Таланттар



бет51/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   151
Таланттар

РУХАНИ ЖҮДЕУ ЖӘНЕ ТҮЛЕУ

Адамның айға барып қонуын өз жұртына әдейі көрсетпеген мемлекет СССР ғана. Діни кітаптарды оқи алмаудан рухани азғындауымызды былай қойғанда, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Жан жүйесін», Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық тіл туралы кітаптарын, тіпті Д. Карнегиді оқуға тыйым салып, кеңес адамдарын темір қыспақта ұстады. Төңкеріске дейінгі патшалық цензураны қанша жамандағанмен, оның шектеулі ережесі бар, белгілі тәртіппен жұмыс істейтін, түсінікті орын болса, ал кеңес цензурасы етек-жеңіңді бірдей тінткен, адамдарының бірін-бірі қалт жібермей аңдуына құрылған, түсінуге қиындатылған цензура болғаны аян. Батыс зерттеушілері оған «омни-цензура» (шексіз) деп ат берген. Кеңес цензурасы патшалық рухани қыспақ тәжірибесінен арылуды ойлаған жоқ, оны құйтырқыландыра түсті. Соның нәтижесінде Мағжанның «Педагогикасын» оқымаған мұғалімдердің талай буыны институт тауысты. Оны оқымағаннан рухани мүгедек мұғалім болып шыққанымызды несін жасырайық...


Бұрын естігенмен, ашып, парақтауға мүмкіндік болмаған Мағжанның «Педагогикасын» («Жұлдыз», 1992, 4-саны. Жариялаған Ш. Елеукенов) қолға алып отырып, ұстаздың мына сөздерін құлағына құйған мұғалім болса, бала өмірі қандай қуанышты болар еді деп ойлайсың:
«Тәрбиеші мен баланың арасы өте жақын болуға тиісті. Екеуі біріне-бірі шет, жат деп қарамасын. Екеуінің арасында сеніспеушілік болмасын. Бала тәрбиешіні мұңын тарқата алғандай, қуанышына ортақтаса алғандай, сырын шаша алғандай досым деп білсін. Бала тәрбиешіні осылай деп білсе, ол уақытта одан ешбір ойын, ешбір ісін жасырмайтын болады. Жасырмайтын болса, өтірік айту, алдау сықылды ұнамсыз құлықтарға орын да болмайды».
«Мән-жайды ұқтырмай, құр бұйрық беруші адам тәрбиеші емес... Тәрбиеші баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын».
«Бала тіпті сенімпаз болады. Сондықтан баланың, өз күшіне өзін сендіріп үйрету керек. Қолыңнан түк келмейді дей берсең, бала жасқаншақ, жасық болып қалады. Осыдан сақтану керек...»
«Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қаласа өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз».
Тәрбиенің түпкілікті мұратын қазақ мұғалімдеріне Мағжандай жеткізе алған адам жоқ-ау деп ойлаймын. Мағжанның педагогикасы – саясаттың құлы болмаған, асқақ, адамшыл педагогика. Бүгінгі күннің іздеп отырған, заманға сай тәрбиесі. Талантты адам қай жерде де талантты ғой. Мағжан ағамыздың бұл кітабын оқып отырып, сұлу жанды, жылы жүректі осы адамды ұстаз болуға туған екен деп ойладым. Бәлкім, Мағжандай ұстаз болу үшін сондай ақын болу керек шығар. Ақын жүректі ұстаздан басқа адам мына сөздерді жаза алар ма еді? «Фантазия» деген ұғымды былайша түсіндіріп, құлаққа құйып бере алар ма еді!
«Фантазия әдемілік сезімін тереңдетеді, біз неше түрлі әдеміліктерден фантазия арқылы ғана лэззат аламыз. Фантазиясыз адам өмірі өңсіз, түссіз бір нәрсеге айналады, мақау өмірге үн беретін, сақау өмірге тіл беретін, жоқты бар қылатын, барды гүлді, көрікті қылатын, арсыға аяқ басқызып, тәңірмен тілдестіретін сол фантазия. Осы фантазияны қазақтың терең сыршыл ақыны Шаһангерей Бөкеев мынадай деп суреттейді:
Таудағы тас ұядан,
Лашындай сарқан қиядан,
Шалқып сезім шығады.
Ұяласым пікір-қиядан.
Аспандап қиял кетеді.
Шыққан оқтай жаядан,
Жасындай барып жалт етіп,
Көк қақпасын ашады.
Жарығына алданып,
Дидарға қадам басады.

