Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған



бет29/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   42

1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.

2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.

3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.

4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.

5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған – деген айып тақты.

Көрсетінді де аты аталғандарды бірінен соң бірін тұтқындап, жауапқа тарта берді.

1929 жылы 29 шілде күні сегіз адамның алдын-ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:

«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі», – деген ілеспе хаты сақталған.

Қызылорда, Алматы, Ташкент түрмелеріндегі сұрақ-жауаптардың барлығының басы біріктіріліп айдауылмен бірге Бутыркаға жөнелтілді. Бұдан кейінгі ҮІ томдағы “Әділевті және басқа да 44 адамды айыптау жөніндегі қылмысты істің” тергеу хаттамалары Мәскеу қаласында жүргізілді.

5.

Бутырка түрмесінің тергеушілері Дінше – Дінмұхамед Әділевтің сұрақ, жауабын үшінші томдағы “Алашорда” ұйымының әр қаладағы бөлімшелерін көрсеткен сызбасына түсініктеме алумен бастаған. Олардың бұл тергеуіне 1988 жылғы Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімінде:



«Д.Әділевтің сұрақ-жауаптарынан бұлыңғырлық, логикалық қисынсыздық, күдікті психикалық шалық байқалады. Соған қарағанда түрмеде қысым жасалып, күш қолданылып, мәжбүрлікпен жауап алынуы мүмкін», – деген күмән білдірілген.

Ал Заки Валидовтің естелігіндегі деректерге жүгінсек Діншенің ұстамалы жүйке шалығы болған сияқты. Лепіріп сөйлеу, өзін-өзі «партизан» ретінде сезіну, көсем көріну Д.Әділевтің бойына сіңісті мінезі екені бәріне белгілі болған. Оның мұндай ұстамасы Бұқарада жүргенде байқалып, бір ай бойы жатып қалған:



Д.Әділевтің: «Мен өзіме қол салуға дайынмын, бірақ шындықты жазу үшін тірі қалдым», немесе: «М.Дулатов пен Х.Досмұхамедов және басқа алашордашылар жасырын ұйымның жиналысын мен түсінбесін деп орысша өткізді», – деген сияқты сөздер қалайда күдік тудырады.

Мұғалімдік курста оқыған және екі жыл партизандардың ішінде жүрген адамның орыс тілін білетінін М.Дулатов аңғарса керек-ті.

Жас жігіттің психикасына 17-18 жасында партизандық майданда жүргенде зақым келді ме, ол арасы бимағлұм. Түрмедегі істі тергеген Павлов оның бұл осалдығын өзінің мүддесіне пайдаланған сияқты. Бұл – көрсетіндінің стилінен-ақ байқалады және Мәскеу түрмесіндегі жауаптарды бір ізге түсіріп баяндаудың өзі мүмкін емес. Астыртын ұйымның сызбасында алаш қайраткерлерінің бәрін сыпыра тізіп шығып, мінездеме береді. Соған қарағанда, әуел бастағы Дінше Әділевтің ұсталуына себепші болған “Қара Ноғай” туралы айғақтар мүлдем ұмыт қалдырылып, тек саяси айыптауға көшкені байқалады.

1929 жылы 2 қараша күні тергеуші Павловқа берген Дінмұхамед Әділевтің қосымша көрсетіндісі:

Астыртын қазақ ұйымы туралы сызып берген №1 сызба 20-жылдың көктемі мен жазындағы; ал №2 сызба – 21-жылдың аяғы мен 24-жылдың арасындағы құрылымдарды қамтиды және оған ерекше түсініктің керегі жоқ, өйткені астыртын ұйымдардың сол кездегі іс-әрекеті туралы Қазақстандағы тергеуде тәптіштеп жазып бергенмін. Ал қазір тек 1925-28 жылдардың арасын қамтитын №3 сызбада көрсетілген астыртын ұйымның ісіне талдау жасап, түсіндірме беру қажет шығар.

Орталықтан бастайық: ұйымның бұл кездегі орталығы – Қызылорда қаласы болды. Сонау 21-23 жылдардың арасында-ақ астыртын ұйымның жетекшісі болған адам осы қалада тұрады. Енді сол адамдардың әрқайсысына жеке-жеке мінездеме беріп, олардың біздің контрреволюциялық ұйымымыздағы жүргізген ұлтшылдық және ұйымдастыру жұмыстарын әшкерелеуге көшемін».

Байтұрсынов Ахмет: «Арадағы ұзақ үзілістен кейін мен онымен Қызылорда қаласында (25-жылы) кездестім, ол бұл кезде әдеби іспен пейілін сала шұғылданып жүрген. Мен оның жеке өзімен ешқандай да әңгіме өткізбедім, мұндай сұрақпен оның назарын аударуды қажет деп таппадым, өйткені, оның жасы келіп қалған, сыйлы адам, ал біз болсақ қатардағылардың біреуі ғанамыз. Бірақта өзгелер арқылы білетінім, ол ұлтшылдық және ұйымдық іскерліктен бас тартпаған. 25-28 жылдардың арасындағы ондай деректерге мынаны жатқызамын: бірінші, біздің ұйымның мүшесі Байсейіт... (беттің осы арасы жыртылған, сөйлемнің ыңғайына қарағанда, оны: Байтұрсыновпен және басқалармен бірге», – деп оқуға болады. Сондай-ақ, «Байсейітов» емес, Байсейіт Әділев шығар деп ойлаймыз.)... Бакудегі түркітанушылардың құрылтайына барды. Қайтып келген соң Байсейітов маған мынаны айтты: олар – Байтұрсынов пен Байсейітов (Байсейіт Әділев – Т.Ж.) түрік профессоры Купрелло-Задамен кездесіп, Валидовтың жағдайы туралы әңгімелеспек болыпты. Байсейітовтің (Байсейіттің) айтуынша Купреллоның да жүздесуге ықыласы қатты ауыпты, алайда олардың соңына тыңшылар қойылып, аңдып жүргендіктен де қаншама тырысса да ыңғайлы сәтін тауып әңгімелесе алмапты.



Сөйтіп, менің Байсейітов (Байсейіт) арқылы білгенім, Байтұрсынов – баяғы Байтұрсынов күйінде қалыпты. Ол түрік профессоры арқылы шет елде Константинопольде жүрген Валидовпен тікелей байланыс жасай алмағанымен де, пікір алысқысы келгені анық.

Екінші айғақ: мен қырда жасырынып жүруге мәжбүр болған кезімде 1928–жылы өзімінің жігіттерімнің бірі Нұрланды Қызылордаға жібердім. Ол менің тапсырмам бойынша Дулатовқа жолығыпты. Ол (Дулатов – Т.Ж.) Аймауытовпен екеуі Нұрланды ертіп Байтұрсыновқа барыпты. Онда барған соң Дулатов: “Ақа, міне, Дінше Әділевтің жігіті келіп тұр, қандай тапсырма береміз”, – деп сұрапты. Оған жауап ретінде Байтұрсынов: “Сендермен сөйлестік емес пе, соны айтыңдар”, – депті. Демек, Байтұрсынов 1928 жылдың өзінде біздің астыртын ұйымымызда үлкен ұйымдастырушылық – жетекшілік қызмет атқарған”.

Көрсетінді осылай жалғаса береді. Д.Әділев бұл арада “кәдімгі кәнігі конспиратордың” міндетін атқарап, астыртын ұйымның жетекшілерінің бірі ретінде әрқайсысына берген мінездемесін өзі қызуқандылықпен талдайды. Тергеуші бұрынғы сұрақтарды қайта қойып, оны неғұрлым саяси бағытқа қарай қақпайлап, бір ізге түсіруге тырысқан.

Дінмұхамед Әділев бұдан кейін Міржақып Дулатовқа “мінездеме” берген. Әрине, оның Валиди мен Шоқаевқа деген ішкі ықыласын айтқан. Жай ғана бір сүзіп шыққанның өзінде Дінмұхамедтің “қара суды теріс ағызып, қара тонды теріс аударғаны” бірден аңғарылады. Тіпті миға сыймайтын жайлар бар. Оның бәрінің ешқандай мән-мағынасы жоқ сөздер болғандықтан да, кейбір шетін деректерді ғана ұсынамыз.

Ескерте кететініміз, жауаптың мазмұнына тергеушінің өзі де тұздықтап, өз жанынан қосымша “куәлік” қосқаны бірден байқалады. Өйткені Қазақстанның жағдайын білмейтін адамның сөзі екені көрініп тұр.

Сөйтіп, бір кезде «Омбының көшесінде қаңғып қалған 11 жасар Дінмұхамед Әділевті» (М.Дулатовтың мақаласынан – Т.Ж.) адам қатарына қосқан Міржақып Дулатовты, енді есейген Д.Әділев мырза өзінің көрсетіндісінде оны былай деп “азаптан құтқармақ” болған.

Д.Әділев (жалғасы): “...Содан кейін мен Нұрлан арқылы, әлде басқа біреу арқылы ма, нақты есімде қалмапты, өзімнің осында келгенімді Дулатовқа білдірдім. Біраздан кейін жақсы атқа мінген, басында әдемі қалпағы бар Міржақып өзі маған келді. Бөлмеде екеуміз ғана қалдық. Дәл осы уақытта Англия мен кеңестің арасындағы қарым-қатынас үзілген еді. Біз сол туралы әңгімелестік, Дулатов жалпы жағдайды және Қазақстандағы жағдайды сондай бір қара бояу жаға қатерді төндіре баяндады. Ол маған: бізге әзірше тиісе қоймағанымен, түбі тұтқындауы мүмкін, өйткені, соғыстың не әскери қыспақтың басталып кетуі, тіпті, кеңес өкіметінің құлауы да мүмкін, – деді. Оның өзінің де көңіл-күйі түсіңкі еді, сол арада ол тағы да:

Қаладан кетіп қалуды ойластырып жүрмін. Мен өзімінің Торғайыма қарай бет алмақпын. Сонда барған соң 50-60 жігіттің басын құрап, жасақ жасақтаймын, киіндіремін, қолына қару беремін де іске кірісемін. Егерде соғыс бола қалса дәл осылай істейтінім анық, оны ешкім де тоқтата алмайды. Соғыс болмаған жағдайдың өзінде де елге барып, жасақ ұйымдастырамын. Дәл осындай пікірді Есполов Мырзағазы мен Байтұрсынов Ахмет және Ғаббасов Халел де ұстанып отыр. Олар да қаланы тастап, өз ауылдарына кетпекші. Сөйтіп, біздің бәріміз ауылға барып (жоғарыда аталғандар Торғайға барып) іске кіріскенше ешқандай байланыс жасаспау керек. Тек дала арқылы “тірі байланыс” (хабаршы арқылы – Т.Ж.) жасап, бүкіл қазақ елін қарулы көтеріліске шақырамыз. Қайталап айтамын – қарулы көтеріліске шығамыз, менің бұл ұсынысымды қосылып, қаладан ауылға кетуге Есполов Мырзағазы, Байтұрсынов Ахмет пен Ғаббасов Халел қостап отыр”, – деп айтты».

Бұл сөздің ешқандай ақылға сыймайтыны анық, бірақ та 71 алаш азаматын құрбандыққа шалған «дәлел» ретінде әрі кеңестік сот жүйесінің қоясын барынша ашып көрсететін айғақ есебінде еріксіз хатқа түсіріп отырмыз. Тіпті Дінмұхамедтің осылай деп айтқанына да күдікпен қарайсың. Өзге айыпкерлерді қайдам, Дінмұхамед Әділевтің тергеушілер жағынан қатты қыспаққа түскенін, неше түрлі қинаудан өткенін оның қарама-қайшы айғақтар беруінен-ақ байқауға болады.

Үш жылға созылған ұшы-қиырсыз тергеу оны әбден қажытып, жайшылықта күйгелек адамның мінезін одан бетер жұқартып жібергені айдан анық. Әбден мезі болып, түрлі қинаулардан жаны түршіккен Дінмұхамедтің мына “мінездемелерін” әбден ашынған, енді құтылмасына көзі жеткен адамның азаптан құтылу үшін айтқан жансебілі ғана деп түсінуге де болады. Әйтпесе, далада бой тасалап соғыс жүргізетін заманның өткенін өзге-өзге Байтұрсынов пен Дулатов, Ғаббасов пен Есполов білудей-ақ білетін. Күні кеше, он-он екі жыл бұрын: патшаға қарсы көтерілісте бостан-босқа қырылып қаласыңдар, – деп зар қақсаған да солар болатын.

Бұдан кейін Әділев пен Павлов астыртын ұйымның шет елмен байланысқан тамырын таратады. Онсыз тергеудің шарты толмайтыны анық. Бұрынғы айтылғандардың бәрін де заңдастыруға ұмтылады. Павлов сонау Қазақстандағы Саенко мен Альшанскийден шенінің жоғары екенін дәлелдеуі тиіс. Бұл арада Дінмұхамедті ұрып-соғып, қорлап көндірді ме, жоқ па, онысын құдай білсін, хаттамаға қарағанда екеуінің де мүддесі бір жерден шыққан. Дінмұхамед одан әрі:

Содан кейін Дулатов маған: Шоқаев Парижде көрінеді, онда Түркияның елшілерінің хатшысы болып істейді екен, – деп хабарлады. Бұл мәліметті қайдан алғаны туралы әңгіме кезінде маған айтпады. Шоқаев туралы пікірлескенде ол тек жалпылама ғана мағұлмат беріп: көрдің бе біздің адамдар барлық жерде де бар, олар өздерінің қал-қадерінше шамасына қарай әрекеттеніп жатыр, – дегенді білдіру мақсатын ғана көздеді. Дулатовтың айтуынша, мысалы, Шоқаев Женевада Ұлттар Лигасына барып ұсыныс жасапты, Берлинде болыпты, бүкіл Европаны аралап шығыпты, бір сөзбен айтқанда тынбай әрекеттеніп жүр екен”, – деп жауап береді.

Дінмұхамедтің көрсетуіне қарағанда Міржақып Дулатов оған жасырын ұйымның есебін беріп отырған. Ал, Дінше болса оны мақұлдап отырған адам іспетті (ҮІ том, 142-бет). Дінмұхамедтің желдей есіп, ұстатқызбай бара жатқанын Павлов та біліп, айғақ іздеп, одан Дулатовтың жасақтары туралы сұраса керек. Сонда ғана Дінмұхамед кілт тоқтап:

Өзінің Торғайдағы жасақтарының ұйымдастырылуы жөнінде маған Дулатов ештеңе демеді. Тек жоғарыда көрсетілгеніндей, Есполовтың, Байтұрсыновтың, Ғаббасовтың қырға шығатынын ғана ескертті. Содан кейін ол маған сыртта кермеде тұрған атын көрсетіп: «Әне, менің сәйгүлігім де дайын тұр, өзгелер де жақсы ат іздеп жүр,” – деп айтты», – дейді.

Иә, мұның барлығы да ертегі. Өз сөзін өзі қызықтап, лағып кеткен. Алайда, айтылар сөз айтылды. Атылар адам атылып кетті. Одан қайран жоқ. Тек соның астарын ашып, кейінгілердің содан тітіркенуі үшін нақты шындықты баяндап беру ғана біздің сыбағамызға тиіп отыр. Бір назар аударарлық нәрсе: алтыншы томдағы тергеу ісінде жоғарыдағы адамдарың аты жиі аталып, әр сұрақта ауызға алынып отырған, Неге? Демек, бұл адамдар Алматыдағы тергеуде өз кінәсін мойындамаған. Енді Мәскеуге келген соң оларға қосымша айып тағу үшін барын салған. Әйтпесе, өзгелердің аты неге аталмайды. Бұл да есте ұстарлық жай.

Д.Әділев күн сайын жауапқа шақырылып, әр кезекте жаңа сұрақ беріліп, бұрынғы жауаптарындағы мәліметтерді қайтадан анықтап, тәптіштеп, оның айналасын қаза түседі. Оның астарына үңілген Дінше жоқ, айылын жимай еркін көсілген. Дулатовты: өзінің ағасы Байсейіт Әділевтің түрмеден қашуына көмектесті. Жаһанша Досмұхамедовтен ақша алып берді, – дей келіп ауылдағы оқиғаларды қайыра баяндап, бұрынғыдан бетер өсіріп хикаялайды. Тіпті алдыңғы сөзінен соңғы сөзі асып түседі. Сөзінің соңында:

«Е, жаңа ғана Ғаббасов туралы Дулатовтың айтқаны есіме түсті, ол: біз бәріміз қырға шығып кеткеннен кейін барып Ғаббасов салт атпен бүкіл даланы кесіп өтіп, Семей губерниясындағы өз аулына барады. Бүкіл даланы кесіп салт атпен аралап өтуінің өзіндік мақсаты бар, ол “тірі байланыс” орнатып, бүкіл халықты көтеруге тиіс еді», – дейді Дінмұхамед өзінің Шымкенттен Шуға салт атпен барғанын есіне түсіріп.

Біріншіден: Халел Ғаббасов ең соңынан емес, ең бірінші боп өзінің ауылына “отарбамен” барған және сол ауылында жүріп Дінмұхамедтен бұрын ұсталып кеткен. Екіншіден: “тірі байланыс” дегеніңіз – бір ауылдан екінші ауылға хабар беретін шабармандардың іс-әрекеті болса, онда мұны неге Халел Ғаббасов өз мойынына алады? Оның саяси қайраткер ретіндегі атқаратын міндеті бұл емес еді ғой. Үшіндіден: Халел Ғаббасов Семейге барғанша өзге жерде көтеріліс басталып кетпей ме? Сонда, “Алаштың” атын алып отырған және “Алаштың” астанасы ретінде танылып отырған Семей елі ұлт-азаттық көтерілістен тыс қала ма және тек қана Семей губерниясының өзін аралап шығу үшін кемінде үш ай уақыт керек. Дәл осы арасы Дінмұхамедтің де, Павловтың да есінде болмапты.

Бірақ, айыптың айғақтылығы емес, айқайы керек боп тұрған оларға, мұның бәрі де пәлендей маңызды себеп емес-тін. Сондай-ақ, Дінмұхамед өзі туралы өте жоғары пікірде екен. Тергеудің алғашқы екі жылында онша әдептен аттамаған Дінмұхамед Әділев:

Астыртын ұйым менің мұнда келгенімді білуге тиіс, жоқ, біледі”, – деп толық сеніммен айтады.

Міне, Дінмұхамедтің Мәскеудегі тергеушіге берген жауабы осындай серпінмен аяқталады. Әрі қарай не күтіп тұр? Белгісіз.

Әрине, біз үшін белгілі. Ал тұтқындар үшін ше?

Істің насырға шапқанын олар да сезген. Дінмұхамед Әділевтің тергеушіге берген бұл деректерінің негізінде бірінші болып Міржақып Дулатов тұтқындалды.

Соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты кеңес түрмесі осылай «тірі өлік» етіп шығарған.


Төртінші тарау: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...»

(Міржақып Дулатов)
1.

Жоғарыдағы Д.Әділевке тағылған:



1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.

2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған, деген айыптаулар, шындығында, тікелей Міржақып Дулатовқа қарсы бағытталып еді.

«Алашорда» үкіметі кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейінгі құпия қызмет мекемесінің күндіз-түні кірпік қақпай аңдығаны «Алашорданың» көсемдері, соның ішінде әскери кеңестің мүшелері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов болатын. Оларды Ресейде, Қазақстанда, Түркістанда, Түрікменстанда жүрсін, бәрібір, соңдарына тыңшы қойылды. Төтенше комитеттің бөлімдеріне құпия тапсырмалар беріп, қалайда ретін тауып тұтқынға алу бұйырылды. Алаш әскерін тікелей басқарған Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатовтың әр қадамы хатқа түсіріліп, шұғыл түрде орталыққа хабарланып отырды. Бұған алдыңғы тарауларда келтірілген Ә.Бөкейханов пен Х.Ғаббасов хақындағы «мінездемелер» дәлел.

Омбы қаласына барып, кеңес өкіметі жағына шыққанын ресми мойындап, оқу-ағарту мекемесіне қызметке алынған бетте М.Дулатов тұтқынға алынып, ісі төтенше комитетке беріледі. Бұл сотсыз атылу деген сөз еді. Ол туралы Д.Әділев тергеуде:

«Кейін қандай да бір жұмыспен Дулатов Омбыға барады. Сонда қолға түсіп қалады да атуға бұйырылады. Сол кезде Дулатовқа бұрыннан таныс Омбы губисполкомында істейтін павлодарлық казак-орыс Полюдов кездесіп қалып, құтқарып алады. Соның көмегімен Оқу-ағарту комиссариатының өкілі ретінде куәлік беріліп, еркін жүріп-тұруға рұқсат алады. Сонда да оның соңына тыңшы қойылып, тынышын кетіреді. Полюдовқа айтып жүріп халықаралық вагонмен Ташкентке Қожановқа келеді», – деп көрсетті.

Сол «тыңшылық» қашан Дулатов Соловецкі түрмесінде көз жұмғанша соңынан қалмайды. Ал Омбыдағы оқиға туралы М.Дулатовтың өзі:



«Сол кезде маған кеңес өкіметіне қарсы күрескеніне қарамастан алашордашыларға ВЦИК-тің кешірім жасағаны туралы мәлімет келді. Мен 1920 жылдың қыркүйек айында Омбы қаласына келдім де, бірден губерниялық атқару комитетіне кірдім. Міне, тура сол кезден бастап менің кеңес өкіметінің жағында істеген үздіксіз еңбек жолым басталады. Өзімнің атқарған лауазымдарым мен істелген жұмыстарымды тізімдеп шықпай тұрып, мына жайды айтқым келеді: мен Омбы қаласында шығып тұратын “Кедей” газетінің бетінде (1920 жылғы 7 қараша күні) өзімнің кеңес өкіметіне деген көзқарасым баяндалған және біздің өткендегі қайраткерлігіміздің тұсында жіберілген кемшіліктерімізге тоқталған мақаламды өз атыммен жарияладым. Бұл мақаланы ешкімнің зорлауынсыз, ешқай жақтың мәжбүрлік ықпалынсыз және қорқып емес, арыма жүгіне отырып жаздым. Өз сөзімнің шын көңілден шыққандығын бұдан кейін іспен дәлелдеуге тырыстым. Омбыда мен бар-жоғы екі ай ғана болдым, онда Ақмола ГуОНО-сы мен Сібір ОНО-ның нұсқаушысы қызметін атқардым. Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда “Ақ жол” газетінің жауапты хатшысы боп орналастым», – деп баяндайды.

Ташкентке келісімен, Д.Әділевтің көрсетуі бойынша: астыртын ұйымға жетекшілік еткен және «Ақ жол» газетінде кеңес өкіметінің саясатын әшкерелейтін мақалалар жазған. Оны жауапты қызметке тартқан С.Қожанов еді. Д.Әділевтің айғағы бойынша:

«Екінші бүкілқазақ құрылтайынан кейін, 1917 жылы ғой деймін, Дулатов «Алашорда» орталық үкіметінің тапсырмасымен Түркістандағы қазақтарды «Алашордаға» қосу мақсатымен Түркістанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетісу облыстары Қоқан үкіметіне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркістандағы құрылтайда сөз сөйледі. Қожанов екеуі сонда танысқан екен. Кейін Дулатов Ташкентке келгенде Қожанов қатты қуанып, оған газет шығаруды ұйымдастыруды тапсырады. Бірнеше күннен кейін ол «Ақ жол» газетін ашты. Ресми редакторы Қожанов болғанымен де, сол кездегі бар жұмысын Дулатов жүргізді. Сол тұста Жетісуда жер реформасы жүргізілді. Оған Сафаров пен Қожанов қатысты. Орынборлықтар Дулатовты Қожановтың жақын тартқан қызметкері деп есептейтін. Сондықтан да орынборлықтар Ташкенттегі астыртын ұйым құруды Дулатовқа тапсырады».

М.Дулатовтың батыл да ұшқыр қаламымен, ұлтжандылығымен, баспагерлік тәжірибесімен тең келетін журналист ол кезде қазақ арасында жоқ болатын. Сондықтан да сөз бен істің қадірін білетін, өзі де қаламгер С.Қожановтың қалауы М.Дулатовқа түсуі заңды. Алайда адамнан бастап аллаға дейінгі кеңістік тұтасымен саясаттанып тұрған тұста С.Қожановтың бұл шешімін өкімет те, өкіметтің өкілдері де, тіпті, Сталин де тітіркене қарады. Қайшылығы мол қатерлі кезеңнің тұлғасы Т.Рысқұлов «партиялық тазалау» науқанында Сталинге екінші рет жолдаған құпия хатында:

«(...) Мұның барлығы кездейсоқ кемшілік емес, өйткені жолд. Сафаров пен жолд. Петерс баяғыдан-ақ – 1920-1921 жылдардан бастап «Алашорданың» қамқоршыларының қатарына кірген (дөрекі болса да айтайын). Түркістанды жақсы білетін «білгір» ретінде жолд. Петерс қарапайым ғана нәрсені шатастырып алды: большевик қазақтарды – ұлтшыл, ал «Алашордашыларды» – кедейлердің қамқоры ретінде қабылдады. Қысқасын айтқанда, біз отставкаға шыққан соң (яғни Сафаров пен Петерс басқарған кезде) Орынбордағы контроревоюциялық «Алашорданың» барлық жетекшілерін (батыс «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ж.Досмұхамедовті, мүшелері Х.Досмұхамедовті, М.Дулатовты, А.Байтұрсыновты т.б.) шақыртып алды. Олар барлық қазақ оқу орындарын, «Ақжол» газетінің редакциясын басып алды және Жетісудағы жер реформасын жүргізуді қолдарына алды. «Ақжолдың» (ТКП(б) мен Түркістан орталық атқару комитетінің органы) редакторы Дулатов: «Ақ жол» дегеніміз – қызылдардың қанды қызыл жолы емес», – деп түсіндірді және «жер реформасын жүргізіп жатқан кеңес үкіметі емес, біз – қазақтың ескі ұлтшылдары», – деп жазды.

М.Дулатовтың «Ақ жолға» келуін Т.Рысқұлов сол тұстағы Түркістанның басшылары Сафоров пен Петерстен, С.Қожановтан көреді. Ал С.Сейфуллин:



«1920 жылы, Москва қаласында РСФСР кеңесінің ҮІІІ құрылтайы өтіп жатқан кезде бір жолдасыммен жолд. Жангелдиннің бөлмесіне бардым. Онда Рысқұлов, Төреқұлов және тағы біреу отыр екен. Төреқұлов: сол кездегі Түркістан АССР-нің астанасы Ташкент қаласында «Ақ жол» деген атпен қазақ тілінде газет шығарып жатқанын, ал ол газетті басқаруға белгілі, беделді (оның сөзі) Міржақып Дулатовты шақырғанын айтып, мақтанып отыр екен. Ол тамсана отырып осыны айтып болған кезде, мен мысқылдап: «Газетіңнің аты да ақшыл (белогвардейское), авторитетті жазушы Міржақып Дулатов та ақшыл (белогвардейский) екен!», – дедім. Рысқұлов қарқылдап күліп жіберді, ал Төреқұловтің өңі түнеріп кетті. Міне, содан бері ол менің меншікті «сыншым» болды, ал оған дейін алашордашыл редактор болды... Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Исполов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов сияқты шірінді және контрреволюциялық әрекеттері үшін біз Қазақстаннан қуып жіберген контрреволюционер жазушыларды Төреқұлов пен оның жолдастары Ташкентке жинап алды, қолтығына алды, қасақана жауапты қызметтерге қойды, негізінен, ташкенттік қазақ басылымдарына, қазақ пединститутына, қазақ-қырғыз ғылыми кеңесіне т.б. орналастырды”, – деп көрсетті.

Әрине, Төреқұлов та, өзі де тізімде аталған адамдардың тағдырын құшты. Ал М.Дулатов бұл кездегі өзінің қаламгерлігі туралы тергеушіге:

Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда “Ақ жол” газетінің жауапты хатшысы боп орналастым. “Ақ жолда” 1921 жылдың мамыр айына дейін істедім және өзіме көрсетілген сенімді толық ақтадым, кей кездері бас мақала жаздым, оларды қазір санап бере алмаймын, алайда Кронштад оқиғасы туралы бас мақаланы менің жазғаным есімде. “Ақ жол” газеті және оның ішінде саяси мазмұндығы ұстамдықтар туалы көп сөз қозғалып, баспасөздерде түрлі таластар жүріп жатыр, оның барлығының мен істеген кезге ешқандай қатысы жоқ”, – деп жауап берді.

1920 жылдың қарашасынан 1921 жылдың мамыр айына дейін, яғни, тура алты ай қызмет істеген кездегі М.Дулатовтың шығармашылық мұрасы кеңестік идеологияға жетпіс жыл «азық» болды. Бұдан көсемсөз иесінің қаламгерлік қуатының қаншалықты қасиетке ие екендігі анық танылады. Міне, алты айдың ішінде артына «осыншама өлмейтін сөз қалдырған» М.Дулатов (Д.Әділев пен Х.Болғанбаев Бұқараға кеткен күні) тергеушіге:



«1921 жылы үйелменімнің соңынан Семейге бардым да, үй-ішімнің жағдайына байланысты сонда қалуымы тура келді. 1921 жылы Семей уезінің халық тергеушісі боп істедім, ал сол жылы күз айында заң қызметкерлерінің губерниялық құрылтайында Семей губерниялық халық сотының төрағасының орынбасары боп сайландым. 1922 жылдың мамыр /май/ айына дейін осы міндетті атқардым. Асырып айтқандық емес, осынау қысқа мерзім ішіндегі менің жігерім мен адал еңбегім губерниялық сот мекемелерінің беделін қазақ тұрғындарының арасына ерекше көтеріп кетті (Мен қазақ бөлімін басқарған болатынмын). Бұл жайды сол кезде Семейде істеген жолдастардың бәрі де жақсы біледі”, – деп түсінік берді.

Қазақстанның жеріне өткеннен-ақ М.Дулатовқа қырын көздер сұғын қадады. Сол кезде Ә.Бөкейханов та Семейге келді.

«Бөкейхановтың Семейге кетуінің себебі: бастапқыда Монғолия мен Қиыр Шығыстағы жағдай қалай бетбұрыс жасайды, соның аңысын байқап отырғысы келді, кейін Бакичтің бандыларының әскери әрекетін күтті, енді міне, оның Унгернмен байланысы баспасөзде жарияланды. Мұның барлығы Бөкейхановтың кеңес өкіметін құлату үшін жатпай-тұрмай күресіп жүргендігін байқатады»,- деп хабарлады тыңшылар.

Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова: «Әкем 1921-1922 жылдары Семейдің Губсотында жұмыс істеді. Қызмет бабымен ел ішінде жүріп, көбіне үйде бола бермейтін, біз де соған үйренгенбіз. Біз осы жылдары Семейдегі Әнияр Молдабаевтің Комиссар көшесіндегі екі қабатты жеке меншік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында Дулатовтар, біріншісінде Әлихан Бөкейхановтың үй-іші жайғасқан еді. 1921жылдың жазында әкем бізді: шешем, мен, Гуля тәтемді Шыңғыстаудағы Ақбердиннің ауылына жеткізіп салды. Ондағысы шипалы таза ауада жүріп, қымыз ішіп, шешемнің денсаулығын түзетуді ойлаған. Біз бұл ауылда бір жаз, бір қыс тұрғамыз. Өміртай мен Міржақып Абай атамыздың ауылында Тұрағұл арқылы танысып, туыстай жақындасып кеткен кісілер», – деп еске алады.


Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов сияқты «Алашорда» үкіметі әскери кеңесі мүшелерінің үшеуінің бірдей бір қалада бастарының қосыла қалуы төтенше комитетті қатты алаңдатты. Олар үшеуіне де бақылау қойып, оның нәтижесін үздіксіз жоғарыға:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет