КІШКЕНТАЙ ПРОФЕССОРЛАР
Мектептің ашылуы мен үшін өмірге өлең келгендей еді. Бар ғұмырыңды ұстаздықпен өткізіп келе жатқан соң, басыңа түрлі ой келеді. Әр түрлі идея мен мұндалайды. Көп жылғы идеямыздың құлы болдық. Жақсы идеяға жол ашық деп сенгендік. Күйкі жандардың да болатынын, олардың: «Мынау қайдан келген адам өзі, біздің ортамыздан неге мектеп ашады?» дейтінін есептемедік, ойламадық.
Бастап қойған докторлық диссертациядан да маңыздырақ көрініп еді бұл іс. Мұрнын сүрте алмай жүрген ауылдың қара домалағын алақанмен көтеріп апарып, әлемге шығармақшы болдық. Фанатизмге, донкихотшылдыққа берілдік. «Адам бойындағы ең жақсы қасиет – елден ерек бір нәрсені істеуге талпыныс» дейді ғой. Соған қанағат етеміз.
Жақсы ісіміз заманның қиындығына тура келді. «Бізде бұдан да гөрі маңыздырақ істер бар» деп менменсігендерден қолдау көре алмады. Көрмегендей болған ортаның қысымына шыдау қайда, өз инерциясымен келіп жабылды. Ең алдымен «шатыр» керек екен, «шатырдың» астындағы жайлы жерден бюжетке кіріп, одан соң кредит алып бастағанда, әлдеқандай болар еді. Мұның бәрі де біз үшін аспандағы айдан да алыс еді. Ел байысын, заман түзелсін деп күтіп отыра берсек, бұл жұмысты қай уақыттта бастар едік. Енді он жылдан кейін бе? Қынаптағы қылышты дер кезінде суырмаса, тот басады. Әдемі ойды жарыққа шығармаса, тұншығып өледі. Ой өзімізбен бірге өлер еді. Жарыққа шықты. Өкініш жоқ.
Егер біреу менен: «Ашқан мектебінің жетістігі не сонда?» – десе, былай дер ем.
«Рейтингтен ең жоғары балл жинағандарыңды Алматыға апарып, өзім қыдыртамын», – дедім бірде балаларға. Тоқсанның қорытындысы жарияланды, үлкен параққа жазылған балл саны фойеге ілінді. Алдына барып, бәріміз үңіліп тұрмыз. Күні бұрын білсем де, у да шу балалардың арасында тұрып, жаңа көргендей болған қандай қызық! Бір кезде суырылып Айдарбек шықты. Динара алақанын шарт еткізді, қызара күлімдеді. Мұхиттың екі езуі екі құлағында.
– Ура! Алма бибі, уәдеңізді ұмытқан жоқсыз ғой.
Ертеңіне университетте сабағым бар еді. Соны да пайдаланып, балалардың естерінде қаларлықтай бір мейрам жасағым келді. Таңертең ақ «Жигулиді» жалтыратып жуып, рульге отырдым. Әдемі киіндім. Мектеп алдында күтіп тұрған балаларды «ах!» дегізіп, мінгізіп алып, қара жолмен зымырап, Алматыға жеттік. Университеттің ішін аралатып, лифтімен ең жоғарғы 15-қабатына шықтық. Алатаудың басында қар жатыр. Төменде құмырсқадай жыбырлаған адамдар көрінеді. Заңғар биікті бірінші көріп тұрған балаларыма:
– Естеріңде болсын, сіздер осы университетте оқитын боласыздар. Сол кезде 15-қабатқа шығып, осылай қарап тұрасыздар, – дедім. Балалар елпілдеп жүгіріп, ентігіп ойнаған жоқ, сабырлы қалыппен алысқа қарап тұрып, бас изеді.
Одан шығып, сабаққа келдік. Аудиторияның арт жағында сымға тізілген торғайдай болып, «кішкентай профессорларым» отыр. Алдыңғы жағында – 1-курс студенттері. Мектепті жаңа бітіріп келген балалар. Әдебиет тарихының бірінші сабағы.
– Бұхар жырауға дейін жазба әдебиет болған ба? – деймін. Үндемейді. Білмейді. Білмеуі заңды, өйткені мектепте ол жағы оқытылмаған. Осы кезде шыдай алмай кетті ғой деймін:
– Алма бибі, мен айтайыншы, – деп шіңкілдеген «кішкентай профессорларым» қол көтере бастады.
Алдарындағы 1-курс түгел бұрылып, артқа қарады. Көптің назар аударуы олардың мысын баса алған жоқ. Айдарбек тайсалмай, елу студеттің алдына шықты. Тоқталмай 15 минут сөйледі. Жазба әдебиеттің тарихы V-VІІІ ғасырдан басталатынын, Орхон жазулары, Қорқыт ата бар екенін, Баласағұни, Ясауи кітаптарын шолып өтті. Тұмар патша мен Заринаны, сақ аңыздарын да ұмытқан жоқ.
Студенттер таңғалғанын жасыра алмай, қадала қарап қалыпты. Кейбіреулері ұялғанынан, алдындағы қағазды сызғылай бастады. Мен қуаныштан өзіме әрең ие болдым. Мейрамды олар маған жасады. Бір үзілістен соң, Самал мырзаның құзырына тапсырып, сабақ біткенше қыдырыстай тұруға жіберіп, қайта кіргенімде, студенттердің сұрағы:
– Нешінші сыныпта оқиды? – болды.
– Сегізінші сыныпта.
Әсіресе таңғалдырғаны «кішкене профессорлардың» ауыл баласына тән бұйығылықтан ада, үлкен кісідей сабырлылығы, ішкі сезімінің мықтылығы еді.
Бұл талай таңғалдырулардың біреуі ғана.
Үш жылғы еңбектің жемісі осылар деп білемін.
Достарыңызбен бөлісу: |