. Ғылым ғана ма? Ар-ұждан, намыс, шындық пен әділет те тоқырауда. Ойпыр-ай, бұл сұмдық қашанға дейін созылар екен?» — деп ашуланып үйге келді дейді Ишанбай Қарақұлов. Ебекеңнің осы айтқаның казір де қайталауға болар еді...
Біздіңше, академиктің өмірден ерте кетуіне басты төрт фактор әсер еткендей. Біріншісі — ҚР ҒА президенттігіне сайлауға түсіп, әділетсіздікпен өте алмағандығы. Естеріңізде болса, сол кездегі Асқар Қонаев жөнсіз Ебекеннің жолын кескен болатын.
Бөкетовті енді бұлар (екінші фактор деңіз - ред.) Қарағанды университеті ректорлығынан алып тастау үшін жанталасты. Алдымен 1979 жылдың 19 мамырында Владислав Владимиров «Ю.Рощин» деген бүркеншік атпен «В соавторстве... с Хлестаковым» деген жалалы мақаласын «Ленинская смена» газетіне жариялайды.
«Макаланы окыған әкемнің түрі бұзылып, жылағысы келіп кетті. Мандайын ұстаған бойы мәңгіріп біраз отырды. Біз қатты ауырып қала ма деп қорықтық, - деді бізге ұлы Мәжит. - Осыдан кейін университетке комиссия деген қаптап кетгі. Әлі есімде, алты рет тексерді. Бірақ, ештеңе таба алмады. Кінә жоқ. Әкем обкомның бірінші хатшысы А.Коркинге барыпты. Ол нұсқаудың жоғары жақтан берілгендігін айтып, «Сені бәрібір тыныштықта қоймайды. Мені де қинап жатыр. Дұрысы, өз еркінмен қызметіннен босан» деп кеңес береді. Әкем келіседі. «Сондағы Коркиннің әйелі ұл тапқандай қуанғаның көрсен ғой!» деп күлетін кейіннен. Коркин де іштей әкемді жақтайтын болса керек. «Жаяу жүргеніңіз ұят» деп астына «Волга» жеңіл автокөлігін алып беріпті». Үш деңіз.
Академикке тасада тұрып «оқ» атқандардың көнілі мұнымен де тыншыған жоқ. Олар ғұламаның төрдегі басын есікке, есіктен көрге сүйреді. Ақиқаты осы. Жасырып не керек, шындық бәрібір тасты жарып шыққан қайсар гүл тәрізді, жарқ етіп жарыққа шығар, туған халқына жария етілер. Інісі Қамзекен толығымен айтпаса да (білмеседе)...
Күллі әлем атын білетін ғалымға лаборатория меңгерушілігін қимаған, аға ғылыми қызметкер деген қорлықпен төмендеткен сол кездегі басшылардың атын атап, түсін түстейтін кез жетті ғой. Кімнен қорқады ағаларымыз?
Бірақ, бір шындық бар еді, ол — биікке көтерілген Ебекеңді қайтсем төменге сырғытамыз деп күн-түні үйқы көрмеген жандардың бейшаралығы. Өйткені, өмірдің өзі дәлелдеп бергендей, Ебіней Бөкетовтің мәңгі сөнбейтін Жұлдызға айналып кеткендігі еді. Бір өкініштісі, Бөкетовтің атына шетел ғалымдарының занды түрде жұлдыз бергендігің Қарағандыдағы мұра-жайдан да, бірде-бір кітаптан да кездестірмедік. Ұлы Мәжит те, келіні Халима да бізден естіп, ан-тан болды.
«Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, кейбір достары теріс айналып кетеді Ебекеннен. Қызметтен түскен соң.
«Желтоқсанның басында Қарағандыға Қазақ КСР ҒА президенті А. Аскаров келіпті, — деді бізге ұлы Мәжит, — ғалымдармен кездесу өткізеді екен. Әкем соңы естіп, өзінің шәкірті, химия-металлургия институтының директоры Ж.Әбішевке телефон соғады. Шәкірті «Қам жемеңіз, өзім көлігімді жіберемін» деп уәде береді. Келісілген уақытта көлік келмейді. Телефон шалынбайды. Әкем шыдамай, такси ұстап, кездесуге жетсе, өтіп жатыр екен. Өзін алданғандай сезініп, жан-жүрегі ауырып қайтады (Мәжиттің айтуынша, кейін Ж.Әбішев бірнеше мәрте о дүниелік болғанға дейін академиктің жансерігі Зүбайда апайдан кешірім сұрапты – ред.
Мақаламыздың басында Ебекеңнің жеті жасында орыс балаларынан қорлық көргендігін айттық. Осы жарты ғасырдай уақыт өткенде сол бір қасіретті оқиғаны өз қандастарының қайталауы ашы өксік пе, әлде қастаңдық па? Өкініштісі сол, бұл жолы ұстазы Августинадай ара түсетін дос табылмағандығы. Тума талант, ғұлама, адамзатқа тек жақсылық тілеуші, сезімтал, ақынжанды Ебекеңнің асыл жүрегі мұндай азапты, мұндай қорлықты, мұндай әділетсіздікті басқадан күтсе де ешқашанда шәкіртінен күтпесе керек...
Ертеңіне, тан атысымен жанындағы жалғыз «оққағары» Рикпен қыдырып жүріп, ерекше тұлға Ебекен, Сыр-аған айтқандай нар-адам есігінен 100 метрдей жерде құлап жатты. Ит те болса түйсігі мол Рик бір пәленің болғанын сезініп, өткен-кеткендерге абалап үріп, құлап жатқан алып адамға Зүкен екі өкпесін қолына ұстап жеткенше ешкімді жолатпапты...
Академик Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Еркін Көбеев мырза алдағы 23-24 наурызда академиктің 80 жылдығына арнап халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізетінін мәлімдеді. «Қамзекең Ебекеңнің артында 5 томға жүк болатын шығармасы қалғандығын ескерткен соң, баспадан шығарып жатырмыз, — деді ректор, — академиктің Алматыда туратын екі қызы Ақсулу мен Діләпүріз, осындағы ұлы Мәжит, інісі Қамзекең және өзге де достары шақырылды. Ебекеңе орнатылатын ескерткіштің іргетасы қаланады».
Университет басшысы қаржының өзі басқаратын оқу орнынан бөлінетіндігін де жасырмады. Біздің көңілімізді мазалаған сұрақ мынау еді: академик Ебіней Бөкетовтің мерейтойы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Алматыда не Астанада салтанатты жиын түрінде неге ұйымдастырылмасқа? Қашанғы інісі Қамзабай «Ебекеңнің еңбектері шықпай қалды» деп шырыл қағып жүре бермекші? Иманғали Тасмағамбетовтің «Мәдени мұрасына» Ебіней Бөкетовтің қатысы жоқ па? Қашан республика оқырмандары оның өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы кітаптарды оқу бақытына ие болады?
Таяуда Қарағанды облысының әкімі К.Мұхамеджанов мырза бұрын обкомда хатшы болған бір ақсақалды «Халық қаһарманы» атағына ұсынды деп шулап жүр білгіштер. Кәмекең әйгілі академик Ебіней Бөкетовті сол атаққа ұсынғанда, халық ырза болар еді ғой...
Түнде аспанға абайлап қараңызшы, ағайын, сонау ту-ту биіктен қазақтың нар тұлғалы азаматы, ғұламасы Ебіней Бөкетов жұлдыз боп жымыңдап қарап тұрған жоқ па екен?...
Достарыңызбен бөлісу: |