5. Этиологиялық факторларды жіктеу
Барлық ауру туындататын себепкер ықпалдар сырттан әсер ететін, экзогендік және организмнің өзінде болатын немесе эндогендік болып 2 топқа бөлінеді.
Экзогендік себепкер ықпалдарға:
• физикалық (ыстық немесе суық температуралар, иондағыш сәулелер, электр соққы, электромагниттік толқындар, барометрлік қысым т.б.)
• механикалық (жарақат, жаншылу, созылу т.с.с);
• химиялық (улы химиялық заттар мен газдар, ауыр металдар, гербицидтер мен пестицидтер т.б.);
• биологиялық (микроорганизмдер, вирустар, қарапайым жәндіктер, құрттар т.с.с.);
• әлеуметтік (психогендік, ятрогендік) ықпалдар жатады.
Эңдогендік себепкер ықпалдарға:
• организмнің тектік ерекшеліктері;
• оның қоздырғыштарға жауап қайтару қабілеті (реактивтілігі) мен дене бітімінің айырмашылықтары;
• жүйкелік және эндокриндік реттелулерінің бұзылыстары;
• иммундық жүйесінің өзгерістері;
• зат алмасу үрдістерінің бастапқы бұзылыстары т.б. жатады.
Организмге негізгі этиологиялық фактордың әсер ету жолдары:
• жүйке жүйесі арқылы - рефлекстік, жүйке жүйесінің функционалды жағдайын өзгерте отырып, сонымен қатар парабиотикалық жағдайдың немесе патологиялық доминантаның пайда болуымен жүреді.
Парабиоз бірнеше сатымен өтеді:
a) теңестіру - күшті және әлсіз тітіргендіргішке жауап беру серпілісі бірдей;
б) парадоксалды - әлсіз тітіргендіргішке жауап беру серпілісі күштіге қарағанда артық болуы;
в) тежелулік - тітіркендіргішке серпілістің болмауы;
• эндокриндік және гуморалдық жүйелер арқылы. Бұл әсердің қызметін қанға шығарылатын бүлінген тіннің өнімдері, қабыну медиаторлары, әр түрлі биологиялық заттар және гормондар атқарады.
6.Этиологиядағы метафизикалық және идеалистік бағыттар. Патологияның себебі туралы диалектикалық материализмнің ережелері.
7.Организмге жоғары температураның әсері. Күйік ауру, оның патогенезі.
Ыстық температура дене мүшелерінің күюіне, күйіктік ауруға немесе жалпы дененің асқын қызынуына әкелуі мүмкін. Күйік. Күйік ыстық температураның әсерінен, химиялық күшті қышқылдардың, сілтілердің әсерлерінен немесе физикалық (электр ағымының, радий белсенді заттардың әсерлерінен) ықпалдардан дамуы мүмкін. Сондықтан ыстық температураның әсерінен дамитын күйікті температуралық күйік деп ажырату қажет. Қалған күйіктер сәйкес тарауларда қаралады. Оттың жалыны, ыстық су, бу немесе 45-50° С-дан астам қызған заттар дене мүшелеріне тигенде температуралық күйік дамиды. Бұл кезде тіндердің бүліну тереңдігіне байланысты күйіктің төрт дәрежесін ажыратады: 1. терінің қызаруы; 2. күйген жердің күлдіреуі; 3. терінің некрозы және жаралардың пайда болуы; 4. тері мен оның астында жатқан тіндердің толық некрозы немесе тіндердің көмiрге айналуы. Ыстық температураның жергілікті әсер ету жолдары тін нәруыздарының ұюымен, жасушалардың тіршілігін жоғалтуымен, тіндердің некрозымен, қабыну дамуымен байланысты. Күйіктің организмге әсері бүлінген тері қабатының аумағына байланысты. Дененің 10-15%-нан астам аумағының терең күйіктері тұтас организмнің бүліністеріне, ішкі ағзалар мен жүйелердің бұзылыстарына әкелетін ауру туындатады. Бұл ауруды күйіктік ауру дейді. Ол келесі сатыларда өтеді: 1. күйіктік сілейме (шок), 2. күйіктік уыттану, 3. күйіктік жұқпалар, 4. Күйіктік арып-азу, 5. сауығу. Күйіп қалған жерден орталық жүйке жүйесіне қатты ауыру сезімі беріледі. Осыдан қан тамырларының қимылдық және тыныс алу орталықтары алдымен қатты қозып, артынан әлсірейді. Қан қысымы төмен-деп, ағзалар мен тіндерде майда қан айналым бұзылады, күйіктік сілейме (шок) дамиды. Оның дамуына бүлінген тіндерде нәруыздардың ыдыра-уынан пайда болған уытты заттардың қанға түсуі, қанның сұйық бөлшектерінің тамыр сыртына шығып кетуінен қоюлануы мен аққыштық қабілетінің бұзылыстары қолайлы ықпал етеді. Бұл кезде су мен электролиттердің алмасуы бұзылады. Күйгеннен кейін алғашқы сағаттарда бүлінген тіндерде натрий көптеп ұсталып қалады, артынан натрий мен су қан плазмасынан жасушаларға ауысады. Осыдан жасушалар ісінеді. Бұл жағдайды күйіктік сілеймені емдеу үшін изотониялық сұйықтарды қанға енгізу кездерінде есте сақтау қажет. Олар тез жасушаларға еніп кетуі мүмкін. Бүлінген жасушалардан калий көптеп қанға түседі, гиперкалиемия дамиды. Ол жүректің жиырылғыштық қасиетін төмендетіп, жүрек аритмиялары дамуына әкеледі. Күйік эритроциттердің қатты гемолизін туындатады. Осыдан қан плазмасында гемоглобиннің мөлшері артады, оның несеппен шығарылуы ұлғаяды, бүйрек қызметінің жіті жеткіліксіздігі дамуы мүмкін. Бұл организмнің уыттануын одан сайын күшейтеді. Күйіктік ауру кезінде тіндердің нәруыздары көптеп ыдыратылады. Бүлінген жасушалардан протеолиздік ферменттердің қанға түсуі тіндердің антигендік қасиетін өзгертіп, аутоиммундық құбылыстардың дамуына әкелуі мүмкін. Бұл ауру әртүрлі жұқпалармен жиі асқынады. Олардың уыттары организмді одан сайын уыттандырады. Бұл жұқпалар организмге бүлінген тері арқылы өтеді және ішектердің микробтары қанға түседі. Күйіктік ауру кезінде терінің бүлінуі оның тосқауылдық қызметін әлсіретеді, бір ядролы фагоциттер жүйесінің қызметі бұзылады және ішек-қарын жолдарының шырышты қабықтарының қорғаныстық қабілеті азаяды. Бұл аурудың нәтижесінде организмнің қатты үдемелі арып-азуы, дененің ісінуі, анемия, ішкі ағзалардың дистрофиялық өзгерістері, өкпе мен бүйректің қабынуы, бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатының әлсіреуі т.с.с. құбылыстар байқалады. Күйіктік ауру жеңіл түрде өтсе артынан организмнің сауығуы болады. Бұл кезде бүлінген тін толығынан аласталынып, оның орнына тыртық тін қалыптасады.
Асқын қызыну (гипертермия). Сыртқы ортада температура көтерілгенде терінің қан тамырлары кеңіп, тер бөлінуі, тыныс алудың жиілеуі арқылы денеден жылуды сыртқа шығару артады. Ал, қоршаған ортаның температурасы мен ылғалдығы жоғары болғанда немесе адамның үстінде терді өткізбейтін киім болғанда денеден жылуды сыртқа шығару шектеліп, ауаның температурасы тіпті 33°С болғанның өзінде дененің асқын қызынуына (ыстық соғуына) әкелуі мүмкін. Бұл кезде дене қызымын реттеу жолдары бұзылады, денеде жылу өндірілу оны сыртқа шығарудан басым болып кетеді. Осыдан дене қызымы көтеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |