Театр – шын мәнінде өмір айнасы. Ол алдымен адамның өз-өзін реттеуіне, күнделікті мән бермей жүрген нәрселерін айнаға қарағандай өзінен табуға жәрдемдеседі. Қай жаста болмасын
театрға келуі арқылы әр адам өзін басқа бір қырынан тануға, өмірден оқшау еместігін, оның біртұтастығын түсінуге, қоғамның бір бөлшегі екенін ұғынуға мүмкіндік алады. Қойылымдағы бір адамның өмір жолынан өзінің өмірін көруі, біреулердің айтқан сөздерінен өзінің дауысын, үнін естуі әбден мүмкін. «Театр - өнер мешіті» деген теңеу бар. Десе дегендей, театр – мәдениеттілікке, имандылыққа бастайтын баспалдақ, алтын көпір екені даусыз. Өркениеттілікке, дамыған елдердің қатарына ұмтылған еліміз үшін – халықтың ең алдымен рухы биік, мәдениетті болуы, соған қатысты мәселеде, әсіресе өнер арқылы рухани серпіліс тудыратын театр туралы сауатты болғаны аса қажет.
Адамдар театрға не үшін барады? Театрды рухани өнердің қара шаңырағы деп бекер атамаған. Адамдарға күнделікті ас бөлмеге басын сұғып үш мезгіл тамақтану, асхана, кафелерге барып тәтті тағамдардан аухаттану қаншалықты қажет болатын болса, театрға барып рухани жан-дүниесін байытып тұруы да соншалықты қажеттілік болып табылады. Тамақ – адамның тәнінің өсуіне керекті нәрсе болса, екіншісі – адамның ішкі рухани-жанын өнер құралдары (актерлік шеберлік-көркемсөз, көркем қимыл, сахна сценографиясы - көркембейне, көркемой, әсер) арқылы дамытуға, өсіруге бағытталған дүние. Шын мәніндегі көркем әсер - адамның сана-сезімін оятады, ақыл-парасатын толыстырады. Адам– бір ғана нәрсеге мұқтаж болып туылады екен, ол рухани тәрбиеге деген жетімдік – міне, адам соның орнын толтыру үшін де театрға барады екен. Бұл туралы кезінде асқартаудай ақыл иесі Аристотельдің, басқа да даналардың айтып кеткен өсиеттері жетерлік. Театрға баруды біржақты ғана сипаттауға тағы болмайды, бұнда адам жаны жан-жақты даму, өсу, түзеу, жетілдіру процестерінен өтеді, рухы оянады, еңсесі көтеріледі, көңілі сергиді, жаны рахат табады. Тек адам осының бәрін шынайы сезінуі үшін театр туралы хабары, дайындығы, ондағы қойылымдар туралы түсінігі, сауаты болуы керек екен, әйтпесе бәріде «машинально», қойылымдар жүріп жатқанымен, оны көріп жүрген көрермендер бәрін үстіртін, жалпылама тұрғыда ғана қабылдап, көп нәрселерге тереңірек мән берілмей бәрі жалаң өте бермек. Театрға белгілі бір өнерді сүйетін адамдар ғана барады екен деген түсінік түбегейлі дұрыс емес.
«Астана опера»өнер шаңырағы
«Астана Опера» – тікелей Елбасының бастамасымен бой көтерген театр. Оның құрылысы барысын да ҚР Президенті Н.Назарбаев жеке бақылауында ұстады. Дәл осы алып театр сахнасынан 2012 жылы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясында Мемлекет басшысы: «біз рухани мәселелер экономикалық және материалдық тәртіптегі мәселелерден кем емес мәнге ие болатын мемлекеттік даму кезеңіне аяқ бастық» деп атап көрсеткен болатын. Театр шымылдығын тұңғыш түру құрметі Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» спектакліне берілді. Биылғы жылы қазақтың осы ұлы композиторының туғанына 100 жыл толады. «Астана Опера» директоры Төлеген Мұхамеджанов қазақтың мәдени мұрасына айналған осы тамаша операмен ашылуы театр үшін айрықша құрмет екендігін нықтады.
Театр туралы мәлімет
«Астана Операның» бас сахнасының көлемі – 935 шаршы метр. Бас сахнаның ені 21 метрді, ал тереңдігі – 59 метрді құрайды. Ал, «Ослодағы опералық театрдың үлкен сахнасының ені небары 16 метр, ал тереңдігі 40 метр» дейді Мұхтар Абрарұлы. Астанадағы жаңа театрдың қосымша екі бүйірлік сахнасы бар. Театр сленгінде «қалта» деп аталатын бұл сахналар қажет кезде дайын декорацияларымен жылжи жөнеледі. Сөйтіп, қойылымдар циклінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Осының арқасында «Астана Операда» ең күрделі спектакльдерді сахналауға мүмкіндігі мол.
Сахна астында, 12 метр тереңдікте «төменгі деңгей», яғни автоматты басқару жүйесі бар машинарий залы орналасқан. «Осының барлығы «Астана Опера» сахнасын әлемдегі ең бір техникалық жарақтандырылған сахналардың қатарына қосады» дейді Мәдениет және ақпарат министрі. Оркестр шұңқыры үш тұғырнамада тұрады. Олар әртүрлі деңгейлерде жайластырылған және 120 музыканттың орын тебуіне есептеліпті.
«Астана Опера» залына 1 мың 250 көрермен сияды. Оның партері 450 көрерменге арналған. Басты зал аттың тағасына ұқсас формаға ие, «Ла Скала» сынды әлемдік үздік опера театрлары залына ұқсатып, бірнеше қабат етіп жасалған, бірақ ұлттық үлгіде өрнектелген. Мұның сыртында ғимаратта 8 қосымша зал, 11 репетициялық орынжай, 250 орындық камералық музыка залы, баспасөз залы және басқа да функционалдық бөлмелер бар.
Еңбек нарығы
Достарыңызбен бөлісу: |