Мағжандай ұстаздар алдымызда жүргенде, жетпіс жыл бойы ұрпағымызды рухани жағымпаздыққа, жігерсіздікке тәрбиелеуге жіберер ме еді? Сондықтан да тек өз дегенін орындататын тоталитарлық үкімет халықты жуасытып ұстап, жасытып тәрбиелеу үшін тірек болар азаматтарынан айыруға тырысқан. Өзі ғана емес, еңбектерін де құрдымға жіберген. Құрдымға кеткеннің бірі – Мағжан педагогикасы елінің өр азаматтарын тәрбиелеуге бағытталған болатын. Сөзіне құлақ түрейік: «Жасында қорқытылып үйренбеген бала өскенде ер болады. Ер болу – үйренуден. Баланы ұрып-соғу – тіпті адамшылыққа ұнамайтын іс. Ұрылып-соғылып тәрбие қылынған бала жанының бар жақсы мінездерінен, ақылынан, ісінен айырылып, миғұла болады. Өтірікші, алдаушы болады, су жүрек, жасқаншақ болады».


«Әрбір елдің заңында ұялтуға негізделген жаза нағыз қатты жаза деп саналады. Сондықтан тәрбиеші баланы ұялтып, жаза қылуға өте сақ болу керек. Ұялту, келемеж қылу баланың жақсылыққа, жоғарылыққа ұмтылуын, барлық ынтасын байлап, өлтіріп, баланы жасық, ынжық қылады, бала қорғаншақ, өзіне-өзінің сенімі жоқ, жасқаншақ болады. Ұялу сезімінің қарсысы – өзіне-өзі разы болу сезімі».
Қазіргі мектептегі қорқыту мен ұялту арқылы тәрбиеленген ұрпақ – Мағжан «Педагогикасынсыз» өскен ұрпақ. Мағжанның «Педагогикасы» әлдебір оқулық кітаптардай орысша тәрбиенің көшірмесі емес, қазақ баласының жан-күйімен қабысқан, ұлт болашағына шырылдаған нағыз ұстаздың қолынан шыққан. «Қазақтың екі жауы бар, бірі – дос жауы, екіншісі – қас жауы»,– деп Асқар Сүлейменов жазған екен, қазақтың Абайдан кейінгі дос жауларының бірі Мағжан болар. Ұлт қамын ойлағаннан бірде жан айқайын ұстазға қаратып айтса, бірде ата мен анаға арнайды. Келеңсіздікті бетке басуға келгенде, аямайды: «Баланың маңайында сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті. Былық сөздерді естіп өскен бала өмір бойы былық, былапыт тілді болады. Отағасы-ау, бала-шағаның алдында былық, былапыт сөздерді сапырып сөйлегеніңді қой. Қайдағы құдай атқан сөздерді естіп өскен ұлыңда қандай әдеп болады, қызыңда қандай қылық болады?!»
«Жер жүзінде біздің қазақтың денесінен, қазақтың жүріс-тұрысынан жексұрын дене, жексұрын жүріс-тұрыс кемде-кем-ақ шығар. Аяғы қисық, жауырыны қушық. Ақыл қарында тұратындай-ақ, қарыны буаз биенің қарынындай салбырап жатса, би болады-мыс! Семіз болып пысылдап отырса, айбынды адам болады-мыс... Осыларды көріп, өскен қазақ баласының денесінде не сұлулық болады. Қазақ! Жұртқа күлкі болмайын десең, бұл мінездеріңді таста, балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір».
Дүние әлемдік тәрбиеде уақыттың небір өзгерме сындарынан сыздықтап өтіп, адамзат рақметіне бөленген ескірмейтін тәрбие-адамшылық тәрбиесі. Баланы кішкентайынан адамдарды алалауға, тап-тапқа бөліп, жауластық іздеуге, бірін мақтап, бірін даттауға тәрбиелеу адамшылыққа жат болмақ. Ондай тәрбиеден шыққан ұрпақ дүниеден – ылғи да «жау» іздеп тұрмасына кім кепіл? Сондықтан тәрбиені саясаттандырудың барлық тәжірибесі уақыт сынынан өте алмаған. Соңғы ғасырымыздың айтулы ізденістері болып табылатын Штейнер мен Монтессори тәрбиесі ұлы гуманизмге негізделген. Ал қазақ тәрбиесінде Мағжан «Педагогикасы» адамшылықтың үлгісі дер едім. Оған ұстаздың мына сөздері куә:
«Адамның шын мағынасымен «адам» болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт... Өз елін сүю дегеннен – адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды. Бұлай болса, жер қанға тұншығып, бұзақылық белең алып, жауыздық өрлеп, жер жүзінде тыныш тұрмыс болмас еді. Европа мемлекеттерінің мына 1914 жылдан бері қан төгіп жатқаны, одан бұрынғы да соғыстар бұган айқын дәлел. Әрбір халық бір-біріне жау болсын деп ұғу – хата. Адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті. Міндетті ғана емес, еріксіз сүймек. Бұл – адамның жаратылысындағы негізгі мінез».
Бұл сөздерді адамды сүйген адам ғана жазуы тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   47   48   49   50   51   52   53   54   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет