Иірсу аулы атауының тарихы
Топонимика – географиялық атаулардың шығу тегі, дамуы, қазіргі жай – күйі, мағынасы, жазылуы мен айтылуын зерттейтін ғылым. Алғашқы адамдар өздері өмір сүріп жатқан қоршаған ортадағы географиялық нысандарға атау беруге тырысқан, мұның кейбірі тарихи және әр түрлі себептерге байланысты өзгеріп отырады. Алғашқы адамдардың сөздік қоры аз болған, сондықтан олар \теңіз, көл, өзен\ барлығын су, ал, тау деп шың, қырат, төбені атаған – дейді біздегі қазіргі ғылыми еңбектер. Осы ғылыми тұжырымдар желісі Түлкібас ауданының Иірсу атауында көрініс тапқандай. Бұл алқаптың табиғаты әсем, орналасқан жері таудың басы. Иірсу алқабы аталған тау сілемінің бір басы Тәңіртауға жалғасса, екінші жалғасының сілемдері Қазығұрт тауымен адырлар арқылы байланысады. Осындай табиғи орналасуымен ерекшеленетін өлкенің Иірсу атауын естіген кез – келген адам толғанбай тұрмайды. Иірсу атын естіген немесе бір жерден оқыған кісіге, сөздің шығу этимологиясына байланысты жедел келетін тұжырым өзеннің иіріліп ағуына байланысты туған шығар деген ой туатыны заңдылық. Бұл ойымызды «Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының тарихы» атты еңбекте «ауылдың қасынан ағып өтетін өзеннің иір-иір болын ағатынынан, Иірсу аулы болып аталып кеткен» деген ой да қостайды. Өлке атауын естіп, көріп жүрген жергілікті жердің адамдары күнделікті күйбең тіршілік қамымен өздері өмір сүріп жатқан жердің атауының тарихы тереңнен сыр тартарына онша мән де бере қоймайды. Ал, өлкені көрген адам бұл тұжырымның мүлдем қате екеніне көз жеткізеді.
Ғалым Олжас Сүлейменов: «турк ыдук иері-субы». Мұның сөзбе-сөз мәні – «Қасиетті түрік жер – суы», поэтикалық нұсқасы «қасиетті турік елі» - деп анықтама бере отырып, иер-суб қос сөзінің орын ауыстырып суб-йер деп оқып, одан ары Субер, Сумер, Шумер сөздерімен байланыстырады. Дәлел ретінде «монғол аңызы әуелде әлемді топан су басқан кезде, одан Сумер-ула тауының қос шыңы ғана басын қылтитып тұрған екен делінеді» деген аңызды ескі шумер жазуындағы қос өркешті иероглифпен салыстыра таратып зерделеген. Бұл ойды академик Ә.Марғұлан «Академик Марр Бартольдтың айтуынша ескі шумерлер – моңғол, түркі тілінде сөйлеп, әдеті моңғол жұртының әдеті тәріздес болған» деп қостайды.
Иірсу талай көркем шығармаларға да арқау да болған, соның бірі «Қызыл Жебе» романынында қайраткер жазушы Шерхан Мұртаза: «Иірсу-Ақсу Жабағылының қақпасы. Ол жерді Дауылбай жайлайды. Иірсу – шұрат жайлау. Жан-жағы тау...» деп Рысқұл тағдырымен байланыстыра суреттеген.
Ал, жергілікті аңызға сөз берсек: «Иірсу жер мен судың кіндігі, олай болатын себебі әлемді топан су басқанда жаратушы иеміз осы тауды қойып шығып жатқан су көзін бекітіпті. Сондықтан бұл таудың астында Тұран ойпатын түгелдей басып кететін су қоры бар. Су көзін Түлкібас ауданы жағынан ашса, Түлкібас ауданы су астында қалады, егер де Төлеби ауданы жағынан ашса, Төлеби ауданы су астында қалады» деп әпсана да айтады.
Жалпы алғанда зерттеліп отырған алқап географиялық кестенің жаңа эрасына дейінгі топографиялық карталарда мұхит жағалаулары болғанға ұқсайды. Картада Африканың солтүстік бөлігімен, бүкіл Еуропа және Орта Азия жерлерінен Тәңір тауға, осы қазіргі Иірсу, Қазығұрт тауларына дейінгі аймақ шалқыған мұхит болғандығын көрсеткен. Бұл карта бүгінгі бізге қазақ халқының қытай елінде топан су болмаған деген аңызын дәлелдегендей. 1969 жылы шыққан «Көне түрік сөздігінде» су сөзінің төртінші баламасы мұхит деген мағына беретіндігі туралы жазылған. Ғылыми ой қорытқанда иір-жер, су-мұхит сондағы шығатын бірінші болжам мұхит жағасы, нақты айтқанда жағалау.
Екінші болжам, әлемді топан су басқан аңызға қатыстылығы туралы. Яғни, Нұқ пайғамбардың кемесі Жаратушының құдіретімен қасиетті Қазығұрт тауына қайырлағаннан кейін, телегей-теңіз су тартыла бастағанда ең алғаш көрінген жер болуы да бек мүмкін. Ойымызды дәлелі: аудан туралы жазылған «Алатау мен Қаратау қауышқан жер» деген еңбекте ботаниктер «Түлкібас жерінде дүние жүзіндегі барлық табиғи аймақтардың (природные зоны) үзінділерін (фрагменты) кездестіруге болады және Түлкібас ауданының жасыл жамылғысы мен флорасын өткен уақыттарға, дәуірлерге тән флоралар құрайды» деген көзқарастарын білдірген.
Үшінші болжам, топан судан кейін адамзаттың ардағына айналған қасиетті Иірсу жері кейін тәңірлік наным-сенім негізінде түркілердің Көк Тәңіріне арнап құрбан шалатын киелі орындардың алғашқыларының бірі болуы да ғажап емес. Қазақстанға белгілі топонимист ғалым Е.Қойшыбаев: «Қазақстанның жер-су аттары сөздігі» кітабында «Иірсу – тау суының аты (Жетісу өлкесіндегі). Көне түркілердің діни нанымдарымен байланысты атауы болатын да жобасы бар. Өйткені Орхон жазуларында ийр-суб атауы «су атасы» делінген жерлер бар және алтай тілінде «дьер су» да «әулие» сол мағынада айтылады» деп көрсеткен. Сондықтан да Түлкібас жерінде көп айтылатын «Құдайдың құдіретін көргің келсе тауға бар», «Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» деген нақыл сөздерінен көп нәрсені аңғаруға болады.
Ежелгі түркілерде алғашқы мінажат орындарының, яғни діни орталықтары тауларда болған және бұл үрдіс тәңірлік наным-сенім дәуірінде кең етек жайып, өркендеген. Мысалыға түркілердің «Ергенеқонда» темір өндіріп, өсіп-өркендеуі және тасаттық құдайыларын тауға барып беретіндіктерін айтсақ та жетерлік. Кейін уақыт өте келе ислам дінінің түркі халықтарына дендеп енуі, орта ғасырларда мінәжат орындар бар діни орталықтар таудан жазықтағы қалаларға және кішгірім елді мекендерге ойысқанын байқауға болады. Мысалыға біз қолданып жүрген мәдениет сөзінің түп-төркіні араб тіліндегі мадина (қала) сөзінен шығатындығы белгілі. Ислам діні қала мәдениетін әрі, мінажат орындарының орталықтары қалаларда болуын қолдайды. Себебі ислам дініндегі ең басты мінажат орын - Қағба қасиетті Мекке қаласында.
Сөзімізді түйіндей келгенде киелі «Иірсу» атауы «жер» және «су» деген қос сөзден жасалғандығы анықталады.
Қорыта айтқанда, Иірсу топонимикасына қатысты жоғарыда келтірілген барлық болжамдар мен тұжырымдар әлемнің жаңа дәуірінің басталуында жер-суға байланысты алғашқы қойған алғашқылардың бірі болған мекен атауы, берісі топонимикалық атау болғандығын да дәлелдейтіндей.
Достарыңызбен бөлісу: |