Т.ғ. к., доцент Бюжеева Б. З., т.ғ. к., доцент Алипбаев А. Р



Дата17.07.2016
өлшемі60.57 Kb.
#205514
Политология/ Региональные политические процессы

Т.ғ.к., доцент Бюжеева Б.З., т.ғ.к., доцент Алипбаев А.Р.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Қазақстан Республикасы

Халықаралық ұйымдардың қазіргі кезеңдегі

бітімгершілік қызметі

Халықаралық қатынастар жүйесінің әр кезеңінде мемлекетаралық қақтығыстар өзіндік орын алып келді. Тіпті саяси даму үдерісінің құрамдас бөлігіне айналды десе болады. Қақтығыстардың алдын алу, олардың шешу жолдарын қарастыру, болашақта болдырмауға ұмтылу әр елдің басты саяси бағыттарының бірі.

Дегенмен бүгінгі әлемде қақтығыстардың орын алуы заман шынайлығы. Өйткені бір нысанаға қатысты мүдделердің қарама-қайшылығы қақтығыстардың негізгі себепкері екендігі белгілі. Қақтығыстардың себебі жалпы алғанда қақтығыстың шығуын, пайда болуын алдын ала айқындайтын немесе болжайтын құбылыс.

Жалпы қақтығыстар қажеттіліктен туындайды. Егер қажеттілік қанағаттандырылған болса, ешқандайда шиеленіс те, дау-дамай да орын алмас еді. Сонымен бірге барлық қайшылықты мүдделер қақтығыстардың себебі болады деп қорытынды жасау да қате. Тек қатысушы тараптарды ымыраға әкеле алмайтын мүдделер ғана қақтығыстардың себебі болады.

Сонымен бірге ынтымақтастыққа қарағанда, қақтығыстар кезінде мүдделердің түрлілігі ауқымды және терең. Мүдделердің күрделі байланысы және оларды біржақты әрекеттер арқылы жүзеге асырудың мүмкін еместігі тараптарды өзара тәуелді етеді. Ең бастысы, тараптар өзара тәуелді екендіктерін түсіну керек, ондай болмаған жағдайда, қақтығыстарды біржақты әрекет жолымен шешуге тырысу басым болары анық.

Қатысушы тараптар қақтығыстарға себепші болған өзекті мәселелерді өзара бейбіт түрде шеше алмаған жағдайда үшінші тараптың көмегіне жүгінеді. Адамзаттың дамуында ежелгі кезеңнен бері шиеленісті, қақтығысты жағдайларда үшінші тараптың көмегімен мәмілеге келуге ұмтылып келгендері белгілі. Сол қоғамдағы беделді тұлғалар қақтығысушы тараптардың ымыраға келулеріне атсалысқан. Олар кімнің ақ, кімнің кінәлі екендіктеріне төрелік айтып, бейбіт бітімнің шарты ретінде өз шешімдерін жеткізген.

Кейінгі кезеңдерде қақтығыстарды реттеуде үшінші тараптардың рөлін ұлттық мемлекеттер атқарса, қазіргі кезеңде бұл міндетті халықаралық ұйымдар атқаруда. Халықаралық ұйымдар ішіндегі ең беделді ұйым болып табылатын Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бүгінгі таңдағы қызметі орасан зор.

БҰҰ құрылғанда алдына қойған мақсаты – болашақ ұрпақтарды соғыс қаупінен қорғау, халықаралық бейбітшілікті сақтау, халықаралық қауіпсіздікті нығайту екендігін айқындаған болатын. БҰҰ Жарғысына сәйкес, БҰҰ «әділдік пен халықаралық құқық қағидаларына сәйкес, бейбіт жолдармен әлем бейбітшілігіне қауіп төндіретін дау-дамайлар мен шиеленістерді шешуге» бағытталған [1]. Оның негізгі мәні: “дау-дамайға қатысы жоқ қандай да бір үшінші тараптың халықаралық құқыққа сай өзінің белсенділік танытуымен немесе шиеленіске қатысушы тараптардың өтініші бойынша шиеленісті бейбіт жолмен шешу мақсатында олардың арасында келіссөздерді ұйымдастыру, көп жағдайда, осы келіссөздерге тікелей қатысуымен мәмілеге келтіру”. БҰҰ Жарғысының VI тарауында белгіленгендей, қатынастарында қарама-қайшылықтар орын алған тараптар оларды бейбіт жолмен шешіп, әртүрлі дипломатиялық құралдарды пайдалануы тиіс.

Халықаралық ұйымдардың бітімгершілік қызметіндегі бітістірушілік - бейтарапты үшінші жақтың көмегімен қақтығысушы тараптарға өзара қанағаттандыратын шешім ойластырылатын үдеріс болып табылады.

Әйгілі Таяу Шығыс қақтығысының күрделі сипатына қарамастан, тараптар мүдделерінің тепе-теңдігі негізінде қақтығыстарды әділетті түрде реттеу мақсатында алғышарттар баяу болса да, жасалған болатын. Нәтижесінде әлемдік қауымдастықтың күші арқылы осындай реттеудің халықаралық құқықтық негізі қаланды. Осы реттегі ең маңызды шешім ретінде 1967 жылы 22 қарашада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған 242-Қарарды айтуға болады. Ол қарар бойынша, «Соғыс, қантөгіс арқылы аумақты жаулап алуға жол жоқ» екендігі, 1967 жылғы қақтығыс кезінде басып алынған аумақтан израильдік қарулы күштердің шығарылуы туралы талаптар және босқындар мәселесінің реттелуіне қол жеткізу, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы әрбір мемлекеттің саяси егемендігін, аумақтық тұтастығын, егемендігін және ол халықтардың бейбіт жағдайда өмір сүру құқығын мойындау мен құрметтеу қажеттілігі айтылды. Іс жүзінде бұл қарар аймақтағы бейбітшілік үдерісінің негізі болған «Бейбітшілік орнына жер» атты формуласының сілтемесіне айналады [2].

Жалпы қақтығыстарды реттеудегі бітімгершілік үдерісінің рөлі ерекше. Қақтығыстарды бейбіт түрде шешу үшін, ең алдымен сол қақтығыстардың пайда болуы мен өрбу үдерісін айқындаған жөн. Сонда ғана қақтығыстарды шешуге арналған бітімгершілік іс-әрекеттер барысын дұрыс бағыттауға мүмкіндік туады.

Халықаралық ұйымдардың бітімгершілік іс-әрекеттері – қақтығысты аймақтағы халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастыруға арналған саяси-дипломатиялық, әскери және басқа да халықаралық ұжымдық іс-қимылдың жиынтығы. Әрине, мемлекетаралық келісім-шарттардың негізінде бір мемлекеттің екінші мемлекеттің ішкі ісіне араласуы бітімгершілік іс-әрекеттеріне жатпайды. Халықаралық ұйымдардың бітімгершілік іс-әрекеттерінің шеңберінде бірқатар қызметтер жүзеге асады.

Ең алдымен құқықтық мәртебесі бойынша – бейбітшілікті қолдау іс-әрекеттері. Бұл қақтығыстарға қатысушы тараптардың келісімімен жүзеге асатын халықаралық қоғамдастықтың іс-әрекеттері. Ал, егер ол халықаралық деңгейдегі қақтығысқа жатпаса, мемлекеттің саяси билігінің келісімімен қақтығыс аумағындағы әрекеті. Әдетте, бейбітшілікті қолдау іс-әрекеттері қақтығыстың күш қолдану сатысына дейінгі немесе кейінгі бейбітшілікті сақтау іс-қимылдары болып табылады.

Келесі құқықтық мәртебесі бойынша айқындалатын бейбітшілікті қалпына келтіру іс-әрекеттері әдетте, БҰҰ-ның мандаты негізінде қақтығыстарға қатысушы тараптардың келісімінсіз-ақ қақтығыс аумағында міндеттеу құралдары арқылы жүргізіледі.

Жүзеге асыру құралдары мен жүктелген қызметтері бойынша бітімгершілік іс-әрекеттерінің бірқатар түрлерін айқындауға болады. Олардың қатарында:

- Бақылаушылардың халықаралық миссиясы немесе нақтылы жағдайды айқындауға арналған азаматтық, әскери немесе аралас миссиялар.

- Қарулы күштерді қолданатын халықаралық бітімгершілік іс-әрекеттері.

- Халықаралық бітімгершілік полициялық іс-әрекеттер.

- Гуманитарлы көмек көрсетуге арналған халықаралық бітімгершілік іс-әрекеттері.

Қақтығысты аймақтардағы халықаралық бітімгершілік іс-әрекеттері БҰҰ Жарғысының VIIІ тарауына сәйкес ЕҚЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ сияқты аймақтық мемлекетаралық бірлестіктердің мандаттары негізінде де жүзеге асырылады.

Әрине, халықаралық бітімгершілік іс-әрекеттерінің ішінде саяси-дипломатиялық шаралар мен қақтығысушы тараптар арасында ымыраға келуге бағытталған келіссөздер ұйымдастыра білу – бітімгершіліктің ерекше «бейбіт» түрі.

Мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынастарды реттеу мақсатында жүргізілетін халықаралық келіссөздерді жүйелеу заманауи заңдылықтың қажеттілігінен туындайды. БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен міндеттеріне сүйене отырып, Бас Ассамблея халықаралық құқық қағидалары жөніндегі Декларацияның мазмұнына және халықаралық қақтығысты бейбіт түрде шешу жөніндегі Маниль декларациясына сәйкес БҰҰ-ның Халықаралық құқықтағы ондаған жылғы мақсаттарын ескере отырып, халықаралық келіссөздер мемлекеттер арасындағы дау-дамайларды бейбіт жолмен реттеуде және жаңа халықаралық тәртіп өлшемдерін жасап шығаруда тиімді әдіс болып табылатынын мәлімдеген болатын [3].

Келіссөздер жүргізуде мемлекеттер халықаралық құқық қағидалары мен өлшемдеріне сүйене отырып, қақтығыстарды бейбіт негізде реттеудің алуан түрлі жолдары Жарғыда және мойындалған халықаралық құқықта бекітілгендігін түсіне отырып, ол жолдарды еркін таңдау құқына ие.

Жалпы қақтығыстарды болдырмау үшін мемлекеттер халықаралық құқықтың басты қағидаларын естен шығармағаны дұрыс. Мемлекеттер өздерінің халықаралық қатынастарында кез-келген мемлекеттің аумақтық мызғымастығына немесе саяси тәуелсіздігіне күшпен қатер туғызудан немесе оны қолданудан, БҰҰ-ның мақсат-міндеттеріне сәйкес келмейтін тағы да басқа әрекеттен бас тартатын болса, әлем әлдеқайда тұрақты күйде болары сөзсіз. Мемлекеттер өздерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік жүйесіндегі ерекшеліктеріне қарамастан, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында және халықаралық экономикалық тұрақтылық пен өркендеуді қолдау, халықтың әл-ауқаттылығы мен халықаралық ынтымақтастығының дамуы, осындай ерекшеліктерге негізделген жікшілдіктен еркін болып бір-бірімен халықаралық қатынастардың әр түрлі салаларында ынтымақтасуға талпынысын арттыра түскендері абзал.

Мемлекеттер халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке және әділеттілікке қауіп-қатер туғызбау үшін өзінің халықаралық дау-дамайын бүгінгі күні бейбіт түрде реттеуі заман талабы болып табылады.
Әдебиеттер:

1. Устав Организаций Объединенных Нации. –М.,1989.



2. Лебедева М.М. Политическое урегулирование конфликтов: Учеб. пособие. - М.: Аспект Пресс, 1999.

3. Әліпбаев А.Р. Халықаралық келіссөздер. Оқу құралы. –Алматы, 2012.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет