Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Отандық тарих ғылымының методологиялық мәселелері



Дата22.02.2016
өлшемі51.5 Kb.
#85
Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Отандық тарих ғылымының методологиялық мәселелері.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.

Аңсатова М.Н., т.ғ.к., прфессор.

Абдразакова А.У., аға оқытушы
Қызылорда қаласы
Отандық тарих ғылымы еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген түбегейлі өзгерістер мен жаңаруларды басынан кешіруде. Оның басты көрінісі-тарих ғылымының бұрынғы идеологиялық қыспақтан арылып, ғалымдарымыздың төл тарихты түбегейлі зерттеуге бет бұрғаны дер едік. Басқа да ғылым салалары сияқты Қазақстан тарихы ғылымының теориялық-методологиялық негіздеріне жаңаша талдау жасаудың қажеттілігі айқындалып отыр. Ұлттың өзін-өзі тануының бір жолы-төл тарихын білу деп білсек, бүгінгі қазақтың өз тілін, тарихын ізденуі заңды процесс. Ендеше, осындай ұлттық сұранысқа лайық шынайы Отандық тарихты жазуға тиіспіз. Қазіргі кезеңде Қазақстан тарихының методологиялық мәселелері жаңаша зерделеуді қажет етеді.

Отандық тарих ғылымының ең басты методологиялық мәселесі-Отандық тарих ғылымының міндеттерін нақты айқындап алу болып табылады. Қазақстан тарихының басты мақсаты-қазақ ұлтының тарихын зерттеу, жазу болуы керек. Екіншіден, Отан тарихындағы методологиялық мәселелердің бірі-тарихымызды қандай көзқараспен жазамыз.Профессор Т.Омарбеков «Қазақстан тарихы және тарихнамасына ұлттық көзқарас» атты еңбегінде Қазақстан тарихын жазудың үш бағытын көрсетеді. Алғашқы бағыт, Қазақстан тарихын адамзаттық тарихтың жалпы бір бөлігі ретінде қарастыру, яғни тарихымызды ұлттық, этникалық, дәстүрлік ерекшеліктерді екінші қатарға қойып, қазақ қоғамын «жалпы адамзаттық қоғам»деп танушылар. Екінші көзқарас- тарихымызды этностық негізде жазу.Яғни Қазақстан немесе Қазақ тарихын түрік этносының бір бөлігі ретінде жазу. Үшінші көзқарас – Қазақстан тарихын қазақ халқының тарихы ретінде қарап, республика тарихын жазуды, ең алдымен қазақ халқының ұлттық мүддесін, мәдениетін, дәстүр-салтын, ұлттық мемлекет құру тарихын алғашқы орынға қойып, осындай ұлт мәселелеріне баса мән беру. Автор әрі қарай осы үш түрлі тарихымызды жазу бағыттарының әзірге қайшылықта екендігін ұмытпауды ескертеді. «Шындық кімнің жағында. Бұған біз төреші болмай қоя тұралық. Бірақ айтарымыз, қазақтың тарихын қазақтың өзі ана тілінде және шынайы жазуы керек»,-дейді[1.10б.]

