1. Жалпы мәлімет



бет29/118
Дата04.09.2022
өлшемі3.28 Mb.
#460215
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   118
Тіл біліміне кіріспе-кешен

Жазудың түрлері. Пиктографиялық жазу және пиктограммалар. Бұл латынның pictus -бейнеленген, грек. grapho - жазамын және латынның pictus - бейнеленген, сурет салынған, грек. gramma - әріп жазу деген сөздерінен құралған термин. Қазақша мағынасы - суретті жазу деген сөз. Суретті жазу - жазудың ең көне түрі, неғұрлым жетілген қазіргі жазу типтері осыдан тарайды. Пиктография қажетті информация (оқиға-зат, іс-әрекет, демек, тіршілік жағдаяттары) схемалық суреттерді немесе өзара байланысты суреттер тізбегі - пиктограммаларды қолдану жолымен беріледі. Пиктографиялық жазу палеолит дәуірінен бүгінгі таңға дейін сақталды және Американ үндістері, Австралия, Африка, Палау аралының аборигендері, аз санды Сібір халықтары (юкагир, эскимос) және т.б. халықтардың арасында кең таралған. Дамыған пиктография жүйелерінің күрделі информацияларды жеткізген атақты үлгілері қатарына делаварлардың «Валам олум» (сөзбе-сөз «шынайы сурет») атты үнді эпосының жазуы, солтүстік Америка үндістерінің жылнамасы, юкагир әйелдерінің «тосы» жазуы т.б. жатады. Бүгінде пиктографияның кейбір түрлері коммуникацияда көмекші құрал ретінде қолданылады (жол белгілері, маңдайша жазу, бағыттаушы сілтемелер т.б.). Пиктографиялық жазудың таңбалары, яғни суреттері пиктограмма деп аталады. Пиктограмма нақты тілдік единицалармен нақты тілдік сөйлеулермен байланысы жоқ. Оларға обьектілік үйлесімділік және мазмұнның танылуы тән. Мысалы толқынды сызықтар - судың белгісі, жарты айдың кескіні - айдың белгісі, садақты адам - аңшының белгісі, яғни кескінделген таңба белгілі обьект немесе оқиғаның мазмұнын, сипатын танытады. Пиктограмма фонетикалық жазу таңбаларынан кез-келген тілде оқылу мүмкіндігімен ерекшеленеді. Пиктограмманың екі түрі бар: бейнелеуші обьектімен немесе ұғыммен ұқсастығы сақталған образды, икондық пиктограмма және хабар мазмұнын сыртқы ұқсастығын жоғалтқан символикалық пиктограмма. Пиктограмма информацияның барлық құрамдық элементтері қамтылған күрделі бір таңбадан тұрады.
Пиктограммаларға жазу элементтері - ру-тайпалардың таңбалары, кейінірек әріптер араласып келетіні де бар. Мұны петроглиф деп атайды. Петроглиф - тас және қашау (ою) деген мағынаны білдіретін грек сөзі. Қазақстан жерінен петроглифтердің де алуан түрін кездестіруге болады. Идеографиялық жазу және идеограммалар. Бұл грек және латын тілдерінен алынған біріккен сөз: idea - идея, grapho - жазамын. Идеографиялық жазу - идеограмма арқылы берілген көрнекі мағыналар емес, одан күрделі идеялар мен ұғымдарды білдіретін дерексіз, абстракты мазмұндағы жазу жүйесі. Идеографиялық жазудың пайда болу көзі - пиктография жазуы. Идеографиялық принцип жасанды тілдер ғылымында қолданылады. Мәселен математика формулаларында, химия символдарында және т.б.. Идеографиялық жазу негізінде иероглиф жазу жүйесі жатыр. Қазіргі лингвистикада идеографиялық жазу символдары иероглиф түрінде қолданылады. Идеографиялық жазу жекелеген сөздерді, морфемаларды сурет немесе шартты таңбалар арқылы білдіретін жазу. Пиктографиялық жазуда заттың суреті сол заттың өзін ғана білдіретін болса, мұнда енді суреттің мағынасы кеңейеді, ауыспалы шартты мағынада қолданылатын болады. Пиктографиялық жазу - жазудың ең қарапайым, ең қиын түрі еді. Өйткені суреттердің бәрін тасқа, ағашқа, кірпішке т.б. қатты заттарға қашап, ойып жазу керек. Ал бұл өте ұзаққа созылатын ауыр жұмыс және ең бастысы күрделі ойды, абстракт ұғымдарды білдіру қиынға түседі. Оның үстіне жазу материалы (тас, ағаш, қыш тақта, кірпіш т.б.) үнемі қолға түсе бермейді. Осыдан келіп жазуды жеңілдету қажеттігі туды. Жазу материалы да өзгере бастады. Мысалы, Мысырлықтар капирусты, тағы бір халықтар жұқа жарғақты (пергамент) пайдаланатын болды. Қытайлар қағазды ойлап тапты. Осыған сәйкес жазу құралы да өзгере бастады: қашау мен балғаның орнына қылқалам, қамыс, қауырсын қалам, жіңішке таяқшалар, бояу, сия пайдаланылатын болды. Суреттер шарттар таңбаларға айнала бастады. Мысалы, көздің суреті мынадай мағыналарды білдіретін болған: 1. көз; 2. көру; 3. қырағы; 4. ояу. Басқаша айтқанда, идеограммалар (идеографиялық жазулардың таңбалары) көп мағыналы болған. Жалпы алғанда идеографиялық жазуда графикалық таңбалар сөздің грамматикалық тұлғасын, фонетикалық құрамын ескермейді, тек оның мағынасын ғана береді. Жазудың бұл түрінің даму барысында әуелдегі суреттер, яғни идеограммалар өзінің алғашқы түрінен де, мағынасынан да айырылып, жазу таңбасына, иероглифке айналады. Жазудың бағыты әр халықта әр заманда әр түрлі болған. Мәселен, ілгеріде айтқанымыздай, жапондар бір замандарда жоғарыдан төмен қарай және оңнан солға қарай да, солдан оңға қарай да жазып оқитын болса, қазір солдан оңға қарай жазады. Көне гректер оңнан солға қарай және солдан оңға қарай жазатын болған. Біздің ата-бабаларымыз, көне түркілер оңнан солға қарай жазған. Арабтар күні бүгінге дейін оңнан солға қарай жазып келеді. А.Байтұрсыновтың жазуы және емле ережелерінің тарихы тіл білімінде ерекше орын алады. Қазақ тіліне қызмет ететін жазу таңбалары (графика, алфавит, әліпби) мен орфографиясы (емле) проблемасы ХІХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап баспасөз бетінде көтеріліп, әлеумет назарына іліне бастады. Дала уалаяты газетінің 1896-жылғы 27-санында Ыбырай Алтынсаринның ағартушылық идеясын қолдаған сауатты азамат А.Құрманбаевтың “Қазақ тілі турасынан” деген мақаласы жарияланды. Мұнда автор қазақтың жазба тілі ноғай (татар) сөздерімен “шұбарланып барады” деп қауіп айтады. Бұл қазақ тілінің сөздік қазынасы жайындағы алғаш көтерілген мәселе болса, әрі қарай ұлттық (“қазаққа керек”) жазу-графика, орфография, пунктуация мәселелері де әңгіме бола бастайды. “Дала уалаяты газетінің” (әрі қарай ДУГ) 1896 жылғы 31-32 – сандарында жарияланған ағартушы Д.Сұлтанғазиннің “Қазақ тілінше жазу туралы” деген көлемді мақаласында қазақ тіліне шеттен келген сөздер жайында айта келіп, «көп заманнан бері қазақ тілінде жүріп, бұзылған себебінен (автор бұл кезде «бұзылған» деп фонетикалық тұрпаты қазақ тіліне икемделіп өзгерген құбылысты айтып отыр) араб, парсы сөздерін қазақтың сөйлеуі бойынша жазу жарайды» - деп орфографияға қатысты ең алғашқы пікірлердің бірін айтады. Бұл принципті қазақ емлесі күні бүгінге дейін танып келеді. Ал орыс тілінен еніп жатқан сөздерге келгенде, Д.Сұлтанғазин өзгеше принципті ұсынады. Алдымен, ол қазақ тіліне араб, парсы сөздерін көптеп қабылдай бергенді қостамайды да, орыс тілінен сөз алуға назар аудару керек дейді. Олардың емлесі жайында да пікір айтады. Орыс сөздерін екі топқа бөледі, ертеде еніп, қазақша тұлғаланып кеткендерді сол қалпында жазу дұрыс дейді. Ал жазу арқылы келген сөздерді араб жазуының мүмкіндігінше орысша тұлғасын сақтап жазуды қостайды: «орыстардың өз сөйлегендеріне ұқсастырып жазуға тырысу керек». Сондықтан жандарал, жанарал деп жүрген сөздерді генерал деп жазу керек дейді. Газет осы тәртіпті ұстанған. Біздің бүгінгі емлемізде талас тудырып келе жатқан мәселенің бірі жазба арқылы келген орыс сөздерінің орысша орфограммасын сақтап жазу немесе қазақша «сындырып» айтылуынша жазу дилеммасы басын ХІХ ғасырдан алады екен. Біз қазір «Сұлтанғазинше» жазып жүрген сияқтымыз. ХІХ ғасырдың соңғы онжылдығында қазақ мәдениеті үшін алфавит таңбаларының тіл табиғатына үйлесімді, қолайлы болуы жөніндегі мәселе жиірек сөз болды. ДУГ-та Д.Сұлтанғазиннен басқа Р.Дүйсенбаев, О.Әлжанов, И.Бисенұлы сияқты сауатты, білімді, ағартушы авторлар да тіл, графика, емле жайында пікірлерін білдіріп отырды. Д.Сұлтанғазин аталған газеттің 1899 жылғы 23-нөмірінде «Қазақ сөзін қалайша жазу турасы» деген мақаласында қазақ әліпбиі жөнінде сөз қозғап, христиан миссионерлері ұсынған «орыс» жазуы мен араб жазуының қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне қайсысы қолайлырақ дегенді талдайды. Бірақ араб әліпбиін былайша реформалау керек деген сияқты нақты ұсыныстар айтпайды. Тіл (қазақ тілі) жайында жазылған мақалалардың көпшілігінде араб әліпбиінің қазақ тілі үшін жарамсыз, оны толықтыру не жаңа алфавит жасау қажет дейді. Араб алфавитінің қазақ тіліне үйлесімсіздігін Д.Сұлтанғазин де, О.Әлжановтар да айтады. Демек, араб графикасын реформалау идеясы ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында әлеумет назарына ұсынылса да, оның жүзеге асырылуы ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылының үлесіне тигені белгілі. Бұл идеяны дұрыс түсініп, нақты іске кіріскен ұлы ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. Қазақ жазбаларының орфографиясы мен жазба мәдениеті туралы әлеуметтік үн де ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10-15 жылы барысында ашығырақ шықты, мақалалар жарияланды, қазіргі тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен орындары көрсетілді. Жоғарыда айтылды, араб жазуымен берілген мәтіндерде ешқандай тыныс белгілері болмады. ДУГ-тің өзі бастапқы нөмірлерінде тыныс белгілерінсіз шығып тұрыпты. Кейін өзі танытып түсіндірген тыныс белгілерін пайдаланды. Бірақ не газет редакциясы, не жеке авторлар бұл тыныс белгілерінің қазақша толық (түгел) атауларын (терминдерін) бере алмады. Тыныс белгілері дегенді тыныстар деп атады және тыныс белгілерін қою емес, тыныстарды жүргізу деді. Ал жеке бірқатарының атауларын: нүктені, тыныс үтірді, жарты тыныс, нүктелі үтірді, тыныстың төрт бөлгенінің бірі, сұрау белгісін, сұралған жауаптың аяғына қойылады деп, леп белгісін ашуланып не қорқып, яки таңданып айтқан сөздің аяғына қойылды деп, осы үлгіде әрі қарай тырнақшаның, қос нүктенің, көп нүктенің, дефистің, сызықшаның терминдік атаулары емес, түсіндірмелері ғана көрсетілген. Тыныс белгілерінің осы күнгі терминдерін алғаш ұсынған А.Байтұрсынов болатын. Біршама әлеуметтік үні болған бұл газеттің (ДУГ-тің) қазақтың жазба тілі, алфавиті, пән сөздері (терминология саласы), емле, оқу құралдары туралы мәселелелерді көтеріп отырған дәстүрлерін (қарекетін) кейін ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Қазақстан» газеттері, «Шора» журналы жалғастырды. Бұлардағы ғылыми негізі бар, жүйелі түрде ұсынылған пікірлер негізінен Ахмет Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Сералиндердің жазғандарында көрінді. А.Байтұрсынов 1895-1909 жылдары ауыл мектептерінде бала оқытып жүрген кездерінде оны араб әліпбиінің қазақ сөздерін дұрыс жазуға келгенде үйлесімсіздігін, онда қазақ тілі үшін қажетсіз, яғни қазақ сөздерінде келмейтін дыбыстардың әріптері бар, бірақ қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне қажет ерекше дыбыс таңбаларының жоқ екендігі, олардың қажеттігі ойландырады. Ойлана жүріп қолданыстағы араб графикасын қазақ тілінің фонетикалық қалыбына салып, реформалайды. Қазақ тілі үшін қажеті жоқ артық таңбаларды ығыстырады, олар жуан дауыссыз деп аталатын араб тіліне тән дыбыс таңбалары болатын, кейбір таңбалардың жуан-жіңішкелік оппозиттерін білдіретін тәсілді ұсынады, ол үшін дәйекші деген белгіні ойлап табады. Байтұрсынов бұл проектісін «Жазу тәртібі» деген көлемді мақала етіп «Айқап» журналының 1912 жылғы 4-5 сандарында жариялайды. Қазақ тілінің әліпбиін түзу үшін алдымен оның фонетикалық жүйесін талдап береді. А.Байтұрсынов мұрасын тарихи-лингвистикалық зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, оның бұл жұмысы – нағыз ғылыми, ғылыми аргументтері күшті, тіпті бүгінгі күннің талабын да өтейтін еңбек болып табылады. А.Байтұрсынов бұл ізденістерінде қазақ тілінің фонологиялық табиғи белгісі – сингармония заңдылықтарына сүйенеді. Бүгінгі фонетист ғалымдар А.Байтұрсынов дыбыстар жүйесін сингармофонемалар ретінде дұрыс таныды дейді. Сондай-ақ қазақ алфавитін түзуде (жасауда) болсын, грамматикалық (морфологиялық) категорияларын зерделеуде болсын, А.Байтұрсынов тіл біліміндегі парадигмалық жүйені ұстады. Парадигматилық жүйе дегеніміз – тіл бірліктерінің (дыбыстардың, морфологиялық көрсеткіштердің, емлелік тәртіптердің т.б.) екі түрлі типін бір-бірінің қарсысына қойып жүйелеу. Сондықтан қазақ әліпбиін түзуде дыбыстардың дауысты-дауыссыз, жуан-жіңішке, қатаң-ұяң сияқты оппозиттерін негізге алған. Бұл бүгінгі ғылым биігінен (жетістіктерінен) қарағанда өте дәлелді, дұрыс ұстаным болып саналады. Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынов тәртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. 1912 жылғы «Айқаптың» 9,10,11-сандарында «Шахзаман мырзаға» деген көлемді мақала жариялап, өзі көп ізденіп, іс жүзінде, мектепте балалардың сауатын ашу процесінде тәжірибеден өткізіп түзген алфавитін нағыз ғылыми-теориялық негізде дәлелдейді.
Араб жазуы (әріп таңбалары) – Құран қолданған әліпби, сондықтан оған өзгерістер енгізуге, қысқартуға, өзге таңбаларды қосуға болмайды деген діндар догматиктердің қарсы пікірлері де (мақалалары да) болғанына қарамастан, ауыл мұғалімдері, озат ойлы, білімді адамдар тарапынан Байтұрсынұлы әліпбиі батыл қолдау табады. Сөйтіп, қазақ тілінің әлеуметтік қызметінің даму сипаты, жазба тілі, алфавиті, терминологиясы, оқу-ағарту істерінің күй-қалпы, оқу құралдарының қажеттігі сияқты мәселелер туралы пікірлер айтылды. ХІХ ғасырдың ең соңғы жылдары мен ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында қазақ қоғамында ашылған әр сатылы мектептерде балалардың ана тілінде сауатын ашатын графиканың мәні, оның қа зақ балаларын оқытуда қиындық келтіретін тұстары кеңінен айтыла бастады. Бұл пікірлерге ауыл мұғалімдерінің айтқандары прагматикалық сипатта болды. Ал графика мен оқыту проблемаларын ғылыми-тәжірибелік негізде тұңғыш рет көтерген ұлы ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов болғаны белгілі. Бұл жөнінде Бабаш Әбілқасымов, Аманқос Мектеп-тегі сияқты зерттеушілер жақсы талдап көрсеткен болатын. А. Байтұрсынов оқыту ісінде ең басты құрал – оқулық екенін айтып, ал оқулық бойынша балалар сауаттарын қиналмай тез ашуы үшін жазу тәртібі болу керек дейді. Ахмет Байтұрсынов енгізген «Жазу тәртібі» термині «Қазақ жазба дүниесіне қажет алфавит» деген ұғымды береді, яғни қазақ тілінің табиғи фонетикалық құрылымына сәйкес тілде бар дыбыстардың жеке таңбасы (әрпі) болуы, сондай-ақ жазуда қазақ тілінің үндестік заңдарының сақталуы қажет екендігін ескертті. Бұл пікір-ұсынысқа қарсы шыққандар да болды, олар «түркі тілдеріне ортақ» бұрынғы жазу (емлеге қатысты) үлгісін сақтауды ұсынды. Демек, А. Байтұрсынов және бірқатар зиялылар қолданып келе жатқан араб әліпбиіне қазақ жазбалары үшін өзгеріс енгізу, яғни реформалау принципін ұсынды. Ол: «бір жөнменен жазылатұғын жазу жоқ», жазғанымыздың қате, дұрыстығын айтарлық емле жоқ, оның жоқтығы қазақ тіліндегі дыбыстарға ашып-арнаған әріптер жоқ» - деп жазғанда, қазақтарға қажет тек алфавит мәселесі ғана емес, соған тікелей қатысты емле мәселесін де көтерді, оның әлі күнге жоқтығын айтты. Бұл пікірсайысты «Айқап» журналынан «Қазақ» газеті іліп әкетті. А. Байтұрсынов қазақ жазуы үшін жасаған әліпби жобасын қостай отырып, Міржақып Дулатов (Азамат Алашұлы деген лақап атпен) жаңа әліпбиге ф мен х таңбаларын енгізуді ұсынады [7]. Бұл да тұңғыш пікілердің бірі болды. Қазақ жазуының орфографиясы ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларында тұңғыш рет сөз болды. Оның қажеттігі мен рөлі ғана дәлелденіп қойған жоқ, алғашқы ережелері іспеттес тәртіп жүйесін ұсынды. Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының емлесі туралы ой-пікірлерін өзі редакторы болған «Қазақ» газетінің беттерінде әрі қарай жалғастырып, пікірсайысқа жол берді. Емле мәселесіне келгенде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері қарама-қарсы екі түрлі бағытта болды. «Айқап» бұрынғы дәстүрлі әліпби жүйесі мен емлені қолдаса, «Қазақ», әрине, А. Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен жаңа емле принциптерін жақтады. Сөйтіп, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ мәдениеті, жазба тілі үшін графика (әліпби) мәселесі мен қазақ жазуы емлесі жайындағы әңгіме баспасөз беттеріндегі пікірталастар түрінде әлеуметтік үнге ие болды. Бұл – қазақ рухани-мәдени дүниесінің едәуір көтерілгенін, ұлттық проблемаларға бара алатын зиялы топтың, мәдени күштің жетіле бастағанын танытты. Қазақ жазбасы сан ғасыр бойы қолданылып келген, ХХ ғасырдың басында реформаланып, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықталған, кезінде үлкен ғалымдар (Поливанов, Яковлев т. б.) «Байтұрсынов жазуы» деп, ал А. Байтұрсыновтың өзі «Қазақ жазуы» деп, кейінгі зерттеушілер «Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы» деп аталған араб таңбалы жазуды ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап латынға ауыстыру науқаны басталды. Бұл қарекет, әрине, жеке-дара қазақ мәдениетінде емес, түріктер мен әзірбайжандарда басталып, Ресей қол астындағы түркі халықтарының (татар, қазақ, өзбек, қырғыз, ноғай т. т.) барлығының саяси-мәдени өмірінде белсенді түрде орын алғаны белгілі. Бұл құбылыстың алдыңғы кезеңдердегі алфавит, соған сәйкес жазу тәртібі – орфография мәселелерінің қойылуынан өзгешелігі сол – бұл кезеңде (1924 – 1929 жылдары) графика мен орфография үлкен саяси-әлеуметтік үн алды. Конференция, жиындар өткізілді. Бұл проблемаларға арналған ғылыми-практикалық негіздерге сүйенген баяндамалар жасалып, үлкен пікірталастар орын алды, қазақ ағартушылары мен ғалымдары арабшылар – латыншылар болып айқын екі жікті құрады. А.Байтұрсынов, М.Дулатовтар бастаған «арабшылар» (реформаланған араб жазуын ұсынушылар) азшылық болды. Сол кезеңнің саясатына қарай өзге түркі халықтары өкілдерінің көпшілігі латын жазуын жақтап, Кеңес Одағына қараған түркі халықтары үшін латын жазуына көшу ұйғарылды. Жазудың бұрынғысы реформаланған немесе жаңасы қабылданған кезінде оған қоса көтерілетін үлкен мәселе – сол жазуға сай келетін, яғни сол графикасымен сауатты жазуды жүзеге асыратын орфография мен пунктуация мәселелері қоса көтерілетіні белгілі, бұл әрекет әр кезеңде әр түрлі қарқында болып келді. Латын жазуын қабылдау туралы ұйымдастырылған жиын-конференциялар мен баспасөз беттерінде емле мәселелерімен қатар пунктуация жайы да кеңірек айтылды[8]. Жазба мәтіндерде тыныс белгілерінің ережелерін түзу (жасау) және оны пайдалану проблемасы қазақ мәтіндерінде ХІХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында көтеріліп, ХХ ғасырдың басында дұрыс, сауатты жазу үшін пунктуация өте қажетті проблема екендігі орнықты. Араб таңбалы жазуда тыныс белгілерінің жоқ болғандығы, бас әріп таңбасының жоқтығы мәтінді дұрыс жазуға, түсініп оқуға кедергі келтіретіндігі сөз болды. Әсіресе «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттері жарық көре бастағанда, тыныс белгілерін қолдану әрекеті басталды. «Синтаксистік тұтастық» (период) деп аталатын мәтін сегменттерін (бөліктерін) айырып азат жолдан (абзацтан, жаңа жолдан) бастап жазу да осы кезде көрінді. А. Байтұрсыновтың оқулықтары мен еңбектерінде, ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» газеттерінде кеңінен орын алды. Араб жазуымен ұсынылған мәтінде орын алмаған (және орын алуы мүмкін де емес) мәселе – бас әріптің қолданылуы болып қала берді, сондай-ақ дефис пен сызықшаның қолданысы, оқшау сөздердің сөйлемдегі өзге сөздерден тыныс белгілерімен, көбінесе үтірмен бөлектетіліп көрсетілуі сияқты пунктуацияның жеке тұстары да әлі айқындалып, тұрақталмағандығы көрінді. Сөйтіп, нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Оның қолданылу тәртібі – орфографиясы 1929 жылы жеке талқыланып (Қызылордада өткен конференцияда), осы кезден бастап іс жүзінде қолға алынды: мектептер мен баспасөз және баспа орындары енді латынша жазуға көшті.
Қазақ мәдениеті үлкен таластармен қабылданған латын жазуының да «қызығын» көп көре алмады. Тағы да коммунистік империялық саясаттың тегеурінімен латын жазуы аласталып, кириллица − «орыс жазуы» қабылданды. Бұл тұстағы «орыс жазуын» қостайтын ғылыми-теориялық негіздеме әлсіз болды, араб жазуындай (сан ғасырлық) қолданыстағы тарихи дәстүрі болған жоқ, не қазақ тілінің дыбыс құрылымына сәйкестену мүмкіндігі де (қазақ жазбасына қажет дыбыс әріптерінің болу-болмауы) өзге жазулардан (айталық, алдыңғы латын әліпбиінен) артықшылығы көрінбеді, не сауатты жазуға ұсынылатын емле ережелерінде үлкен өзгерістер болмады. Тек орыс тілінен және орыс тілі арқылы келіп жатқан интерсөздер орыс тіліндегі қалпында жазылатын ереже бел алды. Бұл ереже тіпті шет тілдік, әсіресе қазақ тіліне «орыс тілдік» сөздердің қалың нөпірін қазақ фонетикалық жүйесіне келтірем деп қиналмай-ақ орысша жаза салып, тығырықтан шығудың бірден-бір оңай жолы болғаны байқалды.
Орыс жазуына (кириллцаға) көшу процесі негізінен латынға көшкендегідей бүкілодақтық үлкен жиын-конференцияларсыз, ғылыми негізді пікірталастарсыз, көп дайындықсыз өтті, ССРО-ны мекендеген түркі халықтарының жазуы латыннан кириллицаға көшсін деген үкімет қаулысы алынды да, 1940 жылы күзде қауырт жаңа әліпбиді қолдануға жарлық шықты. Әрине, оған көшудің алдында да кейбір жиын-жиналыстар мен баспасөзде жаңа жазуға қатысты пікір айтылып жатты. Ол пікірлер негізінен жаңа жазудың емлесі жайында болды, өйткені графика түрін таңдау ғалымдар мен ағартушылардың (тіпті халықтың) құзырында болмай қалды: оны Ресейлік (империялық) мүдде мен коммунистік идеология өздері шешті, қабылдатты. Он-он бес жыл бұрынғы латынға көшу қарекетінен бұл іс-әрекеттің айырмасы – тоқпақ күштірек соғылды, ғылым мен ағарту мүдделеріне жол бермеді, оның үстіне ұлттық мүдде үшін жандарын сала күресетін, өздеріне замандас орыс және өзге ұлт білімпаздарымен сауатты түрде айтыса алатын А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Т.Шонанов, Қ.Кеменгеров, С.Омаров, Н.Төреқұлов, Б.Сүлеев сияқты ғалымдар «халық жауы» болып атылып-айдалып кеткен-ді. Қазақ тілі мен жазуы үшін күресетін одан кейінгі ғалымдар легі өсіп, жетіліп, қайтпас қайсар рух дәрежесіне енді келе жатқан болатын. «Орыс жазуы» мен оның емлесіне қатысты пікірлерді С. Жиенбаев, М. Балақаев, Ш. Сарыбаев, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев сияқты тіл мамандары айтты. Жаңа жазудың орфографиясына қатысты шешімі қиын тұстары баршылық болатын. Бұл қиын тұстар (ережелер) тек кірме сөздерге ғана емес, төл сөздерді дұрыс жазуға да қатысты болды. Жаңа жазуда қолданылатын емленің қиын тұстары жайында кейінгі тарауларда жеке-жеке талданады. Емлені талқылауда үлкен пікір таласы болмағанмен, жеке ережелеріне келгенде айтарлықтай екі-үш ұдайылық (қарама-қарсылық) сипат алған ұсыныстар мен дәлелдеулер орын алып отырды. Жаңа «орыс жазуы» кеңінен таралып, игерілуін үлгермей жатқанда, қоғам тіршілігін кілт өзгерткен Ұлы Отан соғысы басталды. Төрт жылға созылған соғыс жылдарында жазу мен оның емле ережелеріне мұқиат үңіліп, қырнай түсетін іс-шаралар жүргізетін мүмкіндіктер де бірінші кезекте тұрмады, дегенмен 1940 жылдың соңынан басталған жаңа «орыс жазуын» қазақ мәдениеті: оқу-ағарту саласы, мерзімді баспасөз, баспалар ісі тегіс пайдалануға кірісті. Соғыс аяқталар тұста бұл жазу да дағдылы құбылысқа айналып үлгірді: Халық жаңа әліпбимен жазып, жаңа жазулы басылымдарды біршама еркін игеріп кетті. Дегенмен о бастан, жаңа графика қабылданып, оның алғашқы емле ережелері түзілген кезден бері қолданыста қиындық келтіріп келе жатқан, ала-құлалыққа жол беріп отырған емле ережелерін айқындап, түзетулер енгізу керектігі көрінді. Олар төл сөздердің жазылуында ы, і әріптерінің әр позициядағы қолданысына қарап (топрақ/топырақ, рас/ырас, ру/ұру, сиыр/сыйыр, жинау/жыйнау, силау/сыйлау т. т.); ә әрпінің екінші, үшінші буындарда жазылуына (Жәлилә/Жәмила, Күлаш/Күләш, күман/күмән т. т.), сөздердің бірге, бөлек жазылуына, орыс тілі арқылы келген сөздерге қазақ тілінің қосымшаларын жалғауына т. б. қатысты болды. Кириллицамен жазудағы бұл қиындықтар тек 1957 жылы (әрине, ұзақ пікірсайыстардан кейін) ғана біршама жинақталып, түзетулер енгізіліп қазақ тілінің орфографиялық ережелерінің жаңа редакциясы қабылданды. Бұл ережелер кодексі де, алдыңғылар сияқты ресми түрде қабылданды, яғни Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы Указымен 1957 ж. 5-маусымда бекітілді, одан кейін де бұл ережелерге түзетулер мен толықтырулар енгізілген, жаңа редакциясы да 1983 ж. 25-августа Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президумының Указымен бекітілді. Күні бүгінге дейін емле ережелерінің бұл соңғы редакциясы азын-аулақ түзетулермен қолданылып келеді. Осы ережелердің негізінде Қазақ тілінің үлкенді-кішілі бірнеше орфографиялық сөздіктері жарық көрді.
Әріп — дыбыстың графикалық таңбасы. Әріп дыбысты белгілегенімен, әріп пен дыбыстың арасында табиғи байланыс жоқ. Әріп — шартты таңба. Әліпбиде қанша әріп болуы тілдегі дыбыстың санына байланысты. Бірақ дыбыс пен әріп саны бірдей бола бермейді. Е, ю, я әріптері екі дыбысты, ал ъ — қатаңдықты, ь — жіңішкелікті белгілейді. Қазіргі қазақ тілінде 37 дыбыс, 42 әріп бар. Бұл 1940 жылы кирилл графикасына көшуге орай қазақ әліпбиінің негізінде бекітілді. Әріптің баспахана ісіне бейімделген баспа түрі және қолмен жазуға бейімделген жазба түрі болады. Әріп қағаз не жазуға келетін затқа жазу құралымен түсірілетін таңба болғандықтан, оны көзбен көруге болады. Әріпте құбылмалық қасиет жоқ, ол тұрақты, бірақ ғалымдардың өзара келісімімен оны өзгертуге болады. Қазақ жазуының тарихында мұндай өзгертулер болған.Әріп – дыбыстың жазбаша таңбасы. Әріпті жазады және көреді. Әріптердің рет-ретімен тізілген жиынын алфавит (әліпби) дейді. Алфавит – грек сөзі, Әліпби – араб сөзі. Қазіргі заманда белгілі бір тілдің тілдік, фонетикалық ерекшеліктерін барынша толық қамтитын әліпби (алфавит) жоқ. Әліпби мұндай мейілінше жетілген дәрежеге жету үшін оның құрамында сол тілдегі фонемалардың барлығының да өзіндік таңбасы болу керек. Қазіргі бар әліпбилердің ішінде біршама жетілген әрі кең тараған әліпби латын және орыс (кирилица) әліпбилері. Бірақ олардың өзі де кемшіліктерден құралақан емес. Қазір әлемде қолданылып жүрген жазу жүйелері дамудың не бір қиын кезеңдерінен өткен екен. Ең алғашқы жеке таңбалар мен пиктограммалар заманнан заман өте келе біртіндеп дами отырып, идеографиялық жазудың одан буын жазуының қалыптасуына алып келген. Буын жазу дами келе дыбыстық-әріптік жазуға ұласты. Жазудың бұл түрін де мейілінше жетілеген, кемел жазу жүйесі деуге болады. Демек жазу әлі де даму үстінде.
Орфография дегеннен дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы дегенді түсінеміз. Тілдің дыбыстық жағы оның сөздік құрамы және грамматикалық құрылысымен, өзара байланыста болады. Осыған орай фонетикалық жазу тілдің дыбысталу жағын ғана емес, сонымен бірге лексикасы мен грамматикалық ерекшеліктерін де қамти алатындай алатындай болуы керек. Орфография дұрыс жазудың нормасы мен қағидаларын белгілегенде, тілдің әртүрлі жақтарын және олардың байланысын ескере отырып, нақтылы принциптарге сүйенеді, соларды негіз етіп алады. Орфографияның жұп-жұбымен тізбектеле қолданылатын алты түрлі принципі бар. Олар мыналар: Фонеметикалық принцип пен фонетикалық принцип. Фонеметикалық принцип бойынша, әрбір фонема қай позицияда келуіне қарамастан, өзіне бекітілген тұрақты таңба – бір әріппен белгіленеді. Орыс тілінде бір сөздің әртүрлі формалары, мысалы, плода және плод формалары әртүрлі дыбысталғанымен (плода формасында айтылған сөздің құрамындағы ұяң дауыссыз д плод сөзінде айтылуда қатаң дыбысқа айналады), біркелкі жазылады. Орфограграфияның фонематикалық принципі бойынша дуб және дуба формалары да айтылуда бірінде қатаң, екіншісінде ұяң дауыссыз келуіне қарамастан біркелкі ұяң әріппен жазылады. Фонетикалық принцип сөздің құрамындағы дыбыстардың айтылуын сақтап жазуды басшылыққа алады. Мысалы, жаздыгүні, қыстыгүні, ашудас деген сөздердің айтылуынша, осылай жазылуы – орфографияның фонетикалық принципіне сүйеніп жазудың нәтижесі. Бірсыпыра сөздердің жазылуында фонематикалық принцип пен фонетикалық принцип бірдей ұштасып, бір-біріне сайма-сай келеді. Мысалы, орыс тіліндегі пол, ток, кот, сом, сам, қазақ тіліндегі ағаш, тас, көл, қорған, аттаныс тәрізді сөздер фонематикалық жақтан да, фонетикалық жақтан да біркелкі жазылып, бір-бірінен ажыраспайды. Солай болғандықтан аталған сөздердің жазылуын фонематикалық принципке де, фонетикалық принципке де жатқызуға болады. Этимологиялық принцип пен дәстүрлік-тарихи принцип. Этимологиялық принцип сөздердің қалпын емес, шығу тегін сақтап жазуға негізделеді. Мысалы, орыс тілінде “қайық” деген мағынаны білдіретін сөз лотка түрінде емес, лодка түрінде жазылады. Бұлай жазуда сөздің негізі лодочный, лодочка деген сөздердің құрамында кездесетін лод екені ескеріледі.Этимологиялық принцип бойынша жазу сөздердің өткен дәуірдегі қалпын сақтайды. Мысалы, орыс тілінде пчел, пошел, пшенный деген сөздердің құрамындағы е әрпінің орнына қазіргі кезде о дыбысы айтылғанымен, бұлардың ертеректегі қалпы сақталып, этимологиялық принцип бойынша жоғарыда көрсетілген түрде жазылады.Дәстүрлік-тарихи принцип этимологиялық принциппен төркіндес, соған ұқсас принцип болып саналады. Орфографияның бұл принципі тілдің ерте кездегі жазу дағдысына негізделеді де, сөздің ертеректегі айтылуы мен жазылуын өзгертпей сақтауды көздейді. Мысалы, помощник деген сөз шіркеулік славяндық помощь дегеннен емес, орыс тілінің помочь деген сөзінен жасалғанына қарамастан, дағды бойынша жоғарыда көрсетілген түрде жазылады. 2. Морфологиялық принцип пен иероглиф принципі. Морфологиялық принцип бойынша жазу сөздердің айтылуына емес, түбір тұлғасын сақтауға негізделеді. Көптеген тілдерде сөздерге сөз тудырушы аффикстер мен сөз түрлендіруші аффикстер жалғанғанда, екі сөз бірігіп немесе өз ара тіркесіп айтылғанда, сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуы өзгеріп, әр түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырайды. Морфологиялық принцип дыбыстлудағы бұл рекшеліктерді ескермей , сөз құрамындағы сыңарлардың жеке тұрғандағы қалпын сақтап жазуды басшылыққа алады. Мысалы, басшы (башшы емес), ұшсын (ұшшын емес), сәнқой (сәңқой емес), көрінбеді (көрімбеді емес), қазанғап (қазаңғап емес), әркім (әргім емес).Орыс тілінде айтылуда вадавоз, атрез, одзыв, хаждение түрінде дыбысталатын сөздер жазуда морфологиялық принципті таяныш етудің негізінде водовоз, отрез, отзыв, хождение түрінде жазылады. Иероглиф немесе символ принципі біркелкі дыбысталатын сөздерді , яғни омонимдерді жазуда бір-бірінен ажырату үшін қолданылады. Мысалы, орыс тілінде “музыкалы би кеші” деген мағынаны білдіретін бал деген сөз бен “оқушылардың білім дәрежесіне қарай қойылатын цифрлы баға” деген мағынаны білдіретін балл сөзі жазуда біреуінде жалғыз л әрпі , екіншісінде қосарлы лл әрпі қолданылу арқылы ажыратылады. Орыс тілінде “науқан” деген мағынаны білдіретін кампания деген сөзден “бірлестік, серіктестік” компания деген сөз жазуда иероглиф принципі бойынша ажыратылып жазылады. Қазақ тілінде “жай, күй, жағдай” деген мағынаны білдіретін хал сөзі мен “денедегі кішірек қоңырқай таңба, белгі” деген мағынаны білдіретін қал сөзінің осылайша жазылуы иероглиф принципі мысал бола алады. Бұл принциптің сөздерді бір-бірінен ажыратушы қызметі ескеріліп, ол кейде дифференциальды принцип деп те аталады.
Графика ауызекі сөйлеу тілінің дыбыстық жағын, оның ерекшеліктерінінің барлығын түгелдей қамтып бере алмайды. Мұндай қызметті транскрипция ғана атқара алады. Транскрипцияның әдеттегі жазудан мынадай айырмашылықтары бар: әдеттегі жазу жүйесінде сөздердің дыбыстық жағымен бірге олардың әр түрлі байланыстары, атап айтқанда, этимологиялық және морфологиялық байланыстары да қарастырылып, есепке алынады. Ал транскрипцияда сөздің дыбыстық жағына ғана назар аударылады. Транскрипция үшін сөздің этимологиялық, морфологиялық байланыстардың ешбір мәні жоқ. Бұл-бір. Екіншіден, графика сөздің дыбысталуын әрқашан дәлме-дәл көрсете бермейді. Ал транскрипцияның ең негізгі қызметі – сөздің дыбыстық немесе фонемалық құрамын дәлме-дәл көрсету. Бір әріп ыңғайына қарай әр түрлі фонемаларды белгілей алса, транскрипциялық таңба бір ғана мәнге ие бола алады. Бір фонема жазуда әр түрлі әріптермен таңбалануы мүмкін, ал транскрипцияда ол әрқашан бір ғана таңбамен белгіленеді.Транскрипциядан транслитерацияны ажырата білу керек. Транслитерация жазылғанды бір алфавиттен екінші алфавитке, мысалы, орыс алфавитінен латын алфавитіне немесе, керісінше, аударып жазуда қолданылады. Транслитерация әсіресе географиялық атауларды және т.б. басқа жалқы есімдерді жазуда жиі қолданылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   118




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет