20.4. Жұқа қабатты хроматография
Жұқа қабатты хроматография (ЖҚХ) бойынша қоспаларды бөлу қозғалмалы фазаның сорбенттің жұқа қабаты арқылы жылжуы арқылы қамтамасыз етіледі. ЖҚХ жүргізудің бірнеше әдістері бар, көбінесе өрлегіш элюациялау қолданылады. Ол үшін элюент хроматографиялық қондырғының түбіне құйылып, анықталатын зат тамызылған пластинаның төменгі бөлігі еріткішке салынады. Элюент төменнен жоғары қарай жылжиды.
Элюенттің берілу тәртібіне байланысты ЖҚХ үздіксіз, еселенген, сатылы, градиентті және екі өлшемді болып бөлінеді. Үздіксіз ЖҚХ-да еріткіш үнемі, еселенгенде - бірнеше рет қайталанып, сатылыда - әр түрлі еріткіштер қолданылады.
Егер қоспаның компоненттері боялған болса, олар анық көрінеді. Боялмаған дақтарды әртүрлі әдістермен айқындайды. Егер хроматограмманы иоды бар ыдысқа (иодты камера) салатын болса, компоненттер қоңыр дақтар түрінде айқындалып шығады. Сол сияқты хроматограмманы арнайы реагенттің көмегімен айқындауға болады. Көбінесе люминофор қосылады, ондай пластинаны жарықтандырғанда (λ=254 нм) флюоресценцияланып, компоненттер дақ түрінде шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |