Абай ілімін білудің, ТҮсінудің ЖӘНЕ



Pdf көрінісі
бет10/58
Дата14.05.2024
өлшемі5.16 Mb.
#501068
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   58
Мақалалар-жинағы-3

ИМАНИ ГҮЛ КОНЦЕПЦИЯСЫ
Абай ілімінің жүйесіндегі маңызды қағидалардың жүйесі 
имани гүлге негізделеді. Имани гүл концепциясы – Абай ілімі-
нің басты концепцияларының бірі. Ол Абайдың шығармашылы-
ғында маңызды орын алады.
Имани гүл болатын үш сүю туралы ақын «Алланың өзі де 
рас, сөзі де рас» өлеңінде айтады:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті. 
Осы үш сүю болады имани гүл... [4, 304]
Ақын шығармашылығында көрініс тапқан имани гүл жайы 
абайтану ғылымында арнайы зерттелмегенмен, ол туралы бірқа-
тар ойлар айтылды. Олардың танымдық маңызы бар. Бұл ойлар-
дың тобында кезеңнің, уақыттың сипатына қарай қалыптасқан 
саяси ұстанымдар арнасында айтылған пікірлер де кездеседі.
Имани гүлге қатысты ғылыми қорда бар ойларды саралап, 
арнайы зерттеу жүргізудің зәрулігі де, өзектілігі де пісіп-жетіл-
гені анық. 
Имани гүл болатын үш сүю ақынның өлеңінде анық көр-
сетілген. Оны даралап сипаттауда ешқандай қиындықтың жоқ-
тығы да байқалады. Алайда ақынның үш сүюінің әрқайсысын 
даралап, саралап көрсету, оларға тән ортақ жүйені анықтау оңай 
емес. 
Ақын өлеңінің мәтініне, мағыналық-құрылымдық бірлікте-
ріне сүйене отырып, бірінші сүю туралы нақты пікір түюге бо-
лады. Әуелі берілген өлең шумағындағы алғашқы екі тармаққа 
назар аударайық:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Екі тармақта екі сүюдің мәнісі бар. Бірінші сүю бірінші тар-
мақта айтылған, оның иесі Алла екені екінші тармақта белгілі 


26
болады. Онда мынадай мағына бар: Алла адамзатты махаббат-
пен жаратқан. Алла – бірінші сүюші. Алланың кімді сүйіп жа-
ратқаны, Алланың махаббатпен жаратқан сүйіктісі кім екені де 
барынша нақты, түсінікті: Алла өзінің махаббатына бөлеген сү-
йікті – адам. Екінші тармақта ақын адамзатқа: «Сен де сүй ол 
Алланы жаннан тәтті», – деп, екінші сүюшіні көрсетеді. Екінші 
сүюші – адам, адамзат. Адамның кімді сүйетіні де нақты, анық, 
түсінікті айтылған: Адамның махаббат нұры түсетін сүйікті – 
адамды махаббатпен жаратқан Алла тағала. 
Екі сүюдің мәні мен мәнісі ақын өлеңінің осы екі жолында 
ашылған. Оны көрмеу, білмеу мүмкін емес. Көре тұра көрмеген 
болу, біле тұра білмеген болу – билеуші партияның саяси идео-
логиялық қатаң талабының нәтижесі. Кезінде осы талап ыңға-
йында айтылған ойлар мен пікірлердің негізін ашып, Абайдың 
имани гүл коцепциясын бүгінгі тәуелсіз ойдың таразысына са-
лып саралайтын уақыт болды. 
Алла жер жүзіндегі барлық нәрселерді адамдар үшін жа-
ратты [Құран 2:29]. Алла адамдарға жерді төсек, аспанды 
төбе етіп жаратты [Құран 2:22]. Адамдарға Раббы тарапынан 
көрнеу дәлелдер келді. Кім оны көрсе, пайдасы өзі үшін. Кім көр-
месе, зияны өзіне [Құран 6:104]. Алла оларды жақсы көреді және 
олар да Алланы жақсы көреді [Құран 5:54].
Құран аяттарынан іріктеліп алынған осы тұжырымдардың 
әрқайсысында үлкен мән бар. Оны терең бойлап түсіну, қырла-
рын көріп, сырларын ұғу Абайдың имани гүл концепциясының 
мазмұны мен мағынасын, Абайдың шығармашылық ойлау жүйе-
сін, азаматтық көзқарасын дұрыс пайымдауға септігін тигізеді.
Абай дүние жаратылысы жайындағы ойларын Құран аятта-
ры негізінде жинақтайды. Алла жер жүзіндегі барлық нәрселер-
ді адамдардың пайдасы үшін жаратқаны, адамдарға жерді төсек, 
аспанды төбе етіп жаратқаны, көктен жаңбыр жауғызып, жерден 
мал мен жанға азық болатын түрлі жеміс-жидек, астық, көкорай 
шалғын өсіріп шығарғаны... адамдарға Раббы тарапынан көрнеу 
дәлелдер екені туралы Құран аяттарының мәнісін сипаттай ке-
ліп, оны Алланың адамды сүйетініне мысал етеді. Адамның жа-
ратылысындағы артықшылықтарды көрсете отырып: «...бірінің 
қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне 


27
ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? 
Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қа-
рыз емес пе?» [1, 193] – деп бір толғайды да, сөзін жалғастырып, 
ойын байыта түседі: «...һәммасы адам баласының пайдасына жа-
салып… бәрі – адам баласына таусылмас азық ...адам баласы-
ның рақаты, пайдасы үшін жасалса, бұл махаббат бірлән адам 
баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қа-
рыз емес пе?» [1, 194], «Адам баласынан махшарда сұрау бере-
тұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар»
[1, 193], – дейді.
Абайдың осы ойлары мен қағидаларын кеңестік кезеңнің 
идеологиялық талаптары үстемдік жасап тұрғанда ашық айту 
Абайдың шығармашылық мұрасынан теріс айналуға әкеліп 
соққан болар еді. Абайға, Абайдың шығармашылық мұрасына, 
әдеби айналасына жаулықпен, жат пиғылмен қарау белең алып 
тұрған шақта Абай шығармашылығындағы адам мен Алла ара-
сы туралы ойларды ашып айтудың өзі қатерлі еді: айтушыға да, 
Абайдың шығармашылық мұрасына да. 
Абайдың адам мен Алла туралы айтқан ойларының негізі 
тереңде.
Әбу Насыр әл-Фараби Алла турасында: «Ол – Бірінші 
Сүюші әрі Бірінші Сүйікті» [5, 78], – дейді. «Онда (Бірінші се-
бепте) ғашықтың өзі – ғашық етуші» [10, 241], «ғашық болушы – 
ғашық етушінің өзі» [10, 242], – деп тұжырым жасайды. 
Құран аяттарында да, әл-Фарабидің тұжырымдарында да 
адамзаттың тарихи есі мен қоғамдық санасында ежелден қа-
лыптасқан құндылықтар көрініс тапқан. Олар – Алланың адам-
зат баласын сүйетіні мен адамзат баласының Алланы сүйетіні 
туралы анық және ақиқат таным деректерінің көзі. Имани гүл 
болатын үш сүюдің түп мәні мен мәнісі Құран аяттары мен
әл-Фарабидің еңбегінде, Абайдың ілімінде толық сәулеленген. 
Ғұламалардың пайымдауынша, сүю нұрының негізі адам 
баласында жаратылысынан болады. Кісі білімі толған, рухани 
толысқан, ақыл тоқтатқан кезінде, өз жаратылысындағы осы 
нұрмен жетіледі. Бұл – адамның рухани кемелденуіндегі айрық-
ша кезең. Бұл кезеңнің сыры мен шынын Абай ер данасы жасқа 
келгенде барынша терең ұғынды. Ақын айналасына өзі жеткен 
ілім биігінен қарағанда, көргенінен, дүние дос болғандардың 


28
ісінен, қылығынан көңілі қалады. Сөйте тұра сабыр етіп, зама-
нының адамына махаббат нұрымен, ақиқат көзімен қарағанда, 
оларға жаны ашиды, рақымы түседі, өзгелерге де осыны насихат 
етеді:
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харакет қыл, пайдасы көпке тисін [4, 266].
Мазлұмға жаны ашу, мейірімі түсу, оның мүшкіл халіне 
күйіну, көпке пайдасы тиетін харекет қылу дүниеге дос болған 
адамның қолынан келмейді. Дүниеге дос туралы, надан тура-
лы Абай негіздеген қағидалардың мәні терең, күрделі. Әдепкіде 
ақын наданнан түңіліп, одан жерінген күйін білдіреді. Ол үшін 
наданнан асқан жаман жоқ, адам баласының дұшпаны да сол. 
Оны жек көрмеске, одан жерінбеске лажсыз. Өйткені дүниеде-
гі зұлымдық, ғадауат біткеннің бәрі содан шығады. Екінші жа-
ғынан, ақын өзгеге айтқан ақыл сөзінде осы надан көпке жаны 
ашитынын, мейірімі, рақымы түсетінін білдіреді. Жұртын на-
дан екен деп, «шектен шыққан ел екен деп», үгіт айтудан айнып 
кетпеді [Құран 43:5], «үгіт мүміндерге пайда береді» [Құран 
51:55], – деген қағиданы ұстанды. «Түпсіз терең жақсылық сүй-
мек» ниетін барша адамзатқа деген махаббатпен ұштастырды. 
«Түпсіз терең жақсылық сүймек» барша адамзатты бауырым деп 
сүюмен парапар деген түсінікте болды. Алланы, адамды, адам-
заттың бәрін сүюге бір адамды емес, бар адамды үгіттеді. Адам-
ды, барша адамзатты сүюдің мәнісін: «...әрбір адам баласын өз 
бауырым деп, өзіңе ойлағандай ойды оларға да болса игі еді де-
мек» [1, 148], – деп түсіндірді, сол жолда ой ойлап, сол жолда 
әрекеттенді.
Ақын үгітін, насихатын шын ниетімен, бар ықыласымен 
айтты, өзі сүймегенді өзгеге сүй демеді. Жүрегін қырық жамау 
қылған, надандығынан жерінген, көңілі қалған жұртты Абай-
дың өзі сүйді. Шын ниетімен. Риясыз. Адам үшін дүниеде осы 
сүюден игілікті, одан баянды, одан аяулы ешнәрсе жоқ деп білді. 
Жүрегіндегі махаббатқа қарсы ғадауат болып майдан ашқан, өзі 
жерінген, көңілі қайтқан көпке жаны ашып, оны осынша кеші-
ріммен, шынайылықпен, шын ниетпен сүю Абайдың ақындық, 


29
азаматтық, адамдық кемелдігінен ғана тууы мүмкін еді. Мұндай 
махаббат ақындық, азаматтық, адамдық кемелдікке негізделе ме 
немесе ақындық, азаматтық, адамдық кемелдік осындай махаб-
батқа негізделе ме – оны көріп-біліп тұрғандай айтудың үлкен 
жауапкершілігі бар. Бірақ ақын танымында бір нәрсенің басы 
ашық: Жаратушы өзінің махаббат нұрын кімнің көкірегіне тү-
сірсе, сол ғана кемелдікке жеткен жан болмақ.
Өмірдің өзі көрсеткендей, көкірегіне махаббат нұры түспе-
ген жандар да азамат, адам атанып жүре бермек. Адам баласы-
ның адамды, барша адамзатты бауырым деп сүюі – рух кемелді-
гінің, даналық танымның сәулесі. Адамзат баласының көкірек 
қазынасына мұндай нұрдың түсуі өте сирек кездеседі. Тіпті 
мұндай керемет дүние жүзінде бір ғасырда бір адамның көкіре-
гінде ғана ашылады дейтін болсақ, тым артық айтып, кең пішіп 
қойған болуымыз ғажап емес. Абайдың көкірегінен адамзаттың 
бәрі үшін жағылған махаббат отының жарығы мен қуатындай 
қасиет жержаһанда арғы-бергі заманда бір де бір ақында бол-
ған емес. Өйткені ол адамды, көпті, адамзатты сүюдің құдіретін 
сезіп, мойындап қана қойған жоқ, оны өз адамшылығының, өз 
жаратылысының кемел қасиетіне айналдырды, сол сүюдің сәу-
лесін қалың елінің қараңғы көкірегіне түсіру үшін күресті, бей-
нет кешті. Бұл ретте Абайдың адамды, көпті, адамзаттың бәрін 
бауырым деп сүюі жан аффектісі, сезім ғана емес, кемел оймен 
ұштасқан берік ұстаным, нақты және игілікті іс. Бұл Алла қала-
ғандай қаншалықты ізгілікті, игілікті іс болса да, дүниеге дос 
жұрттың жалғанға ауып кеткен беті бері қарамады: ол жұрт өзін 
риясыз сүйіп, өзіне құтты білім беріп, жақсылыққа асық болу-
ды, жамандықтан қашық болуды насихаттап тұрған кемеңгердің 
махаббатын да, құтты білімін де, абзал насихатын да керек қыл-
мады. Адамзаттың бәрін шын ниетпен, риясыз сүйген адамның 
махаббатын олар жазадан ауыр азап қатарында қабылдады және 
оған қарсы шықты. Махаббат пен ғадауаттың бір жүректе май-
дандасуы осылай туды. Мұның салдары оңай болған жоқ: ақын 
адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген махаббатынан бұрын-
соңды жан баласы көтеріп жүре алмаған жарық пен қуат алды, 
бұрын-соңды жан баласы төзіп көрмеген азап пен мехнат шекті, 
«жаны ашып, іші күйді».


30
Зордың зорлығынан, сұмның сұмдығынан, зұлымның зұ-
лымдығынан, қудың қулығынан, бәлеқордың бәлесінен, жа-
лақордың жаласынан қорғанар амалы аз қалың елге, тәуелсіз 
мемлекеті жоқ, әділетті биі жоқ қара халыққа жанашырлықпен 
қарауға, солардай көптің пайдасына қаракет қылуға ақын ерек-
ше мән береді. Осыдан ақынның іліміндегі, дүниетанымындағы 
айрықша ұстаным, ерекше қағидат өріліп шығады: 
Көптің қамын әуелден тәңрі ойлаған, 
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін [4, 266]. 
Жаратқан ешкімнің сүйіспеншілігіне, махаббатына мұқтаж 
емес. Сүю – Жаратқанның қасиетті аттарының бірі. Жаратқан-
ның рақымына, сүйіспеншілігіне Оның жаратқандары мұқтаж. 
Адам өмірінің мәні мен мағынасын ақын осы мұқтаждықпен 
байланыстырады:
Адамды сүй, Алланың хиқметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?! [4, 288] –
деп, түпкі ойын аша түседі. Алланың хиқметін сезу, адамды сүю 
ақынның өзі қасиет тұтқан, қалың елінің де соны қадір тұтуын 
көздеген ақындық, азаматтық асыл мұратынан туған, даналық 
ақыл-ой қуатынан өнген баламасы жоқ биік рухани құндылық еді. 
Терең ойдың соңына ермей, беріден қайтқан адам үшін 
ақынның айтып отырған насихаты түсініксіз болып көрінуі ға-
жап емес. Күнделікті тіршіліктің күйбеңінен көтерілмей, дүние-
ге дос болып қалған жанның өзі қолына ұстап, бауырына басқан 
дүниені сүюдің не екенін біліп, Абай айтып отырған үш сүю-
дің не екенін білмеуіне таңдануға да болмайды. Адамды алдап, 
арбап, ұрлықпен, зорлықпен, қулықпен, жалақорлықпен, пәле-
қорлықпен дүние тауып, шекпен киіп, шен тағып жүрген жан 
«Алланың хиқметін сез», «адамды сүй» деген насихатты ести 
алмайды, ұға алмайды.
Ақынның «мені» Алланың хиқметін сезуден, адамды сүю-
ден, адамзаттың бәрін бауырым деп сүюден басқа өмірде қызық 
жоқтығы туралы ойды үзілді-кесілді айтады, ақиқаттан туған, 
сыннан өткен, қалыптасып болған берік қағида түрінде ұсынады. 


31
Халықтың дәстүрлі дүниетанымы тұрғысынан қарағанда, 
Алланың адамды жаратуында терең мән бар. Топырақтан тұлға-
сын жасады, өз рухынан үрлеп, жан салды. Білім берді. Періш-
телерді оған сәжде жасатып, бас игізді. Сәжде жасамаған ібілісті 
малғұнға айналдырды. Өзіне де, жұбайына да жәннәттан жай 
берді. Адамға күре тамырынан да жақын болды. Барша әлемді, 
барша әлемдегі барлық нәрселерді адамның пайдасы үшін жа-
ратты.
Адам баласының өзіне достық, махаббат қылғанға достық, 
махаббат қылмағы адамшылық болады. Адам баласының өзі-
не достық, махаббат қылғанға достық, махаббат қылмауы оны 
адамшылықтан шығарады. Олай болғанда, адам махаббаттан, 
рақымнан шет қалады. Бұл адам баласының жақсылықтан үмі-
тінің үзілуіне әкеліп соғады. Адам баласы махаббатсыз, жақсы-
лықтан үміт етпей өмір сүре алмайды.
Айтылған жайлардан белгілі болатын нәрсе – Алланың 
адамды махаббатпен жаратуы. Бұдан Алланың адамды сүюі, 
адамға деген махаббаты бастапқы екендігі белгілі болады. Абай-
дың махаббат пен ғадауат туралы қағидасының мәнін тану үшін 
мұны білудің және оның растығына сенудің маңызы зор.
Ақынның шығармашылық әлемінде Алланың адамға ма-
хаббаты, сүйіспеншілігі адамды махаббатпен, сүйіспеншілік-
пен жаратуымен шектелмейді. Жаратқанның өзі жаратқан адам 
ұрпақтарына деген рақымы мен мейірімінде, махаббаты мен 
сүйіспеншілігінде шек жоқ, бірақ шарт бар. Алла өзінің шексіз 
рақымымен, мейірімімен, махаббатымен жаратқан адамның ұр-
пақтарына бұ дүниеде таңдауға екі түрлі жол қалдырған: бірі – 
тәннің таңдайтын жолы; екіншісі – ақылдың таңдайтын жолы. 
Біреу тәннің дегенін істейді, біреу ақылдың айтқанын тыңдап, 
жүрекпен сезгеніне тоқтайды. Алғашқы жол адамды Алладан 
алыстатып, аздыратын жол болса, кейінгі жол – Алланы сүйіп, 
Алланың нығметіне бөленгендердің [Құран 1:7] жолы. Ақын 
шығармашылығындағы махаббат пен ғадауат және олардың 
майдандасуы туралы ұғым осы екі жолға бастайтын күштердің 
бітіспес күресінен туады.
Өзіне берілген өлшеулі өмірде кімдер Алланы сүйген болса, 
Алла да оларды сүйеді. «Алла оларды жақсы көреді және олар 


32
да Алланы жақсы көреді» [Құран 5:54]. Алла Пайғамбарына 
адамдарға арнап мынадай сөзді айтуды тапсырған: «Алла: Егер 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   58




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет