19 ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай ХІХ ғасырда Қазақстан жерін отарлау жұмыстары төмендегідей бағытта жүргізілді: барлық аймақтарда әскери қамалдар мен бекіністердің салынуы, ресми қазақ хандықтарының жойылуы, аға сұлтандық (округтық), болыстық, старшындық, ауылдық отарлық басқару жүйесінің енгізілуі т.б . Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына бағытталған ресми құжаттары жасалды: “Сібір қазақтарының Уставы” (1822), “Орынбор қазақтарының Уставы” (1824).ХҮІІІ ғ. аяғында Сырым Датұлы бастаған халық қозғалысы /1787-1797/ болды, олХҮІІІ – ХІХ ғ.ғ. әдеби, фольклорлық шығармашылық мұраларда көрініс тапты.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында отарлық езгіге қарсы Қазақстанда болған қарулы көтерілістер: Қаратай сұлтан /1797-1814/, Арынғазы сұлтан /1816-1821/, Исатай-Махамбет /1936-1838/ бастаған көтерілістер, олар әдебиет шығармаларда бейнеленді. Бұған дәлдел сол кезеңде шыққан тарихи жырлар.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс /1824-1847/ осы жылдар арасында жүргізілді,бұл қозғалыстаәдебиеттекөрініс тапты. Кенесары, Наурызбай және олар бастаған қозғалысқа қатысқан батырлар туралы тарихи жырлар дүниеге келді. Нысанбай жыраудың “Кенесары-Наурызбай”, Доскей Әлімбаевтің “Кенесары”, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының “Қисса Наурызбай төре” дастандары, Досқожа ақынның “Кенесары қоныстан ауғанда айтқаны” өлеңі, “Кенесарының өлеңі”, “Кенесары жырының бірнеше ауызы” атты халық өлеңдері, т.б.Қазақстан жеріндегі Ресей патшалығының отаршылдығы ХІХ ғ. екінші жартысында күшейе түсті. Ресейдің отарлық саясатына және Хиуа, Қоқан хандықтарының басқыншылық соғыстарына қарсы көтерілістер туындады: Есет батыр /1853-1859/, Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлы бастаған Сырдария бойындағы, 1867, 1868, 1870 жылдары Орал, Торғай, Маңғыстау облыстары халқының көтерілістері туралы тарихи жырлар дүниеге келді.
Зар заман әдебиеті.
Күні бүгінгі шейін зар заман ақындары төңірегінде айтылып жатқан жайлар аз емес.1932жылы С.Сейфуллин қазақ әдебиетінің төңкеріске дейінгі тарихын екі дәуірге бөлді. 1. «Билер дәуірі», 2. «Орыс патшасына бағынған дәуір ». Сәбит Мұқанов Шортанбай дәуірін « зар заман әдебиеті» деп, ғылыми негізде баға берді. Былайғы уақытта бұл дәуір қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне қатысты пікір айтқан Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, Ы. Дүйсенбаев сияқты ғалымдарымыздың да арнайы тоқтап, айрықша мән беріп өткен дәуірі болды.Соңғы жылдары ғалым Мекемтас Мырзахметов зар заман әдебиетін орыс отаршылығына қарсы туған сипатына қарап: «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп атауды ұсынды.Мұхтар Әуезов 1927 жылға «Әдебиет тарихы» оқулығына енген «Зар заман ақындары» атты зерттеуінде зар заман ақыны кім, дәуірі қандай еді, көтерген мәселелері қандай дегенді нақты да дәлелді қозғаған-ды. Ол зар заман ақындары деген терминге бірнеше теориялық тұжырымды негіз етеді. М.Әуезов жүйелеуіндегі «зар заман әдеби ағымы» мынандай мәселелерді ажыратудан барып айғақталады:
Зар заман ақындары деп кімді айтамыз?
Бұл дәуірдің алғашқы ақындары кімдер?
Барлығының басын қосатын күй қайсы?
Көпшілігі қандай жайды тақырып еткен, нені толғаған?
Бұл еңбекте М.Әуезов заман сарына терең үңіледі. Барша ерекшелік, өзгешелігін қамти айтады. Біздің, зар заман ақындары дегенде, жалпы қазақтың атам заманнан бергі өмір тарихындағы зарды емес, дәл осы М.Әуезов атап беріп отырған, орыспен арадағы саяси ахуалға байланысты туған мұң мен зарды нысанада ұстауымыз қажет. Отаршылдық саясаттың зардаптары мен мақсаттары саяси жүйе ретінде , тарихтың белгілі бір беті ретінде көрінген тұсты бар сипат-өзгешелігімен тұтас қабылдап, оның әдебиетке түскен көлеңкесін көрсету.
Зар заман ағымына :М . Әуезов ХІХ ғасырда жасаған ақындардың бәрін кіргізеді:
«Бұқар жыраудан соң ХІХ ғасырдағы зар заман ақындарының басы-Махамбет. Одан кейінгілері Шортанбай, Мұрат, Алтынсарыұлы, бұлардан соңғы бір буын Абаймен тұстас ақындар». Нарманбет, Шернияз, Досқожа, Күдері-қожа, Ығылмандардың заманы Абылай заманы емес, енді іс қана қалған, алыстан толғап, ойға тартамын деп отыруға болмай қалған заман екенін ұғындырады.М. Әуезов жүз жылдық әдебиетті үш кезеңге бөліп, әр уақыттың өзіндік ерекшелігін, ортақ сарын аясындағы өзгерістерін атап-атап көрсетіп отыр.
Әлеуметшілдік, ойшылдық сарыны-Бұхар заманы.
Ісшілдік- Махамбет.
Дін мен мәдениет-Ыбырай.
Ресейдегі капиталистік қарым – қатынастардың дамуы Қазақстандағы табиғи байлық шикізаттарының көздерін игеруге ықпалын тигізді. Сауда-саттық кеңінен дами түсті. Ақмола, Атбасар, Қарқаралы, Қарқара, Талды-Қоянды, т.б. жәрмеңкелер ашылып, олар қазақ өнерінің кең танылуына өзіндік септігін тигізді.ХІХ ғасырдың бас кезіндегі оқыту түрлері. Бұқара, Самарқанд, Хиуа, Ташкент, Қазан, Өфе, Түркістан, Ақмешіт қалаларындағы медреселерден білім алған қазақ оқығандары ағартушылық қызмет жасады.Отарлау саясатының мақсаттары үшін әртүрлі басқышты оқу орындары /4-5 кластық қалалық училищелер, орыс – қазақ мектептері, гимназиялар/ Омбыда, Семейде, Өскеменде, Верныйда, Торғайда, Қостанайда, Ырғызда және т.б. жерлерде ашылды.Орыс зиялыларының қазақ халқының тарихын, тілін, фольклорын, этнографиясын зерттеу жұмыстарының екі жақты сипаты болды: ең бастысы – патшалық өкіметтің отарлау саясатының мақсатын орындау, екіншісі – ғылымдық ізгі ниет.
Қазақ халқының рухани мәдениетін, этнографиясын, фольклорын патшалық империяның отарлау пиғылына орай игеруді негізгі мақсат еткендер: А.И.Левшин, П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, В.В.Григорьев, А.П.Рычков, П.С.Паллас, Н.И.Ильминский, А.И.Алекторов, т.б. Бұлардың еңбектерінің отаршылық ниетке негізделгенімен, қазақтың ұлттық мұраларын әлемдік өркениетке таныстырудағы ғылыми маңызы бар.
Ғылымдық ізгі мақсатта, адал ниетпен халық мұрасын жинап зерттегендер: В.В.Радлов, И.А.Березин, Г.Н.Потанин, Ә.Дивааев, т.б.
19 ғасырдағы қазақ әдебиеті
Қазақ әдебиеті ХІХ ғасырда аса бір елеулі, құнарлы кемелденуді , түрленіп, түлеуді бастан кешті. ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің бел асқан кезеңі болды. Әдебиет тарихының мәселелері түпкілікті қозғала бастаған жиырмасыншы ғасырдың басынан бері ХІХ ғасыр әдебиеті айрықша назарда болды : шұқшия зерттелді.Бұл дәуірдің әдебиет үлгілері , оның туу жасау себептері тек қана сырт мазмұндау емес, көркемдік негіздерімен дәлелденіп, айғақтала бастады. ХІХ ғасыр әдебиетінің сан-саласы, оны туғызушылардың өмірбаяны, шығармашылық мұрасы ғылым назарына ілікті. Өкінішке орай, түрлі саяси қаулы-қарар: әдеби мұраны ары тартып, бері тартып саясаттың, идеологияның көкпарына айналдырған тұстар аз болған жоқ: ол уақыттарда көркемдік әлем , сөз өнері жайлы ғылым жаландыққа, жасандылыққа барды, тоқыраған сәттері болды.
Қазіргі күнде қолымызда ХІХ ғасырда жасаған қазақ әдебиеті үлгілерінің қырау мұрасы бар: сол әдебиетті туғызушылардың өмірбаян, шығармашылық ғұмыры жайлы толып жатқан мәнді, маңызды мәлімет бар. Негізігі, басты сипаттары, ерекшелектері қамтылған ғылыми-зерттеу еңбектер бар.
Соңғы уақыттарға шейін ХІХ ғасыр әдебиеті түрлі атауларымен бөлініп келгені мәлім. Бірақ ол атауларға көбіне сол әдебиеттің көркемдік негізі , әдеби үлгісі емес, көбіне мазмұндық, саяси мән жағынан берілген жалпы баға негіз болды. Кертартпа романтикалық, сыншыл реалистік деген атаулар әдебиет ерекшелігін ажыратуға қатысты қолданыстар, айғақтар болғанымен, өз мәнінде қолданылды деуге болмас. Бір кездерде біздің әдебиеттану ғылымымызда, көркемдік танымымызда реализм тек Абайдан басталды деген ұғындыру басым болды. Көркем әдебит реалистік негізсіз тумайтынын, жасамайтының мойындағымыз келмеді.
ХІХ ғасырдағы әдебиеттің өзіне шейінгі жасап келген әдебиетпен сабақтастығы бола тұра , көркемдік жөнінде де, басылым, шығармашылық тақырып, мазмұн жөнінен де, бірнеше ерекшелігі, айырмасы бар. Негізінен, ХІХ ғасырға шейін ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы болып келсе, енді әдебиет сырт түрі, үлгісі жағынан бірнеше түрлі болды. Ішкі көркемдік сапа жөнінен де көпөзгеріс, жаңалық туды
Х. Досмұхамедұлы халық әдебиетін көркемдік жөнінен жіктеп отырып, ХІХ ғасыр әдебиетінің бір қырын көрсетер мына бір жайларға тоқталады.
«Халық әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүйелі түрде хатқа түсе бастады. Әдетте оны қызығушылар мен Радлов, Потанин, Ильминский, Мелиоранский сияқты шығыстанушы мамандар жазып алды.Қазақ халық әдебиетінің нағыз жинаушысы этногроф Әубәкір Ахметжанұлы Диваев болды. Қырық жылдан астам уақыт бойы ол шаршамай-талмай қазақ халық әдебиеті үлгілерін жинады, жүйеледі және орыс тіліне аударды».
Халық әдебиеті үлгілерін Омбыдағы орыс оқымыстыларының, зиялыларының тапсыруымен Шыңғыс Уәлихановтың, Шоқан Уәлихановтың жиыстырғаны белгілі.
ХІХ ғасырдың соңына қарай қазақ тіліндегі баспасөзде «Түркістан уәлаятының газетасы», «Дала уәлаятының газетасы » беттерінде әдебиет материалдары, оларға қатысты пікір, сыни ойлар жарияланды.Орыс тіліндегі түрлі басылымдарда, қазақ тіліндегі басылымдарда Алекторовтың, Диваевтың, Радловтың, Лютшьтің еңбектеріндегі әдебиет үлгілері жарық көріп жатты.
ХІХ ғасырдың соңын ала, төңкеріске шейін Қазанда көптеген өлең кітап, жинақтар басылып шықты. Дулаттың «Өсиетнамасы», Шортанбайдың «Бала зары», түрлі қиссалар.
ХІХ ғасырда жазба әдебиет туғанын М.Әуезов те нығыздай айтты.
М.Әуезов түрлі саяси күйдің әдебиетке жаңа сарындар әлеуметшілдік, азаматтық бағыт әкелгенін айтты.
ХІХ ғасыр әдебиетіне байланысты Сәбит Мұқанов 1942 жылы мынандай тұжырым жасады. ХІХ ғасыр әдебиетінің дәуірлері одан бұрынғы ғасырлардың әдебиет дәуірлеріндей көмескі емес, айқын, ашық. Мәселен: ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ұлт бостандығын жырлайтын әдебиет жасалды. ХІХ ғасырдың 50-70 жылдарында «Зар заман» әдебиет басым болды. ХІХ ғасырдың 70 жылдардан бастап просветительдік (мәдениет үндеуші) әдебиет туды.
С.Мұқанов ХІХ ғасыр әдебиетінде Айтысқа айрықша тоқталды.
Айтыс- ХІХ ғасырда жасаған әдебиет үлгілерінің бір түрі.
Мұқанов жіктеуінде, бөлуінде (1942ж) сыншыл реализм атауы жоқ, Абай дәуіріндегі әдебиетті мәдениетке үндеу деп бөледі.
ХІХ ғасыр әдебиетінің негізгі бітім-болмысы, саяси-тарихи жағдайлары Х. Досмұхамедұлы, М.Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, Ә. Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, С. Қирабаев, Т. Кәкішов, Р. Бердібаев, М.Мырзахмедов. М. Мағауин, А. Жақсылықов, Б. Омарұлы т.б ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырылды.
ХІХ ғасыр әдебиет үлгісі, түрі мол, сан жанрлы әдебиет. ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде жыр үлгісінің түрлі дәстүрлі жанрымен бірге жаңа өлең түрлері туып дамыды. Уақиғалы дастан-поэмалар, түрлі сырлы лирикалық өлеңдер, сатира, айтыс түрлері қатар жасады. Көркем прозаның үлгілері (Ыбырай әңгімелері), сыни мақалалар, түрлі баспасөз жанрлары, аударма әдебиет ғылыми-публицистика туып, қалыптаса бастады. Мазмұн мен түрдің жалпы сырт сипатына қарағанда әдебиет мынадай үлгілерде , салаларда көрінеді:
Жыр үлгісінде келген түрлі толғау, терме, үгіт-насихат өлең: Ерлік, бостандық күрес жырлары. Тарихи жырлар: жоқтау, естірту, зар:
Ақыл-нақыл ,Айтыс өлеңдер,Сал-серілердің ән өлеңдері.,Қиссалар,Саяси-әлеуметтік көңіл-күй лирикалары,Поэмалар,Көркем қара сөз,Публицистика, Аударма.
ХІХ ғасыр әдебиетінің аса көрнекті өкілдері бостандық рухты жырлаған Махамбет ақын, Шернияз.
– зар заман әдебиетінің айтулы тұлғалары Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әубәкір.
– әйгілі айтыс ақындары Шөже, Орынбай, Кемпірбай, Түбек, Марабай.
– атышулы сал серілер Сегіз Сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері.
– қиссашыл ақындар: Қоқан езгісіндегі өңірдің әдебит өкілдері Сүйінбай, Мәделі, Құлыншақ, Майлықожа , Базар:
– жаңа жазба әдебиет өкілдері: Абай, Ыбырай, Шоқан.
Достарыңызбен бөлісу: |