ПӘННІҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ САЯСАТЫ
Жұмыстардың барлық түрін көрсетілген мерзімде жасап тапсыру керек. Кезекті тапсырманы орындамаған немесе 50%-дан кем балл алған студенттер бұл тапсырманы қосымша кесте бойынша қайта жасап, тапсыруына болады.
Орынды себептермен зертханалық сабақтарға қатыспаған студенттер оқытушының рұқсатынан кейін лаборанттың қатысуымен қосымша уақытта зертханалық жұмыстарды орындауына рұқсат етіледі. Тапсырмалардың барлық түрін өткізбеген студенттер емтиханға жіберілмейді
Бағалау кезінде студенттердің сабақтағы белсенділігі мен сабаққа қатысуы ескеріледі.
Толерантты болыңыз, яғни өзгенің пікірін сыйлаңыз. Қарсылығыңызды әдепті күйде білдіріңіз. Плагиат және басқа да әділсіздіктерге тыйым салынады. СӨЖ, аралық бақылау және қорытынды емтихан тапсыру кезінде көшіру мен сыбырлауға, өзге біреу шығарған есептерді көшіруге, басқа студент үшін емтихан тапсыруға тыйым салынады. Курстың кез келген мәліметін бұрмалау, Интернетке рұқсатсыз кіру және шпаргалка қолдану үшін студент «F» қорытынды бағасын алады.
Өзіндік жұмысын (СӨЖ) орындау барысында, оның тапсыруы мен қорғауына қатысты, сонымен өткен тақырыптар бойынша қосымша мәлімет алу және курс бойынша басқа да мәселелерді шешу үшін оқытушыны оның келесі офис-сағаттарында таба аласыз.
3-БӨЛІМ
1-ТАРАУ. ДӘРІСТЕР
3.1. ҚОЗҒЫШ ТКАНЬДЕР
1-дәріс жоспары
Физиология және оның маңызы.
Физиология пәні.
Физиологияның даму кезеңдері.
физиология ғылымының Қазақстанда даму.
Физиология пәні. Физиология – биологияның маңызды салаларының бірі. Физиология (грекше physis –табиғат, logos - ілім) – тірі организм мен оның жеке жүйелері, ағзалары, тканьдері және клеткаларының әрекеттерін, функцияларын зерттейтін биологиялық ғылым. Физиология организм жүйелері мен ағзаларының бір-біріне әсерін, өзара байланысын және сыртқы ортамен қарым-қатынасын тексереді.
Физиология өзінің ғылыми бағытына қарай жалпы, жеке және қолданбалы болып үш бөлімге жіктеледі.
Жалпы физиология организмнің клеткалары мен тканьдеріне, ағзаларына бірдей тән негізгі тіршілік процестерінің табиғатын, функциялардың жалпы көрсеткіштерін, қасиеттерін зерттейді. Олардың сыртқы және ішкі ортаның әр түрлі әсерлеріне жалпы жауабын, тітіркену, қозу және тежелу құбылыстары туралы мәліметтерді қарайды.
Жеке физиология кейбір тканьдердің (ет, жүйке), ағзалардың (жүрек, бауыр, бүйрек) қасиеттерін, олардың жүйелерге (қан айналымы, тыныс, ас қорыту) бірлесіп ұйымдастырылу және реттелу негіздерін тексереді.
Қолданбалы физиология – адамның әлеуметтік жағдайлары мен мақсатты іс-әрекетіне байланысты заңдылықтарды анықтайды.
Физиологияның аса маңызды саласының бірі – ауылшаруашылық жануарлар физиологиясы. Оның негізгі мақсаты – мал шаруашылығы өнімдерін ғылыми жетілдіру.
Физиология басқа мақсаттарына, зерттейтін нәрселері мен әдістеріне байланысты қалыпты және патологиялық болып екіге бөлінеді. Яғни қалыпты физиология - адамның денсаулығын сақтау.
Патологиялық физиология ауру организмдегі ауытқуларды, олардың ағымдарын, дерттену тетуктерін анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |