1. Жалпы мәлімет



бет21/118
Дата04.09.2022
өлшемі3.28 Mb.
#460215
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   118
Тіл біліміне кіріспе-кешен

Адстрат деген терминнің өзі екі мағынада қолданылады: бірі – бір территорияда ұзақ уақыт бойы қатар өмір сүре отырып қолданылған екітілділік; екіншісі – бөтен жерге келіп қоныстанып, жергілікті аборигендер тіліне әсер етіп, біршама уақыт көрші тіл ретінде жарыса қолданылған жаулаушылар тілі. Мәселен, Австралия территориясына келген европалықтар кейіннен австралиялық аборигендердің өздерін де, олардың толып жатқан тілдерін де жойып жіберді. Америкаға келген европалықтар жергілікті индеецтердің жүздеген дерлік тілін бірте-бірте жоқ қылды. Бұл – тілдер тоғысқандағы, адстрат құбылысының бір көрінісі. Адстрат құбылысында екі түрлі жәйт байқалады: бірі – субстрат; екіншісі – суперстрат. Лингвистикада субстрат екі тіл тоғысқанда, жеңілген тілдің жеңген халық тіліне қалдырған іздері деген мағына білдіреді. Жеңілген халық тілінің жеңген тілге қалдыратын әсерлері лексика, фонетика, грамматика салаларының бәрінде де көрінеді. Мәселен, б.з.д. II-I ғ. Римдіктер Иберияны және Галлияны жаулап алды. Соның нәтижесінде жергілікті халықтар бірте-бірте ассимиляцияланды – римдіктермен әбден араласып, соларға бағынып, беріліп кетті. Жергілікті халықтар – пиренейліктер, галлдар өздерінің ана тілін бірте-бірте ұмытып, латын тіліне көшті. Латын тілін толық мойындады. Халықтар тоғысқанда, латын тілі жеңіп шықты. Сөйтсе де, латын тілі жеңілген жергілікті халықтар тілдерінің есебінен байыды да, толықты да. Тоғысу нәтижесінде келе-келе қазіргі испан, француз тілдері пайда болды. Екеуінің де арғы негізі – латын тілі. Бірақ, бұл екі тілдің құрылымдарында айтарлықтай айырмашылық бар. Дегенмен, Иберийліктер тілінің ізі қазіргі испан тілінде, галл тілі ізі қазіргі француз тілінде сақталынған. Бұл – тілдердің тоғысуында пайда болған субстрат құбылысының айқын бір көрінісі.
Тілдердің тоғысуы – ұзаққа, ғасырларға созылатын процесс. Мәселен, римдіктер жаулап алған Галлияның бұрынғы иелері кельт тайпалары болатын. Сол кельт тілдері сөздерінің қалдығы қазіргі француз тілінің өзінен де көрінеді. Зерттеушілердің айтуынша, француз тілінің сөздік құрамында үш жүзден астам кельт сөздері бар. Сондай-ақ, қазіргі Францияда ертедегі кельт тайпаларының тұқымы бретондықтар бар. Бретондықтар қазір екі тілде – бретон және француз тілдерінде сөйлейді. Сол бретондықтардың бретон тілінде өздерінің арғы атасы – валлилықтар сөйлеуінде де кездесе береді. Бір кездерде түріктердің булгар тайпалары Балкандағы славян тайпаларын жаулап алды. Бірақ келе-келе олардың – жаулаушылардың өздері жергілікті халықтармен ассимиляцияланып, солардың өздерінің ішіне сіңісіп, араласып-құраласып кетті; өздерінің жеке тайпалықтарын да, тілдерін де жоғалтты; жергілікті халық тілдерін қабылдап алды. Сонда да болса түрік булгарлары – «жеңген» халық тілі славян тілдеріне із қалдырды; олардан славян тілдеріне бірсыпыра сөздер ауысты. Сол тәрізді, бір кездерде германдықтардың франк тайпалары латын-галл территориясын жаулап алған болатын. Келе-келе жаулаушы франктердің өздері жергілікті латын-галлдықтармен араласып-құраласып, ассимиляцияланып кетті; жеңілген жергілікті халық тілін де, оның әдет-ғұрпын да қабылдап, соған мүлдем көшіп алды. Десе де, ежелгі тұрғындар – латын-галлдықтар франктер тілі есебінен толығып, байыды, әрі оны жеңіп шықты.
Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды дегенді білеміз. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болуы керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық. Осыған орай, соңғы кездерде қоғамдағы тілдің шығуы, дамуы, жалпы тіл атаулы, халық атаулы мәселе, халықтардың белгілі бір ерекшеліктеріне қарай салаларға бөлінетіні, халық дамуы процесіндегі топтар т.б. жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізетін арнаулы бір сала пайда болған. Ол – социолингвистика. Социолингвистика қазірде тілдер жайын зерттегенде алдымен оларды топ-топқа бөледі: говор, диалект, тіл, туыстас тілдер, туыстас тілдер тобы, тілдер семьясы, т.с. Мұнымен қатар халықтардың өзін этнографиялық тұрғыдан классификациялау да бар. Топтастырудың бұл принципі бойынша, халықтар тілдерінің дамуына тікелей қатысы бар ірі үш топқа көңіл бөлінеді: этнографиялық топ, этнос немесе халық, этникалық тұтастық (бірлестік) қауым. Этникалық топтарға бір халық ішіндегі, бір халыққа біріккен топтар жатады. Мәселен, Литвада Балтық жағалауын мекендеуші – жемайттар, республиканың орталығы мен шығысында – аукштайлар, оңтүстік-батысында сувалькеттер бар. Бұлардың бәрі – литван халқына біріккен этникалық топтар. ФРГ мен ГДР-дағы жоғарғы және төменгі саксондар, баварлар, бадендер, вестфалдар, швабтар, франкондар да осы тәрізді – бір халық ішіндегі этникалық топтар. Әдетте, этнос немесе халық бір-бірімен синоним ретінде қолданыла береді. Этнос немесе халық – адамзатты этнографиялық тұрғыдан классификациялағанда, негізгі единица деп есептеледі. Оның өз территориясы, экономикалық байланысы, біртұтас тілі, ортақ мәдениеті болады. Бұл тұрғыдан қарағанда, халық пен ұлт деген ұғымдар – бір-бірімен синоним. Мәселен, орыс, украин, қазақ, литван, неміс т.б. – этностар, яғни жеке-жеке халықтар.
Этникалық қауымдар дегеніміз – бірнеше халақтың бірлігі. Олардың өздері де туыс, тілдері де жақын, мәдениеті де ортақтас. Мәселен, орыс, украин, белорус – этникалық бір қауым; қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт, ноғай т.б. – үшінші бір этникалық қауым. Этникалық қауымдар – туыстас халықтар; олардың тілдері – туыстас тілдер. Халықтарды антропологиялық тұрғыдан топтастырғанда, оған раса деген ұғымның қатысы бар. Ғылым халықтарды үш расаға бөледі: европейд; экваториалды раса, монголоид расалары. Қазіргі расалар осыдан 40-16 мың жыл бұрын палеолит заманында-ақ қалыптаса бастаған деседі. Расаға тән негізгі белгілер – биологиялық және генетикалық көрсеткіштер. Мәселен, адам миының құрылымы, дене құрылысы, терісінің түсі, шаш, көзі, ерін, бет-пішін бітімдері т.б. – раса типін анықтайтын ерекшеліктер. Қазіргі кезде расалардың араласқан типі де бар. Мәселен, Латын Америкасында, әсіресе, Бразилия мен Кубада, европалықтар, үндістер, негрлер, метистер, мулаттар көп. Ғылым халықтарды расаға бөледі. Бірақ халықтарды расаға бөлудің халықтар тілін топтастыру мәселесіне қатысы жоқ. Дүние жүзіндегі халықтар тілі басқа белгілеріне шығу тегі, туыстығы, ортақ жәйттері мен құрылымына қарай топтастырылады. Алғашқы қауымдық қоғам - таптар шыққанға дейінгі формация. Бұл дәуірді ру-тайпалық кезең деп те атай береді. Алғашқы қауымдық құрылыстың негізгі ұйтқысы – тайпалар тобы. Тайпаларға тән белгілердің бірі - әр тайпаның бір территорияда тұруы; шаруашылық қатынастарының – байланыстаның болуы; тайпа мүшелерінің бір тілде сөйлеуі т.б. Тайпалардың этностан басты бір айырмашылығы – тайпаға біріккен адамдар – тайпа мүшелері, руға біріккендер сияқты, бір-бірімен қандас, бауырлас, шығуы тарап-өрбуі, көбеюі жағынан тектес болып келеді. Олар өздерін бір атадан, бір тектен тарағанбыз деп есептейді. Шынында да солай. Рас, матриархат дәуірінде бір тектен таралғандар ана жолымен қандасып, бауырласқан; патриархат дәуірінде бір руға немесе тайпаға бірігушілер әке жолын қуалаған; атаның баласының баласы..., бабаның бабасының баласы деген тәрізді принципке сай топтасқан. Келе-келе қанаушы мен қаналушының жіктелуіне байланысты таптар пайда болды. Таптардың пайда болуына байланысты мемлекеттер пайда бола бастады. Мемлекттер әр жерде, әр кезде таптар туып, жіктеле бастағанда іргесін көтере, қалыптаса бастады. Ежелгі Грецияда да біздің жыл санауымыздан бұрын III ғасырларда жалпы әдеби тіл пайда болды. Бұл әдеби тіл гректердің бұрынғы диалектілеріне, койнэге мүлдем ұқсамайтын; келе-келе сол ежелгі грек әдеби тілі, дәлірек айтсақ, классикалық грек және латын тілдерінің көптеген сөздері европа тілдеріне ауысты. Сондай-ақ, алғашқы Италия мемлекетінің құрыла бастауы кезінде оның орталық облысы – Лациум үлкен рөл атқарды. Өйткені ол облыста, негізінен, латын тілінде сөйлесушілер тұратын.Сондықтан сол кездердің өзінде-ақ, б.з.д. IV ғасырынан бастап, латын тілі Италияның өзге де аймақтарына тарала бастады. Келе-келе, латын тілі Галлияға – қазіргі Франция жеріне, Иберияға – қазіргі Испания жеріне, Дакияға – қазіргі Румыния жеріне таралды. Соның нәтижесінде б.з.д. 49-жылдарда Рим империясы құрыла бастады. Соған байланысты бұрынғы тілдер жергілікті халық тілдері біртіндеп қолданудан шыға бастады. Латын тілі бүкіл итальяндықтар тіліне айналды. Келе-келе латын тілі – европалықтар үшін де мәдениет, ғылым-білім, дін тіліне айналдырылды. Латын тілі аса қатты құрметтелді. Феодалдық құрылыс кезінде қоғамды билеп-төстеуші топтар-феодалдар өздерін халықтың басым көпшілігіне қарсы қойды. Феодалдар өздерін шаруалардан да, қалада тұрушылардан да «артықпыз» деп есептеді; шыққан «тектерін» дәріптеуге тырысты; «бай-батырлығын» алға тартып көкіді; қалың бұқарадан өздерінің материалдық артықшылығын әсірелеп бақты; мұндай мақсат-мүддесін идеологияның әр түрлі формаларымен насихаттап та қорғап бағуға күш салды; тіпті билеп-төстеуші феодалдар өздерінше қалың бұқара тілінен бөлек, олардікінен «артық тілде» сөйлеуге машықтанып та көрді. Сөйтіп қазіргі халықтардың тілдері сан қилы тарихи кезеңдерді бастарынан өткізе келе нағыз халық тілі, ұлт тілі дәрежесіне көтерілген.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   118




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет