түсіне алмайды. Сонымен қатар олар аздап әлденіп алу үшін
Бусра сауда орталығына тоқтағанда, Мұхаммед бір ағаштың
көлеңкесіне барып отырады. Сол сәтте Настура есімді монах
келіп, оған мұқият зер салып, Майсарадан ол жайлы сұрастыра
бастайды. Майсара оған Мұхаммедтің құрайыш тайпасынан,
қасиетті Мекке шаһарынан екенін айтады. Сонда монах:
«Бұл ағаштың саясына пайғамбарлардан басқа ешкім
отырмаған еді», – деп, сәл кідіріп: «Оның көзінде қызыл теңбіл
дақ бар ма?» – деп сұрады. Оған Майсара: «Иә», – деп жауап
берді.
Әкелген тауарларын сатып, мол пайда түсірген керуен
Меккеге сәтті оралады.
Мұхаммед Хадишаның сауда-саттық істерін жүргізуде өзгеше
бір тәсіл қолданды. Әдетте көп саудагер Меккеден тауар алып
шығып, оны Йеменге, Шамға апарып сататын немесе Шамнан,
Йеменнен зәру заттар алып келіп, бұл тауарларды Меккеде
пұлдайтын. Мұхаммед болса Меккеден тауар артып шығып, оны
Шамға апарып сатады да, сол жерде біраз аялдап, меккеліктерге
қажет заттарды алып, бұларды Мекке базарына әкеліп өткізді.
Нәтижесінде, керуен есепсіз пайдаға кенеледі. Мұхаммедтің
сауда-саттық ісіндегі құтты қадамы мен кісі малына деген
аманатшылдығы Хадишаның көңілінен шығып, болашақ
пайғамбардың қадір-қасиеті оның алдында ұлғая түседі. Сондай-
ақ үстеме қызметкері Майсарадан естіген әңгімелері оның
(жүрексінсе де) бұл жас жігіттің өмірлік серігіне айналуына
түбегейлі шешім қабылдауына түрткі болады.
Бірде Хадишаны жақын құрбысы Нафиса Мунияқызы зиярат
етіп келеді. Ұзақ әңгімеден кейін Хадиша ешкімге тіс жармауына
уәде алып, оған ішкі құпиясын ашады. Оны тыңдап болған
Нафиса: «Құрайыш әйелдерінің арасында сұлулығы мен байлығы
және мәртебесімен саған тең келер ешкім жоқ. Әрбір ер кісі саған
үйленуді армандайды», – дейді. Осыны айтады да, ол
Мұхаммедке барып:
|