«Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» дейді Абай дана (32–ші сөзінде). Мінез тұрмысқа байланысты салмақты – күйгелек, қоғамдық құрылысқа байланысты кішіпейіл – тәккәпар, әлеуметтік жағдайға байланысты өзімшіл – көпшіл болып қалыптасады.
Мінездің түрі көп (біз зерттей келе, мінездің 50 түріне анықтама бердік). «Адам санасын тұрмыс билейді», тұрмысқа байланысты менмендік билеген адамда дөрекі мінез, қасіретті адамда ашуланшақ мінез пайда болады. Біздің тәуелсіз еліміздегі адамның мінезі – кішіпейіл, көпшіл болуға тиіс. Көбінесе, кәсіпке байланысты жеке бастың темпераменті сол кәсіптің ерекшелігіне сай бейімделеді. Дегенмен, тектік (генотиптік) мінез негізін жоймайды.
Мінездің жақсы болып қалыптасуы тәрбиеге, жеке тұлғаның ақыл–санасына байланысты. Адам мінезін көбінесе өзін-өзі тәрбиелеу арқылы «түзейді». Кейде темпераменттік ерекшелік «мінез түзеуге» кедергі болады. Сонда ақыл, сана, ой адамға қуат береді.
Мінезді ескерту,түсіндіру, іс-әрекетте көрсету, мадақтау, жазалау арқылы тәрбиелеуге болады. Мінезді тәрбиелеу арқылы жақсартуға болады. Төменде біз ұлттық мінездердің тәлімдік мәнін ашып, оны тәрбиеде қолдану тәсілдеріне назар аударамыз.
Ақкөңілділік мінез тәлімі
Адам баласына тек жақсылық ойлап, оған адамгершілікпен жақсылық жасауға бейім, ақжарқын, аялы нұр көрсететін ұлттық мінезді ақкөңілділік мінез дейміз.
Ақкөңілділік мінез өзара сыйласымнан, жайдары жарасымнан, ақниетті әрекеттерден, жақсылыққа құштарлықтан, жанашырлық әрекеттерден айқын көрінеді.
Қазақ халқы «бір үйде қанша болсаң, бір–біріңе меймансың» деп өзара сыйласымды ақкөңілділікті талап етеді. Ақкөңіл адам, әсіресе, өз жақындарына деген ақжарқын сүйіспеншілікті ақкөңілділік мінез арқылы көрсетеді.
Ақкөңіл адам ақниетті әрекеттерімен ақкөңілділік мінез нұрын шашады да, өзі сүйіспеншілікке бөленеді, жақсылыққа құштарлығымен айналасындағы адамдарға адамгершілік қуат береді. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат өзінен түңілсін» деп, ақкөңілділік мінездің сыйласымдық мәнін халық жоғары бағалайды.
Халық «ақкөңілдің аты арымайды, тоны тозбайды», «ақылдының көңілі ақ болады, оған абырой мен бақ қонады» деп, бұл мінезден үлгі алуды уағыздайды. Ақкөңілді тұлғаларды насихаттап, олардың өнегесін жас ұрпаққа үйретуді мақсат тұтады. Халықтық тәлімде Қожанасырдың ақкөңілділігі, Жиреншенің ақниеттігі жас ұрпаққа үлгі - өнеге ретінде пайдаланылады.
Жеке тұлғаның тұрмыс–тіршілігі, әлеуметтік ортадағы орны, ақыл–ойы, салт–санасы, көргенділігі оның ақкөңілділік мінезін қалыптастырып, ұлттық ұлағатты қасиетін толықтайды.
Қоғамдағы іштарлық, менмендік, тәккәпарлық мінездер ақкөңілділік мінездің шырқын бұзып, шын бойына батқанымен, ақкөңіл адам ол келеңсіз қасиеттермен үнемі күресуде болып, оларды сабырлылықпен жеңіп отырады. Ақкөңілділік мінездің асыл қасиеттерін ашып көрсетіп, ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, оны дәлелдеу, сезіндіру тәсілдерімен ұрпақтың бойына сіңіреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |