Тәрбие сағатының тақырыбы: Ұлттық валюта - теңге
Мақсаты: Қазақстанның ұлттық ақшасына көшу тарихы, оның маңызын түсіндіру. Төл теңгенің тарихы, өз ұлттық теңгеміздің айналымға кіруі, қалай, кімдер жасағаны туралы мағлұмат беру. Оқушылардың Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қол жеткізген жетістіктеріне мақтаныш сезімдерін ояту.
Барысы
Ұйымдастыру.
Кіріспе. Мұғалім сөзі:
Әнұран бар ұрпаққа өсиет шашқандай,
Теңгеміз бар тайға таңба басқандай.
Көк байрағым көкте биік желбіреп,
Бірлікке бізді шақырып жатқандай!
Әнұран орындалады.
- Балалар біз қай елде тұрамыз?
- Қазақстан қандай мемлекет? (тәуелсіз, егеменді мемлекет)
- Биыл тәуелсіздігімізге неше жыл? 31 жыл. Жарайсыңдар балалар! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік.
Тәуелсіз елдің өзіндік қасиетті нышандары қандай? (Ұлттық тілі, Ата заңы, туы, Әнұраны, елтаңбасы, төл теңгесі болуы керек)
- Балалар біз бүгін өздерің айтқандай төл теңгеміздің тарихы туралы әңгімелесеміз.
Теңге Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы. Ұлттық валюта мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігінің айғағы, нышаны болып табылады. Биыл 15-қараша ұлттық валютамыздың айналымға кіргеніне 29 жыл толды. Осы іс-шараға байланысты 3-сынып оқушыларымен дайындаған «Ұлттық теңге – ел тәуелсіздігінің символы» атты ашық тәрбие сағатын ашуға рұқсат етіңіздер.
II. Негізгі бөлім.
Қазақстан Республикасы - егеменді, тәуелсіз демократиялық мемлекет. Оның өз Ата заңы, мемлекеттік рәміздері, ұлттық валютасы бар.
Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі – ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы. Ақша – асыл қазына, халық байлығы.
Халқымыз теңгені бұрын да пайдаланған. Ерте замандарда теңгелерді Түркістан, Тараз қалаларындағы арнаулы шеберханаларда жасаған.
1993ж. 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» жарлық шығарды. Ұлттық валютаны «теңге», ал оның жүзден бір бөлігін «тиын» деп атауды сол кездегі ҚР Жоғары кеңесі комитетінің төрағасы Сауық Тәкежанов ұсынған еді.
Теңгенің де өз шығу тарихы бар. Ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Теңгенің 16-ға жуық құпия қорғанысы, белгісі бар. Ұлттық валютамыздың дизайнын жасаушы авторлық топтың жетекшісі Тимур Сүлейменов болды.
Ең алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жер асты қоймалары дайындалған. Оларды төрт ИЛ-86 ұшақтары тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға 18 рет ұшып барып-қайтып келген. 1993 жылы қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шықты. Қарашаның 12-сіндегі Президент Жарлығынан 3 күннен кейін, яғни 15-қарашада теңге айналымға енді.
1993 жылы Алматыда құрылысы басталған банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. 19 мамыр 1995 жылы ресми ашылу рәсімі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев осында басылып шыққан алғашқы миллион теңгені бүкіл Қазақстанға көрсетеді. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өз елімізде басып шығарады.
Ұлттық теңгеміздің шеттері қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген. Бірінші бетінде қазақ халқының әйгілі ұлы тұлғалары бейнеленген. Екінші бетінде ою-өрнектер, табиғат көріністері бейнеленіп, елтаңбамыз салынған.
1992 жылы теңге дизайнындағы бейнелер бекітілді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте – Абай, елу теңгелікте – Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынған.
Ұлттық валюта – теңге банкноты және монета түрінде айналысқа енгізілді. Банкнота – Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета Өскемендегі монета сарайында дайындалынып шығарылады.
Қазіргі таңда мынадай купюралардағы теңге, тиындар айналыста жүр: 500, 1000, 2000, 5000, 10000, 20000 теңге, тиыннан 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100,200 теңге.
1-тапсырма. Ақпараттық қағазды толтыру.
Ұлттық валюта атауы – теңге
Туған жері: Қазақстан
Туған айы, күні, жылы: 15.11.1993
Жасы: 29 жыл
Авторлар тобы: М.Әлин, Х.Ғабжәлелов, Т.Сүлейменов.
Алғашқы шығарылған орны: Англиядағы «Харрисон энд санс»
Номиналдары: 1,2,5,10,20,50,100,200,500,1000,2000,5000,10000,20000
Ұлттық теңге – егемендігіміздің айрықша белгісі, төл теңгеміз, ұлттық валютамыз, ұлттық ақша бірлігі, ұлттық мақтанышымыз, заңды төлем құралы, асыл қазынамыз, еліміздің даму көзі, ұлттық табыс кепілі, тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді, ұлттық құндылығымыз.
Яғни, ұлттық теңгемізді - ұлттық құндылық ретінде бағалап, егемендігіміздің айрықша белгісі ретінде – мақтаныш сезімімізді жүрегімізге ұялата білуіміз – бәріміз үшін парыз деп санаймын. (Топтық жұмыс қорытындыланады.)
2. Мақал – сөз мәйегі.
1. Теңге тиыннан өсер, Жылқы құлыннан өсер.
2. Ақша кетуге тырысады, Есеп ұстауға тырысады.
3. Ақша болса – алақанда сорпа қайнайды.
4. Ақша ашпайтын құлып жоқ.
5. Ақшада көз жоқ.
6. Ар-намысы таза адамның ақшасы аз болады.
1.Тиыннан ... құралады. (теңге)
2.Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын
3. ... тиыннан өсер.
Жылқы құлыннан өсер. (теңге)
3. Көрініс. Саябақта серуендеп кележатқан 2 достың әңгімесі.
2 дос саябақта келе жатып, 1 еуі кенеттен жерге еңкейіп, 1 теңге тауып алады. 2-шісі оған:
- оны қайтесің, оған ештеңе сатып ала алмайсың,-депті. Сонда досы былай деп:
- Мен елтаңбамды көтеріп жатырмын. Елтаңбамыздың еңсесі биік, көк байрағымыз көгімізде қалықтай берсін дейік. Ұлттық теңгеміздің – ұлттық құндылығы жоғалмасын. Елімнің мәртебесін аяқ асты етпей жоғары көтеріп жүру – өз басым парызым деп білем, - жауап беріпті.
4. Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы.
Достарыңызбен бөлісу: |