БИЛЕР ИНСТИт Дәстүрлі қазақ қоғамының ертеден қалыптасқан, халықтың мыңжылдық тарихымен, ерекшелігі және өміршеңдігімен, адам еркіндігін жақтаған сипаттарымен белгілі өзіндік ел басқару жүйесі болған. Қазақ хандығында жоғарғы мемлекеттік саяси билік хандар мен сұлтандар қолында шоғырланған, дегенмен, олар жеке-дара елді билеген жоқ. Халық өкілі ретінде билер билікке араласатындығын ескерсек, қазақ қоғамының басқару жүйесі далалық демократия үлгісіне жататындығы даусыз. Билер ерте замандарда пайда болып, халқымыздың ұзына бойғы тарихында белгілі бір даму кезеңдерін басынан кешірді. Билер сот билігін жүзеге асырушы судья ретінде танылды. Осыған орай, билер әдет құқығы нормаларын жақсы меңгеріп, оны қажетті жерінде қолдана білуге тиіс болды және осы екі қасиетті игере білгенде ғана ел ішінде билік айтуға мүмкіндік алды. Сол себепті билердің шешімдеріне құқықтық әдет нормасының күші берілді. Билер институтының пайда болу, қалыптасу және даму тарихын шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады. Қазақ тарихындағы билер институтының есімі белгілі алғашқы өкілі – Майқы би. Ол – Шыңғыс ханның замандасы әрі оны ақ киізге отырғызып хан көтерген 12 бидің төбе биі. Халық жағында Майқы би тек қана сот үкім-келісімдеріне байланысты билік айтып қана қоймай, сонымен бірге үлкенді-кішілі саяси мәселелерді түйіндеп, шешім шығара білген қоғамдық қайраткер есебінде сақталған. «Түгел сөздің түбірі бір, түп атасы – Майқы би» деген халық арасындағы мәтел осының дәлелі бола алады. Билер институтының сол тұстың өзінде-ақ тек қана әлеуметтік немесе құқықтық қана емес, сонымен қатар саяси рөл атқарған Майқы бидің хан атаулының кеңесшісі, қара бұқараның жақтасы, қорғаушысы аталды. Билер институтының бірінші кезеңі -протоқазақтық қоғамдағы кезең. Бұл кезең сақ, ғұн дәуірінен Қазақ хандығына бастау алған, яғни Қазақ хандығы жеке-дара мемлекет болғанға дейінгі уақытты қамтиды. Екінші кезеңі - Қазақ хандығының іргесін бөлек салып, хандық құрып, халықаралық құқық және саяси қатынастар субъектісі ретінде өз алдында дербес өмір сүрген кезі. Бұл XV ғасырдың ортасынан 1730 жылдарға дейін созылатын үш ғасырға жуық уақыт аралығы. Қазақ халқының мемлекеттілік тарихында XV ғасырдың 50 – 60 жылдары аса маңызды кезең болғаны белгілі. XIV-XVI ғасырлардағы қазақ қоғамының әлеуметтік өміріндегі билер институты ел билеудің мол тарихи тәжірибесін өз бойына сіңіріп, қорытып, оны одан әрі дамытқан мемлекетті басқару жүйесінің белді тетіктерінің бірі еді. Билер арқылы ел билеу дәстүрі бұл кезде бұрынғыдан қалған жол-жораға, әдіс-тәсілдерге ғана арқа сүйеп қоймай, оларды қазақ халқының дербес мемлекеттілігі жағдайына және талаптарына сай қайта түрлендіруге қажетті өзгерістер, толықтырулар енгізу арқылы жаңаша пайдалануға мүдделі болды. Сондықтан да болар Қазақ Ордасы өмір сүрген уақыттағы билер институты өзіне дейінгі билер арқылы билік жүргізу үрдісінің жаңа кезеңі, бұл үрдістің сәтті де шырқай дамыған сатыларының бірі деп қарастыруға мүмкіндік береді. Қазақ хандығы тұсындағы билер институтының басты ерекшеліктері мыналар еді. Біріншіден, билер дәстүрлі қазақ қоғамындағы билік қатынастарының тұтастығын, синкреттігін бойларына сіңіріп, соның көрінісі, символы болып қала берді. Сондықтан да болар, билер өздерінің қызметтері арқылы қоғамдағы билік қатынастарының барлық қырларына, деңгейлері мен дәрежелеріне бейімделгендіктерін байқатып отырды. Олар жеке бастарының қадір-қасиеттеріне негізделген адами-рухани билікті, қауымдарының не қоғамдарының беделіне негізделген қоғамдық-әкімшіліктік билікті, төрелік айту құқығына негізделген сот билігін, ханның билігіне негізделген саяси- әкімшілік билікті, ел басына күн туғанда батырлық жолға түсіп әскери билікті өз қолдарына шоғырландырып, қатар алып жүрді, қатар атқарды. Бұл тұрғыдан алғанда билер қазақ қоғамындағы билік қатынастарының тұтастық сипатының тұлғалық келбеті болатын. Мұндай билер қатарына осы кезеңде ел аузына ілігіп атағы шыққан қазақтың белгілі билерінің барлығы дерлік жатады. Екіншіден, бұл дәуірде билердің билік қызметінің іштей салалана, дербестене, мамандана бастағанын байқауға болады. Соған сай енді тек белгілі бір бағыттағы, мәндегі және саладағы билік қызметін ғана атқаруға бейімделген билердің пайда болғанын байқауға болады. Айталық, ауыл аумағында ғана беделге ие боп, сол деңгейдегі әкімшілік-басқару мәселелерін шешуші билік иелері енді ауыл ақсақалы атанып, осы төңіректегі туысқан, көрші аралық дау-дамайларды реттеумен шектеле бастады. Оларды көбіне би деуден гөрі, ауыл ағасы деп атаушы еді. Әскери билік - батырлық та жеке-дара билік саласына айналып, қоғамдық-саяси биліктің дербес нысаны дәрежесіне көтерілгені байқалады. Үшіншіден, би атауы бірте-бірте тек сот билігін атқарушы адамдарға ғана қатысты қолданыла бастағанын және соларға ғана таңылуы әдет, үрдіс дәрежесіне көтеріліп, қоғамның саяси-құқықтық өмірінің тұрақты құбылысына айналды. Тіптен, би атағын иемденуші адам сонымен бірге әкімшілік, әскери билік, хан атынан саяси-мемлекеттік биліктер атқарса да, оның сот билігінің иегері ретіндегі орны ерекше бағаланып, осы қызметі (лауазымы) бірінші кезекке қойылғанын көреміз. Сөйтіп, халық санасында, ел жадында би атауы сот билігін атқарушы, дау-дамайды шешуші, төрелік жүргізуші тұлға ретінде таңбалана бастады. Аталмыш дәуірде билер институты мемлекеттік билік жүргізу механизмінің белгілі бір жүйесі, саласы болып қалыптасты. Бұл жүйенің ең жоғарғы сатысы ―Билер кеңесі болса, ең төменгі сатысы ауыл аралық төрелік айтушы, ауыл биі - ауыл ақсақалы болды. Саяси өмір саласындағы билер қызметінің маңызы зор болды. Осы арқылы олар ел ішіндегі өзара ауызбіршілікті, тыныштықты қамтамасыз етуге тырысты. Қазақ билерінің саяси-құқықтық көзқарастарында мемлекетті әділетті басқарудың негізгі тетіктерінің нышандарының айқындала түскенін аңғарамыз және олардың бүгінгі күнде де тәуелсіз мемлекетімізде өзінің құндылығын жоймағанын байқаймыз.
|