Келесі методологиялық мәні бар мәселе-тарихымызды белгілі бір жүйеге сүйеніп жазу туралы. Кеңестік жүйе кезінде тарих ғылымының теориялық, методологиялық негізі марксизм-ленинизм ілімі болғандығы көпке мәлім. Тарихымыз сол кезеңде «жоғарыдан» берілген идеологиялық нұсқаумен жазылып келген, таптық және партиялық принциптерді басшылыққа алып, халықтың тарихы болудан гөрі партияның тарихы болуға күш салды. Оның үстіне біздің тарихымыз маркстік-лениндік бес қоғамдық - экономикалық формация іліміне негізделген тарихқа айналды. Осы негізде маркстік-лениндік методологиялық жүйе кеңестік тарихтың бірден-бірғылыми негізі болып мойындатылды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшылар кеңестік кезеңдегі бір жақты идеологиялық ұстанымдар мен методологиялық принциптерден бас тартуға мүмкіндік алды. Ең бастысы, тарихымызды жазудағы таптық және бес формациялық принциптерден бас тарттық. Тарихи аренада маркстік-лениндік формациялық методологиямен тайталаса, тартыла келе жатқан өркениеттілік методологиялық жүйеге бет бұрдық. Бұл методологиялық жүйе бойынша, тарихи процестің құрылымдық бөлшегі-цивилизация. Цивилизациялық дәуірлеу жүйесінің жоғарыда айтылған методологиялық нұсқадан өзіндік ерекшелігі, ғылыми артықшылығы-қоғам тарихын зерттеуде әрбір ел, халық, аймақтық өзіндік сын-сипатын, болмысын ескеру, яғни универсалдық үлгі ұстану, осы негізде тарихи тағдыр желісін, көп тінді (многолинейность) және көп тармақты процесс деп түсіну. Егер біз өркениеттілік көзқарас қабылдасақ, сонда жаңа көзқарас қандай методологиялық негізгі принципті басшылыққа алуы керек? Қазақстан тарихнамасы методологиясының басты принципі-«тарих-адамның іс-әрекеті» деген методологиялық принципті басшылыққа алуымыз керек.

Профессор Т. Омарбеков: «Тарих-адам қызметі» принципі сонымен қатар, саяси, географиялық, ұлттық, этностық, жалпы адамзаттық көзқарастың бәрін аясына сыйғызып жіберетін түсінік. Бұл принцип бізді маркстік-лениндік «аурулардан айықтыруы мүмкін. Бірақ ұлттық санамызды көтеруге, ұлттық мемлекетімізді нығайтуға тірек болады деп үміттеніп жатқанымызға бұл қағида тікелей қызмет ете алады ма? Осыны да ойласқанымыз жөн» -дейді. [1.20б.]

Бүгінгі таңда қазақстандық тарихшылар зерттеудің маркстік-лениндік методологиялық принциптерінен бас тарита тұрса да, жаңа тәуелсіз методологияға әлі толық көше алмай отыр. Бұл олардың теориялық дайындықтарының төмендігінен деп ойлаймыз. Тарихымызды жазудағы келесі бір принципті маңызы бар методологиялық мәселе – ол тарихымыздың қалай жазылуы туралы мәселе. Басқа да халықтар тарихы сияқты, қазақ халқының танымдық маңызы бар объективті тарихы да, тек ұлттық төл деректер негізінде және оларды ғылыми өңдеуден өткізу туралы, яғни деректану арқылы ғана жазылуы мүмкін. Ал ол деректерді қайдан аламыз? Ең алдымен-ауыз әдебиетінен, фольклордан аламыз. Ауыз әдебиеті туындылары, аңыз-жырлар, батырлар жыры мен дастандар мәліметтері әлі күнге толық ғылымға тартылды деп айта алмаймыз. Жазба деректердің де ғылым үшін маңызы ерекше. Қазақтың төл жазба дерегін пайдалану үшін қазақ тілін білу керек, деректану ғылымын дамыту қажет. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған қазіргі мақсат-деректану ғылымын қалыптастыру арқылы тарихшы мамандар даярлау болуы тиіс,- дейді. Демек, ұлттық деректерімізді тарихымыздың негізгі көзі ретінде пайдалана білетін кәсіпқой тарихшы-зерттеушілер дайындау қажет. Ал, бірақ сол кәсіпқой-тарихшылар кімдер? Тарихымыздың ғылыми негізі неде? Қ.Атабаев оған былай деп жауап береді: «Менің түсінігімше, кәсіпқой тарихшы дегеніміз, ол ауызша, жазбаша т.б. формаларда дүниеге келген деректермен жұмыс істей білу тәсілін меңгерген, деректерден шынайылық деңгейі жоғары мәліметтер ала білетін, яғни деректану ғылымын терең меңгерген тарихшылар. Ал, тарихымыздың ғылыми негізде жазылуы дегеніміз оның деректану арқылы жазылуы деген сөз. Демек, деректану дамып, тарих ғылымындағы өз орнын алмай, шынайы тарих жазу туралы сөз болуы да мүмкін емес».

Қазақстан тарихының кезекті методологиялық мәселелерінің бірі-Қазақстан тарихын кезеңдеу мәселесі. Кеңестік кезеңде маркстік-лениндік ілімге сәйкес қоғамдық-экономикалық формациялар алмасуына негізделген Қазақстанда дәуірлеу мәселесі де тәуелсіздік кезеңінде қайта қарастырыла бастады. Бірақ, тарих ғылымының теориясы мен методологиялық деңгейін көрсететін дәуірлеу мәселесі жөнінде қазастандық тарихшылар әлі күнге дейін ортақ тұжырымға келген жоқ. Мұның өзі мәселенің маңызы мен өзектілігін айқындап, көтерер жүгінің ауырлығын көрсетеді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мәселені алғаш рет әрі кешенді түрде көтерген тарихшы-академик М.Қ.Қозыбаев болды. Ол өзінің «Ата тарихы туралы сыр» атты Дүние жүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайында оқыған баяндамасында Қазақстан тарихын тоғыз «асқаралы белестерге» бөлген еді. Олар: [2]

1.Адам баласы қазақ сахарасында пайда болып, өмір сүрген белес;

2.Сақ, үйсін, қаңлы, алшын, ғұндар заманасы;

3.Түркі тектес тайпалар дәурені;

4. Қыпшақ белесі;

5.Моңғол үстемдігі;

6.Қазақ хандықтар: халық, ұлттың қалыптасуы;

7.Отаршылық бұғауында;

8. Қазақ халқы кеңес империясының уысында;

9.Қазақ халқы егеменді ел болған шағында.

Академик М.Қозыбаев нұсқасы бүгінгі таңда жарық көрген Қазақстан тарихының алғашқы 3 томы мен көптеген оқулықтарға, оқу құралдарына негіз болғаны анық байқалады. Мұны тарих ғылымының докторы Х.Әбжанов та дөп басып байқап, өз еңбектерінде дұрыс атап көрсетеді. Белгілі тарихшы Т.Омарбеков «Тарихымызды қалайжазамыз?» атты мақаласында ел тарихының өзекті мәселелерін көтере отырып, отан тарихын дәуірлеу қажеттілігін алға тартты. Ол осы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Кентбеков Салауаттың еңбегіне[3] талдау жасай отырып, зерттеуінің нәтижелеріне қолдау білдіреді. «Тарихымызды,-дейді Т.Омарбеков,-дұрыстап эраға, дәуірге, кезеңге және этапқа бөліп алмай, олардың әрқайсысының берік теориялық және методологиялық негіздерін жасамай тарихты жазу ақиқаттан алыстата түсетінін ұмытпайық. Ал мұның өзі тарихнама деген ғылымды өркендете түсуді қажет етелі. Онсыз біз тарихымызды жүйелеп жазуға қол жеткізе алмаймыз» [1.12б]. С.Кентбеков өз зерттеуінде тарихты дәуірлерге бөлудің әлемдік дәстүрлі негіздеріне арқа сүйейді. Дәуірлеудің негізгі төрт бірлігін: эра, эпоха, период (кезең) және этап (саты) деп көрсетеді.

Т. Омарбеков кеңестік уақыттағы Қазақстан тарихын төмендегідей 3 дәуірге және дәуірді кезеңдерге бөледі: [1.14-15бб.]

1.Қазақстан: жол таңдау (1917 жылғы ақпан-1920 жылғы тамыз).

2.Қазақстан кеңестік әкімшіл-әмәршіл империя құрамында (1920 ж. Тамыз-1991 ж. желтоқсан)

3.Қазақстан тәуелсіз мемлекет (1991 ж. Желтоқсаннан бүгінге дейін).

Ал, т.ғ.д., проф. З. Алдамжар өз мақаласында [4] тарихи методологиялық жүйенің өзекті қағидаларының бірі тарихты дәуірлеу әдісі және оны жүргізу принциптері мен шартты өлшемдері туралы өз ойын ортаға салады.з. Алдамжар дәуірлеудің ұғымдық анықтамасын тұжырымдау үшін бұрынғы таптық методология шырмауынан арылу қажеттігін, арыла алмасақ, өндірістік күш пен өндірістік қатынастың арасындағы байланысын ғана негізге алып, сол ескі сарындағы экономикалық болмыс шеңберінде шектеліп қалатындығымызды ескертеді.

Отан тарихын дәуірлеу мәселесіндегі ең кешенді де көлемді еңбектерді проф. Х.Әбжанов жариялады. Ол өз мақаласында [5] дәуірлеудің анықтамасы мен өлшемдерін ортаға салады және Қазақстан тарихын өзінше белестерге бөледі. «Отан тарихын дәуірлеу дегеніміз – тарих ғылымының теориясы методологиялық өресін көрсететін, таным биігіне көтерілу жолындағы атқарылған істер мен алдағы міндеттерді айқындайтын жауапты сәт. Екіншіден, ол күрмеуі күрделі тарихи-өркениеттік үрдістердің бастысы мен екінші кезектігін, негізгісі мен қосалқысын айырып тануға мүмкіндік береді»,-дейді Х. Әбжанов. Тарихшы – ғалым Отан тарихын төмендегідей алты белеске бөледі:



  1. Көне Қазақстан (б.э.д.800 мың жылдан – б.э.д. 5 ғ. аралығы)

  2. Түркілену, исламдану, қазақтану дәуіріндегі Қазақстан (б.э.д. 5 ғ.-15 ғ.)

  3. Қазақ хандықтары немесе табиғи – дәстүрлі даму дәуірі (15 ғ. Ортасынан 17 ғ. 30 жылдарына дейін)

  4. Зарзаман дәуірі (1731-1917 жылдың қазаны)

  5. Зорлық пен модернизациялау дәуірі (1917 ж. Қазаны-1991 ж.)

  6. Азаттық дәуірі (1991 жылдың желтоқсанынан бері қарай).

Сонымен жоғарыда айтылғандарды қорытып айтар болсақ, төмендегідей тұжырымдарға тоқталар едік: кезеңдер мен сатыларға бөлуде тәуелсіз қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңдерінің теориялық-методологиялық мәселелерін көрсетудің өз қиындықтары барын түсіндік. Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлу төңірегінде тәуелсіздік жылдарында тарихшылар өз көзқарастарын білдіріп, кезеңдеудің түрлі әдістерін ұсынуда. Болашақта Қазастан тарихын дәуірлеуге байланысты ғылыми тұжырымдар Отан тарихынан берік орын алуға тиіс.

Қорыта айтқанда, Отандық тарих ғылымын ұлттық мүддеге сай түбегейлі қайта құру қажет. Тарихымызды қайта қараудың және жаңаша жазудың мәселелері аса күрделі. Маркстік, таптық концепциядан бас тартып, жаңа методологиялық принциптерді іздестіруге бас бұрған отандық тарихымыздың және тарихнамамыздың методологиялық және теориялық мәселелері аз емес. Жаңа жағдайда таптық көзқарастан өркениеттік бағытқа көшер болсақ, мұнда да теориялық тұрғыдан әлі де анықталмаған мәселелер баршылық.



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Омарбеков Т., Омарбеков Ш. «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» Қазақ университеті. Алматы:2004ж.

  2. Қозыбаев М. Ата тарихы туралы сыр. // Егемен Қазақстан. 1992, 3 қазан.

  3. Кентбеков С.К. «Проблемы историографии и основные принципы периодизации истории досоветского Казахстана». Авторнферат диссертации канд.истор.наук. Алматы,1997 3-8 сс.

  4. Алдамжар З.Тарихымыжды білімдарлықпен қалыптастыру келешек үшін қажет. // Егемен Қазақстан, 1998,3 шілде.

  5. Әбжанов Х. Отан тарихын кезеңдерге бөлу мәселемі. //Отан тарихы, 2003,№1, 45-51 бб.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет