Зерттеудің хронологиялық шеңбері. ХІХ ғ. аяғынан ХХ ғ. басына дейін - дәстүрлі этнографиялық кезең. Бұндай хронологиялық шекті алуымыздың себептері: біріншіден, Орталық Азия халықтары және қазақтардың отбасы жөніндегі біз пайдаланған зерттеу және дереккөздік әдәбиет материалдары негізінен осы кезеңдерді қамтиды; екіншіден, қарастырып отырған аймақ халықтарының тұрмыс-тіршілігінде бұл кезең әлі де дәстүрлі қоғамдық қатынастар өз қалпында сақталып тұрған заманалар еді.
Зерттеу жұмысының мақсаты. Орталық Азия халықтары мен қазақтардың отбасы, отбасылық әдет-ғұрыптарының негізгі дәстүрлі тұстарын сипаттау, отбасылық әдет-ғұрыптардағы ортақтастықтар мен ерекшеліктерді ашып көрсету, олардың шаруашылық, мәдени, тарихи-генетикалық себептерін, сырларын түсіндіруге тырысу. Осыған байланысты мынадай міндеттер қойылды:
-
қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасы формаларын, олардағы ер-әйел, ұрпақтар арасындағы қарым-қатынастарды сипаттау, сол арқылы аталған халықтар арасындағы осы саладағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді анықтау;
-
диссетацияның объектісі болып отырған халықтардың неке құруға байланысты әдет-ғұрыптарының негізгі циклдарын сипаттай отырып, олардың бәріне тән ортақ ғұрыптар, белгілі бір халықтар тобына тиісті ортақтастықтар, жекелеген халықтарға тән ерекшеліктерді анықтау;
-
қазақтардың, өзбектердің, қырғыз, қарақалпақ, түркмен, тәжіктердің баланың дүниеге келіп, өсіп, тәрбиеленуіне байланысты әдет-ғұрыптарын салыстыра талдау, олардың этногенетикалық, мәдени-генетикалық үдерістерімен байланысын анықтау;
-
Орталық Азия мен Қазақстан аумағын мекендеуші байырғы халықтардың адамды жерлеу, өліктің артын күтуге байланысты әдет-ғұрыптарын сипаттау және өзара салыстыру арқылы олардағы исламнан бұрынғы дейтүркілік, түркілік, үнді-ирандық, беріректегі жалпы мұсылмандық ғұрыптардың мәдени қабаттарын анықтау;
-
Орталық Азия және Қазақстанның тұрғылықты халықтарының әдет-ғұрыптарындағы жалпы ортақтастықпен қатар жекелеген халықтардың, мысалы, қазақ-қырғыз, қазақ-өзбек, өзбек-тәжік т.б. варианттардағы ортақтастықтарды анықтау арқылы жекелеген халық-тардың өзара ұқсастықтарының тарихи мәдени, шаруашылық, тірші-лік қамын ұйымдастыру жақындықтарымен, т.б. факторлармен түсіндіруге тырысу;
Дссертациялық жұмыстың методологиялық негізіне этнология, әлеуметтік антропология ғылымында отбасы мен неке мәселесін зерттеген белгілі теоретик ғалымдар Джон Мак-Леннан, Льюис Генри Морган, К. Ф. Энгельс, Л.Я. Штернберг, М.О. Косвен т.б. ғалымдардың бүгінгі таңда әлі ғылыми теориялық мәнін жоймаған қағидалары, көзқарастары алынды. Әдет-ғұрып салт-саналардың пайда болу, қалыптасу, өзгеру үдерісін зерттеген теоретик ғалымдар Э. Тэйлор, Дж. Фрэзер, С.А. Токарев, Ю.В. Бромлей, В.М. Арутюнян, С.А. Арютинов, В.В. Пименов т.б. еңбектерін басшылыққа алдық.
Әлемдік этнография ғылымында бұл тақырыпта жазылған еңбектердің ішіндегі ең мықтысы деп жүрген 1970 жылдары жарық көрген американ ғалымы Дж. П. Мердоктың «Әлеуметтік құрылым» кітабы. Бұл көлемді монография дүние жүзін мекендеген халықтардың ішінде 200-ден астамын мысалға ала отырып үлкен кросс-мәдениеттік салыстыру жұмысын атқарған.
Зерттеу әдістері. Зерттеуде мынадай нақты ғылыми әдістер қолданылды:
Этнография ғылымының зерттелетін құбылыстарын ақиқат тарихилық қалпында қарастыру, оларды зерттеуге жүйелілік тұрғысынан келу, құбылыстардың өзара байланыста, бір-бірінен тәуелді болатынын ескеру әдісі; тарихи хронологиялық және қатпарлы-сатылы әдіс. Жалпы біз қарастырып отырған әдет-ғұрыптар негізінен ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басына қатысты, яғни Орта Азия халықтарының әдет-ғұрыптарын бір хронологиялық шекте салыстыруға тырыстық. Сонымен қатар, кей жағдайда, халықтардың әдет-ғұрыптарындағы қатпарлы мәдени қабаттарды да анықтауға тура келіп отырды. Бұл әдіс мәдени-генетикалық тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Дәстүрлі этнографиялық әдістер: байқау, жергілікті тұрғындармен әңгімелесу, далалық экспедициялық тәжірибе.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Жалпы қазақтың және Орталық Азия халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптары жеке-жеке алғанда біршама зерттелген, сипатталып жазылған тақырып. Біздің диссертациялық еңбегіміздің жаңалығы төмендегідей деп санаймыз:
-
Орталық Азия халықтары және қазақтардың отбасылық әдет-ғұрыптары алғаш рет өзара салыстыра сипатталлды;
-
аталған халықтардың отбасылық ғұрыптарын салыстыра зерттей отырып, олардың ішіндегі архаикалық үнді-ирандық, дейтүркілік, түркілік компоненттерді анықтауға тырыстық;
-
Орталық Азия халықтары мен қазақтардың отбасылық әдет-ғұрыптарынан олардың негізгі мәдени-шаруашылық типіне қарай малшылық-көшпелілік салттар, отырықшы-егіншілік ғұрыптар топтарын саралап анықтадық;
-
аймақ халықтарының отбасылық ғұрыптарында тәңірлік дін, ислам діні, зороастр, т.б. діндердің, идеологиялардың әсері жалпы ұқсас болғанымен, олардың тұрмысқа ену нәтижесі тұп-тура бірдей болған жоқ. Бұл жағынан, регион халықтарын мөлшермен үш типологиялық топқа бөлдік, оның ішінде: қазақ пен қырғыздар бір топ, қарақалпақтар мен түркімендер екінше топ, ал өзбек пен тәжік – үшінші топты құрайды;
-
диссертацияда регионның түркі тілдес бес халқы (қазақ, қырғыз, өзбек, түркмен, қарақалпақ) және иран тілдес бір халқы (тәжік) екі лингвистикалық этномәдени топ ретінде қарастырылды. Сол арқылы олардың отбасылық ғұрыптарындағы үнді-ирандық және түркілік дәстүрлердің генетикалық түп-тамырын мүмкін болғанша анықтауға тырыстық;
-
дейтұрғанмен, Орталық Азияның түркі тілдес және ирантілдес халықтары осы мәдени-тарихи аумақта кемінде 2, ұзағында 3-4 мың жыл көршілес, шаруашылық-мәдени, діни аралас-құраластықта өмір сүргендіктен олардың отбасылық әдет-ғұрыптарында ортақ жүйе құрушы салттар, олардың ортақ дүниетанымдық-идеологиялық мән-негіздері, атрибутикалық-заттық нышандары қалыптасты. Сондықтан біз осы халықтардың отбасылық ғұрыптарында ғана кездесетін, не болмаса осы халықтардың ортасында қалыптасқан әдет-ғұрыптардың ортаазиялық-қазақстандық жүйесін анықтадық. Бұл да бұрын-соңды арнайы қарастырылмаған, айтылмаған мәселе.
-
Зерттеу жұмысының өн бойында халықтардың отбасылық әдет-ғұрыптары мәдени-генетиқалық тұрғымен қатар, стадиалдық (дәуірлік)
жағынан да салыстыра қарастырылды. Бұл да бұрын-соңғы зерттеушілердің көпшілігінің мән бермеген мәселесі.
Зерттеудің қолданбалық маңызы. Диссертация жұмысының тұжырымдарын, ұсыныстарын этнография пәнінің және арнайы этнографиялық курстардың оқу бағдарламаларын, оқулықтарын, курсты оқыту туралы әдістемелік құралдар мен нұсқаулар жасағанда пайдалануға болады.
Орталық Азия аймағында сан ғасырлар бойы көршілес өмір сүріп, ортақ мәдени дәстүрлері қалыптасқан туысқан халықтардың отбасы ғұрыптары негізінен ұқсас, ортақ. Дегенмен әртүрлі тарихи-саяси – идеологиялық ахуалдарға байланысты бүгінде сол халықтардың кейбірінде ұмытылып кеткен прогрессивті, әдемі ілкі дәстүрлерді туысқан халықтарда сақталып қалған формаларында, мазмұнында қайта енгізуге, қайта жаңғыртуға болады. Бұл жұмыстың қолданбалық жағының бір тұсы. Жаһандану заманында бөгде мәдениеттердің экспансиясынан туыстас, тектес мәдениеттердің бірге тегеурін жасауы арқылы да қорғану кажеттігі туындайды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
1. ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бірінші жартысында Орталық Азияның өзбек, түркмен, тәжік, қарақалпақ халықтарында отбасының негізгі түрі үлкен патриархалдық семья болды. Үлкен патриархалдық отбасы қырғыздардың, әсіресе оның отырықшы бөлігінде басым болды. Осы кездегі қазақ отбасының көпшілік бөлігі нуклеарлы семья болуымен қатар үлкен патриархалдық отбасының үлес салмағы айтарлықтай болды және патрирархалдық үлкен отбасы дәстүрлерінің сарқыншағы тұрмыста жиі кездесті.
2. Қарастырып отырған регион халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарындағы құда түсу, қалыңмал, қыз ұзату, келін түсіру тойлары, ондағы рәсімдер өзінің структуралық жағынан өте ұқсас, мәндік-семантикалық тұрғысынан да жакын. Бұл реттегі ғұрыптардың айырмашылығы көбіне-көп халықтардың шаруашылық-мәдени типіне қарай айырылады. Отырықшы-егіншілік басым өзбек, тәжіктерде қалыңмал құрамы, мөлшері, тойдың дастархан мәзірі, малшы-көшпелі, немесе малшы-жартылай көшпелі қырғыз, қарақалпақ, түркмен, қазақ сияқты халықтардан біраз өзгешелеу. Оларла қалыңмал жартылай, кейде толық ақшамен өлшенеді, шаруашылық-мәдени типіне қарай шашудағы, силықтардағы, ритуалдық (ғұрыптық) тағамдардағы, той мәзіріндегі атрибуттарда егіншілік-жер өнімдері басым.
3.Экзогамиялық некелік қатынас қазақтарда жеті атаға дейін таза сақталса, қырғыздардың жартысында бар болса, ал өзбектер мен тәжіктерде эндогамиялық неке басым болды. Некелесушілердің арасындағы экзагамиялық, немесе эндогамиялық салттар, ата-ене, күйеудің тыстары мен келіннің, күйеу мен қайын жұрттың, нағашы-жиен қарым-қатынасы мәселесінде де регион халықтарында ұқсастықтар басым. Дегенмен де бұл салада да көшпелі, жартылай көшпелі халықтар келіннің күйеуінің жасы үлкен еркек кіндікті туыстарынан «ұялып қашу» (бет көрмеу (избегание) әдеті отырықшы халықтарға қарағанда әлсіз болды, кей жағдайда бұл салт тіпті сақталынбады.
3. Баланың дүниеге келіп, тәрбиеленіп өсуіне байланысты әдет-салттар, жоралар негізінен халықтардың баланың аз-көптігіне деген ұстанымы, ұл-қызға деген қатынасы, бойға бала біткеннен босануға дейінгі жоралар, әйелді босандыру ырымдары, шілде ғұрып-ырымдары, қырқынан шығару, баланың әрі қарай өсуіне байланысты ырым-жоралғылар қазақ, өзбек, қырғыз, түркмен, қарақалпақ, тәжіктерде негізгі құрамдас бөлігі жағынан біркелкі. Сонымен қатар, әдет-ғұрыптардың орындалуында, ырым-жоралғыларда пайдаланылатын заттары, тағамдары, мал-жер өнімдері жағынан айырмашылықтар бар. Мұсылман дінінен келген ғұрыптардың әсіресе өзбек, тәжіктерде мәні зор. Атап айтқанда, өзбектер мен тәжіктер, сүндет тойға ерекше мән береді. Олардағы тойдың үлкені сүндет той.
4. Ғұрыптардың ең қомақты бөлігіне қайтыс болған адамды жерлеу және артын күту ғұрыптары жатады. Бұл саладағы ғұрыптар бір жағынан, өзінің консервативтігімен ерекшеленсе, екінші жағынан, олардың көпшілік тұстары, регион халықтарына ортақ ислам дінінің қағидаттарымен анықталады. Сондықтан да, бұл ғұрыптар жүйесінде қарастырып отырған халықтар ғұрпында ортақтастықтар, ұқсастықтар өте көп. Сонымен қатар, өлім ғұрыптарына қатысты архаикалық «тұл» салты, өлікке ат арнау жоралғысы тек қазақта ғана жақсы сақталған, бұлардың жұрнақ түрлерін қырғыздардың бір тобынан, өзбектер арасындағы қыпшақ, қоңыраттардан да табуға болады. Өзбектердің, қарақалпақтардың жерлеу салтында зороастрийлік жұрнақтар көптеп кездеседі.
5. Орталық Азия халықтары және қазақтардың әдет-ғұрыптарында этностадиалдық жүйелер, жекелеген элементтер көп кездеседі. Оларды үнді-ирандық, дейтүркілік, түркілік, исламға енгеннен кейінгі, халықтардың қалыптасқанынан кейінгі деп бөлуге болады. Кезеңдік (стадиалдық) ғұрыптарды анықтау, оларды заман-заманымен жіктеу өте қиын жұмыс.Бұл ретте, әсіресе,тәжіктер мен өзбектерде аналық рудың, зороастризмнің Мүмкін болған жағдайда біз бұл мәселеге де мән беруге тырыстық.
6. ХІХ ғ. Орталық Азия халықтары және қазақтар таза дәстүрлі қоғамда өмір сүрмесе де, өз ғұрыптарын біршама сақтауға жағдай болған еді. Ал ХХ ғ. бірінші жартысында Қазан төңкерісі, Кеңестік саяси-идеология әсерінен олардың отбасылық ғұрпында біршама өзгерістер болды. Бұл өзгерістердің деңгейі Орталық Азия – Қазақстанның барлық халықтарында бірдей болмады. Өзбек, тәжіктердің, түркімендердің, жартылай қарақалпақтардың өмір-тұрмысының, әсіресе отбасылық өмірінің бұйығы, томаға-тұйық болуына байланысты, оларда көптеген діни салт-ғұрыптар, ырым-жоралғылар жақсы сақталды. Кеңес заманында әсіресе қазақтар мен қырғыздардың отбасылық әдет-ғұрыптары көбірек өзгеріске ұшырады.
7. Орта Азияның қарастырып отырған халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптары мен салт-саналарын өзінің мәдениет құраушы, анқтаушы негізгі белгілері жағынан мынадай төрт топқа бөлуге болады деп есептейміз: қыпшақтық , шағатайлық, оғыздық, ирандық топтар. Кейбір әдет-ғұрыптар аралас топтық сипатта, мысалы, қыпшақ-шағатайлық, қыпшақ-оғыздық, оғыз-шағатайлық, түркі-ирандық.
8. Сонымен қатар аймақ халықтарының әдет-ғұрыптары өзінің шығу негіздері, пайдаланылатын атрибуттары, ғұрыптардың мән-мағнасы, ішкі идеологиясы бойынша, бір жағынан, көшпелі, жартылай көшпелі малшы халықтар ғұрыптары болып, екінші жағынан, отырықшы-егіші халықтар дәстүрі болып бөлінеді. Регион халықтарын бұндай мәдени-шаруашылық жіктерге бөлу бұрыннан бар. Біздің жаңалығымыз, осы пікірді отбасылық әдет-ғұрыптар негізінде бекіте түсуімізде.
Ғылыми ережелер мен қорытындылардың және тұжырымдардың дұрыстығы мен дәйектілігі. Ғылыми ережелер мен тұжырымдар көбінесе, осы тақырыпта жеке-жеке халықтар бойынша ғылыми еңбектер жазған, ғылыми ортада оңды бағаларын алған Н.А. Кисляков, С.М. Абрамзон, Г.П. Снесарев, Г.А.Сухарева, Т.А. Жданко, Н.П. Лобачева, Г.П. Васильева, Л.Ф. Моногарова, А. Жұмагұлов, Х. Арғынбаев, А.Төлеубаев, С.Е.Әжіғали т.б. ғалымдар еңбектеріне сүйеніп жасалды.
Жұмыстағы қорытындылар мен тұжырымдар нақты және шынайы дереккөздерге негізделді. Сондықтан да олардың дәйектілігі күмән тудырмаса керек. Жұмыстың негізгі бөліктері, басты қағидалары бірнеше халықаралық конференцияларда баяндалып, мамандардың сын-талқысынан өтті.
Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың мазмұны, тұжырымдары жалпы 65 ғылыми мақалада жарияланды, оның 12 Халықаралық ғылыми-практикалық, 3 республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес 50 ғылыми мақала ҚР Білім және Ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміне енген журналдарда жарық көрді.
Зерттеу жұмысының нәтижелері Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының этнографиясы туралы тақырыптарын өткен кезде тарих факультетінің студенттері, магистранттары және мектеп оқушыларына бірнеше мәрте оқылған лекциялар, арнаулы курстар кезінде де сыннан өтті.
Диссертациялық жұмыс ҚазҰУ-дің археология және этнология кафедрасының ғылыми семинарында талқыланып қолдау тапты.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, бес тараудан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер және дерек берушілер тізімінен, қосымшадан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, мәселенің бізден бұрынғы зерттелуі, жұмыстың зерттеу нысаны мен пәні, алдына қойған мақсаты мен міндеттері, хронологиялық шектері, зерттеудің методологиялық, деректік негіздері, тақырыпқа қосқан жаңалықтары, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалары, жұмыстың сыннан өтуі және оның құрылымы қарастырылған.
«Қазақтардың және Орталық Азия халықтарының отбасы және отбасылық қарым-қатынастары» деп аталатын бірінші бөлімде осы тарихи-этнографиялық аймақ халықтарының дара және үлкен патриархалды отбасыларының түрлері, отбасылық туыстық қарым-қатынастар, ата балалары, патрон топтар, көп әйел алу салты, отбасындағы әйелдің жағдайы мен орны қарастырылады.
Отбасының материалдық жағын табиғи биологиялық және шаруашылық-тұтыну қатынастары құрастырады, рухани жағын – құқықтық, адамгершілік және психологиялық қатынастар құрайды. Дәстүрлі дүниетаным бойынша күнделікті отбасылық тіршілік ырғағының қалпы қоршаған ортаның үйлесімділік немесе үйлесімсіздік жағдайларына, әдет-ғұрыптарына, салт-дәстүрлеріне, діни наным-сенімдеріне байланысты болды. Тіршілік циклі салт-жоралғыларының әрқайсысының ішкі құрылымдық принциптері мен атқарылу тәсілдері әртүрлі болды, бірақ түпкі мақсаттары бір – ол отбасылық және қоғамдық қатынастардың, материалдық және рухани жағдайлардың, экономикалық іс-әрекеттердің принциптерін сақтау болды. Осы салт-жоралардың бәрі қазақтар мен Орталық Азия халықтарының қалыпты тіршілік тынысының, ғұрпы мен дәстүрінің, дінінің, негізі болды.
Орта Азияның этномәдениетінің осы аймақтағы тамыры кемінде ерте темір дәуірінен, дәлірек айтсақ сақтардан және сақтектес тайпалардан басталады. Одан бері қаңлы, үйсін этникалық бірлестіктері, тохарлар, Согдиана, Бактрия мемлекеттері, Қошан, Моғолдар мемлекеті аясында бұл аймақ халықтарының этномәдени бірлестігі, ортақтастықтары қалыптасты.
Моңғол шапқыншылығының кесірінен біраз кідіріп қалған этноконсолидациялық үдеріс ХІҮ ғасырда қайта жандана түсті, Орталық Азия халықтарының көпшілігінде халық болып қалыптасу үдерісі бұдан соңғы бір-екі ғасыр аясында аяқталды. Халықтың өзгеше қасиеттерінің бірі – ол әр халықтың өздігінше әдет-ғұрып, салт-санасының болуы. Міне осы өзгеше қасиеттер Орталық Азия халықтарының халық болып қалыптасу кезеңдерінде қалыптасты.
ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басында қазақтарда кіші жеке отбасы басым болды, бірақ патриархалдық үлкен жанұяның көптеген қалдықтары сақталды. Қазақ қоғамындағы біршама отбасы жұбайлар тобы мен олардың үйленбеген балаларынан, отағасының ата-анасынан, кейде соңғыларының жеке үй болып бөлініп шықпаған кіші балаларынан тұрған.
Жалпы қазақтағы қара шаңырақты қадірлеу ата-баба аруағын қадірлеумен байланысты шыққан және өте әріден келе жатқан дәстүр. Үлкен патриархалды отбасының ыдырау кезінде қара шаңырақты қадірлеу тіпті күшейген, өйткені ол ыдырап бара жатқан қара шаңырақты сақтап қалуға бағытталып, ерекше идеологиялық мәнге ие болған.
Хиуа мен Хорезм өзбектерінде үлкен патриархал отбасы агнаттық туыстық принципі негізінде құрылған. Үлкен отбасы қауымының құрамында бірге туған туыстар, олардың әйелдері мен балалары, інілері мен қарындастары, үйленген балалардың әйелдері мен олардың балалары болған. Хорезмдегі үлкен патриархал отбасы ойла немесе катта ойла деп аталған. Үлкен отбасында 30 адамнан 45 адамға дейін болған, барлығы да бір шаңырақтың астында өмір сүріп, үлкен үйдің тұрғындары ретінде саналған.
Өзбектердің отырықшы және қалалық топтарында үлкен патриархалдық отбасының сақталуына, басқа факторлармен қатар, қауым-махалляның өндірісте және тұрмыста үлкен рөл атқаруы да себеп болды.
Дешті Қыпшақтағы өзбек тайпаларында үлкен патриархал отбасының салт-дәстүрлері отырықшы өзбектерге қарағанда әлсіздеу болды, деседе оларда да үлкен отбасы Қазан төңкерісіне дейін отбасының негізгі түрі болып қала берді. Дегенмен, Орта Азияның Ресейге қосылуына байланысты тауарлы ақша қатынастарының әсерінен, әсіресе Қазан төңкерісінен соң таулы тәжіктер мен Хиуа, Ферғана алқабындағы отырықшы өзбектердің үлкен патриархал отбасы біртіндеп ыдырап, орнына шағын дара отбасы келе бастады.
Біз қарастырып отырған кезеңде қарақалпақтардағы жанұяның негізгі түрі кіші отбасы еді. Қарақалпақтар да қазақтар сияқты кенже баласынан басқа балаларын бөлек шығарып жіберетін. Бірақ та қарақалпақтың нуклерлы – кіші отбасы өз бетімен, бөлек өмір сүрген жоқ. Ол әдетте көше деп аталатын үлкен отбасылық-туыстық топтың құрамында тіршілік етті.
Қарақалпақ халқында ХХ ғ. бас кезінде патриархалды үлкен отбасылық қауым сарқыншақтары Орталық Азияның өзбек, тәжік халықтарымен салыстырғанда әлсіздеу болды.
Мұрағат деректері мен этнографиялық материалдарға қарағанда қазақтар мен Орталық Азия халықтарының тарихының соңғы екі ғасыр аралық уақытында (ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басы) үлкен патриархалды отбасы ыдырады, оның орнына шағын дара отбасы келді. Үлкен патриархал отбасының түрлері – отбасылық-туысқандық бірлестіктер (топтар), көше, ата баласы сияқты атаулар пайда болды. Отбасының бұл түрлерінің негізінде ауылдық (аумақтық) қауым пайда болды. Төңкеріске дейін қазақтар мен Орталық Азия халықтарының отбасында сақталған үлкен патриархал отбасының қалдығы ретінде әке үкімі, мұрагерлік, туыстық көмек, көп әйел алу сияқты әдет-ғұрыптарды атауға болады.
Біздің зерттеулер қырғыздарда, қазақтарда және қарақалпақтарда неке нормаларының, экзогамия қағидаларының және некелік тыйымдардың ұқсас екендігін көрсетеді. Бұл топпен некелік нормалардағы ұқсастықтар өзбектер мен тәжіктердің ғұрыптық нормаларында да байқалады, бірақ соңғыларында экзогамия белгілі бір дәрежеде жойылған деп есептеуге болады.
Таулы Тәжікстанның көптеген кишлактары соңғы уақытқа дейін бірнеше кішкене кварталдарға бөлінді. Олар қаны бір туыстардан құралған. Бір кварталда тұратын туысқан топтар бір мешіттің немесе алоухонның – бір қоғамдық үйдің иелері болды. Осының бәрі туыстық және көршілік қатынастар мен байланыстардың таулық тәжіктердің қоғамдық өмірінде үлкен рөл атқарғанын көрсетеді.
ХІХ ғ. аяғында – ХХ ғ. басында тәжіктердің тұрмысында моногамдық отбасы басым болды. Тек тау жайлаған тәжіктерде ғана үлкен патриархалы отбасылары кездесті. Оларда жер үлкен отбасының мүшелерінің арасынла бөлінбеген күйінде қалса, мал жекелеген кіші отбасыларының меншігінде болды. Үлкен отбасылар жазықтықтағы тәжіктердің де арасында кездесті, бірақ олардың үлес салмағы өте аз болды. Оларда үлкен патриархалды отбасының өте тез арада ыдырауына товарлы-ақшалы қатынастардың шешуші әсері болды.
Орталық Азия халықтарындағы әрбір патрон топтардың өз аттары болған. Мұндай патрон топтарды түрікмендерде – бир ата, қырғыздарда – бир аталық балдары, қарақалпақтарда – көше, қазақтарда – ата баласы немесе ауыл-қыстау деп аталған. Осыған сәйкес Орта Азия халықтары мен қазақтардың отбасында үлкен патриархалды отбасы, шағын аталас топтар, бөлінбеген отбасы, ауылдық туыстық топтар, шағын дара отбасы сияқты жүйе қалыптасты.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қазақтар мен ортаазиялық халықтардың бәрінде де көп әйел алу салты болған, бірақ бұл салт тек ауқатты, бай адамдардың арасында ғана таралды.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. бас кезінде қазақтардың патриархал отбасында әйелдердің жағдайына байланысты әмеңгерлік салт (левират) және балдыз алу (сорорат) дәстүрі кең өріс алды. Себебі, ол әдеттік заңның ғұрпы болды.
Қазақтардағы әмеңгерлік некені Орталық Азия халықтарындағы (өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ) левират пен сарорат некесімен салыстырып қарасақ, бұл салттардың да орындалуының жалпы ұқсастығы байқалады. Дегенмен де, патриархалдық-рушылдық пиғыл қасиеттер, менталитет күштірек сақталған қазақ, қырғыз, түркмендерде левират, сорорат ғұрыптары көп жағдайда бұлжытпай орындалды.
Орталық Азия халықтарының, сонымен қатар қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде жиен мен нағашының ерекше жақындығы байқалады. Бұл халықтардың дәстүрлі мінәсабаты бойынша нағашысы жиенінің жар таңдауында, үйленуінде маңызды рөл атқарған. Осы, тағы да басқа нағашы-жиендік қатынастардағы ерекше жақындық аналық ру қауымының сарқыншағы екендігінде күмән жоқ.
Барлық түрікмендерде де тайпалық эндогамия болған, яғни некелік қатынастар тайпаның ішінде іске асты. Түркмендердің кейбір топтарының арасында, әсіресе жаумудтар, гөклендер, текелерде тайпа мүшелерінің арасындағы некеге белгілі бір тиым болды. Сонымен қатар, түрікмендер ирантектестермен, өзбектермен, қазақтармен т.б. халықтармен құдаласуды да аса жақсы көрмеді, тіпті ғұрып бойынша тиым да салды. Қазан төңкерісіне дейін түркмендерде көбінесе үлкен отбасы болды. Оның құрамында 15-20-дан артық жан болды.
Таулы және жазықтықтағы тәжіктерде отбасындағы әйелдің рөлі әрқалай болды. Бір жағынан малмен айналысатын таулы тәжіктердің әйелдері өндіріске белсенді қатысты, сондықтан олардың қоғамдағы орны өндіріске мүлде қатыспайтын, көбінесе қапаста қамалып отыратын жазықтықтағы тәжіктер мен өзбектердің әйелдеріне қарағанда еркіндеу, жоғары болды.
Отбасындағы әйел адамның орны көбінесе оның өндіріске қатысуына байланысты болды. Осы тұрғыдан алғанда регион халықтарын екі үлкен топқа бөлуге болатын сияқты. Бірінші топқа мал шаруашылығымен айналысқан, көшпелі немесе жартылай көшпелі тұрмыста өмір сүрген қазақ, қырғыз, түркмен, қарақалпақтың басым көпшілігін жатқызамыз. Әдетте мал шаруашылығында – малды сауу, төлін күту, мал өнімдерін шығару, өңдеу жұмысында әйел затының алатын орны маңызды. Қоғамдық өндірістегі орнына қарай бұл халықтардың әйелдерінің отбасындағы орны да аса төмендетілген жоқ. Олар отырықшы-қалалық халықтардағы сияқты қапаста өмір сүрмеді, бетін пердемен жаппады. Патриархалдық, исламдық заңдар бойынша осылай істеу керек болса да көшпелі тұрмыста бұған жағдай болмады. Сондықтан көшпелі, жартылай көшпелі, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан халықтарда әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орны отырықшыларға, қалалықтарға қарағанда объективті түрде жоғары болды.
Жалпы үлкен патриархал отбасы дәстүрлі, қаймағы бұзылмаған қоғамда қазақ халқы мен Орталық Азия халықтарының бәріне де тән болды. Үлкен патриархал отбасы Орталық Азия халықтарының бәрінде де негізінен 3-4 ұрпақ өкілдерінен тұрды. Дегенмен де, отырықшы өзбектер мен тәжіктерде үйленген бірнеше балаларымен бір қорада тұрып, енші бөліспей, ортақ шаруашылық жүргізу әдеті жағынан басқа Орталық Азия халықтарына қарағанда үлкен отбасының қасиеттері басымырақ және күшті болды. Сондықтан да үлкен патриархал отбасы олардың бүкіл экономикалық, әлеуметтік өмірінде шешу рөл атқарды, және ұзақ уақыт сақталды.
Үлкен отбасы уақыт өте келе бірқатар себептерге байланысты және жекеменшік формаларының өзгеруіне байланысты көлемі азайып, ұрпақ саны да шағындап, біртіндеп кіші отбасына ауыса бастайды. Алайда ыдыраған кіші отбасылар ұзақ уақыт бойы шаруашылық және туыстық байланыстарын сақтап қалады. Өйткені үлкен патриархалдық отбасылық қауымнан кіші отбасыға өткен отбасылық-туыстық топтар экономикалық өзара мүдделілігін, идеологиялық бірлігін, ішкі байланыстарын толығымен ұзақ уақытқа дейін жоймайды.
Достарыңызбен бөлісу: |