ЕКІНШІ ТАРАУ. ҚАРЖЫ САЛАСЫНДАҒЫ БАСҚАРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
§1. Қаржы, қаржы жүйесі және мемлекеттің қаржылық қызметі
Қаржының қоғам және жекелеген азаматтар өмірінде алатын орны мен олардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету жөнінде атқаратын рөлі өте зор екені әркімге белгілі. Қаржы мемлекеттің өсіп дамуының материалдық негізі және тірегі, сондай-ақ оның міндеттері мен функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз етудің қайнар көзі болып есептеледі. Қаржылық құралдар арқылы мемлекет еліміздің экономикалық өсіп дамуына белсенді, пәрменді түрде ықпалын тигізеді. Бұл жерде күнделікті қоғам өмірінде, тіптен өндіріс аясында да көбінесе қаржыны ақша немесе қаражат деп түсінетін айта кетуіміз қажет. Ақшаның атқаратын функциясын білмейтін адамдар кемде-кем шығар. Ақша құн өлшеу, айналым, айырбас және т.б. құрал ретінде жалпыға бірдей құндылық баламасын көрсетеді.
Ал қаржының атқаратын басты рөлі – мемлекетке жүктелген функцияларды орындау, қоғам және экономика мұқтаждықтарын қанағаттандыру болып саналады, сондай-ақ сатып алу, сату, айырбастау және тұтыну процестерін жүзеге асырмайды. Тағы бір айта кететін жәйт, ақшаны пайдалану (ақша-тауар) А– Т және (тауар-ақша) Т–А процесінде, тікелей жұмсау түрінде көрініс тапса, ал мемлекеттік қаржыны жұмсау – бөлу нысанында жүзеге асырылып, тікелей пайда табу көзделмейді. Бірақ теориялық тұрғыдан алғанда, ақша қаражаттары мен қаржы арақатынасын қарастырсақ, онда кейбір ақша қаражаттары – қаржылық ресурстарды білдіргенімен, қаржы түсінігінің өте кең мағынада болатынын байқаймыз.
Өркениетті, нарықтық мемлекеттердің өзінде де қаржыға айрықша көңіл бөлінеді. Себебі осы дамыған елдердің қаржы жүйесі арқылы ұлттық табысты қайта бөлу көрсеткіші елу пайыздан асып отыр. Осыған байланысты олардың мемлекеттік бюджеттерінің көлемі де күрт өсіп отырады.
Сонымен қаржының көпқырлы ұғым екенін байқадық. Сондықтан оның мәнін ашып көрсету мақсатында оны бірыңғай термин ретінде қарастырсақ, онда негізгі үш қыры көрініс табатынын көреміз.
Біріншіден, қаржы деп – өндіріс және тұтынуда экономикалық ресурстардың бір түрі ретінде пайдаланылатын ақшаны және ақша қаражаттарын айтуға болады. Осы өндіріс пен тұтынудың ақшалай нысандағы ресурстары, жоғарыда айтқанымыздай, қаржылық ресурстар болып есептелінеді. Олар мемлекетте немесе шаруашылық субъектілерінің қарамағында әртүрлі ақша түріндегі табыстардың, аударымдар мен түсімдердің есебінен қалыптастырылып, қоғамның әлеуметтік және басқа да мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, жұмысшыларды материалдық жағынан ынталандыруға, өндірісті ұлғайтып, жетілдіруге пайдаланылады.
Екіншіден, қаржы – ақша қаражаттарының жиынтығы ретінде, қаржыландыру терминімен байланысты болады. Сондықтан да, бұл жерде қаржы термині – мемлекет, кәсіпорындар, кәсіпкерлер, аумақтарды, әлеуметтік-экономикалық т.б. бағдарламаларды қаржылық ресурстармен қамтамасыз етудің қайнар көзін, көлемін, түрлерін және тәсілін білдіреді.
Үшіншіден, арнайы және дербес экономикалық категория ретінде қаржы бөлу қатынастарын көрсетеді. Нақты бағыттарға арналып ақша бөлу түрінде жүзеге асырылатын қаржыландырудың өзі бөлу болып табылады. Қаржының арқасында экономиканың барлық құрылымдық бөлімдерінде және шаруашылықтың әрбір деңгейінде қоғамдық өнімнің құнын қайта бөлу процестері жүзеге асырылады. Жасалған ұлттық табыстың құнын бөлу ақшалай табысты мемлекеттік деңгейде, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік қызмет деңгейінде бөліктерге бөлу арқылы жүргізіледі және осы жағдайларда туындайтын көптеген қатынастар – қаржылық қатынастар деп аталады. Сонымен қаржының ақшамен өте тығыз байланыста болатынын және ақшаның қаржы болмысының міндетті көрінісі ретінде сипатталатынын білдік. Ақшаның тауар айырбасында, өзіндік айналымда болуы, қолдан-қолға өтуі ақшалай қатынастар түріндегі айрықша нысандағы процестермен көрсетіледі.
Осы айрықша нысандағы экономикалық қатынастар – қаржы болып саналады. Сонымен, қорыта келіп айтсақ, экономикалық категория ретіндегі қаржының өте маңызды белгілері – қаржылық қатынастардың бөлу сипатында болуы, ақша нысанындағы құнның тек біржақты қозғалысын білдіруі. Қорытынды ретінде тағы бір айта кететін жәйт, қаржының материалдық негізі – өндіріс болып табылады. Өйткені шаруашылық субъектілерінің ақшалай табыстары мен экономикалық өнімді жасау және оны өткізу нәтижесі құралады. Сонымен бірге, қаржы сол өндіріс аясының өзіне қызмет көрсетеді яғни өндірістің ұлғайына, дамуына және құрылымдық өзгертулеріне жағдай жасайды. Қаржы арқасында мемлекеттің мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, әртүрлі меншік нысанына негізделген шаруашылықты дамытуға, аумақ арасындағы экономикалық байланыстарды жүзеге асыруға қажетті ақша қаражаттарын мемлекет қарамағына жұмылдырады. Қаржының негізінде, олның көмегімен шаруашылық қызметтердің нәтижелерін тексеру және бақылау жүзеге асырылады.
Енді осы қаржы жөніндегі ғалымдардың көзқарастарына назар аударып, салыстырып көрейік. Қаржылық құқық саласының көрнекті ғалымы А. И. Худяков “қаржы” термині латынның “финис”, яғни қандай да істің бітуі, ақыры немесе төлемнің, жалақының төлену мерзімі деген сөзінен туындаған дейді. Ортағасырлық латын тілінде finatio, financia деген сөздер міндетті ақшалай төлем деген мағынада айтылған болатын. Он сегізінші ғасырда француздар finance, ягни финанс деп мемлекеттің кіріс және шығысын, мемлекет мүліктерінің жиынтығын немесе мемлекеттік шаруашылықты айтатын болған110.
Қазіргі кезде “финанс” – қаржы терминінің мағынасы ақшамен тығыз байланысқан. Сондықтан болар, көптеген жағдайларда азаматтар қаржының қолда бар немесе құжат жүзіндегі ақша деп түсінеді. Ал экономистер: азаматтар қаржысы, мемлекеттің қаржысы, заңды тұлғалардың қаржысы деп бөледі. Кейбіреулер, тар мағынада, қаржы – тек мемлекет пен заңды тұлғалардың ақша қаражаттарын қамтиды деп түсіндіреді111.
Осы терминнің тағы бір сирек кездесетін мағынасы “мемлекеттік ақша” түсінігімен сәйкес келеді.
А. И. Худяковтың айтуынша, «қаржы» термині қандай да болмасын мағынада түсіндірілсе де, ең дұрысы – мемлекет қарамағындағы ақша қаражаттары деген тұжырым.
Егер арнайы мағынада қаржыны – мемлекеттік қаржы десек, яғни белгілі бір қорларға бөлінетін, мақсатты бағыты болатынын, пайдаланылу тәртібі белгіленетінін және оларды қалыптастырып, бөлетін органдардың бар екенін байқаймыз, – деп жалғастырады өз ойын А. И. Худяков. Осы қорларға жиыстырылған ақша қаражаттары әрдайым мемлекеттік меншік нысанында болады.
Сондықтан, материалдық мағынада қаржы деп – мемлекет меншігіндегі ақша қаражаттарының жиынтығын айтамыз112.
Қаржы экономикалық категория ретінде де айқындалады. Экономикалық мағынада қаржы деп – мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі қатынастардың жиынтығын айтамыз. Дәлірек айтсақ, – экономикалық қатынастардың жүйесі болып табылады. Қаржыға байланысты тағы бір көңілге қонбайтын, санаға сыймайтын нәрсе – оның құрамына ақша қорларын пайдалану жөніндегі қатынастардың енгізілуі.
Бұл жерде былайша түсіндіруге болады: ақшаның өзіндік тұтынушылық құны жоқ болғандықтан, оларды пайдалану тек айырбастау қатынастарында немесе экономистер айтқандай, “А – Т”, “Т – А” қатынастарында жүзеге асырылады. Алайда бұл қатынастар тауар – ақша қатынастары болғандықтан, қатысушы екі жақтың заң жүзіндегі тең құқықтылығына негізделеді. Ал қаржылық экономикалық қатынастардың бір жағында оның тұрақты субъектісі ретінде әрдайым мемлекеттің біртұтас өзі немесе мемлекет уәкілдік берген мемлекеттік өкілетті органы тұрады және осы қатынаста қаржылық құқықтық нормалармен реттеледі. Сонымен қатар қаржылық-экономикалық қатынастардың бір жағында әрқашан билікші субъект тұрғандықтан, екі жақтың тең құқықтылығы жөнінде сөз қозғалмайды. Ал тауар – ақша қатынастары, яғни сату – сатып алу қатынастары азаматтық құқық, еңбек құқығы және тағы да басқа құқық салаларының нормаларымен реттеледі. Бұл жерде айта кететін бір жәйт, мемлекет қаржыны пайдаланудан өзін аулақ ұстағанымен, олардың жұмсалу процестеріне атүсті қарай алмайды. Өйткені қаржы өзінің ақша қаражаттары болғандықтан, олардың талан-таражға түспей, заңды негізде, мақсатты бағытта, ұтымды және тиімді түрде пайдаланылуын (жұмсалуын) ұйымдастырады. Қаржы мемлекеттің өсіп-дамуының материалдық негізі болып табылады деп жоғарыда айтып өткенбіз. Сондықтан қаржының атсалысатын басты бағыт-қажеттілігі – мемлекетті және қоғамды ақшалай қамтамасыз ету.
В. И. Белинский қаржыны экономикалық категория ретінде және қаржылық ресурстар ретінде қарастыру қажет деген пікір айтады. Автор қаржыны ақша құжаттары қорларын құру және оларды орталықтандырылған, сондай-ақ орталықтандырылмаған негізде бөлу жөнінде туындайтын экономикалық қатынастар деп түсіндіреді113. Қаржының материалдық негізі – өндірістік қатынастар болып табылады. Сонымен қатар қаржының туындауы мен өмірден орын алуының бірден-бір шарты – тауарлық өндірістің және айналымның өздеріне тән құндылық категорияларынын болуы. Кейбір экономистер қаржыға ақша қаражаттарын, натуралды ресурстарды, кіріс және басқа игіліктерді немесе кіріс және шығысты, сондай-ақ ақша қорларын жатқызады.
Қаржының құндық экономикалық категория емес екеніне ешкімнің күмәні жоқ болғандықтан, олардың шынайы нақты объектісі – ақша қорлары болып табылады.
Ал қаржының пайдаланылу негізіне белгілі бір кезеңдегі, яғни қазіргі кездегі объективтік құндылық заңының әрекет ықпалы және қоғамның тауарлық өндірісінің дамуы жатады. Бұл жерде құн екі нысанда көрініс табады – тауар және ақша ретінде. Ал ақша айналымы (А – Т – А) ұдайы өндірістің бір ерекшелігі, яғни үзбей жүргізілетін қоғамдық қызметтің саласы болып есептеледі114. Осы ақша айналымының негізінде екінші рет құн нысандары туындайды және олардың әрқайсысы айрықша қоғамдық қатынастарды көрсеткендіктен, – шаруашылық механизмінің белгілі бір элементтерін құрайды. Қаржы осы нысандардың бірі ретінде ақшалай қаржылық қорларды қалыптастыру және пайдалану жөніндегі ақшалай қатынастардың жүйесі болып табылады.
Бұл жерден байқайтынымыз, қаржының ақшалай қатынастарға негізделетіні және күнделікті өмірде, іс жүзінде ақша ресурстары ретінде көрініс табуы.
Тағы бір айта кететін жәйт, ақшаның өзі немесе ақша қаражаттары қаржы жөніндегі ғылымның объектісі болып табылмайды. Қаржының құрамындағы ақша қаражаттарының атқаратын функциясы ақшадан бөлек болады. Сондықтан ақша және қаржы өз алдына бөлектенген экономикалық категориялар болып табылады. Негізінде қаржының өзіне тән функциясы – бөлу (жиынтық өнімді және таза табысты) және бақылау функциясы бар. Бұл жерде автор үшінші функция жөнінде, яғни жұмылдыру функциясы туралы сөз қозғамаған. Ал ақша тауар – ақша қатынастары жағдайында бірнеше функция атқарады: құн өлшемі ретінде; төлем құралы ретінде; айналым құралы ретінде; қазына құрау құралы ретінде; дүниежүзілік ақша ретінде.
Ақша жалпыға бірдей құндылық баламасы ретінде шаруашылық айналымына қызмет етеді және мемлекет аумағындағы барлық айналымдар мен әрбір шаруашылық операциясын тексеруге мүмкіндік береді.
Қаржының экономикалық категория ретінде ақшадан айырмашылығы, олар тек ақша қаражаттары қорларын құру, бөлу және пайдалануға байланысты ақшалай, яғни экономикалық қатынастардың ерекше аясын көрсетеді. Алайда қаржындың осы сипаттамасы оның толық маңызын айқындай алмайтын сияқты. Себебі мемлекеттік бюджетте, кредиттік және кассалық жоспарларда, мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылық жоспарларында қатынастар емес, – белгілі бір мөлшердегі ақша қаражаттарының сомасы көрсетіледі. Бұл сомалардың шаруашылық қызметтері қаржылық нәтижесі екені белгілі.
Сондықтан қаржылық ресурстар деген ұғымды қарастырсақ, онда оның мемлекет қарамағындағы немесе қандай да болмасын меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың ақша қаражаттары қорларының жиынтығы екенін байқаймыз, – деп тұжырымдайды В. И.Белинский 115.
Ресейлік ғалым О.Н. Горбунова: «Қандай да болмасын мемлекетте жиынтық қоғамдық өнімді және ұлттық табысты бөлу, сондай-ақ қайта бөлу процестері ақшалай нысанда болады, ал “қаржы” термині француздың финанс, яғни кәсіпорын, мемлекет қарамағындағы барлық ақша қаражаттарының жиынтығы мен оларды қалыптастыру, бөлу және пайдалану жүйесі болып табылды», – дейді116.
Мемлекеттік қаржысы, өзінің материалдық мәні бойынша, ақша қаражаттары қорларынан тұрады және олар орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақша қаражаттары қорларын жұмылдыру (жинақтау), қайта бөлу, сондай-ақ пайдалану процесіндегі қоғамдық экономикалық қатынастардың атқарылуымен тікелей байланысты болады.
О. Н. Горбунова мемлекет өзінің экономикалық және әлеуметтік процестерін басқару жөніндегі қызметтерінің барысында кіріс және шығыстарға ақша нысанында, әртүрлі ақша қорларын құра отырып есеп жүргізгендей, қаржыны – ақша қаражаттары емес, олар тек ақша қаражаттары қорларын жинастыру, қайта бөлу және пайдалану жөніндегі адамдардың арасындағы қатынастар болып табылады деген117. Бұл жердегі көзге ұрып тұрған кемшілік қаржы – экономикалық тұрғыдан алғанда, жәй ғана қатынастар емес арнайы экономикалық қатынастардың жиынтығы. Ал материалдық мағынасына келсек, онда қаржы тек мемлекеттің меншігіндегі ақша қаражаттары қорларының жиынтығы деп айта аламыз.
Қаржы жиынтық қоғамдық өнімді және ұлттық табысты бөлетін экономикалық құрал болып табылады118.
Мемлекетті басқарудың ең жақсы тәсілі – ақша қаражаттарының көмегімен басқару болып есептелінеді. Ақша қаражаттарын реттей және ақша қорларын құруға бағыттай отырып, кейіннен сол құрылған қорлардан қажетті, белгіленген тараптарға қаражаттарды бөліп, пайдалану арқылы мемлекет көптеген саладағы қызметтерді ынталандырады немесе кейбір бағыттар бойынша тежей алады.
Ресейлік оқымысты заңгер А. Жданов қаржыны мемлекеттің және жеке мекемелердің ақша қорларын құру, бөлу және пайдалану жөніндегі экономикалық қатынастар, ал қаржы жүйесін – қаржының әртүрлі буындарының өзара байланыстары мен жиынтығы ретінде түсіну қажет деп көрсеткен119.
Ресейлік ғалым О. Н. Горбунова қаржы жүйесін екі тұрғыдан қарастырған:
а) әрқайсысы тиісті ақша қорларын құратын және пайдаланатын қаржылық институттардың жиынтығы;
ә) өздерінің құзыреттері шегінде қаржылық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен мекемелердің жиынтығы ретінде.
Ал қаржылық институттардың жиынтығы өзіне орай мемлекеттің қаржы жүйесін құрады. Қаржы жүйесі мемлекеттің нарыққа өту жағдайындағы даму ерекшеліктерін көрсете отырып мынадай буындардан тұрады:
1) федералдық, федерация субъектілерінің бюджеттерінен және муниципалдық бюджеттерден тұратын бюджет қоры;
2) Бюджеттен тыс орталықтандырылған мақсатты қорлар;
3) Бюджеттен тыс орталықтандырылмаған мақсатты қорлар;
4) Шаруашылық субъектілер мен салалардың қаржысы;
5) Мүлікті және жеке басты сақтандыру;
б) Мемлекеттік және банктік кредит.
Қаржы жүйесі – мемлекеттің қаржылық қызметін тікелей жүйеге асыратын қаржылық органдар мен кредиттік, яғни мемлекеттік органдар мен мекемелердің жиынтығы деген пікірге көптеген авторлар қосылуда. А. И. Худяков ұйымдастырылуы бойынша – қаржы жүйесін: мемлекеттің қаржылық мекемелері, яғни қаржылық ведомстволар, салық органдары, мемлекеттік банктер, мемлекеттік сақтандыру компаниялары құрайды деп түсіндіреді120.
Қаржылық органдар жүйесін, әдетте, Қаржы министрлігі басқарады. Қаржы министрлігі, қаржылық басқармалар, аумақтардағы қаржылық басқару органдары, қазынашылық, қаржыларды басқаратын бірыңғай мемлекеттік басқару органдарының жүйесі болып табылады. Ұлттық (орталық) банк басқаратын кредиттік мекемелер, қаржыны жұмылдыруға атсалысатын салық органдары мен кеден мекемелері де қаржылық қызметті жүзеге асырады.
Негізінде “қаржы” ақша түріндегі қоғамдық өнімдерді бөлуге байланысты экономикалық қатынастардың едәуір аумағын қамтиды. Қаржының ақша сипатында болуы, оның экономикалық құндылық категориясына жататындығын және оларды жүзеге асыру нысаны болып табылатындығын көрсетеді. Қаржыны экономикалық категория қатарына бөліп, жеке-дара шығаруымыз үшін оның мағынасын зерттеп, зерделеп білуіміз қажет.
Экономикалық теория курсынан қоғамдық қатынастар құрамына кіретін ақшалай қатынастарды – экономикалық қатынастар деп айтатынын білгенбіз. Ал, экономикалық қатынастар өндірістік қатынастарға қосылатындықтан, қоғамдық қатынастар жүйесінің басты бөлігі болып табылады. Сондықтан қаржылық қатынастар – өндірістік қатынастардың бір бөлігі ретінде, базистік қатынастарға жатады.
Қазақстандық экономист-ғалым В. Д. Мельников қаржының қаржылық қатынастарының қалыптасуы мен және туындауын былайша көрсетеді: «Қоғамдағы ұдайы өндіріс процесі бір-бірімен тығыз байланысқан және өзара тәуелді төрт сатыдан тұрады: өндіру (өндіріс); бөлу; айырбастау; тұтыну»121.
Осы ұдайы өндірістің төрт сатысы арқылы қоғамдық өндіріс процесіне қатысушылардың арасындағы тауарлық қатынастардың бар-жоғы анықталады, өйткені өндірілген өнімдер – бұл жерде сату-сатып алуға жататын тауарға айналады. Бұл өнімдер тұтынудан бұрын бөлу және айырбастау сатыларынан өту арқылы тек өнімді өндірушілерді ғана емес, солармен қатар қатынасқа қатысушылардың да талаптар мен мүдделерін қанағаттандыруға тиісті. Осыдан байқайтынымыз, өндірілген материалдық немесе материалдық емес өнімдер, көрсетілген қоғамдық өнім ретінде заттай және ақшалай түрінде көрсетіледі.
Қоғамдық өнімнің жаңағыдай екі формаға қалыптасуы, олардың әрбір қоғамдық өндіріске қатысушылардың мұқтаждықтарын өтеу үшін ақша, баға, өзіндік құн, қаржы, жалақы төлеу және тағы басқа құндылық категорияларын пайдалануларына жол береді.
Бұл жерде өндірілген өнімдер мен басқа да қажетті заттар, қызметтер – ақшаның, яғни жалпыға бірдей балама және құндылық өлшемінің көмегімен өлшенеді. Қаржының экономикалық категория ретіндегі қызметтері қоғамдық жиынтық өнімді бөлу кезінде анық көрінеді.
Қаржының мағынасын түсіну үшін жекеленген кәсіпорынның өндірістік қорларын өзіндік айналымынан шығарылатын өнімдерді өткізу (сату) кезіндегі ақша түріндегі дербес қозғалысымен және құнның бөліну мезгілінен бастап қарастыру қажет.
Кәсіпорын осы өнімдерді өткізу барысында тиісті ақша қаражаттарын немесе ақша қорларын құрайды. Бұл жерде оның ақша қорлары ретінде айналым қорын, амортизациялық қорды, жалақы төлеу қорын, әлеуметтік бағыттағы қорларға аударымдарын, пайда және т.б. атап өтуге болады.
Табылған пайданың немесе табыстың бір бөлігі орталықтандырылған қорларды қалыптастыру үшін мемлекет қарамағына аударылады да, ал екінші ең көп бөлігі өндірушіде қалады. Өндіруші оны өз қалауы бойынша пайдаланады122. Көбінесе пайда мен табыстың қолдағы бөліктері өндірістік процесті үзбеуді қамтамасыз ету мақсатында еңбек құрал-жабдықтарын сатып алуға, сондай-ақ пайданың және бір бөлігі өндірістің басты факторы – негізгі қорларды қалыптастыруға жұмсалады. Сонымен материалдық өндіріс аясында (кәсіпорындар, өнеркәсіптер, т.б.) жасалған құнның бір бөлігі өндірушілерде қалса, едәуір бөлігі жалпы мемлекеттік мұқтаждықтарды қанағаттандыру мақсатында мемлекет қарамағына берілетінін білдік.
Бұл құндар ақша түріндегі дербес қозғалысқа ие болғаннан кейін мемлекеттік кіріс ретінде мемлекеттің қаржылық қызметінің аясына қосылады. Бұлардан басқа мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардан, мемлекеттік емес заңды тұлғалардан, акционерлік, кооперативтік, қоғамдық кәсіпорындар мен ұйымдардан түсетін (салықтар, алымдар және басқа міндетті төлемдер түрінде) қаражаттар мен мемлекет тарапынан халықтан ерікті түрде жұмылдырылған (мемлекеттік заемдар, мемлекеттік лотореялар, жинақ банктеріндегі салымдар (аманаттар) және т.б.) қаражаттар арқылы мемлекет деңгейіндегі қаржылық қатынастардың формасы пайда болады. Осы қаржылық қатынастар орталықтандырылған ақша қаражаттары қорларын – республикалық және жергілікті бюджеттерді, сақтандыру қорларын бюджеттен тыс қорларды қалыптастырады.
Экономика өмірінде ақша қаражаттары, әдетте, құнның баламалығы (эквиваленттілігі) негізінде, яғни тауар және ақша түріндегі құнның қозғалысы негізінде пайдаланылады. Баламалық принцип басқа да экономикалық категорияларға – баға, өзіндік құн, жалақы төлеу, несие және т.б. тән болып табылады.
Қаржылық қорды басқа ақша қаражаттарынан ерекшелендіріліп тұратын өзгешелік, олар (қаржылар) экономиканы басқарудың қандай да болмасын деңгейіндегі ақша түріндегі құнның біржақты қозғалысының негізінде құралады.
Сонымен қаржылардың айрықша экономикалық категория ретіндегі өздеріне тән ерекшеліктері ақша түріндегі құнның міндетті түрдегі бір жақты, баламасыз қозғалысы болып табылатынын айқындадық.
Қаржылардың экономикалық табиғатына келсек, онда олардың тауарлық ақша қатынастары мен құн заңының әрекет етуінен туындайтынын байқаймыз.
Ақша қаражаттары қорларының қалыптастырылуы және олардың тауарлық қатынастарда (А – Т) пайдаланылуы қаржының көмегімен жүргізіледі. Орталықтандырылған ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру жөніндегі міндетті түрдегі субъектісі, әрқашанда мемлекет болып табылатынын білдік.
Мемлекеттен басқа қоғамдық өндіріске қатысатын субъектілердің ақшалай қызметтері, қаржылық қызметке жатпайды, ал олардың ақша қаражаттары немесе ақшалай ресурстары (“А – Т”, “Т – А”) процесіне қатысатындықтан қаржы түсінігімен қамтылмайды деген тұжырымға келеміз.
Сонымен, қорыта келгенде, қаржы деп – мемлекеттің ақшалай кірістерін жиыстыру, бөлу және пайдалану процесінде туындайтын экономикалық қатынастардың жүйесін айтамыз.
Енді осы жоғарыда айтылған барлық ғылыми көзқарастарды тұжырымдасақ “қаржы” терминінің екі мағынасы бар екенін көреміз: 1) материалдық; 2) экономикалық категория ретінде. Материалдық мағынада “қаржы” деп мемлекеттің өз қарамағындағы ақша қаражаттары қорларының жиынтығын айтамыз.
Мемлекеттік қаржылық, ресурстары әрдайым белгілі бір ақша қорлары ретінде көрсетілгендіктен оларды жоспарлау, есепке алу және мақсатқа сәйкес жұмсау процестерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді және жеңілдетеді.
Экономикалық категория ретінде “қаржы” деп – мемлекеттің ақшалай ресурстарын жоспарлы түрде қалыптастыратын және бөлетін, сондай-ақ олардың пайдаланылуын ұйымдастыратын экономикалық қатынастардың жүйесін айтамыз.
Сонымен, «қаржы» терминінің мағынасын анықтадық.
Мемлекеттік ақша қорлары, әрқашанда мемлекеттің қаржылық қызметінің түпкілікті объектісі болып есептелінеді. Қаржылық қызметі процесінде қаржының үш функциясы жүзеге асырылады. Олар мына төмендегідей болып келеді:
1) ақша қорларын жұмылдыру (жиыстыру) функциясы;
2) мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды (материалдық өндіріс аясындағы және аясында емес) ақшалай қамтамасыз ету функциясы;
3) бақылау функциясы.
Бірінші функцияның мәні мынада: жаңа, қаржы туралы сөз қозғағанымызда мемлекеттің өз меншігіндегі ақша қаражаттары болмай, мемлекет бола алмайды дегенбіз. Ендеше осы функция арқылы мемлекет өз мұқтаждықтарын өтеуге қажетті ақша қаражаттарын жиыстырады және осы қаражаттарды ақша қорларына қалыптастырады, яғни мемлекет өз мұқтаждығын өтеуге қажетті ақша қаражаттарын жұмылдырады.
Бірақ біз мемлекеттің алға қойған негізгі мақсаты – тек ақша қаражаттарын жиыстыру ғана емес екенін білеміз. Сондықтан екінші функция – мемлекеттің өзіне және өз тарапынан жасалатын қызметтеріне жұмсалатын шығындарды өтеуге байланысты ақша қорларын пайдаланудан тұрады.
Үшінші функция – мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру және бөлу, сондай-ақ қандай да болмасын шаруашылық субъектілерінің осы қорлардан алған ақша қаражаттарын мақсатқа сай пайдаланулары кезіндегі барлық әрекеттерінің дұрыс және заңды болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған функциялар туралы айта кететін бір жай бар.
Қаржының функциялары жөніндегі оқымысты ғалымдар әлі де пікір талас тудырып ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, қалыптасқан көзқарасқа келе алмай жатқан жәйттер бар. Қазіргі кезде қаржының функциялары турасында – бөлу және ұдайы өндіріс атты екі концепция өмірден орын алып отыр.
Бірінші концепцияны жақтаушылар, қаржы – қоғамдық ұдайы өндірістің екінші, яғни бөлу сатысында, ақша түріндегі қоғамдық өнімнің құнын бөлу процесінде пайда болғандықтан, оған тек бөлу функциясы ғана тән болады деп есептейді.
Осы концепцияға сай қаржы бөлу және бақылау функцияларын ғана атқарады. Бұл жердегі қателік бірден көзге түсіп тұр, өйткені қаржының басқа да бөлу процесіне қатысатын экономикалық (баға, ақша, жалақы төлеу, несие және т.б.) категориялар бар екен білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |