5 в 050400 «Журналистика» мамандығына арналған


Журналистика – шығармашылық. Журналист



бет13/14
Дата25.02.2016
өлшемі1.06 Mb.
#20418
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Журналистика – шығармашылық. Журналист – ешқашан бір жазғанын қайталап жазбайды, бір айтқанын сол қалпында бұлжытпай қайтадан айтпайды. Оның үстіне тікелей эфир – қайталанбайтын құбылыс. Сондықтан да, теориялық деңгейде қабылдаған білімді тәжірибе жүзінде игеру үшін аудиториядағы дәрісті радиостудиядағы лабораториялық сабақтармен қатар өрбітіп, шығармашылық процесс ретінде пысықтап қою жеткіліксіз. Сонымен қатар, болашақ журналистер кәсіби маман ретінде қалыптасу үшін өндірістік журналистикадағы өрісіндегі кәсіби дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгеру мүмкіндігіне қол жеткізуі керек. Сол қисындардың бәрі есепке алынған жан-жақты дамып жетілген оқу бағдарламасы болғанда ғана студенттің өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығына деген ынта-ықыласы артып, сол пәнге ерекше зейін қоюына жол ашылмақ. Соның нәтижесінде ол университет қабырғасында жүріп өз мамандығының өмірдегі қолданыс аясынан, іс жүзіндегі тәжірибелі тәлімдерінен, дүниежүзілік деңгейдегі жаңашыл бағыттарынан хабардар болуына қол жеткізбек. Демек, болашақ мамандықтарын тәжірибе жүзінде көзбен көріп, қолымен ұстап, белгілі бір дәрежеде сол іспен тікелей шұғылдану олардың қазіргі таңдағы қажетті сұранысына айналып отыр деген сөз.

Әңгімелесу шеберлігі

Күнделікті радиохабарлар бағдарламасында радиоәңгімелесу жиі пайдаланылады. Оның көтерер жүгі мол болғандықтан, қойылатын талаптар да өзгеше: шебер сөйлеу, тіл құнарлылығы, айтар ойдың анықтығы, шын көңілден шыққан, тыңдаушысын бірден баурап алатын сырсұхбат іспетті, еркін әңгіме болуы тиіс. Демек, радиоәңгімелесуді жүргізуші сөйлеушіден (выступающий) гөрі әңгімелесуші (собеседник) болғаны дұрыс.

“Әңгіме” деген атау баспасөзден келді. Дұрысына келсек, әңгіме онда шартты түрде ғана пайдаланылып жүр. «Газеттегі әңгіме – газет сөзі, ертеректе болған шындықтың өңдеген түрі, әлдебіреулер қағаз бетіне түсірген әдеби жазбасы, яғни оқушыға екінші біреудің түсінігі, қорытуы арқылы жеткен шындық” (Гальперин Ю. Мы ведем репортаж. – М., 1961, с.27).

Ал, әңгімелесу – радиоға жақын, ауызекі сөйлеу жанры. Сондықтан, әңгіме радиоға келіп жаңа бояуға, жаңа қасиеттерге ие болды деу қате, әңгіме өз арнасын, өз орнын радиодан тапты, оның мүмкіндігін терең де жан-жақты пайдалануға жол ашты.

Радиоәңгімелесу – радиожурналистиканың ең бір негізгі және күрделі жанры, көпшілік бұқараға арналған ауызша үгіттің ең басты формаларының бірі. Радиодағы әңгіме – газеттегі мақала сияқты, қоғам өміріндегі түрлі құбылыстар мен оқиғаларды терең зерттеп, сол жолда пайда болған ой-пікірлерді талдап-жинақтаудың нәтижесінде туған идеялар негізінде жазылған, айтылған публицистикалық шығарма.

“Радиоәңгімелесудің өзіндік ерекшелігі, біріншіден, әңгімелесушілер бір жерде, яғни бір аудиторияда болмайды. Автор микрофон алдында отырса, тыңдаушы үйінде, не жұмыс орнында болуы мүмкін. Екіншіден, эфир арқылы сұхбаттасып, еркін әңгімелесетін бұл екі жақтылы байланыста автор белсенді ойлаушының ролін атқарады. Автор тыңдаушыларды өз материалын талдауға тартады. Радиодағы әңгімелесу табиғаты жағынан хатты оқушы мен хат авторының арасындағы кеңеске немесе іс қағаздары түріндегі (эпистолярлық) әдебиетке ұқсайды” (Ярошенко В.Н. Информационные жанры радиожурналистики. – М., Искусство, 1976, с.58.).

Радиоаудиторияның тыңдаушылары өздерінің білімі, қоғамдағы орны, ой-парасаты, тіпті тұрағы жөнінен әр түрлі. Сондықтан, радиоәңгімелесуде ғылыми идеялар, күрделі саяси проблемалар, экономика, мәдениет мәселелері көпшіліктің көңілінен шығатындай нанымды, ұғынықты сипатта беріледі. Тыңдаушылар әңгімелесудің басынан аяғына дейін автор ойының өрбуін сезіп, ілесіп отыратындай болуы керек. Мұндай процесті сөйлеуші мен тыңдаушының қатарласа (параллельді) ойлауы дейміз. Осы тұста тыңдаушы мен микрофон алдындағы сөйлеуші проблеманы шешуде өздеріне таныс фактілерге байланысты бірдей қорытындыға келеді. Осылай басты идея логикалық дамумен біртіндеп жалғаса береді. Егер лирикалық шегініс бола қалған күнде, ол басты идеяның дамуын ұлғайтып, тек қолдап отырады.

Радиожурналистиканың көпжылдық тәжірибесіне сүйенетін болсақ, екі жақты бірдей ойлану процесі микрофон алдындағы сөйлеушінің мәтінсіз, ойдан шығарып, суырып салуына байланысты өрбиді. Бұнда адам сөзінің интонациясы өзгеріп, әңгіменің табиғилығы сезіледі, эмоциялық бояуы қаныға түседі.

“Егер репортажда микрофон бізді оқиға ортасына «алып барса», ал әңгімеде автор үйреншікті әдет бойынша микрофон арқылы тыңдаушының үйіне “келеді” (Бұл да сонда, 59-бет.). Бұл жерде сөздің берілу әдісі, интонациясы шешуші роль атқарады, яғни тыңдаушы хабарды радио арқылы қабылдап отырғанын ұмытуға тиіс. Хабарға сонда ғана шын берілуге, толғануға болады. Микрофон алдындағы сөйлеушінің тыңдаушымен тығыз байланыста жүргізіп отырған әңгімесіне “микрофон”, “пленка”, “радиотыңдаушылар” деген сөздер кері әсерін тигізеді, кедергі жасайды. Автор да, тыңдаушы да әңгіменің радио арқылы байланысып отырғанын еске ала бермегені абзал.

Мәселен, “Қазір менің жанымда микрофон алдында Ошақбай Ибраимов отыр” дегеннен гөрі “Қазір менің жанымда Ошақбай Ибраимов отыр” деген сөз орынды. Сол сияқты “Сәлематсыздар ма, достар?” деген сөйлем, “Сәлематсыздар ма, радиотыңдаушылар” дегенге қарағанда табиғи, тыңдаушыға жақын естіледі.

Журналистің тыңдаушы көңілінен шығуы әңгіме тақырыбының көкейтестілігіне, хабардың сапасына, орнына, сюжет табиғатына, әңгімелесуді бастауына байланысты. Және тағы бір айнымас шындық – ол микрофон алдындағы сөйлеушінің беделі – әңгімеге деген құштарлықты арттыра түсетін шешуші фактор. Автордың аты-жөні аталған соң-ақ тыңдаушының есіл-дерті микрофонға ауып кетеді. (Мысалға бүкілодақтық радиодан беріліп тұратын Ираклий Андронников, Сергей Смирновтардың әңгімелері бұған куә бола алады). Ауызекі әңгімелесуден радиодан берілетін әңгімелесудің айырмашылығы – тыңдаушы сұрақ бере алмайды. Сондықтан сөйлеуші “бұл жерде мынадай заңды сұрақтың туындауы мүмкін” деп, ойын сабақтастыра береді. (Бұған мысал ретінде, әсіресе атақты дәрігерлердің микрофон арқылы көпшілікпен сұхбаттасуын т.б. айтуға болады).

Әңгіменің негізі ретінде автор ойының логикалық дамуын алып жүрміз. Олай болса, оның ішкі динамикасына қарап, әңгімелесу композициясының дамуын мынадай кезеңдерге бөлуге болады:

Басталуы. Бұл тыңдаушы психологиясында қажетті атмосфера жасалуына жеткізуге тиіс, әңгімеге қажетті, тиісті бағыт беру үшін керек. Қай әңгіменің болса да, оның дұрыс басталуы шешуші роль атқармақ. Ол радиотыңдаушыны бірден әңгімеге баурап алуға, ал авторды келесі деректерді баяндауға бастауға тиіс.

Әңгімелесуді “микрофон алдында шопан Ахметов жолдас. Қане, радиотыңдаушыға өз тәжірибеңіз жайлы не айтар едіңіз?” – деп келте қайырмай, авторды аз-кем таныстыру, оның нелер жайлы айтатыны жөнінде хабарлап, авторды да, тыңдаушыны да дайындап алу керек.



Бірден бірге ауысу кезеңдері. Бұл жаңа тақырыпқа көшуге, негізгі проблеманы тереңірек аша түсуге жағдай жасайды. Мұндай сәттер әр түрлі ойларды өзара байланыстырып, әңгімелесуді белгілі бір бағытқа бастап отыратын дәнекер іспетті. Ол, сонымен бірге, әңгіме авторының келесі бір мәселеге көшуін дайындайды, тыңдаушыны қызықтырады, жетелейді.

Қорытынды жасау, жинақтау. Радиоәңгімелесу сөйлеу тіліне бейім тұрады дегенмен, ол көшеде кездескен таныс адаммен әңгіме емес, ондағы ой көлденең сөздің, кездейсоқ сұрақтың негізінде тумайды. Радиоәңгімелесудің мақсаты – тыңдаушы адамның білгісі келетін белгілі бір саладағы мән-жайды жеткізу. Бұл мақсаттың орындалғаны әңгіменің де аяқталғаны деп білу керек.

“Дөңгелек стол басындағы әңгімелесудің” бір түрі – шетел хабарларындағы радиотыңдаушылар хаттарына жауап қайыру мақсатымен жүргізілу формасы (Бұл да сонда, 62-бет.). Мұнда жүргізуші алдымен хабарға қатысушыларды таныстырады. Сонан соң тыңдаушылардың сұрақтарын оқып шығып, хат жолдаушылардың аты-жөнін атайды. Жүргізушінің берілген жауаптарды толықтырып, белсенді түрде қолдап отыруы тыңдаушысымен жақындаса түсуге, әңгіменің тиімділігіне әсерін тигізеді. Осындай хабарлардың дайындалуы барысында редакция қызметкерлері саясатқа, мәдениетке, экономикаға қатысты қызықты сұрақтарды іріктеп алады. Тіпті, кейде даулы сұрақтарды кіргізуі ықтимал. Осыған дейін сұрақтар машинкаға басылып, пленкаға жазуға бірнеше күн қалғанда қатысушыларға таратылады.

Және олардың бір-бірімен пікір алысуына мүмкіндік жасалмайды.

Хабар көбінде студияда дайындықсыз бірден жазылады. Сөйлеушілердің қолында тек әңгіме жоспары мен ұмытпас үшін түртіп алған белгілері болуы мүмкін. Әрбір жауап 1-2 минуттан аспауға тиіс. Олар бірінің жауабын бірі толықтырып, кезектесіп сөйлейді. Дауыстың түрлі шығуы талқыланудың динамикалығын өсіре түседі.

Шындығын айту керек, радиопублицистика жанрлары осы күнге еркін жетіле қоймағандықтан, олардың шекаралық шарттары толық анықталмай отыр. Сол себепті кейде радиожурналистика жанрларын өзара шатастырып, ауыстырып алатын сәттер кездеседі.

Осыған орай, бүгінде Қазақ радиосы арқылы берілетін радиоәңгімелесулердің формалық жағынан түрлері қандай, соған тоқтала кетейік.



Сұхбат, сырласу ретіндегі әңгімелесу. Әңгіме тақырыбы көпшілікті тарта алатын, сырласуға шақыратындай, немесе өскелең өмір тудырып отырған актуальды мәселе жайлы болғаны абзал. Бұл әңгімені көпшілікке кеңінен таныс, еркін, есіліп сөйлей алатын адамның дайындықпен жүргізгені дұрыс.

Сөзіміз дәлелді болу үшін, республикалық радионың Насихат редакциясынан өткен мына бір әңгімелесуді алайық. (“КСРО Жоғарғы Советінің сайлауы қарсаңында” циклы бойынша 1979 жылдың 19-қаңтар күні берілген). Әңгімелесудің авторы – Қостанай облысының Жетіқара ауданындағы “Волгоград” совхозының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте Ленин орденінің кавалері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Асқар Ізтаев.

Әңгімелесу тыңдаушысын үйіріп әкететіндей сұхбаттасу, сырласу түрінде жылы жазылған. Оның арқауы – КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары, СССР Жоғарғы Советі Президиумның Председателі Леонид Ильич Брежнев жолдастың “Тың” кітабы. Ол тың көтерушілердің тарихи тұлғасын жасаған кітаптың сүйіспеншілікке бөлейтінін, өзге дихандар сияқты өз өмірінің де жазылғанын ерекше сезіммен, ыстық ілтипатпен жеткізеді.

Осылайша, әңгімелесу негізгі актуальды мәселелер төңірегінде өрбіп отырады.



Түсіндірме әңгімелесу. Мұнда әңгімелесушінің негізгі айтар ойын қуаттайтын пленкаға жазылған дауыс қосымша ретінде пайдаланылады. Тыңдаушылар жаңа нәтиже, негізгі проблема жайлы оқиғаның “дыбыстық картинасына” куә болады. Осылайша, маманның бұл әңгімесі “иллюстрациялы” хабарға айналады.

Қазақ радиосының “Ауыл өмірі” Бас редакциясы “Шаруашылықты ұйымдастырудың радиомектебі” деген циклдан мамандардың түсіндірме әңгімелесулерін жиі береді. Биология ғылымдарының кандидаты Райхан Изатуллаеваның “Агротехника және өсімдікті қорғау” деген әңгімелесуі осыған жатады. (1978 жылдың 15-желтоқсанында “Дала дидары” бағдарламасы бойынша эфирден өткен).

Автор бүгінгі таңдағы агротехника мен өсімдікті қорғаудағы көпшілікті қызықтырарлық жаңалық, халыққа белгісіз жәйттерді түсіндіреді. Мысалға, ол бір химиялық дәріні зиянкес жәндіктер мен микроорганизмдерге үнемі қолданған жағдайда олардың соған бейімделіп кетуі мүмкін екендігін ескертеді. Сол сияқты агротехникалық шаралардың жаңа түрлерін қалай жүзеге асыруға болатынын және олардың артықшылықтарымен таныстырады.

Бұл толығынан түсіндірме әңгімелесуге жатады. Бір кемшілігі “иллюстрациялы әңгімелесу” деңгейіне көтеріле алмапты. Себебі, документті жазбалары болмаған.



Редакция почтасына түскен хаттарды арқау етіп әңгімелесу. Бұл – қалың бұқарамен насихат каналын тығыз байланыстыратын өнегелі іс. Ол - редакция қызметкерлерінің әлі де болса қамти алмай жатқан мәселелерін ойға салатын, көпшіліктің көкейкесті қажетін дәл табатын, тыңдаушылардың барометрі сияқты ұтымды әдіс. Әрине, әңгімелесуді алдын-ала хаттарды сұрыптап, тақырыптарға бөліп алып жүргізу керек. Осылайша радиохабарларды формалық жағынан байытып, тыңдаушылар арасында беделін арттыра түсуге болады.

Циклді әңгімелесулер. Газеттерде “жалғасы бар” деп бір әңгімені бірнеше номерге беру қалыптасқан дәстүр. Осы форманы қазіргі кезде радиода “циклді әңгімелесулер” түрінде пайдаланып жүр. Бұл үлкен проблеманы көтеруде, аясы кең тақырыптың мәнін ашуда тыңдаушылар арасында зор беделге ие. Әңгіме көпшілік үшін нанымды, көп мағлұмат берерлік мазмұнды бола түседі. Мәселен, Октябрь революциясының 60 жылдығына байланысты Қазақ Радиосының “Бүкілодақтық ерлік шежіресі” циклі бойынша тарих ғылымының докторы, профессор Әмір Қанафиннің жүргізген циклді әңгімелесулерін алуға болады. Сол сияқты, “Бос уақыт – қоғамдық байлық”, “Арыңды ақшаға сатпа!”, “Киіз үй жайы ойлантады” немесе “Миллиондардың лениндік университеті” циклынан берілген т.б. циклді әңгімелесулер жатады.

Егер де саяси маңызы ерекше бір оқиға өтсе, оның мәні мен міндеттерін халыққа жеткізу үшін радиоәңгімелесу жанрын пайдаланамыз. Болмаса, радиотыңдаушыларға қоғамдық өмірдің түрлі процестерін, қоғамдық ғылымдарды – саяси экономия, тарих, философияны ұғындыру үшін осы жанрға жүгінеміз.

Сонымен әңгімелесу көбінесе өміртануда жаңа жетістіктің мәнін ашуға, жаңа әдісті ұғындыруға қолданылады. Бұл жанр әдеби образдардың тілін, өнер тақырыбына жазылған шығарманы әділ бағалауға, жалпы өнертануды дұрыс түсінуге көп көмек етеді.

Әңгімелесудің мұндай “әмбебаптығы” (универсалдығы) табиғи нәрсе. Қандай редакция болмасын тыңдаушыларға бір жайды жеткізгісі келсе, әңгіме арқылы жүзеге асырады. Мәселен, ақпараттық заметка факті туралы хабарлайды, радиоочерк пен радиокомпозиция образдар, әдеби тіл арқылы осы фактілердің мәнін аша түседі. Ал, радиоәңгімелесу логикалық операциялар – ұғындыру, зерделеу, ақыл қорыту арқылы фактіні түсіндіреді.

А.Фриш өзінің “Беседа по радио” деген кітабында радиоәңгімелесуді тақырыптық жағынан мынадай түрлерге бөледі:

а) Информациялық мәні бар әңгімелесу. Кез келген жағдайды, болмаса бір құбылыс мазмұнының сырын аша түседі. Мәселен, тыңдаушыларға саудадағы жаңалықты хабарлайды. Сатуға түскен жаңа бұйымдарды айтады, тұтынушыларға қызмет көрсетуде қандай өзгерістер бар, сауданың жаңа түрлері ыңғайлы ма, ол қалай таратылып отыр, осының бәрі қамтылады.

б) Көпшілікке арналған ғылыми тақырыпта әңгімелесуде күрделі құбылысты, олардың өзара байланысын қоғамдық ғылым саласынан ұғынуды, табиғаттанудың ашқан жаңалықтарын түсіндіреді.

Мәселен, “Өндіріс әдісі деген не?”, “Атом және оның құрылысы” деген тақырыпты алатын болсақ, әңгімелесуде жаратылыстану ғылымына сүйеніп, өндіріс әдісіне анықтама береді, физиктердің атомға байланысты ашқан жаңалықтарымен таныстырады.

Негізгі қоғамдық проблемаларды үнемі түсіндіріп отырудағы әбден қалыптасқан әдіс – бұл рубрика тұрақтылығы. Мұнда, әсіресе, хабарларды жалпы тақырыпқа байланысты біріктірудің, немесе тыңдаушыларға күні мен сағаты белгілі циклді хабарларды ұсынудың орны ерекше. Радиоуниверситеттегі мәдениет тақырыбын қамтитын әңгімелесулер осылай құрылады.

Көпшілікке арналған ғылыми тақырыпта әңгімелесуде қандай сұрақ қаралмасын, негізінен нақты фактілерді тілге тиек етеді.

Оның ішінде көзі анық жететін мысалдарды, теориялық жайды, ойды анықтай түсу үшін пайдаланады. Бұл – көпшілікке арналған ғылыми тақырыпта әңгімелесуді құрудағы ерекшелік. Мысалы, космос тақырыбын алайық. Міне, осы жайлы маманның, ғалымның әңгімесін ұйымдастырсақ, оны радиоәңгіменің осы түріне жатқызамыз.

в) Тарихи оқиға туралы әңгімелесу. Бұнда тарихи фактінің мәнін көрсетеді. Алдыңғы әңгімелесудегідей баяндау бар.

Оқиғаны түсіндіру (комментарий) бірінші планға шығады. Оқиғаға байланысты факті кеңінен, жан-жақты қаралады, оған баға беріледі. Әрі оның өткен уақытпен дәлелдене түскендігі айтылады.

“Баспасөздегі мақала сияқты емес, радиоәңгімелесудің негізгі элементі әңгімелілігі болуға тиісті” (Фриш А. Беседа по радио. – М., 1961, с.11.).

Радиоәңгімелесудің қонымдылығы мен әңгімелілігі бір-бірінен онша алыс та емес, әрі бір-бірімен шатастыруға болмайды. Мысалға, екі теоретик-физиктің күрделі ғылыми таным мен математикалық формуланы пайдаланып дауласуы – бұл тек сөз жарыстыру. Мұны арнайы білімі жоқ адам түсіне алмайды. Ал, осыны радиожурналист пленкаға жазып алса, бұл қаншалықты әңгімелі болғанымен, ұғынықты емес.

Сонымен бірге оған тілінің ұғынықтылығы, тыңдаушысы үшін тартымды болуы жөнінен ерекше талап қойылады. Өйткені, газеттегі мақала оқуға арналған, әлдебір жерін түсінбей қалған оқушының қайталап оқуға, біледі-ау деген адамға көрсетіп, сұрап алуға мүмкіндігі бар. Радио тыңдаушыда ондай мүмкіндік жоқ: “айтқан сөз оқпен тең” оны қайыра тыңдау мүмкін емес. Демек, радиоәңгімелесу бір айтқанын ұғып алатындай болу керек.

Көпшілікке арналған мақалада көрнекті құралдар: суреттер, таблицалар, диаграммаларды қолдануға мүкіндік жоқ. Оның орнына сезім, ойдың нәзік тұстарын адам өзінің көңіл-күйін білдіретін ырғаққа бай үні арқылы жеткізеді.

Радиоәңгімелесудің әңгімелілігі үшін редактордың, болмаса автордың “міне”, “қане” деген ауызекі сөйлеу стиліне тән сөздерді қосқанымен көңілге қонымдылығы артпайды. Керісінше, тыңдауға жеңіл, қысқа тіркестермен берілуге тиісті. “Міне”, “қане” деген сөздер радионың ерекшілігіне сай құрылған сөйлемдерге енсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сонымен, радиоәңгімелесу – радиотыңдаушылардың көңіліне қонатын әңгіме.

“Егерде сізге бес-алты адам қапталдасып өздері туралы айта бастаса, ештеңе ұға алмайтыныңыз анық. Әрі мұндай әңгімелесу тез шаршатады” (Бұл да сонда, 15-бет.). Сол сияқты әңгімелесушіңіз өзі жалғыз бола тұрып, әр нәрсенің басын бір шатса, бұл да қиын тиеді.

Бір әңгімелесуде әр түрлі сұрақтарды қамтимын десе, хабардың сәтсіз шығатыны сөзсіз, тыңдаушыға ешнәрсе түсіндіре алмайды.

Әңгімелесу өзінің қызметін атқару үшін кезекті тақырып бойынша белгілі сұраққа арналуы, құрылуы тиісті. Бұл, әрине, редакциялық жұмыстың негізгі сәті – жоспар жасауда және тапсырма беруде ескерілуі керек.

Сонымен, тақырыптың нақтылығы – әңгімелесуді жеткізудің бірінші шарты.

Біздің идеяларымыздың күші – оның шыншылдығында. Олай болса, бүркемелеп сөйлеу, жұмбақтап айтудың қажеті жоқ. Біздің насихаттың өткірлігі, баспасөз мақалаларының, радиоәңгімелесудің түсініктілігінде, дәл, көңілге қонымдылығында. Радиоәңгімелесудегі мазмұнның түсініктілігі – ол автордың пайымдауымен ілесіп отыру. Мұнда келесі ой алдағымен байланысып, соны жалғастырып жатуға тиісті.

Тағы бір есте болатын жәйт – фразалардың орны ауысып кетсе, орынсыз қолданылса, тыңдаушысын шатастырады, мазмұнның логикалық құрылысының дұрыстығына редактордың көп көңіл бөлгені дұрыс.

Радиоәңгімелесу – бұл көпшілікке арналған әңгіме. Сол себепті терминдерді қолдана қалған жағдайда түсіндіру керек.

Мәселен, “коррозияға берілмейтін” деудің орнына “тот баспайтын” деген сөз қолдану әлдеқайда артық. Себебі, “коррозия” деген көпшіліктің барлығына бірдей түсінікті болмауы әбден мүмкін.

Әңгімелесу жанрында жаңа термин, түсініксіз сөздерді тыңдаушыға бұрыннан таныс балама сөздермен береді және цифрды неғұрлым аз қолданады. Ал, пайдалана қалған күнде көрнектілік үшін, немесе салыстырмалы түрде болғаны абзал. Бұл – екінші шарт.

Егерде автор өзі көтеріп отырған тақырыпты жақсы білетін, оның ақиқаттығына нанатын болса, ол міндетті түрде өз ойын терең ашып, эмоциялық бояуын қанық етіп жеткізе алады. Мұндай әңгімелесудің тыңдаушыларын баурап алары хақ. Және тілдік қорға да, тілдік образды қолдана білуге де көп байланысты.

Шебер қолданылған эпитет әңгімелесудің эмоциялық бояуын күшейте түседі. Ұлттық тіл байлығын пайдалану, образды сөздерді қолдану, метафоралар мен теңеулерді шебер үйлестіру хабар дәрежесін жоғарылатады. Бұл суреттейтін құралдар ойды анық және сезімнің нәзік сәттерін жеткізуде теңдесі жоқ.

Мәселен, “Адам не үшін өмір сүреді? Өмір сүрудегі мақсат не?” Ол үшін алдымен мақсат деген не, осыған жауап беру керек. Радиоәңгімелесуде автор тыңдаушылармен еркін сөйлесу керек. Мұнда сол сұрақ төңірегінде өзінің көп білетіндігімен тыңдаушысын қысып тастамай, жолдастық тұрғыда сыр бөлісіп, шын жүректен көмектесіп, оның түсінуі үшін барын салғаны абзал. Әрі “Сіз үшін бұл сұрақ түсініксіз, күрделі болса, бірлесе отырып ойлап, шешейік” деп өзіне назар аудартқаны орынды.

Радиоәңгіменің жүрекке жақын болуының басты “құпиясы” күрделіні қарапайым етіп, кез келген жанның жүрегі мен санасына жол таба білуде.



Радиофельетон – шеберлік туындысы

Сатираның ерекше талант тілейтіндігіне ешқандай күмән туғызуға болмайды. Сатиралық хабарлар үшін идеялық ұстамдылық , сәтті пішін мен қызықты композиция аса қажет. Өкінішке орай, мұндай хабарлар эфирге өте сирек шығатын болды, көбіне оның кейбір элементтері ғана кездеседі. Дегенмен, радиодағы сатира өзінің мәнін жойған жоқ, оған деген қажеттілік бар және ерте ме, кеш пе қайта түлейтіні ақиқат деп сеніммен айта аламыз.

Сәтті жазылған сатиралық шығарманың өзі радио үшін әлі толық өнім емес, шикізат іспетті. Неге десеңіз, қандай радиохабар болмасын ұжымдық шығармашылық жемісі. Сатиралық шығарма мәтіні – сол процестің бастауы ғана. Ол бұдан кейін бірнеше сатыдан өтеді. Осы жолда автор идеясы мен режиссер шешімі, композитор дарыны мен артист таланты үнемі үндестік тапса, қағазға түсірілген сатирик ойы жанды қозғалысқа, өмір сахнасына айналады.

Жалпы фельетон жанры адам психологиясына бірден әсер ететіндей ойнақы, қуақы жазылатындығы белгілі. Оған дәлел эфирден бөбек жырының бірнеше түрі, өтірік, өлең, ертегінің түрлері, жар салу, түс көру, жұмбақ айтыс, аңыз әңгіме, баяндама, жиналыс жасау, әндетіп айту түріндегі фельетондарды көптеп кездестіруге болады. Ол радиофельетондардың тақырыптық ауқымын да кеңейте түсті.

Фельетон пішінінің сәтті табылуы тек қабылдауға ғана жеңіл болып қоймайды, әрі оның ықпалын арттырады, өміршең етеді. «Эфир фельетоны үшін пішін өте қажет. Пішін және тағы да пішін. Ойды жеткізе білу, фактінің айқын, сенімді құрылғаны соншалық, сыналған кемшілік, ақымақтық, шоршақтық өзінің бар болмысымен бірден жарқырап көрінуі керек» деп жазды радиофельетонист М.Аксенов.

Жақсы жазылған сатираның бірі ретінде «Бауырсақ, бауырсақ мен сені жеп қоям» деген радиофельетонға назар аударайық. Ол кезінде радиотыңдаушылардан да көптеген жылы лебіздер алған болатын. Тіпті қайталап беруді сұраған хаттар да келді. Енді осы фельетоннан шағын мысал келтіре кетейік:



Көреген: - Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданынан бір бауырсақ қара жолмен домалап қаша жөнеледі екен. Бауырсақ орманға келе жатса, алдынан сол Сергеев ауданындағы нан комбинатының директоры Лаер жолдас кездеседі.

Лаер: - Бауырсақ, бауырсақ сен қайда барасың? Мен сені жеп қоям...

Бауырсақ: - Жоқ, мені жей алмайсың. Мен атамнан кеткем, мен апамнан кеткем. Ұн комбинатындағы Сашадан кеткем, магазиндегі Машадан кеткем.

Лаер: - Бауырсақ, бауырсақ тұра тұршы, жөніңді айтшы, сен неге қашасың бізден?

Бауырсақ: - Қашпағанда қайтейін, мені адам жемейді. Аузына салады да түкіріп тастайды. Ащы дейді, көк дейді, кемшілігі көп дейді (жылайды). Мен көрмеген қорлық жоқ. Жарық дүниеге неге жаратылдым екен!

Лаер: - Бауырсақ, бауырсақ жыламашы... Айтшы өзің, әп-әдемі болып қайдан жаратылдың?

Бауырсақ: - Гәптің бәрі осында болып тұр. Явлень деген жерде үлкен ұн комбинаты бар. Менің аталарым бидай боп сонда жатады екен. Диірменге салған соң одан мен сияқты адам жиіркенетін бауырсақ туады екен. Оның үстіне сіздің комбинат қайбір жетістіріп пісіреді...»

Осылайша бармақтай бауырсақ қара жолдың үстінде кезіктірген дырдай директорды қақыратып тұрып сөгеді. Оның бейғамдығын, берекесіздігін бұлтартпай бетіне басады. Шіңкілдеген «Бауырсақ» үні мен гүжілдеген директор даусы фельетонның эмоциялық бояуын аша түседі. Дыбыс күшімен өте шебер жасалған салыстырмалы сатиралық сурет тыңдаушы есінде көпке дейін ұмытылмастай қалып қояды.

Адам сезімін шапшаң баурайтын, үлкенге де, кішіге де ұғынықты осы фельетонды жазылу стиліне қарап, әсер ету күші жеңіл болар деп ешкім ойламайды. Мұнда сатираға тән белгілер орнын тауып тұр. Бармақтай «Бауырсақ» пен еңгезердей директорды қатар қою, шіңкілдеген үннің гүжілдеген дауысты бейшара етуі, тұншықтырып тастауы комизм туғызатын, әсерді арттыра түсетін сатиралық әдістер. «Бауырсақтың» баладай аңғырт бола тұра, білдей директорды жер етуі де фельетонның масқаралаушы күшін өсіре түсетін тәсіл. Ол кемшіліктер «Бауырсақтың» атынан емес, тексерушілердің аузынан естілсе мұндай ықпалы болмайды. Фельетонист қисынды қиял, өткір теңеу арқылы объектісін бас көтерместей масқара етті.

Фельетондық мазмұн мен пішіннің, факті мен бояудың өзара қабысуы туралы М.Кольцов: «бұл электрлік түйісу сәтінде пайда болған «фельетон шоғы», бұдан кейін оны тек техникалық жағынан іске асыру ғана қалады» деп орынды айтқан болатын.

Шымкенттен жазылған «Құрманбековтың құрмалдығы» деген фельетонда «Славянский» совхозының бөлімше бастығы Құрманбеков түс көреді. Түсінде өледі, одан тентіреп «ана дүниеге» барады. Онда Мүңкір мен Нәңкір тергеуге алып, бар былығын айтқызады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет